Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПРОЗА
Жолдыбай Базар. Азғырынды...

27.12.2020 5998

Жолдыбай Базар. Азғырынды 16+

Жолдыбай Базар. Азғырынды - adebiportal.kz

(хикаят)

Ілгеріде біздің өңір жын-перілер, албастылар мен шайтандар үшін өте қауіпті, дұрысы кәнігі ібілістер арнайы жіберілетін немесе жазықты әзәзілдер жер аударылатын қапасты аймақ саналған деседі. Сондықтан сол тұстарда әлгілер біз жақта сирек кездесетін болыпты. Олар тек түн ортасында ғана бас көтеріп, арық-тырық сүлделерін сүйретіп жүріп өз міндеттерін атқарғансып, ал таң атқанда жалмажан қуыс-қуысты паналап, күн батқанша қалтырап-дірілдеп, өлімсіреп, шала-жансар күйге енеді екен. Шамасы, сол бір шақтардағы бабаларымыздың Аллаға деген берік сенімі, шынайы құлшылығы мен зікірі ібіліс атаулыны осылайша аттап бастырмаса керек. Бұл да бір ібіліс-шайтандар үшін зобалаңды болған, қазіргі тақуа-таңдаулылар мен момындар үшін аңсар-арманға айналған, өткен шақтың бел-белесіне мәңгілікке жасырынып қалып қойған дәуір ғой, шіркін!

Замандар өзгеріп, тіршілік-әрекет басқаша өріліп, содан келе-келе біздің өңір адыраңдаған албастылар мен зәнталақ әзәзілдер үшін қауіпті аймақ болудан қалып, ібіліс-шайтандар өз міндет-мүдделерін еркіндеу, жеңілдеу іске асыратын, десек те аздап болса да сақтаныңқырап жүретін мекенге айнала бастапты. Бұл кезеңдерде әзәзіл-шайтандар бұрынғыдай емес, күн көкжиекке жұтылған сәттен белсене қимылдап, таң атқанға дейін әжептәуір іс тындырып, ұлы алау көкке көтерілгенде асықпай барып, ашық алаңқайларда тоқтығын басып, түні бойы көрген қызығын рахаттана есіне алып тынығады екен.

Бірте-бірте, әсте-әстелеп біздің заман да келіп жетіп, құтты мекеніміз жын-шайтандар ерігіп, серуендеп, есіріп, семіру үшін таласып келетін май-шелпекке түбегейлі айналып тынды. Кескін-келбеті сұр-жағал, сипаты сиықсыз, жыртың-жыртың күлегеш, ашық-шашық осы кезең басталғалы да біршама уақыт өтті. Бұрын әзәзіл-ібіліс атаулы келуге қорқатын, кейіннен аздап сақтаныңқырап жүретін біздің өңір қазір аты өшкір әлгілердің жұмақтай жайлы тұрағына айналды. Олар бүгінде тәуліктің төрт мезгілінде кез келген жерде білгенін істеп, берекесі кіріп, күтімдегі торайдай семіріп, желкелері күдірейіп, талтаңдап, тайраңдап, тырқ-тырқ күліп жүре беретін болды. Бұрын құлшылық орындарынан шыққандарға жоламақ былай тұрсын, қарасын көрсе аулаққа қашатын олар қазір, тіпті мұнысын да ұмытқан. Әзәзіл-шайтандар бүгінде басқасын айтпағанда, өздері өлердей қорқатын санаулы жаһұт жайлардан шыққандардың да жолын аңдып, оңашада олардың ойын ойрандап, пенделік ұйыққа тартып, күнәнің күпісін кидіріп, ермек қылуға, дәргейіне көнгенін жемтік етуге құнығып алған. Ал қауымдаса азғырса да дегендеріне көнбейтін, алынбас қамал – таңдаулыларға дұшпандықтың неше атасын жасап бағады. Қастығының бірі әрі бірегейі – таңдаулының уағыз-еңбегін еш ету – солқылдақ әлеуметке барынша күнәнің уын сімірте ішкізу.

Кейде кешегіні қараңғылық дәуірі деп, бүгінімізді өркениет заманы деп көкитін біздің кең мекеніміз, осылайша шайтандардың құтты орын-тұрағы болып тұр. Енді қайттік?.. Ертеңге не дейміз?

******

Он сегіз мың ғаламды жаратқан құдіреті күшті Алланың бір рет берер ғұмырын таршылық көрмей өткізуді аңсамайтын пенде бар ма? Жаратушы Иесіне жан-тәнімен берілген, о дүниенің алдындағы бұ өмірдің сынағынан сүрінбей өтуді мұрат еткен, бұйырғанына қанағат етіп, ет пен сүйектен жаралса да нәпсісін буып ұстайтын, ілуде бір кездесетін нағыз тақуалар болмаса, тіршілігін бақуатты кешуді ойламайтын пенде табыла қоймайды-ау, сірә. Міне, сансыз әзәзіл-шайтанның жеңісі мен жемісінің бастауында адамдардың дәл осы қалауы, тойымсыз нәпсісі тұр.

******

Ұзақ жылдар маңайындағыларға адами сыйластықтың ерекше үлгісін көрсетіп, туыстығы болмаса да туғанындай араласып, бір-бірін жақын тартып жүретін Байрам мен Торыбектің арасында ойда жоқта, жоқ жерден дүние-мүлікке қатысты дау-дамай туындап, екі арыстай азамат біршама әуреге түскен. Тіпті, екеуі де өзара келісімге келу мүмкін болмаған жағдайда бірін-бірі сотқа сүйреуден де тартынбайтындай сыңай танытты.

Торыбек те, Байрам да өзара тартыс, арбасу шарықтау шегіне жетіп, дауларының төрелігін заң орындары айтатын күн туа қалса, не істеу керек деген сауалға жауап іздей бастаған. Бұрын ешкіммен соттаспаған, өмірлерінде біреудің үстінен шағымданып не өзгенің жауапкері болып көрмеген, бұл жағынан ешбір тәжірибесі жоқ, бастарына іс түсіп прокуратура, сот немесе полиция кеңселерінің табалдырығын аттау «бақыты маңдайларына жазбаған» екеуі де жан дүниелерін заң аясында өрбуі ықтимал ахуалға дайындаған болды.

Торыбек оңаша қалғанда: «Істі қарайтын судья ә дегеннен мұздай киінген, сыртқы келбетімен-ақ талайлардың мысын басар, құлқынына ақшаны аямай тығар қалталы Байрамның ығына жығыла сөйлейтіні, шешімді оның пайдасына шығаратыны, менің жұпыны кейпіме мұрын шүйіре қарап, сөзіме мән бермей, көзіне ілмейтіні анық. Шыр-пырым шыға әлгі қабылданған шешімге қарсы шағым түсіріп, сотқа істі қайта қаратқанымен бірдеңе өндіре аламын ба? Судья алғашқы шешімін еш өзгертпейді. Ол өз ұйғарымын өзі бұзатын есалаң емес. Осылайша, заң таразысында Байрамның салмағы ауыр тартатыны белгілі», деген ойдың иіріміне түсе береді. Осы ой оны тұқыртып тастайтын, үмітсіздікке жетелейтін.

Торыбек кейде өзін-өзі жігерлендіріп, үміт жібіне ілігіп, сол арқылы тығырықтың терең шұңқырынан тырмысып шығып кету мүмкіндігін де жоққа шығармай, көңілін демдейтін. Мұндайда ол: «Сұр қабырғалардың ар жағындағы жұмсақ креслоларға май құйрығы жабысқан, талайлардың тағдырын ойыншық еткен, заң үстемдігін әлсіздерге ғана барынша сездіретін, Байрам сынды әлділермен тиімді саудаласудың жөнін әбден меңгерген, тапқан-таянғанын жалмап-жеп семірген, әділетшіл болып көрінуде алдына жан салмайтын, солқылдақ заңдардың «тасасына» тығылып алып, қалай исең солай иілетін баптар мен тармақтарды өз пайдаларына ыңғайлап ала қоятын, ізгілік иірімдеріне бой алдырып қойып опық жеп қалмаудың небір амалдарын білетін, қиямпұрыс, бұра тартқан әрекетінен ұялғансып, одан өзін іштей ақтап бағатын осындағы судьяның біріне кезігіп, пұшайман жесем, арыз-шағымымды арқалап, үкілі үмітімді «ерттеп мініп», Алладан медет тілеп облыстық сотқа, тіпті жоғарғы сотқа барамын. Әділеттің таза ауасын солардан жұтармын, бәлкім. Соттың бәрі біздің аудандық, қалалық соттар сияқты әлсізді зар жылата бермес», деп өзін жұбататын.

Ескі жүк көлігін ептеп-септеп күнкөріс көзі еткен қарапайым жүргізуші, онсыз да отбасын асыраудың қамымен таңды таңға ұрып зыр жүгіріп жүрген Торыбек дау басталғалы бері тым қажып кетті. Заңнан хабары бар тамыр-таныстарын, ағайын-туысын жағалап көмек сұрап көріп еді, олардан жарытымды кеңес-жәрдем болмады. Азын-аулақ жиған-терген қаржысын пайдасыз адвокаттың қызметіне, кеңесіне төлеп, босқа шығындалды. Бәрінен де іс сотқа жетіп, онда жеңілсе не болатынын ойлағанда оның жүрегі шаншып, өкпесі күйіп бүк түсе жатып қалатынын айтсаңызшы... Мамыражай тіршіліктеріне қауіптің қара бұлты түксие жан-жақтан қусырып келе жатқанын жанымен сезініп жүрген әйелі Ханшайымның, тосыннан киліккен әлдебір жайсыздықтың өздеріне бұқпантайлап келіп жалмауыздай бас салғалы тұрғанын кішкентай жүректерімен түйсіне білген балапандарының, дәлірегі буыны қатып, ес тоқтата бастаған перзенттерінің алаң көңілін Торыбектен өзге кім түсінсін?! Жаны қиналды, санасы сансырады.

Ал жоқ жерден дау шығарған Байрамның халі де Торыбектікінен озып тұрғаны шамалы еді... Тіпті, жағдайы қарсыласына қарағанда тіптен төмен деп те айтуға болады.

Байрам көздері жылтырап бірінші кезекте қалтаңа қарайтын мүттәйім, тілемсек, мемлекет атынан билік айту, төрелік шешім шығару құқығына өлермендікпен ие болып алғандардың бірін, олармен ауыз жаласып, пендешіліктің шалшығына малтыған қорқау қорғаушының «таңдаулысын» іздестіре бастады. Оларға айтар уәждерін қиюластырып, жадына түйіп, небір өтірікті өлермендікпен құрастырып дайындалды. Бұлары мүлде сенімсіз, қисынсыз шығып, заңға томпақ келіп жатса, бәрібір көрпені өзіне қарай тартуды пара күшімен іске асыру қамын да жеді. Заңды өз пайдасына бұрудың машақаты мен қиындығына сай судья мен адвокатына беретінінің көлемін болжай алмаса да әжептәуір қаржысын бөлек түйіп қойды. Істің күрделілігіне, бұра тарту машақатына қарай, сондай-ақ әділет өз жағында екенін білетін қарсыластың белінен басып, бебеулетіп бездіріп жіберуге кеткен судьяның күш-жігері, жұқарған жүйкесі, ар-ұятын ысырып қойғаны үшін мазалайтын моралдық қытығы үшін төленетін пара-қаржы көлемін әлемде стандарттап, белгілеп берген кім бар дейсің?

Сонымен, Байрам егер сот бола қалса үңірейген көмейлерге ақшасын аямай тығып, қарсыласын қансыратып, қан қақсатып жеңіп шығатынына сенімді болды.

Ол Торыбекті тұқырту пиғылының жетегінде жүріп ай мен күннен жаңылды, жүрегі жан шыдатпас азапқа түсті, бүкіл ішкі дүниесін қара түнек басып, жүрегіндегі мейірімін өлеусіретіп алды. Мейірімі әлсірегенді аярлық басып-жаншып, езгілеп тастайды емес пе. Оның жүрегін күндіз-түні қайырсыздықтың өткір жүзі тілгілеумен, асқынған аярлықтың айыр тісі кемірумен болды. Азып-тозып кетті. Адамға мұнан артық азап бар ма?

Айтпақшы, Торыбекті тұқыртқан, Байрамды осынау асқынған пендеуи азаптың аранына қамап, ауыр арбаға жегілген арық аттай мықшыңдатып, діңкәсін құртқан себеп-салдарлардың ұзын-ырғасы мынадай еді.

******

Байрам жаздың жайма-шуақ күндерінің бірінде әлдебір шаруасының қамымен қаланың оңтүстік-шығыс бөлігімен тұтасып кеткен, Алла жаратқан табиғаты көркімен көңілге көп демеу боларлық, ал адамдардың ыждаһатсыздығынан көшелері айқұш-ұйқыш, лас, асфальт жолдары шұрық тесік, кез келген жерге күл-қоқыс төгілген, шаһардың айнадай жарқ-жұрқ еткен орталығында тұрып үйреніп қалған жанға жағымсыз әсер беретін, кезінде, нақтысы осыдан жеті жылдай бұрын өзі тұрған ауылға барған еді. Келгендегі жұмысын тиянақтап, көңілі жайланған соң ол көше бойындағы шағын дүкендердің бірінен сусын алып ішу үшін аз-кем аялдауды жөн көрген. Содан, су жаңа көлігін қоятын ыңғайлы жер таппай сәл кідіріңкіреді. Көліктер ары-бері ағылған тар көшенің бойына тоқтауға қауіптенді. Расында, жаңа көлігін әлдекім соғып кетсе, қайтпек? Іле анадай жердегі кішкене алаңшаны көріп, соған қарай бұрылды. Алаңшаға күл-қоқыс жайыла төгілген екен. Оның көңіліне аздап кірбің кіргенімен, көлігін амалсыздан әлгі қоқыр-соқырдың бір шетіне бастыра тоқтап, қарсы беттегі шағын дүкенге беттеген...

Оған дүкен алдына қойылған шағын үстелді айнала жайғасып сыра ішіп отырған, біршама масайған үш жігіт өре түрегеле амандасты. Барлығы өзін танып, «Байрам көке, Байрам аға» деп құрмет көрсете жалпылдаған соң әрі жыға танымаса да олардың бұрынғы ауылдастары екеніне шәк келтірмеген Байрам берілген сәлемге жылы шырай таныта жауап берді.

Әлгі жігіттердің арасындағы сөзшеңдеу бірі: «Байрам аға, бұл ауылдан қала орталығына көшкеніңізге біраз уақыт өтті... Сіз бізді білмесеңіз де біз сізді жақсы танимыз», деді де, өзінен бастап қалғандарының бәрінің аты-жөндерін, кімнің балалары екенін айтып берді. Бұған Байрамның жүзі жадырап, жігіттердің барлығының әкелерін танитынын, кезінде олармен аралас-құралас болғанын жеткізіп, өткен шаққа аз-кем шолу жасағансыды.

Өздерінің әкелерімен қатарлас жанға құрмет көрсетуді теріс көрмеген жігіттер Байрамды қолқалап, үстел басына қиыла шақырды. Бірақ, сыраға бас қойған, баласымен қатарлас жас жігіттермен көшеде бірге отыруды ар санаған ол әлгілердің дегеніне көне қоймады.

Байрам:

– Мен дүкеннен бір құты су алуға келген едім... Пейілдеріңе рахмет. Өздерің отыра беріңдер... Айтпақшы, әкелеріңе менен сәлем айтуды ұмытып кетпеңдер, – деді.

Сол заматта жігіттердің бірі лып етіп дүкенге кірді де, іле бір құты салқын су алып шығып, Байрамға ұсынып, ілтипат көрсетті. Салқын суды көмейіне құйған соң Байрамның шөлі басылып, сергіп қалды. Осы арада әлгі жігіт тағы сөз бастады.

– Өзіңіз бұрын тұрған бұл ауыл қазір заңды түрде қалаға қосылғанын білетін шығарсыз. Бұрын қала мен осы ауыл арасын он шақырымдай бос жер бөліп жататын. Ал қазір сол жерлердің барлығына үй салынып кетті. Алыс ауылдардан ағылғандар қаланы толтырып жатқан қазіргі кезде әрбір жер телімінің бағасы аспандап тұр. Хабарыңыз болса да айтайын, осыдан бес-алты жыл бұрын көк тиындық құны болмаған үй салуға арналған он соттық жердің қазіргі бағасы кем дегенде жиырма, жиырма бес мың доллардың үстінде. Ал енді, есептей беріңіз...

– Білемін, білемін... Естіп жүрміз. Мен осы ауылдан қалаға көшер кезде бау-бақшалы зәулім үйімді он мың долларға әзер сатқанмын. Қазіргі бағамен салыстырғанда өте арзанға пұлданды. Бірақ, өкінішім жоқ. Өйткені, қалаға дер кезінде барып, бизнес жүргізіп, бұрынғыға қарағанда жағдайымды әжептәуір түзеп алдым. Сол үйдің ақысына алған қаржым еселеп артты.

Екінші жігіт:

– Дұрыс қой, көке... Бірақ сол үйіңіздің жанындағы 10 соттық жеріңізді «времянкаңызбен» қосып ана бір Торыбек деген кірмеге, өз бауырларыңыз жоқтай, тегіннен-тегін беріп кеткеніңіз жөн болмады. Егер оған бермегеніңізде қазір «времянкаңызды» жер телімен қосып отыз мың доллардан артық қаржыға сатар едіңіз... Бүгінде Торыбегіңіз шырт түкіріп, кісі менсінбейді, – деді.

Серігінің сөзін қостаған үшінші жігіт арадағы әңгімені әрі қарай өрбітті:

– Сіз салдырған үш бөлмелі тамның алдына келістіріп тұрып жаңа үй тұрғызып алған. Өзі күндіз-түні тыным таппайтын бір бәле. Әркімнің жүгін тасып-ақ байып алды, пәтшағар... Сізге қазір сәлем де бермейтін шығар...

Байрам бір жөткірініп алды да:

– Әй, сендер өйтіп бұра тартпаңдар. Оны «кірме» деп кемсітпеңдер. Басқа ауылдан көшіп келді демесең, ол да қазақтың бір баласы. Тыным таппай жұмыс істеп жүріп жинаған ақшасына үй салғанына, отбасын тарықтырмай асырағанына қуанбаймыз ба? Мен білетін Торыбек болса, ол шырт түкіріп, кісіге паңдана қарайтын жан емес. «Ол мені іздеп келіп сәлем бермеді» деп, мына қым-қуат, уақыт тапшы заманда оған кінә таға алмаймын, – деді.

– Сіздікі де дұрыс шығар. Біз жай...

– Біле білсеңдер, Торыбек сол үйді менен ақысыз алуға лайықты іс тындырған. Ол осы ауылға алғаш келгенде сол «времянканы» азын-аулақ қаржыға жалдап тұрған. Бірер жыл көрші болдық... Естіген шығарсыңдар, бірде әйелім екеуміз бала-шағаны алып қалаға қыдырып кеткенімізде тал түсте үлкен үйімізден өрт шығады. Сол сәтте жұмыстан үйіне келе қалған Торыбек өртті байқап қалып, әйелін ауыл-аймақты көмекке шақыруға жүгіртіп, өзі сыртқы есікті бұзып кіріп қауіп-қатерге қарамай жалғыздан жалғыз тілсіз жаумен арпалысады... Бәрінен де, өрт шырпыған бөлмедегі газ баллонды сыртқа алып шыққаны ерлік емес пе? Содан көрші-қолаңды жұмылдыра жүріп, күш ала бастаған өртті ауыздықтап, үйді аман алып қалған. Сонда іштегі жалынға батылы жетіп ешкім жақындай алмағанда Торыбек қана шыдап, сырттан берілген суды шашып өртті сөндірген..., – деді Байрам.

Үш жігіт те бұл оқиғаны білетін. Бірақ, оны уақыт көмескілендіре бастағандықтан болар, олар Торыбектің сол іс-қимылы үшін он соттық жерді тамымен қосып тегін бере салғанды артық санайтын.

Байрам сөзін ары қарай жалғай түсті.

– Сол кездегі жағдайыммен қарағанда, әлгі өртенген үйім мен үшін аса бағалы-тын. Өйткені, мен оны талай жыл терімді төгіп, адал еңбегіммен тірнектеп жүріп жинаған қаржыма салған едім...Сөйтіп тұрғызған үйден айырылу оңай емес қой. Егер өрт өшірілмей, үй түгел жанып кеткенде, оның жалыны жанында тұрған қораға да тиіп, қысқасы тұтас ауладағы мүліктен түк қалмас еді... Кейін білгенімдей, негізі Торыбек алғашқыда үй ішінде балалар қалып қойған жоқ па екен деп ұмтылған. Барлық бөлмелерді тексеріп шығып, жан баласының жоқтығына көз жеткізген соң барып өртті сөндіруге кіріскен. Бұл жерде үйді тілсіз жаудан аман алып қалғаны үшін емес, ең бастысы балаларымның өміріне алаңдаған азаматтық пейілінен қалай айналып кетпейсің? Міне, маған Торыбек осы үшін қымбат. Егер сол жолы үй ішінде перзенттерім болып, оларды Торыбек аман-есен сыртқа алып шыққанда мен қазір оны үлде мен бүлдеге орап қояр едім. Тіпті, есігімнің алдындағы қызметшім бол десе арланбай келісер едім, – деді Байрам.

Мына қызықты қараңыз, сол сәтте айтушының әңгімесін тыңдап әрі қолдарындағы бокалға құйылған салқын сырадан жиі-жиі ұрттап тұрған үш жігіттің аузына бір кіріп, бір шығып, еріндеріп жалап, білгендерін істеп жатқан, көзге көріне қоймайтын топырлаған шайтандардың бір бөлігі Байрамның иығына секіріп-секіріп мініп алды. Илеуіне тез көніп, күнде айтқандарын бұлжытпай қиындықсыз орындайтын әлгі жігіттерден әбден жалыққан әлгі әзәзілдер «жаңа жұмыс орнын» тапқандарына жаппай қуанысты. Олар сол сәтте шайтандар әлеміне сұрау салып, Байрам жөнінде біраз мағлұмат жинап алды.

Жинақталған мәліметтер Байрамның күшті иманымен, жан тазалығымен шайтандардың талайын сазға отырғызғанын, өкпелерін өшіріп, жініктіргенін жайып салды. Мен деген ібілістер қаншама рет қауымдасып келіп азғырса да оны ақ жолдан, адалдықтан тайдыра алмай, күнәнің шалшығына құлата алмай зорығып, тынған көрінеді.

Байрамды ұзақ жылдар азғырумен айналысып, оны өз дегендеріне көндіре алмаған шайтандар қауымының басшысы, көпті көрген қуаяқ, кәрі ібіліс сол сәттерде аптыға жетіп келді де, бұл пенденің қыр-сырын білмейтін, оған жаңадан жабысқан әріптестеріне былай деді:

– Бұл бір алынбас қамал секілді неме. Ділі қатты. Біз оны азғырумен шұғылданғанда жатса да, тұрса да Жаратқан құдіретінің есімін аузынан тастамайтын. Оның Көктегі иесінен көмек сұрағандағы болмысын сендерге көру жазбасын...

Кәрі ібілістің сөзін әлгі шайтандардың ішіндегі ең дилісі бөліп жіберді.

– Сен менің серіктерімнің бойына қорқыныш ұялатпақпысың?.. Бізді одан қорқыта алмайсың. Иә, біздер калима-и-шаһадатты аузынан түсірмейтін, тіпті бес уақыт құлшылығын қаза етпейтін пенделерді көп көреміз. Олардың көбісін оңаша қалған кездерінде еш қиындықсыз күнәнің іріңін сіміртіп, жан-дүниесін аздырып, харамға семіртіп, ет жүрегін ессіздікке еміндіру оп-оңай. Біздің мына әлемде сауық-сайран құрып, білгенімізді істеп, барлық есіктерден еркін еніп, пенделер бедел көретін мәртебелі төрлерде аунап-қунап, масайрап, семіріп, кейде жұмыстың жоқтығынан ерігіп жүргеніміз осындайлардың және олардың деңгейінен де төмен екі аяқтылардың орасан көптігінің арқасы. Бұлар біздің достарымыз. Басқасын айтпағанда, тіпті Жаратқаны жөнінде ұғымы мен сенімі барлардың көпшілігі Көктегісіне мадағын ернімен ғана айтады, ал олардың арасындағы жайнамаз тұтынатындары ауызын қыбырлата тұрып сүлесапа иіліп, бүгілгендерін құлшылығын өтегенге балап, шіренеді. Ішкі әлемінің қатып-семіп, жүрегінің селт етпегенімен шаруасы болмайды. Мына сен сөз етіп тұрған пенде де сондайлардың бірі, – деді.

– Сен олай деме. Мұның көп пендеден жөні басқа, ерекше пенде. Мен өзім көрген-білгенімді айтып тұрмын. Қазір қайдам, мен азғырып жүргенде оның құлшылығы бөлек, тілеген дұғасы ерек болатын. Оның намазға тұрған кездегі кейпін көру біздер үшін азаптың азабы еді. Жайнамазын жайған сәтте жан-жақтан нұр құйылып, сүрелерді оқи бастағанда жүрегі атқақтап, сандаған періштелер алқалап, бүкіл жан-жүйесі кеңістікте қалықтайтын. Айналасында танадай тыныштық орнап, тұла бойынан сәуле шашырап, сол сәулелер бізге найзадай қадалып, қан қақсататын. Бөлме ішін ол үшін жұпар, біз үшін жан төзгісіз иіс жайлап, содан тұншығып, тынысымыз тарылып өліп кете жаздайтынбыз. Кірерге тесік таппай қиналатынбыз. Қашан намазын аяқтағанша біздің жанымыз отқа шыжғырылғандай болып, азап шегетінбіз. Намаз сайын осындай азапқа қалай шыдайық, ақыры одан безіп кеттік. Міне, осылайша одан бетім қайтып қалған. Соның кесірінен, дәлірегі оны өзіме иліктіре алмағандықтан өз қауымымдағы дәрежем құрдымға құлап, тобыққа дейін төмендеп, тірнектеп жинаған атақ-даңқ, абыройдан жұрдай болдым. Серіктерім тентіреп кетті. Оны ойласам түңіліп кетемін. Менің одан көрген азабымды, кеткен есемді, онымен айналысамын деп текке төккен терімді білетін шайтандар оған жоламайды. Енді сендер оны нысанаға алыпсыңдар. Істерің оңға бассын... Одан менің ақымды алып беріңдер, – деді.

Құдайдың аты аталған жерде апшысы қуырылатынын, ойбайлап безіп кететінің, ал Ол (Құдай) еске алынбаған жерде семіріп, есіріп жетісетінін шайтан атаулы түгел біледі емес пе. Байрамның осал емесін, оның көктегі Құдіреттің есімін жиі еске алатынын естіген әлгі шайтандар үрейлене, бір-біріне үдірейе қарасып қалды. Іле жүндері жығылып, ә дегендегі көтеріңкі көңіл-күйлері пәс тартты. Байрамнан азап шеккен ібіліс бұл әріптестері райларынан қайтып қалмасын деп оларды қайрай түсті. Бірақ шындығын айтты.

– Сендер тәуекел етіңдер... Мен оны үнемі сырттай бақылап жүремін. Ол қазір аздап байыған. Көңіліне желік кірген. Қалаға барып қалтасы қалыңдағаннан бастап өзін Жаратқан құдіреттің атын сирек еске алатын кей намаз болды. Онысының өзін сүлесоқ атқарады. Қазір жан қалауын Иесінен сұрауға ерінеді. Сондықтан сендер «темірді қызған кезде соғып», осы сәтте қимылдап қалыңдар. Егер оны жеңсеңдер дәрежелерің биіктейді. Төрдегі төрелеріміз оған талайды жұмсаған, бірақ бәрі де шарасыздық танытқан. Сосын оған арамыздан ешкімді жұмсамайтын болды. Төрелеріміз сендердің бұл қадамдарыңызды естісе, беттеріңнен қақпайды, қайта қуанады. Бастықтарымызды қуантудан артық не бар? – деді де сөзін қайта жалғады. – Мұндай алынбас қамал секілді пенделер сирек кездеседі. Ал ондайларды айтқанға бағындыру, көндіру шайтани бақ. Сондықтан, қазіргі мүмкіндікті жіберіп алмаңдар.

Кәрі ібілісті мұқият тыңдаған шайтандардың бірі:

– Жарайды делік. Бірақ сен де бізбен бірге бол. Бұл пендені ұзақ жыл зерттеген екенсің, сондықтан ақыл-кеңесіңнің бізге тигізер пайдасы көп болатыны шүбәсіз, – деді.

Байрамнан кезінде әбден зәразап болған, оның аты естілсе шыбын жаны шырқырап кететін, оның тарапынан Алланың есімі айтылғанда жүрегі майға қуырылғандай болып талай азаптанған кәрі ібілістің мына ұсынысты естігенде тұла бойы дір ете қалды. Бірақ, әккі неме мұнысын жанындағыларға сездірмеді. Ол айтылған ұсынысқа не деп үн қатарын білмей ойланып қалды: «Рас, қазір бұл пенденің иманы әлсіреп жүр... Осы ұрымтал тұста өздері сұранып тұрған мыналармен қосылып оны жеңсем, жоғалтқан бұрынғы дәрежемді қайтарып аламын... Оны табанға салып, жылдар бойы сақтаған қамытымды мойнына кигізер, баяғы кеткен ақымды қайтарар күн туса, ескі кегім қайтса, одан артық қандай бақыт бар? Оны жеңу үлкен абырой... Егер, ұсыныстан бас тартсам ше? Жо-жоқ болмайды... ғайыптан тайып мына көше кезген шибұт, арық-тұрық шайтансымақтардың жолдары болып, бар абыройды иеленіп кетсе, қайтпекпін? Қызғаныштан жарылып өлмеймін бе? Қызғаныштың қызыл итіне таланғаннан артық нендей тозақ бар? Оның үстіне ұзақ жылғы еткен еңбегім өтеусіз далада қалмай ма?..»

Кәрі ібіліс осылай ойлап, ұсынысқа келіспек болып сөз бастай бергенде кенет өзегін әлдебір құйын-сезім астаң-кестеңін шығарып, іле ыстық та өткір сәуле тас төбесін күйдіріп жіберді. Жаны шырылдап кетті. Сол арада Байрамды азғырған жылдардағы көрген мехнаттары мен азаптарының елестері көз алдынан тізбектеле өтті. ...Бәрінен де күндіз-түні ерінбей өлермендікпен жолын тауып, әрең дегенде көшенің бір тасасында қуғыншыдан қашып жүріп тығып кеткен әлдекімнің бір портфель долларына кезіктіргенде Байрамның шын ниетімен «Құдіретті Алла тағала, пендешілікке салындыра көрме» деп, әлгі көз жауын алып, талайды адалдық шеңберінен оңай аттататын қыруар қаржыны пайдаланып кетуге мүмкіндігі бола тұра оны полицияға тапсырған кезде өн бойын күйік шалып, бір уыс болып қалғаны көзіне елестегенде іштей күңіреніп кетті.

Ал мына жағдай кәрі ібілістің өлсе де есінен шықпас. Сол күні бұл барлық істі керемет ұйымдастырды. Қарамағындағыларды бір шыбықпен айдап жүріп, Байрам жақын араласатын, көңілжықпас төрт жігіттің басын құрап, араққа азғырып, ақырында бәрін ішкілікке масайтты, жақсылап қыздырды. Жігіттердің бірінің туған күні еді. Олар телефон арқылы отырыстың алғашқы сәтінде-ақ Байрамды шақырып, қатарларына қосып алған. Ішкіліктен бойын үнемі аулақ ұстайтын ол әдеттегідей арақ-шарапқа азғырыла қоймаған. Бірақ ақ пейілді Байрам жолдастарының көңілін қимай олармен бірге отыруға мәжбүр болған. Көңілді кеш қала шетіндегі саунада жалғасатын болды. Байрам көңілжықпастықпен амалсыз бірге жүрді. Кәрі ібіліс пен жанындағылар құрақ ұша бәрін азғырып бақты. Сондағы мақсаты, айналып келгенде – Байрамды күнәнің шалшығына құлату, абыройсыздықтың лайына аунату, сөйтіп, рахатқа кенелу, атақ-даңққа бөлену, дәрежелерін өсіру.

Сомадай бес жігітті сауна қызметкерлері құрақ ұша қарсы алған. Ақшасы мол азғырынды төрт жігіт құжыраға алшаң басып кіргенде Байрам да амалсыз ілескен. Қызық пен шыжық басталды да кетті. Бәрі түсінікті. Бес жігіт барлық жағдайсымақ жасалғандай саналатын кең бөлменің төріне жайғасар-жайғаспастан үстел үсті дәмге, арақ-шарапқа толды. Іле жалаң бұт, халаттарын желбегей жамылған, қасы-көздерін қиылдыра әрлеген, опа-далаппен өңін кіргізген, бір қарағанда көздің жауын алатындай көрінетін бес қызды сауна қызметкері алдарына қатар тізген. Масаң жігіттер мұндай көріністен бұрыннан хабары бар екендерін көрсетіп, шалқайып, еркін отыр. Мұндайды күтпеген әрі өмірінде бірінші рет көрген Байрам қатты тіксініп әрі әбіржіп жолдастарына «бұларың енді тым артық, бұл арадан кетейік» деді күйгелектене. Аналар мұны келеке қылғансыды. Байрам сол заматта ешкімнің көңіліне қарамастан, іштей жан-жүрегімен беріле «Алла тағала, мендей күнәһар пендеңді кешіре гөр, мені жаза бастырма, О, Жаратқан ием, бұл жерге білместікпен келдім» деп, сауна ғимаратынан жүгіре басып шығып кеткен. Сол сәтте кәрі ібіліс бастаған шайтандар таңнан қара кешке дейін ақ тер, көк тер бола жүріп Байрамға құрған қақпандары ештеңе қаппай, тісін арандай ашып қалғанына, білдей жігіттің жалаңаш жас қыздарға жанарын да салмай шыға жөнелгеніне іштері өртеніп, Құдайға шын пейілімен, жүрегі атқақтап, алпыс екі тамыры иіп жалбарынған Байрамның әрбір айтқан сөзі жанды жерлеріне оқтай қадалып, содан есеңгіреп барып шалшық суға аунап көшеде қалған. Бұл кәрі ібілістің қалай есінен кетсін?!

Байрам бес уақыт намазын өтеген шақтарда, жұма сайын дәретін алып, калима-и-шаһадатты сан мәрте қайталап мешітке барып, онда ынты-шынтысымен аяттар оқып, дұға тілеген кездерде Құдай үйіне ене алмай, жандары алқымына тығыла сыртта тосып, серіктерімен бірге зәразап болатыны да есіне түссе кәрі ібілістің тұла бойы мұздап сала береді.

Байрамнан көрген осындай қорлықтарына қайта кезігіп қалудан қорқып, кәрі ібіліс мына жаңа серіктерінің ұсынысына келісуге дауаламай қалды. Әрі-сәрі күй кешті. Ұсынысқа келісейін десе, ықтимал қауіптен сескеніп, келіспейін десе, қолға түскелі тұрған жеңістен айырылып қалу қаупі мазалап, әбден дал болды. Ақырында ол келісімін берді. Өйткені кәрі ібіліс ойлана келіп, «Байрамнан азап тартар болсам оны тағы көрейін. Мыналар оны жеңіп кетсе, абыройдан құры қалып, қызғаныштың отына күю Байрамнан келуі ықтимал тауқыметтен әлдеқайда ауыр болуы мүмкін-ау» деп тұжырды да, жаңа серіктерінің ұсынысына келісті.

******

Торыбек жайлы айтқан өз әңгімесінен әсерленген Байрам жігіттермен қош айтыса көлігіне келді. Осы сәтте машина тұрған жердегі күл-қоқысты мекендеп, жол торыған шайтандар бейтаныс пенденің иығындағы «бауырларын» көріп қалды да, бәрі қауымдаса кетіп, олардың қатары еселене өсті. Сөйтіп, азғырушы әзәзілдер Байраммен ілесе аппақ машинаның ішіне еркін еніп, мәз-мейрам жайғасып алды. Тек кәрі ібіліс қана Байрамнан тосын соққы алып қалам-ау деген қауіппен сақтанумен болды. Бірақ ол сәлден кейін Байрамның үстінен өзіне жағымды иісті сезіп, рахаттанып қалды. Бойындағы үрейі ізім-ғайым жоғалды.

Байрамның басына, желкесіне мініп алған шайтандар аз-кем кеңесе келіп, өздеріне кәрі ібілісті бастық сайлап алды. Іле мынадай ұйғарымға тоқтасты: «Уақыт өткізбей, жылдам қимылдамаса мына пенденің кір шала бастаған жүрегі кенеттен бүлік шығарып, тазаруға ұмтылса ырық бермей кетеді. Сондықтан бірлесе отырып, тез әрекетке көшу керек».

Көлігін орнынан қозғай бергенде Байрамның аздап басы ауырғандай болды. Бірақ оны елең қылмай, қаланы бетке ала бергенде әлгі жігіттердің айтқан сөздері санасында қайта-қайта жаңғырып, Торыбек жайлы жағымды ойы бөліне берді. Ішкі дүниесіне әлдебір бұлыңғыр сезім үйіріліп, дел-сал күй кештірді. Бұрын-соңды ешқашан мазалап көрмеген жаңа ойлар иектеп, миын айналдырды. «Отыз мың доллар! Оңай ақша емес... Қап!.. Бір жігіт отыз жыл талмай еңбек етсе да жинай алмайтын қаржы... Кішкентай ғана бөлмедегі арзымайтын өртті сөндірді деп Торыбекке он соттық жерімді тамыммен қоса бере салған ақымақ басым-ай! Оған азын-аулақ тиын-тебенмен сый жасай салсам да болатын еді ғой... Әлі де кеш емес, әрекет ету керек... Оның іздеп келіп сәлем беретін де жөні бар. Мейманасы тасиын дегені де. Осыдан екі жыл бұрын жердің құжаттарын өз атына аударып беруді сұрап жік-жаппар болып еді. Пәтшағардың мұнысы өзіне сенімсіздік көрсеткені емес пе... Ойы бұзық неме...»

Өз ойына беріліп кеткен Байрам көлігін жол бойына тоқтатты. Машинасынан түсіп, жеңіл дене жаттығуын жасады. Сол сәтте Байрамның санасында тоқ жүріп өткендей болды. Іле оның жан сарайы ашылып, әлдебір көмескі үн жүрегіне сыбырлады. Бірақ ол үннің не айтқанын ішкі әлемін жайлаған ду мен шу анық естірте қоймады. Шала-шарпы ұққаны мынау болды: «Әй, Байрам мұның не?.. Ләбізіңді жұтып, қара басайын деді ме сені?». Бірақ сарқыраған пендеуи ой тасқыны әлгі үнді шайып өтті де, оны мүлде құрдымға жіберді.

Байрам тоқтаған жерінде ұзақ аялдады. Қала маңындағы ауылдың табиғаты тамылжып тұр. Торғайлардың құйқылжыған үні айналадағы бөгде дыбыс атаулының мәнін жойғандай. Көшеден ары-бері өтіп жатқан машиналардың дауысы елеусіз естіледі. Жапырақтарын желтең желпіген тал-дарақтар барлық әсемдіктің ұстыны іспеттес. Шайдай ашық көк аспан толқынсыз тұнық көк теңіздей жуас әрі мейірімді. Тас төбеден батысқа еңкейе иілген ұлы алаудың қызуы жанға жайлы самалмен санасып, сабасына түскен.

Қаламен жалғасып жатқанымен өзінің қарапайым да сабырлы кейпінен айырыла қоймаған бұл ауылға зер сала қарар болсаңыз, Алла жаратқан табиғатының әсемдігіне сын айта алмайсыз. Тек пенделер кейбір берекесіз, кеспірсіз іс-әрекетімен қоршаған ортаның айшықты, жақұт болмысына күйе жаққаны көңілді түсіреді. Бірақ сіздің көңіліңіз шарықтап тұрса қос жанарыңыз әсемдікке ғана қадалып, төмендегі қоқыр-соқыр мен пендеуи қарбалас тіршілікке назарыңыз түсе қоймас, бәлкім. Бірақ адамның жан дүниесі ұдай құлпырып жүрер дейсіз бе? Жо-жоқ, ондай ләззатты сәттер адам үшін аз кездеседі. Өйткені пенденің әрбір күні, әрбір минуты толассыз тіршілікке күйлемей өткен бе? Кәкүр-шүкірден көзі мен ойын ада етсе адам байғұс азғындап, күнкөрісінен айырылып қалардай күй кешеді емес пе? Сондықтан біздер әркез төменге қарап, түртінектеп, тіміскіленіп, дегбірсізденіп, күнкөріс пен қанағатсыздықтың қара шоқпарына қарақұсымызды тосып, қалжырап, шаршап, қанымыз қарадай қайнап күндерді түгесіп, жылдарды жылжытудан аса алмаумен өтеміз. Күнкөріс қамын жеу дұрыс шығар, бірақ тойымсыздыққа салынуға бейім тұратынымыз қалай? Содан азап шегетінімізді біле тұра соған неге құмармыз?..

Байрамды мына айналаның табиғаты селт еткізбеді. Жан-жағына жаймашуақ пейілмен қарамаса қайтіп селт еткізсін? Ол жүзін төмен салып, аяқ астында шашылып жатқан көр-жерден, қоқыр соқырдан өзгеге зер салмады. Көзімен жер шұқылап, өзін иектеген әзәзіл ойлардың езгісінен, бұзық ниетінің бодауынан босай алмады. Бүкір пиғыл құрсауынан жұлқынып шығуға күш-қуаты жете тұра, оны қаламады. Бар аңсары жарқабаққа біткен ащы жантаққа ауды да тұрды. Онсыз таңы атып, күні батпайтындай көрінді. Көзі без, жаны тулаққа айналды.

Байрам еркінен айырылған жандай дел-сал күйде көлігіне отырды да, келген ізімен кері жүрді. Бар тілегені Торыбектің үйін сырттай бақылап көру.

Діттеген жеріне әп-сәтте келді. Көлігінен түспестен Торыбектің жаңа үйіне, қара топырақтан құйылған кесекпен өзі кезінде мердігерлер жалдап салдырған шағын «времянкаға», биік сым шарбақпен қоршалған, жеміс ағаштары самалмен тербелген аулаға көзімен ішіп-жей қарады.

Осы сәтте Байрамға жабысқан шайтандар асқан белсенділікпен өз міндеттерін мүлтіксіз атқарып жатты. Тіпті алғашқыға қарағанда ширыға қимылдады. Бір топ шайтан миын сылап-сипап, бірнешеуі көзін сүйгіштеп, тағы біреулері аузын жалап, құлағына сыбырлап тыным таппады. Ал кәрі ібіліс бастаған әлділеу әзәзілдер Байрамның жүрегінің кір шалмаған тұстарына сілекейлерін жағып, айғыздап айыздарын қандырды. Мынадай сәттілікті күтпеген, бұрын бұл жүрекке жақындамақ түгілі есіне алудан қорқатын кәрі ібіліс мол тәжірибесін аямады. Шаттықтан жарылардай күй кешіп, ет жүрекке құсығын, нәжісін аямай төгіп еркін көсілді. Әбден ластанған жүрек бірде шапшаң, бірде баяу бүлкілдеп, бұрынғы қалпынан сан мың есе кішірейіп, тарыдай болып қалды. Толассыз айналған қызыл қан қара түске енген. Пенденің бар өзегін қара түнек жайлап алды. Ішкі сарайдағы бұрынғы дәуренінен көз жазып, қара түнек тұншықтырған пендеге тән нұрлы сәуле өшкен үміттей сөніп қалмаудың қамымен жандалбасалап тарыдай болып кішірейген жүректің шайтандар мен өз иесінің де әмірі жүрмейтін, тек Алла ғана иелік ететін, сынаймын десе де, мейіріміме бөлеймін десе де Жасағанның Өзі білетін, пенденің бұ дүниедегі дәм-тұзы таусылғанда кеңістікке көтеріліп, одан әрі Теңдессіз Құдіреттің құзіретіне жол тартатын алтын өзегі – шыбын жанға тығылып, содан пана тапты.

Байрам Торыбектің бау-шарбағына, мүкәмалына қызыға, қызғана әрі сұғына ұзақ қарады. Былайғы жұртқа қоңыртөбел, қарапайым, талайлардың үй-жайымен салыстырғанда сәні әлде қайда төмен көрінетін Торыбектің иелігі Байрамға мүлде басқаша әсер етті. Ана тұрған бес бөлмелі, жаңадан салынса да сыртын жаңбыр мен жел үгітіп үлгерген шағын үй оған бейне бір алтынмен үптеліп, күміспен күптелген хан сарайынан артық көрінді. Өзі тиын-тебенге мердігер жалдап тұрғызған қайран «времянкасы» Байрамның көзіне күмбезі күн нұрына малынған Тәж-Махалдан кем әсер етпеді. Кезінде әлдекімнен арзымайтын пұлға сатып алған он соттық жеріндегі жеміс ағаштарын жаннаттың бағына балады...

Бұрын сырты қара сылақбен сыланған қуықтай үш бөлмелі «времянканы» Торыбек жұтындырып қойған еді. Күндіз-түні тыным таппай еңбектеніп жүріп жинаған қаржысына «времянка» шатырының ескі шиферін қаңылтырға ауыстырған әрі сыртық сылағын түсіріп, оны құм араласқан цементпен «шубалаған». Бұрын қоршаусыз жатқан он соттық жерді бала-шағасының аузынан жырып алған пұлға келген сым шарбақпен өз қолымен қоршап тастаған. Бала-шағасы өсіп, қуықтай үш бөлмелі там тарлық ете бастаған соң қарыздана-қауғалана жүріп әлгі «времянканың» алдынан өз отбасына шақтап қам кесекпен бес бөлмелі үй тұрғызған. Онысын бес жыл дегенде бар тапқанын жұмсай жүріп әрең аяқтаған. Мұның бәрі ауылдастарының көз алдында өткен Торыбектің еңбегінің жемісі еді.

Байрамның сұғы қадалған үй жақтан бала-шағаның жарқын-жарқын күлкісі естіледі... Ауладан пісіп жатқан дәмді астың жағымды иісі шығады...

Үй маңынан сәл қашықтау жерде бір отбасының алаңсыз, бейбіт, жарасымды тіршілігіне сырттан сүзе қараған сұрқия, шайтандардың құлына айналған көз өзімен тағдырлас ми мен жүректі толассыз жалған ақпаратпен толтыруға жанығып жатыр.

Алладан өздеріне жақсылық тілеген сайын Байрам ағалары мен оның отбасына да игілік пен амандық, бақ-береке сұрауды еш ұмытпайтын Торыбек пен әйелі, олардың балалары өздерінің тіршілігіне кимелей енгелі тұрған келеңсіздіктен, дәлірегі тап сол өздері ерекше құрметтейтін жаннан қауіп төніп келе жатқанынан әзірге еш хабары жоқ еді.

Байрам өз ойым әуреленіп әлі отыр. Санасында дүкен алдында кезіккен үш жігіттің айтқандары қайта-қайта жаңғырады. «Мына үй-жай қазір расымен отыз мың долларға бағаланады. Жо-жоқ, олар құр жер телімі мен «времянканың» өзі отыз мың доллар болады деді ғой. Рас. Ал ондағы ана жаңа үйді, бау-шарбақты есепке алар болсақ, елу мың доллардан асады. Аз қаржы емес». Көз алдында көк қағаздар көлеңдеді. «Бұрын Торыбек «ағалап» келіп, сәлемдесіп тұрушы еді, қазір онысын қойды. Көзінің еті өсейін деген шығар... Оны бұлай тайраңдатып қоя алмаймын... Құрығанда, мына үйді сатқызып, ақшасының жартысын алуым керек. Оған көнбесе, жерімнен салған үйіңді, бау-шарбағыңды алып кет деймін. Сонда ғана көңілім тыншиды». Байрамның ойлана келе бүгін жасаған тоқтамы осы болды.

Сол күні Байрам қаладағы кең сарайы – өз үйіне кеш оралды. Әйелі ұсынған ыстық-әуметке де зауқы соқпай, жатын бөлмесіне кіріп жатып алды. Күйеуін шаршаған болар деп ойлаған әйелі де, бірі ер жетіп, бірі бойжетіп қалғандықтан кейінгі кездері еркеліктерін азайта бастаған, бірақ сырттан келгенде хал-ахуалын сұраудан жаңылмайтын перзенттері де әкелерін мазалай қойған жоқ.

Байрамның әрнені ойлап басы қатты. Бұрын әлдебір нәрсе мазаласа намазын оқыған бойда серпіліп шыға келетін. Өзіне кенеттен жабысқан ауыр ойдан арылу үшін жайнамазын төсеп, құптан намазын өтеді. Одан жүрегі жай таба қоймады. Өйткені, намаз үстінде ойынан бүгін кездескен үш жігіттің айтқандары мен Торыбектің үй-жайының көрінісі кетпей-ақ қойған. Сүрелер мен дұғалардан қайта-қайта жаңылысып, әйтеуір намазын аяқтағансыды. Олай болса, құлшылықтың пайдасы қайдан болсын?

Байрам жайнамазына қол созып, құлшылық жасауға бет бұрғанда кәрі ібіліс ықтимал соққыдан қауіптеніп, бұрынғы тартқан азабына тағы да тап келемін бе деп, жанұшыра аулаққа безіп кетті. Бірақ басқа серіктері алаңсыз міндеттерін атқара берді. Олар кәрі ібілістің үрейленіп, шала бүлінгеніне сылқ-сылқ күліп, мәз болысты. Араларынан бірі: «Сен шынында бұдан әбден қорқып қалған екенсің. Кәрілік те сені қажытып, жалтақтатып қойған-ау шамасы. Сен, бәлкім алжиын деген шығарсың. Әйтпесе, бұл пенденің шынайы құлшылық жасауға деген ниетінің мүлде жоқтығын, тек бұрынғы әдетін сүлесапа орындау үшін, өзін мазасыздықтан құтқару үшін еңкейіп-тоңқаймақ болғанын жүректің дәл үстінде тұрып қалай байқамайсың!» деді. Кәрі ібіліс өзінің қылығынан ыңғайсызданып, қатарға қайта қосылды.

Байрамның бүкіл тұла бойын жайлы мекенге айналдырып алған шайтандар түнімен той тойлап шықты. Өздері илеулеріне көндіріп алған пендені бір жатқызып, бір тұрғызды. Кәрі ібілістің жоны күдірейіп, жүні жылтырап, салмағы артып, талтаңдап, тәкаппарланып шыға келді. Семіре бастады. Талай жылғы дұшпанын табанының астына салғанына мәз. Жан-жақтағы достарынан сүйінші сұратып, ежелгі дұшпанын еркіне көндіріп, ала алмай жүрген қамалын құлатып жеңіс тұғырына көтерілгеніне, бұрынғы атақ-дәрежелерін түгел қайтарып алғанына қалай қуанбасын.

Байрам ерте тұрды. Ұйқысы шала болғандықтан басы мең-зең. Күндегідей емес таңғы ас көңілсіз ішілді. Балалар дастархан басынан тұрып кеткеннен кейін әйелі екеуі оңаша аз-кем сұхбаттасты. Байрам кешеден бері өзін толғантқан мәселенің мәнісін бүкпесіз жайып салды.

Дәл осы арада азғырындыдан еш бөтен қылық күтпеген, әбден еркінсіген қауымдасқан шайтандар үлкен ағаттық жіберіп алғанын сәл кеш сезді. Өйткені олар күйеуі мен әйелін оңаша сөйлестірмеулері керек еді...

Өздерінің босаңсып кеткендерін сол заматта біле қойған әккі кәрі ібіліс қарамағындағыларға жанұшыра пәрмен берді. Мақсат – Байрамды әйелінің қасынан тез тұрғызып жіберу. Олар іске қызу кірісті. Әзәзілдер күткен қауіп оңай емес-тін. Өйткені Байрамның әйелі Құдайына қараған, жүрегінде иманы күшті, намазын қаза етпеген жан болатын. Мұны жақсы білетін кәрі ібіліс әріптестеріне осыны жөпелдеме түсіндіріп, қауымын екіге бөлді де бір бөлігін пайдасы болмайтынын сезсе де бір сынап көру үшін әйелге жұмсады. Ондағы пиғылы әйелді күйеуінің бұзық ой-ниетін қуаттауға азғыру. Бірақ, жұмсалғандар әйелдің маңына да тақай алмады. Өйткені әйелдің тұла бойын азғырушыларға өткел бермес иманның ыстық сәулесі қоршап тұрған еді. Әлгі сәуленің қызуы сондай, бірді-екілі арсалаңдап жақындаған шайтандарды қуырып жіберді. Мұны көрген өзгелері әйелге қарай аттап баспады. Енді шайтандар амалсыздан Байраммен шұғылданып, оны тезірек сыртқа шығуға итермеледі. Бірі таза ауа жұтуға үгіттесе, бірі сабырын алып тірлікке асықтырды, екінші біреулері дегбірін қашыру арқылы бой-бойынан тер ағызып, сыртқа салқындауға үндеді. Алайда әйелі Жайнаның имани күші Байрамды жіпсіз матап, иектеген пәлекеттер отағасын орнынан тез қозғай алмады.

Әйел:

– Райыңыздан қайтыңыз. Бізде бәрі бар... Ел-жұрттан, бұрынғы ауылдас-ағайыннан ұят болады. Ләбізіңізді жұтпаңыз. Торыбекті жайына қойыңыз. Жоқ жерден бала-шағасын шулатпаңыз. Біз оның жақсылығын көрдік. Адам кезінде көрген жақсылығын уақыт өте ұмытып, оның құнын, қадірін санасынан өшіріп, қаперінен шығарса өзінің өткен шақтағы өміріне қарғыс айтқандай болмай ма? Адамның кешегісі мен бүгінінің арасындағы сұлбасы мәнсіз, қасиетсіз қара мұнарға айналмай ма? Сіздің ол жер мен «времянканы» оған сыйға тартқаныңызға он бес жылдай уақыт болды. Енді келіп... Болмайды, отағасы... Алла тағала бәрін көріп тұр. Сіз мына ойыңызды іске асырар болсаңыз, қиянатқа қадам басқаныңыз, – деді жанарын төмен салып тұрып.

Азғырындыны уыстарынан шығарып алу қаупімен бетпе-бет келген шайтандарға әйелдің шын пейілімен айтқан сөздері тікендей қадалып, естерін алды. Олар жалмажан Байрамның қуыс-қуысына тығылып жан сақтады әрі қарап жатпай азғырындының қарау күшін түртпектей оятып, оны асқан зымияндықпен әйелдің имани күшіне қарсы қойды. Ізгілік пен қараулық өзара шарпысты.

Байрам:

– Иә, бізде бәрі жетеді. Бірақ пендеге дүние қашан көптік етіп еді?.. Қазір біреуге қайырымдылық, жұмсақтық көрсетер заман емес.

Әйел:

– Сіз Торыбекке қайырымдылық жасаған жоқсыз, жақсылығына адамшылықпен жауап бердіңіз, – деді жұмсақ үнмен.

– Не десең де оның жақсылығының өтеуіне көп шығындалып қойдық. Олай болмайды. Торыбекпен дұрыстап есептесемін. Бала-шағамның несібесін қайдағы біреуге бұйыртып қоя алмаймын. Жұрт не десе, о десін.

– Өзгеге жасаған қайырымыңыз бала-шағаңыздның несібесі болып оралмай ма? Ал біреуге жасаған қиянатың отбасыңның ырызығын ортайтатынын өзіңіз де білесіз... Сырттағы тілеулесін азайтқан ердің берекесі қашады.

– Сен осымен сөзіңді доғар. Жөні түзу әйел еріне қарсы келмес болар.

Табиғатынан сабырлы, онысын имандылықпен байытқан әйел күйеуіне күлімсірей тіл қатты:

– Есті әйел ерінікі жөнді болса қарсы келмейді. Ал ерін жақсылыққа шақырмау, жамандықтан тыймау есті әйелге лайық па? Мейлі, дегеніңіз болсын. Менікі осы бастағалы отырған ісіңіз құры әурешілікке салатынын, одан зиян шекпесек, пайда көрмейтінімізді ескерткендік қой. Сіз бәрібір ертелі-кеш райыңыздан қайтасыз. Өйткені біреуге еш қиянат жасап көрмеген жансыз. Діліңіз, иманыңыз сізді бәрібір аярлық жасаудан, кәкүр-шүкір дүниеге бола азғырылудан құтқарып қалады. Осы айтқаным дәл келеді.

Байрам әйелінің сөзін толық естісе де оның мәніне терең бойлауға шамасы жоқ еді. Сыртқа асығыс шыға жөнелген. Әйел күйеуінің бойындағы күрт өзгеріске түсінбей, тұнжырап отырып қалған.

*******

Жаңа көлігін жүйткіте жүргізген Байрам Торыбектің үйінің алдына әп-сәтте жетіп келді. Күн арқан бойы көтерілген кез.

Бұл келген сәтте Торыбек аула қақпасының алдында ескі жүк көлігінің май-суын қарап, күнделікті жұмысына кеткелі жатыр еді. Үй иесі Байрам ағасының ойда жоқта сап ете қалғанына таңдана қарап қалды да іле күлімсіреп қонаққа амандасуға екі қолын соза ұмтылды.

– Байрам аға, ассалаумағалейкум. Бұл келісіңіз біз үшін үлкен жаңалық болды ғой...

Байрам Торыбектің құрақ ұша сәлемдескеніне салқын жауап қатты. Онысын елей қоймаған Торыбек жалмажан әйеліне құрметті қонақ келгенін ескерту үшін үйіне қара екпіндеп адымдай бергенде оны Байрамның өктемірек шыққан үні тоқтатты.

– Әй, Торыбек, ештеңеге әуре болма... Өзіңмен оңаша жолығуға келдім. Шаруа бар.

– Аға, тыныштық па? Үйге кіргізбей, нан-ауыз тигізбей сізді қалай сырттан қайтарамын? Қандай шаруа болса да үйде отырып сөйлеспедік пе?..

– Асығыспын. Маған үйде емес, сыртта тұрып сөйлескен қолайлы.

Байрам көлігіне Торыбекті отырғызып алды да оқшау жерге алып барды. Құрметті ағасының мына іс-әрекетіне түсінбей дал болған Торыбек көзі алақ-жұлақ етіп қос құлағын Байрамның аузына тоса берді.

Алғашқыда азғырушы шайтандар Байрамға қатқыл көрінуді әмір еткен-ді. Енді істі өз арнасымен жүргізу үшін оны сабырлы, мейірімді болып көрінуге, майдалап сөйлеуге иліктірді. Кешеден бері әзәзілдері «үйреткен» қисынсыз, қойыртпақ уәждерді, өзінің талабына орай Торыбек міндетті түрде айтады деп күтілген дәйекті сөздерге қарсы қоспасы мол қотыр, негізсіз, бірақ ешкімді тырп еткізбес сылтауларды, өзегіңді ірітер, өкпеңді күйдірер, қаныңды қарайтар, жүрегіңді айнытар небір өлермен өтірікті қару ретінде пайдалануға дайын Байрам сөз бастады.

Байрам тарапынан кезінде үлкен үйін өрттен арашалап қалған Торыбектің іс-әрекеті есепке алынбады. Он соттық жері мен «времянкасын» Торыбекке жақсылығының өтеуі үшін ақ жарылқап сыйға бергенін қаперге алмады. Мұнысын қазақтың бір жігіті бала-шағасын шұбыртып келіп қалған соң берген көмегіне балады.

Байрам мейірлене қарағансып:

– Шырағым Торыбек, осыдан он бес жыл бұрын өзіңе он соттық жерімді тамыммен қос беріп, жақсылық жасағанымды білесің, – деді.

– Әлбетте аға, оны қалай ұмытайын...

– Енді сол ізгі ниетіме сенің лайықты жауап беретін кезің келіп тұр. – Ойбай-ау, аға, о не дегеніңіз. Сіз дегенде немді аяйын? Қамқор ағам үшін бар мүмкіндігімше қолымнан келгенін жасаймын ғой.

– Әп, бәрекелді!

– Менен не көмек? Ескі болса да жаңаға бергісіз жүк көлігім жүйткіп тұр. Күн демей, түн демей қайда жұмсасаңызда дайынмын. Шап десеңіз шапқылап кете барамын, аға!

Әрдайым әр сөзін нық сөйлейтін Байрам бұл жолы айтпақ дітін кібіртіктеп, күбіжіктеп, үзіп-созып жеткізді. Оның әр сөйлемінен өзіне деген сенімсіздік анық сезіліп тұрды.

– Жә, жә, жарайды. Көлігің де өзіңе, ісмерлігің де өзіңе... Сен мені мұқият тыңда... Жеңгең қатты ауырып жатыр. Оны дұрыстап емдетпесе жағдай қиын... Ағаң орта жастан асқанда соқа басы сопиып қалса, не болмақ? Ем-домына қаржы көп керек болып тұр... Кейінгі кездері менің де ісім оңға баспай, шаруам шатқаяқтап, кері кетті. Не істерімді білмей, басым қатып жүр. Сондықтан, негізі сенікі болғанымен, құжат бойынша маған тиесілі мына екеумізге ортақ жер телімін, ондағы үй-жайды сатуымыз керек, – деді Байрам шімірікпестен.

«Өз үйі – өлең төсегін» «екеумізге ортақ» дегеніне түсініңкіремей қалған, бірақ оған соншалықты маңыз бермеген, өзіне пейілі ерекше, жан-жағына мейірім шуағын төгіп жүретін жеңгесінің науқастанып қалғанын есітіп, ол үшін шын ниетімен алаңдаған ақниетті, ойында бөтен дәнеңе де жоқ Торыбек:

– Апырай, жеңгей ауырып қалды ма? Қиын болған екен... Дұрыс айтасыз, дереу емдету керек. Әйтпесе, болмайды. Дерті не болды екен? – деді шыдамсыздана.

– Оны талқыламай-ақ қояйық. Қазір басқа қалада. Көңілін сұраймын деп әуре болма. Оған ренжімейміз. Енді іске көшейік. Сен менің ұсынысыма не айтасың?

Торыбек өзіне қойылған сұраққа бірден не деп жауап берерін білмей састы. Сол әлетте кәрі ібіліс бір топ әріптесімен бірге Торыбекті Байрамға ұнайтындай жауап бергізбеуге азғыруға икемделді. Мақсаттары бұл екеуін ашық айқасқа тарту еді. Бірақ оларды Торыбектің Байрам мен оның әйеліне деген бастауы имандылықта жатқан риясыз ниетінің жалыны шарпып, дегендері іске аспай қалды. Шайтандар амалсыз кері шегінді.

Аз-кем үнсіз қалған Торыбек әлгі сұраққа:

– Адамның адамдығы осындайда байқалмай ма?.. Жеңгем қатты ауырып жатса, сіздің де ісіңіз кері кетсе, біз қалай үнсіз қалмақпыз? Ел ішіндеміз, далада қалмаспыз, үйді сатсақ сатайық.

Өзі кешеден бері жау санаған Торыбектен тек қасарысқан қарсылық күтіп, сондықтан онымен айқасуға алдын ала дайындалып келген Байрам қыбыжықтап қалды. Іле оған елжіреп, көзіне жас үйіріліп шыға келді. Жан сарайында әлдене бұлқынғандай болды. Іле жүрегі лүпіл қағып, жылы да жұмсақ сезім алпыс екі тамырын иітіп жіберді. «Не деген аңғал, жүрегі кіршіксіз, таза жан» деген сөз көмейіне кептеліп тұрып алды. Өзінің хайуани іс-әрекетіне опынғандай болды. Бірақ Байрамның бойындағы бұл өзгерістерден жандары қысылып, безек қаққан шайтандар белсене қимылдап, азғырындыны қайтадан майлы ішектей айналдырып, өздеріне бағындырып ала қойды. Байрамның жан сарайындағы әлгі бұлқынысты буып, лүпіл қаққан тарыдай жүрегін таптап, оның алпыс екі тамырын қуалаған жылы да жұмсақ сезімдерді ыдыратып жіберді.

Байрам бойын тез жинап алды да, үнін қатайта:

– Қазір мына үйді елу мың долларға сатуға болады, – деді.

Торыбек:

– Аға, о не дегеніңіз. Бұл үй ары кетсе жиырма мыңнан аспайды. Бұл ауылда қабырғалары қызыл кірпішпен өрілген, үлкен, сән-салтанаты келіскен, ауласы қымбат «шлакоблокпен» қоршалған, бау-бақшасы жайқалған үй-жайлардың өзі қырық мың долларға әзер бағаланады. Қанша дегенмен ауылдық жер ғой. Қалтасында елу мыңы бар адам біздікіндей жұпыны үйге көз де салмайды. Қазір адамдар қандай үйді қандай бағаға сатып алатынын жақсы біледі.

– Басқаның дүниесін не етесің?.. Әзірге үйді мен айтқан бағаға ұсынамыз... Оны кем дегенде қырық мың долларға сатамыз, – деді Байрам екі-үш күннен бері санасына бекіп қалған болжамды бағаны төмендеткісі келмей.

– Жарайды, – деді Торыбек. Ол өзі ұзақ жылдардан бері ағалы-інілідей сыйласып келе жатқан ақжарқын, кеңпейілді Байрамнан еш жамандық күтпегендіктен, ол туралы ешқандай бөтен ой, күдік болмағандықтан әрі өзі сыйлайтын жеңгесі ауырып жатқанда көмек бермеуге ары жібермей, айтылған ұсынысқа бір ауыз қарсы сөз айтпады. Оның Байрамға деген сенімі ерекше еді. Әйелінің де Байрамға деген құрметі, сенімі жоғары болғандықтан, қарсы ештеңе дей қоймас деп, зайыбымен де ақылдасуға мұрсат сұрамаған.

Қоштасар сәтте Байрам:

– Үй сатылып кетсе, саған осы ауылдан уақытша паналай тұратын жай тауып беремін. Кейін, жеңгеңнің ем-домынан қаржы артылып жатса, осы маңнан бір үй сатып әперемін, – деп өтірік уәде берді. Оның бұл сөзіне Торыбек құлай сенді. Бірақ әңгіме барысында Байрамға тура қараған, көзімен көзі түйісе қалған әлеттерде ағасының қайта-қайта жанарын жалт еткізе ала қашып, назарын өзге жаққа аударумен болғанын түсініңкіремеген. Дегенмен бұл көріністерге мән бере қоймаған.

Сонымен, үй сатылымға қойылды. Ауланың қара дарбазасына «Үй сатылады» деген жазу бедерленіп, телефон нөмірі жазылды. Сатып алғысы келіп хабарласқандар үйдің құны тым қымбат екенін айтып жоламады. Саудаласа келген кейбіреулер үйді он бес мыңнан артыққа бағалай қоймады... Содан, үй сатылмай тұра берді.

Арада екі айдай уақыт өтті. Осы аралықта Байрамның көшедегі әлдекімдердің сөзіне еріп, оның үстіне өзі де қанағатсыздықпен үйді тым асыра бағалағанына көз жеткен. Енді ол үйді өткен бағасына сатып байыз таппаққа бет бұрды. Шайтандардың әбден азғырындысына айналған, еттен ажырап, қу таяқ болған Байрам әлгі үйді сатқанда түскен қаржы еш жеріне жамау болмайтынын, үй пұлға айналса жазықсыз Торыбек бала-шағасымен далада қалатынын қаперіне де алған жоқ.

Үй сатылса адамгершілігі мол, Құдайына қараған Байрам ағасы бала-шағасымен далаға тастамайтынына бек сенімді Торыбек өткен екі айдың ішінде үйді көруге келгендерге қабақ шытпай қызмет көрсетіп, үйдің тез сатылуына барынша мүдделілік танытумен жүрді. Өзі сыйлайтын жеңгесінің еміне қаржы керек кезде, бұл қалай үйдің тез өтіп кетуіне ынталы болмасын.

Алайда, мына күтпеген кездесу Торыбектің көзін шайдай ашып, оған Байрамның ішінде ит өліп жатқанын анық көрсетті. Бұл жағдай оны қатты таңғалдырды әрі әжептәуір күйзелтіп жіберді.

Жұмыс барысында жүк көлігімен қала орталығына жиі баратын Торыбек бір күні ойда-жоқта Байрамның әйелі – жеңгесімен көшеде ұшырасып қалды.

Біраздан бері жолықпаған, бұрын көрші ретінде талай жыл сыйласып тұрған олар бір-бірімен жік-жаппар болып хал сұрасқан.

– Иә, Жайна жеңеше, есенсіз бе?

– Аллаға шүкір аманбыз?

– Айыпқа бұйырмассыз, сізді ағам қатты ауырып жатыр деп еді, сауығып кеттіңіз бе? – деген Торыбек қойған сауалына жауап күтпей, сөзін ары қарай жалғады. – Өз көзіме сене алар емеспін... Құдайға шүкір... Біз, келініңіз екеуміз көңіліңізді сұрап баруға жарамадық деп, қысылып жүр едік... Бірақ ағам сізді басқа қалада ем қабылдауда, көңілін сұраймыз деп әуре болмаңдар, ренжімейміз деген соң... Әйтеуір аман-сау екенсіз ғой. Мен сізді төсек тартып жатыр дегенге... Сізді дәл осындай құлпырған қалпыңызда көремін деп еш ойламап едім... Шүкір, шүкір.

– Әй, қайным-ай, шаршап жүрсің-ау деймін. Ағаңның емес, басқаның айтқанымен шатастырып тұрсың ғой. Жеңгең аман. Алла қолдап, әзірге ауру-сырқаудан адамын.

– Жо-жоқ, шатасып тұрғаным жоқ. Әзірге есім бүтін. Байрам ағам сізді қатты науқастанып қалды, ем-домға қаржы керек деп маған келген. Содан, екеуміз ақылдаса келіп, менің үйімді сатып, оның қаржысын сізді емдетуге жұмсамақ болғанбыз.

Байрамның әйелі – Жайна Торыбектің сөзін көзі шарасына шыға асқан таңғалыспен тыңдады да іле жайбарақат қалыпқа түсіп:

– Ағаңның менен жасырған тағы бір әйелі бар шығар... Бәлкім, сол ауырып, ағаң соны емдетуге қаржы іздеп жүрген болар, – деді әңгімені әзілге жеңдіргенсіп.

– Жо-жоқ, жеңеше, Байрам ағаның сізден жасырған ешкімі жоқ. Ол кісі жөнінде жаман ойлауға болмас, таза адам ғой... Басқа біреуі болса, маған «Жеңгеңді дұрыстап емдетпесе жағдай қиын. Ағаң орта жастан асқанда соқа басы сопиып жалғыз қалса, не болмақ?» демес еді ғой, – деді Торыбек.

Одан ары екеу ара әңгіме жүйесін таба қоймады.

Жайна күйеуінің мына қайнысынан бұрын сыйға берген дүниесін қайта тартып алуға шындап кіріскенін, сол үшін өтірікті судай сапырып, ақжүрек Торыбекті алдап-сулап, оның өзіне деген сенімін пайдаланып көкіп жүргенін терең түсінді.

Екеуі сыпайы қоштасты. Жайна кеткен соң Торыбек алай-дүлей күй кешті. Байраммен үйді сатуға келіскен сәттегі әңгіменің бүге-шігесіне дейін санасында жаңғырды. Сол сұхбат кезіндегі Байрамның ойнақшыған көзі, өзіне тура қарай алмай тайсақтай бергені, сөздерін де кібіртіктеп, күбіжіктеп жеткізгені де есіне түсе берді. Осылайша, Торыбек өзіне, отбасына Байрам тарапынан бір жамандықтың мысықтабандап жақындап қалғанын анық ұқты. Санасы сілкініп, өзін-өзі жинап алды. Дәл осы арада оның ойына Байрамның «кейінгі кездері менің де ісім оңға баспай, шаруам шатқаяқтап, кері кетті», деген сөзі орала кетті. Бұл оны аздап сабасына түсірді. Іле қайырымды ағасын әлі де болса жамандыққа қиғысы жоқ Торыбекті «Бәлкім, оның бизнесі тығырыққа тіреліп, қаржы керексініп, амалсыздан маған қолқа салған болар», деген ой меңдеді. Ол Байрамның қалада бес-алты дүкені, орталық базарда жеті-сегіз сауда нүктесі, жалға беріп тастаған екі-үш зәулім ғимараты, шаһардың бір ықшам ауданын нанмен қамтып отырған наубайханасы бар екенін білетін. Өйткені, Торыбек осыдан алты-жеті жыл бұрын, қамқор ағасы қалаға алғаш келіп, бизнесін бастаған тұста оның қол астында ескі жүк көлігін күндіз-түні тоқтатпай жұмыс істеген. Сол кездерде ағасының ісі жүріп, шалқыған байлыққа аз ғана уақыттың ішінде ие болып шыға келгеніне куә болған-ды. Ағасы мұның істеген жұмысына алғашқыда жақсы төлеген-ді. Кейінірек міндеті екі еселенсе де төлейтіні азайып, ақысына алатыны көлігінің керек-жарағына, май-суына зорға жететін болғандықтан ағасымен ретін тауып, көңіліне қаяу түсірмей жылы қоштасқан, бір-біріне разы бола есеп айырысқан. Кейіннен Байрамның бизнесі одан сайын өрлеп, өркендей түскен. Кәсібі кемелденіп, жоны күдірейген, ішегі шылқа-шылқа майланған байшыкешке айналған.

Мұның тірнектеп жиған дүниесі, жылдап құраған үй-жайы, бау-шарбағының құны Байрамның бір дүкенінің жалғыз өзі бір жұмада түсіретін табысына да жетпейді. Торыбектің тірлігі онікінің қасында баланың ойыншығы десе де болады. Осының бәрін көңіл таразына салған Торыбек Байрамның шалқыған дәулеті толып тұрған ернеуінен кері шегінсе, оны қайта толтыруға өзінен өндірілмек тиын-тебеннің үліңгірдей де әсері бола қоймайтынын түсініп, әлгі ойының олақ екенін ұқты. Дегенмен ол Байрамның шаруам шатқаяқтап кері кетті деген сөзінің рас-өтірігіне көз жеткізуді артық көрмеді.

Содан Торыбек жүк көлігін автотұраққа апарып қойды да қара кешке дейін Байрамның наубайханасын, дүкендері мен сауда нүктелерін, жалға беріп қойған ғимараттарын адақтап, оларда жұмыс істейтін бұрынғы таныстарына жолығып шықты. Ағасының тірлігі кері кетпек түгілі кемелдене түскеніне, шаруасы шатқаяқтамақ былай тұрсын қанатын кеңге жайып қалықтай биікке самғап бара жатқанына анық көз жеткізді...

Дәулеті төске өрлеп тұрған, әйелі дін аман ағасының ішкі ниетін Торыбек түсіне алмай-ақ қойды. «Үй-жайымды сатқызып, одан түскен ақшаға қай жыртығын жамамақ?» деген сауал оның алқымын қыса түсті. Оған не жазып қойғанын біле алмай шаршады.

Торыбектің көзі ашылғалы бері арада он күндей уақыт зыр ете өте шықты. Осы аралықта Торыбек әйелі Ханшайым екеуі өздерін қатты мазалаған «неге, не үшін?» деген сұраққа жауап таба алмай дал болды. Далбасалап «әзілдеп жүрген болар» деп те болжам жасады. Бірақ бұл болжамдары өздерінің күлкісін келтірді.

Үй-жай сатылымға қойылған алғашқы сәттерде көңілдерін түртпектеген «Үйді неге сатпақсыздар?» деген сұрақтарына әкелері мен шешелері тарапынан тұщымды әрі қисынды жауап алған балалар алаңсыз жүрген. Өздері үй-ішімен сыйлайтын Байрам көкелері мен Жайна апалары қиналғанда оларға қол ұшын созу мақсатында үйлерін сатып көмектесетіндеріне ренжімеді. Дәулетті де жаны жомарт Байрам көкелері далада қалдырмайтынына әке-шешелері сияқты нық сенімді болған. Бірақ соңғы уақыттары ата-аналарының тым күйгелектеніп, мазасызданып, үйлерінің тағдырына қатысты жиі сөйлесіп кеткендеріне күдіктене қарай бастаған балалар көп ұзамай мән-жайды түгел білді. Олар да өз саналары деңгейінде жапа шегіп, уайым жеп, ұнжырғалары түсті. Сыртқы әлеммен, көрші-қолаңмен байланыстарын шектеп, бала көңілдері тұйықталып, шат-шадыман, жарқын күлкіден тыйылды. Олар үшін алаңсыздық аясы тарылып, тақуа жандай томсырайып, өздерінің бұйығы ойларына қамалды. Бұл ой оларды жарқабаққа қамап, жандарын қысты, тығырықтан шығар жол іздетті. Араларындағы үлкендері, биыл колледж бітіріп, көңілін демдеген үлкен қыз бен одан кейінгі жетіліп қалған төрт ұл баспанасыз қалудың қаншалықты қиын екенін жүректерімен сезінді. Әке-шешелерінің тырбанып жүріп салған, өздері де қабырғалары қайыса жүріп кесегін құйысқан, оны тасысқан жаңа үйдің, мәпелеп күткен бау-бақшаның, бәрінен де балалық шақтарының бақытты алаңы, шаттықты шаңырағы, мамық та жылы ұясы болған мекенді еріксіз, аяр күштің тықсыруымен тастап шығудың тақсыретін алпыс екі тамырымен сезу, түйсіну балаларға оңай деймісіз.

Бәрінен де оларға өздерін өмірдің талқысына тастап, қасірет қамытын кигізуге құлшынып жүрген басқа емес, әке-шешелері ерекше құрметтейтін, солардың айтуымен өздері де жүректерінің төрінен орын берген, үй ішінде «әумин» деп қол жайылғанда әуелі Алланың, одан кейін Пайғамбардың (с.ғ.с.), сахабалар мен әулие-әмбиелердің, ата-бабаларының, әжелерінің есімдері аталған соң барлығы жабыла Жаратқаннан амандығын тілейтін жайсаң көкелері Байрам екенін ойлағанда ішкі әлемдерін әлдене тырнап-тырнап кеткендей болатын.

Ақырында Торыбек Байраммен бетпе-бет ашық сөйлеспекке ниеттенді. Ерлі-зайыпты екеуі ағаларына қояр сұрақтарды әбден екшеп, електен өткізді.

Сан сауал көмейіне кептеліп, кеңірдегін керіп, сыртқа шығуға таласып құтын қашырған Торыбек апыл-ғұпыл киініп сыртқа шыққан. Сол кезде іздегенге сұраған, қасында таныс-бейтаныс, осыдан бес-алты күн бұрын үйдің іші-сыртын, ауласын, қора-қопсысын көріп, сатып алмақ ойы бар екенін білдіріп кеткен, өзін Ерсай деп таныстырған кісі бар Байрам аппақ жаңа көлігімен мұның дәл алдына келіп тоқтады.

Байрам көлігінен лып ете жеңіл түсті. Сол сәтте Торыбек өз көзіне өзі сене алмай, ағасына таңырқай қарады. Ол қос жанарына сенімсіздік таныта, оны тазаламаққа қайта-қайта уақалағанымен көздері алдындағы көріністі өзгеріссіз ұсынды. Торыбек баяғы маңғаз, шашының ағы сирек, бет әлпеті толық әрі шырайлы, қапсағай денелі, иықты, еңгезердей Байрамды таппай қалды. Оның орнына жүзі солған, әжім-әжім, мұрны қырдай, шашы әппақ қудай, иығы қушиған, еңсесі еңкіш, ілмиген ұсқынсыз, бейшара шалды көрді. Көрді де көзі бозарып кетті. Келген адамды Байрам емес дейін десе, тағы болмайды. Көз де, сөз де, өң де, көн де, рең-бас та баяғы Байрамдікінен сәл өзгешелеу демесеңіз, дәл өзі. Аумайды.

Осыдан біраз бұрын Байрамның аздап еті қашып, сылыныңқырағанын байқағанымен Торыбек оны дәл мынадай күйде көремін деп күтпеген еді. Айналдырған бірер айда сап-сау адам да осылай да азып-тозып, өзгеріп кетеді екен-ау ә. Торыбек Байрамды аяп та кетті. Бірақ сыр бермеді. «Азып кетіпсіз ғой, жүдеу көрінесіз», деп, шын көңілімен жаны ашығаннан жағдайын сұрағысы келсе де өзін-өзі тежеп, дәстүрлі, сыпайы амандасу рәсімінен аспады.

Торыбек қонақтарға әдеттегідей жайдары қалыппен сәлем берді. Байрам да мұнымен жылы шырай таныта амандасқансыды.

– Байрам аға, үйге кірейік, – деді Торыбек қонақтарға ілтипат көрсете.

– Осы жерде сөйлесе берейік, – деді Байрам үйге кіруден тартынып.

– Жарайды, дегеніңіз болсын.

– Ерсайдың жақында үйді көріп кеткенін білесің. Бұған бәрі ұнапты. Үйдің құнын жиырма бес мың долларға бағалап отыр. Бұдан арыға тартпайды дейді. Мен келістім. Ақшасын жартылай алып қойдым. Қалғанын құжаттар өзінің атына толық заңдастырылған соң береді, – деді Байрам.

Үйді алғашқыда елу мың долларға сатылады деп ойлап, осы болжамы елірткен Байрам нарық бағасы күткенінен мүлде төмен болған соң босқа арамтер болмауды, райынан қайтуды семірген шайтандары есіне де алдырмады. Азғырындының бар ойы енді үйдің қаншаға бағаланатынына емес, өзі бұрын сыйға берген мүкәмалын Торыбектен өйтіп-бүйтіп қалайда қайта алып қоюға түбегейлі ауған.

Торыбекке «жеңгең ауырып жатыр» деп айтқан өтірігі әйелі арқылы әшкере болған Байрам онысын жуып-шаюдың да жолын тапқансыған. Торыбек мұнысын бетіне басса, «немене, ағаңның Жайнадан басқа қатыны жоқ дейсің бе? Ондайлардың менде бірнешеуі бар екенін айтып, саған есеп беруге тиісті емеспін. Солардың бірі ауырып жатқаны рас», деп өтірігін тағы бір өтірікпен бүркемелемек.

Шын мәнінде мына Ерсай үйді сатып алушы емес еді. Ол – Байрамның құныс пиғылымен, қулықпен шабыттана құрастырған спектаклінің кейіпкері – қатардағы жай бір танысы. Байрам Ерсайға жағдайды «өтірікті шындай, шындықты құдай ұрғандай» етіп түсіндіріп, өзін дүниесінен айырылған жапа шегуші мүсәпір етіп, Торыбекті алаяқ, жақсылықты түсінбейтін надан әрі арамза ретінде сипаттаған. Оған өзіндей шарасызға көмектессе ақысын жемейтінін айта отырып, өтініш білдірген. Осы өтінішке сәйкес Ерсай өзіне тапсырылған рөлді, яғни үйді сатып алушы клиенттің бейнесін сәтті сомдап шығуы қажет.

Байрамның өзі сценариін жазған «спектакль» бойынша Ерсай жұртқа үйді сатып алушы болып көрінеді (Сондықтан оны осыдан бес-алты күн бұрын осында жұмсап, үйді сатып алатындай болып көрініп қайтуды тапсырған). Содан, Торыбек еш қарсылықсыз үйді босатса, жер телімінің құжатын ешкімнің атына аудармай-ақ, бұрынғыдай өзі қожайын болып қала береді. Ал қарсылыққа кезіксе, мүліктің құжаттарын Ерсай актердің атына жаздырады. Сөйтіп ол уақытша қожайын бола тұрады. Бар дүние заң бойынша Ерсайға өткен соң, жаңа қожайын бірден Торыбектен жайды босатуды талап етеді. Егер іс барысы сотқа барып тіреліп жатса, Ерсайға меншіктің заңды иесі ретінде тиісті орынға шағым түсіртеді... Осылайша Торыбек шетке ысырылғаннан кейін Байрам алаңсыз, ешкімге жалтақтамай барлық құжаттарды Ерсайдан бір баласының атына қайта аударып ала қояды. Сонымен бәрі өз құзыретіне көшеді. Содан кейін бір жазда ауладағы барлық ескі-құсқы құрылысты сырып тастап, олардың орнына күйген кірпішпен келістіре зәулім үй салып, ауласын жақсылап қоршап, әкесін таныта пұлдайды. Міне, пайданың көзі қайда жатыр?

Ал Торыбекке бір жерден жалға пана тауып беріп, оның ақысын екі-үш ай төлеп береді де, кейіннен «ал енді өз күніңді көрерсің, саған қашанғы шығындала беремін?» деп арқасын қағып, алдаусыратып қош айтысады. Байрам бұған ұқсас, бірақ аздап өзгешелігі бар тағы бір спектаклдің сценариін жазып қоған еді. Онысын егер Торыбек қандайда бір қарсылық көрсетіп, яғни салған үйі мен еккен бауының, ауланы қоршаған шарбағының өтеуін сұрай қалса қолданбақ. Бұл сценарий бойынша Торыбекке тиесілі дүниенің бәрінің өтеуіне екі-үш мың доллар ұсына салады. Одан артықты бере алмайды. Өйткені қам кесекпен салынған тамы демесең, еккен талы мен сым шарбағын сөз етуге де тұрмайды. Талы мұның жерінен нәр алып тұрғанын, шарбағы арзанқол дүние екенін ұмытпасын. Ал егер оған да көнбесе «өзімнің бейнетім сіңді» деген мүлкін бұзып көшіріп әкетсін. Байлам осы. Тіпті, бұған да келіспесе заң күшімен айдап шығады. Сонымен іс бітеді. Тәмам.

Соңғы кездері Байрамға деген сенімі әлсіреп кеткен Торыбек оның «Ерсай үйді жиырма бес мыңға сатып алады», дегеніне мүлде сенген жоқ. Ойбай-ау, осы ауылда сатылымға қойылған, мұныкінен көш ілгері үй-жайлардың өзі жиырма мың долларға зорға бағаланып жатқанын осында он бес жылдан бері тұрып келе жатқан, күн сайын әркімнің құрылыс заттарын тасып, елмен етене араласып жүрген Торыбек білмейді дегенге кім сенеді? Тіпті, ол Ерсайдың үйді сатып алғалы тұрған адам екеніне де күмәнмен қарады. Бұл Байрамның «өнімі болуы да мүмкін» деп те ойлады.

Ханшайым қақпаның саңылауынан сығалап қарап қалған. Сөздеріне құлағын түріп көріп еді ештеңе ести алмады. Әкелері мен Байрам көкелерінің оңаша сөйлесіп жатқанын ә дегеннен білген балалар оларға терезе арқылы қарауға дәттері бармады. Жаздың құрғақ күнінде үйлерінің іргесінен су кеткелі тұрғанын, шаңырақтары шайқалып, босағалары қақырауға айналғанын, қауіптің қара-қошқыл бұлты жан-жақтан қаумалап келіп қалғанын жан-жүректерімен сезінген балалар бөлмелердің бұрыш-бұрышына тығылып алып Алладан өздерін панасына алуды үздіксіз тілеумен болды. Сол сәттерде балалардың көз алдарында асқар таудай әкелерінің аяр күштің алдындағы еңкіш тартқан бейнесі, аналарының жанын қоярға жер таппай жүрек тұсын қармана бергеннен артық ештеңе қолынан келмей далбасалаған жуас та жұпыны сұлбасы кетпей-ақ қойды.

Олардың періште жүректерінен шыққан риясыз дұға-тілектер жеті қабат көкті қақырата жарып өтіп ғарышты шарлап кеткендей еді... Іле жердегі періште жүректердің шырылдай жолдаған сәлеміне Көктен жауап берілгендей сандаған ақ қанатты періштелер құйылып келіп, ұрымтал сәтті күтіп сол маңды төңіректей қалды. Олар Алланың Торыбек пен отбасына түскен сынақты жеңілдетуге, Байрамды тәубасына келтіруге пәрмен берер сәтін, бұйрығын тосып, аялдаған.

Байрам мен Торыбек қақпа алдынан былайырақ шығып, оңаша ұзақ сөйлесті.

Торыбек өзін барынша сабырлы ұстауға тырысса, Байрам қайта-қайта қызбалыққа салынумен болды.

Шайтандар қауымының шатағына әбден шатылған Байрам Торыбектің уәжіне мән бермеді. Байрамға деген сенімі сөнген Төрібек басында оның өтірікпен бояп айтқан жағдайына түсіністікпен қараймын деп үйді пұлдауға келісімін беріп қойғанына әжептәуір опынды. Бірақ, «сол кезде келісім бермесем, есегім судан өткен соң өзінен ірге ажырата бастағандай көрініп, қытығына тиіп, жағдай тым өршіп кетуі де мүмкін еді ғой», деп те ойлады.

Торыбек бұл іс-әрекеттің ақылға сыйымсыздығын айтып, Байрамды райынан қайтаруға барын салып бақты. Байрамның әйелінің дертке шалдыққаны, бизнесінің кері кеткен жөнінде айтқаны өтірік екенін бетке басып, оны басты уәж етсе қарсыласын өршелендіріп алармын деп қауіптенгендіктен тілі қысық Торыбектің далбасалап үйді сатуға қарсылық білдіріп, тіліне тиек еткен бар уәж-сылтауының негізгі өзегі – жұбайының, балаларының үй-жайды босатуға келіспей, көнбей, зар жылап отырғаны, басында олармен ақылдаспай сатуға сөз беріп қойғаны ғана болды. Әңгіме барысында бір айтылған сөз сан мәрте қайталанды. Ештеңе өзгермеді. Текетірес созыла берді.

Байрам әңгіме барысында Торыбектің есіне жердің құжаты өз атында екенін, мұндағы құрылыстардың ешқайсысының заңды қағазы жоқтығын, сондықтан бұл арада ең маңыздысы жер телімі екенін айта отырып, заң бойынша сөйлегенде өзінің үстем шығатынын жиі-жиі салумен болды. Азғырынды Байрамның сүйенетіні заңды құжат болса, Торыбектің табан тірері қарсыласының кезінде өзіне бұл телімді адал көңілімен сыйға ұсынып, осында тұрақтап, алаңсыз өз меншігіңдей көріп, үй-жайыңды тұрғыза бер деп айтқан сөзі, берген уәдесі.

«Уәде – құдай аты». Кешегілер уәденің құнын Құдайдың атымен байланыстыра қараған. Сондықтан да сөзге, уәдеге тұру оларға басты парыз, бұлжымас қағида саналған. Қазір ше?.. Бұл сөздің өткен замандарда болмаса бүгінде еш мәні жоқтай. Бұл жол – дала заңы қазір көмескі, түсініксіз. Бүгінде оны тұтынғысы келетін жалаңтөстер жоқтың қасы. Олардың соңғы тұяқтары қағаздар мен заңдарға тұншықтырылып, көздері құртылған. Кейбіреулерін шайтандар азғырып, жолдан тайдырса, екіншілерін әділетсіз әзәзілдер зар жылатып, «уәденің – Құдайдың бір есімі» екенін ұмытуға мәжбүр еткен. Осылайша, кешегілер ұстанған ұлы жол орта жолда кесілген, сапарын ерте аяқтаған. Содан келіп, бабалар жолынан ажырап қалған бүгінгілер ауызша уәде мен сөзге тұрудан бізге қарағанда әлдеқашан қол үзгендіктен қит еткен әрекетін мөрлеп, заңдастыратын, жатқан-тұрғаны мен ішкен-жегеніне дейін құжатпен дәлелдеуді салтқа айналдырған батыстықтардан да үлгі ала алмай, екі ортада дүбәрәнің халіне тап болды. Енді қайтіп күн көрмек? Әркімге таланып, мазақ болып сандалудан басқа не істей алмақ? Бүгінгілердің кешегі бабаларының даналықты жолын айтып мақтанғаннан аса алмай, оны өздері тұтына білмей жүргендерімен шаруасы болмай тұрып, өзара келісімі мен уәдесін қағазға түсіріп, мөрлегіш өзгелерді мысқылдап, мазақ ететінін қайтерсің?

Әділетті қоғамда адамдардың (кез келген мәндегі) жанайқайы сирек шығатындықтан ол назарға тез ілінеді. Жаңғырып естіледі, талайдың ұйқысын қашырып, тағы біреулерді толғантып, тебірентеді. Ал әділетсіздік жайлаған жерде жанайқайлар өте көп болатындықтан оларға мән беріле қоймайды. Сондықтан мұндай қадірсіз жанайқайлар жылап-сықтауға, ішкі өксік пен күйінішке немесе суицидке ұласып барып тұншығады. Бұл жанайқайлардың көбісінің бастауында салғырттық пен жайбасарлық тұрады. Әсіресе, өздері үшін аса маңызды үйлерінің құжаттарын реттеуге немқұрайлы қарап, ақырында сотқа сүйреліп, мүлкінен айырылып жататындардың жанайқайы жиі естілетінін қоғам біздікі ғана болар, бәлкім. Келіспейсіз бе? Онда, басқасын айтпағанда, тіпті кейбір әкелер мен балаларды кетістіріп, ағалар мен інілерді соттастырып, енелер мен келіндерді шаштастырып, аналар мен қыздарды оттастырып жататын, жер астынан екі құлағы тік шыққандай көрінетін пәлекет оқиғалардың бастауында, астарында не жатқанын зерделеп көріңіз. Сонда бәрін түсінесіз.

Әкімдерден жер телімін иеленуге рұқсат қана алып, одан ары бас жоқ, көз жоқ үй салып, оларының құжатын жылдарды аралата барып реттеп жататын, кейде сонысынан таяқ жейтін ағайынға ұқсағысы келмеген Торыбек Байрамға жердің құжатын өз атына аударып беріңіз деп талай мәрте алдына барған-ды. Сол сәттерде өзіме сенімсіздік көрсетті деп ойламауы үшін Байрам ағасына «бала-шағамызбен үйімізге тіркеле алмай жүрміз, сол үшін жердің құжатын өз атыма ауыстырып, содан кейін тамның қағаздарын заңдастыруымыз керек екен. Әкімшіліктің талабы осылай болып тұр», деп түсіндіріп баққан. Сонда ойында ештеңе жоқ Байрам «Өй, сен де, несін уайымдайсың? Біздің үйге немесе осындағы кез келген ағайынның баспанасына тіркеле берсеңдерші. Өзім бәрін бір күні реттеп беремін. Әзірге қол тимей жатыр. Бәлкім өзіңе бірде нотариус арқылы сенімхат жазып берермін. Сосын бәрін реттей саласың», деп шығарып салма сөзбен созбақтап жүргенде ақырында арада он бес жыл өте шыққан.

Қазір бұрынғыдай мамырақан заман емес, қала, оның маңындағы жер телімдері түгілі алыстағы ауылдардың өзінде бір қарыс жер қып-қызыл ақшаға бағаланады. Ал бағалы жерге көз алартар жау көп. Осыны жақсы білетін Торыбек он бес жыл бойы бір Байрам ағасына жалтақтаумен күн кешкен. Оған қайта-қайта қыңқылдап бара беруден де ыңғайсызданып, тіпті кейінгі кезде бұл бұйымтайын ескертуді де қойған-ды. Осының аяғы, міне... Әділет әлдінің жағында болса, ондай әділет салтанат құрмай тынбайды. Бірақ ол көңілді қуантпайды әрі қоғамның тазалығының көрсеткіші бола алмайды.

Әділет әлсіздің жағында болса, оның салтанат құруы екіталай. Егер ғайыптан тайып әлсіздің қолындағы әділет көкке өрлесе, көңіл қуантады әрі қоғамның тазалығына өлшем бола алады.

Ерсай «режиссерінің» алдын ала ескертуі бойынша ешқандай сөзге араласпай, шеттеп тұр. Оңаша тұрған екеудің әңгімесі әзірге таусылар емес.

Байрам:

– ...Екеуміз үйді сатамыз деп келістік па, келістік. Сатсақ, сатайық дедің. Қаншама уақыт ақ тер-көк тер болып сатып алушы клиент табылғанда енді сенің басқаша сөйлеп тұрғаның қалай?

Іс шешімі айналып келіп заңға тірелсе өзінің аяғы аспанды тірей құлайтынын білетін, сондықтан Байрамның абайсызда шамына тиіп кетпеуге, сөйтіп оны өршітіп алмауға барынша бекінген Торыбек әлгі қойылған сұраққа дайын жауабы көмейіне тіреліп тұрса да онысын сыртқа шығармады. Егер Торыбек осы арада: «Мен үйді сіз: «жеңгең ауырып жатыр, соны емдетуге ақша керек, оның үстіне тірлігімнің берекесі қашып тұр» деген соң адал ниетпен көмектесу үшін сатуға келісімімді бергенмін. Бірақ сіздің сол кезде айтқандарыңыздың бәрі жалған екеніне көзімді жеткіздім. Жеңгем аттай шауып жүр, бизнесіңіз дүрілдеп тұр. Сіздің қаржылай ешқандай көмекке зәру емес екеніңізді білгендіктен, үйді сатуға келіспей тұрмын. Сіз мені алдап, өз үйімнен қуып шықпақшысыз. Одан басқа мақсатыңыз жоқ», деп ашық кетсе не болмақ? Байрамдық шайтандардың жаны кіріп, азғырындыларының көзі ақиып кетпей ме? Дәлірегі, Байрам: «Мен мұны жақсы жігіт деп жүрсем, маған сенімсіздік танытып, мені аңдып, бәле қуып жүр екен ғой, ендеше көресінді көрсетемін», деп қиғылығын одан әрі үдетпей ме? Міне, дәл осы күдік Торыбектің әңгіме басталғалы бері тілін қысып, аузын буып, негізгі уәжін мәнсіз етіп, оны көмейінен шығармай тұрған еді.

Торыбек аздап кідіріп қалды. Еріндерін қайта-қайта тістелеп, мұғалімнің алдында тұрған нашар оқушыдай көзімен жер шұқылады. Іле еңсесін тіктегендей болып әрі қарсыласының нақақтан-нақақ озбырлығына әзер шыдап тұрса да барынша кішіпейілділік таныта:

– Үйдің құны сіз айтқан бастапқы бағаға мүлде жетпеді ғой, – деді үйді ешкім сатып алғалы тұрмағанын сезіп тұрса да Байрамның өтірігіне сенгендей болып.

– Бұл қаржыға не өндіруге болады дейсіз, одан да сіздің қажетіңізді өтеу үшін басқа бір амалын қарастырсақ қайтеді...

Ә дегенде айтқанына көніп, енді айдауына көнбеуге ыңғай білдіре бастаған, сырғақсытып, оны-мұны көлденең тарта берген Торыбекке жын-шайттанның үздіксіз түртпектеумен ызасы сілкіне оянған Байрам төтесіне көшіп:

– Сені сөз түсінетін жігіт пе деп жүрсем, қуыс кеуде біреу екенсің. Ендеше мені тыңда. Екі-үш демей-ақ қояйын, бір аптаның ішінде бұл арадан табаныңды жалтырат, шырақ. Қам кесекпен салынған жатаған тамыңның құны үш-төрт мың доллар болар, азар болса, оны беремін. Еккен талдарыңды, ауланы қоршаған шарбағыңды міндетсінсең, бірін жұлып, бірін бұзып әкет. Естиін деген сөзің осы ма? Ағаңның сөзін сыйлап, айтқанға көнгеніңде осы маңнан баспана жалдап немесе бір жай сатып алып беретін едім, енді мына қырсықтығың үшін ол да жоқ, – деді түтіге. – Ал бұған көнбесең, сотқа беріп, тентіретіп жіберемін. Жердің заңды құжаты менің атымда, демек әділет, күш менің жағымда. Тіпті, осында он бес жыл тұрғаның үшін заң арқылы қып-қызыл ақша төлеттіремін. Заңмен ойнама. Заң менің осы жерімдегінің барлығын бульдозермен бір пәсте сүрдіртіп, тегістеп жібере алады.

Өзін мазасыздық меңдесе де Байрамның кіжіне айтқан сөздерін сабырмен тыңдаған Торыбек:

– Байрам аға, сіздікі жөн дейін... Менің сіздің жеріңізге салған тамым үшін беремін деген үш-төрт мың долларды қанағат етейін, еккен талым мен ауланы қоршаған шарбағымды міндетсінбейін... Бірақ, мына сұрағыма жауап беріңізші: Сіздің «осы жерде тіршілігіңді жасай бер, бұл телім басы бүтін сенікі, үй саласың ба, біреуге сатасың ба, өзің білесің» деген бір ауыз сөзіңізге, берген уәдеңізге сеніп, осында өткізген, енді сіз мәнін жойып, тартып алғалы тұрған он бес жылымның өтеуін кім төлейді? Оның өтеуі арзымайтын ақша мен жұлынған тал, бұзылған шарбақ қана болмақ па? Егер сіз кезінде «бұл жер сенікі» деп сөз бермегеніңізде мен басқа әрекетімді жасап, он бес жыл бойы бұл араға алданбай, босқа арамтер болмай, іргемді өзге жерге қалар едім ғой. Осы аралықта мына жерге кіндігімді байлап, еңбегімді сіңіріп, келешекке жетелеген үмітімді алданыш етіп өткізген есіл уақытымның ақысына арзымайтын ақша беріп, есеп айырысу ақылға сыя ма?

– Қия тартып, бөтен қылық көрсетпе... Қажет десең, бұл сұрақтарыңды заң орындарына қой, оған солар жауап берер... Осымен сөзді доғаралық. Меніңше, енді сот залында кездескеннен басқа жол қалмады. Өз обалың өзіңе, бала...

– Жоқ, бұл сауалдарға кезінде берген уәдеңізді бұзып, ләбізіңізді жұтқаныңыз үшін сіз жауап беруіңіз керек.

– Жауапкеріңді оңай жерден таптың ғой сен... Уәде, лебіз дейді... Қарай гөр өзін. Өзің сөзіңе, уәдеңе берік болсаң, үйді сатуға келісіп алып, енді тайқып шыққаның қалай, а? «Уәде – Құдай аты» дегенді ұмытыпсың, шырақ, – деді өзінің кезінде берген сөзін жұтамын деп қақалып-шашалып, содан келіп арадағы әдемі, жарасымды сыйластықты әрсіздендіріп, бүлдіргені қаперіне де кіріп-шықпаған Байрам.

«Уәде – Құдай аты». Байрамның аузынан осы нақыл шыққан сәтте Торыбектің жүрегі кенеттен өрекпіп, тулап, заматта бойы жеңілдеп, тынысы ашылып сала берді. Іле әлдебір тылсым бір күштің қысымымен бұлқынысты үн-сөз оның көкейін тесіп шығып, көмейінен атқыды. Айтқаны дуалы ауыздан шыққан уәлі де қуатты сөздей өте әсерлі естілді.

– Аға, – деді Торыбек салқын үнін нығарлай әрі қарсыласының жанарына тіке қарап. Екеуара сұхбат басталғалы Торыбекпен көз түйістіруге дәті шыдамай, тура қараудан жалтарып, одан қайта-қайта жанарын тайдырып әкетумен болған Байрам бұл жолы олай ете алмады. Торыбектің өңменінен өте қадалған, кірпік қақпай қараған, ұшқын атқан жанарынан көзін алып қашуға дәрмені жетпеді. Қанша қипақтап әрекеттенсе де онысынан түк шықпады. Мысы басылыңқырағандай болды. Жел үрлеген шоқтай жана қадалған көз үстем тұр, ал өлеусірегені әлсіз жылтырайды. – Мұны да Алланың бір жеңіл-желпі сынағы дейік. Сіздің дегеніңіз болсын. Бірақ, бір өтінішім бар. «Мен саған мына жер телімін сыйға тартқан емеспін, оны бас бүтін сенікі деп уәде, сөз берген кезім жоқ», деп әуелі Құдіретті Алланың, одан кейін Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) аттарын атап тұрып ант-су ішіңізші».

Азғырындыдан ант ішуін сұраған Торыбектің үні нық әрі саңқылдап шықты. Бейне бір өзі емес, өзге біреу сөйлегендей. Байрамның тұла бойы ток ұрғандай дір етті. Өзіне айтылған өтінішті орындау керек пе, жоқ па, оны санасында талқылауға мұршасы да келмей қалды.

Кінәсіз адал мұсылман өзінің таза екенін дәлелдеуге мәжбүр болып, сол үшін Алланың есімін айтып ант ішу қажет болса, оған ол түк те қиналмайды. Өзінің кінәсі мен қателігі бар мұсылманға әлдекім «өзің ақпын десең, Алланың атымен ант бер» десе, ол үлкен сынаққа түскені. Мұндай сынақтан сүріну не сүрінбеу, ол сұралғанның иман деңгейіне тәуелді шаруа. Кәпірлер мен имансыздарға ант-су ішу оңай. Ондайлар өздері үшін рухани қадір-қасиет саналатын қандай да бір құндылығын жеңіл сатып кетеді. Демек, кәпірлер мен имансыздарға ант берудің мәні жоқ. Бірақ, өзін мұсылман санайтын, бірақ Алланың, Пайғамбардың (с.ғ.с.) мүбәрак есімдерін жеңіл-желпіге «сатып» жүре беретін «жетесіз жетпегірлердің» кәпірлер мен имансыздардан, жезекшөлер мен зәнталақтардан қай жері артық?

Әлгі сөз азғырушыларын теспей сорып семірген, қиындықсыз құлша жұмсап есірген шайтандарға қанжардай қадалды, семсердей тілгіледі. Күтпеген соққыдан әп-сәтте шырқы бұзыла шыңғырған әзәзілдер күш жинап, бұрынғы дәуренін қайта орнатпаққа жанталаса кіріскен. Бірақ...

Байрамның бойын ток ұрғандай болған мезетте, дұрысы Алла мен Пайғамбардың (с.ғ.с.) есімдері аталған әлетте Жаратқаннан бұйрық алған періштелер көктен шүйлігіп келіп, азғырындының жан әлемін күнә арқаламай бір күні өтпес адам баласына көріп, сезу жазылмаған ғажап нұр мен иіске толтырды да ғайып болды. Алланың нұр шалқыған, иісі аңқыған жерде жын-шайтанға қайдан орын болсын?..

Алланың нұры мен иісі толған, содан шайтандар қынадай қырылып, тозаңға айналған заматта Байрамның ішкі әлемінде ұлы төңкеріс, ұлы өзгеріс болды. Оның тарыдай кішірейіп кеткен жүрегі серіппедей серпіліп, бұрынғы қалпына келді. Қасаң кірден тазарды. Атқақтап, дүрсілдей соқты. Алпыс екі тамырындағы әбден қарайып, қоюланып кеткен қан өзінің қалыпты түсіне қайта еніп сарқырай ақты. Әзәзіл шайтандар жан-жақтан қысқанда жүректің алтын өзегі – шыбын жанға тығылған, пендеге тән ішкі сәуле көктен жеткен нұрдан күш алып, жарқырап сала берді.

Торыбектің ант-су ішуін сұраған бір ауыз талапты сөзі алғашқыда Байрамды тұқыртып, жаншып тастағандай көрінген. Бірақ, шын мәнінде олай емес еді. Әлгі айтылған сөз азғырындыны азғырушылардың талауынан, қапасты түнегінен, тамұғынан суырып алып шығып, шел басқан көзін жарқ еткізе ашып жіберген-ді.

Байрам есеңгіреп, теңселіп барып есін жиып, мына жарық дүниенің жарқын жамалын жаңа көргендей айналасына таңырқай қарап тұрып қалды. Расында ол екі айдан бері аяғының астындағыдан өзге ештеңені көре алмай, азғырушылардың салған әлегімен көкірек көзі тарс жұмылып, түн-түнектің түкпірінде түнеп, қараңғы әлемде түртінектеген бейшараға айналған еді. Міне, ол сондай қапастан әп-сәтте азат болып, жаны бұрын-соңды көрмеген ләззатқа бөленіп, осынау шаттыққа кенеле қалғанына өзі де сенбей, онысын кіммен бөлісерін білмей далбалақтап, алдында тұрған Торыбекті бас сала құшақтап, қуаныштан еңкілдей жылап жіберді.

Тосыннан тап болған ғажайып жарық та жаңа әлемнің самаладай сәулесі Байрамның көкірек көзін қарықтырып, жүрегін нұрландырды. Соның әсерінен оның жан дүниесі тербеліп, толқығаннан осыған дейін өзінің не істеп, не қойғанын есіне түсіре алмады. Бірақ әйтеуір бір нәрсені бүлдіргенін іші сезіп, ол не екенін білгісі келгендей жаңғалақтап жаны жай таппады. Іле бәрі есіне де түсті. Онысы үшін ешкімге есеп бергісі келмеді. Реңіне ұяттың қызылы ойнап тұрған Байрамның бар айтқаны: «Бұл жерде неғып тұрмыз, үйге кірмейміз бе?» болды. Анасынан жаңа туғандай болып тазарған Байрам үйге қарай періште көңілмен, бауырмалдық пейілмен адымдай жүрді... Толқып кеткен Торыбек, түкке де түсінбеген, арзымас ақшаға жалданып жалған сатып алушының рөлін сомдауға келген Ерсай оның соңынан ілесті. Жаңа ғана түксиіп, тарс жабылып тұрған темір қақпа жадырап қонақтарға құшағын айқара ашса, өзінше мүлгіп, демін ішіне тарта тым-тырыс күйге енген ауланы жарқын-жарқын күлкілер, аңқылдаған дауыстар кернеп кетті. Дастархан қамымен жеңіл жүгірген жандардың аяқтарының дыбыстарын қуаныш пен шаттықтан атқақтаған жүректердің дүрсілдері естіртер емес.

Сол сәттерде Жайнаға Торыбектің тарапынан шақырту түсті. Бұл шақыртудың астарында жыл құсындай жылы хабар жатқанын қайнысының самбырлай тіл қатқан дауысынан ұққан Жайна асығыс-үсігіс жиналып, есінен шықпас ескі де есті көршісінікіне, дәлірегі бұрын тұрған ауылына қарай құстай ұшты. Ол күйеуінің пендешілік күпісін күресінге лақтырып, жан дүниесі қайта түлеп, тазарғанын дәл сезді. Сол үшін де қуанышты еді.

Бәрі де Алланың қалауымен болатынын, «Құдайсыз қурай да сынбайтынын» білетін Торыбек, оның әйелі мен перзенттері өздеріне келген аз-кем сынақты сабырмен қарсы алып, Жаратқанға қарсы бір ауыз сөз айтпай, бәрін де Жасағанның өзі жөнге келтіретініне көзсіз сенгені үшін үлкен жақсылыққа кенелді. Алла өзінен үмітін үзбегенді ұмыта ма? Жоқ.

Бүкіл саналы ғұмырына құдіретті Жасағанға деген өлшеусіз жаһұт сезімін өзек етер таңдаулы пенделердің бір кезде қатарында болған Байрамды да Алла тағала мейіріміне бөледі. Өйткені Құдай тағала ақ жолынан адаса бастаған, әзәзілдер түн-түнекке қамап, азапты тозаққа сүйреген оны өткен шақтағы сауапты да салиқалы істерін ескергендіктен көп қинамай, теріс бағытынан қайтарып, жеңіл жолмен тәубасына түсіргендей. Құдіретті иенің пендесін тәубасына келтіруі жазасы емес, көрсеткен жақсылығы, игілігі. Ол сүйген құлын ғана тәубасына түсіреді. Тәубаға түсу – еселеп күнәға батудан, тозаққа түсуден, ықтимал жан төзбес ауыртпалық пен тақсыретке ұшыраудан құтылу. Тәубаға түсіретін Алла. Ендеше тәубаға келтірілсең Тәңірдің мейірімді назарына іліккенің. Күнәһар пендеге одан артық қандай сый керек?!

Батысқа қарай еңкей түскен күн шығыстан жаңа шыққан күндей көрінеді. Ашық та мөлдір аспан көгінде жалғыз құс қанатын баяу қағып қалықтап жүр. Бәлкім ол көктен түскен ақ періштелерді мекеніне шығарып салып, олармен қимай қоштасып жүрген қуанышты көңілдің құсы болар.

Көк жүзінде көрінбейтін іздер көп...

Жолдыбай Базар

12 қазан, 2020 жыл


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар