Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӨНЕР
Қуыршақ театры кезекті өнер бәйгесіне аттанбақ...

07.06.2023 1342

Қуыршақ театры кезекті өнер бәйгесіне аттанбақ 14+

Қуыршақ театры кезекті өнер бәйгесіне аттанбақ - adebiportal.kz

Театр - адам жанының тыныштығы, 

рухани демалыс мекені. 

Түрлі образдар арқылы көрермен 

жанына жылу сыйлайтын киелі орда.

Театр адам жүрегінің айнасы болса, фестиваль театр үшін кәсіби тәжірибе алаңы, жаңа деңгей сатысы, мүмкіндіктер сағаты. Осындай мүмкіндіктерді қалт жібермей Халықаралық және Республикалық додаларда бақ сынап, үздіктер қатарынан көрініп жүрген Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры, биылғы жылды да жеңісті нәтижемен бастады. 21-29 сәуір аралығында Қазақстан Республикасы Мәдениет және Спорт министрлігінің қолдауымен Республикалық мемлекеттік академиялық корей музыкалық комедия театрының ұйымдастыруымен VI Халықаралық “ОРТЕКЕ” қуыршақ театрлар фестивалі өткізілген болатын. Грузия, Түркия, Корея, Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстан елдерінің таңдаулы 12 қуыршақ театр ұжымы қатысқан бәйгеде өнер ордамыз, «Мен бір жұмбақ адаммын...Абай» (реж.А.Зайцев) қойылымымен қатысып «Ең үздік актерлік шеберлік» номинациясын жеңіп алған болатын.

Жыл басын сәтті бастаған театр ұжымы Атырау қаласына маусым айының 7-10 күндері аралығында Махамбет Өтемісұлы атындағы Атырау облыстық академиялық қазақ драма театрының ұйымдастыруымен өтетін Чапай Зұлқаш I Республикалық режиссерлер мен сценографтар фестиваль-форумына жолдама алды.

Қазақ театр өнерінің дара тұлғасы, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, киелі сахна төрінде түрлі образдар жасап қана қоймай, өзі де сол өнердің ішінде біте қайнасып артистік және режиссерлік қызмет атқарған айрықша дарын иесі – Чапай Зұлқаш атамыздың атын асқақтату, өлмес мұраның ізін жалғап естеліктерімен бөлісуді мақсат еткен бұл фестиваль-форум тұңғыш рет өткізілгелі отыр. 

Сан түрлі өнерді тоғыстырып, көркем бейнелерді қуыршақтар арқылы тірілтіп жүрген өнер ордамыз фестивальге әйгілі Еврипидтің «Медея» қойылымымен бақ сынайтын болады. Отаны мен жанұясын махаббат жолында құрбан етіп, басын қатерге тіккен кейіпкер өмірін баяндайтын бұл  қойылым, талантты режиссер, қазақ театр өнерінде өзіндік ерекше қолтаңбасы бар – Айдын Салбанның жетекшілігімен сахналанған. Қойылым суретшісі – Алтынай Жүсіпәлі. 

Аталмыш қойылым 9 маусым күні, сағат 11:00 де Атырау облыстық академиялық қазақ драма театрының сахнасында ұсынылатынын еске саламыз!

Театр әлеміндегі азулы таланттар мен кәсіби мықтылар өнер көрсететін театр бәйгесінде әріптестерімізге сәттілік тілейміз!

Жансая БАУЫРЖАНҚЫЗЫ


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар