Көкөзек
Сыр түйетін тобықтай түйінді ойдан,
Даналыққа келеді күйім қайдан.
Балын жұтқан бағызы ертегінің,
Баласы едік ауылдың сиыр жайған.
Үйде отырып алаңсыз шайға қанып,
Шығатынбыз торсықтап айран алып.
Көк өзекке тартушы ек, алдыға сап,
Бар байлығын ауылдың айдап анық.
Жампоз жусан қылтиып енді ғана,
Құлпыратын кілемдей зерлі дала.
Жануарлар жеткізбей желдейтұғын,
Көк өзегін көксеген зеңгі баба.
Анасындай ертегі сан аңыздың,
Баспанамыз секілді дала біздің.
Шамдандырып кетуші ек жүгірмектер,
Шашып кетіп бестасын бала қыздың.
Ала сиыр бұл күнде қақпайланды,
Бағатұғын бала да жатқа айналды.
Баратұғын өрісі баяғыда,
Қызыл-жасыл саяжай, баққа айналды.
Өрістетіп қырқаға табындарын,
Дейтін бала жоқ бүгін малым – жаным.
Азан-қазан аулада жануар-ай,
Өрісінің сезе ме тарылғанын?
Ала сиыр көндікпей байлауға да,
Еркіндігі керек қой хайуанға да.
Бетегеден безектеп жүгіретін,
Түсе ме екен есіне қайран бала?!
Бүгіндері сол бала жігіт болған,
Жанарына шүпілдеп үміт толған.
Сиырының тарылған өрісіндей,
Сәби күнгі қиялы құрықталған.
Түсіне еніп «Ертөстік» ермегі де,
Сиырының жете алмай желгеніне.
«Көкөзекке» жүреді жол таба алмай,
Жалмауыздың шырмалып өрмегіне.
Көктем көші
Көктем – әсем көгілдір үміт тұнық,
Бар дертіңді жіберер ұмыттырып.
Төскейдегі көктемін сағынады-ау,
Анам да жүр үйіне кіріп-шығып.
Әлем-жәлем тәкаппар қала мына,
Ілмейді енді біздерді назарына.
Асығамын қарадай елегізіп,
Төлдеудегі тірліктің базарына.
Қалай-қалай жұрт білер тамсанарын,
Марапат пен мақтаудан шаршағанын.
Бұл қалаға, білемін, ұнайсың тек,
Сөзің тәтті болса, егер, қалта қалың.
Қозы-лағын, бәр-бәрін аңсап анам,
Күні жоқ-ты ой мүжіп шаршамаған.
Көктем құсап көлбіреп көз алдында,
Көшіп бара жатқандай барша ғалам.
Бозторғайдың қалықтап тілінде өлең,
Ақ таң ұйып Айрандай дірілдеген.
Ақын бола алмайды, сенемін мен,
Дала деген піріне жүгінбеген.
Болмаса егер қыстың да қары қалың,
Ұялайды қазақтың жанына мұң.
Қарттарым-ай! күтетін ғұмыр бойы,
Ақ түйенің қарыны жарыларын.
Кім бөгеді көктемнің жолын ағын?!
Ойсылқара, шой табан, соры қалың,
Керуенімнің үзілсе бұйдалары,
Қырандарын қондырар қолына кім?!
Қоштасу жыры
Қайтем, ей, бұл тірлікті жырымдаған,
Мәлім ғой мәңгүрт дүние сырың маған.
Сәулесі батар күннің қансырайды,
Таң шырайлы үзіліп қырымдағы ән.
Үзіліп кетер ертең қырымдағы ән,
Жұтқызып тәп-тәтті бір мұңын маған.
Қанатын бұлбұлдардың шаң көмеді,
Мотордың үні шықса дырылдаған.
Жанары найзағайдай жарқылдайтын,
Қара тау, қасқа маңдай қартымдайсың.
Армандай ару күндер алыстады,
Ақ қайың саясына салқындайтын.
Жалбыздың демін жұтып жылғадағы,
Ымыртта ырғай біткен ырғалады.
Жүзінен күлкі қашқан сол ымырттың,
Басына үкі емес, мұң қададым.
Тепсіген теріскейдің күреңсесін,
Көрмесе көтере алмас жыр еңсесін.
Жаныңды сыздатқанда жасыл өлең,
Қалада қалай ғана күнелтесің.
Жолбарыс жонда жортқан нелер сері,
Армысың, отты ғұмыр, өр еңселі.
Таң сыза бақұлдасып бастаулармен,
Мен үнсіз қоштасқанда ақ таулармен,
Ғасырдың уыменен көктесін деп,
Қырларға шашып кеттім өлең сені.
***
Туған жердің жүрегі жараланып,
Қиналғаны сезілер маған анық.
Өзімді - өзім танымай қалам кейде,
Алдымдағы айнаға қарап алып.
Қызыл шақа өмірге күле кірген,
Тарихымды іздеймін –
Кім едім мен?!
Ар-иманым айналып аппақ құсқа,
Ұшып кеткен сияқты жүрегімнен.
Тоналғаны жүректің шер дастаным,
Кімге керек, алшаңдап жер басқаным.
Өзіңде бар асылдан айырылғасын,
Қазынасын қайтесің сен басқаның?
Туған жермен тағдырым үндес еді,
Бұлағымен бұраң бел тілдесемін.
Арда мекен аһ ұрып сілкімесе,
Ауырғанын жанымның білмес едім.
Ескі досқа әзіл
Биыл қандай, көңілің былтыр қандай?
Досым, баяғы орының құр тұрғандай.
Кеңселерден өзіңдік орын алып,
Бүгін, міне, болыпсың жылтыр маңдай.
Бастайын деп әзілдің бір егесін,
Құбылмаған еске алдым жыл елесін.
Құрақ ұшқан кешегі қу бала едің,
Ал бүгін шырт түкіріп шіренесің.
Көрдің, білдің дүниенің қандайын да,
Таңдайың да майланды, маңдайың да.
Өмірді ойлап, өлеңге елегізіп,
Салынбайсың мендей боп сары уайымға.
Жастық сезім көңілді шоқтай қару,
Көбелектей өлетін отты айналу.
Жастық кетті...
Ал бүгін жалғыз қаупің,
Абайсызда бастыққа жақпай қалу.
Асып-тасып сөйлейсің астамдырақ,
Ұғынбайсың өмірді, қасқам, бірақ.
Қабақ түйсе бастығың қапияда,
Шыр етесің түскендей аспан құлап.
Тобырлармен су ішіп лай көлден,
Заманының еркіне құлай берген.
Қылығыңда қызыл жоқ қырып алар,
Қурайды да, шіркін-ай, Құдай көрген!
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.