Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЕСТЕЛІК
Туымызда қыранның бейнеленуінде өзгеше сыр барын б...

02.06.2017 20834

Туымызда қыранның бейнеленуінде өзгеше сыр барын білесіз бе?

Туымызда қыранның бейнеленуінде өзгеше сыр барын білесіз бе? - adebiportal.kz

Көк байрақ – қазақтың тәуелсіздігінің символы, еркіндігінің көрінісі. Ол мемлекеттік рәміз ретінде 1992 жылы қабылданды. Авторы – Шәкен Ниязбеков.

Мемлекеттік туымыз өзге елдердің байрақтары арасында түсімен де, ерекше нақышымен де өзгешеленіп көзге түсіп тұрады. Қазақтың да туына деген ықыласы бөлек. Ақын Алмас Ахметбекұлының:

Көк тудың желбірегені,

Жаныма қуат береді.

Таласқа түссе жан мен Ту,

Жан емес маған керегі.

Көк тудың желбірегені, – деп жырлауы соның дәлелі болар.

Ал сол туымыздың Мемлекеттік рәміз ретінде қалай таңдалғаны жөнінде суретші Шәкен Ниязбековтен кезінде әдейілеп барып сұраған едік. Бүгінде дүниеден көшкен, әлемдік түрлі байқаулардың жеңімпазы атанған, артына көк тудай әдемі естелік қалдырған суретші тебірене отырып жауап берген болатын:

– Шәкен аға, сіз тәуелсіздігіміздің нышаны – мемлекеттік Туымыздың авторысыз. Көгімізде желбіреген көк тудың дүниеге келу тарихы қалай екен?

– Тәуелсіздікке қол жеткізген алғашқы жылдарымыз болатын. Бір күні Президент аппаратында істейтін Ербол Шаймерденов деген азамат хабарласып, мемлекеттік Туға байқау жарияланып жатқанын айтты және қатысуымды да өтінді. Осы оқиғадан кейін, барлық жұмысымды ысырып қойып,Тудың жобасына кірісіп кеттім. Дүниеге еліміздің өткені мен болашағын баяндайтын ту әкелу – басты мақсатым болды. Мемлекеттік Тудың байқауына бірнеше елден үміткерлер қатысты. Оның ішінде ТМД, Германия, Түркия, Моңғолия мемлекеттері де бар еді. Байқауға қатысушыларға жарты жыл уақыт берілді. Ұзақ уақыт ой үстінде, толғаныста жүрдім. Әрине, Ту – біздің мемлекеттігіміздің, тәуелсіздігіміздің белгісі. Өзге ел біздің туымызға қарап-ақ өткеніміз бен болашағымыздың болмысын түсінсе деген ойда болдым. Талай кітапты ақтардым. Халқымыздың өткен тарихын парақтап шықтым. Өзге елдердің Туларын зерттедім.

Байқауға 600 үміткер, 1200-ден астам жұмыс қатысты. Қарсыластарым да осал болған жоқ. Олар да бар өнерлерін салған еді. Ал бір өзім тудың 35-тен астам нұсқасын жасадым.

Байқаудың соңғы күндері көз ілмедім десе де болады. Қабылдауға баратын күні біздерді сағат сегіздерге шақырған. Ал мен неше күндік ұйқысыздықтан абдырап қалсам керек, ұйықтап қалыппын. Онда бірақ бардым. Соңғы талқылауға бес-алты ту ғана қатысты. Менің Туымды көрген марқұм Өмірбек Жолдасбеков: «Біз іздеп таба алмай отырған ту осы емес пе?» дегенде, жұрт шу ете қалды. Сонымен не керек, ту мәселесі соңғы кеңесте қаралатын болды. Мен де оған дейін туыма өзгерістер енгіздім. Тудағы оюдың түсі алғашында қызыл түсті болатын. Кейін оны күн мен қырандай алтын түстіге ауыстырдым. Және күн мен қыран тудың шет жағында еді, оны Елбасының ұсынысымен ортасына қарай жылжыттым. Ту соңғы кеңестен де сүрінбей өтіп, мен Мемлекеттік тудың авторы болып шыға келдім.

– Бір сөзіңізде «Мемлекеттік туда үш-ақ мәселе көрініс тапқан. Біріншісі оның түсі. Екіншісі ортадағы күн мен қыран. Үшіншісі қошқар мүйізді ою» деген екенсіз. Тарқатып айтып беріңізші...

– Көк түс – қазақтың көк тәңірісі аспанның түсі. Ол ынтымақ пен бірлік, байлық пен берекені аңғартады. Жер шарында барлығын бөліске салуға болатын шығар, бірақ ешкім, ешқалай көк аспанды бөліске сала алмайды. Ол – ортақ. Күн арқылы қазақтың мейірімділігі мен ақ пейіл мінезін бергім келді. Қыран құс та халқымыздың биікке ұмтылғыш қасиетін, күш-қайратын көрсетеді. Ол – ерлік пен азаттықтың символы. Байқауда да көпшілік бірауыздан қыранды қолдады. Тек «Не себепті қыран құсты таңдадыңыз?» деген сұрақ болды. Оған мен 1269 жылы Италиядан шығып, қазақ даласын кесіп өтіп, Құбылай ханның ордасына барған, сонда 17 жыл тұрып, қызмет атқарған Марко Поло деген саяхатшының өмірден өткенін, ол өзінің «Әлемдегі қилы оқиғалар» атты кітабында «далалықтардың әр үйінде бір-бірден бүркіт бар» деп жазғанын айттым. Әрине, ол далалықтар, сөзсіз біздің ата-бабаларымыз, қазақтар. Қыран құсты қазақ қана сонау шыңнан балапан кезінде әкеліп, асырайды. Қыранды бағындыру қазақтың ғана қолынан келеді. Сондықтан да, біздің Мемлекеттік Туымызда қыран құстың көрініс табуының заңды оқиға екенін айттым. Қошқар мүйізді ою – қазақтығымыздың нышаны.

– Туымыздың көлемін «бір де екі» етіп алуыңызда да сыр бар көрінеді...

– «Бір де екі» деп Тудың көлденеңінен екі метр, тігінен бір метр болғанын айтып отырсың ғой. Әрине, әр елдің Туының көлемі әртүрлі. Мені туымызды «бір де екі» етіп алуымның мәнісі мынандай. Біздің солтүстік өңірдің желі қатты. Еліміздің сондай өңірлерінде Туымыз мен мұндалап желбіреп тұрса екен деген ниет қой біздікі. Бұл Ту енді менікі емес, қазақ халқының, мемлекетіміздің туы.

– Туыңызды қабылдағанда қандай сезімде болдыңыз?

– Әрине, ерекше толқығаным есімде. Дегенмен, мен үшін Туды халықтың қабылдауы маңызды еді. Сол уақытта осы сұрақты қойған журналистерге де «Енді халық қабылдаса ғана өз еңбегімнің өтелгені» деп жауап бергенім бар.

– Сіздің Алматы қаласының Елтаңбасының авторы екеніңізді біреу білсе, біреу білмейді...

– Алматы қаласының елтаңбасына байқау жарияланғаннан кейін де дереу іске кірістім. Басқа талапкерлер Алматының апорты мен Алатауын бейнелеп жатса, мен мұнда барысты бейнеледім. Бұл барыс кейіннен Алматыдағы тәуелсіздік монументінен көрініс тапты, «Қазақстан – 2030» стратегиялық бағдарламасының ресми белгісіне айналды.

– Сүбелі еңбектеріңіздің бірі Кеңсайдағы Бауыржан Момышұлының ескерткіші. Көрген адамға ол ескерткіш Баукең жаныңда тұрғандай әсер қалдырады екен. Өзіңіз батырмен кездестіңіз бе?

– 1956 жылы он жылдықты бітіргеннен кейін Жамбылдан Ленинградқа оқуға аттанғалы тұрғанда теміржол вокзалынан Баукеңді кездестіріп қалдым. Ол кісінің атағының дүрілдеп тұрған кезі. Менен жөн сұрағаннан кейін «Алған бетіңнен қайтпа. Алдыңа қойған мақсатыңа, арманыңа жет» деп батасын бергендей болды. Сосын «қажетіңе жаратарсың» деп қолыма 200 сом ұстатты. Ол уақытта 200 сом үлкен ақша еді. Осы оқиға есімнен шыққан жоқ, жадымнан ұмытылған емес. Баукеңе қойған менің ескерткішім ол кісінің маған берген батасының ширегінің өтеуі ғана сияқты.

– Бұрынырақ берген сұхбаттарыңыздың бірінде туу туралы куәлігіңізде туған жылыңыздың бірнеше жыл кейін жазылғанын айтқан екенсіз. Мұның сыры неде?

– Менің туған жерім бұрынғы Жамбыл, қазіргі Тараз қаласы. Туу туралы куәлігімде туған күнім 12 қараша, 1938 жыл деп көрсетілген. Ал шын мәнінде, 1933 жылдары дүниеге келсем керек. Мен шала туылған бала екенмін. Алғашында өте кішкентай, әлжуаз болыппын. Туғанымда кірпігім де қимылдамаған көрінеді. Менің осы халімді көрген айналамдағылар құжат алуға асықпапты. «Бір күні шетінеп кетер» деп ойлаған болулары керек. Көрер жарығымыз болса керек, мен сол қалпыммен беске келіппін. «Мына бала өлмейді екен. Бұған куәлік алайық» деген жұрт, құжат туралы сонда ғана ойланса керек. Ата-анамнан ерте айрылдым. Әкемнің аты – Оңласын, анам – Айнагүл. Мен 12 жасқа келгенде екеуі бірінің артынан бірі қайтыс болды. Қарындасым бір туыстарымыздың қолында қалып, мен интернатқа кете бардым. Интернатта Мырзатай Жолдасбеков екеуміз бірге оқыдық. Сол кезде-ақ ол маған қамқорлық танытып, көмектесіп жүретін.

– Сурет сынды тылсым өнердің қыр-сырын Ленинградта меңгеріпсіз. Қарапайым интернат баласы сонау Ленинградтан қалай шықты?

– Интернат қабырғасында орысша білім алдым. Суретті оқушы кезімнен салып келемін. Интернатта өзіммен бірге оқитын Виссарион Ли деген кәріс досым бар еді. Сол бір күні «Мен де, сен де сурет салғанды жақсы көреміз. Ленинградқа барып сурет салатын мектепте оқысақ қайтеді?» деген ұсыныс айтты. Мен де келісе кеттім. Солай екеуміз Ленинградтағы В.И.Мухин атындағы көркемөнер училищесіне құжат тапсырып, қызық болғанда, мен емтиханнан өтіп кеттім де, досым құлап қалды. Оны бітіріп біраз уақыт жұмы істегеннен кейін, 1960 жылы Ленинградтағы Суретшілер мен дизайнерлер академиясына оқуға аттандым. Одан қайтып келгеннен кейін Алматыда түрлі қызметтер атқардым. Менің Ресейде қалып қоюым да мүмкін еді. Бірақ диплом алып, қоштасар сәттегі Саша Выволов деген досымның «Шәкен, мен Одессаға, туған жеріме кетіп барамын. Сен қайда барасың?» деді. Мен Ресейде қалатынымды айттым. Сонда оның: «Мұнда не істейсің? Одан да туған жеріңе бар. Еліңнің сурет өнерінің дамуына күшіңді сал» деген сөздері әсер етті. Ресейде жүргенде салған суреттерімнің өзі ұлттық нақышта еді. Ресей мені жібермеуге тырысты. Пәтер де берді. Берген пәтерлерін де тастап, қашып кеткендей болып елге келдім. Артымнан милиция іздеп келіп: «Сізді біреу өкпелетті ме? Олай болса айтыңыз, оны да шешеміз» деді. Бірақ мен олардың ұсыныстарынан бас тарттым. Еліме қызмет еткім келді.

– Волга автокөлігін ойлап тапқан өнертапқыштардың арасынан сіздің есіміңізді көріп қалып, қайран қалдым...

– Иә, жалындаған жас кезімізде талай жобаларға қатыстық қой. Осыған байланысты мынандай қызық оқиға болған. Бірде Қазақстан компартиясының бірінші хатшысы шақыртты. Не бүлдіріп қойдым деп күдіктеніп қалдым. Сөтсем Димекең «Әй, сен Волганы шығарыпсың ғой. Бізге айтпай жүрсің. Қазақстанға бес Волга келіпті. Соның бірін сен ал» деді. Ол уақытта Волганың құны тоғыз мың сомға жуық, ақшамның жоқ екенін айттым. Сонда Димекең «Мен саған оны зауыттың бағасымен беремін. Өз машинаңды алуға ақшаң жетпей ме?» деп күліп жіберді. Солай қарызданып жүріп, мың екі жүз сомға Волга мінгенім бар. Оны көре алмаушылар, сол кездегі Жоғарғы Кеңес Президиумының төрағасы фамилиялас Сабыр Ниязбековтың атымен байланыстырушылар да көп болды.

Қарапайым ғана ғұмыр кешкен қарт суретшімен сұхбаттасуға барған сол күні ол Алматыда қарабайыр ғана пәтерде тұрып жатыр еді. Бүкіл ғұмырын елінің сурет өнеріне арнаған Шәкен атаға кезінде ел тізгіні қолында тұрғанда Дінмұхамед Қонаев та пәтер ұсынған. Суретшінің өзі ұялып, бас тартқан. Ал тәуелсіз еліміздің мемлекеттік рәмізінің авторы болғаннан кейін Елбасы қабылдайды. Онда да бірдеңе сұрау туралы ойланбайды. Бұл туралы ақын Қайрат Әлімбек: «Тудың туындыгері ретінде танылған соң Елбасымыз шақырып алып, не қажеттігін сұрайды. Шәкең баяғы әдетінше «Менде бәрі бар» деп тұра береді. Президент құр қол қайтармай үлкен теледидарды құрал-жабдығымен қатар ұсынады. Енді бірде арнайы шақырып, өтініш айтады. «Менің портретімді салып бересіз бе?» Бұл келіседі. Бірақ алтын уақытын алмайын деп, натурадан емес, суреттен салады. Ал, Елбасы екінші тапсырысты белгілі портрет шебері, ресейлік суретші Шиловқа берген екен. Сол жерден екеуінің салғандарын бір-біріне көрсетіп, сынатады. Әлемдік деңгейде аталып жүрген Шилов Шәкеңнің суретін көріп: «Оказывается, в Казахстане есть художники!» - дейді. Сонда Нұрекең: «Да, у нас есть художники!» - депті мақтанышпен. Бәсеке суретте де бағы жанған Шәкеңе Елбасы: «Ұялмай айтыңыз, сурет құнына не сұрайсыз?» - дейді. Шәкең ештеңе керек еместігін айтады. Елбасы сонда да құр қол жібермей, білегіне алтын сағат тағып, қолына платина қалам сыйлайды» деп жазған еді.

Сөйткен суретші әңгімесін: «Халқыма тек бақыт тілеймін. Білгенімнің бәрін халқымнан үйрендім. Менің еңбегімді бағалаған сол ұлтымның әр азаматы, бала-шағасы, немере-шөбересімен бақытты ғұмыр кешсе екен», – деп аяқтады.

Ұлтқа қызмет етудің үлгісі деп осы кісілердің еңбегін айтса болар...

Шәкен атаның қазаққа тарту еткен тамаша Туы әрқашан тәуелсіз қазақтың көгінде желбіреп тұрғай!

Марфуға ШАПИЯН


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар