Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СЫН
Жердің жайын жырлаған шерлі шайыр...

27.11.2018 7365

Жердің жайын жырлаған шерлі шайыр

Жердің жайын жырлаған шерлі шайыр - adebiportal.kz

«Алаш қозғалысының, Алашорда жетекшілерінің аса ірі тарихи еңбегі жерін сақтап қалуымен байланысты» (Ербол Тілешұлы) болса, бұл тақырыпта қалам қайраткерлерінің де еңбегі орасан болды. Алаш арыстарының басты назарында болған мәселенің бірі – жер мәселесі болды дейтініміз сондықтан. Жер хақында Ахмет Байтұрсынұлы: «Қазіргі қазақ мәселесінің ең зоры – жер мәселесі. Бұл қазақтың тірі иә өлі болу мәселесі», - деген.

Алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбай «Алаш» партиясының ұлттық ұстанымы бес түрлі тұжырымға негізделгенін айта келіп, оның ең бірінші тұжырымына тоқталады:

«Бірінші ұстаным: жер, жер және жер. Жерсіз Отан жоқ. Әлихан Бөкейханның ұйғарымы бойынша: «Қазақтың байырғы жерін қашан қазақтар өз бетінше ғылым мен техникаға сүйеніп толық игермейінше, жер жеке меншікке де, қоныстанушыларға да берілмейді».

Алаш партиясының бағдарламасында: «Учеридительное собрание негізі закон жасағанда жер сыбағасы алдымен жергілікті жұртқа берілсін деу; қазақ жер сыбағасын отырған жерлерден алып орналасқанша, қазақ жеріне ауған мұжық келмеу», - деп шегелеп тұрып белгілейді.

Ғалым Ербол Тілешұлының сөзімен айтқанда: «Алаш қайраткерлерінің ерен қабілеті, ұлтына деген ерекше махаббаты, туған жұртының бүгінгісіне көңілі толмаған күдігі мен азат болашағына сенген үміті кейінгілерге үлгі боларлық әдеби туындыларды өмірге әкелді». Солардың ішінде жерім деп еміренген, әдеби шығармаларында жер мәселесін көтерген ерекше ақындардың бірі – Мағжан Жұмабаев.

Біз Мағжанды көбіне сыршыл ақын, махаббат жыршысы деп танимыз ғой. Әлбетте, оған дауымыз жоқ. Алайда аласапыран уақыт, замана жүгі, Алаштың мұңы Мағжанды ойландырмай, толғандырмай қойған жоқ. Мұның бәрі кейін өзіне зиян болып тиерін сезсе де, бас кетерін білсе де, шерлі шайыр тілін тартқан жоқ. Бас тарту, бас қамын күйттеу – Алаш ақыны үшін өліммен тең еді.

Мағжанның «Туған жерім – Сасықкөл» өлеңінде туған жерінің, көлінің көркем көріністерін:

«Алыстан мұнарланып шалқыған көл,

Бетінде күннің нұры балқыған көл.

Жарысып саф күмістей ақ көбігің,

Мап-майда мөлдіріңде қалқыған көл», - деп кестелей келе, соңғы жағында:

«Білмеймін не боларың, қайран көлім,

Жарайды тең болмаса күн мен түнің.

Итиіп қарашекпен келіп қонса,

Басыңнан құсың ұшып кетер сенің», - деп қауіптің қайдан келерін де анық аңғартады. Хәкім Абай кезінде:

«Қалың елім, қазағым, қайран жұртым,

Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың.

Жақсы менен жаманды айырмадың,

Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың», - деп қалай толғанса, ақын Мағжан да «Қазағым» атты өлеңінде:

«Жетті енді қам жер мезгіл, жатпа бекер,

Ойламау келешекті түпке жетер!

Надандық қоршап алған тұс-тұс жақтан,

Жан қорқып, дене тітіреп, есің кетер», - деп күрсіне келе, жерден айрылып жатқан қазақтың басындағы бейнетті былайша бейнелеп береді:

«Бар жерді күннен-күнге алып жатыр,

Хохолдар алып, қала салып жатыр.

Қырылысып өзді-өзімен қазақ сорлы,

Жерінен аузын ашып қалып жатыр».

Ал «Осы күнгі күйінде»:

«Жер кетті, жаның кетті, қам жемедің,

Құл болдың қара табан енді малсыз», - деп күйінеді Мағжан ақын.

Патшалық Ресей болсын, Совет өкіметі болсын, «мұрагерлікпен» жалғасқан отарлау саясатынан туындаған сан мың лаңкестіктің сүгіреті көз алдыңызға келе қалады. Шынымен де, отарлаушылар алдымен қазақтың жерін тарылтты, одан кейін малынан арылтты. Жекеменшіктегі малдарын тартып алып, қазақты ұжымдастырамыз-колхоздастырамыз деп бар мүлкін ортаға салды. Байларды жоқ қылды, көзін құртты, ендігі жерде сіңірі шыққан кедей-кепшіктер үкіметтің дегенімен жүрмеске амалы қалмады. Қазақтар қаңғып жұмыс істеп, бір тілім нан табу қамымен зауыттарға орналасу үшін қалаларға кетті, тоз-тозы шықты, осылайша малынан айырылған халық жанынан да айырылды.

«Жерден айырылса, сіңірі шыққан қу кедей болмақшы. Осындай қу кедей болуды ғылым тілінде «пауперизация» дейді. Қазақ арасында пауперизация жасаса, орыстың өндірісшіл капиталына арзан малай көбеймекші», - деп Қошке Кемеңгерұлы қалай дөп басып айтқан десеңізші!

Қазақ осындай отарлаудан соң аштыққа ұшырады, қаймағы бұзылмаған бүтін бір ұлтқа геноцид жасалды. Қазақ өз жерінде өгейдің күйін кешті. Өз басымен әуре болған елдің өз территориясындағы шұрайлы да құнарлы жерлерге иелік етуге, бас-көз болуға қауқары да қалмады. Алаштықтардың жер-жер деп шырылдауы бекер емес еді. Кеше ғана түркінің жері болған Орал тауын алайықшы. Ол да бүгін Ресейдің тұмсығының астында тұр.

Осыған қатты ашынған ақын:

«Қарашы төңірекке мойның бұрып,

Алтай, Орал бойында тұрған түрік.

Аты да, заты да жоқ, дыбысы жоқ,

Жоғалған әлдеқайда іріп-шіріп...

Осындай атамекен жерлеріне,

Қасиетті атаның көрлеріне –

Аузы түкті шетелдер ие болып,

Көрсетіп тұр қысымды ерлеріне», - деп жырлады. Мағжан жер мәселесін, ел мәселесін айта отырып:

«Шарқ ұрып ерікке ұмтылған түрік жаны,

Шынымен ауырды ма, бітіп хәлі?!

От сөніп жүректегі, құрыды ма

Қайнаған тамырдағы ата қаны?!» - деп алыстағы бауырына мұң шағады, бұрынғы асқақ рухын аңсайды.

«Бауырым! Сен о жақта, мен бұ жақта,

Қайғыдан қан жұтамыз. Біздің атқа

Лайық па құл боп тұру? Жүр, кетелік,

Алтайға, ата мирас алтын таққа», - деп те шамырқанады шайыр.

Осылайша елім-жерім деп күңірене толғаған ақын өкіметке қайдан жаға қойсын?! Адам ойына келмес айыптар тағып, ақынды абақтыға тығады ақыры! Бұл тек бір Мағжанның басындағы хәл емес, бүкіл алаштықтардың маңдайына жазылған тағдыр еді. Түрме табалдырығын аттамаған бір алаштық жоқ шығар, сірә. Бостандықта жүрген Мағжан Міржақып Дулатұлына арналған «Тұтқын» өлеңінде:

«Кеудеде – от, іште – жалын, көзде – жас,

Күні-түні қайғы жұтқан сорлы бас.

Сабан төсек, дым, қараңғы жатағы,

Наны қара, шайы қара, қарны аш», - деп түрме тіршілігінің ауыртпалығын жырға қосады. Ал «Жауға түскен жанға» атты өлеңінде түрмеде қамалып жатқан ақын Міржақыпты жырымен демейді.

«Қараңғы үйге қамады,

Мейірімсіз өңшең тасбауыр.

Сорлыға Тәңірі пана-ды,

Болса да бейнет қаншау ауыр», - деп көңілін аулап, Алаш көсемінің еңбегі бүгін болмаса да, ертең еленетінін айтады:

«Келешек күнде қағазға

Алтынмен жазар атыңды.

Құшақтап сүйер, қағазда

Көрсе жазған хатыңды».

Ақынның айтқаны айдай ақиқат екенін уақыт өзі дәлелдеп берді. Алаштықтар ұлт мұраты жолында жандарын қыйды. Олардың өзі өлсе де, ізі өшпейтіні осыдан. Оларды темір түрме жасыта алған жоқ. Қайта ажал сепкен сталиндік режимге Ахметтер қасқайып қарсы тұрып:

«Қинамайды абақтыға жапқаны,

Қиын емес, дарға асқаны, атқаны», - деп Алаш үшін шейіт кетсе һеш өкінбейтіндерін ашық айтты. Сондықтан да түркітектес елдердің ішінде зиялысы жүз пайыз қырылған да – қазақтар.

Абақтыға жабу демекші, Міржақыптың басына түскен бұл сынақ Мағжанды айналып өткен жоқ... 1929 жылы М.Жұмабайұлы «Алқа» атты жасырын ұйым құрғаны үшін деген айыптаулармен Мәскеудегі Бутырка түрмесіне қамалып, 10 жыл айдауға кесіледі. 1936 жылы М.Горький мен Е.Пешкованың араласуымен бостандық алып, Қазақстанға қайтады. Десе де, алда әлі талай зобалаң күтіп тұр еді...

Абақты дәмін Мағжан мұның алдында да татқан болатын. Яғни 1917 жылы «Үш жүз» партиясы өкілдерінің жалған айыптауымен бір айға жуық абақтыға отырып шыққан болатын. Ақын жаны шерленді, ақ сезімі жерленді, мұңы жырмен мөрленді.

«Абақтыда айды, күнді жаңылдым,

Сарғайдым ғой, сар даламды сағындым.

«Қарашығым, құлыным!» деп зарлаған

Алыстағы солры анамды сағындым...» - деп басталып, тар қапаста өткен азапты күндерін жүрек-еті езіле отырып тілге тиек етті. Мехнатқа мойымайтын Мағжан ақынның бір сәт айналасына оқты көзімен айбарлана қарап алып:

«Тірілтейін алып атам аруағын,

Тазартайын Сарыарқамның топырағын.

Жан-жағына тегіс билік жүргізіп,

Кемеліне келсін кейінгі ұрпағым», - деген бата-тілегі қабыл болып, тілекті Тәңір берді. Алашының, қазағының азаттық аларына кәміл сенген көреген Мағжан:

Не көрсем де, Алаш үшін көргенім,

Маған атақ – ұлтым үшін өлгенім!

Мен өлсем де, Алаш өлмес, көркейер,

Істей берсін қолдарынан келгенін!

Қалың елім, қалың қара ағашым,

Қайраты мол, айбынды ер Алашым!

Өзі-ақ құлар, сырың берме, сабыр қыл,

Ақымақтар байқамаған шамасын», - деп Совет өкіметінің құлайтынын екі ауыз өлең-сөзбен айтып кетіпті, жарықтық!

Міржақып «Оян, қазақ!» деп жар салса, Мағжанның да ең басты мұраты – елін ояту болды. Алаш аманатына адал болайық, шынайы рухани жаңғыру деген осы.

Бауыржан БЕРІКҰЛЫ


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар