Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЕСТЕЛІК
Қуандық Шамахайұлын еске алу...

26.06.2021 6664

Қуандық Шамахайұлын еске алу 12+

Қуандық Шамахайұлын еске алу - adebiportal.kz

Белгілі журналист, жазушы, филолог ғалым Қуандық Шамахайұлының өмірден өткеніне бір жыл толуына байланысты, отбасына, туыс-туғандарына, қалың оқырмандарына марқұмның рухы шат болсын дей отырып, еске алу мақала жариялап отырмыз.

Қуандық Шамахайұлы! Қазақ тілді қоғамға бұл есім біршама таныс екендігіне күмән жоқ. Қаламы жүйрік журналист, қарымды қаламгер, қажырлы ғалым, шебер аудармашы, өнегелі ұстаз. Мұндай анықтауыштың әлі де біршамасын Қуандық аға тұлғасына қатысты айта беруге болатын шығар. Себебі, өзінің адами болмысымен, азаматтық тұлғасымен, өршіл мінезімен, терең білімі мен білігімен Қуандық Шамахайұлы солай атауға әбден лайық болатын. Қуандық Шамахайұлы есімі ақпараттық дәуірдің адамзат баласына сыйлаған икемді игіліктерінің бірі болушы ғаламторда, әсіресе фейсбук желісіндегі қазақша контент ортасында кеңінен танымал болатын. Себебі, Қуандық аға өзінің қайсарлық пен батылдыққа айнымас азаматтық ұстанымымен, дәйек пен тұжырымға құрылған ойлы да отты пікірлерімен ерекше болатын. Сол себепті де желідегі қалың көпшілік үшін мемлекет, ұлт тағдырына қатысты кез келген мәселеде Қуандық Шамахайұлының пікірі салмақты болатын. Сөзіміздің дәлелі ретінде Рауан Кемербай есімді азаматтың фейсбук желісінде жазған пікірін келтірелік: «Шынайы өмірде көрмесем де сырттан көріп, бақылап, не айтар екен деп құлақ түріп жүретін 10 адам болса, соның біреуі Қуандық Шамахай еді. Ол кісінің мінезі тік, ойын ашық айтады. Саяси ойындар ойнап, қитұрқы әрекеттер жасамайды. Жағымпаздыққа жаны қарсы. Әділдікті ту етіп, көзіңе тіке қарайтын. Ақты – ақ, қараны – қара деп айтудан жалықпады. Болмысы өзгеше, жаратылысы бөлек жан еді. «Шамахай» деген бренд қалыптастырып, бүкіл қазаққа өзін танытты. Кітап жазды. Дәріс оқып шәкірт тәрбиеледі. Телеарналарда өзекті мәселелер бойынша өткір сұхбаттар берді. Не істесе де қарға тамырлы қазақтың қамы еді. Халқына жақсы өмірді қалады. Бірақ, мына тар дүниеге сыймай, кең, мәңгілік өмірге ерте аттанып кетті. Қуандық ағамыз кеткенмен, ағамыздың жарқын бейнесі, сөзі өлмейді. «Тау алыстаған сайын биіктей беріп, тұлғалана түседі» демекші Қуандық Шамахайдың бұл өмірдегі істеген жақсылығы күннен күнге молаяды дегім келеді». Қуандық Шамахайұлының азаматтық белсенді тұлғасы жайлы осыдан артық жазу да мүмкін емес, шығар. Бұл пкір – Қуандық ағамен көзі тірісінде жүзбе-жүз сұхбаттасып, пікір алмасып жүрмесе де, сырттай танып-біліп, өз бағасын беріп, жүрегінде сый-құрмет орнықтырған мың-мыңдаған оқырманның ортақ ойы десек әбден болады.

Иә, «ағамыздың кеткенімен, жарқын бейнесі, сөзі өлмейді», бұл – зор сеніммен айтылған сөз. Қуандық Шамахайұлының соңында қалған мол рухани мұрасы мен азаматтық тұлғасы, өнегелі істері туралы алдағы кезеңде журналистика, кеңінен-молынан талқыланып, айтылады, жазылады дегенге сеніміміз зор. Әсіресе, Қуандық Шамахайұлы қаламынан туған, шынайы өмірдің шындығын арқау еткен әдеби туындылар жайында кеңінен тоқталу керек деп білеміз. Сондай-ақ қаламгер ғалымның әлемдік, отандық журналистикасының өзекті мәселелері туралы еңбектері де талай буын ұрпақтың игілігіне жарай берері сөзсіз. Жалпы, біздің қазақта: «Тектіден текті туар, тектілік тұқым қауар, тектілігі тектінің биіктен көрініп тұрар» деген сөз бар. Осы сөзді Қуандық Шамахайұлының атына, тегіне айтса болық жарасатын болар деп білеміз. Себебі, Қуандық ағаның өз жұрты да, нағашы жұрты да текті, қазақтың «қаракөк» дейтін тұқымнан. Осыған қатысты деректерді аз да болса бөлісе кетуді жөн көрдік.

Қуандық ағаның атасы - Дөңтай молла Қожамбетұлы. 1878 жылы қазіргі ҚХР-дың Шыңжан-Ұйғыр автономиялы ауданы, Алтай аймағында дүниеге келген. Дөңтай Қожамбетұлы – әйгілі Ақыт қажы Үлімжіұлының ізін басқан, жолын жалғастырған шәкірті. Алтай-Қобда қазақтарына танымал дін қайраткері, кітаби ақын. Шыңжан өңіріндегі ойпыл-тойпыл заманда үш мың түтінді бастап қазіргі Монғолия жеріне өтіп, сол елдің билігіне өтініш жасап қарамағына алуды сұрайды. Монғолия билігі мұны құп алып, сайлау жүргізгенде халық Дөңтай Қожамбетұлын өздерінің басшысы сайлайды. Міне, осылайша бір қауым қазақ жұрты шабынды-шапқыннан тынышталып, мамыражай күй кешуге мүмкіндік алады. Дөңтай Қожамбетұлы ел астанасы Ұланбатырға барып, соңынан ерген халқын жаңаша білім мен мәдениетке бейімдеуге күш-қайратын жұмсайды. Бірақ, амал қанша, сталиндік зұлматтың ұзын құрығы ол елге де жетіп «жапонның тыңшысы, халық жауы» дейтін негізсіз жаттанды жала жабылған Дөңтай әкім мен інісі Құдыс, тұңғыш ұлы Нүкейлер 1938 жылы ұсталып, 1939 жылы 4-наурызда ату жазасына бұйырылып, мал-мүлкі тәркіленеді. Соңынан ерген оншақты мың қазақтың біразы азғырынды, үркін-қорқынмен қайтадан Қытайға, тіпті кейбірі одан әрі Гималай асып, кейін Түркияға жетсе, біраз бөлігі Монғолияның қазіргі Баян-Өлгий аймағына қоныстандырылды. Дөңтай Қожамбетұлы есімі 1990 жылы ақталғанға дейін де оның мол әдеби мұрасы халық арасында айтылып жүрген. Кейбірі өзге адамдарға телініп те жүретін. Есте қалған, сандыққа сақталған жұқанасы 2001 жылы немересі Ұлықпан Хаманұлының жинақтауымен баспа бетін көрген болатын. Қуандық аға атасының еңбектерін, ол кісінің шығармаларына қатысты мақалалар мен пікірлерді жинақтап, болашақта толық еңбек жарияламақ болып жүргенін айтатын еді. Осыған орай «Дөңтай ақын дастандары туралы» мақаламызды жазып жолдаған едік.

Ақын, діни ұстаз, қоғам қайраткері Дөңтай Қожамбетұлының ұрпақтары да ата жолын лайықты жалғастырып келе жатқан білімді де салауатты жандар. Атап айтқанда немересі Тәжібахыт Хаманұлы (1944-2002) – заңгер ғалым, Монғолия мемлекеттік университеті мен ҚарМҰУ-да ұзақ жылдар оқытушылық қызмет атқарған. Мүлікті талан-тараждан қорғау мәселесінде еңбек жасап, ғылыми атақ қорғаған, осы тақырыпта 8 түрлі оқулық, 40-тай ғылыми тақырып, 10 шақты әдістемелік нұсқама, заңнамалық акт дайындауға қатысқан тәжірибелі заңгер.

Немересі Ұлықпан Хаманұлы (1945 ж.т) – биология ғылымдарының докторы, профессор. Монғолия мемлекеттік университетінде оқытушы, басшық қызмет атқарған. Қазіргі күні С.Торайғыров атындағы ПМУ-де профессор. Ғалым бұған дейін ғылымда белгіленбеген 12 түрлі жәндікті, 80-нен астам омыртқасыздарды тауып, жіктемесін жасап, ғылыми айналымға енгізген. 210-ға жуық ғылыми мақалалары мен 9 монография, 14 оқулық және оқу құралдары монғол, қазақ, орыс, ағылшын, неміс тілдерінде жарық көрген.

Шөбересі Айбек Ұлықпанұлы (1969 ж.т) – биология ғылымдарының докторы (Ph.D). Ғылыми зерттеу бағыты бойынша құмырсқаның 72 түріне жан-жақты ғылыми сипаттама жасаумен қатар, Монғолияда бар екені бұрын беймәлім болған 5 түрлі құмырсқаны жаңадан тауып, олардың биологиялық, экологиялық ерекшеліктерін анықтаған. 30-дан астам ғылыми жазбалары монғол, ағылшын, жапон тілдерінде жарық көрген.

Шөбересі Анар Ұлықпанқызы (1975 ж.т.) – медицина ғылымдарының докторы. 2015 жылдан бүгінге дейін Аустралияның Брисбен қаласындағы халықаралық Abt Associates Consulting компанияда Primary Health Network жобасының мониторинг, бағамдау жауаптанған маманы болып қызмет етуде.

Немересі Шамахайқызы Сайра (1977 ж.т.) - Философия ғылымының докторы (PhD). Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде қызмет істейді. 1 ұжымдық монографияның және 70 шақты ғылыми мақалалардың авторы. Ғылыми мақалалары қазақ, орыс, моңғол тілдерінде түрлі ғылыми журнал, конференция, форум, монография жинақтарында жарық көрген.

Білім-ғылым жолында да өзіндік із қалдырған Қуандық ағаның өз жұртының ғылым мен білім жолындағы жетістіктері осындай болса, «баланың жақсы болуы нағашыдан» дегендей, нағашы жұрты да үлгілі, өнегелі әулет.

Қуандық ағаның анасы Ғазизаның әкесі Себет те атышулы «халық жауы, жапонның тыңшысы» дейтін жаламен ұсталып, ату жазасына ұшыраған кісі. Себет Түндебайұлы – зәңгі шенімен ел билеген, халқына қадірлі адам болыпты. Себеттің сегіз ұлының бірі Шолтай – Монғолия қазақтарының тұңғыш заманауи білім ордасы, қазіргі М.Зайсанов атындағы мектептің алғашқы 25 оқушысының бірі. Және де Монғолиядағы қазақтар арасынан тұңғыш Еңбек сіңірген ұстаз атағына ие болған адам. «Шөкең ұстаз» атанған осы кісінің бастауымен 1934-жылы бөренеден қиып, жосамен бояп салынған мектеп ғимараты «Шолтай қызыл» деген атпен әлі тұр.

Мінеки, «тек», «тектілік» деген ұғымдардың бекер еместігі осыдан-ақ байқалмай ма? Бір ғана Дөңтай ақын ұрпақтарында ғана емес, қазақтың көптеген әулеттерінде осындай ұмтылыстар мен жетістіктер бары анық қой. Мұны біз сыпыра мақтау емес, «жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендік тұрғыда жазып, жариялап отырмыз. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дейді, қазақ. Қанмен келген шығармашылық әлеует, білім мен ғылымға құштарлық бүгіндері Дөңтай әулетінің кейінгі буын ұрпақтарында көрініс тауып жатқанынан хабардармыз. Ұзағынан сүйіндірсін, халқымыздың жақсы атын шығарып, әдебиет, білім, ғылымға, жалпы ұлт руханиятына қосар үлестері әлі де зор болғай дейміз.

Қазақтың мынау жалғанмен қапияда ерте қоштасқан бұлбұл үнді, терең толғамалы әншісі, замана жырауы Жәнібек Кәрменовтің «Өмір туралы толғауындағы»«Адам қонақ өмірге, Бір күні қолын бұлғайды...», - деп егілте шырқай отырып: «Орны қалар ойсырап, Бір күні көрге кіргенде», - деп опынта ойлантатыны бар еді ғой. Иә, мына өмірден өткенде орны ойсырап қалатын адамдар болады. Сондай адамдардың бірі – Қуандық Шамахайұлы еді. Мұның себебі неде екеніне жоғарыда келтірген Рауан Кемербайдың ой тұжырымы тұщымды жауап болады. Қуандық ағаның рухы шат болғай.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар