Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ
Рақым Оразалиев. Абайсыз рухани жаңғыру мүмкін еме...

20.05.2019 5452

Рақым Оразалиев. Абайсыз рухани жаңғыру мүмкін емес

Рақым Оразалиев. Абайсыз рухани жаңғыру мүмкін емес - adebiportal.kz

Рухани жаңғыру науқандық жұмыс емес екені белгілі. Адам болмысының өзгеруі – бір ұрпақ ауысуын, бәлкім, одан да көп уақытты керек қылатын ұзақ эволюциялық құбылыс. Елбасымыз Н.Назарбаевтың 2018 жылғы қарашада жарияланған «Ұлы Даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласында «Осыдан бір жарым жыл бұрын менің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақалам жарыққа шықты. Жоғарыда аталған жобаларды «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы ретінде қарастырамын» деген сөзі де осыны білдіреді. Яғни, еліміздегі рухани жаңғыру мәселесі тоқырамай, керісінше жаңа қарқынмен әрі қарай іске аса беруі керек. Сонымен бірге, Елбасымыздың мақаласында Абай тәрізді ұлы тұлғалардың рухани мұрасын пайдалану мәселесі көтеріледі.

Өкінішке орай, Абайды тану, оның ұлы мұрағатын қоғамда пайдалану мәселесі бүгінгі күндері өз дәрежесінде емес. «Абай мұрасын зерттеу ісі дағдарыста» деген ойды абайтанушы ғалымдардан да жиі еститін болдық. Абай қазақ халқының рухани тірегінің бірі. Ендеше Абайсыз, оның мұрасынсыз еліміздің рухани жаңғыруы мүмкін бе? Әрине, мүмкін емес. Ендеше Елбасымыз нұсқауын орындап, ұлы ойшыл мұрасын игеруді неге дағдарысқа ұшыратпай, кеңінен зерттеп насихаттамаймыз? Бұл дағдарыстың себебі неде? Неге бұл мәселені ғалымдар талқыға салып, ойшыл мұрасын көпшілік игілігіне айналдыруға көңіл бөлмей отыр?

Бұлар әркімді де толғандыратын сұрақтар. Рухани жаңғыру заманында бұл сұрақтардың жауабын іздеу және абайтануды дұрыс жолға қою өзекті мәселе екені дау тудырмайды.

Рухани жаңғыру адамның жас шағынан, яғни мектеп қабырғасынан басталуы керек. Олай болса абайтану мектепте толық енгізіліп, жас ұрпақ Абай ілімі аясында тәрбиеленуі тиісті.

Мен өзім Абайдың ойшылдығын жоғары бағалап, оның терең сырлы сөздеріне үңіліп, ой жүйемнен өткізуге ұмтыламын. Сондықтан абайтану мәселсесіне көп назар аударып, барлық өзгеріс, жетістіктерді қадағалап жүремін.

Менің байқауымша, еліміз егеменді болып, саяси және рухани тұсаудан арылған соң абайтану кеңінен зерттеліп, оған деген жаңа көзқарас қалыптаса бастады. Көпшілік қауымға арналған еңбектер жазылып, Абайтану пәні мектепке де енгізілді.

ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі

Рақым Алмабекұлы Оразалиев

Тіпті 1998 жылы Досым Омаровтың «Абайтану курсы» атты арнайы оқу құралы да дайындалған. Бұл кітапты мен жақсы білуші едім. Себебі, Абай мұрасына терең үңіліп, жаңа көзқараспен зерделеген еңбек еді. Сол себептен оған ерекше тоқтала кетейін. Оқу құралы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Философия және саясаттану институты мен Алтынсарин атындағы ғылыми-зерттеу педагогикалық институты ғылыми кеңесінде талқыланып, бекітілген. Алматыда бір жыл бойы арнайы мектеп-интернатта тексерістен (апробациядан) өткен. Әуелі «Абайтану курсы» («Рауан», 1998 ж.) деп аталып, сонан соң өңделіп, түзетілген соң 2-басылымы «Абайтану: немесе ұлы ойшылдың рухани кемелдену туралы ілімі» («Мектеп», 2002 ж. 10-11 сыныптарға арналған оқу құралы. – Алматы:– 216 б.) болып аталды.

Өзінің атауы көрсетіп тұрғандай, бұл кітап – Абай мұрасы арқылы рухани жаңғыру мәселесіне арналған алғашқы шығарма. Бұл оқу құралының негізгі ерекшелігі – бұрынғы көзқарас бойынша Абайды тек қана ақын емес, енді оны жаңаша, ойшыл ретінде қабылдау болды. Мұндай көзқарас данышпанның хакімдігін танып, оның заңғар тұлғасын толық көруге мүмкіндік берді.

Мектеп мұғалімдері де оқу құралын үлкен ықыласпен қабылдап, Абай мұрасын ұрпақ санасына енгізуге кірісіп кетіп еді.

Оқу құралының авторына келетін болсақ, ол бұл кітапты жазуға үлкен дайындықпен келген екен. ҚР Ғылым академиясы философия институтында докторант болып, «Абайдың рухани мұрасы» атты докторлық диссертация жазып, қосымша теологиямен айналысып, Абайдың рухани мұрасын насихаттауға арналған оншақты кітап жазып, көптеген мақалалар жариялаған. Д. Омаров еңбектері бізде ғана емес, басқа елдерге де белгілі. Менің досым болған Қырғыздың заңғар жазушысы Шыңғыс Айтматовтың бір жолыққанда «Досым Омаров абайтануды жаңа рухани деңгейге көтерген екен» деген дуалы сөзі әлі есімде. Ұлы жазушы Досым Омаровтың еңбектерін осылай бағалаған еді.

Өкінішке орай, уақыт өте келе абайтануды мектепке енгізу ісі тоқырап қалды. Оның да себебі болды.

Кеңестік атеизм Ұлы Жаратушымен байланысқан данышпанның рухани мұрасын толығымен қабылдауға мүмкіндік бермеді. Шектеді. Абай тек қана «ұлы ақын» ретінде қабылданды. Бұл абайтанудың тоқырау кезеңі еді. Атеистік саяси қыспақ жойылған соң, енді Абай мұрасын өз дәрежесінде толық қабылдап, оның ұлылығын танитын жаңа заман туды. Абайдың 150 жылдық мерейтойына арналған салтанатты жиында бұл туралы көп айтылып, бір мәмлеге келгендей болып еді. Бірақ ескі көзқарастың ықпалы бұл маңызды сәтті дұрыс түсініп, бірден қабылдауға мүмкіндік бермеді. Нәтижесінде кейбір ғалымдар бұл жаңа тұрғыдан жазылған оқу құралына қарсы шабуыл ұйымдастырды. Олар авторға жөнсіз жала жауып, кемістіктер іздеді. Кітаптың маңыздылығын бағалап, ғылыми тұрғыдан талқылағанның орнына, оның ұсақ кемшіліктеріне көңіл бөлді.

Нәтижесінде «Абайтану» оқу құралы, өкінішке орай, мектеп бағдарламасынан алынып тасталды. Содан бері міне жиырма жылдай уақыт өтсе де, өз дәрежесінде жазылған жаңа оқулық бүгінде әлі жоқ. Ал мектеп бағдарламасында «Абайтану» тек қана қосымша сабақ (факультатив) ретінде берілген. Оқу құралы болмағандықтан, бұл сабақ тек қана қағаз жүзінде, не болмаса Абайдың кейбір өлеңдерің талдау деңгейінде ғана. Осылай абайтану сабағы бүгінгі күндері мектепте тоқырауда.

Ал Абайсыз қалай рухани жаңғырамыз?

Ұлы Даланың жеті қырын нәтижелі пайдалана отырып рухани жаңғыруымыз үшін бәрімізге де Абайдың рухани тағлымы өте қажет. «Абайтану» оқулығы мен мектеп бағдарламасынан шығып қалған «абайтану» пәнін қайта енгізу керек. Абай тұлғасынан ұлы ақынды ғана емес, енді ұлы ойшылды да көре білгеніміз жөн. Ол үшін Абайды ұлы гуманист, ағартушы ғана емес, енді оның хакімдігін танып, ұлы ойшыл ретінде қабылдауымыз керек. Яғни, оның рухани деңгейін ашып көрсетуіміз керек. Сонда ғана ұлы мұраның бүкіладамзаттық құндылығын көріп, Абайды өз дәрежесінде қабылдай аламыз.

Абайтануды қайта қолға алып, оған қамқорлық жасаудың тағы бір үлкен себебі бар. Келесі 2020 жылы Абайдың туғанына 175 жыл толады. Оның өткен 150 жылдық мерейтойы 1995 жылы ЮНЕСКО шешімімен әлемдік деңгейде өткені белгілі. Бүкіл ел болып маңызды шешімдер қабылданған. Ұлы ойшылдың келесі 25 жылдан кейінгі торқалы тойы да бұдан кем болмауға тиісті. Бұл ойды өзінің Семейдегі сапарында президентіміз Қ. Тоқаев та қолдады.

Енді қауырт дайындыққа кірісу керек. Уақыт тар. Екі мерейтой арасында қандай жетістіктер мен кемшіліктер болды? Өткенде қабылданған шешімдер қалай іске асты? Кемшіліктер болса, себебі неде? Оларды қалай жөнге келтіреміз? Алдағы уақытта қандай міндеттер бар? Міне осы тәрізді мәселелердің барлығы ақпарат құралдары, баспасөз бетінде кеңінен талқыланып, халық назарына ұсынылса дұрыс болар еді.

Рухани жаңғыру мәселесі осыны керек етіп отыр. Абай ілімін қолдану жолдары кеңінен зерттеліп, ойшыл мұрасының түпкі мәнін, кемел адам, хал ілімі, имани гүл, толық адам ілімі деген әлі де болса бұлыңғыр болып жүрген танымдар жүйесін зерттеп ашуымыз керек. Ал бұлардың барлығы да философиялық танымдар, сондықтан, сөз жоқ, оларды зерттеу филологтардың ғана емес, енді философтар мен теологтардың ісі болса керек. Осылай жан-жақты зерттелгенде ғана ойшыл мұрасы өз дәрежесінде ашылып, абайтану саласы жаңа деңгейге көтерілер еді деген ой келеді.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар