Сүйінбайдың шөбересі, белгілі ғалым Сұлтанғали Садырбаевтың үмітін ақтап, ғылым әлеміндегі сүрлеуін тауып, өзіндік көзқарас-бағытымен танылса, профессор Темірбек Қожакеевтей тау тұлғаның темірдей тәртібі мен талапшыл ұстанымынан үлгі алған, аталған ұстаздарының сеніміне селкеу түсірмей, ақеділ ағалар аманатын ақтап, «ақырын жүріп, анық басып» келе жатқан педагогикалық қызметінде оқығаны да, тоқығаны да мол екені байқалып тұратын азаматтарымыздың бірі – доцент Мүбәрәк Үмбетаев. Осындайда еріксіз ойға оралады – 1986 жылдың дүрбелеңінде бұл кісі жазықсыз жала жабылған қиын-қыстау, қатерлі күндерде Темкеңнің жанынан табылған санаулылардың қатарынан еді. Тағдыры талқыға түсіп, жаны жабырқаған шақтарында қиянатқа қимай, қолынан келер дәрмені болмай қиналған інісінің шарасыз қалпын сезген Темкең оған шын көңілден ризашылығын сездірген-ді. Ақ-адал екенін ісімен, еңбегімен дәлелдеген ұстазының қажымас қайраты, қайтпас қайсарлығы өміріне өнеге, ұрпағына үлгі болды. Өмір мектебінің тар жол, тайғақ кешулі ғана емес, даңғылы да болатынын көріп өсті. Өзінің үйренгені де, өзгеге үйретері де аз емес екеніне айналасындағы ел-жұрты мен алдындағы шәкірті мен талапты ізбасарлары куә. Жалпы алғанда, мұны Мүкеңнің өзі байыбына барып, байқай бермеуі де мүмкін, мұны оның кісілік болмыс-бітімі, сарабдал, салиқалы ой-көзқарасы, салмақты пікір-ұстанымы, өмір мектебінен түйсінген тұжырымы айғақтап тұрады. Істеген ісі, жасаған жұмысы тап-тұйнақтай. Қағаз бен қаламға адал, жазу-сызуға келгенде тиянақты.
Еңбек жолы 1971 жылы Жамбыл облысы, Мойынқұм өңіріндегі орта мектепте қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі болудан басталып, ғылымдағы ізденісі, жоғары мектептегі ұстаздық жолы 1977 жылы өзі түлеп ұшқан әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетте жалғасын тауып, соңғы қырық жыл көлемінде аспирант шағынан басталған ғылымдағы ғұмырын ұлттық әдебиеттану ғылымының тарихын, көкейкесті мәселелерін зерттеп-зерделеуге арнап келеді. Ал, жоғары мектепте ұзақ жылдардан бері атқарып жатқан оқытушылық-ұстаздық қызметі де жеміссіз емес. Әдіскер ұстаз ретінде уақыт сұранысын ескере отырып жазылған оқу-әдістемелік құралдарында әдебиетті жаңаша оқытудың әдіснамасы мен әдістемесі жөнінде жан-жақты сараланып, тәуелсіз ұрпақтың ой өрісін, білім көкжиегін кеңейтуге зор септігі тиетін зерттеу еңбектері мен оқу құралдары жазылды.
Бұл күндері жасы жетпіске толып отырған әдебиеттанушы ғалым, әдіскер ұстаз, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Мүбәрәк Үмбетаев университетіміздегі Жамбыл атындағы «Қазақ фольклоры мен әдебиетін ғылыми зерттеу орталығы» директоры міндетін ойдағыдай атқарып отыр. Осы тұста тағы бір назар аударарлық жай – қазақ әдебиеттану ғылымының талабына орай Мүбарак Үмбетаевтың қаламынан туған «Пірім менің – Сүйінбай» (1992), «Ақындық өнер өрісі» (2003), «Импровизация и жизнь» (2004), «Еншілес ел ақындары» (2007), «Өтеген батыр тұлғасының әдеби-тарихи негіздері» (2012), «Сүйінбай» (2015), «Сүйінбай айтыстары және өмір шындығы» (2015), «Қазақ-қырғыз халық ақындары»(2017) атты монографиялары мен оқу құралдары қазақ әдебиетінің, жалпы әдебиеттану ғылымының, оқу үдерісінің түрлі салаларын қамтып, ғылыми, әдеби ортаның, шәкірттер қауымының назарына ұсынылған.
Және де біз доцент М.Үмбетаевтың ара-тұра көркем әдеби шығармашылықпен де айналысып тұрғандығының да куәсі болдық! Оның жарқын көрінісі «Көңілдің кейбір кездері»(2018) атты кітабы дер едік. Автордың ұлт тарихына, ұрпақ тағдырына, кісілік, адами қатынастардың жай-жапсарына алаңдаудан туған өлеңдерін, эссе-әңгімелерін, кезінде заманының үнін жеткізген Сүйінбай жыраудың өмірі мен әдеби мұралары арқау болған пьесасын оқырманның рухани сұранысын өтеуге қосқан қаламгерлік үлесі, азаматтық үні деп танимыз.
Әдебиеттанушы ғалымның Сүйінбай Аронұлының ел, жер қадірін сезінуге, ұлттың өткен тарихын ұлықтауға, өрлік пен ерлікті ту еткен батырларымызды дәріптеуге жетелейтін дастандарының әдеби-тарихи негіздерін, айтыстарындағы өмір шындығының көркем бейнеленуін, өлең-толғауларының өміршеңдігін ғылыми негіздеп, әдеби мұрасының ел игілігіне айналуына айтарлықтай үлес қосып келе жатқанын мойындауымыз керек.
Шынында да Cүйінбай өз дәуіріндегі, арғы-бергі тарихтағы қоғам шындығына, ел өміріне жіті үңіліп, ел ардақтылары мен батыр-баһадүрлерінің өнегелі ісі мен ерлік қасиетін бағалап, жыр-дастандарына арқау етіп отырған. Қарасай, Өтеген, Саурық, Сұраншыдай батырлардың есімін ілтипатпен атап, жырға қосқаны белгілі. Зерттеуші Сүйінбайдың сұрапыл ақындығын, поэзиясындағы отаншыл рухты жіті аңғарып, оны әдеби-ғылыми тұрғыда ыждаһатпен ұғындырады. Батырлардың ел байлығын еселеуге, ел тәуелсіздігін сақтауға қосар үлесін айтып, қаһармандық істерін шабыттана жырлаған ақын диапазонының кеңдігін, асқақ үнін айқындап береді. Ел бостандығы, азаттығы үшін күреске шыққан олардың ерлік істерін елі ұмытпайтынын, ардақтап өтетінін талмай жырлаған жампоздың жауһар жырларының көркемдігіне тоқталады. Дастан-толғауларында елдің жүріп өткен жолы, сан қатпарлы тарихы, батыр-бағыландардың ерлік жорығы, елдің ертеңге деген сенімі мен үміті, халықтың келешекке деген арман-аңсары, тілек-ниеті қоса жырланып, шынайы бейнеленеді. Өзіне дейінгі жырланған ұлт тарихын, оның жүріп өткен жолын өмір сүріп отырған кезеңге, заманға лайықтап, жаңғыртып, сабақтастыра жырлау ұлы Сүйінбай ақынға да тән қасиет екені Үмбетаев зерттеулерінің өн бойына өзек болып тартылған.
Ия, айтыстың ақберен жүйріктері ХІХ ғасырда жасаған халық ақпа ақындары екендігін Әуезовтен бастап талай зерттеушінің зердесіне іліккенін білеміз. Ал сүйінбайтанушы ғалым Мүбарак Үмбетаев бұл мәселеге арнайы тоқталып, ұзақ жылғы ізденістерінің нәтижесінде ақын айтыстарының шығу тарихына, болған мезетіне, сол тұстағы қырғыз-қазақ байланысына, арақатынасына тың тарихи деректер, мұрағат құжаттары, ел арасында сақталған әңгімелер негізінде жүйелі зерттеу жүргізіп, кешенді түрде тұжырымдайды. Ақынның Тезек төремен, қырғыз ақыны Қатағанмен айтыстарындағы қоғамдық өмір көріністеріне, әлеуметтік өмір шындығына бүгінгі күн мінберінен жіті бақылап, елеп-екшейді. Тарихи фактілердің дұрыс-бұрыстығын құжаттар негізінде нақтылауға күш салған. Айтыстарында кездесетін кісі аттарына, жер-су атауларына түсініктемелерді беруді де назардан тыс қалдырмаған.
Соның ішінде, айтыс өнерінің ақтаңгері Сүйінбайдың қырғыз ақыны Қатағанмен айтысының деңгей-дәрежесі, алабөтен сипаты, қос жүйріктің ғаламат сөз қағыстыруы туралы аз айтылып, жазылған жоқ. Елдің мерейін асырған, көңілін шарықтатқан айтыста Сүйінбай бар қабілетімен көрініп, шашасына шаң жұқтырмаған дүлдүл екенін дүйім елге танытқан. Төрелері мен сұлтандарының, бай-манаптарының байлығын айтып мақтанған Қатағанның аузына құм құйып, қазақтың жаужүрек ерлерінің ел бостандығы, азаттығы үшін көрсеткен ерлік істерін елі ұмытпайтынына, ардақтап өтетініне тоқталады. «Жалпы қай заманда болмасын, ел қорғау тәрізді мәртебелі ұлы борыш – жемқорлыққа бөккен, азғындыққа бой алдырған ат төбеліндей топтың қолынан келмейтінін, олардың «қаһармандығы» жуас, момын бұқараны алдап – арбап, талаудан артылмайтындығын айтады. Ондай абыройлы іс, ел сеніміне деген адалдық пен табандылық, халықтың өз ортасынан шыққан отаншыл азаматтардың ғана еншісіне тиетіндігін баса жырлайды», – деп атап көрсетеді ғалым Мүбәрәк Үмбетаев.
Жыр жүйрігі Сүйінбайдың Қаңтарбаймен, Жантаймен, Бақтыбаймен, Майлықожамен, Уәзипамен, Кескенкекілмен, Күнбаламен, Тәтіқызбен болған сөз қағысуларының, шағын айтыстарының да ақын өнерпаздығын тануда орны ерек екенін айта келе, әрқайсысының алар орнына, әлеуметтік сипатына, мән-маңызына үңіледі. Әсіресе, қыз-келіншектермен айтысу барысында қоғамның оларға деген көзқарасын, аянышты, дәрменсіз жағдайын терең түйсінген Сүйінбайдың феодалдық қоғамға наразылығын тап басып таниды, таратып талдайды.
Зерттеулерінде Сүйінбайдың жалаң ұрандамай, нақты жырлайтын, келте сөйлемей, дәстүрлі жыр ағысымен ұзағынан төгілетін дестелі жыр үлгілері ғылыми өрнекпен, шешен тілмен әдіптеліп, оқырман қауымның, әдеби ортаның ортақ қазынасына айналған.
Доцент М.Үмбетаевтың «Өтеген батыр тұлғасының әдеби-тарихи негіздері» (2012) деп аталатын оқу құралында батыр туралы жыр-дастандардың, аңыз әңгімелердің ел аузында сақталған түрлі нұсқаларының түп-төркіні, әдеби сипаты, тарихи шындығы турасында жан-жақты байыптап, ең үлгілілерін жүйелеп, ғылыми негізде тұжырымдайды.
Айталық, Өтеген Өтеғұлұлы жайлы жыр-толғаулар Сүйінбай заманынан бұрын да, кейін де жырланғанғаны белгілі. Әрқайсысы аты аңызға айналған батырға қатысты уақиғаларды елеп-екшеп, замана сұранысына лайықтап, жырлаған. Өтеген батыр туралы ең белгілі жырлардың бірі Жамбыл ақындікі екені де анық. Оның ұстазы Сүйінбай жырлаған нұсқадан басты ерекшелігі – композициялық құрылымының өзгешелігі. Жамбыл нұсқасында Өтегеннің құтты қоныс іздеуі алдыңғы кезекте көрінсе, Сүйінбай ақында батырдың өмірге келу уақиғасы, сол кезеңдегі ел тағдыры кеңінен қамтылады. Осы орайда зерттеуші-ғалым көпшілікке беймәлімдеу болып келген батыр туралы жырлардың бірі Тілеміс Есболұлы жырлаған нұсқа екендігіне назар аударады. «Дегенмен, жазба кітаби әдебиетпен біразға дейін қатарласа дамыған ауызша әдеби шығармалар арасында Өтеген атына байланысты туған шығармалардың ішіндегі оқиғалық сюжетінің өмір шындығына анағұрлым жақын келетіні, мифтік-фантастикалық, қияли әпсаналардан адасы Тілеміс Есболұлының «Ер Өтеген» дастаны дер едік», - дейді зерттеуші. Ары қарай зерттеушіге тән тиянақтылықпен, мұраға деген жанашырлық көзқараспен ақынның өмір жолына үңіліп, бұл нұсқалардың бүгінгі күнге қалай жеткені жөнінде жан-жақты ізденіп, ойларын ортаға салып отыруды ұмытпайды. Тілеміс ақынның өзіне дейінгі жырлағандардың дәстүрін сақтағанмен, сорабына түсіп кетпей, тарихи шындықтан алыстамай, қайта сол шындық негізінде көркем жырлағанын, оқиғалардың иланымды, кейіпкерлерінің іс-әрекеті нанымды, бейнелерінің шынайы жасалған туындыны негізге ала отырып талдайды, әдеби сипатын, мән-маңызын тыңғылықты тұжырымдайды. Жырдағы батырдың кескін-келбеті, кейіпкерлердің қарым-қатынасы, жорық шайқастары шынайы суреттеліп, өмір шындығының көркемдік шындыққа ұластырудағы ақын еңбегін жоғары бағалайды. Бұл туралы: «Дастанда батырдың балалық шағынан бастап, Жиделібайсын мекенін іздеп шыққанға дейінгі өмір тарихы барынша көркем, толық жырланған. Дастан нақты деректерге құрылғандықтан, онда мифологиялық көріністер кездеспейді. Ақынның оқиғаларды бір-бірімен сабақтастыра жалғастыруында орнықты жүйе, реттілік бар», - дейді.
Зерттеуші Сүйінбай Аронұлының Өтегенді еліне құт әкелуші, тыныш өмірді сыйлаушы, малға, жанға жайлы өлкені іздеуші, табушы, жақсылыққа, мұратқа жеткізуші кейпінде бейнелегенін, сол арқылы халық арманын, мәңгілік ел мұратын, тілегін жеткізуді мақсат тұтқанын дөп басып айтады. Өтеген батыр жайлы: «Тарихи тұлға Өтеген Өтеғұлұлының көсемдік және ерлік істеріне қатысты туған жырлардың ішіндегі көркемдік кестесі мен халықтық идеясы басымы әрі бүгінгі әдеби игілімізге айналып отырғаны ұлы ақын Сүйінбай мен оның аса талантты рухани шәкірті Жамбыл жырлаған нұсқалар болып есептеледі», – дей келе, Өтеген батыр тұлғасының әдеби-тарихи негіздерін саралап береді. Ел арасына кең тараған бірнеше нұсқасын қатар алып, салыстырып, батыр өміріне қатысты деректерді сүзгіден өткізіп, нақтылай түскен.
Ұлтымыздың сан ғасырлық әдеби-мәдени, рухани мұрасы қазақ ғалымдары тарапынан әр кезеңде назарға алынып, зерттеу нысанына айналғаны ақиқат. Әсіресе, тәуелсіздік жылдарында ұлттық болмыс-бітімімізді айқындау, ұлттық кодымызды, бет-бейнемізді сақтап қалу, ата-баба дәстүрінен қол үзбеу, әдеби-мәдени мұрамыздың түп-төркінін, даму кезеңдерін рухани жалғастық, дәстүр сабақтастығы аясында қарастыру, зерделеу тұрғысынан келгенде атқарылып жатқан жұмыстар да аз емес.
Қазақ елінің мәңгілік мұрат-аңсары ұлт рухымен, руханиятымен біте қайнасып, атап айтсақ, тарихымен, мәдениет-әдебиетімен бірге жасасып, түбі бір түркі жұртыменде талай қуаныш-қиыншылықты қатар сезініп, тонның ішкі бауындай жымдасып, бір-бірімен ажырағысыз бірлікте, ортақ мұраттастықта, тарихи-рухани сабақтастықтажалғасып өмір сүруінің жағдайларын айқындаудың, бағалаудың қажеттілігі бүгінгі таңда өте ділгір, өзекті мәселе екені даусыз.
Осы тұрғыдан қарағанда, әдебиетші-ғалым М.Үмбетаевтың «Еншілес ел ақындары»(2007) монографиясы мен «Қазақ-қырғыз халық ақындары»(2017) деген оқу құралының алар орны ерекше.Қазақ-қырғыз импровизаторлары поэзиясындағы ел арманының көрінісі халық ақындарының жырлауында бүгінге жеткені,тілі мен діні бір, әдебиеті мен мәдениеті ұқсас, бір түбірден өрбіген тамырлас ұлттардың көркем әдеби шығармаларын қатар қойып, ұқсастықтары мен өзгешеліктерін білу қажеттігінің де мән-маңызы күннен күнге арта түскен тәуелсіз заманымызда автордың жоғарыда аталған еңбектері аса құнды жұмыстар қатарына жатады. Сондықтан да біздер осындай-осындай зерттеулер арқылы қоғамдық ақыл-ойдың, рухани кемелділіктің соны сүрлеуге түсіп, ілгері жылжығанын мойындауымыз қажет. Міне, осы биіктен қарасақ, көршілес, туыстас екі елдің әдебиетін жаңаша бажайлау, тамырластығының түп-төркінін, өзара үндестігін, қалыптасу, даму кезеңінің ортақ жайттары мен ерекшеліктерін тарихи-салыстырмалы, тарихи-функциональды, тарихи-генетикалық зерттеу тәсілдері арқылы айқындау, саралау қажет болатындығына көз жеткіземіз. Әдебиеттанушы ғалымның зерттеулерінің еншісіне негізінен осы мәселелер арқау болып, еншілес екі елдің халық ақындарының әдеби мұрасы, өмір сүрген ортасы, өлең-жырларындағы ел өмірінің әлеуметтік сипаты, тарихи шындық пен өнерпаз тағдыры бүгінгі күн тұрғысынан зерделенеді.
Қазақ пен қырғыздың әдеби-мәдени сабақтастығы тым ертеден басталатыны белгілі. «Халқымыздың арыдағы тарих тұңғиығына кететін өнер тілін қозғамай-ақ, берідегі дәуірлерін шола қарағанның өзінде, ашылмай жатқан рухани қазынаға кезігеміз. Мәселен, Сыпыра жырау, Асанқайғыдан басталған дәстүрді бергі Орынбай, Шортанбай, Сүйінбай, Шөже, Жамбыл, Құлмамбет және Қалығұл, Балық, Арыстанбек, Жеңіжоқ, Солтобай сынды саңлақтар жалғастырған өлең-толғау, жыр-дастандар қарасының өзі өзгелер қызыға, қызғана қарайтын інжу-маржан текті әдеби асыл мұралар қатарына жатады», - деп тереңіне үңіледі.
Зерттеуші еңбектерінде ХVІІ–ХІХ ғасырларда өмір сүрген ақын-ырчылардың поэзиясындағы замана келбеті, ел азаматтарының түр-тұлғасы, хан-сұлтандардың, манап, датқалардың ел басқарудағы ата дәстүрінен, салтынан безіп, әділетсіз саясат, астамшылық әрекет жасаған аяр қалпы, әлеуметтік топтардың бітім-болмысы, қарым-қатынасы жан-жақты қарастырылып, өлең-жырларының әдеби-тарихи негіздері, дүниеге келу тарихы, себептері байыпталады. Өлең мәтіндерінің тереңіне бойлап, тікелей аударма жасап, сол дәуірлердегі оқиғалардың куәсі болған қазақ пен қырғыз ел ақындарының соңында қалған әдеби мұраларын жіті қадағалап, талдап-таразылайды.
Олардың өз шығармаларына халық тағдырын, көңіл күйін, ел тіршілігін, заман тынысын арқау еткенін, жаугершілік жылдардың қатал шындығын, ел басындағы күйініші мен сүйінішін көркем ой, кестелі тілмен өрнектегенін өктемдікке, теңсіздікке, кер заманға кектеніп, оны сын тезіне алып, қилы кезеңнің көркем шежіресін жасағанын дәйектейді.
Ел ақындары Ресей патшалығы мен жергілікті ел билеушілерінің сол кездегі зорлықшыл саясаты мен елдің басына төнген ауыр да, мүшкіл халын бүкпесіз көрсетумен бірге, барша халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтай білді. Бұқара халыққа қысым жасап, зәбір көрсеткен билеушілердің отарлау саясатының қиянатын танып, еңсесі түскен қалың қауымның ауыр халін дәл бейнелеп, ақындық биігі мен азаматтық болмысын танытар туындыларын жазғанын, ондағы өмір шындығының дәл, шынайы берілуін, көрініс табуын нақты мысалдар арқылы, дерек-дәйекке, әдеби қордағы қолжазбаға, қолдағы мәтінге сүйене, ел аузындағы есті сөздерге иек арта отырып анықтайды. Зерттеуде қазақ, қырғыз ақындарының өлеңдері, мәтіндері қатар алынып, салыстырыла қарастырылады. Мәтінтануға ғалымның ақынжандылығы, қырғыз тілін жетік білуі де себін тигізеді, кей өлең үлгілерінің өзінің тәржімалауында берілгені де ескерер жайт. Зорлықшыл империяның көрсеткен қорлығын, қара халыққа көрсеткен қатыгездігі мен әпербақан қылығын, түгелдей құртып жіберуге бағытталған отаршыл саясатын сол замандардың өзінде-ақ именбей ашық айыптаған, ең алдымен, халық ақындары болды. Ел басына төнген қайғы-қасіреттің түп-төркіні, себеп-салдары Ресейдің отаршылдық ұстанымында, қарауындағы аз ұлттарға деген пиғыл-көзқарасында екендігін анықтаған Дулат, Мұрат, Шортанбай, Нысанбай, Нарманбет және Қалығұл, Арыстанбек, Солтобай, Жеңіжоқ сынды азаматтар шын мәнінде ел жанашырлары, ұлт болашағына алаңдаған арқалы ақындары еді. Бұған олардың соңдарында қалған әдеби мұраларын салыстыра қарап, салғастыра талдап, өлеңдерінің өзектілігіне, өміршеңдігіне көз жеткізе түседі.
Талмай ізденіс нәтижесінде қазақ пен қырғыздың ақын-ырчыларының поэзиясын зерттеу барысында олардың туған елі мен жерін шексіз сүйген отаншылдығын, ұлты үшін отқа да, суға да түскен шын мәніндегі халықтың өкілі екендігін және ең бастысы, еңбекші бұқара қызығын қорғаған табанды күрескерлік қабілеті мен ақындық алымын, өлең-толғаулары мен айтыс-жырларының мән-маңызын салыстыра отырып, ғылыми тұрғыда айқындауға көп мән берген.
Біз доцент Мүбәрәк Үмбетаевтың Сүйінбайдың әдеби мұрасын түгендеп қана қоймай, көркем бейнесін танытуға да үлес қосқанын айтуға тиіспіз. Оның қаламынан туған «Сүйінбай мен Тезек төре» пьесасында қазақ халқының өмір-тұрмысы, замана тудырған ақын ұстанымы, үстем тап өкілінің аяр бейнесі, кезең шындығының боямасыз көрінісі жан-жақты қамтылған. Пьеса арқауы етіп Сүйінбай мен Тезек төренің сөз қағысуы алынғанымен, автор замана сырына үңіліп, ақындардың сөз сайысын драма өзегі, тартыс алаңы етуді мақсат тұтқанмен, түпкі идеясы билеуші мен бағыныштылардың арасындағы сиықсыз қарым-қатынас, екі түрлі өмір, әлеуметтік астары қалың дәуір көріністерін де оқырман назарынан тыс қалдырмай, шеберлікпен суреттей алған. Пьеса барысында қазақ елінің қилы тағдыры кеңінен қамтылып, сүйгеніне қосыла алмаған теңсіздік, барымташылықпен, ұрлық-қарлықпен күн кешкен қорлық өмір сипаты көрініс тауып, жағымпаздықтың алауын жаққан жылпостар, жақсылығы жеке басынан артылмайтын байшыкештер бейнесі де драма табиғатына сай сомдалып, дәуір дидарының шынайы болмысы бейнеленген. Әсіресе, Сүйінбай бейнесі оның азаматтық болмысы мен ақындық өнері тоғысында шебер сомдалып, әлеуметтік өмір теңсіздігі, ел тағдыры кеңінен сөз етіліп, ол мәселелер ақынның араласуымен шынайы бет-бейнесі ашылып, көркемдік шындыққа негізделген, көрініс тапқан. Автор заман шындығын бейнелеуде ақынның қоғамға деген көзқарасын негіз етіп алып, оның айтыстары арқылы тереңдете түскен. Тезек төренің де ел билеу тәсілін жетік меңгеріп, әккілігімен әйгіленген кезін, патша ұлықтарының алдарқатуын арқаланған айбынды қалпын да драмада шынайы бейнелеп, шын бет-пердесін бірде төлеңгіттерімен тепсініп, аласұрып, барымтадан олжа күтіп отырған кеспірін көз алдыңа әкелсе, енді бірде, күндес қатындарының сиықсыз іс-әрекетінен мезі болған мазаң қалпын, жандаралдан шен алған шат-шадыман шағын суреттеу барысында, яғни, шиеленісті оқиға, шынайы эпизод негізінде аша түседі. Пьесадағы оқиғалар динамикалы, шымыр өрбіп, тартыс шынайы әрекет үстінде айқындала түседі. Пьесаның басты арқауы Сүйінбай мен Тезек төренің арасындағы айтысқа негізделіп, сол арқылы кезеңнің бар болмысы, шын бейнесі, билік пен бұқараның қарым-қатынасы жан-жақты қамтылып, әлеуметтік өмір сипаты тұтастай көрінеді. Пьесада қоғамдық өмірдің әлеуметтік сипаты қайшылана түскен кезеңнің шындығы мен сұмдығы әр перде, әрбір сурет сайын ашыла түседі. Әрбір кейіпкердің сөз саптауы, іс-әрекеті арқылы қоғамның шын кейпі таныла түскен. Сүйінбайдың айтыстарын тиімді пайдалана отырып, бір жағы айтыстың туу тарихынан, қоғам ахуалынан хабардар етсе, екіншіден ақынның әділетсүйгіш, тауып айтқыш, азаматтық ұстаным салты да жан-жақты бейнеленіп, ақынның бар болмысын, кісілік келбетін айқындап тұр. Сөз қадірін түсініп, сөз киесін пір тұтатын халқымыздың биік көзқарасынан, рухани құндылықтарымызды ұлықтауға бейілді құлқынан да ұлтымыздың болмыс-бітімін ерекше аңғарамыз. Ақынның қоғамдағы орнының айтқыштығы мен ақиқатшылдығы тұрғысынан бағаланып, бұқараның сөзін сөйлегені елдің оған деген ықылас-ынтасын арттырып тұрғанын автор ықшам тілмен, әдемі әрекетпен, жанды қозғалыспен аңдатып, оқырманын ойға жетелейді. Кейіпкерлерінің ақын жанды, от тілді, орақ ауызды тірлігінен халқымыздың асыл сөзді ардақ тұтып, кесімді сөзді шешімді түйінмен тиянақтайтын асыл қасиетін де алдымызға жайып салады. Осының бәрі драма тілімен, кейіпкер үнімен жымдасып, замана сыры, ақын жыры, елдің мұңы бір арнаға құйылып, біртұтас көркемдік, шымыр композициялық қалыпта өрілген. Автордың ұстаным-көзқарасы да оқырман ойынан шығып, көңіліндегісін дөп басатынын да айтсақ, қателеспеспіз.
Ғалымның әркез көркем әдебиетке де көңілі ауып тұратынын, жоғарыда талданған пьсасынан бөлек, өлеңге деген әуесқойлығы, әңгіме жазуға деген іңкәрлығы барын кейінірек аңғардық. Жақында ғана баспадан шыққан «Көңілдің кейбір кездері»(2018) атты жинағына бір топ өлеңдерін, бірнеше әңгімесін, пьесасын кіргізіпті. Жазғанын жариялауға, оқырман назарына ұсынуға асыға қоймайтынын байқадық. Өзі үшін жазғанымен, өлеңдеріне өмір құбылыстарының, қоғам мәселелерінің күнгейі мен түйткіл тұстарын арқау етіп, өзінше бағамдап, өзінше тұжырады. Көңіл-күй әуендері секілді көңілді, жүректі тербеп, санаңа сәуле құяр сезімді жырлар да бар. Жастық шақ сырлары, өткенге деген сағыныш, өткінші өмір сәулесі көз алдыңа келеді. Бірде «Кез болдың маған несіне, Сенсіз де мұңсыз емес ем»,- деп жалынды жастық өмірге тән мінезбен көңіл-күй ауанын сездірсе, енді бірде кейде толқи, кейде шалқи ағатын, бойында балалық бал дәурені өткен Шу өзенінің мінезін танытып «Мен осы дулы шағымда, Бәріңе, бәріңе де ғашықпын!», - деп ағынан жарылады. «Арманшыл көңіл шарықтап, Сені іздеп жолға шықты сан», - деп жырлаған жолдарынан аңсар-арманының, үмітінің орындаларына, ел болашағының кемелденуіне деген сенімінің шынайылығына сенеміз.Әңгіме-өлеңдерінде нақты өмір көрінісі бар, өмірге іңкәр, өнерге құштар көңіл бар.
Қорыта келгенде, біздің ойымызша, белгілі ғылым Мүбәрәк Үмбетаев өзіне тән зерттеу машығымен дараланып, ұлттық әдебиеттану ғылымының өсіп-өркендеуіне қал-қадерінше үлес қосып келе жатса, педагогтық-ұстаздық қызметінде ұлттың рухани құндылықтарын бойына сіңірген, ел үмітінің сенімін ақтар ұлтжанды азаматтардың тәрбиеленуіне, өскелең ұрпақтың өркениеттің талабына төтеп бере алатын білімді, саналы болып қалыптасуына зор жауапкершілікпен қарайды. «Арманым асқақ аңсатып маған әр таңды»,- деп өзі өлеңіне тиек еткендей, азаматтық ұстанымы мен өмірлік көзқарасы ұштасып жататын қадірлі ағамыз жетпіс жасқа толып отырған шағында әр таңы шуақты, арманы таудай асқақ болсын дейміз.
Шортанбаев Шоқан,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аға оқытушысы
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.