18 қаңтарда жарияланған мына материалда https://adebiportal.kz/kz/news/view/sanadagy-abaqty-ureii__10000118 Қарағұл Райысқанұлының өлеңінен бір-екі үзінді келтірген едік. Сол үзіндіні толықтыру мақсатында төмендегі өлеңді төтешеден славяншаға қотарып, оқырман қауым назарына ұсынып отымыз.
Қарағұл (Кәмелхан) Райысқанұлы 1865 жылы өмірге келген. Шығыс Түркістанға қарасты Алтайдағы беделді адамдардың бірі болған. Ел іші бүлінген, саясат ұлттық сипат алған 1940 жылғы зобалаңда жалаға ұшырап, 1942 жылы түрмеде қинап өлтіріледі. «Қарағұлдың өлеңі» деген атпен белгі болған бұл өлең Алтай топырағында өткен саяси шиеленістер кезеңін суреттеп беретін: «Ағажай, Алтайдай жер қайда», «Сұлубайдың әні», Бұркітбайдың әні «Ой, Қайша» сынды ерлердің отанын қорғау жолындағы төңкерістік рухты паш ететін өлеңдердің бірі. Бұл өлең Қарағұлмен түрмеде бірге жатқан Шонжы жерінің адамы Ысқақ деген кісінің жаттап айтуы бойынша ел ішіне тараған. Жинақтағандар: Ілияс Сиыршыбайұлы, Дүрбітқан деген адамдар.
Жауласып талай жылдар моңғұлменен,
Ақтабан шұбырынды болды қазақ.
Моңғұлдан қалған жанды арашалап,
Алтайды мекен еткен бас сауғалап.
Ақ орыс*, Төрт дүнген* мен Қызыл аяқ*,
Көрмеді бұлардағы тіпті аяп.
Күш әлсіз, қару мешеу, айла да аз,
Болмады аз көрінген, жеген таяқ.
Соғысып біраз жыл өмір сүрді,
Ен жайлап, еркін көшіп, сауық құрды.
Билейтінін өзін-өзі шама қайда!?
Гоминдаң билеп, төстеп тағы тұрды.
Тоймады алған сайын ала беріп,
Салықты үсті-үстіне сала беріп.
Сенімсіздік жасады арсыздықпен,
«Құрал бар», - деп бір бәле ала келіп.
Аз адам ақылдасып, ақыл құрап,
Тиегін кек пен өштің алдық бұрап.
Мал мен басқа билік жоқ болған соң,
Соғысқа дайындалдық түгел бірақ.
Гоминдаң дерек алды бұл бір істен,
Тимеген жүрегіне қанды ішкен.
Әйгілі айқындалған қарсыларды,
Ұстады бір шетінен арам күшпен.
Ұстады Кәріш, Мәнкей, Шәріпханды,
Айбарлы жауға қатал арыстанды.
Қалел, Бұқат, Байқадамға салдық құрық,
Біледі өзіменен алысқанды.
Ел іші түгел ғана ала болды,
Гоминдаң қол-аяқсыз бәле болды.
Ниеті түгел құрту жауыздардың,
Біз дегенде көздері қанға толды.
Кетіп қалу қиын болды елді тастап ,
Кір жуып, кіндік кескен жерді тастап.
Адам жейтін жендеттер жетіп келіп,
Бір күні ұстап алды, тарпа бас сап.
Ертістен ат шанаға келді басып,
Жендеттер ұстап алған желдей тасып.
Енгізді қапас зындан – ер мекені,
Сыртынан қара құлып салды басып.
Сұрақшы кейде айғайлап ақырады,
Кезекпен ұзын таңды атырады.
Тілменен сыр алмаған сұм жауыздар,
Шаршаумен ақырында қалжырады.
Ежелден болған емес түрме тәуір,
Қинауды көрсетіп тұр тымақ-ақ ауыр.
Қасқайып жау алдында именбедім,
Өлтірумен тынатынын білдім ақыр.
Түледім биік жартас шың ұяда,
Айналдым, әуеледім құз-қияға.
Жауменен кескілесіп қолға түспей ,
Амалсыз жау ұстады қапияда.
Қашанда ер жалынышпен күн көре ме?
Мұндайда жүрек жасып сыр бере ме?
Өмірдің шауып жеткен көмбесінде,
Ер жігіт жау алдында тіл бере ме?!
Бұл иттің былшылдатып жегені боқ,
Тойынған қан соқтамен қарыны тоқ.
Өлмесем өмір бойы қарсыласам,
Түбінде Гоминдаңнан жақсылық жоқ.
Алтайдың ат суардым бұлағынан.
Ертістің шөп шаптырдым құрағынан.
Жетпістің жетеуіне келгенімде
Мылтықтың тұтқындалдым сұрағынан.
Өтірік пәле жақты не амал бар,
Зарығып жатыр мұнда талай жандар.
Бұл істен қайыр, үміт ете алмаймын,
Шығып тұр қиыншылық түрлі заңдар.
Қу тамға терезесіз қойды қамап,
Бермейді уағыменен түйір тамақ.
Жасымда бақ-дәулетті болсам дағы,
Шағымда өлетұғын жедім таяқ.
Ұрғаннан жауыр болды жарарларым,
Тіпті жоқ жазулы істен қараларым.
Бұл жолдан қайтам деген үмітім жоқ,
Көрмесем қош, аман бол, бауырларым!
Нақақтан, әділ болса қаралар ма?
Құдайдан бұйрық болса шара бар ма?!
Үйімді қайтып барып көре алмаспын,
Сәлем айт, аман болсаң балаларға.
Қараңғы өзі суық, жатқан жерім,
Қазақтың баласынан кетті сенім.
Біз бүйтіп қараңғы үйде жатырмыз ғой,
Не болар қайран жұртым, қайран елім!
Дүние-ай! Мұны көрдім бұл заманда,
Береді құдай жәрдем жылағанға.
Бірталай жан танитын Қарағұл ем,
Сәлем айт атымды атап сұрағанға.
Ағаның уайымы, зары осы,
Нешелер бейнет көрген жанның досы.
Көңілде қалсын жастар тірі болсаң,
Зарыққан шыным да осы, зарым да осы.
Керейдің қалмай барады ескісі де,
Мен тұрмын дәл жетпістің жетісінде.
Замандас, тұрғыластың бәрі кетіп,
Мен қалдым Гоминдаңның тепкісінде.
Құдайым тілегімді берер ме екен?
Жан шығарда тіл иманға келер ме екен.
Сүйегімді Гоминдаңның иті жемей,
Мұсылман қолын алып көмер ме екен?!
Сәлем айт, тірі барсаң керейіме,
Қуаныш көзге көркем мерейіме.
Өмірдің аяғында мұны көрдім,
Дүние-ай, жетпей кеттім дегеніме.
Жасыма жетпіс жеті келген кезім,
Алланың көрдім маған құрған тезім.
Бір зауал бұл итке де болады ғой,
жалғыз-ақ көрмейді ғой менің көзім.
Өлімнің разымын міндетіне,
Мың жасап адам жүрмес жер бетінде.
Өлі-тірі болсам да арманым сол,
Ел болып шыға алмадым жер бетіне.
Кейінгі ел үміт үзбес әлі менен,
Керейдің таныс едім бәріменен.
Тірі боп ел көрсеңдер жолдастарым,
Айтып бер өлеңімді әніменен,
Жігіттер, ойна да күл, ойната біл,
Дүние баяны жоқ өтеді бұл.
Күңіренген абақтыда кім десеңіз,
Баласы Райысқанның мен Қарағұл
Жігіттер, алданбаңдар жылы сөзге,
Ішіне сүңгіп көрсең сыры өзге.
Өмірді өткізіңдер күреспенен,
жетпейді ер өмірі еркін жүзге.
Орын жоқ қашандағы аралықта,
Пайда жоқ, ойлап көрсең алалықта.
Береке мен бірлікті нығайтыңдар,
Салынбай бос әулекі балалыққа.
Жігіттер, бақыт табар жолыңды ізде,
Түспеңдер сонау заман сүрдек ізге.
Арыстанның аузында мал менен бақ,
Айбарынан қорқып қап, күдер үзбе.
Жігіттер, жасымаңдар оймен тозып,
Қол жетпеске көріңдер қолды созып,
Талаптыға нұр жауар деген сөз бар.
Сонда ғана шығасың үздік озып
Ер туар ел жағасы аман болса,
Болмайды ердің ісі жалаң болса.
Қанды – қан, кекті – кекпен қайтарыңдар,
Берекені жұмырлаған шамаң болса.
Тарих бар бұраң жолды бабаң басқан,
Ел жүгін арқалаған, асу асқан.
Жауменен майдандасқан талай ердің,
Қаны бар тау мен тасқа қою қатқан.
Алтайдың тауы құлап дала қалды,
Керейден кәрі кетіп, бала қалды.
Тап берсе тапжылмайтын сарбаз кетіп,
Тар заман Тас босаға ара қалды.
Талай іс қайғы болып түсер ерге,
Мұң-зарын шағатұғын туған елге.
Аузыммен айтқан сөзім анық жетсің,
Бұрмалап әрбіреуің жетелеме.
Ақ орыс – 1921 жылғы Бакич бастаған ақгвардия қашқындарының Тарбағатай, Алтайға салған лаңын айтады.
Төрт дүңген – 1933 жылғы өзара қырқыста қытайлардан жеңіліп, Үрімжіден Алтайға бас сауғалаған дүнген әскерлері дін атын жамылып, елді тонап, халыққа тізесін батырады. Бұны халық «дүңген төңкерісі» деп те атайды. Бұл туралы порталымызда салынған материал https://adebiportal.kz/kz/news/view/aqtan-babiulynyn-el-bilmeitin-bir-dastany-tabyldy__24399
Қызыл аяқ – 1867 жылғы Цин өкіметінің Іле, Тарбағатай аймағындағы партизандардан жеңілген әскері. Олар балтырын қызыл матамен орап жүргендіктен «қызыл аяқ», олардың Алтай қазақтарына шапқыншылығы “қызылаяқ соғысы" деп аталып кетеді.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.