Роза Тәжібаева: Есіңде ме Рионың би алаңы?..

Бөлісу:

25.06.2017 6398

«Өлең туралы сөз – үлкен сөз. Бұл мәселеге тек ақындық нәзiктiкпен ғана бару керек» - депті академик Зейнолла Қабдолов. Шындығында солай шығар. Әйтпесе ақындардың жаны ауырып отырып жазған дүниесіне әркім пікір айтқыш болып кетті. Сондықтан, жаңа есім ретінде оқырмандар назарына ұсынғалы отырған жас ақынымыз – Роза Тәжібаеваның шығармашылығына әдебиеттің, өлеңнің айналасында жүрген ақындарға пікір айтқызуды жөн көрдік.

Жас болса да қара өлеңге таласы бар...

Салтанат СМАҒҰЛОВА, ақын: Өлеңге пікір білдіру... Өлеңді түсінуге, сезінуге болады, ал өлеңді сөйлету, қиындау екен.

Алдыма келіп түскен топтама өлеңді бас алмай оқып отырмын. Өлең өлмепті, тірі екен,- деп қоямын. Алдыңғы буын ақындары мен өз тұстарымның өлеңдеріне тағатын сын аз ғой. Кейінгі ұрпақ әй, өлең тұрмақ, тұрақты сөз тіркестері мен мақал-мәтелді де түсінбей қала ма, деген қорқыныш бары рас еді.

Өлеңге қатысты пікір білдіргенде әр оқырманның өз бағалау критерийі бар екені белгілі. Біреулер сөз қолданысы, біреулер ұйқас, енді біреулер тақырып деп бағалап жатады. Менің басты критерийім - сезім. Розаның өлеңдерінде сезім бар, демек қара өлеңге таласы бар жан.

«Өңім бе, түсім бе» деп аталған өлеңінде автор айтқысы келгенін айта алған, әжептәуір әсерлі.

Әлдекім «Ұлысың» деп қағар желкемнен,

Әлдекім «Өлісің» деп күлер ішімде,- дейді.

Бірақ, ойдың бірізділік принципі жоқ. Алып ұшқан құс көңілдің соңынан жүгіріп отырып, автордың өзін жүздестіре алмадым және бұл өлең жазу салты біраз өлеңдерінде көрініс тапқан.

Тағы бір айта кеткім келген жайт өлеңдердегі - түсініксіздеу сөз тіркестері. Мысалы, «Бұлт аунаған Аспанымның Жүрегін», «Кірпігімдей күн кешетін күреңім», «Гүл біткен бір тілде бүр атар» және т.с.с. Автордың өзіне түсінікті болуы мүмкін, бірақ оқырман үшін аса сенімсіз, сәтсіз шыққан жолдар...

Жалпы, сары-қоңыр түсті өлеңдері маған ұнады. Айтылған аз-кем сын, пікірге автор түсінікпен қарайды деп ойлаймын. Сын айтылса сын айтатын дүниеңнің барлығы. Елең еткізер ештеңе болмаса, сөз де, сын да болмас еді.

Соңғы өлеңді оқып болып, сәт сапар дедім!

Мөлдір сезімнің әлемі

Ажар ЕРБОЛҒАН, ақын: Дүниенің теңіз-кеудесі оңды-солды тербеліп, көңіл аспанымыз көкжиегіне бірде күн қондырып, бірде мұң іліп құбылған шақта біз сөзсіз поэзияның оқырманымыз. Бұлай деп түйген сөзімнің бір дәлелі жуықта әлеуметтік желіден Роза Тәжібаева есімді жас ақынның мөлт ете қалған өлең жолдарын көзім шалды. Әрине, жас болғандықтан буыны бекімей, әлі де болса бір қайнауды қажет ететін сіңіліміздің шығармашылығының мені тәнті еткен тұсы – тап-таза сезімі, шынайы эмоциясы мен ой еркіндігі.

Мысалы:

«Жас алдың ба көзіңе алыста жүр ғой деп мені,

Ескі үйге көз тастап есіңе алдың ба күнгей беттегі?!

Сағынышқа себеп боп сандықта тұр,

Мен жасырған кешегі кір көлектерім.»- деп басталатын өлеңінде анасына деген сағынышын еш жасандылықсыз, сол баяғы бала қалпындағы сезімімен суреттеген. Ал, Розаның ғашықтық сезімін жеткізудегі шынайылығының ұнағаны сол – сезімге тек өз әлемінің терезесінен қарайтындай... «Ақ қар әлемде өртеніп кете салар ме ең,

Дәл мендей құрбым сүйе алсаң...»,-деген тармақтар осы сөзімнің дәлелі деп ойлаймын.

Поэзияда орынсыз сөз, жалған теңеу, қисынсыз ұйқастар – жемістің өзегіне түскен құрт секілді өлеңнің еңсесін басып тұрары анық. Розаның кейбір өлеңдері осындай қателіктерге ұрынғанын да аңғартады.

«Жүрмек үшін топырақтан жараламыз,

Күлмек үшін ақ сүттен нәр аламыз»,

немесе

«(Ғашық етіп қояды бірақ аспан),

Жалған дейтін сенеміз жиенге біз.

Аяқта тұру үшін құламастан,

Ешкімге сүйенбеңіз» деген шумақтардан сәтсіз ойды, ұйқас үшін қолдана салған сөздерді көреміз.

Бір ауыз ғана пікірімізді түйіндесек, қолына қалам ұстаған әрбір сезім иесі – өзінше бір әлем. Розаның өлеңдері – оның аспан сүйген әлемінің қаншалықты мөлдір, биік, бекзада екенін әлі де дәлелдейді деген сенімдемін. Өлеңі өміршең, болашағы биік болсын!

Роза ТӘЖІБАЕВА - 1996 жылы Ташкент қаласында дүниеге келген. 2003 жылы елге оралған. ОҚО,Сарыағаш ауданы,Қабланбек елді мекенінде мектеп тәмәмдаған. Бүгінгі таңда Абай атындағы ҚазҰПУ Филология институтының 3 курс студенті.

***

Өткенімде кеткені рас көп есем,

Көктемімді мұңлы дейсің неге Сен.
Жерге сыймай жүргенімді айтпасаң,
Мен де жалғыз емес ем...

Еңлік мұңға елтуші ме ең Сенде осы?!
Нәзік жанды жараланса емдеші.
Бұлт аунаған Аспанымның Жүрегін
Сен жылата көрмеші...

Бар бақытқа барымды алып беттесем,
Күлеріме сеніп жүрген көпке сен.
Сенесің бе қадір қашқан ғаламда,
Жалғыздықтан басқа ештеңе жоқ десем...

Ғұмыр жолын бағалайтын кешегі ел,
Сене ғойшы «Ақымаақ еді» десе егер.
Мына өмірге жылап-жылап келген соң.
Шын күле алмай жүрген болсам кеше гөр!

Қара көзге тұнып қалған тамшылар,
Қара түнде шырқалатын ән шығар.
Неге сонша мұңлы әуенге елтідің,
Бізді де Бір күткен Бақыт бар шығар...

Аспанда!

ӨҢІМ БЕ?...

Мен бүгін жылаймын

көздегі өлеңмен,

сөздегі елеспен.

Түкірем арзанқол тағдырға

«қыз» дейтін жағынан жел ескен.

Күбідей пісемін көкпеңбек ойларды,

АЛ СОСЫН

кетемін ештеңе деместен.

Ғашықтық дейтұғын ғазалға

анамның есімін қосамын.

Шараптар құйылған маһалда

сағатқа құлақты тосамын.

Мен сені ұмытам жыр үшін,

Кешірші, ҚОСАҒЫМ!

Мен қазір өлемін!

Мәңгілік өлмеуім үшін мен.

Қорықпай күн көріп тік жүріп,

Шошынып оянам түсімнен.

«Қыз» дейтін ақынға басылған таңба ғой,

Бәріне күнәлі өзіммін,

Бәрін де түсінгем...

Мен қазір оянам,

Бітеді біртүрлі түсім де.

Жалғызбын жалғанда

бақытты болғаным үшін де.

Әлдекім «Ұлысың!» деп қағар желкемнен,

Әлдекім «Өлісің...» деп күлер ішімде.

Өңім бе?!

Түсім бе!!!

***

Тереземнен күледі қарап та мұң,

дейтіндей «Ар аттадың»...

Қанатымды қайырды қабырғалар

Таппадым тағат жаным!

Бәлкім, сенің жанарың жатқа білер

Мен көрмеген Париждің көшелерін.

Мен сағынған Стамбул сағаттарын.

Қыртыс-қыртыс жүрегім үндемейді.

Ешкімді күндемейді.

Жанымда бола салшы,

Қасымда қала салшы.

Сосын...

Сіңіп кет түнге, мейлі.

Кападокия тарихын тізіп кейін,

Жүректерге жыр жазып жүзіктейін.

Ақын болмай кетейік

Кім не дейді?!

Қызғаншақтау сағатым тоқтамайды,

Ешкімді жоқтамайды.

Ол менен өлмейтіндей Өлең сұрап,

Ол сенен От қалайды.

Есіңде ме

Рионың би алаңы,

шараптың жылағаны?

Еркелетіп тұрғаны Аспан Айды.

Паскаль кезген сол Муфтар көшесінде

Түсіме ендің.

Ақынның шошиды екен түсінен кім?

Ісінен кім?!

Ұялымнан ұялып жүрген Менің

Қиялымнан қорықсаң кете ғойшы.

Өмір ғой

Түсінермін!

(Бәрібір түсінбеймін...)

МИМОЗА

Сәулесіне елтіп мас боп жанардың,

Шекарасын шертіп тастап бар ардың.

Түтін тартып отырады тағдырым

Тағдырыма еріп қайда барармын?!

Сүлейі боп кетем деймін сескенбей,

Сүлейменнің жүзігіндей ғаламның.

Жер осьімен бойлап өскен ойлармен,

Қамыққанда қабақ шытқан қайран дем.

Қою қаның тамырыңда тулайды.

Арманыңды айыптаған айлармен.

Жасын кеуде Аспанымның арына.

Мен жанымды байлар ма ем.

Шайыр жанға түсер заңды көне дақ,

Сүмбіледе бір бақ туар менен ақ.

Ғашық жандар қосылмауы үшін тек

Ақиқаттар ашылмауы керек-ақ.

Алтын Ғасыр айырбассыз қалады

Алты пәк Ой және Бақ.

Көлеңкеммен көп ойнайды кейде ақ Күн,

Көркемдікте жазығы жоқ бойдақпын.

Қанатыңды қатайта түс Қайраттым!

Ақын біткен бақытсыздау дегенмен

Мен бақытты бейбақпын...

Сен барсың!

***

Санада сандалған сүйкімді сеніммен,

Жанарда жылт еткен мейірге жеңілгем.

Сиреннің сағындым сәуірліу жұпарын,

Көктемгі ынтызар көңілмен...

Көп белгі қалдырған көк белде кешегі,

Мен сүйген көбелек от құшты деседі.

Самала шырақтар маздаған көшеде,

Бір самал еседі...

Үр санам гүлдердің тәубесі естіліп,

Бақтарда әз әуен ойнайтын кешқұрым.

Ішімде вальс түсіп Жүректің мұңымен

Мас болдым кеш, Күнім!

Сырымды сездірмей сезімтал қыздарға,

(баққа ылғи кетемін сол күні біз барған)

Терезем алдында тосыпты ол мені

Біз билеп жүргенде гүлзарда.

Ол сені тосыпты күйген мұң құшақтап,

Ол мені тосыпты сирен гүл құшақтап.

Жалғыздық ішінде жаутаңдап қалды олар,

Біз бақыт тапқанда түсі әппақ.

Үндеме деймін-ау сыбырлап өткенге,

Жауынға жолдас боп өрт кеуде!

Сиреннің сәнімен жанымды жаулаған

Мен Ғашық болармын Көктемге.

...немесе...

***

Көңілсіз қала...көңілсіз кеш те күй аңсар,

Көңілсіз күннен жүрек мұңаяр ұяң сәл.

Ақ қар әлемде өртеніп кете салар ме ең

Дәл мендей, құрбым, сүйе алсаң...

Махаббатымнан басы айналып тұр әлем,

Махаббатымнан бастау алады Күнә, Өлең.

Махаббатымның жанарын көре алсаң ғой,

Тәңірді құшып жылар ең.

Тәңірді құшып жылайтын едің жүрекпен,

Өмірді құшып жылайтын едің жүрекпен.

Бар жайды өзің ұғынып үнсіз қаларсың

Маңдайын көрсең Күн өпкен...

Өмірді сүйген жүрегін көрсең сен оның,

Тәңірді сүйген жүрегін көрсең сен оның.

Жаңбырды сүйген жүрегін көрсең сен оның

«Сүймеске болмас» дер едің...

Құсалық тұнған көзінде қалқыр бар әлем.

\көзінде оның көміліп қалғам жаңа мен\

Бармақтай ғана бақытын қиса бұл ғұмыр

Барлығын тастап барар ем...

жанына...

зарын сіміріп күлкісін табам сонда мен...

шапағын шашар шарбы бұлттардай солған өң.

Сағынышымның отында күйіп жүрмін мен

Тоңған ем...

АҚТАЛУ

Не болыпты

Сүйкімсіз жанардың сүйкімділігін,

Ұлылық ұйытқан ұйқымды Менің.

Алқызыл көйлекте билеген мұңды

Күлкінің көзінде күйреген шыңды

Ұнатам десем...

Ең мұңлы аруды көзінде көл бар,

сөзінде шөл бар

Жұбатам десең.

Қатпаған қанатты зақымдап алып,

жақындап алып құлатам десең.

Жымиып отырған жәннәт жүректі

жылатам десең

Қарсы да емеспін...

Айыпсыз жаныңды аршып елес-мұң.

Қиссасын қиып ап заршыл өңештің.

Сафтықты қорлаған ақындарыңды,

Жанымды ұқпаған жақындарымды,

мен сендей таршыл емеспін,

Кешіре салам...

Жеріндей пейіштің,желіндей сүйістің

еркелеп қарайсың несіне маған?

Ол жайлы сұрама {қаласың қызғанып}

Бақыттың бүкілін төсеген төсіне ғалам..."

Ех...күрсіне көрмеші...

Мөп-мөлдір көзіңде

тұңғиық сезімнен туатын Өлеңді

Өмірге көшіре салам,

АСПАН!!

Жанарыммен жүрегіңді құшайын

Сезімімді селт еткізген Сен, Өлім.

Көктеменің көк мұңына сенемін.

Жанарыммен жүрегіңді құшайын

Өлеңіме ұқсайтұғын Арманым,

Арманыма ұқсайтұғын Өлеңім!

Көз ұшында дірілтейтін сағымым

Сөз ішінде білінбейтін жарығым.

Мəнсіздіктен ғалам сірə, өлер ме ед(і).

Саған мені сыйламаса, Тəңірім!

Маған Сені сыйламаса, Тəңірім!

Қос қанатпен Айға ұшып түсіңде

Қос қолыммен құшақтағам түсімде.

Біз бір күні тоғысып та қалармыз,

Мен уақытқа ұқсайтыным үшін де.

Неге, неге жүрегіңе құмармын?!

Неге, неге күліп тұрып жылармын?!

Өмір-Айна, Тəңір қойған қаратып,

Сен барлығын біліп тұрған шығарсың.

Мен жəннəтта күліп тұрған шығармын.

***

Мәлім болып аңғалақтау сыры Айдың,

Не қәдірі қалды дейсің бұл айдың?!

Сен кішкене түсіністік танытшы,

Мен кішкентай жүрегіммен жылаймын

Бауырымда бебектейді бала мұң.

Жалғыздыққа жолдас болды жанарым.

Сөз басыне не тиеуді білмейді,

Көз жасыма қанып алған қаламым!

Кірпігімдей күн кешетін күреңім,

Жыл құсындай ұшып кеттің, білемін.

Алабүлік махаббаттан тарттым бас,

Аяқ асты болмасын деп Жүрегім!

Жолыққанда қалай састы Ар кеше,

Солай жасты көп сіңірді тар көше.

Мен әлі де сене алмаймын Құдайға,

Сенен артық басқа біреу бар десе...

Ғалам-ортақ , санам-шорқақ, мекен-төс,

Тағдырыма тізерлемен бекерге еш.

Ерлігіме сүйсінгенмен ел мына,

Еркелікті ешкім сендей көтермес.

Ешкім сендей жұбатпайды жылап та,

Өлең демі естілмейді құлаққа.

Жүрегімді соққыламаа ішінен,

Тілегімді орындашы бірақ та.

Шет жүргеннің шындық болмас шүбәсі,

Шайырлаумын шашынан мол күнәсі.

Сезімімді жүрегіме жерлеп ап

Мен кеткенмін...

Өлеңдерім-дұғасы!

Мен келемін!

Шыдашы!!!

***

Ақ таңлағы көрінеді Өлеңнен

Ақшамбағы аласұрған іңірде.

Мың жамаулы жүрегің бар дегенмен

...Жыламашы ...

Мұның не?!

Бәрі өтеді баспанасыз ой ғана

бастамасыз қиялдар.

Мен сүйетін бір адамға ұқсайды

Әппәқ әрі ұяң қар.

Ұяң қарға ұялшақтау жаңбырмен

Сыр шертім ем.

Еріді ол.

Өлем дедім! Бәс тіктім де тағдырмен.

Күлімдеді кері Жол.

Үндемеші...

Мен сөздерден қорқамын.

Қалғып кеткен жыландардай тым улы.

Өмірімнің өткеніне өкпем жоқ,

Көңілімнің көздеріндей жұмулы.

Хас даналық дерсің,лалам,хас надан.

Мұхит мұңы табанымнан аспаған.

Менің дана дүниемде тұрақта,

Сенің ғана көз жасыңнан жасқанам.

Пәктік жылап қалса айтшы кім шыдар?!

Жаңбырдан да зорлық көрген мұңшы қар.

Бақтан қайттым ақшам түнге бас ұрып,

Тек төгілмей қалған жалғыз тамшы бар...

Сен жыламашы|•

ЕССІЗДІК

Есімде елсізде есінен айырылған

Бір Жүрек.

Жоғалтқан сыңарын.

Шаянның шөлінде әлемнен алыстап

өлеңмен басатын құмарын.

Күні бар ол өлке түнектен тұратын

Бұлттары ұмытқан жыларын.

Қанатсыз қарлығаш секілді

қайғырып жүргенде

Бір демде

Мен Сізге кезіктім,Шырағым!

Онан соң...болмыстың барлығы бөтен боп

Сахара даласын сезімдер мекендеп.

Біз жайлы тілекпен от өтіп ұрттардан.

Сіз жайлы өлеңдер төгіліп бұлттардан.

Өзгеше өзімді өзіңіз оятып

Өзіңіз құтқарған.

Қиссамның ең гөзәл тарауы басталып

Ғаламнан сырт қалғам.

Майшамның алауы билейді

Жел тартып шектерін.

Жаныңыз жыламас жанымда

Сағынып өткенін.

Айызын қандырып Өлеңнің

Жолдарын ғұмырын жалғайық

Байызын тапсыншы Көкте Мұң.

Ессіздік

Есімде елсізде есінен айырылған

Бір Жүрек

Тауып ап сыңарын.

Бойламас құдықтың түбіне

Ойламас сынарын.

Сіз мені ендігі ешқашан қалдырып кетпеңіз

шаянның шөлінде

Хаямның елінде .

Мен сізді ендігі ешқашан жоғалтпан,

Шырағым!

Сыңарым!

***

Мөп-мөлдір...алғаусыз...бейкүнә...

Ғаламды дейтін, ә?!

Сүйкімсіз жылдардың сүйікті сәттерін,

Бейітке балайтын кей шүбә.

Дірдектеп жүгірген даланың төсінде

ең таза ой шығар...

Ең таза ой шығар махаббат,

Сафтыққа құмартқан жүректер.

Мейірімді ананың көз жасын жұтатын түндер де

Сәбидің бағына гүл еккен

Ең әсем жүрекпен.

Сарғалдақтан сарғайған сананың түкпірі

Майшамның еріген тәніндей.

Әлемнің әнін кей,

Періште пейілдер ұнатар.

Сәбилер бір тілде іңгәлап,

Гүл біткен бір тілде бүр атар.

Бір Тәңір жаратқан бұл ғалам,

Жапырақтың тәнінде илахи жылғалар.

Мұң да ағар.

Кеудесі шарлардың түнекке оралып,

Пердесі Тәңірдің Нұр қалар.

Сол күні...

***

Сені көрді деп ойлаушы ем сеніммен,

Жұлдыз ағып түскен сәтте көгімнен.

Әкем қатал емес екен о бастан,

Білмейді екем көбін Мен.

Бір мұғжиза сыйға тартса Хақ Тәңір!

Жүрегімді жасыра сап сөгілген,

Балалықты алып қалар едім Мен.

Кейін бәрін үлестіріп ғаламға,

Тағы жалғыз қалам ба?

|Естелігін есіме алып Ағамның,

Жейдесінде оянармын таң алды.|

Тілдемей-ақ тағдырымды тілеймін,

Бір бұйырар бақ бар шығар маған да...

Сезім дәуір сәулелері сенерім.

Маған жақын Өмір.Өлең. Сен.Өлім.

Біз кешпеген кейбір күндер күлкісін,

Балалардың көздерінен көремін.

Содан бақыт таба салды Өлеңім!!!

Ал сен бақыттысың ба?..

***

Бұлтпен ойнап тағып алса Күн кекіл.

Жұлдыз әлем көрінбейді түнде кіл.

Сол Аспанның жалғыз Айы тәрізді

Сенің Мені сүймесіңе кім кепіл?!

Менің сені сүйеріме кім кепіл?!

Кім жауапты жалғыздықтың жасына

(Жалғыздықта туылса да асыл ән?)

Маған түндей қауышқаның тәрізді

Саған күндей асығам...

Менің көзім себеп болып сендел Сен.

Сенің жаның себеп болып емделсем.

Мен өмірді жаннат-ақ деп ұғар ем

Сен келсең...

Мен келсем...

сол нүктеде тағдыр жұпар боратып.

Қайта өссе қанатым.

Барлығынан бас-ақ тартып кетейік

Тағдырыңның қос бұрымын таратып.

Тағдырымның қос бұрымын таратып...

Жаралса да көктем наздан,мұңнан күз.

Жаңбыр жарлы...жыр жалғыз...

Сенесің бе?

Мұң біткенді жамылып

Біз бақытты болу үшін туғанбыз

Бірге!!!

***

Барлығын ұмытқым келді де Бір Мезгіл...

Көбелек Ғұмырын сұрадым.

Естідім КөктеМнің жылауын.

Әр гүлін аялап жұбатқым келді де

Әр түнін саялап жұбанғым келді ме?!

Бір Күндік ғұмырға сия алмай

Бір Сәттік сезімді қия алмай...

Бәрінен бас тарттым

Қалғаны енді Не?!

Енді тек Өлеңмен жұбату,

Өлеңмен жұбану...

Қайғысы қан жұтқан қәсіретке түңілмей,

Бір түйір бақытқа қуану.

Өмірдің ең Терең нүктесін тауып ап

Көңілдің жарасын тілекпен жауып ап...

Тәңірдің әмірін Ту етіп

Тағдырға сыналу!!!

Күлкінің көзіне көмілген мұңдарды жасыру...

Сүйкімсіз сырларға ашыну,

Сүйкімді күндерге бас ұру.

Сап-сары шәлісін жамылған Күз келсе,

Ақ сары Арманға асығу...

Осының бәрін де бір тамшы моншаққа сыйғызып

Басылу!!!

Бір мезгіл барлығын келді де ұмытқым...

Тұңғыш рет жанымды жылыттым.

Ақ аяз қатайтқан қабырғам морт сынды

Содан ба,

Тұйықпын...

Жолымнан дедім де тоңып-ақ келемін...

Қолыңнан келсе егер жылытқын...

Сүйіктім!

Бөлісу:

Көп оқылғандар