Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ
Жазушысын ардақтаған Оңтүстік...

25.10.2017 7492

Жазушысын ардақтаған Оңтүстік

Жазушысын ардақтаған Оңтүстік - adebiportal.kz

Тарихы тым тереңде жатқан Оңтүстік Қазақстан өңірі елінің жоғын жоқтап, барын асыратын ақын-жазушылардан кенде болған емес. Қай заманда болмасын, ақын-жазушылар қоғам барометрі болған. Қоғамда болып жатқан келеңсіз жайттарда, қуанышты оқиғаларды билікке шығармашылық адамдары бірінші болып жеткізіп отырды. Басшылар қаламгерлермен әрқашан санасып отырды. «Әкімі ақынын ардақтаған ел бақытты» демекші, жақында жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық әдеби «Алаш» сыйлығының лауреаты Еркінбек Тұрысовты 90 жасқа толған мерейтойымен облыс әкімі Жансейіт Түймебаев арнайы қабылдап:

– Биылғы жылы сіздің 90 жылдық мерейтойыңызға орай облысымызда бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылып отыр. Күні кеше ғана Бәйдібек ауданының Ақтас, М.Әуезов атындағы жалпы орта мектептерінде оқырмандар конференциялары, аудандық спорт кешенінде волейболдан турнир және шығармашылық кеш ұйымдастырылды. Бүгін Түркістан салтанат сарайында «Дәуір дастангері атты» шығармашылық кешіңіз өтпек. Сіз, ұлттық әдебиетіміздің көшбасындағы аға буын өкілдерінің бірісіз. Сондықтан сіздің шығармаларыңызды бүгінгі ұрпаққа насихаттап, оларды отансүйгіштікке тәрбиелеуіміз қажет, - деді.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Туған жер» бағдарламасы жөнінде айтылған болатын. Бұл бағдарлама бойынша әрбір азамат өзінің туған жеріне қол ұшын созғаны абзал. Материалды-рухани тұрғыда болсын. Еркінбек Тұрысов туған жерін түлетуге бар саналы ғұмырын арнаған жан деп айтуға болады. Мұндай патриот азаматтарды қалай құрметтесек те жарасады.

Осыған орай, «Отыз күн ойын, қырық күн тойын» демекші, облыс әкімінің қабылдауынан соң Шымкенттегі «Түркістан сарайында» жазушының мерекелік кездесу кеші өтті. Салтанатты шараға ақын-жазушылар мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Кешті жазушы Мархабат Байғұт жүрігізіп отырды. Жазушыны облыс әкімінің орынбасары Ербол Садыр және облыстық мәслихат хатшысы Қайрат Балабиев арнайы құттықтады. Ербол Садыр жазушыға алғыс айтып, оның шығармашылығымен жас өскін сусындай беретінін жеткізді. Халықты рухани сусындатып жүрген жазушыға көмектерін аямайтындарын да хабарлады.

90 жасты бағындарған жазушының оқырман қауымды тәнті еткен 600-ге жуық тарихи, көркем публицистикалық шығармалары бар. Қаламгер жазған «Келіншектау», «Ақбақай», «Замана перзенттері», «Мәңгілік сарын» атты дүниелер – қазақ әдеибетінің асыл қазынасы деуге болады.

Жазушының жазған-сызғандарына өз дәуірінің классиктері болған Мұхтар Әуезов, Шыңғыс Айтматов, Ғабит Мүсірепов, Бауыржан Момышұлы және Қасым Қайсеновтер жоғары баға беріп, оң пікірлерін білдірген. Есімі елге танылған азамат саналы ғұмырында өңірдегі қарашаңырақ «Оңтүстік Қазақстан» газетінде абыроймен еңбек етті. Аудандық «Алғабас» газетінде бас редактор болып бірнеше жыл жемісті еңбек етті. Биыл қыркүйек айында автордың екі томдық шығармалар жинағы «Қазығұрт» баспасынан жарыққа шықты.

Мерекелік кеште Халық ақыны Әселхан Қалыбекова жазушыға отты жыр арнады. Әлі де болса оқырмандарына берері көп екенін айтып, жазушыны да, келген қонақтарды да бір серпілтіп қойды. Кезінде ірі қызмететтер істеген Оразгүл Асанғазы жазушыға жүрекжарды лебізін білдірді. Мерейтой мерекелік концертке ұласты.

Абылай Есімбай


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар