Қазақстан Жазушылар одағының мүшеcі, ақын Ерлан Жүніс пен "Әдебиет порталының" жетекшісі, ақын Бауыржан Қарағызұлы қызылжарлық оқырмандарымен жүздесті. Алдымен Назарбаев Зияткерлік мектебінде ұйымдастырылған “Ақын да бір бала ғой айға ұмтылған” атты әдеби кешке қатысып, кейін киелі қарашаңырақ, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушылар Мағжан Жұмабаев пен Сәбит Мұқановтың ізі қалған “Солтүстік Қазақстан” газетінің ұжымында болды.
Мемлекеттік “Дарын” жастар сыйлығының иегері, халықаралық “Шабыт” шығармашыл жастар фестивалінің “Әдебиет” аталымы бойынша Гран-При иегері Ерлан Жүніс жаңа буын арасынан өзінің отты жырымен жарқырап шыққан жас ақындардың бірі. Ол “Жыр-Перзент”, “Киелі түндердің дұғасы”, “Хауас”, “Ғаусар”, “Үміт жырлары” атты жыр жинақтарының авторы. Назарбаев Зияткерлік мектебі жанынан құрылған жас ақындар үйірмесінің мүшелері құрметті қонақтарға өздерін мазалаған сауалдарын қойды. Соның ішінде өлең жазу үшін шабытты қалай шақыруға болатынын сұраған оқушыға:
– Пушкин “Геометрияға да шабыт керек” дейді ғой. Сол сияқты кез-келген істі, соның ішінде өлеңді де шабыт келгенде жазған дұрыс. Бірақ шабытты қолдан шақыруға да тура келетін сәттер болады. Шабыттың қашан келетінін күтіп жүрсең бүкіл өмірің өтіп кетеді ғой. Менің алғаш өлең жазуыма бір оқиға себеп болды. Анам жұмыс істейтін жетімдер үйіне бара жатып, есік алдында жатқан қорапты көрдім. Ішінде мысық мияулағандай болды, сөйтсем ол анасы тастап кеткен сәби екен. Осы оқиға менің санамда төңкеріс жасап, қолыма қалам алғызды, – деді ақын.
Ал “Шабыт” шығармашыл жастар фесивалінің жеңімпазы Бауыржан Қарағызұлын қызылжарлық оқырман жақсы таниды. Петропавлдағы Мағжан Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледжде оқып жүргенде өлеңдері жергілікті басылымдарда шығып тұратын. “Жұмбақтасқа жауған күз”, “Өң.Мен.Түс.”, “Жүрек кітабы”, “Топырық демі” (қырғыз тілінде) атты өлеңдер жинағының авторы. “Солтүстік Қазақстан” газеті ұжымымен кездесуде ол тағы бір кітабы кәріс тіліне аударылып жатқанын жеткізді.
– Өлең әркімге әртүрлі қонады. Мен колледждің үшінші курсына келгенде ғана қолыма қалам алдым. Бұған дейін поэзияға онша қызықпайтынмын. Алғашқы жырларым осы Қызылжарда туды. Пост-модерн стиліндегі өлеңдерімді қырғыз ақыны аударып, кітап қылып шығарды. Бішкекте тұсаукесерін жасады, жақында тағы бір кітабым кәріс тілінде жарық көреді. Ақындардың шығармалары өзге тілге аударылып жатқаны қазақ әдебиеті үшін зор жетістік, – деді ақын.
Бүгінде Бауыржан Қарағызұлы Астанада “Әдебиет порталы” интернет-жобасының жетекшісі қызметін атқарады. Бұл порталға қазақ әдебиетінің бұрынғы және қазіргі 5 мың ақын-жазушысының шығармалары енгізілген. Кез-келген оқырман интернет арқылы ұнаған кітабын оқи алады.
adebiportal.kz
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.