«Жалпы, өлең-жырды, талантты бағалай білуге жетерлік талғамыңның болғаны бір бақыт қой. Бүгін осы тұрғыдан алғанда бақытты адамдарды көрдім. Қай жерде дейсіздер ғой? Бауыржан Игіліктің "Тағдыр көзі" атты жыр кешінде. Басшыларының айтуымен келген бюджеттік сала қызметкерлері немесе оқытушыларының қадағалауымен келген студенттер емес дарынды тани білген қауым болды. Бақытты адамдар көбейе берсін!!!»
Желтоқсан айының 3-і күні Абай атындағы кітапханада өткен, талғамы биік, өрелі оқырманды тәнті еткен кеште көкейге түйгенімді, жүректен шыққан лебізімді әлеуметтік желідегі парақшамда осылай жеткізген едім. Залдағы жұрттың оқылған өлең, айтылған әннің барлығын ынта-шынтасымен бастан-аяқ тапжылмай отырып тыңдауы бұл сөзіме дәлел.
Кеш барысында көрермендер назарына Бауыржан Игіліктің әдебиет әлеміне енді қадам басқан шақта жазылған жырларынан бастап кейінгі жылдары туған шұрайлы шығармалары ұсынылды. Арасында махаббат тақырыбына арналған, перзенттің анасына деген сүйіспеншілігін арқау еткен туындылары, тыңдаған жанның жүрегін елжіретіп қана қоймай ойына қозғау салатын өлеңдері бар. Жас ақындар мен актерлердің орындауындағы әдеби монтаждан басталған кештің орта тұсында ақынның өзі шығып, оқырмандармен сұхбат құра отырып жырларын оқыды. Залға жиналған қауымды ерекше әсерге бөлеген туындылардың бірі «Сені сағынғандықтан...» атты өлеңінен үзінді келтірейін:
Шіркеудегі Айса құсап жылаймын
Сені сағынғандықтан...
Тибеттегі тас боп қатқан "құдаймын"
Сені сағынғандықтан...
Сөзімді жалғастырмас бұрын, Бауыржанның өлеңдеріне жазылған әндердің барын естеріңізге сала кеткенім жөн. Кеш барысында ақынның өзі «Үйренейік тіріні құрметтеуді», «Тағдырдың таппайды екен кілтін адам...» атты әндерді орындады.
Кеш соңында қаламыздағы халықтық ақындар орталығының жетекшісі Дәметкен Омарбаева өзінің лебізін білдіріп, Бауыржанға шығармашылық табыс тіледі. Қазақстан жазушылар одағының Семей қалалық филиалының төрағасы Мерей Қарт:
- Бүгінгі жиын Бауыржанның сан қырлы талантын, поэзиясының тереңдігін танытқан тамаша шара болды,-дей келе кеш иесіне алдағы уақытта белестерді бағындыра беруіне тілектестігін жеткізді.
Абай атындағы облыстық кітапхана директорының орынбасары Гүлмира Тоқтарханқызы да:
- Біз Бауыржан сияқты дарынды ақынның замандасы болғанымызды, онымен бір ұжымда еңбек етіп жүргенімізді мақтан етеміз,- деп ықыласын білдірді.
Сөзімді түйіндей келе, «Тағдыр көзі» атты кештің Бауыржан Игіліктің суреткерлік шеберлігін таныту үшін ғана емес жан-жүрегінің кеңдігі мен көркемдігін паш етуді көздегені сезіліп тұрғанын атап өткенім дұрыс болар. Арнайы қойылымдар жасап өлеңдерді шебер оқи білген жас ақындар мен «Дариға-ай» жастар театрының актерлерінің өнерінің арқасында бұл мақсат орындалды деп айтуға болады.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.