Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Ұ.Еркінбай: Әдебиеттану – көркемдік таным сүзгісі...

24.07.2018 9441

Ұ.Еркінбай: Әдебиеттану – көркемдік таным сүзгісі

Ұ.Еркінбай: Әдебиеттану – көркемдік таным сүзгісі - adebiportal.kz

– Ұлан Оралұлы, Сіз ҚР Ұлттық ғылым академиясы тарапынан Ресей ғылым академиясының Филология институтында білім алған соңғы аспирант екенсіз. Қызығы мен шыжығы көп аспиранттық жылдарыңызда танымал ғалымдардың алдын көріп, дәрісін тыңдадыңыз. Ресей аумағында оқып жатқан Орта Азия жастарының басын қосып, Шоқан Уәлиханов атындағы Ғылыми бірлестік құрған екенсіз. Бұл бір жағынан қарағанда, кешегі ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде өзге елдерде білім алған Алаш жастары құрған «Жерлестер» ұйымы сияқты екен. Әдебиеттану төңірегінде өрбілер әңгімеміздің әлқисасын осы Сібір бөліміндегі Филология институтының ғылыми ортасы мен аталмыш Ғылыми қоғамның жұмысынан бастасақ.

Иә, расында біз қазақтың Ұлттық Ғылым Академиясының соңғы аспиранттары ретінде тіркелдік. Ғылыми бәсекесіне де сол лестікке түстік. Себебі, өкінішке қарай, 2000 жылдары академия тарап кетудің алдында тұрды. Оның түрлі себептері болды. Ол өз алдына бөлек тақырып. 2003 жылы академия толықтай қоғамдық ұйымға айналды. Қарамағындағы ғылыми институттар министрлікке өтті. Сол жылы «Заман» газетіне «Аспаннан академик жауған күн» деген атпен мақалам шыққан еді. Тарап бара жатып жаратылыстану және гуманитарлық мамандықтар бойынша бірнеше жас ғалымдарды Ресей ғылым академиясының базасындағы институттарға жіберді. Сол кезде, Әдебиет және өнер институтының кіші ғылыми қызметкері едім. Институт директоры, академик Сейіт Асқарұлы екі жас маманға ұсыныс жасады. Бірі – мен, бірі – Ақеділ Тойшанұлы, ол отбасы жағдайымен шыға алмай, кейінірек ғылыми диссертациясын «фольклортану» бойынша институтта сәтті қорғады. Сөйтіп, сол жылы «әдебиеттану» саласы бойынша аспирант атандым. Ол кезде «әдебиеттану», оның ішінде «әдебиет теориясы», «мәтінтану» шифры бойынша бізде диссертациялық кеңес жоқ болатын. Өзім профессор Айгүл Ісімақова жетекшілік ететін «Әдебиет теориясы және әдебиеттану методологиясы» бөлімде қызмет ететіндіктен аталған шифр бойынша қорғауға мүдделі едім.

Мен аспирант атанған Ресей ғылым академиясының филология институты Ресейдегі ең ірі әрі негізгі 3 академқалашықтың бірінде орналасқан. Қаладан 25 шықырымдай тысқары, орманды аймақта ғылыммен айналысуға қолайлы жер таңдалған. Академқалашықтың өз мәдениеті, аурасы ішкі жазылмаған заңдылығы бар. Ойдың, ізденістің аламаны сезіліп тұрады. Сырт қараған кісіге мұнда кілең қиял әлемінде қалқып, ой құшағында жүрген адамдар тұратындай көрінеді. Қалашықта тек салалық ғылыми-зерттеу институттары мен бір университет бар. Қайнап жатқан идея мен жаңашылдықтың, шығармашылықтың бәсекесіндей көрінді. Күнде қорғау, күнде пікірсайыстар. Әсіресе, математика, физика, ядролық физика, лазерлік физика, есептеу технологиясы институттарында өтіп жататын ғылыми семинарлардағы тартыстардың жөні бөлек еді. Академиялық ортаның өз заңдылығы да сондай пікірсайыстарда қалыптасатынын кейін білдім. Бір-бірімен мақаламен айтыстатындарды көріп жүргенбіз, академқалашыққа келіп бір пікірге бір кітаппен жауап беретіндерді де көрдік. Кітаппен айтысатындар кейін үлкен ғылыми мектептің негізін құрап жатады.

Иә, ғылыми зерттеуге бөлінген 3 жылды барынша тиімді пайдаланып, тек жеке ғылыми тақырыбымыз үшін емес, ел игілігі үшін де есте қалар дүние жасауды жанымыз қалады. Елден тысқары жүргенде көп нәрсеге басқаша қарайсың. Академқалашықта ғылымның әр саласын таңдаған қазақ және қырғыз жастары жақын араластық. Шетінен парасатты, алғыр. Өзара ақылдасып Ресейдегі Шоқан Уәлиханов атындағы қазақ-қырғыз жас ғалымдар ассоцациясын құрдық. Оны РҒА-на ресми тіркетіп алғашқы шарамыз Шоқан Уәлихановтың 170 жылдық мерейтойына орайластырып «Этносоциальные и культурологические проблемы Центральной Азии и Сибири» атты халықаралық конференция ұйымдастырдық. Сол атпен 2005 жылы 15 баспа табақтан тұратын ғылыми жинақ шығардық. Сол жинақ әлі күнге дейін сілтеме тұрғысынан ғылыми ортадағы рейтингі жоғары еңбек болып саналады. Осы бастамаларымызға елден сол кездегі Білім және ғылыми министрі Жансейіт Түймебаев, математика институтының директоры, академик, мемлекеттік сыйлықтың иегері Данаев Нарғозы ағамыз үлкен қолдау білдірді. Ал Академқалашықтан белгілі математик, академик Асан Таймановтың ұлы, ресейлік академик Ескендір Асанұлы Тайманов, сол жылдардағы математика саласы бойынша докторант, бүгінде белгілі ғалым, профессор Жамалбек Әлиасқарұлы Түсіпов, қазіргі Новосибирск филорманиясының директоры, ресейлік қандас ағамыз Бейбіт Мұхаммединдер ерекше қолдау білдірді. Ал өзім сол шаралардың белортасында жүргенімді, бірлестікке жетекшілік еткенімді қазір мақтаныш тұтамын.

Жарты ғасырлық тарихы бар филология институты біз барған 2003 жылы «Сюжеттер мен мотивтер сөздігі» атты бір жағынан іргелі, екінші жағынан функцияналдық маңызға ие өте ірі жобаны қолға алған екен. Менің аспиранттық өмірім сол кезеңге сәйкес келді. Академик, институт директоры Елена Рамадановская жетекшілік еткен сол жобаға көптеген ғалымдар тартылды. Жобаның нақты көлемдік шектеуі жоқ, шамамен 100-150 томдық дүние. Жалпы орыс әдебиеттануында аналогы жоқ бастама. Ішкі материалдық жағынан бұл сөздік ресей аумағындағы түркі халықтарының сөз өнері мен орыс әдебиетін толығымен қамтиды. Осыдан-ақ мұның ауқымын бажайлауға болатын шығар. Өзім осы жоба аясында Б.Егоров, В.Тюпа, Н.Томарченко, С.Бройтман, Б.Хализев, О.Клинг, И.Силантьев секілді теорик ғалымдармен жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болдым. Сөздікті құрастыру әлі күнге дейін жалғасуда. Шәкіртақы тұрмысымызға жете бермейтіндіктен, аспиранттарды осындай кешенді ғылыми жұмыстарға тартып қосымша еңбекақы беретін. Сол игі дәстүрдің арқасында баға жетпес тәжірибе жинақтадық.

Ресей ғылым академиясының ең жас корреспондент-мүшесі Игорь Силантьев пен алыс-жақын шет елге танымал, еліміздегі белгілі профессор Айгүл Ісімақованың жетекшілігімен Ахмет Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқыш» әдеби теориялық еңбегі негізінде кандидаттық диссертация қорғадыңыз. Реформатор Ахмет Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқыш» әдеби теориялық еңбегіне ХХІ ғасырдың көзімен қарап көрсеңіз. Ұлт ұстазының осы еңбегін жан-жақты қарастырған теоретик-ғалым ретінде кітаптың маңыздылығы мен ғылыми мәніне кеңінен тоқталсаңыз:

Ғылыми грант иегері атанғаным белгілі болған соң бөлім жетекшісі Айгүл Серікқызымен тақырыпты ақылдастық. Айгүл апай ол кезде алаш ақтаңдақтарын ұлттық әдебиеттанудың зерттеу айналымына қосуға түбегейлі кіріскен болатын. Апай мәселені төтесінен қойды: «Ұлан, Ақаңның «Әдебиет танытқышын» аласың. Осы еңбекті әлемдік теориялық әдебиеттермен иық тірестіре талдап шығасың. Бұл біздің әдебиет алдындағы, алаш арыстары алдындағы борышымыз» деді. Сол кезде бұл сөздің маңыздылығын жете түсінбедім. Бұл еңбектің тереңдігіне, масштабына сол аспираттық жылдары көз жеткіздік. Орыс және әлемдік әдебиеттану контекстін саралау барысында «Әдебиет танытқыштың» қаншалықты кешенді жұмыс екенін түсініп таңдандым. Қазір «Әдебиет танытқыштың» ғылыми ерекшеліктерін қайталап айту ешбір жаңалық емес шығар. Сондықтан, еңбектің жалпы құндылығы тұрғысынан ойымды білдірсем деймін.

Біріншіден, «Әдебиет танытқыш» синтездік еңбек. Мұнда материал мен ұғым синтездігін айтып отырмын. Сөз өнерін танудың әлемдік теориялық өлшемдері таразының бір басында болса, екінші басында халық әдебиетінің үлгілері. Яғни, ұлттық материал мен дүниежүзілік әдебиеттанулық ұғымдар синтездігі. Материал өз топырағынан шыққан соң, әлемдік әдебиеттанулық ұғымдар мен терминдер де соның өніміне айналып кеткен. Ұлттық топырақтың құнарына мойынсұнған.

Екіншіден, «Әдебиет танытқыш» энциклопедиялық еңбек. Әдебиеттанудың жеке терминдік қорынан бөлек, әрбірі өз алдына мектеп болып қалыптасып кеткен жеке-жеке салалары да жетерлік. Олардың санатында әдебиет тарихы, теориясы, сыны, салыстырмалы әдебиет, әдеби дәстүр, стиль, көркемдік табиғаты, мәтін табиғаты, мәтіннің тілдік табиғаты т.б. Осы тұрғыдан алғанда «Әдебиет танытқыш» өнердің табиғатынан бастап, сөз өнерінің жанрлық табиғатына дейінгі аралықты түгелдей қамтыған шын мәтінде бесаспап дүние ретінде де құнды. «Әдебиет танытқышта» аталған әрбір саланың анықтамасы, өзіндік ерекшелігі, салалық кодировкасы қысқа әрі нұсқа айтылған. Демек, бұл еңбек, терминдік тұрғыдан өз алдына, тіпті әдебиеттің салалық түсіндірмесі тұрғысынан да энциклопедиялық маңызға ие.

Үшіншіден, біздің әдебиеттану тұрғысына алғанда «Әдебиет танытқыш» - теориялық пайым, мәтінге қатысты теориялық қисын, өнердің табиғатын тануға қатысты теориялық жүйе қалыптастырудың ұлттық моделін көрсетіп береді.

Төртіншіден, «Әдебиет танытқыш» әлемдік және түркі халықтары сөз өнері контексіндегі саусақпен санарлық үздік еңбектер санатына кіреді. Буало, Веселовский, ағайынды Уэррендер, Томашевский, Бахтин, Жирмунский сынды т.б. ғалымдар да сөз өнері теориясына қатысты зерттеу еңбектер жазды. Әрбірінің өзіндік ерекшеліктері бар, кейбір салаларда артықшылықтары да жетерлік. Бірақ, асыл сөздің табиғатын танудың зерттеушілік ұстанымын сақтай отырып, халықтық ойлау жүйесін негізге алып, сөз табиғатын танудың шығыс пен батыстық тұжырымдар тепе-теңдігін сақтай отырып, поэтикалық еңбек жазып шығу екінің бірінің еншісіне бұйыра бермеген бақ.

Жалпы «Әдебиет танытқыштың» сол кезде өзіме тек ғылыми мүдде үшін емес, рухани, азаматтық, ұлттық мүдденің тайталасы ретіндегі тақырып екенін кейін ұғынғандай болдым.

– Сіз еліміздегі бірқатар ЖОО-да жемісті қызмет етіп, әдебиет теориясы мен методологиясынан дәріс оқып жүрсіз. Жалпы болашақ әдебиетші, филологтарға әдебиет теориясын оқыту барысында қандай әдісті қолданасыз?

– Теория – өзінше бір тылсым. Ал сөз өнері теориясы өз алдына бір күрделі мәселе. Мұны Л.Толстойдың «Өнер дегеніміз не?» деген белгілі мақаласын оқыған студенттер жақсы түсінеді. Сонда теория өз алдына, оның басты нысаны өнер табиғаты өз алдына бір әлем ғой. Эстетикалық категория, образдылық ұғымдарын сіз ережемен қалай түсіндіресіз. Әуелде мұны талғам түйсігіңізбен сезіне білуіңіз керек. Себебі, бұлар әуел бастан жоқ нәрсенің барлығы ғой. Гегельдің пайымына салсақ мәтінде бар, мағынада жоқ, немесе керісінше.

Қазір көптеген әлемдік оқу орындарында әдебиеттануға кіріспе, өнер теориясы, әдебиет теориясы деген пәндердің орнына өнер табиғатын тану, сөзді сүю, өнерді сүю қисыны, көркемдікті ұғыну тәсілі, әдебиет және талғам деген атаулар жиі ұсынылып жүр. Оның өзі бекер емес. Өзіме осы ұстаным жақын. Әрине, бұл әдебиет теориясындағы базалық тұжырымдарды білмеу керек дегенді білдірмейді. Оны жай білу ешқандай нәтиже бермейді. Сол білімді өнерді сүюмен тоғыстыра білсе, сондай шәкірттерден ғажайып зерттеуші шығады. Бір өкініштісі студенттер кешенді ойлау жағынан кемшін түсіп жатады әрі мәселені соңына дейін апармайды. Заманның ығына жығылып ғылымның таңғажайып сиқырлы әлемінен шығып қалып жатады. Ол әлем бір шығып қалған кісіні қайта қабылдамайды.

Сөйте тұра студенттердің кәсіби зерттеушілерден артықшылықтары көп. Себебі, олар тәуелсіз ойлай алады. Талғамдары шаблондармен шектелмеген. Студенттермен бірлесе атқарған зерттеулер санатында: мәңгілік образдар, оқырман категориясы, салыстырмалы әдебиетке, мәтін поэтикасы, көркем сөздегі авторлық стратегияға қатысты ізденістерді, диплом жұмыстарын мақтанышпен еске алуға болады.

Бүгінде еліміздегі жоғарғы оқу орындарының көпшілігінде «әдебиет теориясы» негізгі пән ретінде жүргізіледі. Көбіне мамандар тапшы. Зерттеу еңбектері ескі әдіснамамен жазылған. Сол себепті, сөз өнерін тануға қатысты кешенді оқулықтарды көбірек шығарудың қажеттілігі бар. Жоғарғы оқу орнында жүргенде теориялық поэтика мен тарихи поэтикаға қатысты оқу құралын дайындауды қолға алдым. Әлі соңғы нүктесі қойылмады.

– Әлемдік әдебиеттанудың даму барысы жағынан қарасақ, бүгінгі қазақ әдебиеттану ғылымының даму перспективасы қалай жылжып келеді? Кейінгі жылдары әдебиеттану ғылымындағы соны ізденістер деп айтуға тұрарлық қандай еңбектер жазылды?

Әдебиеттану көркемдік таным сүзгісі. Ал көркемдік танымға дейін өмірдің өзі бар. Демек, зерттеу нысаны үшінші кезеңде ғана әдебиеттанудың қазанына келіп түседі. Одан қайнап қорытып шығаруға да уақыт керек. Бұл жағынан алғанда әдебиеттану ауыр салмақты, байыппен қозғалатын сала. Егер тәуелсіздіктен кейін ширек ғасыр уақыт өтті десек, бұл аз мерзім емес. Осы кезеңдегі үлкен олжаларымыз: ортағасырлық әдеби мәтіндерге жол ашылды, бабалар сөзінің 100 томдығы әдеби, ғылыми айналымға ұсынылды, алаш зиялыларының мұралары түпкілікті зерттеле бастады, әлемдік әдеби-теориялық тұжырымдар отандық мәтіндік талдауларға негіз бола бастады. Осының өзі оңай олжа емес. Әдебиеттанулық үдеріс тек уақыт тезінен іріктелген тұжырымдарды ғана бойына сіңіреді. Бұл тұрғыдан әдебиеттану әдеби үдеріске ұқсамайды. Пікірді тұжырымға айналдыру үшін де уақыт керек. Піспеген тұжырымдар әдебиеттанулық үдерісте уақытша қонақтайды. Ғылыми айналымда мүлде салмағы болмай ығысып қалады.

Жоғарыда тізбелеген олжаларды ғылыми айналымға салып, шәкірттеріне, кейінгі толқын әдебиетшілерге жаңашыл бағыт беріп келе жатқан бүгінгі әдебиеттанушылар санатында Д.Ысқақұлы, К.Ахметов, Т.Есембеков, Н.Жетпісбаева, А.Ісімақова, Б.Ыбрайым, Д.Қамзабекұлы, Қ.Мәдібаева, А.Жақсылықов, Г.Пірәлиева, Н.Ақыш, Б.Омаров, Г.Орда, М.Оразбек, С.Сакенов сынды т.б. аты аталмаған бірқатар зерттеушілерді бөле-жара айтар едім. Осындай теориялық және салалық дайындығы мол зерттеушілер таптаурын тақырыптардан аулақ болады, ұлттық әдебиетті зерттеуді әрдайым жаңа тақырыптарға бағыттап отырады.

Сөз басында қазақ әдебиеттануының даму қажеттілігі дегенді айтып қалдыңыз. Біздің әдебиеттің ең үлкен байлығы ортағасырлық әдеби мұраларымыз. Біз әлемдік деген сөзге көп үйірміз. Көбінің біздің әдебиетке үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Солармен мақтануға шеберміз. Сөйте тұра өз топырағымызда жасалған ұлы әдеби мұраларды оқи алмаймыз. Оны оқитын мамандарымыз жоқ. Филология факультеттерінде әлі ескі тәсілмен маман дайындаймыз. Араб, парсы, шағатай графикасы, төте жазумен жазылған жауһарларымыз әлемнің түкпір-түкпірде зерттелуде. Біз өз әдебиетімізден өзіміз жиренгендей әрекеттеміз. Аталған кезеңнің поэтикалық әлемін зерттеу нысаны ету кезек күттірмейтін мәселе. Нағыз рухани жаңғырудың өзегі де сол мәтіндерде дер едім. Өкінішке қарай, біздің әдебиеттануда әлі осы жағы ақсап тұр. Бұл түбегейлі бетбұрысты қажет ететін дүние. Басқалай жағдайда, рухынан айрылған мәтіндерді талдау арқылы рухсыз әдебиеттанулық орта дами түспек. Оған жол бермеу керек.

Екінші, бір жайт әдеби дәстүрлер текетіресіне қатысты зерттеулер тапшы. Әдебиетте дәстүрлі танымдар мен жаңашыл ізденістердің қақтығыстары жиі болып тұрады. Буын ауысу барысында, жекелеген шығармашылық тұлғалардың ізденісі барысында мұндай жағдайлар орын алып жатады. Классицизм мен романтизмнің күресі секілді, бүгінгі әдеби үдерісте де модернизм мен постмодерннің, формализм мен идеялық тереңдіктің, абстракция мен натурализмнің текетіресі жоқ дей алмаймыз. Осындай мәселелер түрлі дәрежедегі / бакалавр, магистрлік, монографиялық т.б./ зерттеулерге тақырып болуға сұранып тұр.

– Биыл Сізге әкеңіздей қамқор болып, шапағатын төккен академик Зәки Ахметовтің туғанына 90 жыл, ал жетекшіңіз профессор Айгүл Ісімақова 60 жасқа толып отыр екен. Ұстаздарыңыздың жас ғалымға берген тағылымы, бағыт-бағдары қандай еді? Зәки Ахметовтей үлкен ғалымның ықыласына бөленген адамның естелігі де әсерлі болуы заңдылық. Зәки ағаның жарқын бейнесін еске ала отырсақ.

Академик Зәки ағаймен мені марқұм ұстазым Керімбек ағай Сыздықов таныстырды. Керімбек ағай Әуезовтың білікті шәкірті атанған, кейіннен «Әуезовтанудың беймәлім беттері» атты белгілі еңбек жазған аяулы ұстаз еді. Зәки ағай нағыз зиялы еді. Зиялылығы, биік парасаты бүтін болмысынан көрініп менмұндалап тұратын. Әңгімелескенде ұдайы күлімсіреп тұратын. Өзім ол кісінің күлімсіремей сөйлескенін көрмедім. Жүзінен тек сәулелі күлкі көретінбіз. Арман қуып академияға келгенде, Зәки ағай ізденіп жүрген тақырыбым жайлы тәптіштеп сұрады. Тұрағұл Абайұлының аудармаларын талдап жазып жүрген кезім еді. Ағай асықпай оқып, сұрақтар қойып, соңында «Тұрағұл аудармаларын зерттегенің жақсы, әрине. Бірақ бұл саған үлкен тақырып болуға жеткіліксіз» деді де, «абайтану» бөлімінен теория бөлімін бетке алды. Мен соңынан ілесе шықтым. Теория бөлімі қарсы бетте, екі аттам жерде. Ағай артына бұрылып: «Теорияға бір сүңгісең соңы көрінбейді, еркін жүзесің» дегенді айтып үлгерді. Жүзінен мейір төгіп тұр.

Теория бөлімі мені жылы қабылдады. Бөлім меңгерушісі профессор Айгүл апайдың жанына жастар әманда үйір болатын. Апайдың ғылыми қайраткерлік қасиетінің арқасында қайнаған оқиғалардың ортасына сүңгіп кеттік. Айгүл апай бізге пікірімізді ашық айтуға үйретті. «Азамат ретіндегі ұстанымдарыңды ешкімге таптатпаңдар. Еңселеріңді биік ұстаңдар» деп айтып отыратын. Ұлттық мүддеге қисық келетін дүниелерге бірден тойтарыс беріп отыру біздің бөлімнің бір міндетіне айналып кетті. Сол жылдары қазақтың жанды жеріне тиісу белең алып кеткен. Олар: Фараби, Абай, Шәкәрім, оқу жүйесі, мектеп, оқулықтар т.б. Түрлі діни ағымдар аталған құндылықтарды өз пайдасына шешуге тырысатын. Айгүл апай ешқайсысынан да тайсалмай ашық айқасқа шығатын. Апайдың бұл мінезі бізге өмірлік дәріс болып, санамызға сіңді. Бөлімге қабылданған сәттен бастап, А.Байтұрсынұлы таңдамалы шығармаларының бес томдығы, әдебиет тарихы, тәуелсіздік кезең әдебиеті, әлемдік әдебиеттану сынды ірі жобаларға рет-ретімен бағыттап отырды. Ғылым саласында аздаған жетістікке жетсем, онда ұстазым Айгүл апайдың үлесі орасан дер едім.

– Орта жастағы ғылым өкілі ретінде соңыңыздан ерген жас талап – жас ізденушілердің аяқ-алысына, алғашқы қадамына көңіліңіз тола ма? «Қазақ әдебиеттану ғылымы қартайды» деген пікірге қалай қарайсыз?

– Деректілік тұрғысынан айтсақ керісінше, жасарған шығар. Ал сапалық тұрғыдан бір байлам айтудан аулақпын. Себебі, өзім барлық магистрлік, докторлық қорғауларға қатысып, сараптама жасап жүрген жоқпын. Оның үстіне ғылыми мәтін, жоғарыда айтқанымыздай бірден әлеуметтің талқысынан көрініп жатпайды. Жасарған шығар деуіме себеп, қазір 22-23 жаста магистр, 25-26 жаста РhD докторы атануға болады.

– Әсерлі әңгімеңізге зор алғыс! Шығармашылығыңызға жетістік пен толайым табыс тілейміз!

Елдос ТОҚТАРБАЙ


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар