Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СЫН
Шукшиннің «Ойлар» әңгімесіндегі қазақ кейпі...

28.02.2017 4597

Шукшиннің «Ойлар» әңгімесіндегі қазақ кейпі

Шукшиннің «Ойлар» әңгімесіндегі қазақ кейпі - adebiportal.kz

Бір әңгіме – бір әлем


Біздің қоғамда «Қазаққа қарсы қастандық көп жасалынып жатыр», - деген пікір жиі айтылып жүр. Бірнеше ғасыр рухани соққы алған ұлт үшін бұндай фобиядан арыла алмау – заңды құбылыс.

Әсілі, қазір үлкен державалар бас пайдасын ысырып тастап, қазаққа қарсы шабуыл жасаудың амалын ойластырып отыр дегенге сенгің келмейді.

Осы күні бізге, бұрынғы тиран саясаткерлер мен ғасырды артқа тастаған саяси түсініктің құрбаны болған кезімізді, қазіргі индивидуалды мәдениетті талап ететін заманға таңа берудің қажеті жоқ. Бұл мизамда әр ұлт өзінің ішкі қуаты, сергек санасы арқылы ғана өзін әлемдік ұлыстардың белді бір бөлшегі ретінде мойындата алады. Тым құрығанда өзін өзгенің алдында қор санамайды. Осы бағытта әркім алуан-алуан қызмет атқарады, ауық-ауық ойдың тасқынына иек артады. Бірақ, сіресіп қалған құлдық санаға күшпен еніп, шындықты жабайы түрде емес, мәдениетті түрде жеткізе білетін қаламгердің шеберлігі қай заманда болмасын оқырманның сұранысын тудырады. Ондай туындылар адамды гуманистік бағытта тәрбиелеп, жанын жегідей жеген мұңын дөп басады. Жазушының ойы оқырманмен жіпсіз байланып, жіксіз жымдасқан кезде өміршең болады.  

Орыс жазушысы Василий Шукшиннің әңгімелерін оқыған сайын, қаламгер атаулының күрескер бейнесі көз алдыма елестей береді. Кеңес үкіметі тұсында өмір сүрген жазушы барлық шығармашылығында өзі өскен деревня адамдарының образын суреттеп, сол заманның шынайы бет-бейнесін жарқыратып көрсетеді. Қазірдің өзінде жанымызда Шукшиннің кейіпкерлері типтес адамдардың өріп жүргенін аңғару қиын емес. Бұның өзі сол замандағы мінезімізден әлі де болса айыға алмағанымызды көрсетеді.

2f8c9e556bddaec26b3d231c4dfe635d.jpg

Суретте Шукшиннің ауылы


Селодан шыққан талантты жазушыны бастапқыда қаланың «шенеунік қаламгерлері» менсінбеген болатын. Оны «Деревняның айналасында қалып қойған жазушы» - деп кекететін. Бірақ, Шукшин алған бағытынан тайған емес. Ол өмірінің соңына дейін құлдық сана, тоталитарлық жүйеге көндіккен, риясыз сенген адамдарды әшкереледі. Оның шындықты жеткізудегі шеберлігі соншалық, советтік қатаң цензураның өзін алдап соқты.  Сондықтан болар, биліктің қатыгез басқарушыларынан әбден езгі көріп, еңсесі түскен орыс халқы «қарабайыр жазатын» жазушыны көкке көтерді, әр әңгімесін іздеп жүріп оқыды. Жалпы, Шукшиннің шығармашылығына орыс халқы ғана емес, кеңес үкіметінің құрамында болған барлық елдер сүйсінді. Өйткені, оның шығармасында біздің де тағдырымыз суреттелген еді.

Жазушының «Ойлар» деген шағын әңгімесінің өзі үлкен шеберлікпен жазылған. Әрине, Шукшин дегенде, синонимдес аталатын атақты «Генерал Малафейкин», «Бөтендер», «Қайырусыз Алеша» деген шығармаларының шеберлігіне ешкім таласа қоймас. Бірақ, «Ойлар» атты әңгімесінің де бәсі жоғары. Оның үстіне бұл әңгіме сыншылардың қаламына көп ілінген жоқ.

Шағын ғана жазылған әңгіменің бір оқығанда қатардағы қарабайыр туындылардан айырмасы онша көп емес. Тілі жұтаң, әңгімеде алып тастаса да ештеңе өзгермейтін бірлі-жарым детальдар бар. Бірақ, құл қылған қоғамға сенген, иланған, тағдырын тапсырған селоның аңқау халқын көріп, жазушының суреткерлігіне қайран қаласың.  

Шығармада қарапайым селоның тұрғындары арасында болып жатқан күнделікті күйкі тірлікті жазушы әдемі суреттейді. Сол аралықта құлдық сананы әшкерелеп, кекесін арқылы саяси жүйенің іргесін сөгеді. Бұл әңгіменің басты кейіпкері колхоз председателі Матвей Рязанцев селода бірге тұратын адамдардың іс-әрекетіне, мінез-құлқына қарап түрлі ойларды басынан өткізеді. Бірдей тәртіппен жүретін село тұрғындарының ішінде Матвейге ғашық қызына түн ортасында гармонын дарылдатып келіп, көңіл білдіретін «салпыауыз» Колька қатты әсер етеді. Оның елден ерек, тәртіпсіз қылығы колхоз бастығына әртүрлі ой салады, тіпті соның әсерінен өмірдің мәні мен өлім жайлы ойлай бастайды.

Кольканы село тұрғындары жек көреді. Өйткені, ол түн ортасында гармоньмен музыка ойнап, адамдарға ұйқы бермейді. Ауылдастары сүйген қызы Нинка Кречетоваға: «Мынаған сен тезірек күйеуге шығып, көзін құрт, әйтпесе әбден мазамызды алып бітті», - деп шағым айтады. Қылықты қыз Нинька оған сылқ-сылқ күліп, «Ұйықтай берсеңіздерші», - деп жауап қатады. Халық Колькаға наразы болып, «Қойсаңшы енді» - десе, ол «Қақым бар. Заңда бұл жөнінде ешқандай бап жазылмаған», – дейді. Осы ойдың өзі шығарманың негізгі кілт сөзіне айналып тұр. Әр адамның бірдей емес екенін, әркімнің өзіне тән қақысы мен құқы бар екенін Кольканың ауызымен Шукшин сол кезде астарлап айтып отыр.

Карл Маркс айтпақшы, кеңес үкіметі «адамның бәрі бірдей» - деген қағиданы ұстанған болатын. Ол заңға ешкім өкпелемейді, село тұрғындары сол тәртіпке көндіккен. Жан тыныш. Жұмысыңды істеп келесің де, демаласың. Басқаны ойлап, бас қатырудың еш керегі жоқ. Сен үшін шешім шығарып жатқан үкімет бар. Тағдырың солардың қолында болады. Колхоз бастығы Матвей де осы тәртіпке үйреніп алған. Таптаурын түсінікке тегеурін танытып, өзіндік көзқарасын көрсетіп жүрген қыңыр Колька Матвейді қатты таңғалдырады. Бастапқыда Матвей Кольканың түннің ішінде гармонды дарылдатып жүргеніне наразы болады.

Осындағы колхоздың председателі Матвей Рязанцевтің үйі дәл Колька мүйістен айнала бере көшеге шығатын бұрышта. Мүйістен шықпай жатып дарылдаған гармонь дауысы сол үйді айналып өтеді де, содан көпке дейін естіледі де тұрады.

Гармонь дауысы мүйістен басталысымен-ақ Матвей төсектен басын көтеріп алып, екі аяғын төмен салбыратып жіберіп:

– Жетеді енді, ертең оны колхоздан шығарамыз. Сыныққа сылтау іздеп табамын да шығарамын, – дейтін.

Ол түн сайын осыны айта тұра, Кольканы колхоздан шығарған да жоқ. Тек күндіз онымен кездесе қалғанда:

– Сен осы түні бойы сайран салғанды қоясың ба, жоқ па? – деп сұрайды. – Күндізгі жұмыстан соң жұрт демалып жатса, сен зікір салып оларға маза бермейсің!

– Қақым бар, – дейді Колька баяғысынша.

– Көрсетемін мен саған қақыңды!

Бар болғаны сол. Осымен әңгіме де бітетін. Ал Матвей күн сайын төсегінің үстінде отырып алып:

– Ертең шығарамын, – деуден жазбайды.

Сонан соң төсек үстінде ұзақ отырып ойға кетеді... 

Осы аралықта Матвейге бала кезде басынан өткен қайғылы оқиғасы есіне түседі. Ол өзінің әкесі және інісі Кузьмамен бірге ауылдың сыртына шөп шабуға барып, інісі терлеп тұрып бұлақтан мұздай су ішкенін ойға алады. Содан Кузьма қатты ауырып, көз жұмады. Араға қырық жылдан астам уақыт өтіп, гармонның әсерінен Матвей осы оқиғаны есіне алып, ұзақ ойға шомады. Уақыт өте колхоз бастығы Кольканың сайранына үйреніп алады, тіпті кешкілікте гармонның дауысын күтіп отыратын болды. Себебі, содан кейін өзіне қатысты өмір жайында ұзақ мұңмен бетпе-бет қалатын еді. Осы тұста Шукшиннің талантты жазушы екені анық байқалады.

...Таң қаларлық бір нәрсе: жексұрын гармонь мұның есіне неліктен осы оқиғаны түсірді екен? Басқа да емес, сол бір түнді. Одан соң да талай дәурен өтті емес пе... Үйлену, ұжымдастыру, соғыс. Небір түндер келіп, небір түндер кетті де ғой! Бірақ оның бәрі де көнеріп, естен шығып қалған. Матвей өмір бойы қажетті істерден бас тартып көрген емес. Колхозға кіру керек деген еді кірді, үйленетін мезгіл жеткен еді үйленді, Алена екеуі балалы-шағалы болды, оларды тәрбиелеп өсірді... Соғыс басталған еді майданға аттанды. Жаралы болды да, басқа жігіттерден бұрын ауылға қайтып оралды. «Матвей, сен председатель бол. Басқа лайықты адам жоқ», - дескен еді. Төраға болды. Қадірінше бұл іске де төселе бастаған, басқалар да оған бауыр басып кетті, сол жүкті бұл күні бүгінге дейін арқалаумен келеді. Жұмыс деген өмір бойы оның есінен екі елі шыққан емес, жатса-тұрса ойлайтыны жұмыс. Соғыста да ойлағаны сол жұмыс болған. Оның өміріндегі қуаныш та, өкініш те сол жұмыспен байланысты болды. Кейде, мәселенки, айналасынан «махаббат» деген сөзді ести тұрса да, оның не екенін онша түсіне де қойған емес. Өмірде махаббат дегеннің бар екенін білді, өзі де кезінде Аленканы (қыз күнінде сұлу болатын) сүйген болар, бірақ бұл жөнінде бірдеңе білетін едім деп көрді ме екен жоқ. Басқалардың махаббат жайында он салғанын, күйіп-жанғанын көргенде, тіпті сол үшін атысып та қалады екен дегенді естігенде, олар осының бәрін былайша көз алдау үшін жасамай ма екен деп те күдіктенетін. Көз алдау болмаса, махаббатты сөз ету адамдардың бойындағы әдет сияқты бірдеңе шығар, сонан соң, махаббат жайын әңгімелей беретін болар деп те ойлайтын. Үйлену сайып келгенде бәрі де осыған тіреледі! Ал Колька сүю дегеннің не екенін біле ме екен? Әрине, ол Нинаға сүйкімді бойжеткенге көз тастайды. Үйленетін уақыт жетіп кернеп әкетіп бара жатса, ол ақымақ неме түн баласында тыным таппай сандалып, итше "үріп" жүргені. Жүрмеске лажы қайсы? Жас, тепсе темір үзгендей. Ежелден осылай болып келеді. Бір тәуірі, әйтеуір, бүгінде қызға таласып төбелесу жоқ, бұрын қырқысып жататын. Матвейдің өзі де сан рет төбелеске түскен-ді. Онда да осылай болатын қол қышып, күш кернеп бара жататын. Ол күшті бір жаққа жұмсау керек емес пе.

Өз еркіңе тыйым салынған қоғамды былай қойғанда, демократиялық жүйенің өзінде топтасып, ұжымдасып, шеңбердің ішінен әрі аспай өмір сүру заңы мықтап бекіп алған. Мәселен, жазушы айтып отырған «үйлену, ұжымдасу, соғыс» деген ұғымдар былай қарасаң бәріне ортақ тақырып, керек десеңіз ортақ мұңға жатады. Бірақ, әр адамның жекелеген тағдыры болады, соған сәйкес сол тағдырды ой елегінен өткізіп, есеп беретін кездері де болу керек қой. Адам сол арқылы өзінің рухани дүниесін байытады, іштей жанына тыныштық табады. Біздің саяси жүйе адамдардың материалдық жағдайын қаншалықты жасаса да, оның рухани құндылықтарына үкім жүргізе алмайды. Себебі, рух байлығы ұжымдасып жасалмайды, ол әр адамның өзінің ой-өрісінің жемісіне қарай өлшенеді. Кеңес үкіметі осы тұрғыдан адамдарды стандартты ойлауға бейімдеп, саналық тұрғыда ұсақтап алды. Біз бұл дерттен әлі айыға алмай келеміз. Жазушы осы образды әдемі беріп отыр.  

Бір жолы Матвей осылайша ойға шомып, төсек үстінде отырған шағында шыдай алмай әйелін түртіп қалып:

– Тыңдашы... Оянсаңшы, сенен бір нәрсе сұрағым келіп отыр, – деді...

– Не боп қалды? – деді Алена таңырқап.

– Сенде ертелі-кеш сүйіспеншілік деген болды ма? Маған болсын, басқаға болсын. Бәрібір.

Алена айран-асыр боп біраз жатты да:

– Сен өзің ішкеннен саумысың, – деді.

– Қайдағы ішкен!.. Сен мені сүйдің бе немесе былайша... әдет бойынша тидің бе? Мен шынымен сұрап отырмын.

Ерінің «жұтпағанына» Аленаның көзі жете тұра, тағы да біразға дейін үн-түнсіз жатты, бұл да білмейтін еді, ұмытса керек.

– Мұндай ой сенің басыңа неліктен келе қалды? – деді.

Матвей мен әйелінің арасындағы осы бір шағын әңгіме арқылы жазушы адамдардың жеке өмір сүрмейтінін, қалыпты дүниелерді қайталай беретініне наразылық көрсетеді. Ең бастысы, адамның өз еркі, өз ойы болу керектігін алға тартады. Тоталитарлық жүйе кезінде махаббат тақырыбына тыйым салынған жоқ. Ер мен әйелдің арасындағы сезімді айтып отырып, адамның бүкіл өмірлік ұстанымын әшкерелеп кеткен бұл деталь таңғалдырады. Шағын сюжетте әңгіменің негізгі өзегі тұр. Бұл әңгімеде басты ойды көрсетуге бағытталған үш-төрт сюжет бар. Қалғаны осы эпизодтарды қолдау үшін жанама жазылған. 

Селоның түнгі тыныштығын қашыратын Колька сүйген қызына үйленіп, жаны жай табады. Тынышталады. Ауыл тұрғындары түнгі ұйқыларын алаңсыз өткізеді. Бірақ, Матвейдің көңілі алабұртып, тәртіпсіз Колька тартатын гармонь үнін түнімен іздейді. Осы жерде әңгіменің тағы бір басты эпизоды гармонь дауысы естілмегеннен кейін, Матвей өзінің жекелеген мұңымен бетпе-бет келуді еркінен тыс тоқтатады. Ойына ештеңе түспей қояды. Керісінше күнделікті колхоздың ұсақ-түйек шаруаларын ойлап, уақыт өткізеді. Әңгіменің соңын автор «Түнгі өлі тыныштық» - деп аяқтайды. Онысы еті өліп, көнбіске айналған халықтың келбеті еді.



Бағлан Оразалы



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар