«Тұйық өмірдің құпиясы» қалай жазылды?

Бұл еңбек Бекежан Тілегеновтің «Сексен алтыншы жыл» романымен идеялас. Онда 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің алдында қоғамда, әсіресе билік басында қалыптасқан қысаң, шіріген саяси жағдай жан-жақты суреттеледі.

180

«Тұйық өмірдің құпиясы» қалай жазылды? - adebiportal.kz

Жазушы Бекежан Тілегеновтің (1934–1998) «Тұйық өмірдің құпиясы: айтылмай қалған шындық» (1992 жылы жарық көрген) шығармасы – кеңестік тоталитарлық жүйенің ішкі сырлары мен қазақ зиялыларының басынан өткен қиянаттарды ашық әшкерелеген деректерге негізделген роман-толғау (толғау-эссе).

Автор ұзақ жылдар бойы Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің мәдениет бөлімінде әдебиет секторының меңгерушісі, сондай-ақ «Жұлдыз» журналының бас редакторы қызметтерін атқарғандықтан, билік пен шығармашылық ортаның арасындағы барлық астыртын әрекеттерді өз көзімен көрді.

Роман-толғауда кеңестік идеологтар мен партия органдарының қазақ әдебиеті мен өнеріне жасаған қиянаттары, шығармашылық еркіндікті қалай тұншықтырғаны баяндалады.

Автор «тұйық өмір» деп сырттай мінсіз, әділ көрінгенімен, іштей бақталастыққа, бір-бірін аңду мен жала жабуға толы партиялық-номенклатуралық және цензуралық жүйені атайды.

Жазушы өз естеліктерінде ұлттық мүддені қорғаған қаламгерлердің қалай қудаланғанын нақты мысалдармен келтіреді. Мысалы, танымал жазушы Мұхтар Мағауиннің атақты «Алдаспан» жинағына байланысты кезінде қалай «панисламистік, ұлтшыл, кертартпа» деген айыптар тағылғанын және оның артында кімдер тұрғанын ашық жазып, тарихи ақиқаттың бетін ашады.

Бұл еңбек Бекежан Тілегеновтің «Сексен алтыншы жыл» романымен идеялас. Онда 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің алдында қоғамда, әсіресе билік басында қалыптасқан қысаң, шіріген саяси жағдай жан-жақты суреттеледі.

Бұл кітап – жай ғана көркем туынды емес, қазақ әдебиеті мен мәдениетінің ең күрделі кезеңін айна-қатесіз көрсеткен тарихи-мемуарлық құжат. Автор адамның ақыл-ойы мен жеке бас бостандығын ешқандай билік шектей алмайтынын дәлелдеуге тырысқан. Кітап тәуелсіздіктің елең-алаңында жарық көріп, қоғамда үлкен серпіліс тудырды.

«Әдебиет порталы» бұдан былай өз оқырмандары үшін кешегі дәуір әдеби өмірінің ұңғыл-шұңғылына бойлайтын осы кітаптан үзінділер жариялап отырмақ.

Кітаптың жазылу тарихы

Бұл кітаптың жазылу тарихы да қызық, өз алдына бөлек әңгіме. 

1989 жылы «Өмір-өзен» атты романымды бітіріп, қол босап, арқа кеңіп, азырақ дем алған соң осы романның бітпей қалған жалғасын әрі қарай таратып, кейіпкерлерінің болашақ тағдырларына қайта араласып, алдағы творчестволық ізденістердің азабына түсер сәттің қарсаңында қатты толғанып жүргенде, бір кездейсоқ оқиға қатты әсер етті. 

Наурыз айы болатын. Сайын Мұратбековпен көрші тұратынбыз, бір күні оның үйінде болдық. Кешке таман жолдасым Сафура екеуміз Сайынның үйіне келдік. Көңілді отырыста әртүрлі әңгіме бола береді ғой, әлден соң Сайын жұмыс бөлмесіне шақырды. «Қазір сағат сегізде Олжас теледидардан сөйлеймін деген еді, тыңдайықшы» деді. 

Теледидарды қостық. Жергілікті хабарлар аяқтала бере эфирге Олжас Сүлейменов шықты. Олжас әдеттегісінше әңгімесін жай бастап, соңын екпіндетіп, әр сөзін шегелегендей нықтап, нығыздап айтты. Біз кірпік қақпай, селт етпей, экранға қарап қалдық. Олжастың әңгімесі көңіл күйге қатты әсер етті, қатты толқытты. Бұл бір құлақ үйренбеген, оның аузынан бұрын-соңды естімеген, мүлдем тосын, бөтен әңгіме еді. Мұндай әңгімені ашық эфирде ашық айтылады деген тіпті ойда жоқ нәрсе. Біз де осы уақытқа дейін осы әңгімеге дайын емес едік. Олжас Семейдегі ядролық сынаудың зардабы, оны тоқтатудың қажет екені туралы ашына айтты. Талай жылдар бойы бәріміздің ойымызда, көкейімізде жүргенмен, бұл әңгімені бұлай бүкіл елге жария етпек түгіл, шағын топтың арасында сыбырлауға батылымыз жетпей жүрген жоқ па еді. 

Қатты бір дауыл тұрып, жай ұрып өткендей әсер етті. Әңгіме біткеннен кейін де есеңгіреген адамдай тырп етпей, селт етпей отырып қалдық. Сайынның ішкі жан дүниесі қандай күйде болғанын қайдам, менің көңілім аласапыран күйге түсіп, сапырылысқан шым-шытырық ойларды игере алмай, оған ілесе алмай, алабұртып, аласұрды. Сонау 50-ші жылдардың басында университетте оқып жүріп, жазғы демалысқа ауылға келгендегі көрген жайлар, естіген әңгімелер, сол кездегі ел басына түскен ауыртпашылық, мұқым бір ауыл жұртты дүрбелеңге салып, қабырғасын қайыстырған кезең – бәрі көз алдымнан бұлдырап өте шықты. Сол ұмыт болды-ау деген жайлар қайтадан сайрап, көңілге оралды. 

Толқып отырып, Сайынға «Өмір-өзен» деген романымның жалғасын жазайын деп жүргенімді, оның осы ядролық сынаумен бітетінін айттым. Сайын салған бойда бұл жоспарыма қарсы шықты. 

– Беке, жазатын болсаң, ядролық сынауды ұзаққа созбай, өз алдына бөлек жаз, тезірек жаз. Ол романға бұл тақырыпты қосып қайтесің, оны жазып біткенше уақыт та өтіп кетеді. Бұл тақырыпты сен жазбасаң, кім жазады, – деді алғашқы ойымнан айнытып. 

Сайынның осы сөзі аптығып, алып-ұшқан көңілімді су сепкендей басты. Мен де ойланып қалдым. Үйге барған соң да күдік ойдан арыла алмадым. Түнімен ұйқы көрмей Сайынның жаңағы сөзіне ой жүгіртем. Ақыры бір шешімге келген сияқтымын. Бірақ бұл шешімді де ешкімге тіс жарып айта қоймадым. Осындай толқыныспен бір жұма жүрдім. Ақыры үстелдің үстінде көптен бері жайына жатқан бір парақ ақ қағазға үңілдім. Жүрегіне келіп орындыққа отырдым. Ішімнен тәңіріме сыйынып алып, алғашқы жолдарды қағазға түсірдім. Қалам кібіртіктеп, әр жерінде сүрініп, зорға жүреді. Шіркін-ай, шығарманы бастаудан қиын азап жоқ екенін біле тұра, осы азапқа өз еркіңмен түсетін әдетіміз-ай. Қиналып жазған әр парақ, әр көрініс тас қамалды алғаннан бірде-бір кем емес. Екі-үш күннен кейін қалам көсіліп, жазу төселіп, кешегі көз алдымнан көмескіленіп, көлбеңдеп өткен көріністер енді бедерленіп, ұмыт бола бастаған жайлар, оқиғалар, адамдар сайрап алдымнан тағы да шыға келді. Шығарманың бүкіл жүйесі, бағдары, адамдардың тағдыры бәрі айқындалып тізіле берді. 

Тағы да Сайынға жолықтым. «Сенің сөзің ойға түрткі болып, көңіліме қонды. Жаңа роман жазуға кірістім» дедім. Сайын ядролық жарылыстан кейін қырылып қалған киіктердің фотосуретін көргенін суреттеп берді. Бұл да қатты әсер етті, кейін осы көріністер романға енді. 

«Қара жел» романы осылай туып, осылай жазылды. Өз басым қашан да ырымшылмын. Сондықтан романның қанша уақытта жазылып біткенін айтқым келмейді. Әйтеуір сол жылы бітірдім. Қолжазбаны дереу бастырып, баспаға да ұсындым, «Жұлдыз» журналына да тапсырдым. Журналдың келесі жылғы сандарында жарияланып, жарық көрді. Баспадағы жігіттер де оқып шығып, пікірлерін айтып өндіріске тапсырды. 

Романды жазуға соншалық көп уақыт кетпегенімен, қаншама қайрат-жігер жұмсалып, күш сарқылып, маңдай тер төгіліп, бар ынта, ой-пікір, толғаныс, толқу, бәрі де осы творчестволық еңбекке сарп етілді. Енді тағы да қол босап, творчестволық жүк азабынан құтылып, арқа кеңіп, ес жинағандай болған шақта тағы бір ой оралып, көңілді аулап, елеңдетіп, алаңдата берді. Тағы да бір көлемді дүниенің жүйесі, нобайы бедерленіп, кейіпкерлер тұлғасы бұлдырап, әр жерден белгі беріп, көңілімді мазалай түсті. 

Бұл толғаныстың да өз себебі бар еді. 1986 жылы желтоқсанда халық басына түскен ауыр күндер бірде-бір жанды енжар қалдырмаған шығар. Әртүрлі алып-қашты сөздер, жалтаң, жалтақ пікірлер де айтылды. Қара күйе де жағылып, қарғыс та айтылды. «Шаш ал десең, бас алған» кезең туды. Әсіресе партия, совет органдары қазақ халқының «жүгенсіздігін» әшкерелеуге келгенде алдына жан салмады. Менің қайран қалғаным, осы биік мекемелерде жұмыс істеп, ел басқарып жүрген қазақ жігіттерінің ләм деп аузын аша алмағаны, халқына араша түсуге батылы жетпегені еді. Ол органдардағы жандардың көпшілігі ұсақ мансаптың адамдары ғой, олар жылы орны үшін халқын да, елін де өртке тастап кете беруге дайын еді. Осындай науқанның нағыз алдыңғы шебінде белсенділік көрсеткен осылар болды. Ал сол алаңға шыққан жастарға араша түсем деп қызметінен айырылған бір-ақ адамды білем. Ол – жазушы Бейбіт Қойшыбаев еді. Ол кезде Бейбіт Қазақ ССР Жоғарғы Советінде жауапты қызметте болатын. Өз басы қаншама дауға түсіп қызметінен қуылып, партиядан шыға жаздап зорға қалды. Содан еш жерге бас сұға алмайтын қара билет алып шықты. Онда да Жазушылар одағының бастауыш партия ұйымына келіп жан сауғалады. Жоғарғы Советтің партия ұйымында ісі қаралғанда бірге жүрген қазақ жолдастарының біреуі араша түсе алмағанына қайран қаласың. Әркім өз басын сауғалап, өз амандығын ойлап, бұғып қалған. Осындай үлкен орындағы жандардың жігерсіз болып, тайғақтыққа дайын тұратынын түсіне алмай-ақ қойдым. Бұл да біздің қоғамның бойындағы заңдылық па деймін. Адалдық, достық, араша түсу төмендегі жай қарапайым адамдардың қолынан келгенмен, жоғарыда шала-шарпы қызметке қолы жеткендер мұндай қасиеттен жұрдай болуының да өз себебі, өз заңдылығы бар сияқты. Осы заңдылықтарды түсінгім келіп, ойға қалдым. Сұрақ көп.

Оған жауап табу да оңай емес. Неге Камалиденов сияқты идеологиялық жетекшілеріміз отырған орны үшін халқының намысына, арына тиетін істерге барды? Өміріміздің, тұрмысымыздың барлық саласын ол неге процентке бөлді? Өзін тәрбиелеп өсірген осындай орынға жеткізген халқын, елін бір күндік мансап үшін неге құрбан етті? Әдебиетті, өнерді, мәдениетті білмесе де творчестволық адамдарға неге ақылшы болды? Қарапайым мұнай инженері, әрі кетсе көптеген мұнай бірлестіктерінің бірінде ортанқол бастық болудан аса алмайтын өресі тар, білгірлігі де таяз осындай адамның республика идеологиясына жетекші болып, ел басқаруға талпынғанын қалай түсінеміз? Өз деңгейін, өз мөлшерін шамаламай, осы кезде тұғыры шайқалған республика жетекшісінің орнынан дәмеленуін қалай түсінуге болады? Желтоқсан жағдайымен байланысты қаншама жастарды ұстатып, қаншасын жазықсыз қаматып, соттатқанын мақтаныш еткенін қалай түсінерсің? Орнынан түскенше Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов сияқты халқымыздың ұлы перзенттерінің ақталуына қарсы болып, бөгеп келді. Мұны не деп түсіндіруге болады? Балалар бақшасымен жауласқан адамнан не сұрайсың? Осындай адам тағдырдың тәлкегімен республиканы басқару биігіне шықса, жағдайымыз не болар еді? Бүгінгі қол жеткен жақсылықтардың, жетістіктің бәрінен жұрдай болмас па едік. Ел жұтап, жұрт қасірет шекпесіне кім кепіл. Республикамыз егемендікке ие болмақ түгіл, ана тілімізден айырылып, атағымызды жоғалтып алмас па едік. 

Ал, мәдениет, өнер, әдебиет қайраткерлерінің сол кездегі жалтақтығын түсіну де қиынға соғады. Сол кездегі біздің жағдайымыздан қиын болмаса, оңай емес қазіргі ауыр кезеңде, Прибалтика, Кавказ, Украина, Россияда өнер мен әдебиет қайраткерлері қашанда қайнаған халық тобының ортасында, алғы шегінде бірге болып, бар ауыртпашылықты бірге көтеріскен жоқ па. Ал біздің жазушыларымыз, ғалымдарымыз, өнер иелері үйді-үйінде жасырынып, бұғып қалды. Айдаладан айнала қашып, аулақ жүрді. Орталық Комитет зорлағандай қылып алаңға алып барған бес-алты жазушы, артистер де биік мінбеден жалаң ұран тастап, жалпақ ақыл айтудан аса алған жоқ. Халық, ел өз бетімен, өз қайғысымен оңаша, жайына қалды. Камал Смайылов бастаған Орталық Комитет Жазушылар Одағында күнде жиналыс ашып, алаңға шыққан жастарды жазғыруға, әшкерелеуге, айыптауға шақырды. Мәдениеттің қаймағы деген қалың топ Камалдың халықтың осы бір «жүгенсіздігін», «ұлтшылдығын» әшкерелеп маскүнем, наша тартқан азғын жастардың жауыздығын айыптауға шақырған ұранына ерді, құлақ түрді. Ең аяныштысы, көпшілік Камалды қолдап, соның сөзін сөйлеген болды. Осы жиналыстарда Камалдың жетегіне ермей, жылап-сықтап, көз жасын көл қылып, жаны ашынып сөйлеген екі-ақ адамды көрдім. Оның біреуі – әнші Роза Бағланова, екіншісі – артист Досхан Жолжақсынов еді. Екеуі де алаңда болғанын жасырмай, балалардың қырғын соққыға ұшырағанын өз көздерімен көргендерін айтты. Жұрт тек алаңға барғаны үшін есепке алынып, саяси сенімсіздер тізіміне ілініп жатқанда екеуі тайсалмай көкейіндегі ойларын айтты. Онысы үлкен идеологтарымызға жақпай да қалды. Басқа не бір жазушы, не ғалым, не атағы жер жарған өнер қайраткерлері батылы жетіп, топ жарып шыға алмады. Күні үшін, Колбинге жағынып, жақсы атақ алу үшін халқына да, еліне қара жаққан мұндай белсенділерге «қой» деп қарсы болған біреу болмады. Ең өкініштісі де осы еді. Осы жолы осындай желөкпелердің заманы туып, нақақтан төгілген қанның құнымен мансапқа ие болып, орнын сақтап қалатын жандардың кезегі келетін еді. Олар кейін бұл ниеттерінен дереу айнып шығып, осы оқиғаны керісінше әшкерелеуге де араласқан жоқ па. 

Енді жастар тобын алаңға апарған астыртын әрекеттерді, жауды іздей бастадық. Іздеген нәрсе табылмаушы еді, ақыры жабылып жүріп таптық та. Олар жат элементтер – ұлтшылдар, наша тартқан бұзақылар, өз қамын ойлап, өз орнын сақтап қалғысы келген кейбір мансапқорлар боп шықты. Осылардың айтағына ерген қандай осал жастар деп ойлайсың. 

Осы орайда бір ой келді. Біз жасанды жау, көзге көрінбейтін құбыжық іздегенше, өзіміздің талай жылдар бойы догмалық шеңберден шыға алмаған идеологиядан, соған жетекші болған шала интеллекті жетекшілерден, жалпы осы саладағы солардың белсенділік әрекетінен, ойда жоқта көтерілген қызмет биігінен құлап қалмауды ойлап, сіресіп, қатып қалған тоңмойындығынан, сол қалыптан шыға қалса, күні таусылатындай жан сауғалаған іс-әрекетінен неге іздемейміз. Жаңағы өзіміз ойлап тауып, көңілімізді жұбатқан, бірақ көзге көрінбейтін жаулардың қатарына осылардың да іс-әрекетін неге қосуға болмайды. Осылардың сыңаржақ саясаты, идеологиясы, жалпы, «қазақ» атаулыға қас, қарсы болуы, сөйтіп қазақ ісін жоюға әрекет етуі – себеп болмады ма екен. Бұлардың да айыбы сол жастардың қылмысынан ауыр болмаса, кем еді деп айта аламыз ба. Сол жастарды алаңға жалғыз тастап, тағдырын тәлкекке салып, жаны ашымаған мәдениет пен өнер, ғылым мен әдебиет қайраткерлерін кінәлі емес еді деп айта алар ма екенбіз. 

Көп толғаныстан кейін, сол алаңдағы трагедияға осы екі топтың да – идеология жетекшілері мен мәдениет қайраткерлерінің де қатысы бар деген ойға келдім. Романның мақсаты, кейіпкерлері, идеясы, тақырыбы, сюжеті, композициясы – бәрі де айқындалып шыға келді. Шығарма көлемді болатын түрі бар. Оған менің материалдарым да, өмірлік тәжірибем де жетеді екен. Біраз жыл бойы екі салада жұмыс істедім, бәрін де өз көзіммен көрдім, талай істердің куәсі болдым. Біраз жолдастарға осы ойымды білдіріп, бұрынғы партия ұйымдарында, творчестволық мекемелерде жұмыс істеген кездегі көрген-білгенімді, тоқыған ой-пікірлерімді, куә болған жайларды айтып көріп едім, көпшілігі құптай кетті. Осы ойдың төңірегінде роман жазбақ ниетімді де білдірдім. Достарым да мұны теріс көрмеді, бірақ осы материалдардың біразы романға енгенмен, көпшілігі пайдаланылмай қалуы да мүмкін ғой деген ескертпе айтты. Өмірлік материалдардың кейбір фактілері романға арқау бола алмайды екен. Ал керісінше романда айтылатын жайлар документті дүниеге жарамайтын сияқты. Алдымен осы документті дүниеден бастасаң қайтеді деген ақыл айтты. Бұл да жөн екен-ау деп топшыладым. 

Ойланып, толғана келіп, мен де осы пікірге ойыстым. Екі романның арасында азырақ дем алып, бой суытып алмақ ниетке тоқтадым. «Дауыс» атты шағын повесть жазып бітірдім де осы кітапқа кірістім. Кітаптың негізгі тақырыбы: әдебиетке партиялық басшылық жасау, сол басшылықты жүзеге асыратын идеология саласының жетекшілері, олардың іс-әрекеті, әдебиет пен өнерді түсінуі, оған деген көзқарасы; партия органдары мен творчестволық ұйымдардың (оның ішінде өзім жақсы білетін әдебиет саласы) өзара байланысы, қарым-қатынасы, партиялық басшылықтың жүзеге асуы. 

Көп толғаныстан кейін бұл тақырыпқа баруымның себебі де бар. Біраз жыл бойы Алматы қалалық партия комитетінде, Қазақстан КП Орталық Комитетінің мәдениет бөлімінде, Қазақстан Жазушылар одағында жұмыс істедім. Сондағы көрген-білгенім, алған әсерім, ойларым осы кітапқа енді. Талай жылдар осы салада еңбек еткен соң, қазақ әдебиетінің белді өкілдерімен, белгілі ақын-жазушыларымен бірге жұмыс істедім, бірге ел аралап, ұзақ әңгімелесіп, пікір таластырған да кезіміз болды. Мысалы, Ғ. Мүсіреповпен, Ғ. Мұстафинмен туған ауылдарында болып, талай күн ел аралап, талай қызық та тартымды әңгімелерін тыңдап, талай қылықтарының, ұлы жазушыға тән қасиеттерінің куәсі де болдым. Арамызда қанша жас айырмашылық болса да, Есенберлинмен бірде ренжісіп, бірде татуласып, қанша жыл жолдас болдық. Бұл да бір өз алдына жатқан ұзақ әңгіме. Бірақ мен мұның ешқайсысын әңгімеге арқау етпеймін. Мен әлі естелік жазатын жасқа жеткен жоқпын. Уақыт өтер, денсаулық болып, қуат берсе, мұның бәрі жазыла жатар. Менің мақсатым басқа. Мен тек ресми жайларға, Қазақстан Жазушылар одағының партия ұйымдарымен байланысына ғана тоқталмақпын. Үзілді-кесілді ақтық пікір айтайын деген ниеттен де аулақпын. Куә болған жайларды, оқиғаларды сол көрген күйінде өз түсінігім бойынша баяндап шықпақпын. Сол жайларға өз пікірімді, өз қатысымды білдірмекпін. Әрине, әртүрлі жайға, оқиғаға әркімнің өз пікірі, өз түсінігі, көзқарасы болуы мүмкін. Сондықтан менің пікіріммен келіспеушілердің болуы да ғажап емес. Бір оқиғаға қашанда ортақ пікір, ортақ көзқарас болуы мүмкін емес. Бірақ шамам келгенше болған жайларды байыптауға тырысамын. Бұл жазбаларымды «естелік» деп атауға дәтім бармайды. Бұл естелік емес, өткен күн, өткен жолға көз салғандағы кейбір өкініш, күрсініс сияқты. 

Белді бекем буып, нар тәуекелге салып, ойымды қағазға түсіруге кірістім. Осындайда сынайтын шабыт-құдірет адастырмай алып шығар деген ойдамын. 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan