Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЕСТЕЛІК
Қаламгердің ізі қағазда қалады...

25.06.2022 3412

Қаламгердің ізі қағазда қалады 12+

Қаламгердің ізі қағазда қалады - adebiportal.kz

24 маусым күні ҚР Ұлттық академиялық кітапханада журналист-жазушы, ғалым-ұстаз, қоғам қайраткері Қуандық Шамахайұлын еске алу кеші өтті. Зиялы қауым өкілдері, мүдделес, рухтас аға- інілері, әріптестері, достары жиналатын бас қосуда марқұмның «Қаламгердің ізі қағазда қалады» атты жинағының тұсауы кесілді. Бұл кітап 2021 жылы Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет және өнер саласындағы бәсекелестікті жоғарылату, қазақстандық мәдени мұраны сақтау, зерделеу жәе насихаттау» бағдарламасы бойынша жарық көрген болатын. Жинақта автордың әдеби-көркем ой-толғамдарымен қатар қазіргі қазақ қоғамының өзекті мәселелерін көтерген публицистикалық туындылары топтастырылған.


Белгілі қаламгер Қуандық Шамахайұлы Моңғолияда туып-өсіп, Ұланбатырда Моңғолия мемлекеттік университетінде журналистік жоғары білім алды. 1983 жылдан бастап әдеби ортаға көркем аударма арқылы келген жазушы кейін ғылыми-зерттеу жұмыспен айналыса жүріп, прозаға бет бұрды. Шығармаларын қазақ және моңғол тілдерінде жазады.


1993 жылы Моңғолия жазушылар одағына мүшелікке өткеннен кейін тарихи Отаны Қазақстанға көшіп келіп, елдегі бірнеше жетекші университеттерде дәріс берді, Астанадағы газет-журналдарда бас редактор болды. Оның қаламынан туған сатиралық шығармалар мен лирикалық әңгімелер оқырмандардың ыстық ықыласына бөленді. Қуандық Шамахайұлы аудармашы ретінде өнімді еңбек етіп, оқырмандарын алыс және жақын шетел жазушыларының таңдамалы шығармаларымен сусындатты. Оның АҚШ, Жапония, Колумбия, Канада, Швейцария, Қытай, Ресей, Моңғолия және Альфрейд Нобель атындағы әдебиет сыйлығын әр жылдарда алған жазушылардың таңдаулы әңгімелерінен жасаған тәржімалары әр жылдары мерзімді басылымдар мен порталдарда жарияланды. Сонымен қатар мемлекеттік тапсырыс бойынша «Менің сатып алған күйеуім», Найзағайлы жылдар жаңғырығы» деген атпен жеке жинаққа топтастырылып, жарыққа шықты. Автордың өз қаламынан туған таңдаулы прозалық көркем шығармаларының жинағы да «Шөлейт жақта» деген атаумен оқырмандарын тауып жатыр. Жазушы Қуандық Шамахайұлының елге сіңірген еңбегі өзінің лайықты бағасын алып, ҚР мәдениет қайраткері атағын алды. «Ақпарат ісінің үздігі» төс белгісін иеленіп, Қазақстан журналистер одағы сыйлығының лауреаты болды. Бар күш-жігерін, білім-білігін, тәжірибесін тәуелсіз еліне қызмет етуге арнаған есіл азамат осыдан екі жыл бұрын дүниеден озған еді. Оның жарқын бейнесі әрдайым халқының есінде.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар