Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӨНЕР
Мүсірепов театры шетелдік театр сахнасында қазақ т...

08.09.2023 1299

Мүсірепов театры шетелдік театр сахнасында қазақ тілінде қойылым ұсынады 12+

Мүсірепов театры шетелдік театр сахнасында қазақ тілінде қойылым ұсынады - adebiportal.kz

Іргетасы қаланған 78 жылдың ішінде әлем мен қазақ драматургиясының сан-түрлі шығармаларын сахналап, төл өнердің көсегесін көгерту жолында еңбек етіп келе жатқан алматылық Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының тынысы бүгінде әлем назарында. Олай дейтініміз, тұрақты көрермендері қалыптасып, репертуарындағы билеттер бір ай бұрын сатылымға шығып «аншлаг» болып жатқан театрдың шығармашылық ізденістеріне көпшілік куә. Көрермендерін жаңа тағылымды қойылымдарымен қатар, спектакль-тур, гастрольдік сапарлар, кездесулер мен түрлі жобаларымен қуантып жүрген ұжым балалар мен жасөспірімдердің сұранысын қанағаттандырып отырған бірден бір театр. Өз көрермендеріне қойылымдар ұсынудан бөлек, өткен маусымнан бері республикалық, Халықаралық бәйгелерге жиі шақырту алуымен ерекшеленетін театр жыл соңына дейін 10 фестиваль-форумға қатысуды жоспарлап отыр. Алматылық көрермендер қыркүйек айында театр репертуарындағы «Болмаған балалық шақ», «Махаббат, қызық мол жылдар», «Тойы көп үй», «Шағала», «Қара шекпен» қойылымдарын тамашалап жатса, театр шетелдік көрермендерге де қазақ тілінде қойылымдар ұсынатын болады. 

Атап айтқанда, 7 қыркүйек күні жаңа маусымын ашып, 8 қыркүйек күні Белорусияның Брест қаласындағы «БЕЛАЯ ВЕЖА» Халықаралық театр фестиваліне аттанады. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар болып саналған спектакльдер қатарынан табылып, еліміздің намысын қорғайтын, дүбірлі додаларда топ жарып жүрген – «Оян, қалыңдық» (реж.: Д.Жұмабаева) болмақ. Аталмыш қойылым бұған дейін отандық бірнеше театр фестивалінде сарапшылар мен көрермендердің жоғары бағасын алған болатын. 

«БЕЛАЯ ВЕЖА» - дәстүрлі түрде өткізілетін, әлем елдерінің үздік қойылымдары бас қосатын ауқымды театр фестивалі. Фестиваль тарихының 25 жылында 60 мемлекеттен жоғары деңгейдегі қойылымдар іріктеліп алынған. Биылғы жылы 300-ден аса қойылым арасынан 28 қойылым негізгі бағдарламаға енді. Олардың ішінде Қазақстан, Армения, Болгария, Дания сынды елдердің қойылыдары бар. Фестивальдің кәсіби сарапшылар кеңесі таңдаған туындылар Брест қаласының 4 театрында көрсетілетін болады. Еліміздің мәдениетін дәріптейтін театрымыздың қойылымы қазақ тілінде, 10 қыркүйек күні 20:00-де қазылар алқасы мен көрермендер назарына ұсынылады. 

Фестиваль-форум мәдени достастықтың заманауи әлемдегі рөлін, оның интеграциялық әлеуетін, дамыған ел дәстүрлерінің алуан түрлілігін және өзара тығыз байланысын көрсететін беделді өнер алаңы. Әдеттегідей, форум Брестте әлі жылы болатын қыркүйектің екінші аптасында басталады. Көрнекті режиссерлер мен актерлер, музыканттар мен суретшілер, сондай-ақ жас таланттар үшін Бресттегі фестиваль көрермендерге ең жақсы туындыларын ұсынудың тамаша мүмкіндігі болып табылады. Фестиваль бағдарламасына әлемдік және ұлттық драматургияның сахналық қойылымдары, эксперименталды драматургия, пластикалық драматургия және заманауи қойылымдар кіреді. Айтулы додада бақ сынайтын театр ұжымының кезекті бәйгесі жемісті және жеңісті болсын деп тілейміз!

Бейбіт ӘЛКЕЕВА,

театртанушы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар