Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Зира Наурызбаевамен диалог: «Зылиха көзін ашты» ро...

15.09.2017 6208

Зира Наурызбаевамен диалог: «Зылиха көзін ашты» романы модернизация жайлы ма?

Зира Наурызбаевамен диалог: «Зылиха көзін ашты» романы модернизация жайлы ма? - adebiportal.kz

Кіріспе

Гүзел Яхинаның 2015-2017 жылдары Ресейде бестселлерге айналып, «Ясная поляна», «Большая книга» жүлделеріне ие болған «Зылиха көзін ашты» атты романы қаламгерлер мен оқырмандар арасында қарама-қайшы екі пікір тудырды. Жазушының 30 жылдардағы коллективтендіру тақырыбына қайта оралып, «татар халқының ұлттық бейнесін» көрсетпек ниетпен жазылған романын орыс қаламгерлері түгел мақтады, ал татар қаламгерлері аяусыз сынады.

Белгілі орыс жазушысы Людмила Улицкая туындыны «тозақтағы махаббат пен мейірімділік» деп атады. «Фазиль Искандер, Шыңғыс Айматов пен Олжас Сүлейменов сынды орыс тілді, бірақ қос мәдениетті қаламгерлер қалыптастырған дәстүр оралды», - деп бағалады. Ал татар ғалымы, филология ғылымдарының докторы Милеуша Хабутдинова «Зөләйханың күзләренә карасаң» атты мақаласында «автор намысы тапталған шығыс әйелі жайлы советтік миф шырмауынан шыға алмаған», «оқиға желісі – совет кітаптарынан жинақталған коллаж», «Яхина татар ағайындарын отаршылдық империя мырзаларының нәсіліне айналуға шақырады», - деп жазды. Татар саясаткері Руслан Айсин «Бір сатқындық туралы» атты мақаласында «Роман рухани негізі мен тегінен айрылған адамның мүсәпірлігі жайлы», - деп сынады.

Қыркүйектің жетісі күні Фейсбук парақшама: «Осы туынды жайлы қазақтар не ойлайды екен? Қазақтар бұл романды қалай қабылдады екен?», - деген сұрақ қойған едім. 20-25 жасар Сая атты оқырман кітаптан алған әсерін былай деп суреттеді:

«Маған қатты ұнады кітап. Адамдарға тарих керек пе, Гумилевті оқысын адамдар. Лагерь керек болса, Солженицынды оқысын. Əрине, бұл кітап та масштабы жағынан сондай демеймін, бірақ мені толқытты. Зулейха үшін уайымдадым. Лейбені аядым. Қалт-құлт етіп жүрген интеллигент адамды əдемі көрсеткен деп ойлаймын. Игнатовты да жек көрмедім. Адамды жағдайдан жұлып алуға болмайды. Роман махаббат туралы. Өмір сүруге деген махаббат туралы».

Қазақстанның белгілі жазушысы, антрополог және аудармашы Зира Наурызбаева екеуіміз бұл туындыны тереңірек талдаған едік. Назарларыңызға белгілі қаламгермен виртуалды әлемде орын алған осы қызықты диалогты ұсынамыз.

Зәуре Батаева:

«Зылиха көзін ашты» романы жайлы алғаш рет 2015 жылы америкалық аудармашы және әдеби блогер Лиза Хайденнің блогынан оқыдым. Лиза Хайден мақаласында «Автордың күрделі дүниелер жайлы қарапайым тілмен жазғаны ұнады» деп жазыпты. Романды оқып шыққан соң, өз басым дилеммаға тап болдым.

Зайыбы Мұртазаға «кулак» деген жала жауып, көзінше атып өлтіріп, дүние-мүлкін тәркілеген большевик Игнатов жас татар әйелі Зылиханы Сібірге айдап әкетеді. Айдауда, адам жаны төзбес жағдайларда осы уақытқа дейін «санасы қараңғы» Зылиғаның көзі ашылып, мүлдем жаңа өмірге аяқ басады. Құрсағындағы сәбиі аман-есен дүниеге келіп, Зылиханың жас жүрегі ұлының әкесін атып тастаған Игнатовқа бұрылады.

Таза проза тұрғысынан қарасақ, оқиға желісі өте қызықты, оқырманды баурап алады. Бұл жағынан Саяның пікірімен келісемін. Жазушы «татар Скарлетінің» бейнесін сомдағанын да мойындаймын. Кейіпкердің шынайы болып шыққаны – Гүзел Яхина отбасының естеліктеріне сүйеніп, өзінің туған әжесінің өмірін баяндағандықтан болар. Және коллективтендіру – әлі де өзекті тақырып. Кешегі тарихымыз жайлы қандай формада болмасын, әлі де деп көбірек айтуымыз қажет.

Дегенмен, автордың миллиондаған жазықсыз адамдардың обалына қалған жүйенің жендеттерін махаббат жайлы оқиғаның кейіпкеріне айналдырып, оны жағымды қылып көрсетпек ниетін қалай түсінеміз? Бұл шығарманы атасы мен әжесі қызылдардың қолынан қаза тауып, нағашы атасы он жылдан астам өмірін Сталиннің лагерінде өткізген мен сияқты оқырмандар қалай қабылдауы тиіс? Кешегі тарихы аянышты елде бұл кітап қалайша бестселлер болды деген ойға қалдым.

Зира Наурзбаева:

Мен бұл роман жайлы көп естідім, себебі жарнамасы күшті болды. Шынымды айтсам, Батыс оқырмандарына ұнап, орыс тіліне аударылған Ауғанстан не Пәкістан жайлы феминистік роман екен деп ойлаған едім. Бұл тақырып маған мүлдем қызықты емес. Романға сенің жуықтағы жазбаларың мен Р. Айсиннің рецензиясын оқығаннан кейін ғана бас қойдым. Сондықтан алған әсерім «пәк» емес дер едім. Алдын ала әзірленіп алғандықтан ба, әлде басқа себептермен бе, шығарманы эмоциялық тұрғыдан қатыспай, бейтарап оқыдым.

Менің көзіме бірден түскені – тарихи қателіктер. Мысалы, басты кейіпкер қызылдарды «красноордынцы» деп атайды. Романда «Отец много рассказывал ей про Золотую Орду, чьи жестокие узкоглазые эмиссары несколько столетий собирали дань в этих краях и отвозили своему беспощадному предводителю – Чингисхану, его детям, внукам и правнукам» дейтін жері бар. Біріншіден, оқымаған адамдар Алтын Орданы қайдан біледі? Бұл кезең халық жадынан, ауыз әдебиеттен өшкелі қашан! Екіншіден, егер татарлар Шыңғысханның мұрагері ретінде ол заманды есінде сақтады десек, онда неге әкесі «узкоглазые эмиссары» дейді?

Тағы бір айта кетер жәйт, романның алғашқа тарауында, яғни «татар» бөлімінде, Зылиха үй иелері, су иелері сияқты татар халқының төменгі демонология кейіпкерлеріне табынып, оларға сый тартады. Ал романның соңғы тарауында, яғни «Сібір» бөлімінде, Зылиха ұлына парсы сопысы және ойшылы Аттардың «Құстар әңгімесі» деген күрделі символикалық поэмасын айтып береді. Зылиханың әкесі оған «симург» құсын татарлар «семрук», ал қазақтар мен басқа халықтар «самұрық» деп атайтынын түсіндіріп беріпті-міс. Теориялық тұрғыдан, Зылиха төменгі демонология жайлы білімін анасынан, ал сопылық білімін, ортағасырлық аңыз жайлы, тарих жайлы әкесінен естіді деуге келер. Бірақ қызының білімін ойлаған адам оны өзінен отыз жас үлкен қараңғы шаруаға тұрмысқа бере ме? Ғалым Милеуша Хабутдинова жоғарыда аталған мақаласында романдағы осы сияқты тарихи қателіктер мен автор қате сипаттаған әдет-ғұрыптарды жақсы көрсеткен.

Зәуре Батаева:

Бұл пікіріңізбен толығымен келісемін. Бірақ, шынымды айтсам, тарихи деректердің қателігіне мен аса мән бермедім. Себебі бұл туындының жанры «тарихи роман» емес қой. Бұл туындыны «альтернативті оқиға» жанрына да жатқызуға келмейді. Мүмкін «тарихи фэнтези» болар.

Зира Наурзбаева:

Иә, бұл – тарихи роман емес. Бірақ шығармадағы тарихи қателер немесе шындыққа жанаспайтын нәрселер жазушы тарапынан кеткен ағаттық емес. Мәтінге қарасақ, Гүзел Яхина кулактарды тұтқындаған чекист оларды пойызбен Сібірге айдап апармайтынын, әсіресе ауғындар тұратын ауылдың коменданты болмайтынын біледі. Интеллигенция өкілдерін Сібірге жер аударылған кулактармен этаппен апармағандарын және олардың кулактармен бір мекенжайда тұрмағаны да жақсы біледі. Автор тарихи тұрғыдан қате болып саналуы мүмкін әр жағдай үшін дәйектеме бермекке әрекеттенгенін мәтіннен байқауға болады. Мысалы, Игнатов өзінің досы және бастығы Бакиев өзін эшалонның бастығы ретінде Сібірге мәжбүрлеп жіберу арқылы төніп тұрған «тазартудан» қорғап қалғанын кейін біледі. Ленинград интеллигенциясын «кулактар эшелонына» бекеттің бастығы мәжбүрлеп алдырады. Авторға ойын жеткізу үшін оқиға желісін солай өрбіту қажет болған. Бұл тақырыпқа біз тағы ораламыз.

Зәуре Батаева:

Хабутдинова мақаласында авторды «М.Шолоховтың «Поднятая целина» немесе В. Шишковтың «Угрюм-река» шығармаларын зейін қойып оқымаған оқушы сияқты, эпикалық тереңдікке жете алмаған» деп сынады. Бірақ мен романнан әдеби шығармалардың әсерін емес, «Белое солнце пустыни» сияқты советтік «вестерндерге» тән карикатуралық кейіпкерлер мен диалогтардың әсерін көбірек байқадым. «Шығыс-Батыс» киносының әсерін байқадым. Оқиға желісіне патефон үнін қосу да – клише, советтік киноштамп. Автор гротеск және карикатура әдістерін көп қолданған. Мысалы, Лейбенің үстінен домалақ хат жазған Груня мен Степан жұбы –карикатуралық бейнелер. Зылиха «обыр» деп атайтын Мұртазаның анасын бейнелеуде асыра сілтеу байқалады.

Зира Наурзбаева:

Карикатура мен гротеск әдістерін тілге тиек еттің. Зылиханың енесінің бейнесі маған басында солай көрінді: таудай алып, күшті, өктем, оның үстіне соқыр және керең. Мұртаза мен Зылиха жалғыз керосин шам жағылған ауызғы бөлмеде тұрады, ал көртышқандай соқыр кемпір үш керосин шамы жағылған төргі бөлмеде тұрады. Оның 60 жастағы ұлымен қарым-қатынасын, Мұртазаның анаға табыну рәсімін гротеск ретінде қарауға болады. Бірақ маған бұл жерде мифологизациялау басым болып көрінді. Кемпір – хтоникалық кейіпкер немесе ана-жердің өзі, яғни – дәстүр негізі. Ұлы – осы рәсімнің абызы әлде ұл-әке кейпіндегі тәңіріе. Себебі олардың қарым-қатынасында физикалық болмаса да, бірақ рухани инцест белгілері бар ғой. Романда аштық кезінде ана өзіне тартқан сүт кенжесі Мұртазаны аман алып қалу үшін, үлкен он ұлын мерт қылған деген астарлы тұспал бар. Бұл дерек оның хтоникалық бейнесін арттыра өседі. Баланы дүниеге өзі әкеліп, өзі жұтатын жер-ана сияқты. Романның соңына қарай Жүсіп лагерьден қашуға бел буғанда, Зылиха енесін өмірінде бірінші рет "мама" деп атайды. Ол баласын жібергісі келмейді, қорқытып ұстап қалуға бар, бірақ дәл сол сәтте енесі келеді. Нақтырақ айтқанда, енесінің елесі келеді. Бірақ елестің "ағаш қабығы әлде топырақ иісі мүңкіген алып денесі жылы, шымыр, бұлшық етті". Оқиғада Зылиха жасөспірім ұлымен тар төсекте бірге ұйықтайды, ал Зылиха мен Жүсіптің есімдері Құрандағы бекзат әйел Зылиха азғыратын Жүсіп (інжілде сұлу Жүсіп) оқиғасына меңзейді. Зылиха "көзі ашылса" да, жерге, дәстүрге жақын, ұлының «Лениград, Париж, бүкіл әлем» деген асыл мұратына бөгет.

Зәуре Батаева:

Бұл тұрғыдан қарау өте қызықты екен, Зира. Шығарманың тартымдылығы да осы мифологиялық сарынында болар. Ал енді стиліне келетін болсақ, автордың қарапайым тілі Зылиханың аңқаулау дүниетанымын жеткізу үшін «татар» бөлімінде тамаша. Ал «Сібір» бөлімінде бұл стиль біртіндеп «киносценарий» тіліне айналып кеткендей.

Зира Наурзбаева:

Маған керісінше романның басындағы стилі ұнамады. Тұтқыр. Өзіне таныс емес тұрмысты күшене суреттеген. Менің бір түсінгенім - ұлттық болмысты батысқа, басқа халықтарға «паш еткен» дүниелерді сол ұлттың өз өкілдері көбінесе мойындамайды, шала деп біледі. Мысалы, бізге Жапонияны танытқан жапон жазушылары мен режиссерлері өз еліндегі «нағыз жапондар» арасында аса белгілі емес. Керісінше, ондай тауар сыртқы нарықта өтімді болады.

Зәуре Батаева:

Бірақ романды Ресей оқырмандарының құшақ жая қарсы алуының сыры оның экзотикасында ма?

Зира Наурзбаева:

Сен басында «Татар Скарлеті» дедің, ал маған «робинзонада» немесе «әлемді жарату туралы миф» сияқты болып көрінді. 2003 жылы Николай Веревочкин «Зуб мамонта (летопись мертвого города)» романы үшін Сорос-Қазақстан қорының «Қазіргі Қазақстан романы» жүлдесіне ие болды. Романда Солтүстік Қазақстандағы Степногорск қалашығының тарихы баяндалған. Бұл қалашықтың тұрғындары бөген орнында бұрын суға батып жоқ болған Ильинка деген деревня тұрғанын айтады, олар осы жерде үш мың жыл бұрын тұрған адамдар, бағзы замандағы мамонттар жайлы ойлайды (қазақтарды есіне алмайды). Олар өз әлемін өздері қайта жаратады. Роман дүние жарату және оның қасіреті туралы миф сияқты әсер қалдырады. Веревочкин совет жұмағын көрсетуге тырысса, Яхина совет тозағын көрсеткісі келді. Бірақ оның тозағы тозақ сияқты қабылданбайды. Психологиялық тұрғыдан бұл түсінікті. Зылиханың бұрынғы өмірі шорт үзіліп, жаңа өмірі басталып кетеді. Басқа жазаланған адамдардың қасіретіне ол мән бермейді (оқырман да). Бұл да түсінікті нәрсе. Ол үшін ең маңыздысы – ұлын өсіру. Қалай дегенмен, романның «Сібір» бөлігі тозақтан гөрі дәрігер, агроном, балықшы, құрылысшы, суретші сияқты өз өркендетушілері (культуртрегер) бар дүние жарату мифіне көбірек ұқсайды. Нақтырақ айтсақ, тұтқындардың шынайы қабілеттері Сібірде ашылады. Бір қолды мүгедек мықты жеркепе салып, кішкентай қауымдастықты Сібірдің қысынан сақтап қалады. Өмірінде егістікке шықпаған ботаник бидай, сәбіз, керек десеңіз қауын өсіреді. Ішімдікке салынып кеткен суретші айығып, шіркеу мен капелла күмбездерін безендірген қайта өркендеу кезеңінің шеберлеріндей, клубтың күмбезін барын салып өрнектейді. Бұлардың барлығы жай өркендетушілер емес, өркендетуші-құдайлар немесе романда айтылғандай, періштелер сияқты. Суретші клубтың күмбезінде оларды періште қылып бейнелейді. Жасқаншақ Зылиха бұл жерде аңшылар құдайы Артемидаға айналады (бұл түрлену ол аюды жеңген сәттен басталады, айтпақшы, ұрғашы аю – Артемиданың бастапқы кейпі. Сондықтан бұл жерде инициация сарыны анық). Ал қолы қанды чекист Игнатов қайырымды адамға, тіпті «жебеуші періштеге» айналады. Коммунистердің «Интернационал» атты ән ұранында «Мы наш, мы новый мир построим, кто был никем, тот станет всем» деген жолдар бар. Чекист басқарған тұтқындар қауымдастығы Сібірде шынымен «жаңа әлем» құрады. «Зылиха көзін ашты» романы бір қарағанда тарихи фондағы махаббат оқиғасы болып көрінеді, бірақ шындығында бұл қуғын-сүргін апологиясы (ақтап алу).

Зәуре Батаева:

Метаморфоза дейсіз ғой. Бірақ мен романнан бір ғана нағыз метаморфоза көрдім: тегі татар Жүсіп Иосифке айналады. Ал қалғандары тозақта күн көруге мәжбүр.

Зира Наурзбаева:

Зылиханың Сібірдегі өмірі туған ауылындағы өмірінен әлдеқайда мәнді. Бәлкім, романды дүние жарату мифі ретінде мен түсінген болармын. Тұтқындар Ангараның елсіз жағалауында адам мүмкіндігінен тыс жағдайда күн көруге мәжбүр болады. Романда осы жайлы ғана айтылды да, қалғанын мен қостым делік. Бірақ байқадың ба, автор ауылдың неге «Семрук – Самұрық» деп аталғанына ұзақ және мұқият тоқталған. Зылиха бір сәтте әй-шәйсіз Аттардың Самұрық жайлы тәмсілін ұлына айтып береді. Әр қайсысы адамның бір жаман қасиетінің символы болып табылатын құстар ұлы Самұрықты іздеуге шығады. Талай нәубетті басынан өткізіп, адамның жеті сезімін білдіретін жеті алаптан өтеді. «Симург» бұл жерде - сөз-ойын. Парсы тілінде бұл сөз «отыз құс» дегенді білдіреді, Самұрықты отыз құс іздейді, ал романдағы «Самұрық» ауылынның негізін отыз ауғын қалайды. Осы сан тараудың атауында да берілген. Ұзақ сапарының аяғында талай сыннан өткен құстар әрқайсысы жеке және бірге ұлы және дана Самұрық өздері екенін түсінеді. Айпақшы, Зылиханы енесі «тауық» деп атайды, Зылиха да өзінің заты сол деп әбден көнген.

Қуғын-сүргін де басқа қияметтер сияқты адамның рухани өсуіне себепші болуы мүмкін. Бірақ тағы бір жәйт бар. Романда Мұртаза мен Зылиханы кулактар тізіміне қосқан жергілікті шолақ белсенді бұл әрекетке олардың үйін тартып алу үшін барғаны, ал профессор Лейбені көрсетіп жіберген үй қызметшісі екені жайлы айтылады. Шынымен солай болды ғой. Репрессия кезінде көптеген адамдар домалақ хатты жеке өшпенділік, қызғаныштан немесе жеке басының пайдасы үшін жазды. Бірақ романдағы чекистер - Игнатов пен Бакиев - коммунистік идеяға адал, жалпы жақсы адам ретінде бейнеленген. Романда Сталин – көздері дана портрет қана. ҚСРО басшылары жайлы басқа бір сөз жоқ. Сонда репрессияға шағым жазған адамдар ғана кінәлі сияқты. С.Довлатовтың «Әрқашан жолдас Сталинді қарғап-сілейміз. Әлбетте, өте орынды. Сонда да, төрт миллион шағымды кім жазды деп сұрағым келеді» - деген сөздерін жұртшылық жақсы біледі. Бірақ күн көру үшін шағым жазу пайдалы болып, тіпті қажеттілікке айналған жағдайды кім жасады? Ол жайлы Яхина ауыз ашпайды.

Зәуре Батаева:

Бейнет тарту арқылы рухани көтерілу христиан дінінде өте маңызды. Ислам діні қандай да қасіретті төзімділікпен көтеруге шақырады. Қылмыс жасамаған жазықсыз жандарды тозаққа салған Сталинді құдірет тұтқан Иван Игнатовтар кім? Оның «жақсы адамға айналу» метаморфозасы иланымды емес, себебі «Орта Азияда басмаштарды қырдым» деген сөйлем Игнатовтың диагнозы ғой.

Зира Наурзбаева:

Бір жағынан Мұртаза мен оның шешесі сияқты адамдар қазір де толып жатыр. Адамгершілігі бар чекистердің болғаны да рас. Ал екінші жағынан, романның авторы "қараңғы, кәрі және қатігез күйеу – бекзат және әдемі чекист-құтқарушы" схемасын құруға тым көп күш салған. Шындығында, егер Игнатов Зылиханы ұнатса, ал Зылиха стокгольм синдромының құрбаны ретінде не басқа себептермен оған ғашық болса, Игнатов оның шешімін он жыл күтпеген болар еді, ол оны күштеп алар еді. Онда психологиялық тұрғыдан роман шынайы, күштірек және күрделірек болар еді. Романның авторы өз елінде баласы шетіней беретін, жасқаншақ Зылиханы Сібірде сұлу да дарынды ұл өсіріп отырған, өзіне берік Артемидаға айналдырды. Автор лагерьде бала тек қана аман қалмайды, сонымен қатар оның элиталық білім алып, дарынын дамытуына мүмкіндік болады деген шешімге келген. Бұл – мұқият құрастырылған, өте жасанды конструкция. Сенің негізгі сұрағыңа оралсақ, бұл тапсырыс болуы мүмкін. Бірақ ішкі тапсырыс болуы мүмкін. Өзін, өзі сияқты адамдарды ақтап алу әрекеті болуы мүмкін.

Зәуре Батаева:

Яхинаның көркемдік шындығы – «Мұртаза, оның анасы мен Ислам дінінен Сталиннің тозағы артық» деген қағидаға саятын сияқты. Иә, бұл романда барлығымызды толғандыратын идентификация мәселесі біз күтпеген қырынан көтерілгені де көп сұрақ туындатады. Романның аяғында лагерьде дүниеге келген баланың болашағы бұлыңғыр екенін түсінген Зылиха, Игнатовтың көмегіне жүгініп, Жүсіп Мұртазаның туу туралы куәлігін жойғызып, оған жаңа куәлік алып береді. Зылиханың ұлы енді өткенімен ғана емес, бүкіл болмысымен, тегімен мүлдем қоштасып, «Иосиф Игнатов» деген жаңа қоғам өкіліне айналады. Бұны қалай тәржімелеуге болар екен. Бала сонда өмір бойы әкесін өлтірген екі адамның есімін көтеріп жүрмек пе? Әлде автордың айтпағы – тағдыр тәлкегі ме? Әлде, Хабутдинова айтқандай, «Яхина татар ағайындарын отаршылдық империя мырзаларының нәсіліне айналуға шақырып отыр» ма?

Зира Наурзбаева:

Жалпы, автор ащы шындықты айтып отыр: модернизация үшін ұлттық болмыстан айырылу. Артта қалған елдер үшін органикалық емес, қуып жетпе, экзогенді модернизация әрқашан қандай да дәрежеде дәстүрден, негізінен бас тартумен байланысты болады. Совет өкіметі күштеп бас тартқызды. Бұл қатігездікті ақтап алғысы келетін ресейлік зерттеушілер бар. Олардың пайымдауынша, мұсылман елдерін модернизациялауды сәтті орындаған тек қана ҚСРО. Бірақ біздің жаңа тарихымыз 70 жыл күштеп таңылған модернизациядан кейін де реархаизация қайта орын алатынын көрсетіп отыр. Романда Исламнан азат ету тақырыбы да бар. Бұндай модернизацияға қалай қарау қажет – ол тәржімелеуге байланысты.

Зәуре Батаева:

Әрине, діні мен тегінен айыру – модернизация шарттары емес, советтік режим шарттары болды. Бір ғасырдан аса уақыт әлемнің технологиялық жетекшісі болып келе жатқан Американың 80 пайызы дін ұстайды. Яғни, дін қоғамның дамуына кедергі жасамайды. 20 ғасырдың басында Орта Азия қаламгерлері жаппай талдап болған дін мен тіл мәселесін 21 ғасырда Ресей жазушысы неге қайта көтерді? Шығарманың коммерциялық табысы неде деген сұраққа жауап іздей келе, баспа табу, шығарманы жарнамалау, ағылшын тіліне аудару және шетелдегі «ванити» баспаларды қаржыландыру жағын ұйымдастырған Европадағы ELKOST агенттігі екенін білдім. Бұл агенттіктің иелері орыстар және олардың шығарманы жарнамалауға аямай қаржы құйғанына қарап, Ресейдің интеграция және ассимиляция саясатын дәріптейтін «мемлекеттік тапсырыс» емес пе деген ойға қалдым.

Зира Наурзбаева:

Бірақ олай қарайтын болсақ, ағылшындар стратегия жағынан орыстарды неше есе асып түседі. Бұрынғы колониялармен интеграция мәселесі олар үшін де маңызды. Ағылшын колонияларында осындай әдебиет туды ма?

Зәуре Батаева:

Меніңше, ағылшын және басқа колония өкілдері мұндай әдебиетті жазбайды. Себебі олар тегін жоғалтқан жоқ. Олар керісінше тегіне ұмтылды. Үрім-бұтағына дейін тегіне ұмтылып жатыр. Және жаппай орыстандыру сияқты сұмдық экспериментті большевиктерден басқа ешкім жасаған жоқ қой. Ұлы Британияның қазіргі замандағы белгілі жазушыларының бірі – Зэди Смиттің анасы Ямайкадан келген еңбек мигранты. Зэди Смиттің ең алғашқы «White teeth» романы да, былтыр шыққан «Swing time» романы да осы бұрынғы колониялардан келген мигранттардың өзін өзі тану және интеграция тақырыбына арналған. Екі шығармасы да Батыстағы миграция және интеграция саясатын аямай сынайды. Мұндай жазушылар көп. Олардың бірі де отаршылдық саясатты не өздерін ақтап алу үшін қолына қалам алмайды. Себебі олар үшін өз мәдениетінен безіп, өз ұлтын төмен санау – миға қонбайтын нәрсе.

Зира Наурзбаева:

Білмеймін. Совет кезінде «Азия және Африка антологиясы» жарияланған және онда да әр түрлі нұсқалары берілген. Әрине, ол жазушылардың көбі коммунизмге жақын болды, бірақ қалай дегенмен, модернизация дегеніміз «вестернизация» ғой. Күштеп емес, өз еркімен өзгерді дегеннің өзінде де!

Зәуре Батаева:

Қазіргі өркениет иелері батыс елдері болғандықтан, модернизацияны қандай да дәрежеде «вестернизация» деп қабылдасақ, Ресей «батыс» болмайды ғой. Соңғы жүз жыл тарихында Ресей мен Батыстың құндылықтары мен даму сатылары жер мен көктей. Сондықтан аты-жөнін өзгертіп, Қазан қаласына емес, Ленинград қаласына бет алған Жүсіп/Иосиф модернизацияға бет алды ма әлде күн көру үшін орыстануды құшақ жая қарсы алды ма? Сіз бұл тақырыпты, яғни «русификация» және «идентификация» мәселесін «Әжігерей, Руслан және М: қазақ мәдениетінің үш тағдыры» атты мақалаңызда Қазақстан әдебиетінің үш шығармасы арқылы зерттедіңіз.

Зира Наурзбаева:

Иә, осыдан 13 жыл бұрын жазылған мақаламда Николай Веревочкиннің жоғарыда аталған романын, Таласбек Әсемқұловтың осы заманғы дәстүрлі сазгер жайлы "Талтүс" романын және орыс тілінде жазатын жерлесіміз Қанат Кабдрахмановтың шығармаларын салыстырдым. Бұл үш жазушы – құрдас болып келеді. Николай мен Қанат – солтүстік Қазақстаннан. Олар құдды бір аймақты, бір оқиғаларды және бір кейіпкерлерді екі түрлі көзқарастан суреттеп отырған сияқты. Веревочкиннің кейіпкерлері – ой ойлау, ән және кітап жазумен қатар қолынан да іс келетін орыс интеллигенттері: олар жер қазып, жер жыртып, ағаш жонып, жан-жақты өмір сүреді. Қабдрахмановтың негізгі кейіпкері – осындай орыс интеллигенттерінің ортасында өскен қазақ. Ол барынша соларға еліктеп бағады, бірақ өзінің қазақ тегін кем санап, олармен тең емес екенін сезінеді. Веревочкиннің кейіпкерлеріне Яхинаның контекстін қолдансақ, олар репрессияға ұшырап, Сібірге жер ауған ленинград интеллигенттерінің балалары болар ма еді. Ал Қабдрахмановтың кейіпкері – тегін жоғалтып, үміті үзілген, қайда барса да бөтен Муртазаев/Игнатов болар ма еді? Бірақ Гүзел Яхина олай деп санамайды. Қызық болғанда, бір қарағанда роман әйел махаббаты жайлы болып көрінгенімен, роман шындығында өте советтік роман болып шыққан.

Әзірлеген Зәуре Батаева


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар