Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӨНЕР
Театр өнерінің шоқжұлдызы 85 жаста!...

15.02.2023 1901

Театр өнерінің шоқжұлдызы 85 жаста! 14+

Театр өнерінің шоқжұлдызы 85 жаста! - adebiportal.kz

Ғасырға жуық тарихы бар, қуыршақ театрларының қара шаңырағы саналатын Алматы Мемлекеттік қуыршақ театрында үстіміздегі жылдың 16 ақпаны күні, сағат 15:00-де қазақ сахна төрінде айшықты образдарымен, ерекше еңбек жолымен, кәсіби келбетімен өзгешеленетін театр өнерінің ардагер анасы, майталман актриса Айымторы Тайгаринованың мерейлі 85 жас бенефис кеші өткізілмек!

Қазіргі қазақ театрының тарихына көз жүгіртетін болсақ, өмірін өнермен өрнектеп, театр әлеміне жанын берген майталман тұлғалар қатары аз емес. Солардың бірі - қазақ театры сахнасында 40-қа жуық қайталанбас бейнелермен ерекшеленіп, көрермен жадының бір бөлшегіне айналған, Қазақстанның халық жазушысы, КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері, Социалистік Еңбек Ері Ғабит Мүсіреповтің өзі өнерін ардақтап, ыстық ықыласын білдірген талантты актриса, Шыңғыс Айтматов, Тахауи Ахтанов сынды қаламы жүйрік жазушылар сахнадағы өнеріне өзгеше баға берген талант иесі – Айымторы Тайгаринова.

Айымторы Тайгаринова 1938 жылы 16 ақпанда Ақмола облысына қарасты Шалқар кеңшарында дүниеге келген. Өнегелі өнер жолын көрші қырғыз елінен бастаған актриса Алматыға келіп Әнуар Молдабеков, Есболған Жайсаңбаев сынды жастармен қатарласа актерлік өнерге оқуға түсуге асық болды. Актриса театр тарихынан таусылмас сыр шертетін энциклопедиямен пара–пар келетін Нұрмұхан Жантөрин, Әзірбайжан Мәмбетов, Хадиша Бөкеева, Мәкен Исақызы секілді өнер майталмандарынан тәлім алып, өнердің биігіне ұмтылған жастардың бірі болды. Жүре келе өмірдің ағысымен Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрына жұмысқа орналасып, қала халқы өнер иесін «Біздің Айымторы» деп атап кеткен деседі. Өнердегі ең табысты жылдарының барлығы осы театрмен байланыстыратын актриса: «Әр қойылым біткенде көрермен залдан кетпей, мені күтіп тұратын еді. Сахнада тұрып көз жасымды сүртіп, ерекше әсер алған адамдарды көргенде, іштей шаттанып, қанаттанып қалатынмын!» - деп еске алып отыратын-ды.

Өнерде аты аңызға айналған дара тұлға  қазақ театры өнерінде сапалы спектакльдер санын арттыруда. «Әке тағдырында» Жеңісбек, «Абайдың өлімінде» әйел, «Горянкада» Горянка рөлінде, «Сәуледе» Гүлжан, «Менің махаббатымда» Бике, «Волчонок под шапкойда» Марфуға рөлдерін ойнады. Қазақ кинематографиясында «Теңіз оқиғасы», «Жас Шоқан» фильмдеріне түсті. “Жас Шоқандағы” Шоқанның әпкесі секілді рөлдерін асқан шеберлікпен сомдап шыққан актриса, театр және телекөрермендер жадында өзінің ашық-жарқын, ештеңеден тайсалмайтын қайсар мінезімен есте қалған.

Дара талант иесінің тағылымды дара жолы, шығармашылық ерен еңбегі мен тарих беттеріндегі өшпес өнері өрнектелетін кештен қапы қалмаңыздар!

 

Жансая БАУЫРЖАНҚЫЗЫ


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар