Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ
Оқырманға «сандық» сыйлады...

24.04.2023 1279

Оқырманға «сандық» сыйлады 14+

Оқырманға «сандық» сыйлады - adebiportal.kz

 

Елордада өткен «Eurasian Book Fair» халықаралық кітап көрмесі мәресіне жетті.  2016 жылдан бері «Фолиант» баспасы ұйымдастырып келе жатқан халықаралық деңгейдегі бұл көрме биыл алтыншы рет өткізіліп, оған 70-тен астам баспа қатысты. Олардың арасында Қытайдан, Өзбекстаннан, Әзербайжаннан, Түркиядан, Ресейден келген баспалар да бар. Көрме аумағында Абай алаңы жасақталып, Мәдениет және спорт министрлігінің 2022 жылы мемлекеттік тапсырыспен шыққан 188 кітаптың таныстырылымын өткізгені де бұл көрменің артықшылығы ретінде есімізде қалды. Көрмені ұйымдастырушы я,ни құрылтайшысы «Фолиант» баспасының күн сайын ақын-жазушылардың оқырмандармен кездесуін, қолтаңба сессияларын өткізуі де көрменің көкжиегін кеңейте түсті. Міне осындай мәдени іс-шаралардың қатарында қаламгер Жадыра Шамұратованың «Сандық» кітабының таныстырылымы өтіп, тұсауы кесілді. 

«Сандықтың» бетін ашып, жиналған жұртқа жинақтың «жай-жапсарын» жылы лебіз, ыстық ықыласпен түсіндірген шараны белгілі ақын, аудармашы әріптесіміз Дүйсенәлі Әлімақын жүргізді. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, жазушы Қуаныш Жиенбай, ақын Оңайгүл Тұржан сыйлы қонақ ретінде қатысып, «сандықтың» байлауын шешті. 

Еліміздегі ықпалды баспалардың бірі «Фолиант» баспасы биылдан бастап, жас жазушылардың шығармашылығын қолдау мақсатында «Бүгінгі проза» атты жаңа сериямен кітаптар шығаруды қолға алыпты. Іші әрлі де нәрлі әңгіме мен новеллаға толған «Сандық» та сол «Бүгінгі прозаның» бір бұтағы.

- Бүгінгі көрмеде зал адамға лық толғанын көріп, мынаған көзім жетті: қазір киім сататын базардағы адамдардың саны азайып, кітап жәрмеңкесіне келетіндердің саны артып келеді екен. Бұл біздің көңілімізге қуат, жүрегімізге шуақ сыйлады, - деп сөз бастаған Қуаныш Жиенбай: «Сандықты» ашқанда Жадыраның шығармалары оқырманды бірден өзіне тартып, жетектеп алып кететінін байқадым. Баяндаудан қашып, өз кейіпкерінің жан дүниесі арқылы айтпақ ойын жеткізуі де Жадыраның жазушылықтағы ең жақсы қасиеті деп түсіндім. «Сандыққа» сыйған сағыныш пен тағдыр да біздің бүгінгі өмірімізбен ұштасып жатыр. Қазақы ұғым мен ауылдың қоңыр тірлігін шығармада шырайын келтіріп пайдалану Жадыраның шеберлігінің айғағы деп ойлаймын, - десе, Оңайгүл Тұржан Жадыраның  тақырып қоюына тоқталды. 

Жадыра «Алтын ордадан» тартып, «Астана ақшамында» жұмыс істеген аралықта ізденгіштігімен, өз кәсібіне деген адалдығымен, не жазса да жіті бақылап, жіпселеп қуып, індете жазатын шөгелдігімен ерекшеленетін. Әрине, тілшіні қарапайым ақпараттан тартып, көлемді очеркке дейін құлаш ұрғызатын журналистика мамандығының арбасына жегіліп жүріп, әдебиет дейтін әлемге де ат шалдыру кез келген тілшінің қолынан келе беретін жұмыс емес. Қанжілік қарбаластықты былай қойғанда, ақпараттық жұмыстың ауқымына үйреніп қалған диірменнің аты секілді ой мен бойды шеңберден шығарып, шексіз көркемдік әлеміне ұмтылу да екінің бірінің қолынан келе бермейді. 

Жұрт көркем әдебиеттен көрі әлеуметтік желідегі өсек-аяң мен басы бар, аяғы жоқ қысқа жазбаларға көбірек көз жүгіртетін бүгінгі таңда кітап кеміріп, қаламын таянып, көркем шығарма жазып жүргендер де күн санап азайып барады. Бәрі тиын қуған нарық заманында өз жанын өзі баға алмай қалған әдебиеттің жазушы дейтін қауымды жарытпай жатқаны да жасырын емес. Ендеше, «ораза намаз - тоқтықта» дегендей, әдебиет әлеміне еркін самғап, жазушы болу да жанкештілікті қажет ететін жауапкершілігі күшті жұмыс. Қарымың мен дарыныңнан сырт, әуестік дейтін «әуейілік» болмаса, әдебиет әлеміне аттап баса алмайтының да ақиқат. Жадыраның біз білетін бір ерекшелігі әдебиетті, дәлірек айтсақ, әдеби шығарма жазуды нан тауып жеп жүрген қызметінен әрқашан биік қояды. Жазғысы келген кезде, қолына байлау болған жұмысын тастап кетіп, таза әдеби шығармамен айналысатын батылдығын да көзіміз көрді. Былайша айтқанда, Жадыра қызық үшін немесе әлдебіреулерше жазушы атану үшін жол-жөнекей әдебиетке келе салған жоқ, үлкен дайындықпен, терең махаббатпен келді. Сосын да жаны қалап, жан-тәнімен берілген соң жақсы әңгімелер жаза алды. Оған  республика көлемінде өткізілген байқауларда бәйге алған «Бейуақта ашылған құпия», «Сарымсақ қосылған ұлу еті», «Қара қазан» атты әңгімелері айғақ. 

Осыған дейін «Секундтар арасындағы шексіздік», «Айтылмаған сыр» деген екі әңгімелер жинағын шығарып үлгерген Жадыраның қай шығармасын оқысаңыз да қазақтың қарапайым өмірі мен күрделі дәуірлік бетбұрыстар кезіндегі жан дүниесінің жан айқайы жатады. Ең кішкентай детальдардың өзін уақиғаның желісімен шебер жымдастырып, оны кейіпкер образын ашудағы керемет тәсіл ретінде пайдаланатын Жадыра шығармаларында қисынсыз баяндау, орынсыз суреттеуге ден қойып, уақиға желісінен алыстап кету атымен жоқ. Сосын да оның шығармаларын бастап оқыған адам ортасынан тастап кетпейді. 

Жадыраның «мені әңгімеші дегеннен көрі новеллашы деген дұрыс шығар» деген бір сөзі құлағымда қалыпты. Жадыраның адамның көңіл күйімен қатар, қиялына қанат бітіріп, уақиғасы тез басталып, ойламаған жерден аяқтап кететін осы бір әдеби жанырға жаны жақын екені шығармаларынан да аңғарылып тұрады. «Адамның жаны мұңға бейім» десек, аңсау мен сағыныш, бабалардың бегзат болмысы мен бүгінгі ұрпақтың рухани жақтағы ұсақтығы сол новеллаларының дәмін келтіріп, оқырманын тұшынтатын тұздығы сияқты. 

Бүгінгі қаламгердің арасында «Журналистер ақпаратын жазып жүре бермей, әдебиетке араласып, журналистиканың қасаң тілімен әдебиетті құртты. Жазғандарынан публистикалық шығармалардың сарыны есіп тұрады» деп қыжыртып жатады. Ол да дұрыс шығар. Бірақ журналистика мен әдебиетке қатар қалам тербеген Жадыраның журналистік зерттеулерін де қоғамдық мәселе ретінде әдеби шығармаларына арқау етіп, оқырман ойында жүрген мәселені,  іште жатқан сәбидің анасының бүйірін бүлік еткізгені сияқты, тулатып әкеліп отаға салып, оқырманын еріксіз бас изетіп, ойлантып тастайтыны өзін «таза әдебиетпен айналысып жүрмін» дейтіндерде жоқ қасиет деп санаймыз. Жазушының бұл қасиеті «Сандықтағы» «Құрылысшы», «Парапсихолог Пәтіркүл», «Үйінді астында», «Мен кінәлі емеспін»; Әдебиет порталындағы «Картон қабырғалы үйлер»... сынды шығармаларында мен мұндалап тұр. Мәселен, құрылысшылардың еңбекақысын уағында ала алмай қиналатынын, өтірік палшылардың көбейіп кеткенін, сапасыз үйлерде тұрып жатқанымызды біздің әріптестеріміз аз жазған жоқ. Бірақ ол бір-ақ рет оқылатын ақпараттық шығарма. Ал Жадыра болса, дәл сол мәселені кейіпкердің жан дүниесімен байланыстыра отырып, өмірдің шындығы ретінде көркем образ, әдеби тілмен айшықтап көрсеткенде, мүлдем басқа шығармаға айналып, құлпырып шыға келеді. Мезеттік мәселеден өлмейтін образ жасау дегеніміз міне, осы.  «Сандықтың» кереметі де осында деп ойлаймыз. 

                                                         

                                                                                                                                 Қалиакбар Үсемханұлы 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар