Әлемге аты мәшһүр қаламгерлер танымалдыққа, атақ пен даңққа бір күнде жете салған жоқ. Осы жолда олар қаншама қиындықтарды бастан кешірді. Сіз қаламгерлердің әдебиет үшін жасаған құрбандықтарын білесіз бе?
Жалпы, жазушылар әдебиетпен айналысуы үшін қандай құрбандықтарға барады деп ойлайсыз? Әрине, жас таланттың әдебиеттегі өзінің лайықты орнын табуы үшін талай уақытты, қажыр-қайратты, оқумен өткен түндерді өткізетіні анық. Қазіргі технократтық қоғамдағы жаппай пропаганданың әсері біреулердің ақын болып танылуына мейілінше тез қызмет етіп жатыр. Әдеби орта мойындасын, мойындамасын қоғамдағы әр сәтті өлеңге арқау қылып, экспромт дүниелермен «көпшіліктің көңілінен шығып жүргеніне риза!» болған ақындар баршылық. Олардың уәжі: «Халыққа өлеңім қажет!» Ал бұрын қалай болды? Өз шығармашылығын жариялау үшін баспаның табалдырығын тоздырды. Аға буынның арқадан қаққан пікірі әдебиет айдынына солармен қатар жүзуіне себепші болып жатты. Жолы болғандар сирек. Сондықтан да қаламгерлер жазушылық шеберлігін шыңдау үшін әртүрлі құрбандықтарға барды. Кейбірі, жазумен айналысу үшін жұмысынан кетті. Кейбірі, бүркеншік атпен жариялады, шығармаларын. Тіпті, өз шығармасының авторлығын жұбайларына да беретіндерді осы тақырыпты қаузаған кезде көзіміз жетті.
Ендеше, танымал болғанға дейін түрлі қиындықтарды басынан кешірген авторлар жайлы деректерді сіздерге ұсынсақ.
Фридрих Шиллер пьеса жазу үшін
қараусыз қалған үйде түнеген
Шиллер лақап есіммен бір жарым жылдай уақыт үкімет басшыларынан жасырынған екен. Бір қызығы қаламгер шіркеуде қызмет ететін әулие әкей болуды армандаған екен. Бірақ, оның маңдайына жазылғаны – әскери академияның медицина факультетінде оқу болып шығады. Содан да шығар, оқуға аса қызықпаған Шиллер поэзияға ден қояды. Тіпті, өзін сынамақ болып бірнеше драмалық шығармалар да жазуға бекиді. Нәтижесінде «Қарақшылар» атты алғашқы драмасын өмірге әкеледі. Бірақ ешқандай баспа оны басып шығаруға келісім бермеген соң, Фридрих Шиллер өз қаражатына алғашқы шығармасын басып шығаруға тура келеді. Арада көп уақыт өтпей Мангейм театрының директорымен танысады ол пьесаны сахналауға келісімін береді. Бұл пьеса сәтті шығады.
Ол кезде Шиллер әскери академияны тәмамдап жасақ дәрігері қызметінде еді. Басшылық Мангеймге пьесаның қойылымына баруға қарсылық білдіргеніне қарамастан, Шиллер өз еркімен кетіп қалады. Есесіне, медициналық шығармалардан басқа тақырыпта жазуға тыйым салынып, 14 күнге гауптвахтаға түскен екен.
Тіпті, кезінде жас талант Штутгарттан Мангеймге, кейін ол жақтан жақын маңдағы Огерсиейм қыстағына қашып кеткен. Сол қыстақтағы аңшылық үйде «Зұлымдық және махаббат» атты пьесасының жазып бастаған деген ақпарат та бар. Әрине, мұндай тәуекелге бармаса тәуір дүниелер өмірге келмес те еді.
Белгілі қаламгер қаржыдан қиналған кезде Бауербахтағы танысының бос жатқан үйіне келіп жоғарыдағы пьесасын аяқтайды. Сондай-ақ, «Дон Карлос» тарихи драмасын жобалап қояды. Ол шығармаларын Риттер дәрігер деген лақап атпен жариялаған екен. Ол өз шығармашылығын жолға қою үшін басшылықтан бір жарым ай бойы жасырынып жүрген екен. Оны іздестіруді тоқтатқаннан кейін ғана Мангеймге оралды.
Федор Достоевский жазу үшін жұмыстан кетті
Әкесінің айтуымен инженерлік училищиге түсу үшін Мәскеуден Санкт-Петербургке көшкен кезде Достоевский 15 жаста ғана еді. Математика пәнінен емтиханға дайындалудың орнына ол «поэзия мен ақындықты» армандаған.
Болашақ қаламгер дәстүрлі оқулықтарды оқудың орнына Гомердің, Корнельдің, Росиннің, Бальзактің, Гюгоның, Гетенің, Шиллердің, Шекспирдің, Байронның, Пушкиннің, Лермонтовтың, Гогольдің шығармаларын оқыды. Достоевский әдебиет үйірмесін ұйымдастырып, училищеде шығарылатын газеттің бас редакторы болады. Алғашқы тәжірибесі сол уақытта басталған болатын. Достоевский түні бойы жұмыс жасайтын еді.
Училищені бітірген жас маманды Петербургтегі инжинерлік топтың инженері етіп тағайындайды. Сол уақытта ол Бальзактың «Евгения Гранде» шығармасын орыс тіліне аударған еді. Сонымен қатар, өзінің алғашқы «Бедные люди» атты романын да жазады. Бұл роман баспа бетінде жарияланғанға дейін Достоевскийді әдебиет ортаға танымал етті. Өзін әдебиетке арнауға бекінген Достоевский жұмыстан шығу туралы шешім қабылдап, қызметтен кетеді.
5 жылдан соң «Белинскийдің дін және үкімет туралы қылмыстық хатының таралуы» жөнінде хабарламағаны үшін каторгаға түскеннен кейін де жазуды тоқтатпады. Лазаретте құпия түрде жазған «Сібір дәптері» «Записки из Мертвого дома» атты повестің басты материалына айналды.
Николай Некрасов жазу үшін көшеде
түнеуге мәжбүр болды
Некрасов алғашқы өлеңін Ярослав гимназиясында оқып жүргенде жазған. Гимназиядан кейін әкесі оны дворяндық шаруаға беруді ойлаған еді. Бірақ, Санкт-Петербургқа қызмет барысымен барған ол әкесінің материалдық көмектен құр қалдырам деген қоқан-лоққысына қарамастан университетке оқуға түсуге дайындалды.
Оқуға деген ынтасының болғаны соншалықты, оқуға түсе алмаса да филология факультетінің еркін тыңдаушысы болып 3 жылын өткізеді. Әкесінің қолдауынан мақұрым қалған Некрасов өз еркімен табыс табуға мәжбүр болды. Жас әдебиетші ішетін тамағы жоқ, паналайтын баспанасы жоқ сәттерді басынан жиі өткізді. Қарны аш, көшеде түнеп жүрген қаламгерде қандай денсаулық болсын...
Күн көріс үшін алғашында ол газеттерге мақалалар, ертегілер жазып, сабақ бере бастады. Оның студент кездерінен есіне алатын естеліктері жан бағу үшін жұмыс істеген кездері ғана еді. Десе де Некрасов еңбектеніп біраз қаражат жинап 19 жасында өзінің алғашқы «Мечты и звуки» атты өлеңдер жинағын шығарды.
Жас ақын аталмыш басылымды Жуковскийге апарып көрсеткенде: «Алдағы уақытта сіз бұдан да жақсы жазатын боласыз. Сонда осы өлеңдер үшін ұяласыз ғой...», - деп, шығармаларды атаусыз жариялауға кеңес берген екен. Ал, Белинский де жинақ жайлы «Отечественные записки» журналына өзінің сыни пікірін білдірген болатын. Кітапқа сұраныс болмаған соң, жойып жіберу мақсатымен автор барлық таралымды өзі сатып алған.
Әрине, жоғарыдағы пікір мен сыни мақаладан кейін, оның орнында басқа біреу болғанда сынып кетер ме еді. Әдебиеттің маңына жоламай кетуі де мүмкін еді. Бірақ, ол өзін әдебиетте ғана көрді. Сол үшін бұл ұлы жолдан кері қайтып кетуге ешқандай материалдық жағдай да, сыни пікір де себепші бола алмайтынын білді. Кейін оның қаламынан түрлі мансапқұмарлар мен кедейлер жайлы өмірден алынған повестер мен қалжың-әңгімелер туындай бастады. Некрасов ақыры өзін осыдан екі жыл бұрын сынаған Белинскийдің «Отечественный записки» атты журналына қызметке орналасады. Сол кезден бастап оның әдебиеттегі жолы ашық болды...
Иван Бунин өз кітабын мақтап пікір айтыңдар
деп достарына таратқан екен
Бунин гимназияда оқып жүрген кезінде-ақ өлең жаза бастаған екен. Ал, 15 жасында «Увлечение» атты өзінің алғашқы романын жазады. Өкінішке қарай, ол романды сол кезде ешқандай редакция қабылдамаған көрінеді. Бірақ 2 жылдан кейін оның алғашқы өлеңі «Родина» журналында жарық көрді. Ол өлең Семен Надсонның дүниеден өткеніне арнап жазған арнау өлең еді.
Буниннің өлеңдерінің жарыққа шығуы еш сәттілік әкелмеді. 4 жылдан соң ол өзінің алғашқы жинағын шығарған. «Орлов жаршысы» атты газеті жазылушыларының барлығына жинақты тегін таратса да, ешбір оқырманды қызықтырмай, ешбір сын айтылмады. Жас жазушы достары мен таныстарына кітаптарын өзі таратып, пікір жазуларын өтінетін. Оның хаттарында: «Мақтаңдар, өтінем, мақтаңдар!», - деп жазып қоятын болған.
Екінші жинақ шыққанда да Бунинді ешкім елемеді тек үшінші «Листопад» жинағы шыққанда ғана танымал бола бастады. Жазушы өлеңдерінің біркелкі әрі қарапайымдылығына көптеген сындар айтылса да, «Листопад» атты жинағын «Пушкин премиясына» ұсынуын Чеховтан өтінген еді. Жас автордың бұл өтініші мақұлданып, жартылай премияға ілікті. Бұл жағдай кітаптың сатылымына еш әсер етпеді. Чуковскийдің айтуына қарағанда бағасы арзандаса да, басылып шықпаған «Листопад» топтамасы баспахана да көп уақыт бойы келушілердің отыратын жиһазы болған екен. Бұның бәрі қаламгердің танымалдылыққа дейінгі баспалдағы еді...
Генри Миллер шығармасын әйеліне сатқызған
Миллер әйелі Джун Эдит Смитпен танысқан кезде Western Union-де басқарушы болып қызметінде болған ол алғашқы әйелі Беатриспен бір қыз тәрбиеледі. Ол сол кездері еңбек демалысы кездерінде шағын әңгімелер жазуды үйреніп жүрді. 21 жастағы бишімен арасындағы махаббатқа басы айналған Миллер отбасымен жұмысын тастады. Жаңа әйелі оны бар өмірін әдебиетке арнауға көндірді.
Алғашында бәрі жақсы болды. Джунның театрдағы табысы жаман емес еді. Кейін өмір сүруге қаражат жеткіліксіз бола бастады. Ал қыздың айналасында көңілдестердің саны күннен-күнге арта түсті. Сол кездерде Джун Миллерге мынандай бизнес түрін ұсынады: Миллер түрлі түсті карточкаларға 10-12 жолды қысқа-қысқа әңгімелер жазады ал, Джун өзінің шығармалары ретінде бай-манаптарға сатады. Бұл идея табысты болып, қызға журнал редакцияларынан шағын әңгімелерге ұсыныстар түсе бастайды. Әрине бұның барлығын Миллер жазатын. Бір күні Джунге түрлі түсті карточкадан шығармаларын оқыған бай бірақ, оны жас емес табынушысы келеді. Сымбатты биші бикешпен жақынырақ танысқысы келген ол Пруст пен Джойс сияқты Париждік өмір романына тапсырыс береді. Тіпті Францияның астанасына жасалатын шығармашылық сапарға демеуші болатынын да айтады. Әйел келісімін беріп, Генридің әлі жарияланбаған, өңдеу үстінде жатқан жұмыстарын өзінікі деп таныстырады. Қулықтары жүзеге асып, Миллерлер париждік демалысқа аттанады. Өзінің тұрмысқа шыққаны мен авторлығын жасырған Джун ол жаққа табынушысына «Молох» романын алып барған екен. Міне, жазушының әңгімелері осылай әйелінің атынан жарияланып сұранысқа ие болған.
Джон Стейнбек жазу үшін балық
зауытының күзетшісі болған
Джон Стейнбек көптеген жас жазушылар сияқты танымал болу үшін университеттегі оқуын тастап кеткен. Стэнфорда ағылшын әдебиетін зерттеген жасөспірім әдебиеттегі мансапты армандап Нью-Йоркке келеді. Журналдарға өзінің әңгімелерін жариялауға қанша рет тырысса да болмады. Ал, уақытша жұмыстардан тапқан табыс өте аз еді. Көңілі қайтқан жас талант өзінің туған елі Калифорнияға оралуға мәжбүр болады. Онда ол алғашында жолнұсқаушы болып жұмыс жасап, кейін балық зауытында күзетші болып жұмыс істейді. Аз уақыттан кейін ол үйленеді.
Отбасын құрғаннан кейін күнкөріс үшін тапқан қаражаты жетпей қалатын болды. Сол үшін Стейнбек балық аулауға жиі кететін. Олар балық, шаян және бақшада өсірілген көкеністермен күн көрді. Кейде жазушы жергілікті ет сатушыдан ет ұрлайтын. «Квартал Тортилья-Флэт» атты повестен кейін жас отбасы кедейліктен көз аша бастады. Бұл шығарма Стейнбектің әдебиеттегі алғашқы жетістігі еді.
Ұлының табыс табу мен шығармашылық жолда екі жақта қиналғанын қаламаған әкесі өзінің зәулім үйін және қолжазбаға арналған қағаз сыйлаған екен.
Габриэль Гарсиа Маркес жазу үшін
оқуын тастап көшеде шөлмек жинаған
Богота университетіндегі заң факультетінде оқып жүргенде Маркес журналистика және әдебиетпен айналысуды қалайтынын түсінеді. Alma materді тастап, ол шағын ғана газетке орналасып, жас талантты жазушы болуға үгіттеген «Барранкилья» атты жасырын топқа кіреді.
Бірнеше жылдан кейін оны корреспондент ретінде Парижге жібереді. Ол онда әңгімелер жазуға тырысады. Жаңадан бастап келе жатқан қаламгердің шығармалары ешкімді қызықтырмады. Қаражаты да аз еді. «Мен көшеде жүріп шөлмек пен ескі газеттер жинадым. Оларды өткізгенде азын-аулақ ақша алатынмын. Ет сатушыдан сүйекті қарызға алып одан сорпа жасап ішетінбіз», - деп, кейін өзінің сол кездегі ауыр жағдайын есіне алатын Маркес.
Университетті тастап кеткеннен кейін 17 жыл бойы жазды. Сол уақыттан бері ол көптеген әңгімелер, сценарийлер жазғанымен, оқырмандар тарапынан еш қызығушылық болмады. Оның алғашқы «Полковнику никто не пишет» деген алғашқы повесі де 2000 дана болып шыққанымен 800-і ғана өтеді. Ол кезде 2000 дана таралым өте аз болып есептелетін. Ал оның тым болмаса тең жартысы өтпеуі өте төменгі көрсеткіш еді... «Жүз жылдық жалғыздық» Маркестің айын оңынан туғызған шығарма болды.
Материалды дайындаған: Айжамал Көпеева
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.