Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӨНЕР
Қуыршақ театры халықаралық "Ортеке" фестиваліне жо...

25.04.2023 1544

Қуыршақ театры халықаралық "Ортеке" фестиваліне жолдама алды 14+

Қуыршақ театры халықаралық "Ортеке" фестиваліне жолдама алды - adebiportal.kz

Балдырғандардың өнермен танысатын алғашқы мәдениет ошағы, қазақ қуыршақ театрларының қара шаңырағы саналатын Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры елімізде өтетін әлемдік қуыршақ өнерінің таңдаулылары тарландары өнер көрсететін VI Халыкаралық "Ортеке" қуыршақ театрлар фестиваліне жолдама алды.

Кәсіби қуыршақ өнерін дамыту, дарынды артисттер мен режиссерлерді даралау, қуыршақ өнері актерлерінің кәсіби және орындаушылық шеберлік деңгейін арттыру сондай-ақ, отандық қуыршақ өнерінің әлемдік аренаға шығуына жағдай жасауды басты назарда ұстайтын аталмыш фестиваль биыл да өз мақсатынан танбақ емес. Түрлі елдердің қуыршақ өнерінің арасындағы мәдени көпірге айналған биылғы фестивальде Түркия, Грузия, Армения, Корей Респубикасының және отандық барша қуыршақ театрлары үздік туындыларын ұсынбақ.

87 жылдық тамыры терең тарихы мен тағылымы қатар ұштасқан Алматы Мемлекеттік театры  ұжымы қуыршақтар әлемі тек балдырғандарға ғана емес, жасөспірімдер мен ересектерге де арналған театр екендігін дәлелдеп келеді. Осы орайда театр ұжымы аталмыш фестивальге, театр ордасында қалыптасқан үрдістен ауытқыған жаңаша бағытта, заманауи форматтағы символикалық шешімдермен ерекшеленетін фантасмагория жанрындағы «Мен бір жұмбақ адаммын... Абай» қойылымын ұсынбақ. Қойылым режиссері - Антон Зайцев, суретшісі - Юлия Чернова, инсценировка – авторы - Елена Локшина, балетмейстері - Гүлжан Дәулетқұлова. 

Ұлы ойшыл философиясының терең астарын өзгеше қырынан ашып, ақын образын классикалық тұрғыда көрсететін әдеттегі қойылымдардан өзгерек бұл туынды, қазақ әдебиетінің классигі Абай Құнанбайұлының адамгершілік пен адами құндылықтарға негізделген ұлы мұрасы қара сөздері мен алғашқы шығармаларынан-ақ үлкен сурекерлік өнерпаздығын танытқан ірі қаламгер М.Әуезовтың "Абай жолы" романы желісі бойынша сахналанған. Қойылымда Абайдың дана тұлға ғана емес, сонымен қатар ұлы философ, ірі суреткер екендігі басым көрінеді. 

Шет елдік және отандық он үштен астам театр ұжымдары өнер көрсететін фестивальде Мемлекеттік қуыршақ театры тек бір қойылым көрсетілімімен ғана шектелмей, дарынды режиссер Антон Зайцевтің балаларға арналған - мейірімділік, бауырмалдық, жанашырлық, қайсарлық пен табандылық қасиеттерінің маңызын дәріптейтін көңілді де тәрбиелік мәні зор «Қаздар мен аққулар» және қазақ театр өнерінде өзіндік орны мен бағыты бөлек режиссер Дина Жұмабайдың шындық пен елес, амбиция мен күш, кінә мен өкініш сезімдерін бейнелейтін «Макбет. Иллюзия» қойылымдарын көпшілік назарына фестиваль бағдарламасынан тыс ұсынбақ. 

Фестиваль аясында көрсетілетін қойылымдар Республикалық мемлекеттік академиялық корей театры, Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры, Тотал театры сахналарында ұсынылатын болады. 

Тартысты бәйгеде өнер көрсететін театр ұжымдарына сәттілік тілейміз!

                                                                Жансая БАУЫРЖАНҚЫЗЫ


ҚУЫРШАҚ ТЕАТРЫ ҮЗДІКТЕР ҚАТАРЫНДА!

Өнер құбылыстарының ішіндегі ең нәтижелі де ұтымды саналатын театр фестивальдері аудиториясына түрлі талғамдағы өнерді шексіз сүйетін көрермендерді тоғыстыратын айтулы мереке. Дегенмен, әр көрермен бұндай іс-шараны өз бетінше қабылдап, өз талғамына сай қабылдап, қорытынды шығарады. 

Біреулер үшін театр фестивалі – көңіл көтеретін, өмірдің қиындықтарын шамалы уақытқа ысырып қойып, басқа әлемге еніп рахаттана демалатын эскейпизм мекені. Ал басқалар үшін бұл өнер құбылысы – шабыт беретін, толғандыратын, ой-өрісті кеңейтетін маңызды іс-шара. Адамдар фестивальге барып, қойылымдардан өздерін мазалаған сұрақтардың жауабын табады. Ерекше спектакльдер арқасында олар өмірдегі онсыз да білген нәрселерін жаңа қырынан меңгеріп, қоршаған ортаны ғана емес, өздерін де тереңірек тани түседі. Театр фестивалі аясында көрермендер жаңашыл форматтарға, көзқарастарға, ой-түйіндерге куә болады. Бір ғана емес, әралуан театрлардың қабілеттерін бағалап, жалпы саланың даму процессін анық көреді.

Алматы қаласында 10 – 16 сәуір аралығында өткен «Тотал фест» фестивалін біз дәл осылай сипаттай аламыз. Негізі, аталмыш фестивальдің толық атауы – «TOTAL FEST. Действующее лицо». Оны белгілі режиссер Антон Зайцевтің жетекшілігімен құрылған «Тотал театр» ұжымы кәсіби деңгейде ұйымдастырды. Аталмыш театр үшін бұл екінші мәрте ұйымдастырылған фестиваль болып табылады. Осыдан бір жыл бұрын, яғни 2022 жылдың сәуір айында «Тотал театр» ұжымы көрермендерге «TOTAL FEST. Неделя спектаклей о любви» атты фестиваль ұсынған болатын. Бірақ ол кезде фестиваль кішігірім форматта өткізіліп, тек қалалық театрлар өнер көрсеткен. Бұл жолғы фестиваль халықаралық деңгейге көтеріліп, шетелдік қойылымдарды да ұсына алды. Фестиваль аясында көрермендер «Тотал театр» ұжымының жеке қойылымдарымен бірге Санкт-Петербургтік «Особняк» театрының, тәуелсіз «Саф» театрының, Неміс театрының, Ғ.Мүсірепов театрының, қуыршақ театрының қойылымдарын тамашалай алды. Аталған әрбір өнер ордасы өздерінің репертуарындағы нақты бір адам психологиясын зерттеуге бағытталған ерекше қойылымын фестиваль аясында көрермен назарына ұсынды. 

Мемлекеттік қуыршақ театры аталмыш фестивальге қазақтың ұлы ақыны әрі ойшылы Абай Құнанбайұлының тұлға ретіндегі қоғамдағы рөлін зерттейтін «Мен бір жұмбақ адаммын...Абай» атты спектаклімен қатысты. Туынды 2019 жылы режиссер Антон Зайцевтің жетекшілігімен жарыққа шыққан. Оқиғасы Абай Құнанбайұлының қара сөздері, жазушы Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясы және ежелгі грек кейіпкері Икар туралы миф негізінде қалыптасқан. Спектакль ақынның өмірлік деректерін көрсетумен қатар, оның әлем әдебиеті мен философиясындағы рөлі турасында сыр шертеді. 

Қуыршақ театры аталмыш спектакльді «Тотал театрының» көрермендерге лық толған залында сәуірдің 13 жұлдызы ойнап, адамдарды философиялық тұңғиығымен, астарлы сахналарымен, режиссерлік шешімдерімен тамсандыра алды. Көрермен тарапынан қуыршақтардың жүргізілуіне қатысты, актерлердің ойынына байланысты, дыбыс пен жарықтың қолданылуы жөнінде пікірлер айтылып, оң бағалар берілді. Және де ең маңыздысы – аталмыш спектакльде негізгі рөлдердің бірін сомдаған дарынды артист Руслан Абу көрермендер дауысы нәтижесінде «Сүйікті актер» номинациясына ие болды. 

2023 жылдың фестивальдер шымылдығын ашып, дәл осындай жеңіске ие болған қуыршақ театры келешекте өзге де фестивальдер мен маңызды іс-шараларда өз өнерін көрсетуге дайын. Жуырда театр ұжымы VII Халықаралық «Ортеке» қуыршақ театрлары фестивалінде бақ сынайтынын еске саламыз. 

Дамир АМАНТАЙ


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар