Әдебиеттегі рушылдықтың көрінісі
Бөлісу:
Қазақ-қазақ болғалы, туған-туыс, бауырын, «алыстағы ағайыннан жанымдағы көршім артық» деп, кез-келген адамды жанына тартып, жақын санаған. Әрине, туыс болып, сыйласып, жақын болып, жарасып жүргенге не жетсін? Ал қазіргі күні туған жеріңнен ұзап кетіп, алысырақ аймаққа бағыт алсаң, сол өлкеден жерлесіңді көре қалсаң, туғаныңды көргендей «жылап көрісесің». Ал руласыңды көре қалсаң, жабысып қалатының сөзсіз. Әсіресе, әлгі рулас ағайының бастықсымақ болса, айналасынан алыстай алмай, қайта-қайта ар жағынан бір шығып, бер жағынан бір шығып, айтқанын екі етпей, жағымпазданудың жаңа үлгілеріне жол ашудың ізінде жүретіндейміз. Әйтеуір, өйтүп-бүйтіп дегеніңе қол жеткізіп, өзің де руласың арқылы бір жаман болса да, креслоға ілінесің де, өзің де сондай бір жанның жаманның да жаман креслосына отыруына із салып, руласыңды біртіндеп жинай бастайсың. Иә, бұл дегеніңіз – көкейің көздеген бір орынға жетудің жеңіл ғана жолы. Ал басы бар – байлығы жоқ, байлығы бар – ілімі жоқ ағайынның мұндай әдістерін қалай әшкерелеуге болады? Бұл процесс қай кезден басталды? Бүгінде пайдасы мен зардабы бар ма? Егер болған жағдайда, бүгінгі қоғамға тигізіп жатқан ықпалы қандай? Көпшіліктің көкейінде жүрген сауалға жауап іздеп көріп едік. Дегенмен біршама ғалымдар, әдебиетшілер сауалдың салмағына қарап, сұхбат беруден бас тартты.
Ал енді біршама уақытқа кері шегініп, ата-бабаларымыздың кезіндегі, көркем шығармалардағы рушылдық тақырыбына бойлап көрейік. Ең бастысы, көркем әдебиеттегі «трайбализмнің» бейнеленуі қазақ қоғамының шынайы қалпын қаншалықты деңгейде көрсете алды?
Тамыры тереңде жатқан тарихымыздағы шынайы фактілерге сүйенейік. Еліміздің жүзге, руға бөлінуі – ұлан-ғайыр даланы жан-жақты қорғауға, жауларынан жасқанбауға, елді тиімді басқаруға бағытталған стратегия. Демек, жүздердің, ондағы рулардың орналасуы да сол кезде еліміздің іргетасының қалануына негіз болған қажеттілік. Ал әрбір қажеттілік уақыт өте келе, әр халықтың діліне ерекше әсер етеді де, оның сана-сезіміне, тіпті тұрмысы мен адамдардың өмірлік көзқарастары мен қағидаттарына өз ықпалын тигізеді. Жүздердің бөлінуі нәтижесінде көптеген рулар белгілі бір аумақта ғұмыр кешіп, тарихи жағдайларға байланысты әскери-әкімшілік коалицияларға бірікті. «Көппен көрген – ұлы той» дегендей, көптеген қатігез де қасіретті оқиғалар бастан кешірген кіші және орта, ұлы жүз руларының көбісінің ділі де анағұрлым ұқсас бола бастады. Нәтижесінде тұрмыс-тіршілігі, мәдениеті өзара ассимиляцияға түскен. Сол себепті де елдің саясатына да, ұлан-ғайыр далада билікті жүргізуге әр жүздің, оның ішіндегі рулардың өзіндік көзқарасы қалыптасқан.
Бала шыр етіп дүние есігін ашқаннан бастап, нәрестенің санасына гуманистік ойларды және тәрбиенің түрлі тәсілдерін сіңіріп, толық адам болып қалыптасуына ықпал еткен аталарымыз сол кезеңде рушылдықты қажетті қару етіп қолданса, ал бүгінде кейбір жағдайларда қажетсіз, тіпті қарудың да санатына жатқыза алмай қалатындаймыз.
ХХІ ғасырда рушылдыққа қоғамның көзқарасы қандай? Көбінесе оны «трайбализм» ұғымымен қатар қояды. Ал оның анықтамасына тоқталсақ, трайбализм – рушылдық-қоғамдық жікке бөлінушілікті тудыратын этнос ішіндегі ру-тайпалар мен жеке адамдар бойындағы тайпалық, рулық сезім, құбылысы. Әсіресе, көптеген психологтар мен әлеуметтанушылар бұл құбылысты орта ғасырлардағы адамдарға тән екендігін айта келіп, жаңа заман адамдарының толеранттылыққа бейімделуіне бөгет болады деген қорытындыға келген. Және ғалымдар бұндай жағдай көбінесе Азия, Африка елдерінде орын алғанына тоқталып кеткен. Бірақ бұл терминнің мағынасы сан өзгергені көпшілікке мәлім. Ол латынның “тайпа” деген сөзінен шыққан. Əуел баста бұл түсінік əлі ұлысқа бірікпеген, жекеленген тайпаларды білдірсе, қазір жаңа замандағы әлеуметтік құбылыстарды ескере отырып, тайпалардың немесе өзге де адамдар қауымдастықтарының арасындағы қақтығыстарды, өзге ру өкілдерін төмен қоюды білдіреді. Батыс пен Шығыстың түсінігінде өзгешеліктер мол. Еліміздегі жағдайды ескерсек, «қазақы рушылдықтың» табиғаты ұлтымыздың өркендеуіне кедергі келтірді ме әлде біздің діліміздің негізін құраушы ма деген мәселеге кеңірек тоқталайық. Сол себепті де, ең алдымен, әдеби шығармалардағы «ру», «рушылдық» концепцияларын талдаудан бастайық. Өйткені осы жолмен біз қазақ қоғамы санасының сатылай дамуын байқаймыз. Ал нәтижесінде «тарихты тек жеңімпаздар жазады» деген қағидатты ескере отырып, біз қоғам тіршілігінің айнасы болған көркем сөз туындыларындағы фактілер мен субъективті, объективті идеяларды сараласақ.
Қазақ хандығы қалыптасқан дәуірде, күллі феодалдық құрылым заманында өркендеген әдеби үдеріс – жыраулар поэзиясы. Олардың толғаулары мен жырларында рушылдық дидактикалық сипатта суреттелді. Мұнда керісінше оның жағымсыз қырлары бейнеленбей, халықты бірлікке, татулыққа шақырып, жауласпауға ой салады. Мысалы, Бұқар жыраудың:
«Ағайынның аразы
Елдің сәнін кетірер.
Абысынның аразы
Ауыл сәнін кетірер»,- деп келтіреді.
Бірлік пен адамгершілік-моральдық қасиеттерге үндеген жыраулар поэзиясының идеясы отбасыдағы, шағын мемлекеттегі татулыққа бағытталған. Әсіресе, Тәтіқара, Үмбетей, Шал ақын, т.б. жыраулардың толғауларында мұндай сарынды байқаймыз. Асанқайғының: «Қарындасыңды жамандап, өзіңе туған табылмас»,- дегені де жыраулар толғауларының рушылдық емес, татулыққа, күллі халықтың бірлігін ғана насихаттауға бағытталғанын байқаймыз. Тек ХVIII ғасырда ғана бірліктің болмауынан, әр жүз өз мүддесін ойлап, құбылған дәуірде ыдырай бастады. Соның өзінде Бұқар «Керей, қайда барасың?» деп бөлінгеннің зардабын ескертеді. Руға ыдырап, таққа таласып, жер мен байлықты жоңғар мен шүршітке қолдан беріп, «суда жүрген ақ шортанның қарағай басын шалған» заман соның зардабынан туындаған. Егер тарихқа сүйенсек, сұлтандар институтының дәрежесін түсіріп, билер кеңесіне күш беріп, рулар әр аумақта орналасып, оқшаулануына себеп болған Тәуке ханның заңдары. Жыраулар туындылары ХVIII ғасырға дейін тек дидактикалық сипатта ғана болатын болса, «Ақтабан шұбырынды» кезеңінде шығармаларда ру сөзі жиі кездесіп, бірыңғай бірлікті насихаттаған. Саралайтын болсақ, елдің бодан болуы, жыраулар поэзиясы мен зар заман ақындарының туындыларында ел бірлігінің болмауынан, әр рудың өзінше дербес билік құрғысы келгенінен деген терең емеурін бар. Әсіресе, М.Мағауиннің «Аласапыран» тарихи роман-дилогиясын, І.Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясында «рушылдықтың» теріс жақтары нағыз сөз зергеріне тән астармен сыналып, оның нәтижесінде зардап шеккен жағдайлар шебер сыналды. Мұхтар Мағауин - тек талантты жазушы ғана емес, дарынды тарихшы ғалым. Аталмыш кітабы - ол көптеген архив құжаттарын мұқият зерттегеннің бір жемісі. Мысалы, жазушы Тәуекел ханның заманында, яғни ХVII ғасырдың басында қазақтар Орта Азиядағы ең қуатты мемлекет болғанын баяндай келіп, 400 мың қуатты әскер шығаратын осы аймақтағы жалғыз мемлекет қазақ хандығы болғанын айтады.
Сонымен бірге Ілияс Есенберлиннің қазақ мемлекетінің көркем шежіресі болған «Көшпенділер» трилогиясында да мұндай мысалдар көп. Егер әдеби шығармадағы көркемдік шындықты саралайтын болсақ, қандай шешімге тоқтаймыз? Жыраулар поэзиясы қазақ әдеби тілі мен сөздік қордың қайнар көзі болғанның өзінде, олардың туындыларында біз көтерген мәселенің түйіні тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінімен ғана бейнелеп, қысқа әрі нұсқа – дидактикалық, азаматтық пафосқа негізделген максималистік тұрғыда ғана суреттелгенін ғана байқаймыз. Біріншіден, олар адамның сезімі, қарапайым халықтың көкейіндегі ойын, сезімін жырламаған. Ел мүддесі болған мәселелерді астармен бере берген. Екіншіден, әдеби үдеріс сол уақытта өзінің шарықтау шегіне жетпеген. Демек, олардың «рушылдық» туралы қозғаған идеялары толыққанды айқын деп айта алмаймыз.
Аталған жазушыларды алатын болсақ, қай-қайсысы да КСРО идеологиясына мойын ұсынбай, керісінше тарихи шындықты, қазақ халқының шынайы бейнесін, объективті сипатын бейнеледі. Мемлекеттен гөрі руды анағұрлым пір тұтқан қоғамды жан-жақты сипаттай білді. Образдар жүйесінде көркем бейне мен тарихи шындықты өзара шебер астастыра білген. Қорытындыласақ, жоғарыдағы әдеби жәдігерлерді хандық дәуір ыдырап, орыстарға бодан болған қазақ халқы ендігі кезекте ешқандай қауіп сезінбеген.
«Зар заман» немесе ХІХ ғасырға келетін болсақ, әрине, біз Дулат бастаған ақындардың толғауларына, Абайдың мұраларына, Есенберлиннің «Қаһар», М.Әуезовтің «Абай жолы» романдарына тоқталамыз.
Шортанбайдың «Зар заман» туындысы капиталистік қоғамның қалыптасу шарттарын аз да болса бейнелейді. Бұл өте маңызды деталь. Неге десеңіз, патшаға бағынған аға сұлтандар мен старшындар ендігі кезекте халықтың мүддесін емес, өзінің қамын ойлауға: ауқатты болуға, шен алуға, ұлан-ғайыр жерге қожалық етуді аңсады. Сол себепті өз руларын әрдайым билік басына шығаруға ұмтылды. Ойлап қарасақ, қазіргі таңда билік басындағылардың таласы, қызметке өз туысын-танысын орналастыру, әділдікті бұзып, адам, қазақ деп қарамай, «арғын», «найман», т.б. ру аттарына байланысты өмір саясатын жүргізу сонау ХІХ ғасырда тамыр алғандығына көзіміз жетеді.
Қазақтың мүддесін ұмытып, өз руын, өз аймағын сақтап қалу үшін, көптеген әулеттердің өзара қырқысқанын да тарих ұмытпаған. «Қаһар» романындағы алаштың соңғы ханы Кенесарыға қарсы жүргізген орта жүз руларының әрекеттері – соның айқын дәлелі. Өз қандастарынан ұлы жүз жеріне шегініп, ақыры өз бауырларының опасыздығынан басынан айырылған дархан даланың соңғы көкжалының тағдырын Есенберлин тамаша суреттеген. Немесе өзінің ханына қарсы шығып, тәуелсіздікке деген күнә жасаған шенділердің бейнелерін, астарлы детальдарын біз өзіміз де көптеген шығармалардан байқай аламыз. Кенесарыны мойындамаған Ғ.Мүсіреповтың «Ұлпан» романындағы Есеней немесе С.Мұқановтың «Аққан жұлдыз» шығармасындағы Айғаным, т.б. ақсүйектер отбасы өкілдерінің бейнелері де - соған дәлел. Ирония емес пе? Бір Шыңғыстың ұрпақтары Кенесары, Сыздық секілді перзенттері азаттық үшін күрессе, Қоңырқұлжа, Шыңғыс, Айғаным, Есеней халықты отарлауға қол ұшын беріп, орыстан шен алды.
М.Әуезов ХІХ ғасырдағы ушығып кеткен дерт – рушылдықтың толыққанды сипатын «Абай жолында» тамаша аша білді. Рулардың соғысы («Мұсақұл шайқасы»), Құнанбайшылық, үкіметке жағымпаздану, билікке күрес, феодалды-патриархалды мемлекет құндылықтарының күйреуі – барлығы да біз көтерген мәселенің сырын ашады.
Қорытындылай келе, капиталистік дамудың аты ғана болмаса, қазақтар орыс мемлекетінің қанатының астында болса да, өркениет жолы, өнер-ғылым емес, дүние қоңыз тіршілікке үйір болған халыққа күрсінген Абайдың мына сөзіне тереңдейік: «Біздің қазақтың достығы, дұшпандығы, мақтаны, мықтылығы, мал іздеуі, өнер іздеуі, жұрт таңдауы ешбір халыққа ұқсамайды. Бірімізді біріміз аңдып, жаулап, ұрлап, кірпік қақтырмай отырғанымыз. Ел арасындағы ынтымақ, бірліктің жоқтығын, берекесіздікті жəне басқа кемшіліктерді надандықтың көрінісіне теңейді».
ХІХ ғасырдың ұлы перзенттері Шоқан, Абай, Ыбырай болса, замананың қайшылығын түсініп, ескілікке емес, білімге құштар болды. Қазақтың дертімен барынша күресуге тырысты. Бірақ сол мақсатқа жету үшін күрес керек және оны күшейту керек. Өйткені кең даланы басқан қараңғылық, сан ғасырлар халықты рушылдық торына шырмап келген ескілік - феодалдық салт-сана ол кездегі әлеумет қайраткерлерінің алдарында тұрған шатқалаң асу, бүк түскен бөгеттер еді. Бұл қиыншылықтарды олар көре де, түсіне де білді. Шоқан да, Ыбырай да, Абай да алыс арман, алдарында асу-асу бел, қия тартқан жол жатқандарын жақсы ұғынды. Сондықтан да Ыбырай:
«Біз болмасақ, сіз барсыз,
Сіздерге бердім батамды», -
деп, үмітті жастардан күтсе, Абай:
«Қайратым мәлім,
Келмейді әлім,
Жолым алыс, өмір шақ»,
- деді. Нәтижесінде Абай атамыз «Ақыр заман жастары» деген сенімсіздік сарынмен былай жырлады:
«Өздеріңді түзелер дей алмаймын,
Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың...
... Бірлік жоқ, береке жоқ, шын пейіл жоқ,
Сапырылды байлығың, баққан жылқың».
Ұлы данышпан ұлттың ел болып біріге алмайтын себебі де осы – бірліктің болмауы деп көрсетті. Рушылдықтың емі – адамзатты, қазақты бөлмей сүю, білім-ғылымға ұмтылып, қазақтың ескілігінен туындаған надандық тұманын сейілту.
ХХ ғасырдағы жағдайларды талдайтын болсақ, біз жаңа заман мен трайбализмнің өзара қандай әсерге түскенін байқаймыз. Капиталистік заман орнаған ХІХ ғасырда рушылдық дерті сейілмей, неге күшейіп кеткенінің себебін аңғара бастадық. Сол себепті әрбір мемлекет белгілі бір әлеуметтік өзгерістерге негізделген формацияларды басынан кешіреді. Егер тарихқа зер салып қарайтын болсақ, барша халықтардың рушылдық-тайпалық қоғамнан өткенін көреміз.
Көптеген зиялылардың пікірінше, қазақтың ескі әдеті, өзара күресі қайта жанданған шақ – ХХ ғасырдың 1950-1960 жылдары. Әсіресе, тарихтың ақтаңдақтары бірте-бірте ашылып, рушылдық алаңы – әдеби майдан болғанына көзіміз жетеді. Ең қызығы, Кеңес үкіметі рушыл болмағанмен, «Абай жолы» романын бұрмалап, феодалдық заман өкілі, Құнанбай мен Абайды бір-біріне қарсы суреттеуді тиімді саяси позиция ретінде ұстанды. Осы жерде маңызды инсайтқа көңіл бөлейік, өзіміздің табиғатамызда бар дертімізді безгек аурудай қоздырып, алаштың алты баласын аздырған болатын.
Ғалым Тұрсын Жұртбайдың мақалаларына зер салатын болсақ, әдеби жәдігерлерімізді зерттеу барысында да бұндай кикілжіңдер көп болғанын, әр ру зиялылары күймені өз жағына қалайша және кімдермен тартқаны толығымен баяндалған. Ол қана емес, қаламгерлердің мұрасын зерттеуде де көптеген тарихи фактілерді бұрмалау – сол кезде белең алған жағдаяттардың бір мысалы ғана. Жалпы кеңес әдебиетінің өзі бір жағынан ескі салттарды сынап, жаңа идеясын насихаттағанның өзінде «Алаш қозғалысының» кезекті толқынынан үркіп, трайбализмді қазақтардың арасында шебер пайдаланған. Мемлекеттік сыйлықтар, медальдар, т.б. марапаттаулар да – сол дертті күшейте түскен салдарлардың бірі.
Тәуелсіздік туындыларына келетін болсақ, біз бұрынғыдай әдебиет майданындағы күресті байқамаймыз. Алайда оның белгілері толық сарқылды деп айта алмаймыз. Мысалы, Несіпбек Дәутайұлы «Мемсыйлықтың берілу жүйесінде «ақсақализм», рушылдық көп» немесе «Қазақ әдебиеті» газетінің алаңында қаламгерлердің рушылдық және әдебиет төңірегінде сұхбаттары жарияланған «Көркемдіктің көкейкесті көкжиегі» мақалаларын алуға болады. Көптеген ру аттарымен шыққан сайттардың өзінде тек өз тегіне арнау болған туындылар жарияланса, «Абай. кз», «Қасым.кз», т.б. алаңындардағы жарияланымдар авторларының өзара рулас екендігін де байқау қиын емес. Бірақ ХХ ғасырдағы жағдаймен салыстырғанда, «рушылдық» әдебиет алаңынан саяси бағытқа бірте-бірте ауысы бастағанын көзіміз жетті. Кім біледі, «Үшінші дүниежүзілік – ақпарат соғысы» басталған секілді, біз, бұқара халық, билікте, әдебиет, ғылым және өнер майданындашынымен не болып жатқанын нақты білмейміз. Ақпарат тасқыны мол жаһанданған мына әлемде ненің өтірік, ненің ақиқат, кімнің жау, кімнің дос екенін тану – қиынның қиыны.
Сонымен біз көркем әдеби шығармалардағы рушылдық халқымыздың тағдырына қаншалықты әсер еткенін байқадық. Бүгінгі таңда бұл мәселеге кім қандай көзқараста? Көптеген әлеуметтаншылар мен уайымшыл-зиялылардың пікірінше, бұл мәселеге деген көзқарасында адамдар екі топқа бөлінген. «Біреулер бірі – ата тарихты білуді «трайбализм», «ескіліктің белгісі» деп санап, мүлдем өзінің кім екенін, қай рудан екенін білгісі келмейтін, керек десеңіз, туған тілі мен ділінен (менталитет) жиіркенетін кейбір жастар. Және бұлардың саны күннен күнге көбеймесе, азаяр емес. Бұл ұлтты құртатын, ішінен шірітетін өте қауіпті топ. Екінші топ – ру тарихына, шежіреге мән беретін, алайда, өз руын басқасынан артық санайтын, ол аздай, әсіре мақтайтын топ. Бұлар бірінші топтан да қауіптірек. Өйткені, ұйып отырған бүтіндей бір халықтың бөлшектелуіне, түрлі толқулардың шығуына алдымен осылар ұйытқы болады» («Рушылдық – жікшілдікке бастамауы тиіс» мақаласынан). Бірақ жаңа ұрпақпен жиі араласатын адам ретінде бұл мәселеге қатысты адамдарды бірнеше топқа бөлуге болады. Рас, егер біреулер Батыс әлемге аңсары ауып, өз ұлтынан жиіркенсе, кейбіреулердің «руға» деген фанатизмін басу қиын( бірақ олар туралы оқығаным болса, жаңа буын өкілдерінде бұндай дертті көрмедім). Алайда жеті атасын біліп, тарихи санасы азаматтар да бар. Олардың ұраны – «қазақ». Ру емес. Міне, осындай ғана азамттар елді биікке жетелей алады.
Егер біз халықтың ғаламтордағы пікірін сараласақ, «қызметке орналасу», «таныстарын билік басына отырғызу», «туыстарды, олардың балаларын оқуға түсіру», т.б. ойлардың мол екендігіне көзіміз жетті. Бірыңғай сынауға құқығымыз бар ма? Ал кейбір зиялылар бейтарап позицияны сақтап, рушылдықты сынаудың да, мадақтаудың қажеті жоқ деген қорытындысын білдірген. Олардың пікірінше, қазақты сақтап қалған – рушылдық, өз ата-бабасын білгендіктен, тарихымыз да ұмтылған жоқ. Міне, осындай максималистік пікірлерін жалғастыра келе: «Бұл тек біздің елде ғана емес, дамыған Еуропа мен Америкада бар құбылыс!»- деген ойларынан қайтатын түрі жоқ.
Өзімізді-өзіміз түзетуден бастауға тиіспіз. Енді билік пен саясатқа араласып, «үйшіктегі сарапшы» болмайық. Бірінші кезекте рухани жағдайымызға көңіл бөлейік. Рушылдық тек біздің ділімізге ғана емес, ең алдымен, әдебиетімізге де өз зомбылығын тигізді. Бірсарынды болуына да негіз себеп те – осы. Әдебиет – философия емес. Мағжан Жұмабаев айтқандай, көркем сөз өнері – суретке түсіру емес, суретшінің бейне бір туындысы секілді. Сол себепті халықтың танымы да, өмірлік көзқарасы мен одан туындаған рухани құндылықтарымыз да руға бөлінбей, ХІХ ғасыр өркениетіне сай адамзат дамуының игілігіне жарасын.
Мөлдір Бақытқызы
Бөлісу: