Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
«Қазақ әдебиеті» газетінің туған күні...

10.01.2017 6195

«Қазақ әдебиеті» газетінің туған күні

«Қазақ әдебиеті» газетінің туған күні - adebiportal.kz

Бүгін қазақ руханиятында өзіндік орны бар, дара жолы қалыптасқан салиқалы әдеби басылым «Қазақ әдебиеті» газетінің туған күні. «Қазақ әдебиеті» – қазақ әдебиетіндегі барша үдерістердің тамыршысы, ұлтының жоқшысы мен жаршысы.


6e995246961e151125b9cbc14db0f833.jpg


«Қазақ әдебиеті» газеті – оқырман қауым мен қаламгер арасындағы байланыстың алтын көріпі бола отырып, қоғамға ой тастап отыратын дәстүрлі басылым.

Біз газеттің туған күніне орай осыдан жиырма жыл бұрынғы жарияланған материалдың бірін ұсынып отырмыз. Белгілі ақын Темірхан Медетбекпен жасалған бұл сұхбат 1997 жылдың 4 ақпаны күні газеттің 5 санында жарық көрген екен.

Тарихын тереңнен тартатын, ал XX гасырда жеке шаңырағын көтергеніне бес жыл ғана толған Қазақстан мемлекетінің өркениет көшіне ілескенін көп айтамыз. Ал, бүгінгі таңдағы мәдениет көшіміз қандай? Осы кезең ішінде рухани-мәдени кеңістігімізде не болып жатыр? Мәдени-рухани кеңістігімізді барлап көру ниетімен бір топ қаламгер, өнер адамдары, ғалымдарға екі-үш сауал қойған едік. Алғашқы жауапты Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының екінші хатшысы, ақын Темірхан Медетбектен алдық. Танымал ақынның елгезектігіне алғысымызды білдіре отырып, төмендегі сауалдарды мәдениет жанашырлары мен қалың оқырман қауымға да арнағанды жөн көрдік.

1. Сіздіңізше, соңғы жылдарда рухани-мәдени кеңістігімізде өтіп жатқан процесстердің ерекшеліктері қандай (артықшылығы, кем тұстары, т.т.)?

2. Соңғы жылдарда рухани әлемімізде құбылыс болған немесе ерекше назар аударуды қажет ететін туындыларды (әдебиет пен өнердің барлық саласында) атай аласыз ба? Оқырман, көрермен назарын төл және әлемдік әдебиет пен өнердің тағы да қандай туындыларына аударар едіңіз?

3. Сөз болып отырған мәселеге орай өзіңізге өзіңіз тағы нендей сауал қояр едіңіз және оған жауабыңыз?

Иә, сонымен Сіз қазіргі мәдени-рухани кеңістігіміз туралы не ойлап жүрсіз?

Соңғы жылдардағы рухани-мәдени кеңістігімізде жүpіп жатқан процестердің ерекшеліктері қандай деген сұрақ бүгінгі процестерді бұрыңғы процесстермен салыстыруды талап етіп тұр.

Әлемді қорқыныш пен үрейге қамап, қаншама елдерді «ашса алақанында, жұмса жұдырығында» ұстап келген алып империя құлады. Ал алып құрылыс құлаган кезде, әдетте, оның астында керексіз, тозған, тіпті жиіркенішті дүниелермен бірге, соншалықты жаныңа ыстық, аяулы, қымбат дүниелер де қалып қояры сөзсіз. Империяның күйреп түскен тұсында да солай болғанын мойындауымыз керек.

Бұрын да айтып келген, қазір де айтар сөзім: мен М. Әуезовтің «Абай» мен «Абай жолы» дүниеге келген тұстан тоқсаныншы жылдарға дейінгі тұсты қазақ әдебиеті мен өнерінің алтын кезеңі деп білемін. Шынында да бұл кезең – аса ұлы әдеби шығармалар мен ірі өнер туындылары дүниеге келген кезең. Ол тұс – қазақ әдебиеті мен өнерінің социалистік реализм қалыбынан шығып әлемдік денгейге көтерілген тұс.

Ол тұста, әсіресе, қазақ әдебиеті социализмнің мызғымас бетондарының қарсылығын бүкіл табиғатымен сезіне тұрып жұмыс істеді. Талантты қазақ жазушылары астарлап айтатын, ишарамен жеткізетін көркем шеберліктің небір алғыр айла-тәсілдеріне өздерінің ілім-біліммен қаруланған батыл мінездерін қосып ол қарсылықты жеңе білді.

Сол жылдары негізінен, қазақ әдебиеті құлақ кесті құлдықтан құтылып, намысшыл, күрескер болмысқа ие болды. Ал намысшыл, күрескер әдебиеттің, әдетте, тез жетіліп, шұғыл қайраттанып кететіні сөзсіз. Сол жылдары солай болды да. Бір сәтке қазақ әдебиетінің ол кезеңін ойша шолып өтсеңіз, оған көзіңіз әбден жетеді. Сырт көз байқай бермейтін, іштей жағалас, үнсіз арпалыспен, яғни қарсылыққа қарсы жұмыс істеп үйренген қазақ әдебиеті социализм бетондары күйреп түскеннен кейін, бір сәтке болса да абдырап қалғаны рас.

Бүгінде бостандық алған сөзіміз бен өнеріміз жаңа өріске бет алды. Яғни соңғы жылдардағы рухани-мәдени кеңістігіміздегі процестер енді басталды. Ол процестердің артықшылығы мен кемшіліктерін айту, әзірше ертерек. Өйткені, жаңа айттым ғой, қазақ әдебиеті әйгілі социалистік өктем идеологиялық қарсылыққа қарсы жұмыс істеп үйренген деп. Енді бостандық алған кездегі Сөздің де өз проблемалары бар.

Әдетте, әдебиеттің табиғаты күрестен тұрады. Яғни, Сөз бостандық алғанымен оның күрескерлік табиғатын жоққа шығара алмайсыз. Шығардық па, ол әдебиет – әдебиет болмайды. Ал әдебиет күресетін майдан алаңдары қандай кезеңде де, қандай коғамда да болған, бола бермек. Менің ойымша, қазір, міне, әдебиетте сол жаңа майдан алаңдарына шығар кездегі дайындық процестері жүріп жатыр. Ақын, жазушылардың ойы мен сөзі бүгінде сол процестердің қазаныңда кайнап, көрігінде қорытылуда. Алла жазса, оның нәтижесін келесі ғасырдың басында-ақ көріп қаламыз!

Бірден айтайын, басқаларды қайдам, мен өз басым, соңғы жылдардағы әлемдік әдебиет пен өнердің туындылары туралы жарытып ештеңе айта алмаймын. Өйткені, бүгінде бұрын толассыз жұмыс істеп тұрған әдебиет пен өнердің ақпараттық кеңістігіндегі көздер жабылып, байланыстар үзілді. Қазір ол ақпараттық кеңістіктен түсетін мәлімөттөр әрі тым тапшы, әрі тым ала-құла. Жүйелілік жоқ. Сондықтан әлемдік әдебиет пен өнер туындылары туралы, әзірше, ауыз ашпай-ақ қойған абзал.

Соңғы жылдардағы рухани әлемімізде кұбылыс болған туындылар қатарына мен Жидебайдағы «Абай-Шәкерім» кесенесін, Алматыдағы Тәуелсіздік монументін, Сатыбалды Нарымбетовтің «Көзімнің қарасы» фильмін, Нұржамал Үсенбаева, Бекболат Тілеуханов, Шаһмардан Әбілов өнерлерін, жатқызар едім.

Ал әдебиетте соңғы жылдары дүниеге келген туындылары туралы сөзді, ретімен, кейінірек айтқым келіп тұр. Өйткені ол тақырып менен кеңірек, ауқамдырақ сөйлеуімді, арнайы тоқталуымды талап етеді.


Асылбек Байтанұлы

Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар