Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПРОЗА
Несіпбек Дәутайұлы. Батыр...

17.04.2017 5086

Несіпбек Дәутайұлы. Батыр

Несіпбек Дәутайұлы. Батыр - adebiportal.kz

Соңғы кездері Батыр көбіне оқшаулана беретін: күн ұзын түйенің жүнінен жасалған бөстекте жамбастап жатады да қояды. Қызметші жігіт арқылы өзі шақыртпаса, бәйбішесі мен тоқалы да үстіне өз еріктерімен кіре бермейді. «Япыр-ай, өзін-өзі соншама оңашалап, Батырдың талқаны таусылуға таяды ма, немене?» – деген де сөз сыбыр-сыбыр естіліп қала бергелі де біраз уақыт.

Оның етегінен тартып, еңсесін езген екі ауыр қайғы болатын: біріншісі – ата мирас жау қолынан өлмегені... «Батырдың ажалы жаудан» дейтін қатал кесім бұлардың тұқымына тән ұлағатты ұран сөз; жауға шаба алар қай-қайсысы да ат жалын тартып мініп, қолына найза ұстағаннан, «Е, құдай, сол тілекті бере көр!» десетін-ді. Десетін де, жан алып, жан беріскен қанды қырғында өлем-ау дейтін ой ешқайсысында болмайтын. Атасы кіндік тұсынан бойлап кірген сұр жебеден, әкесі мойын түптен тиген семсердің өткір жүзінен қаза тапты. Ал бұған келгенде... Батыр әкесі мен атасынан аз немесе кем шайқасқан жоқ. Он алты жасында төрт көз сауыт киді. Жау қарасы көрінгеннен жер тарпитын тоқпақ жалды торы айғыр деймісің, қамшы сілтетпей-ақ қара тұяғымен бір орнында шыр айналатын қабырғалы қазанат деймісің, қаншама жыл қайсысының белінен қашан түсті. Сондағысы ел мен жердің намысы. «Аттан!» дегенде, алтын сақадай алшысынан түсіп, алдаспанын айға, күрзісін күнге білегенде, әлгі намыс үшін жау қолынан мерт болсам деп көкседі. Елі мен жерінің құрбандығы болу – ұрпақтан-ұрпаққа қалар мәңгілік аманат еді. Амал не, жаныңды жалғыз сәтте жаһаннамға жібере салатын дүлей дұшпанның аруақ-айбаты, қуат-пірі бұған келгенде, абыройдан айырылып адыра қалды. Әйтеуір, тіктеп келген кім де екі бүктеп, үптеп кете алмады... Қылыштасқанды ер үстінен ұшырып, найзаласқанды ат көтіне түсіріп кете барған. Сонда ғой... Сонда жан сауға сұраған аз. Десе де, «Батыр-ай, жанымды қи!» деген құдайдың құлдары да болды-ау... Иә, ондайлар да болған. Қайсыбірде, жаудың бірімен жекпе-жекке шықпай ма. Жастау кезі ғой, жасамыс батырмен бие сауым найзаласып ат көтіне түсірмей ме. Сосын сала құлаш семсерін суырып алғанда, көзі жаутаңдаған алпамсадай неме: «Батыр-ай, жанымды қи!» - демесін бе. «Оның не? - деген бұл. – Жау қолынан мерт болу - батырдың мұраты емес пе-әй?!» «Бұл қай сөзің? Өлудің қай жері мұрат?» «Найсап, батыр дүниеге елі мен жерінің құрбандығы болу үшін келмейтін бе еді!» «Оны қайтесің. Жанымды қи, Жаугер!»

Батыр оған енді қайта көз салмаған. Атын қатты тебініп, жасақтарына қарай жөней берді. «Нәлетіні тірі қалдырып кеткенің қалай, Батыр?» - дескендерге: «Ол өзі де өлген адам екен, – деді бұл. – Батыр емес, қатын. Қатынды қалай өлтірем!..»

Басын көтеріп насыбай иіскеді. Балтыры сыздай бастаған. Дыбыс беріп еді, қызметші жігіт лып етіп кіріп келді. Ойыңды айтқызбай білетін сұңғыла:

– Шақырайын ба? – деді.

– Сөйт.

Көп күттірген жоқ, үйге үлпілдеген түркімен қатыны енді. Оған аяғын созған. Ұрғашының әрі жұмсақ, әрі ыстық алақанынан бойың балқиды. Аялап сипағаны қандай... Сол аялап сипаған ыстық алақан балтырдан өтіп, тізеге жеткенде көңілің қутыңдап, жоғары қарай өрлей берсе деп үздігетінің-ай. Сәл езу тартты. Мұрты тікірейген.

– Жай ма, батыр? – тоқалының дауысы ән салып тұрғандай ырғалды.

– Есіктің ілгегін салшы.

– Ауырып отыр ем...

– Не ауру? – Батырдың өңі суыды.

– Сол, әлгі...

– Ә... Ә...

Көзін қайта жұмған. Суық леп өзегін тіліп өткен: «Жаратқан-ай, мені екі нәрседен қақтың ғой: ажалым жаудан келмеді, бір ұл перзентке зар қылдың...» Бәйбішесі төменгі өзен бойындағы аталы жердің қызы еді. Екі қыз туды да, тоқтап қалды. Қыз кезінде солқылдаған тал шыбықтай сұңғақ бойлы-ақ болатын, алғашқы қызды туған соң тез тола бастап, көп ұзамай екі бұтының арасы майға толып, ана қаздай талтаңдап қалған. Қатты семірген тауық жұмыртқа тумайды деуші еді, сірә, бәйбішенің жатырын май басқан. Оның үстіне мына түркімен тоқалынан кейін бәйбішесіне артылуы оқта-текте, әрі онысы апыл-ғұпыл әйтеуір «әриай-дай» еді.

Түркімен тоқалы... Онда ма... Онда мұның елуден асқан кезі. Қайсыбірде, бұлар жоқта ауылды шауып кеткен түркімендерден қарымта қайтару үшін мұздай темір құрсанған қазақ жасағы атқа мінбей ме. Араға әдейі екі ай салып мінеді. Сөйтіп екі күншілік жер жүріп, таң енді қылайғанда, қалың ұйқы құшағында жатқан түркімен ауылын бас салмай ма. Екі айдан бері арттарынан келуге тиіс қуғынның қарасы көрінбей, «қазақ қорықты» десіп, құдай, тобаларын ұмытқан сеңсең бөрік, сіреңке қара түрікмендер азанғы айғай-сүреңнен төбелеріне оқыс жай түскендей сасқалақтап, киінуге мұршалары жоқ, қолдарында жалаң қылыш, дамбалдарының ауы мен бауы салақтап, киіз үйден атып-атып шыққан. Жасанып келген жаугерлерге бей-берекет қару сермеп жүрген құдайдың құлдары бұйым ба, қазақтар оларды жусатты да салды.

Мұндайда жаудың өзіне істегенін өзіне істеу, тіпті асырып жіберу - кектің еселеп қайтқаны. Қатыгез заманның қатыгез әрекеті көз жас, мұрынбоқты қаперге ала бермейді. Жылатқанды жылату керек. Сенікінен мұнікі әулие емес. Кек қан төгумен ғана қайтпайды. Өшті жауыңның ұрғашыларын масқаралаумен алу - тіпті ләззат.

Қазақтардың азаматы әлдебір жиын-тойға ма, өзгедей шаруамен бе, тысқары кетіп, осыны аңдыған түркімендер ауылды бас салғанда жасайтын сұмдық сойқаны – қыз-келіншектердің ұзын етегін төбесіне көтеріп, түйіп тастап, білгендерін істеп, құмарлары қанған соң, көделі қималарына қоз толтырып кететін. Қамшының сабымен піспектеп. Бұл қорлық пен көргенсіздік – сол қорлық пен көргенсіздікті тудырды. Қазақ жасақтары түрікмен ауылын шауып кек алғанда, түрікмен ерлерін керегеге таңып байлап тастап, көздерін жұмылмайтындай етіп еттеріне ши тіреп, керіп ашып қоятын да, дәл қарсы алдында әйелдерін тыр жалаңаштап аяусыз умаждайтын.

Түркімендердің түте-түтесін шығарып, Батыр жасағы енді әлгі әрекетке кірісуге ыңғайлана бастағанда, шеткері тұрған киіз үйден бес қаруы сай төбедей түркімен жігіт шыға келді. «Батыр, – деді дауысы қаңсып, қамығып, – батыр, әуелі мені өлтір!» Шамамен бұдан екі мүшелдей кіші. Күндердің күнінде осы қорлықты көрермін деген ой қаперіне кірмеген аусар, адуынды жас енді мына дүниеден түңіліп, болғалы тұрған сұмдықты болдырмау үшін өзін құрбандыққа шалғалы тұр. Егер Батыр қазір жасақтарына иек қақса, мына жалғыздың жанын қас қағымда жаһаннамға жібере салады. Алайда бұларға атадан қалған бір мирас - батырды жабылып жеңуге болмайды. Ол - өзіңді қорлау. Өзіңді-өзің қорлағың келмесе, оны жекпе-жекте жең. Жеңе алмасаң, өзің көксейтін жаудан өлу мұратыңа жетесің. «Атыңа мін! – деді сонда бұл. – Шық, былай!»

Жаугерлер орталарын ашып, қақ жарылды.

Екеуі ұзақ айқасты. Түркімен әрі жас, әрі тым қайратты еді: ұрған сайын найзасы Батырды ер үстінен солқ-солқ қозғап, ұшырып жібере жаздады. «Сірә, ажалым осыдан болар, – деген Батыр іштей. – Жекпе-жектен өлімім. Оқыс тиген қылыштан, қаңғыған жебеден емес, ерге тән жекпе-жектен жер жастанды. Ерлікпен дер...»

Түркіменнің найзасы келесі сілтегенде, сүбесінен қадалды. Әне-міне, ат бауырына түсетін сәтте, талай жаугершілікте иесінің жағдайын тақымынан аңғарып, керек жағына жалт беруге әккіленген қара төбел қазанат Батыр қисайып бара жатқан жаққа қарай шалт қимылмен, шапшаң бұрылып, шұғыл айналсын. Сол сәтте түркіменнің найзасы тайып кетті. Бойын түзеп алған батыр ендігі жерде өлімді де, өзгесін де тарс ұмытып, тек оттай қаулаған намысымен ғана қалды. Бірақ өзін долдануға жіберген жоқ. Долданған адамның көзі дым көрмей кетіп, отқа өзі түседі. Жеңістің ең жеңіл жолы – ақыл, айла, әдіс. Қайта бір бетпе-бет келгенде, өзі жақсы білетін тәсіл – ұшы таралғының астына өтіп, ер қасасына байланатын шумақталған қыл арқан бұғалықты көз ілеспес шапшаңдықпен түрікменнің мойнына тастап жіберген. Осы мезетте әккі қара төбел қазанат артына қарай жалт беріп, қарғып кетті. Төбедей түркімен ат жалынан, ер басынан ұстап үлгермей, ақалтекенің үстінен қара жерге төңкеріліп түскен. Батыр оны қырылдатып біраз жерге сүйреп барып, кері оралды. «Аруақ! Аруақ!» - десіп жасақтары азан-қазан.

Қылшылбыр буындырып, қырылдап жатқан түркімен көзін ашты. Қып-қызыл жанарынан екі ірі тамшы жас ыршып шықты. Намыс пен қорлықтың оттай ыстық екі тамшысы. Батыр найзасын көтеріп, оның кеудесіне дәлдеген. Бойлата сұғып жібермек. Іркілді. Батыр адамды жеңу де, жеңген соң өлтіру де қиын. Көзің қимайды. Әсіресе, мынандай боздақты. Қыршын ер... Найза көтерген қолы аспанда салбырап ұзақ тұрыңқырап қалды. Сол мезетте киіз үйден, құдай-ау, көрерге көз керек уыздай жас әйел заты жүгіре шығып, қылшылбырға буынып, үсті-басы топырақ болып жатқан түркіменді дауыс шақырып бас салсын. «Қосағым!» деп сыңсығанда сай-сүйекті сырқыратады. Соңынан бұлтың-бұлтың жеткен үймелі-сүймелі қос бүлдіршін де еркектің үстіне барып төнді. Батыр кез келген шешімді шұғыл қабылдайтын. Жасақтарына иек қақты. Бәрін ымнан түсінетін жаугерлердің екеуі сытылып шығып, барған бойы қырғи мүше, қыпша бел келіншекті екі қолтықтан ілді де әкетті: «Жаныңды қидым, – деген сонда Батыр түркіменге. – Бірақ қатыныңды алып кетемін!» «Өйткенше, өлтіріп кет, – деді анау боздаған, бордай тозған дауыспен. – Өлтір!» Бұл ләм деместен ер қасасындағы қылшылбырдың байлауын шешіп, оны түркіменнің кеудесіне қарай лақтырып тастады да, атын тебіне берді. «Өлтір! – енді түрікмен түйедей бақырды. – Өлтірмесең, жер түбіне кірсең де, сені мен өлтіремін!» «Мә! – деген бұл сонда ердің қасасына тиіп тұрған дорбадай ауын уыстап ұстап. – Мынаны жеп ал, әуелі!»...

Көзі жұмулы Батыр мырс еткен. Салалы саусақтарымен балтырдың көк етін сығымдап отырған тоқал қасын керді.

– Ойыңызға күлкілі жағдай келді ме, батыр?

– Тыныштық, – деді.

– Қанша жыл біргеміз, бір ашылмайсыз маған?

– Қатының барыңның бәрін білсе, оның байына әуестігі жоғалады.

– Қызық екен!

– Қызық емес, рас.

Ол көзін ашты. Қырықтан жаңа асқан тоқалы әлі құлын мүшесінде дерлік. Сол баяғы құмай көз, құба жүз.... Қаз кеудесі сәл қимылдаса, дір-дір етеді. Қиылған белдің ар жағында қолың тисе, ұлпадай әсер ететін томпақ, тоқ бөксе...

Мұның көргені - бәйбішесі мен тоқалы ғана емес еді. Сонда он алты, он жеті жасқа жеткеннен бергі жерде желіккен жеңгелерімен басталған сері сүреңнің соңына шам алып түспесе де, оңтайы келгенде қасы-көзі қиылған ұрғашының ыңғай бергенін шатқаяқтатып кете беретін. Көбіне апақ-сапақта. Қазақ шіркін өрістен мал қайтып, ауылы азан-қазан болып кететін сол апақ-сапақта аңдыған қатынын, қорыған қызын тарс есінен шығарып, сиырын байлап, қойын қоралап, жылқысын тұсап, отпен жағаласып, ошақпен алысып, сіңбіруге мұршасы келмей кетеді емес пе. Е, сонда...

Көзі қайтадан тоқалына түсті. «Сүйегі асыл зәді», - деп қойды іштей. Болмаса, қырықтан асқан қатын өстіп талшыбықтай бұралып отыра ма, сыры да, сыны да кетпей. Жалпы түркімендер қыздарын қазаққа қарағанда, ертерек қатын қылады. Қос алмасы енді бұлтиған қыздарын алдарынан өткізіп, сеңсең бөріктерін дәлдеп жіберіп қалады. Тигенде қыз жығылса, жығылды, жығылмаса қойныңа сала бер. Мынау да, әрине, байына ерте тиген.

- Қатын-ақсың, - деді батыр келесі аяғын созып жатып.

- Оныңыз не?

- Рас айтамын, - Батыр көзін қайта жұмды.

Байынан жекпе-жекте жеңіп, тартып әкеліп, енді қойнына саларда төсек шетінде екі иығы дір-дір етіп, құнысып отырған өрімдей келіншек: «Екі ұлым қалды онда, – деп еңіреп жіберген. - Екі ұлым...» «Енді менен туасың, маған тап ұлды! - деген Батыр. - Қане, кір көрпеге!»

Жаудан келген олжаның ең бағалысы - ұрғашы. Сонымен мауқын басқанша еркектің жауына деген өшпенділігі басыла қоймайды. Ой, сұмдық-ай... Неге? Кектің күйігін сонымен баса ма, әлде бұл еркектің өзі шыққан жерге өмір бойы үздігіп өтер пәтуасыздығы ма?

- Әттең, - деді Батыр сол көзі жұмулы қалпы. - Ұл туып бере алмадың.

- Құдайдың ісі, - деп тоқалы кінәлі жандай басын жерге салды.

- Екінші қызыңды туған соң, сен де бәйбіше сияқты тоқтап қалдың. Ұрығым көксідіктеніп кетті ме немене, а?

- Сол екінші қызды зорға босандым ғой. Соның зардабы ма...

- Түркімен байыңның көзінен шыққан екі тамшыны көріп едім. Сол көз жасы ма екен... Қарғыс жаман, - деп Батыр енді тұрып отырып тағы насыбай иіскеді. - Өлтіріп кетпесең, қаныңды ішемін деп еді. Келмеді... Тірі ме екен, а?!

Екеуі де біраз үнсіз қалды. Сосын тоқал тіл қатқан:

- Қымыз әкелдірейін бе?..

- Қояқ қой, әзір.

– Үйден мүлде шықпайтын болдыңыз. Атқа мініп біраз сейілдемейсіз бе?

– Одан не шығады?

– Сергисіз.

– Адам атқа мініп, дала кезбек түгілі, қанат байлап көк зеңгірге ұшса да, жанын жеген ойдан қашып құтыла алмайды.

– Сізді азапқа салатын не?

– Жау қолынан өлмедім.

– О, құдай, сұмдық қой мұныңыз!

– Атадан қалған мұра.

– Түркіменде мұндай жоқ.

– Қазақта бар.

– Сосын?

– Бір ұл...

Әйелдің өңі қызарды, қысылып-қымсынғаны білініп тұр.

– Тағы біреуді алып берсек...

Батыр мырс етті.

- Үмітсіз шайтан, - тоқалы шын пейіл білдіріп-ақ тұр.

- Үміт - өзіңді-өзің емексіту. Өйтіп, әне-міне, иә, иә деп елпеңдейтін жайым жоқ. Қайтесің, - деп Батыр тоқалының бұрымынан сипады. - Барып шаруаңмен айналыс енді.

Оңаша қалған батыр тағы да ой қаузайды. Жаңа «түркімен байыңның» дегенде тоқалының селт етіп, танауы қусырылғанын еске алды. Ұмыта алмайды, сірә. Қыздай қосылғаны. Қыздай қосылып, сосын оның жауына қатын болу... Неткен сұмдық зауал. Құдай-ау, бұдан өткен қорлық бола ма? Әйелдің пешенесіне осы теңдесі жоқ азапты жазған кім?! Тәңірі ме? Тәңірі қайда, біз қайда... Біз, еркектер емес пе бәрін істейтін. Біз ойлап тапқан жоқпыз ба небір сұмдықты: ұрыс-таласты, қан ішуді, біреудің елін талап, жерін тартып алуды, біреудің қатынын күшпен алып, қатын етуді... Ұзында кеткен өші мен қысқада кеткен кегін іздейтін: дүниені бүлдірген, бүлдіріп жатқан, бүлдіре беретін біз - еркектер екенбіз-ау осы. Өзіміздің қарау, бұзық қылығымыз, әдетіміз, пейіл-ниетімізбен әуелі дауласып, артынан жауласып кете барамыз. Болмаса, осы даланы қойы қоралас, жылқысы аралас, жұрты қоңсылас жатқан қазақ пен түрікменнің қайсысын, қай күні, қалайша түлен түртті. Өткендерден қалған сөз - қазақ-түркімен жаулығы қазақтың ақ байталынан шығыпты әуел баста. Желден жүйрік екен жануар. Қазақ пен түркіменнің қай бәйгесінде де алдына жылқы салмаған. Енді осыған түркімендердің сілекейі шұбырмай ма. Адамды құдай бір нәрсеге үздіктірмесін. Үздіксе, соған қолы жеткенше жаны қалмайды. Қу тамағын ішіп отырып та, құс салып жүріп те, насыбайын атып отырып та, қатынының жұмсақ бөксесін сипап жатып та, әлгіге аңсары ауады да тұрады. Сөйтпесе, түркімендер қазақтың жердің шаңын боратып, аспанның басын айналдырып, шабатын ақ байталын сұрап қазаққа қолқа сала ма. Қазақ желден жүйрік жүйрігін мұрты жоқ, сапсиған сақалының ұшы сіміріп тұрған қымызына ортан белінен батып тұратын, сеңсең бөркін басынан алса, тердің күлімсі иісі бұрқырап жүректі айнытатын қызталақтарға қалай мінгізіп жібереді. Осыған ерегіскен түрікмендер ақ байталды өрісте жүрген жерінен ұстап алып, бауыздап кетіпті.

Мына қорлауға қазақ қайтіп шыдайды. Ерін намыс өлтірген, асқынғанды тәубесіне келтірген жұрт қой бұл. Қаһары қара бұлттай қаптап шыға келді. Әншейінде он мың жылқысынан бір тайды қасқыр тартса, қайғыдан қан жұтып жатып алатын байлар тізіліп келіп суын ішсе, өзеннің ағысын тоқтатып тастайтын үйір-үйір жылқыларын ауыл-ауылға айдатып әкеліп, «Ал, қане, азамат біткен атқа мін! Кек қайтар!» дескен ғой. Сөйтті де қазақтар сеңсең бөрік, сіреңке қара құдайдың пенделерін қуып отырып құмға тықты да тастады. Сол екі арада қанша қырғын өтті. Қазақ пен түркіменнің қаншасы қыршын кетті. Тапталған абырой қанша...

- Япыр-ай, - деді Батыр дауысын шығарып. - Ақ байталды бауыздап тастамаса ғой, түркімендердің мына ұланғайыр далада іргемізге іргесі тиіп, інгенімізге інгені сүйкеніп отыра бермес пе еді. Зобалаң жасап, зобалаңға тап болды. «Шығасыға иесі басшы» деген сол...

«Әлде, - деп те қояды бір ойы, - жауласудың себебі басқада, тым тереңдегі ме екен? Кім білсін!? Кім білсін!?»

Сәл мызғып алсам деп еді, онысы болмады. Қайдан сап еткенін, тоқалының жаңағы «біреуді алып берсек қайтеді» деген сөзі ойына оралды. Алам десе, құдайға шүкір малы жетеді. Беделі сұмдық. Бірақ... Иә, ол ұл туып бере ме бұған? Мұның сасайланып, ұрығының көксідікке айналған кезі емес пе. Ұрғашының ауын дымдағанға мәз дәурені баяғыда өткен. Бұған керегі - ұл перзент. Беу, дүние!..

Атадан екеу еді. Артынан ерген жалғыз інісі дүниеден бас құрауға үлгере алмай кетті. Неге өйтті?.. Япыр-ау, неге?.. Азанғы шайын енді ішіп отырған. Ауылдың бүкіл итін шулатып екі атты есік алдына тоқтаған. «Батыр үйде ме?!» деген зәрлі дауыс киіз үйдің жабығын желпілдетіп жібере жаздаған. Қызметші жігіт міңгірледі: «Үй...де». «Онда ұста ат тізгінін!»

Еңкейіп екеу үйге кірді. Өңдері өрт сөндіргендей, мұрттары жыбырлап Батырға қатар келіп қол созған: «Ассалаумағалейкум!» Ат шаптырымдағы ар жақтан аталастар. Бүгін бірге туса да бұлардың тасыр-тұсырына қитығып отырған Батыр: «Немене, мен қартаяйын дедім бе, жоқ сендер жетіп, жетілдіңдер ме есігімнің алдына ат тұяғын ойнатып!» Шоқша сақалдысы сарнап қоя берді: «Алдырған албырт, анасының қойнын ашыпты деген, батыр!» «Бұл не бипаз? Айтарыңды артыңа тықпай, аузыңнан шығар!» «Ініңіз адал малымызды айдап әкетіп, түрікмендерге асырып жіберіпті. Ішінде ауыл иесінің бір қыздың қалыңына бермейтін күллі ауылды алған бәйгесімен асырап атырған... Онысын қойшы, аруағымызды аспан асты, жер үстінде асқақтатып отырған әйгілі жүйрігі бар». «Не дейд! - Батырдың қолы белінде жүретін ұзын сапысына барып жармасты. - Жаптым жала болса, екеуіңді ауылдан шығармай бауыздаймын!» «Біз мақұлмыз, батыр» деп шоқша сақал бауырсақты қаймаққа малып алып, аузына тастап жіберген. Жанындағысы ашық түндіктен аспанға әңірейіп: «Е, құдай!» деп қойды. «Сондағысы - ауыл иеміздің ініңіз әйгілі жүйрігіне қолқа салғанда, бермей қойғаны». Шоқша сақал бауырсақты шайнамай жұтқан ба, қылғынып қалды.

«Әй!» Батырдың сұп-суық, сұрапыл дауысынан отырғандар түгел селк еткен. Үйге қызметші жігіт лып етіп кіріп келді. «Шақыр әлгіні!» Болған әңгімені сырттан түгел естіп тұрған ол көзді ашып-жұмғанша ғайып болды. Батыр теңселген. Бүкіл ішкі сарайында жан азабы аңырап қоя берді. Япыр-ау, не нәрсеге душар болғалы отыр. Жаудан қайтпаған, өлімнен сескенбеген жүрегі... Алғаш рет кеуде сүйегін тесіп кетердей дір-дір етті. Өзегі өртеніп, өкпесі қабынып, өмірем қауып барады. Сүйекке таңба... Осыдан еді ғой бұлардың қорқатыны. Ағайынның ала жібін аттау... Атасына нәлет дегізетін, адам түгілі аруақ, құдайдың да қарғысына қалатын қараулық. Тұқым-тұяғында болмаған. Енді келіп... Енді келіп, бұлардың атадан балаға жалғасып келе жатқан әйгілі батырлығында не абырой қалады. Бұлардың батырлығының түп атасы - Адалдық пен Әділдік еді ғой. Қайсыбір бабасы: «Адалдық пен Әділдіктен асқан батырлық болмайды» деп кетпеп пе еді. «Аспан айналып жерге түссе де, ағайынға қол салма демеп пе еді. Ит-ай, ұзында кегі, қысқада өші кетсе де, қаны бір туыстың маңдайына басқанын қалай дәті барып, көзі қиып қайдағы бір түркімендерге асырып жіберді. Қайтіп?»

Қызметшіні сыртқа қалдырып үйге інісі кірді. Сәлемін ешкім алған жоқ. «Мыналардың айтып отырғаны рас па?» деді Батыр бауырына. «Рас». «Қайтесіз, батыр, бауырыңызды өзіңіз жазалайсыз ба, - деп ана екеуі елпең етті. - Қайтесіз?» «Алып кетіңдер, қандай жаза қолданасыңдар, үкім өздеріңнен!»

Бауырынан «Неге өйттің?» деп сұраған да жоқ. Ала жіп аттағаны рас екен, біліп қайтеді. Ары қарай пешенесінен көрсін. Арам әрекетке ара түсу мұның қанында жоқ. Ағайынға қол салған - ағайынның қарғысына ұшырауы тиіс. Иә, сол...

Бетін іргеге беріп, бүк түсіп жатып алған. Мән-жайды естіген ағайын-туыс үстіне кіруге батпады. Ауылда бір қабағы қату тыныштық орнаған. Сірә, ай шамасы өткен шығар. Жеткен хабар: інісі бауыздалыпты. Батырдың сұрағаны: «Жанымды қия көріңдер деп жалынып, жалбарынбап па?» «Жоқ. Тек қол-аяғымды байламай бауыздаңдар» депті. «Е, онда бопты».

Батырдың көзінен қанша бір жылдан кейін боданадай екі тамшы жас шыққан. Онысын да ешкімге көрсетпеді. Қан жылаған іші. Өзін бауырының ала жіп аттап, аруақ ұрса да, өлімін ерлерше қарсы алғанымен жұбатты. Ең сенімді екі адамын оңаша шақырып алған. Айтқаны: басына дұға оқып, моласының жатқан жерін адаспай тауып бара алатындай болып келіңдер!..

Олар сөйтті. Содан бір түнде Батыр әлгілермен барып, бауырының мәйітін қазып әкетті. Ешкім онысын білмес үшін, топырағын қалпына келтіріп, үйіп кеткен. Бауырының мәйітін ауылдан жырақтау Ұлы өзеннің бойына оңаша жерлеген. Ойы - ата-бабамыздың аруақтары үркір. Айдалада қалмай, осылай жатса да, шүкір…

Одан бері де қанша жыл өтті…

Батыр орнынан тұрып, жайлап далаға шықты. Қызметші жігіт босағаға сүйеніп қалғып-мүлгіп отыр. Түс әлеті. Ауыл тып-тыныш. Анда бір кемпір бұзауын бұйдалай алмай әлек. Құдықтан қос шелекпен су алып осы үйдің отымен кіріп, күлімен шығатын қыз келеді. Осы қыз мұның ордасына қаңғып келді ме, әлдекімнен қашып келді ме, Батыр білмейді. Бәйбішесі, міне, екі жылдан бері оны күң ретінде ұстайды. Сорлының үстінде сауыс-сауыс бөз көйлек, тозығы жеткен қамзол, ескі бөрік. Онысын көзіне басып кие ме - бетінің жартысы көрінбейді. Қайсыбір күні түс ауып, ет пен қымызға мелдектеген жұрт ұйқыға басқалы жатқан шақта Батыр қыз тұратын шошаланың тұсынан өтіп бара жатып, судың сылдырын естіп қалды. Жайлап жабдықты көтеріп ішке үңілсе, күң қыз суға шомылып отыр екен. Үсті-басын сабынмен езіп, шайыну үшін орнынан түрегеліп, төбесінен төмен қарай су құйып жіберіп еді, ар жағынан үлкендігі ерте пісетін ақ алмадай қос анары тікірейіп, белі қиылып, көделі жері күлтеніп шыға келді. Батырдың көзі бұлдырап, басы айналғаны. Есін әзер жиып, жан-жағына жалтақ-жалтақ қарап, жылдам тайып тұрған.

Батыр енді көзі ауылдың шет жағына тіз қатар орналасқан алты ақ үйге түсті. Асқанбайдың алты ұлының ақ отауы. Асқанбай соншалық атақты да, асқан бай да емес... Алайда алты ақ отауы бар. Батыр терең күрсінді.

- Батыр аға, түскі асыңызды ішесіз бе? - қызметші жігіттің бипаз, бипыл дауысы дәл құлағының түбінен естілді.

- Сөйтелік, - деді бұл.

***

Байжұманың күн бесінінде насыбай иіскеп отырған үстіне қызметшісі кірген.

- Батыр...

- Айт.

- Төбедей бір түркімен аттан түсіп жатыр.

- Төбеттер неге үрмеген? Жалғыз ба?

- Жалғыз, қаруы жоқ.

- Кіргіз.

Түркімен көрмегеніне талай жыл өтіп еді. «Мұнысы кім? Нағып жүр?» - деп ойлады. Сөйткенше қонақ есіктен екі бүктеліп ене берген. Со бойы:

- Ассалаумағалейкум, - деп қос қолын бірден ұсынған... «Япыр-ау, мынау... - Батыр қатты таңырқады. - Мынау сол ғой, иә соның өзі».

Иегімен төрді нұсқады. Қонақтың ұзақ жолдан ат соқты болып қалжырағаны білініп тұр.

- Жол болсын, қонақ.

- Жоғымның ізімен келемін, ақсақал.

- Сонда не, жоғыңның ізі біздің ауылға бастап келді ме?

- Мені танымадыңыз-ау, сірә?

- Далбасаңды... - деп қалды Батыр. - Өлтіріп кет! Өлтіріп кетпесең, жер түбіне кірсең де, қаныңды ішемін деп едің. Өйтерің бар, жиырма жылдан бері қайда жүрдің! Әлде менің қаусаған шағымды күттің бе!

- Кек қуып келгем жоқ, тегі.

- Онда қай түлен түртті?

- Қатынымды қайтарып беріңіз.

Батырдың аузы аңқайды.

- Не... Не дедің?

- Қатынымды қайтарып беріңіз.

- Әй, ит, оны мен жиырма жыл қатын қылдым ғой.

- Құдай тілеуіңізді берсін, қайтарыңыз қатынымды. Екі ұлы өсті. Анасын іздейді.

- Менен де екеу туды ғой, - Батырдың дауысы бір түрлі жұмсарды. - Екі қыз.

Екеуі де үнсіз қалды. Бір кезде Батыр тіл қатты.

- Өлтірем деген сертің қайда?

- Берген серттен тайдырған екі ұлым. Үйелмелі – сүйелмелі еді ғой. Өз басым ата-анадан жалғызбын. Бірде сапардан қалжырап келіп, күн сәскеге дейін ұйықтап қалған екенмін, оянғанда әдет бойынша қару-жарағымды көзбен іздесем, көрінбейді. Далаға жүгіріп шықтым. Екі ұлым есік алдында монтиып отыр. «Қаруым қайда! Кім алды?» деп азынаған дауысымнан екеуі бірдей қатты шошып кетті. «Оны біз шыңырау құдыққа тастап жібердік, әке», - десті күйбеңдеп. «Тастап жібердік дегендерің не!» Түтеп кетсем керек, онсызда үрпиіп отырған екі ұлым еңіреп келіп етегіме жармасты. «Олардың керегі жоқ, әке. Олармен жүрсең, біреулер жау екен деп өлтіріп кетеді, - десті олар. - Өлтіріп кетсе... біздің атамыз, апамыз да жоқ қой. Біз өліп қалмайбыз ба?»

Өмірімде алғаш рет оқыс қатты тіксініп, қатты ойланып қалдым. Бала - періште. Бұлардың аузына құдай салып тұрған шығар дедім. Содан жұрттың «Ей, мынау қатынын алып кеткен қазақтан кек алмады ғойын» естігім келмей, қараң-құраң уақ малымды алдыма салып, жалғыз атым мен екі ұлымды жетектеп, бір түнде құмның терең түкпіріне сіңіп кеттім. Көп жыл оңаша ғұмыр кештік. Малымыз көбейді. Ел ортасына балалар өскенде бір-ақ оралдық. Екі ұлды үйлендіріп, отау еттім. Енді олар анасын іздейді. Анасының бейнесі, сірә, жадыларынан өшпейді. Сіз алып кеткенде, естері кіріп қалған еді ғой...

Батыр ләм деген жоқ. Жылқыдан тай алдырып сойдырды. Қонағын сыйлап, жайғастырған соң, түрікмен қатынын оңаша шақырып алды. Көп сөйлеген жоқ.

- Бұрынғы байың келді. Әдейілеп іздеп келіпті өзіңді. Қайтарыңыз деп отыр. Кесімді өзіңе айтқызам. Таң атқанша ойланып, ертең ел алдында шешіміңді өзің айтатын бол.

Ертесіне Батыр ауылдағы игі жақсы дегендерді ордасына жиып, қонақтың бұйымтайын естіртіп, жұрт алдына түрікмен қатынын шақыртты.

- Олжалап әкеліп едім, - деді тоқалға. - Жиырма жылдай отастық. Асылы, разымын. Екі қыз туып бердің. Адал ыдысымды арамдаған жоқсың. Мына қонақ - қыздай қосылған қосағың еді. Арнайылап ат терлетіп келіп, өзіңді қайтар деп отыр. Зорлықпен әкетіп едім, енді зорлық қылғым келмейді. Қайтамысың, қаламысың - қалау өзіңде.

Әйел дауысын шығармай ұзақ жылады. Ақыры соңында:

- Еліме, жеріме, ауылыма қайтарыңыз. Құдай тілеуіңізді берсін, сөйтіңіз.

Қатынды қайтарды Батыр. Әуелде құдай қосқан қосағына қосып жіберді. Өз қолымен аттандырды. Аттандырып жатып сұраған: «Екі қызыңды шынымен қиып барамысың?» «Қиын. Қайтем... Қыз бала қайтсе де ата-анасының жанында қала алмайды, түбі кетеді. Қыз бала жат жұрттық... Құдай алдарынан жарылқасын олардың. Өзіңізге табыстадым. Мен еліме, жеріме, ауылыма барайын».

Еңіреп қалған екі ұлыма кетіп барамын деген жоқ. «Елім, жерім, ауылым...» Сонда әркімнің ең қымбаты - осы үшеуі ме. Сірә, осы үшеуін ұмытпас ешкім. Осы үшеуі деп аңырап өтер кім де кім. Әй, әй... бірақ құдайдың құлдары тегіс өсти ме. Кез келген пенденің жүрегінде осы үш қымбаттың гүлдеп тұратыны неғайбыл. Тойған жерінде жүре беретін ит сияқты ездер қайда, кімдерде жоқ. Ал мына тоқал... Өстіп тұрып Батыр өзіне-өзі қатты налыды: япыр-ай, қаншама жылдар қойнында жатқан ұрғашының қадір-қасиетін танып білмегеніне өлердей өкінді.

Аз күнде жағы суалып, көзі кіртиіп қалды. Тоқалдың кеткеніне жасы елуге келсе де, тақымының ыстық-суығы басылып болмаған бәйбішесі мәз. Мұны әрі-бері иектеп... «Менің әукем кісінеуден қалған» деп Батыр оны кеудеден итеріп тастаған.

Бір жылы түрікмен тоқалынсыз өтті. Жиі-жиі түсіне кіретін: бұған қымыз құйып беріп отыра ма-ау, аяғын уқалап отыра ма-ау, көрпесін қымтап жата ма... Қайсыбірде ол құмтөбеде тұр. Бұл ұмтылады оған. Енді жете бергенде, құм сусып кетіп, етекке қайта сырғып түседі. Әбден діңкелейді. «Батыр еліңе, жеріңе қайт, - дейді анау. - Ұл перзент көксеуші едің, құдай оны береді саған. Сенің қуатың түгесілген жоқ. Түгесілмейтін қуатты бойыңа оттай ыстық жас тәнімнің жалынымен сіңіріп кеткем...»

Құдайдың құдіреті, осы түстен соң, Батырдың қандай да бір күш еңсесін көтере түскен. Атқа мінетін, өзен бойын аралап кететін, ыңылдап ән айтатын... әдет тапқан.

Қазір де қалың бөстек үстінде тікесінен тік отырып, жалғыздан-жалғыз: «Ә, құдай!» деп езу тартады.

Кенет, сырттан бәйбішесінің шаңқылы естілді. Зәнталақтың өстіп айдың-күннің аманында қарадай шыжбалақтайтыны бар. Сондағысы осы үйдің отын жағып, суын тасып, малын қайырып жүргендерді тасқаяққа сигізу.

Әдетте әупілдеп-әупілдеп қоюшы еді, мына шаңқылы барған сайын үдеп барады. «Бұл қаншық бұтына сие ме?» деп орнынан тұрып, жабықтан сыртқа сығаласа, бәйбішесінің қолы әлгі күң қыздың бұрымында, бейшараны сүйрелеп жерден алып, жерге салып жатыр.

- Адал ыдысымызды арамдап... - деп қыздың басын олай да, былай да сілкігенде, бәйбішенің май басқан іркілдек беті желіп келе жатқан сиырдың желініндей бұлғақ-бұлғақ етеді. - Қарабет! Құдайдың ұрып қойғанын, ертерек неге айтпадың. Жіберетін едім ғой бір қаңғыбастың артына мінгестіріп! - деп екіленеді.

- Адал ыдысыңды арамдаған мен емес, Батырдың өзі, - дегені қыздың бір кезде.

- Әй! - бәйбішенің аузы аңқайып қалды. - Андағың не?!

- Батырдың өзі, - деді қыз. - Өзінен сұра.

Бәйбіше қызды жөніне жібере салып, бері қарай талтаңдады.

Батыр барып орнына жайғасты. Қатыны ырсылдап бір қырымен әзер үйге енгенде, көзін жұмып жатып:

- Жанды жеріңе біреу ағаш тығып алды ма сонша шаңқылдап? - деді зілді үнмен.

- Ойбай, ана күң...

- Е!

- Іші білініп қалыпты.

- Білінсе ше!

- Өзіңнен көріп отыр, ойбай!

- Онікі рас.

- Расы несі? - деді бәйбішенің басы бұлғалақтап.

- Рас! - деп Батыр басын көтеріп алды. - Қайсібірде апақ-сапақта мал келіп жатқанда құрғырға көңілім ауып кетіп... Білесің ғой, еркектің көңілі ауса, албастыдай басады. Енді былжырамай ол қызды айрықша күтімге ал. Өлсең де аман-есен босандырудың қамын жаса! Ұл туса, атын Сексенбір қоям.

- Сексенбір... - бәйбішенің тілі байланып қалғандай болды. Онысы кәлимаға келіп бар далбасалағаны: - Неге Сексенбір?..

- Қазақта Алпысбай, Жетпісбай, Сексенбай дегендер иттің басынан көп. Ал мен ұлымның атын Сексенбір қоямын.

Осыны айтып бөстекте күн ұзын жатып алатын Батыр орнынан көтеріле берген. Дәл жас кезіндегідей жеп-жеңіл тұрды. Сөйтіп алып ашық түндіктен сығырайған күн көзіне көзін салып: «Е, құдай... шүкір!» деген. Шүкір деп тұрып, осы жаңа «іші білініп қалыптыны» естіген сәтте аяқ асты бойы бусанып, содан қазір екі самайынан шүмектеп аққан терін сүртіп тастады. Сүртіп тастап, алдында абдырап, аузы аңқайып қалған бәйбішесін иығымен қаға-маға жарық дүниеге жадырап шыққан. Жадырап шыққанда... Көзімен шошала маңынан күң қызды іздеді. Мана бәйбіше жұлқып-сілкігенде түсіп қалған жаман бөркі жерде, қалың қара мақпал шашы иығын жауып, екі қолымен сәл томпиған ішін сипап тұр екен... «Әйтеуір, тілектің бірін бердің-ау, құдай!» деген сосын дауысын шығарып.

***

Сексенбірдің жасы төрттен асқанда, құдайдың аманатын тапсыруға дайын Батыр оның тұлымынан сипап жатып: «Жаудан өлу - біздің тұқымда ата мирас еді. Ел мен жер үшін ғой. Сөйтемін деп аз өңмеңдеген жоқпын. Қайтемін... Қас дұшпанның қайсысы да жанымды ала алмады. Сен, Сексенбір... Пешенеңде не жазудың бар екенін қайдан білемін. Не қылса да ел мен жерге жаныңды садаға етіп кеш мына алқын-жұлқын ғұмырды... Әй, сонда аунап түсем орнымнан» деп жатып жан тәсілім етті. Сексен бес жасында!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар