Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЕСТЕЛІК
Халық – менің шын атым...

07.05.2021 7003

Халық – менің шын атым 12+

Халық – менің шын атым - adebiportal.kz

Жамбыл әдеби шығармашылығынан бөлек, жеке өміріне қатысты артында мол мұра қалған адам. Жамбыл Жабаевтың фото суреттері, хроникалық видеолары молынан кездеседі. Сондай-ақ тіршілікте тұтынған бұйымдарының өзі тау-төбе. Және шып-шырғасыз сақтаулы тұр. Осы орайда жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойына орай, ақынның әдеби-мемориалды музейі туралы материал ұсынамыз.

Жамбыл қартайған шағында Алматыға көшіріп алсақ деген ұсыныс болыпты. Сонда ұлы ақын: «Мені көшіріп қайтесіңдер? Қаласаңдар өзім барып тұрамын, мен осы Ұзынағаш топырағынан жаралғам. Жатқан жерім де осы топыраққа бұйырсын» деген көрінеді.

1938 жылы Жамбыл ақынның шығармашылық өнерінің 75 жылдығы тойланады. Осы мерейтойға орай, үкімет ақынға 12 бөлмелі үй салып береді. Астына МК М1 маркалы машина мінгізеді. Сол заманда ондай автокөлік бүкіл Қазақстан бойынша алты-ақ адамда бар екен. Жәкең солардың бірі болып шыға келеді. Сол машина Жамбыл Жабаев әдеби-мемориалды музейінің гаражында әлі тұр. Және қазір от алдырсаң, қазір-ақ дүр етіп жүріп кететін жағдайда. 2008 жылы толық күрделі жөндеуден өтіпті.

Хош. 1938 жылы Жамбылға хан сарайындай үй сыйлап қана қоймай, үкімет ақынды толық мемлекеттік қамқорлыққа алады. Ақынның жеке дәрігері, медбике, жеке аспаз және әдеби хатшылары тағайындалады.

Жамбыл ақынның көзі тірісінде үйінен қонақ үзілмеген. Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Бауыржан Момышұлы, Мәлік Ғабдуллин т.б. әдебиет пен өнер майталмандары бірі келіп, бірі кетіп жататын. Сондай бір жолы, 1938 жылы алыстан қыдырып келген ботаник ғалым, академик Келлер ақынға көк түсті шәй сервизін сыйлапты. Екінші дүние жүзілік соғыс кезінде Мәскеудің үлкен театры Алматыға эвокуацияланады. Міне, сол театрдың әртістері – кинорежиссер Сергей Эйзенштейн мен атақты балерина Галина Уланова 1942 жылы Жамбыл шаңырағына самаурын, ожау, поднос сыйға тартқан. Ал ресейлік А.А. Риттих деген суретшісі 1944 жылы автордың өзі ақынға “Жамбыл колхозшылар арасында” картинасын салып, ұсынады.

Жаңа бір сөзімізде айтқандай 1938 жылдан бастап ақынның денсаулығын қадағалауға қарауындағы екі медбикесімен бірге дәрігер Рахымбай Досымбековты тағайындайды. Ақын өзінің бір шумақ өлеңінде былай дейді:

Рақымбай отырмысың мені бағып,

Ауру әр адамды қылар кәріп.

Екі тізем сырқырап бастырмайды,

Мұң болды ғой шығуым сыртқа барып.

Ақынның артында қалған жеке заттары сол қалпы сақтаулы. Солардың бірсыпырасы: таяғы, домбырасы, кебісі, мәсісі, бөркі туралы бір аз сөз. 1937 жылы Жамбыл ақын Грузияға Шото Руставелидің “Жолбарыс терісін жамылған батыр” атты поэмасының 750 жылдық мерейтойына барады. Сол сапарда әдеби хатшысы Тайыр Жароков әдемі, күміспен бедерленген қоңыр таяқ сыйлайды. Жамбыл Жабаев 1945 жылы 22 маусымда таңғы сағат 7.55-те қайтыс болады. Тура сол кезде ақынның бөлмесіндегі сағаты да тоқтап қалған деседі. Ал ақын өзінің жан серігі – домбырасы жайлы:

Сия-сауыт, қаламсыз

Ой қозғаған домбыра.

Дәптер кітап, қағазсыз

Сөз қозғаған домбыра, - деп толғайды.

Осы күнге ақынның үш домбырасы жеткен. Екуі өз музейінде тұр. Үшінші домбыра Алматы қаласында, Ықылас атындағы ұлт-аспаптар музейінде тұр. Ақынның осы күні жатын бөлмесінде тұрған домбырасын 1936 жылы КазПИ-дің студенттері сыйлапты.

Жәкеңнің аузынан шыққан жырларының бәрі 1936 жылдан бері түгел хатқа түскен. “Туған елімді” ең алғаш жазып алған – Әбділдә Тәжібаев. Одан кейін 1936-1938 жылдары үнемі Жамбыл ата қасында жүріп, жырларын жазып алған адам Қалмақан Әбдіқадыров. 1938-1940 жылдардағы әдеби хатшысы Тайыр Жароков болды. Ал 1940 жылдан ақын өмірінің соңына дейін Ғали Орманов әдеби хатшысы болды. 1936-1941 жылдар арасында Жамбылдың барлық жырларын орыс тіліне Павел Кузнецов аударған. Сол еңбегі үшін 1940 жылы оған “Құрмет белгісі” ордені берілді. 1941 жылы маусым айында Кузнецов соғысқа аттанып кеткен соң ақынның шығармаларын енді Марк Аркадьевич Тарловский, Дмитрий Снегин, Константин Алтайскийлер аудара бастады. Жамбыл Жабаевтың әдеби-мемориалдық музейіндегі әдеби хатшылардың жұмыс кабинетінде ескілікті, естелікті бұйымдар көп. Айталық 1943 жылы орнатылған телефон, пешке жапсарлас қойылған кітап шкаф, эскизін Амангелді Имановты бейнелей отырып әйгілі суретші Әбілхан Қастеев жасап, 1938 жылы “Алматы кілем” фабрикасы сыйға тартқан кілемді көресіз. 1939 жылы осы үйге қонақ бола келген Ленинград керамика зауытының жұмысшысы Варвара Максимович Григоренко ақынға көк ваза сыйлапты. Сыйлық иесі вазаның сыртындағы киіз үй мен табиғат бейнесін Жамбыл ақынның жанында отырып салған екен. Хатшылар кабинетіндегі және бір көк вазаны ақынның 140 жылдығында өзбек ақын-жазушылары сыйға тартқан. Кабинет төрінде «СИ» маркалы көне радиоқабылдағыш тұр. Туған ұлы Алғадайды соғысқа аттандырған әке майдан жаңалықтарын «СИ» арқылы үзбей тыңдап отырған деседі.

Жамбыл Жабаев портретін бейнелеген қылқалам шеберлері өте көп. Солардың бірі – өзбек қызы Исмаилова 1938 жылы ақынның көзі тірісінде пайдаланған заттары бейнеленген кесте тоқыпты. Қазақ сурет өнерінің атасы Әбілхан Қастеев «Жамбылдың сырт бейнесі де, төгілген жырлары да менің көз алдыма халқымыздың ерлік бейнесін елестетіп тұрады» деген екен.

Жамбыл ақын үш рет үйленген. Алғашқы әйелі Момыннан: Қожақ, Қожаш, Қожамберді, Күнтәй; екінші әйелі Талқайраттан: Аққұлы, Ақбала атты екі бала көрген. Үшінші әйелі Қанымжан Алғадай, Шыныбай, Ізтілеу, Тезекбай атты төрт ұл табады. Қазіргі кезде осы ұл-қыздарынан жүзден астам ұрпақ бар. Алғадай Жамбылұлы Екінші жаһан соғысында, 1943 жылы Украинаның Синельниково қаласында ерлікпен қаза тапқан. Ізтілеу Жамбылұлы да соғыста хабар-ошарсыз кеткен. Ең кенже баласы Тезекбай Жамбылұлы 1985 жылы 73 жасында дүниеден өткен.

Жамбылдың әкесі Жапа қарапайым шаруа адамы болған. Шешесі Ұлдан Жалайыр елінің қызы. Ұлданның туған бауыры Қанадан қобызшы болған екен. Жамбыл бала кезінде қой бағып жүріп ұйықтап кетіпті. Содан түс көреді. Түсінде аппақ сақалды қария келіп: балам домбыра аласың ба, көген аласың ба дейді. Сонда ұйқысынан атып тұрған Жамбыл: “Домбыра алам!” деп айғай салған көрінеді. Алайда әкесі Жапа баласына:

Екейде елу бақсы, сексен ақын,

Жаратып мінеді екен ерттеп атын.

Қобызы, домбырасы үнін қосып,

Гулейді жын қаққандай кешке жақын, - деген сөз бар, сен сексен бірінші ақын болмай-ақ қой деп ақындық өнерге қарсы болады.

Бірақ Жамбыл тағдыры басқаша шешілді.

Менің пірім Сүйінбай,

Сөз сөйлемен сыйынбай,

Сырлы, сұлу сөздері

Маған тартқан сыйындай, - деп жырлаған ақын заманында “айтыс өнерінің алтын діңгегі” саналған ақиық ақын Сүйінбайдан “Адал бол, шындықты жырла, халқыңа жақын бол!” деген бата алады.

Жәкең бір ғана Сүйінбайдың шәкірті емес. Сол тұста Жетісуда Майкөт, Қабан, Бақтыбай, Құланаян Құлмамбет сынды ақындар бар еді. Сүйінбай бастаған, Жамбыл түйіндеген осы сөз алыптары қырғыздың жыр-дастандарын көп білген.

Жамбыл шығармашылығына едәуір әсер еткен және бір тұлға Сарыбай Айдосұлы (1821-1864). Екей елінен шыққан алғашқы би. Екей елінің басын біріктірген. Жамбыл жас күнінде “Сарыбайға” өлеңін арнаған.

Сареке, салдым бір сөз сыныңызға,

Сіздің сын таразы ғой сырымызға.

Қолыма домбыра алып талап қылдым

Бересіз қандай баға ұлыңызға, - деп алдынан өтіп, ақ батасын алған.

Жамбылдың Досмағанбет, Құлмамбет, Айкүміс, Шыбыл, Шашубайлармен айтысы ел аузында. Соларының ішіндегі ең атақтысы – Құлмамбетпен айтысы. 1881 жылы Іле өзенінің бойында үлкен жиын өтеді. Сол жиында тоғыз ақынды бірдей жеңген Құлмамбет сөз қағысуға Жамбылды шақыртады. Құланаян Құлмамбеттің:

Болғанда мен ақ сұңқар, сен бір тауық

Сен әтеш, айқайлағыш ауық-ауық.

Болмаса аты шыққан Сүйінбайың.

Қалғанын қою керек, жылы жауып, - деген шабуылды сөзіне отыз бес жастағы Жамбыл:

Адамдықты айт, ерлікті айт, батырлықты айт.

Ел бірлігін сақтаған татулықты айт.

Қарынбайдай сараңдар толып жатыр,

Қалғанын қою керек жылы жауып, - деп жауап қайырған екен. Сол-ақ екен төңірегін түгел сөзбен жайпап отырған бағанағы Құлманбет бір сәт мүдіріп қалды деседі. Ал екпін ала сөйлеген Жымбыл бодан әрі:

- А, Құлмамбет, Құлмамбет!

Ағып жатқан сумен кет!

Сумен кетсең, ел ішер!

Судан шыққан бумен кет!

Онда да кесірің тиеді,

Қызарып батқан күнмен кет.

Күн де қайтып шығады,

Оттан шыққан күлмен кет!

Күлден ауру жұғады,

Қараңғы тұман түнмен кет!.. – деп бастырмалатып әкетсе керек.

Жамбыл Шашубаймен кездескен кезде өлеңді көп айта қоймай, тоқтап жүрген кезі екен. Сол жылдары ел ішіндегі әлдебір оқиғаға байланысты ағайынға өкпелеп, Балқаш көлі қайтқанда Арқадан бері өткен Шашубай, Шу, Іле бойын әнімен ажарландырып Алматыға келеді. Арқаның әсем әнін аспандата шырқаған ол Жетісу елін аузына қаратады.

«Әркімге сөйлеп-сөйлеп беріп жүрмін...» деп әнін тоқсан толқытып Алатау асырады. Ұлы жүздегі жиын-тойларда өз елін, Арқаны көтере мақтайды. Арқадан келіп Ұлы жүздің ішінде кісілікке жеткен, саудамен байыған Байбұлан, Бақия, Барлыбек, Тұрлыбек сынды адамдарды жер-көкке сыйғызбай мақтан етеді.

Сондай бір шалқымалы шақта Байбұлан Алатау атырабына аты шыққан Шапыраштының белді болысы Мәңкеге хабар салып, Жамбылды Алматыға алдырады. Ондағы ойы Жамбыл мен Шашубайды айтыстырмақ еді. Жамбылдың Алматыға келген хабарын естіген соң, Байбұлан: «Тамаша менің үйімде болсын», - депті.

Баласы Қошқарбайдың мен Шашубай,

Пәндесін артықты, кем қылған құдай.

Саңлағын алматының, жиып алып,

Сыйлады қонақ қылып Байбұлан бай.

Шаһарым Троискі, Қарқаралы,

Барады кешкі базар тарқағалы.

Бірқатар тосын адам кіріп келді.

Уа, шіркін, ішінде бұл адамның

Жамбыл бар ма,

Сол шіркін кеп отыр ма бағаналы? - деп гармонымен төңкеріліп, бір қайтарып тастап, Жамбылға, Жамбылмен ере келген кісілерге соқтығады.

Айтыс ұзаққа созылады. Түйінінде Шашубай Жамбылдың құдіретті де, қуатты сөздеріне мойын ұсынады.

Досмағабет молда мен Жабылдың айтысында ақынның тағы бір қыры ашылады. Досмағамбет білімді, Түркістан, Бұқара медреселерде оқып, шығыстық діни білім алған кісі. Демек оңай қарсылас емес.

Алайда батылдық пен шындықты бес қару еткен Жамбыл Досмағамбетке дес бермей, оны қаршығадан қорғалақтап, бұта-бұтаның арасында бұғып, дірілдеп отырған торғайға теңейді. Дүмше молдалардың ұнамсыз қылықтарын әшкерелейді, надандығын күлкі етеді. Досмағамбетке қорғанудан басқа жол қалмапты. Сөйтіп ол Жамбылдың кедейлігін, көріп жүрген жоқшылықты, оның кәрілігі мен өзінің жастығын айтып қарсыласып бағады. Бірақ бәрі бір Досмағанбет Жамбыл жырларының өткірлігі мен тасқынына, ойының дәлдігіне жауап таба алмады дейді...

Тоқтағұл Сатылғанов (1864-1933) қырғыздың атақты ақыны, композитор. Қазақ Жамбылмен әлденеше рет кездескен. Ақынның Тоқтағұлға арнаған өлеңі де бар. Шәбден төре Жанатаев қырғыз елінің манабы, орыс полковнигі болған. 1912 жылы осы кісіге арнап үлкен ас беріледі. Сол асқа қырғыз-қазақ ақындары түгел қатысады. Араларында Жамбыл да бар еді.

“Қызыл Қырғызстан” газеті 1938 жылғы 18 апрельдегі санында: “Бұл отырыста біз таң қалған іс – Жамбыл қырғыз қомузын, оның күйін өте жақсы біледі екен», - деген таңданысты мақала басылады.

Ол Тыныбекті көргенін, “Манасты” ондай ешкім айта алмайтынын айтты.

Алтынменен күмісті

Зергер үшін жаратқан

Арқар менен құлжаны

Мерген үшін жаратқан

Жетпіс беске келген соң

Біз сияқты жорғаны

Сендер үшін жаратқан.

Мұратәлі “елдік әуеннің классигі” деп аталған. 1860 жылы туылған. “Домбыраны адамша сөйлететін, қобыздың үнімен сурет салатын” Мұратәлі Күреңкеев 1949 жылы Фрунзе қаласында қайтыс болады. Жамбыл мен Мұратәлі күй жарысқа түскен. Жамбыл 13 күй тартса, Мұратәлі 15 күй шерткен. “Өлең сөзден жеңілген күніңіз болды ма дегенде – Мұратәлі күйшіден жеңілдім”, – деген екен Жамбыл ақын.

Қоқандықтарға қарсы күрескен Саурық, Сұраншы батырлардың ерлігін Жамбыл да жырлаған. Одан бөлек “Өтеген батыр”, “Қарасай батыр” сынды жырлары да бар.

Қазақ-совет әдебиетінің белді өкілі Сәбит Мұқанов батыр Бауыржан Момышұлын ертіп Жамбыл ақсақалға бата алуға барады. Сол жүздесуде С. Мұқанов: «Баяғы Ғазіретті Ғали сияқты майданда жауды жайпап жүрген Бауыржан деген батыр балаңыз осы», – дейді. Сонда Баукең: “Талай немісті қырып салған нағыз ердің ері соғыстан келіп еді. Енді соғысына қайта кеткелі жатыр. Сізге сәлем беріп, батаңызды алып кетемін», - дейді.

Жамбыл-Жәкең: “Түсі тым суық екен, батыр болса болар!» - деп Бауыржанға бұрылып: «Батыр болсаң сен Өтеген мен Сұраншыдан күштімісің, соны айтшы», - дейді. Батыр еш саспастан: “Өтеген қаптап келе жатқан өрт сияқты, Сұраншы сарқырап аққан су сияқты батыр болатын. Дүниеде от пен судан күшті жоқ. Мен ол екеуінің ешқайсысына пара-пар емеспін. Мен – оттың ұшқыны, судың тамшысы ғанамын, Жәке!» - деген екен.

Жамбыл Жабаевтың әдеби-мемориалды музейінде ақынның бала күнгі домбырасы тұр. Шамамен 1885 жылы шабылған. Сондай-ақ, жәдігерлер арасынан Жамбыл атындағы филормонияның әртістері сыйға тартқан, Жәкең оны Мәскеуге екі рет киіп барған қызыл зерлі шапанды, 1938 жылы ақын шығармашылық өнерінің 75 жылдығына орай түрікмен, өзбек ақын-жазушылары иығына жапқан шапандар мен қырғыз қаламгерлері тарту еткен ер-тұрман мен олардың ұлттық аспабы – қомузды осыннан жолықтырасыз. Айтпақшы, ақынның тіршілікте тұтынған ат-әбзелдері, қамшысы мен белдігі де осында тұр.

Қос алып – Жамбыл Жабаев пен Дина Нұрпейісованың жүздесуі ескермей кетуге болмайтын үлкен әңгіме. Дина Жамбылдың ауылына кешеуілдеп жетеді. Бір жас бала оны жетектеп алған деседі. Сырттан біреулер “Дина келе жатыр” дегенде, Жәкең орнынан ұмтыла тұрып: «Ойбай, ол кемпірдің алдынан өзім шығайын», - деп есікке қарай беттепті. Бір шал, бір кемпір тағы шұрқыраса амандасады. Бірін-бірі құшақтап, арқадан қағысады. Бірі: “Шалым-ау, орденің құтты болсын!” - десе, екіншісі: “Мен сені алаңдап көп іздедім, неге жатып алдың, а?” – деп наз айтатын көрінеді. Ал екеуін қаумалаған жұрт кемпір-шалдың бұлайша сәлемдескеніне, қалжың әзіліне мәз-мейрам болып күлісіп жатады. Дастарқан басына отыра бергенде, Жәкең домбырасын қағып жіберіп:

Көп болды, Дина, сені көрмегелі

Орден ап, өрге шауып өрлегелі

Сен дегенде, көңілдің ілгіші бар

Келдің бе, сол ілгішті жөндегелі? - деп бір өлеңді бастай беріпті. Артынша Жәкеңнің қолқа салуымен Дина шешеміз Құрманғазының “Серперін” шертеді. Сонда тәтті күйдің әсерінен арыла алмай отырған қарт жырау: “Динажан-ай, қолың неткен шебер еді!» - деп сүйсініпті. Сонда күйші Дина: “Сіздің мына сөзіңіз менің ұстазым Құракеңнің сөзімен төркіндес болды-ау. Ол кісі кезінде: “Менің оң қолыммен Динаның сол қолын бір кісіге берсе, дүниеде одан асқан домбырашы болмас еді деп еді, жарықтық», - дейді.

Жамбылдың ізін басқан шәкірттері де баршылық. Олар: атақты Кенен Әзірбаев, Үмбетәлі Кәрібаев, Қырықбай Жартыбаев, Есдәулет Кандеков, Қуат Терібаев. Ал жамбылтанудың негізін салған ғалымдарды тілге тиек еткенде алдымен Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Сапарғали Бегалин, Сұлтанғали Садырбаев, Есмағанбет Ысмайыловтар аталады. Содан кейін келесі буын зерттеушілері – Мырзатай Жолдасбеков, Мұхамеджан Етекбаев, Нағашыбек Қапалбекұлы, Уәлихан Қалижан, Серік Негимов, Рафат Әбдіғұлов, Тәуірбек Сұртаев, Рәтбек Терлікбаевтарды тілге тиек етеміз.

Жамбыл Жабаев және Екінші дүниежүзілік соғыс тақырыбы ақын өмірінің айтулы бір кезеңін қамтиды. Сұрапыл соғысқа аттанып бара жатқан қазақтың батыр ұлдары Бауыржан Момышұлы, Мәлік Ғабдуллиндер қарт жыраудан бата алған еді. Сондай-ақ, майдангерлерден ең көп хат алған қазақ ақыны – Жамбыл Жабаев. Музейде шамамен сондай хаттардың 500-ден астамы сақтаулы.

1941 жылы Ленинград жау қоршауында қалғанда қазақ ақыны Жамбыл Жабаев қоршаудағы қала тұрғындарына дем беріп, қолдау көрсету мақсатында әйгілі «Ленинградтық өренім» өлеңін жазады.

Ленинградтық өренім!
Мақтанышым сен едің!
Нева өзенін сүйкімді!
Бұлағымдай көремін... –
деп басталатын ұзақ толғауды Кеңес өкіметі тараған 1991 жылға дейін совет оқушылары оқулықтан оқып-жаттап келді.

Жамбыл Жабаев осы өлеңі үшін 1943 жылы “Ленинградты қорғағаны үшін” медалімен марапатталады.

Мақаланың бас жағында бір сөзімізде Жамбыл бейнесін кенепке түсірген қылқалам шеберлері қазақта ғана емес, әр елде молынан кездесетінін айтқанбыз. Сол сөзіміздің дәлелі ретінде бірқатар авторлардың бірқатар еңбектерін тізіп шықсақ:

“Жамбыл ақындар атасы”. Авторы С. Керімбеков, “Жамбылдың Фурмановпен кездесуі” (Сухов) 1950 жылдар, “Туған ауылы ақынның 100 жылдығын тойлауда” (О. Таңсықбаев), “Жамбыл мен Дина” (Карповский), “Жамбыл балалармен бірге”(Янковский), “Сталинмен кездесу (Симкин), “Жамбыл портреті» (Оразғалиев), “Жамбыл Грузияда» (Симкин), “Жамбыл Жабаев” (Торшин), “Жамбыл президиумда” (Карповский), “Жамбыл мен Құлмамбеттің айтысы” (Мартова, Фролова). Сондай-ақ “Жамбыл ат үстінде “ мүсінін ақынның 125 жылдығы қарсаңында әйгілі сәулетші Хәкімжан Наурызбаев қалыптаған болатын.

Жамбыл-Жәкең өмірден өтерде өзі өсиет етіп, сүйегін ата-бабалар жатқан қабірстанға емес, өзі тұрған үйінің іргесіндегі алма бағына жерлеуді аманат етеді. Ақын 1945 жылы 22 маусымда жүзге қараған шағында дүниеден өтті. Сөйтіп сүйегі жалпы қорымнан бөлек, үйінің артқы жақ алаңқайына жерленеді. Ал келер 1946 жылы жүз жылдық мерейтойы қарсаңында, Жамбылдың басына шығыстық үлгіде қиюластырған биіктігі 18 метрлік кесене тұрғызылады. Кесененің жобасын Қазақстанның халық суретшісі Әбілхан Қастеев жасаған. Сәулетшісі – сол кездегі Алматы қаласының бас архитекторы Белоцерковский.

Кесенеге аракідік күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп тұрды да, 1971 жылы ақ мәрмәрмен қапталады. 1983 жылы күмбезі тағы да 4 метрге биіктетіліп, сән салтанаты бұрынғысынан да арта түседі. Ақынның 150 жылдық мерей тойы қарсаңында Иран елінен арнайы алдырылған ою-өрнекті плиткалармен көмкеріліп, кесене алдына, өмірде өзін желеп-жебеген қызыл жолбарыстың мүсіні қойылады.

Жыр алыбы Жамбылдың жанында, тағы да сол өзі өсиеті бойынша, қазақтың дәулескер күйшісі, атақты композитор Нұрғиса Тілендиев жатыр.

«Жамбыл – менің жәй атым, Халық – менің шын атым» деп жырлаған ақынның әдеби-мемориалды музейінің ұзақ та қысқаша (қағаз бетінде) тарихы, міне, осындай.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар