Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПРОЗА
Қалбан Ынтыханұлы. Суретші...

21.11.2018 8177

Қалбан Ынтыханұлы. Суретші

Қалбан Ынтыханұлы. Суретші - adebiportal.kz

(әңгіме)

Холстге қыл қаламның ұшы тие бергені сол еді, қыздың күрсінгені естілді. Суретші қыл қаламын қайта түсіріп, көк бояуға сүртті де ақ түстердің үстінен бір неше жолақ жүргізіп жіберіп, ақ түс пен көк түстің қосындысынан көгілдір аспанды шығарды.

– Мен сені сағынмым, сол үшін іздеп келіп тұрмын, – деді қыз, сөйлегенде оның үнінен бір діріл араласа шықты.

Суретші артына қарамастан қыл қаламын холст бетінен қайта-қайта қара түсті жүгіртіп, одан қаламын қоңыр түске өзгертіп тағы да ойқастата жөнелді. Аспанда желмен желбіреген шаш пайда болды.

– Содан бері қаншама айлар өтті, мен сені іздедім, осы қаланың әрбір көшесінен іздедім. Сен менің ішіме кіріп алған жын сияқты болдың, күндерімнің бәрі мазасыз, көзімді жұмсам да ашсам да жанарымның алдында сен елестеп тұрасың. Сен сағым болдың да жоқ болдың. Бірақ сен шын жүрегіңмен маған қайта жолығатыныңды тілегенсің, менің жалғыз үмітім сол ғана,– деп қыз тағы күрсінді.

Суретші тынысын кең алып, қоңыр сары бояуға қаламын малып алып аспан бетімен жорғалатты. Көк түспен араласқан қоңыр сары түс топырақ сары түске ене бастады, аққуба жазық маңдай, атжақты, қырмұрынды әйел адамның бұлдыр бейнесі аспаннан көріне бастады.

– Айналам да қаншама көп адам болса да мен жалғызбын, ешкім мені танымайды, мен де ешкімді танымаймын, өзіме өзім сөйлеймін. Сені іздеймін, сабылысқан қалың адам арасынан, сені іздеймін, сен кеткен жолдармен, сені іздеймін, түнгі қызылды жасылды шырақтар арасынан, сені іздеймін, жалпақ жатқан иен даладан, бәрібір сен көрінбейсің. Сен бір жүрген жұмбақ жансың ғой! – деді қыз назданғандай әуенмен.

Суретші қолына қайтадан солғын қоңыр бояулы қаламын алып аспан астында ойқаста та жөнелді. Кедір-бұдыр тұстарына сарғыш түстерді де беріп отыр. Суретшінің екі түске кезек жүгірген қолы кейде көз ілестірмей кетсе, кейде баяулап, тоқырап қалады. Холсттың бір шетінен таң атып келе жатқандағыдай шөл даланың сұлбасы көріне бастады.

Қыз қыбырсыз, үнсіз.

Суретшінің қыл қаламы солғын қоңыр және сарғыш түстерден жаңылмай холсттың бетінде еркін жүгірді. Суретшінің шабыты тасып кеудесіне симай бара жатқандай. Айналасында не болып жатқанын білгісі де келмейді.

Суретшінің салған суреті айқындала түсті. Аспан астында шөл дала.

Ұзақтан-ұзаққа созылып жатқан сары құмды шөл дала тыныштыққа сымбат беріп тұрғандай, суретші оны онан әрі мүлгіте түседі. Қыраттары қырланған, бауыры бұйраланған құм төбелер сырын ішіне бүгіп жым-жырттықтың құшағына қарай жығылып бара жатқан тәрізді. Құм қыраттарының тәртіпке түсірілген мап-майда қырларында жұмбақ бар, сол жұмбақтар құм бетіндегі толқын-толқын сызықтармен таңбаланған.

Суретші аспан астындағы шөл жазираны сомдап болып кідіре қалды.

– Менің судай тұнық көңідімді, мөлдіреген көз жасымды кім түсінеді? Сен менің қасымда ұзақ болмадың, сондықтан саған мен бір бұлдыраған елес қанамын. Ал сен болсаң жүрегіңнің түбінде жатқан асыл арманың үшін асығасың, сен маған уәде бермесең де мені жаныңа балайсың, менімен бірге болғың да келеді, бірақ таңдаған арман жолың саған мені есіңе де алатындай кезекті сәтін бермей келеді. Ал менің арманым ... – деді де қыз ары қарайғы сөзін өлеңмен жалғастырды:

– Ақ арман

Желдей ескен

Әуелейсің тым биік.

Мен бір қаңбақ

Жерде өскен

Тәнім өрт, ішім күйік.

Ізідеп сені

Дала кезген

Қуып бір жетсем деген

Қиялым шіркін жүйрік ...

Суретші қыл қаламын ашық көк бояуға малды да шөл даланың қақ ортасынан, аспанда бұлдыраған әйелдің иегінің астынан батыра тартып сүйкектете жөнелді. Арасында ақ түсті қыл қаламында сермеп қалып отыр. Сөйте-сөйте шөл жазираның ортасынан көгілдір көл пайда бола бастады. Көл ауқымды көрінеді, тұнық та мөлдір, бір шеті күмістей жарқырап көрінеді.

Сарғыш тарқан тіршіліксіз тұңғиық шөл дала ортасында пайда болған көк көлшік – қуаң дүниеге әр бергендей қатпар-қатпар болып шудаланған құланжон, түйе өркеш құм төбелердің арасында керіле көсіліп аспаннан қараған әйел бейнесін жұмбақ күшімен өзіне ынтызар етіп баурай түскен.

Қыз Мағжан Жұмабаевтың:

«Махаббат – бір тікенек,

Жүрекке барып қадалар.

Бақытсыз ғой бұл жүрек,

Тамшылап онан қан ағар» – деген өлең жолдарын қатты бір тебірініспен жатқа айтты, дауысын созғанда жүрегінің дірілі бірге шығып тұрғандай естілді.

Суретші қаламын сұры бояуға малды да аспандағы әйел бейнесін әрлей бастады. Аспандағы әйелдің беті, желбіреген шашы ғана бұлдырап көрінеді. Әйелдің қалған денесін суретші аспанға сіңіріп жіберген. Енді оның мөлдіреген жанарын, айдай керілген қасын сұры қаламмен, бұдырсыз түзу қыр мұрынын қоңырқай қаламман, үлбіреген ерінін күлгін қаламмен байыппен әрледі. Сарғыш қаламын жазық маңдай мен алма беттің үстімен жорғалатты. Картинада шөл, көл және аспаннан төне қарап тұрған әйел бейнесі пайда болды.

Суретші шорт тоқтап картинаға ойлы жанарымен үңіле қарады. Қыздың күрсінгені, өксіп жылағаны естілді.

Суреттші қаламын алды да көлдің бетін шеңберлей жөнелді. Тнып тұрған көлбеті қозғала бастады, майда, жұмсақ толқындар жағаға қарай жарыса жөнелді. Суретші ақ түсті бояқты да қаламымен түртіп қалаып отыр. Шөл далада тұрған көлдің тыныштығы мүлдем бұзылды. Су шайқалды. Толқындар тұс-тұсына жүгірді.

Бөлменің іші жым-жырт, жүректің дүрсілі естілетіндей тыныштық.

Суретшінің қолы да қалтырай бастады, жұдырығын түйіп, қолын қозғап буынын босатты да қаламын қайта қолына алып, көк көлдің үстінен тағы жүгіртті. Көлдің шеті қайта тына бастады. Көл бетінде тура ортадан, аралығы біркелкі, шеңберлі толқын таралғаны байқалды. Әсте желмен тербеліп шыққан толқын емес. Ол көлдің ортасына ауыр бір зат түскенде пайда болған толқын.

Еденге көз жасының «тырс» етіп тамғаны естілді.

Суретші бар күшін жинағандай бүкіл денесімен шіреніп алды да көл бетіндегі жан жаққа біркелкі таралған майда сулу толқындардың ең ішіндегісінің нүктесіне қаламын батырып қалды. Сосын тағы ақ бояумен сәл әрледі.

Аспандағы бұлдыраған әйелдің көз жасы көлге тамғанда сұлу толқындар бірін-бірі қуалап жағаға жетуге асыққандай. Көл бетіндегі толқындардың ең ортасындағы шеңбердің ішіне «шолп» еткен тамшының шұңқыры пайда болғандығы ерекше айқын көрінеді.

Суретші қолындағы қаламын алдында жайылып жатқан бояулардың арасына қоя салды да құшағын жайып: «Менің арманым қайдасың!», – деп айқайлай артына бұрылды.

Керемет өнер туындысы осылайша дүние есігін ашты.

Көз алда жан тебірентерлік картина. Шөл, көл, аспанда шашы желбіреп көлге төне қараған әйел бейнесі, көз жасы тамшысынан жамыраған әдемі толқындар...

11.21.2018


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар