Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ШЕТЕЛ ӘДЕБИЕТІ
Қайыс неге Мәжнүн? Неге Мәжзүп емес?...

22.05.2023 2579

Қайыс неге Мәжнүн? Неге Мәжзүп емес? 14+

Қайыс неге Мәжнүн? Неге Мәжзүп емес? - adebiportal.kz

«Бәсіретім, бар дертімнің бастауы»

Халлаж-и Мансур

Осыған дейінгі жазбамызда қазақтың көрнекті ақыны Фариза Оңғарсынованың «Дауа» кітабын басшылыққа ала отырып, Ләйләнің Мәжнүнді алыс сапарға аттандырғандағы хәл-ахуалын, сағынышы мен аңсарын суреттегендей болып едік. Әрине, Ләйләнің немесе Фариза апамыздың Мәжнүнсіз қандай күй кешкенін, не сезініп, не сезгені бізге белгісіз. Біздікі Шәкәрімше айтсақ, «терең ой, сау ақылмен шамалау» ғана. Бірақ мұның өзі қаншалықты дәрежеде орын алып жатыр, ол жағы да күмәнді. Десе де, біздің тірлік «шамалауға шамалау» болса игі еді. Жә, сонымен бүгінгі ракурс Мәжнүн тарапынан жазылады. Жалпы мәжнүн деген кім?! Қайыс неге мәжнүн болды? Неге мәжнүн, мәжзүп емес?! Мәжзүп пен мәжнүннің айырмашылығы неде? – осы және өзге де сұрақтар төңірегінде жазбамыз өрбитін болады. 

Әлқисса, араб өлкесі Неждтегі Бени Әмір тайпасына жататын Ләйлә мен Қайыс  бір-біріне ғашық болады. «Ел құлағы елу» демекші, қас пен көздің арасында «ғашықтық» хикаясы кіл ауылға тарай бастайды. Мұны естіген Ләйләнің анасы қызын мектептен алып, Қайыспен кездесуге тыйым салады. Айдын күннің аманында ғашығынан көз жазып қалған Қайыс, араб тілінен аударғанда «жынды» деген мағынаны білдіретін «Мәжнүн» деп атала бастайды. Ұлының бұл хәліне жүрегіне ауырған әкесі: «Әй, ұлым, саған не болды?» - дегенде, «Әке, үндеме. Тек Ләйлі де, Ләйлі, Ләйлі, Ләйлі...», - деп боздаумен болады. Жалғыз ұлының балауыз шамдай еріп бара жатқанын көріп, Ләйләға құда түсіп барады. Бірақ қыздың әкесі «жындыға» қызын бергісі келмейді.  Кір сөз бен сұм көзден қорқып, қызын Ибн Селям есімді адамға ұзатып жібереді. Жығылған үстіне жұдырық болған бұл хабар Қайысты тіпті «жынды» қылады. Ата-анасы жалғыз ұлының дертіне дәрмен іздеп Қағбаға да алып барады. Қағбада дертіне дәрмен іздеудің орнына, дертінің өзіне пәрмен болып қалғанын, тіпті дертінің бұдан да қатты ұлғайғанын қалап дұға тілейді:

Я Раб бу харем-сера хакийчүн

Бу мағбед-и пүр-сефа хакийчүн

Сал гөнлүме дерд-и ашкдан гам

хәр лахза хәр заман ү хәр дем. 

Құдай дұғасын қабыл етіп, ақыр аяғында ақылдан адасып, аңырап жүріп шөл кезіп кетеді Мәжнүн. Бұл аралықта өзгеге ұзатылған Ләйләнің де күйі көңіл көншітерлік емес еді. Күйеуін өзіне жақындатпауы үшін, алыстатуы үшін жын жайлы «сылтаулар» құрастырып әлек болады. Ақыр аяғында күйеуінің ішіне дерт түсіп көз жұмады.  «Басы босаған» Ләйлә Қайысты іздеп шөлге түседі. Қос ғашық солайша шөлде жолығады. Жалпы оқиға осы жерден бітуге тиіс болатын. Бірақ ғасырдан ғасырға ұласатын оқиғаның ең негізгі нүктелерінің бірі осы жерден бастау алады. Арып-ашып ғашығына жеткен Ләйләні Қайыс танымай қалады. Қанша жерден өзін-өзі дәлелдеп «Мен Ләйләмін» десе де, «Сен Ләйлә болсаң, менің ішімдегі Ләйлә кім?», - дейді Қайыс. Қайыстың хәл-ахуалын түсінген Ләйлә үйіне қайта оралып, көп ұзамай көз жұмады. Ғашығының өлгенін естіген Мәжнүн бейітінің басына:

Я Раб мана жисм ү жан герекмез

жанансүз жиһан герекмез, - 

деп жантәсілім етеді. Осылайша Ләйлә мен Қайыстың махаббаты мәңгілікке ұласады. Баршаға аян, бәріне белгілі бұл оқиғаны «жерден жеті қоян тапқандай» несіне тәлпіштеп баяндап отырсыз деуіңіз мүмкін?! Мәселе, осыдан кейінгі «қол ұстасқан әріптердің» түсінікті болуы үшін дегіміз келеді, құрметті оқырман.

Сонымен, сөз еткен ғашықтық оқиғасы расында болды ма, болмады ма бізге белгісіз. Тіпті әдебиет және тарих зерттеушілері бұл оқиғаның негізін асур кезеңіне дейін апарып тастайды. Қай заманда болмасын «жауапсыз махаббаттар» болған һәм бола да беретінін ескерсек, Ләйлә мен Қайыс барлық шығыс халықтарындағы ғашықтықтың типтік бейнесі деген қорытындыға келеміз. Себебі дәл осы оқиға Үнді мифтерінде де кездеседі. Бірақ нақты акамедиялық зерттеулер Ләйләнің қайтыс болған жылын 688 жыл деп жазады. Бұл кезең Эмевидтердің бесінші халифасы Абулмәлікпен тұспа-тұс келеді. Ал Парсы мифология сөздігінде бұл оқиғаның алғаш рет 889 жылы жазылған Ибн Күтейбенің «еш-Шиъер уәщ-Щуғара» атты шығармасында орын алғаны туралы жазады. Әдебиет тарихында алғаш рет 12 ғасырда Низами жазған деп айтылса, Ибн Күтейбенің нұсқасы тіптен ескі болып шығады. Демек Низамиге дейін де бұл оқиға хатқа түскен. 

Десе де, біздің мақсат ғашықтық оқиғасының қалай, қайтіп, қай уақытта болғанын һәм жазылғанын анықтау емес, Қайыстың мәжнүн аталуына байланысты болып отыр. Жоғарыда айтып өткеніміздей, «мәжнүн» араб тілінен аудырғанда «жынды» деген мағына береді. Бірақ тек «жынды» деген мағына бере ме, сөздің түбіріне үңіліп көрейік. 

Әуелі «мәжнүн» есім емес, сипат. Араб тіліндегі «ж-н-н» түбірлі сөздер «жабылу, жабық, жасырынған» деген мағыналарда қолданылады. Ең қызығы, «жәннәт» сөзі де, жасырын бақ мағынасында осы түбірден шығады. «Мәжнүн» де «ақылдың жасырынуы» мәнінде. Яғни, жәннат пен мәжнүн бір түбірден туындаған сөздер. Десе де, ғашықтық оқиғасында Қайысты мәжнүн дегенімен мәжзүптік сипаттарға ие екенін көрініс табады. Бірақ Қайыс неге мәжзүп емес, мәжнүн деп аталды?! Әуелі мәжзүп дегеніміз не?! 

Мәжзүп тасаввуфтағы ұғым ретінде «жезбе» (тарту, жақындату) түбірінен шығады. Яғни, Алланың өзіне тартып, достастырып, үнемі қасында ұстаған адамдар үшін қолданылатын термин. Қолдану жағынан мәжнүнмен ұқсастық болғанымен, мәжнүн мен мәжзүп арасында айтарлықтай айырмашылықтар бар. 

Мишель Дольстің «Majnūn: The Madman in Medieval Islamic Society» атты еңбегінде мәжнүн сөзінің түбірі, жоғарыда да айтқанымыздай, «ж-н-н» араб тілінде «жасырынушы» дегенді білдіреді. Аталған түбірден бір емес бірнеше сөздің туындағанын да айттық. Мысалы, жан тәнде жасырылған; жанан жанда жасырылған; жын адам көзінен жасырынған; жәннат жасырын бақ дегенді білдірсе, жындылық (жыннет) жын кірген адам дегенді білдіреді. Мәжнүн болса ақылын жасырушы және дәл осы хәлге түсу үшін жындар себеп еткен деген мағынада қолданылады.

Мәжнүн семантикалық тұрғыда ең айқын мұсылмандық күй болып есептелінеді. Яғни, құдайдың дәргейінде өзін ұмытып, шіл ішінде өмір сүру. Құдайға деген асқан махаббатпен өздерін ұмытып, «Құдайдың мәжнүні» деп аталатын адамдар мұны үлкен абырой санаған. Ләйлә-Мәжнүн ғашықтық оқиғасынан да байқағанымыздай, мәжнүндік адам махаббатынан бастау алып, ақырында құдайдың махаббатында мән табады. Тіпті Қайыстың «Мен мәжнүнмін, құдайдың махаббаты мені баурап алды, ес-түссіз қалдым, Оған деген құштарлығым мені отқа жағып, қауымнан алыстатты» деп айтуы да сөзімізге дәлел бола түседі. 

Дольс өз еңбегінде мәжнүнді ақылды жынды, ал мәжзүпті қасиетті жынды деп бөлінеді. Біз бұл анықтамаларға «тұздық» ретінде «мәжнүндік көбіне көп объективті, ал мәжзүптік субъективті түрде орын алады», - деп қосқымыз келеді. «Мәжзүптер жындыларға ұқсағанымен, олар әулиелік деңгейге жеткендер дейді. Себебі оларда сыддық күй бар. Олардың ғибадатына күмәнмен қарайтын адамдар үшін «ғибадат әулиеліктің негізгі шарты емес, әулиелік ғибадатқа мойынсұну арқылы берілмейді. (...) Мәжзүптер шариғат үкімдерін толық орындамаса да құлшылық етеді. Себебі олар табиғатынан саф, ақиқатқа ұмтылған», тіпті кейде  ғайыптан хабар алатын салихтар», - дейді Ибн Халдун. 

Ислам энциклопедиясына көз салатын болсақ, мәжзүптердің бірнеше түрі яки деңгейі бар екенін көреміз. Мәселен, тасаввуф жолына түсіп, сулукын толық орындамаған және жезбе күйін көрмеген салихтерге «салик-и гайр-и мәжзүп», тасаввуф жолына түспей-ақ, ғибадаттарын орындамай-ақ күтпеген жерден жезбеге тап болған салихтерге «мәжзүп-и гайр-и салик», тасаввуф жолына түсіп, бұл жолдың шілін тартып, жезбе хәлін сезінгендерге «салик-и мәжзүп», ал жезбе хәліне жетіп, кейін тасаввуф жолына түсіп, керекті ғибадатты орындаған салихтерге «мәжзүп-и салик» дейді. 

Мәзжүптерді нағыз мәзжүптер, оларға ұқсауға тырысатындар және мәжзүп секілділер деп бөлген Әбдірахман Жәми, нағыз мәжзүптердің Хақтың құзырына жеткеннен кейін кері бұрылып, қайтадан ақыл иесі бола алмайтынын, өз-өзін ұмытып, фәни бір хәлде өмір сүретіндерін; Мәжзүп емес, бірақ шын ниетімен мәжзүпке ұқсауға тырысатындар болса кейде Хақтан келген нұр арқылы өз-өздерін ұмытып, мәжзүп секілді әрекет ететіндерін; ал мәжзүп секілділер діннің парыздары мен тыйымдарына мойынсұнбау үшін мәжзүп секілді болып көрінетіндерін айтады. Нағыз мәжзүп пен мәзжүп секілділердің айырмашылығы ретінде өздігінен  қалтыраған қол мен әдейі дірілдеген қолды мысалға келтіреді. 

Нағыз мәжзүп барлық рухани кезеңнен өтіп, ақиқатқа қол жеткізген адам. Оның көзіне құдайдан басқа ештеңе көрінбейді. Оған жердегі барлық нәрсе құдайдың сипаты арқылы көрініс табады. Яғни, мәжзүп дүние тіршілігінің ауыртпалығынан құтылған сайын жүрегі жеңілдеп, босап, қажетсіз ауыртпалықтарынан құтылады. Дүниедегі адасушылықтан, азап пен қиыншылықтан құтылған жаны бірте-бірте ақиқатқа толады. 

Дольс, Хужуириден үзінді келтіре отырып, болмыстың бірлігін (уакдет-и вужут) тану жолын екі түрде сипаттайды. «Біріншісі «жәм-и сәләмәт», екіншісі «жәм-и тақсыр». Әуелгісі, бұл жолда күнделікті өміріне қайта оралып отыратын салих болса, екіншісі толықтай ақыл-есінен адасып, есінен танған сопы деп көрсетеді. Сәйкесінше, бұл сопылар толықтай діни парыздарынан босатылғандар», - дейді Дольс. 

Қарап отырсаңыз, мәжзүп мен мәжнүн ұғымдарының бір-біріне тым ұқсайтынын көре аламыз. Тек Дольстің классификасы бойынша, мәжнүн ақылды жынды, мәжзүп қасиетті жынды екенін ұмытпағанымыз жөн. Бірақ бұл дегеніміз, мәжзүптің мәжнүннен немесе мәжнүннің мәжзүптен биік деген сөзіміз емес. Себебі екеуінің де барар нүктесі – құдайдың дәргейі. Дольстің кітабындағы Зул-Нун әл-Мысридің тілімен айтатын болсақ, «тәндері жерде болғанымен, рухтары көкте». 

Біз білетін әдеби кітаптардың ішінде мәжнүн мен мәжзүп ұғымдарына қатысты ең көркем шығарма Фәридиддин Аттардың «Илаһинама» еңбегі. Кітапта мәжнүн мен мәжзүпке байланысты 20 оқиға бар. Оның 16-сы мәжзүп жайлы болса, 4-еуі мәжнүн турасында. 

Мәжнүн жайлы оқиғалар классикалық түрде Ләйләға деген махабат алауына өзін өртеп, ақыл-есін жоғалтқан жан жайлы баяндалған болса, мәжзүп жайлы оқиғалар құдаймен «байланысқа», жалбарынуға, қарапайым адамдарға ескертуге бағытталған. Десе де, екі түрлі ұғымға негізделген бұл оқиғалардың арасында түбегейлі айырмашылықтар бар деп айту оңай емес. Жоғарыда баяндауға тырысқанымыздай, мәжнүн мен мәжзүптің «ат қылындай» айырмашылықтары бар. Мысалы, абсолютті ақиқатпен, яғни құдаймен «байланыс» мәжнүнде Ләйләға (адамдық/тәндік) деген махаббат арқылы және Қайыстың қалауымен орын алса, мәжзүпте аталған «байланыс» жезбе арқылы, яғни құдайдың «өзіне тартуымен», мәжзүптің ырқынан тыс жүзеге асады.

Сөзімізге дәлел болу үшін Илахинаманың 6-шы бөлімі, 39-шы оқиғадағы мәжзүптің сөзіне назар салып көрейік: «шарапқа мас, ақылды тәрк еткен, Жар дертімен әулие өлсе, ешкім таңғалмайды, себебі ғашықтар өлмейді! Таңғалатын дүние болатын болса, ол ғашықтың өлмей тірі қалуы. Ғашық бір күн болса да тірі жүрсе, көзінен жас ағып, балауыз шамдай балқи түседі. Себебі ғашықтың ісі жүйеге түспейді. Шырақ сынды айрылу дертімен жанады да тұрады. Ғашықтың жануы шырақтың жануынан артық. Себебі оның нұры өз шамынан. Жылаған ғашық сүйіктісін тапса, раушан гүліндей төбесіне көтеріп жүреді» 

Оқылған сөйлемдер тізбегі «жезбе» (құдайдың өзіне тартуы) әсерінен айтылған болса да, мәжнүндік сипатқа ие секілді де көрінуі мүмкін. Мұның себебі, Мәуләна Румидің «Фәһ-и Мәфиһ» атты шығармасында айтылғанындай, «ізденіс жолдары әртүрлі болғанымен, іздейтін нәрсе Біреу ғана» деген қорытындыға келеміз. Ал бұл жол мәжнүн үшін де, мәжзүп үшін де ең көркем жол екені анық.  

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар