Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Қуаныш Ілияс. Көк өлең...

08.01.2019 5845

Қуаныш Ілияс. Көк өлең

Қуаныш Ілияс. Көк өлең - adebiportal.kz

Ақын Қуаныш Ілиястың өлеңдері - туған жерге деген перзенттік іңкәрлік пен қимас сағынышқа толы. Өлең өлкесіндегі ізденісіне, өзіндік өрім жолындағы талабына сәттілік тілей отырып, бірнеше өлеңін оқырман қауымға ұсынып отырмыз.

Көк өлең

Көкжайсаң, қалған дала көк түріктен,

Бір туғам табиғатпен, тектілікпен.

Құстардың махаббатын жыр етпеймін,

Жерде туып, қорықса көкке үріккен.

Көк сауыт, көк найзалы көк түрікпін,

Ұлысам, Айға қарап көке ұлыппын.

Қорғап қалған Далам бұл – баһадүрлер,

Ауыздығын алмастан көк күліктің.

«Көкті жұлма» деп анам ырымдап ед,

Сонан шығар, нуым да, туым да көк.

Көз жасымыз көл болып жосығанда,

Көк еді қайран бабам жылынған от.

Көк бөрілі Жәнібек зәузатымын,

Көк сірікпін, тозбайтын тау басының.

Көк дөненмен шабайын қолыма ұстап,

Көк аспанға дүрілдеп лаула туым!

Ақ жаңбыр көк аспаннан себелемей,

Көсегең күллі дүние көгереме ей?!

Көгімде қалықтаған қыранның да,

Көзі көк, қос қанаты керегедей!

Балаймын байтақ жерді асылыма,

Бақытым қағыры да, жасыды да.

Азаттықтың жылдарын теңемеймін,

Өзгенің жиырма сегіз ғасырына!

Көгерді жерім, елім, аспаным да,

Көк түрік тарихы тұр тастарымда.

Көк пенен жер – Алланың алауындай,

Көкбайрақ желбірейды аспанымда!

Көк бәрі, достарым да, қастарым да,

Көкбөрі асқақ рухым, дастаным да.

Қазағым аймағы көк, байрағы көк,

Көк қалпы жатары хақ тас қабырда!

Өскемен жыры

Қазақ елінің шығысы,

Қазақ жерінің тынысы.

Өзегі асыл Өскемен!

Бағызыдан қалған жақұтым,

Баянды болар бақытың,

Баталы сөз ғой өс деген!

Тасыңа қына өсіпті,

Табытқа талың өсіпті,

Не қалды енді өспеген?!

Ақбесік қара, ханға да,

Күршім де, Жарма, Қалбада,

Күйеу боп атам төс жеген!

Қонысын іздеп бабаның,

Сонысын іздеп даланың,

Сонау бір ғасыр көшкен ем.

Құлазып қалған аймаққа,

Қайрыла қашқан тайлаққа,

Еңіреп әжем хош деген.

Қияғы болып сұңқардың,

Талдырып белін тұлпардың,

Кешуім барма кешпеген?!

Аналарымның бұрымын,

Қара нарымның бұйдасын,

Қаныпезер аз ба кеспеген?!

Ұлыған қарлы дауылда,

Қобда мен Алтай, Сауырда,

Көкбөрі едім шеттеген.

Арқаның құба түнінде,

Алтайдың әжім жүзінде,

Көз жасым жатыр кеппеген!

Ертісте, Есіл, Жайықта,

Қайраңдап қалған қайықта,

Сүйеулі қалған ескек ем!

Айтамын саған сырымды,

Арнаймын саған жырымды,

Арманның нұры Өскемен!

Бағзыдан қалған жақұтым,

Баянды болар бақытың,

Баталы сөз ғой «Өс!», - деген!

Тасыңа қына өсіпті,

Табытқа талың өсіпті,

Не қалды енді өспеген?!

Мұхтардың маңдайы

Билетсе қараша үйді қыс ырғағы,

Қажытқан қатал аяз еысын тағы.

Анамнан маған ыстық көрініпті,

Бір сурет бесігімның тұсындағы.

Үстінде жұлдыз тұрман, қарагер түн,

Бергендей әлди жырмен маған еркін!

Анамның ақ сүтін де тал бесікте,

Ғажайып сол суретке қарап емдім!

Ар менен әппақ сүттен құралыппын,

Күлуді бесігімде жылап ұқтым.

Тәттіге, әлдиге емес, алдауға да,

Мұхтардың суретімен уаныппын!

Ғұмырым ақ қағаздай шимайланды,

Қалған мұң балалықтан қинайды әлі.

Есікке талпыныппын даланы аңсап,

Бесікке денем бір күн сыймай қалды!

Сол шақта анам құшқан « балам-ау» деп,

«Құлыным ойнақтауға жарады-ау», - деп!

Суретті төрде тұрған нұсқай берген,

«Еңбекте соған қарай, дала анау», - деп!

«Үйіме ұлылардан құт таратам,

Сен дағы соған қарап ұш балапан.

Көрдің бе Абай, Шоқан, Алтынсарин,

Ал, анау дала маңдай – Мұхтар атаң!»

Ана сөзі жайнатып санада гүл,

Маңдайға бір қараймын, далаға бір.

Жанарының алдында аңтарылдым,

Жанарынан таба алмай балама нұр!

Сыйып тұр біздің үйге дала қалай?

Сөзінде сыр жататын аналар-ай!

Төрдегі сол суретке жетсем дедім,

Айдынға асыққан бір шағаладай!

Жазира, дала – Мұхтар, Мұхтар – дала,

Басы – тау, аса алатын бұлттар ғана.

Ал, шашы Ақжайықтың дәу толқыны,

Ақ маңдай ұқсайды бір сұсты арнаға!

Талант туған мекен едің дара жұрт,

Бесігі – әлдидеген ел – ана қүт.

Маңдайда Алтай, Арқа, Сыр, Атырау,

Самайда шөкім-шөкім көкала бұлт!

Тербетті бесігімді ел өлең боп,

Ұлыны ұлы тауға теңеген көп.

Мұхтардың суретімен уанған жан,

Жұрттардың желкелеуін елеген жоқ!

Жылдар тұр арқа, аяғы сірі атандай,

Көшімді көп қиналдым шұбата алмай.

Үні болып иенде сары қурайдың,

Ұлы болып қалғым бар, ұлы атанбай!

Оқыдым ұлы Абайды арнайы көп,

Зарығы балалықтың қанбай үдеп.

Біреулер даңқын айтып далиғанда,

Мен мақтандым «Мұхтардың маңдайы» деп!!

Сары құм

Мәңгі жұмбақ ана Ертістің сарылын,

Тыңдай-тыңдай сарғайдың ба Сарықұм?!

Бауырыңда сексеуіл боп көктедім,

Бассам ба деп боз інгеннің зарығын!

Үнсіздікке үнсіз ғана тіл қатып,

Егілмеңді ессіз кештім түн қатып.

Сыбырыңмен сұлу өмір сыйлапсың,

Сабырыңмен кірпігімді құрғатып!

Боран сені жатады ылғи өсектеп,

Қағырыңда қайсар өстім шешектеп.

Шөлдеп шөккен нары болсаң ғасырдың?

Суарайын түзгеніңнен жетектеп!

О, Сарықұм Ертісті ішші, дерт ішпе,

Сағынам тек, сенім іште, серт іште.

Сары балықтар нар басыңа көктеген,

Мен жоғалтқан кекіл шығар Ертіске?!

Дарыса екен кеңдігің мен сабырың,

Тағдырыңда тарихыммен тағылым.

Менің бабам ұстап жатыр өлсе де,

Тораңғыңның терең кеткен тамырын!

Қуаныш Ілияс


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар