Қазіргі қазақ мәдениетінің айнасы қандай?
Бөлісу:
Ел мен елді теңестіретін
білім мен мәдениет
М. Әуезов
Рас, халықты танытатын мәдениет. Соның ішінде қарапайым халыққа ең қолжетімдісі, ең жақыны, тікелей әсер етіп тәрбиелейтіні де – телеарналар. Телеарна – бір Мемлекеттің дүрсілдеп соққан жүрегі, бүлкілдеген қан тамыры. Телеарна – қазақ қоғамының айнасы. Қазақ деген қандай халық, түр-сипаты, кескін-келбеті қандай, нені құрмет тұтады, нені ұят санайды, ұлт ретіндегі ерекшелігі неде, нені құндылық деп санайды – осыны білгісі келген кез келген шетелдік телеарнаға үңілері хақ. Өйткені қазір қазақ бейнесін кітаптан оқып танып, «Қазақ неткен сұлу халық!» деп тамсанатын Матиптер жоқ. Қазіргі ұрпақ «Абай жолын» оқып тәрбие алмайды. Телеарналардан тәрбие алады. Соларша сөйлеп, соларша киініп, соларша шаш қойып, соларша күліп әлек болады.
Тележүргізуші немесе түрлі бағдарлама жүргізуші бір мемлекеттің, қалса әлемнің көзінің сұғында тұрған адам. Ол бір халықтың сипаты, өлшемі, жарнамасы, этикеті, ақыл-ойы, абыройы... Ал біздің қазіргі «абыройларымыз» қандай?
Бір түсінбейтінім – телехабарды да, радиохабарды да, қандай бір хабарды да сөйлеу тілінде бір мүлтік жоқ шешен, білімді, мәдениетті, этикалық, эстетикалық талғамы терең, ұлттық құндылықтарды білетін және оны құрметтейтін кәсіби мамандар жүргізсе керек еді. Ал бізде кез-келген қолы жеткен әнші, әртіс, ақындар жүргізе береді. Ал олардың жасандылығы көзге ұрып тұрады. Жасанды дауыс, жасанды күлкі, жасанды әдемілік, жасанды сұрақ... Оларда көтерілетін мәселенің маңыздылығынан гөрі, «өзім қалай көрінем, осы жолғы көйлегім қандай» деген мәселе қинайтын секілді. Қас-қабағын керіп, мың құбылып әуре. Отырғандарының өзі суретке түскелі отырған адамдай өздерін-өздері көрмеге қойып әлек.
Әнші болса – сахнада әнші. Әнші киімі, әнші әрі (макияж) тележүргізушіге жараспайды. Тележүргізуші – салауатты, сындарлы, сауатты, салиқалы болу керек қой. Осы ретте сөзінен бір сүрінбейтін, әдептен аттамайтын, табиғилығынан танбайтын, әсіре дарақылыққа бармайтын, талғамы да таразы «Астана» телеарнасындағы «Біздің уақыт» және «Қазақстан» арнасындағы «Дара жол» хабарларының жүргізушілеріне алғыс айтқым келеді. Жастар солардан үлгі алсын.
Соңғы кезде күйі келгеннің бәрі бір-бір бағдарлама ашып алды. Қош дейік. Бірақ осымен не ұтты? Осымен қазақ мәдениетінің көкжиегі кеңіп, көсегесі көгерді ме? Сонда да көрермен әр хабарға қуана үмітпен қараудан танған емес. «Ақиқатты айту сен үшін, ақиқатты айту мен үшін, ешқашан, досым, кеш емес» деп, «Кеш емес» келді – қуандық. Әлдеқайдан кешігіп, машинасынан түсе жүгіріп, «Айтуға оңай» келді – қуандық. «Өткір тіл» келді – қуандық. Әдебиеттің сарысуға айналып бара жатқан құяңын қозғап, сырқау буынға сүліктей қадалатын осы жігіт болар деп қуандық. Аттары да жақсы, екпіндері де жақсы. Тек біраздан соң сол баяғы ескі сүрлеуге бұлар да түседі. Цирк аттарындай шеңберден шыға алмайды. Сол шеңбер бойымен бірінің көрсеткенін екіншісі көрсетіп, айнала береді, айнала береді. Сол сұрақ, сол жауап. Қанша тұлға, қанша танымал болса да, қайталана берген соң қадірі қашады екен. Әшімов, Обаев, Қоразбаев, Нарымбетов, Жүрсін, Құрманәлі, Асылы, Қымбат... Осы шеңбермен айнала береді. Бұл кісілердің не айтатындарын халық жаттап алған.
Сонда бір ұлттың талғам-таразысы он шақты адам бола ала ма? Ақиқат дейміз-ау, ақиқат керек болса, неге тек қана «тоқ балалар» сөйлеуге тиіс? «Аш баланы» да сөйлетіп көрсеңіздерші бір уақ. Мысалы, бала тәрбиесі жөніндегі хабарға Балиева мен Асанованың айтары көп пе? Мектеп, ұстаз, оқушының шын бейнесін ашқыңыз келсе, сөйлетіңіз қырық жыл сабақ берген ұстазды, түсіріңіз көп балалы ата-ана үйін. Мен жұлдыздардың талантына табынам. Ол оларға берген Тәңір сыйы. Бірақ жұлдыз екен деп, оларды да орынды-орынсыз хабарларға тықпалай беріп не керек. Егер өнер хақында болса құба-құп. Ал жанұя беріктігі, бала бейнеті, бай тауқыметі дегенге дәл осы «Жұлдыздар» ақыл айтпай-ақ қойсын. Кімге төреші болғандай...
Сонан соң біреуді түсіріп, халыққа көрсетудің бір мақсаты, маңызы, тәрбиелік мәні болу керек қой. Мысалы, соңғы кезде неше қайталап көрсеткен бір көрініске таңмын. Пайғамбар жасынан асқан қазақ кейуанасы. Жарықтық шімкентский шұбар ала көйлегімен, дағарадай жаулығымен, селкілдеген сырғасымен, алқылдаған алқасымен әлдебір теңіздің шет жағасында судың ішінде шолпылдатады да отырады. Сумен ойнап отырған сәби секілді. Егер осы жаста суда балықтай жүзеді деп көрсетсе, таңданған болар едік. Салауатты өмір салтын уағыздау деп ұғар ек. Шетелге көп қыдырады екен. Егер таңдай қақтырар не өнері, не таланты болмаса, шетелге көп қыдыру да мақтан ба? «Е, баласы бай ғой» дедік те қойдық. Тіпті бай болған күннің өзінде ол байлық бір жетімді жебеумен, бір талантты демеумен неге көрінбейді?
Енді телеарналардағы әдеп пен ибаға, ұлттық құндылықтарымызға кереғар көріністерге келейік. Жұлдыздарға, спорт жұлдыздарына, тарлан таланттарға қойылатын сұрақтардың сұрқы:
- Неше көйлек, неше туфлиің бар?
- Неше жігітпен жүрдіңіз?
- Үш балаңыздың үш әкесі бір-бірімен араласып тұра ма?
- Көңілдесіңіздің кім екенін білуге бола ма?
- Неше жаста сүйістіңіз?
- Келесі – қай каналды қоссаң еркек тамақ істеп жатады. Оның жанында қасын керген тотылар «О, неткен дәмді, мен мұндай тамақты істемек түгілі көрмеппін» деп таңданып тұрады. Сөйтіп еркек тамақ істегеніне, қатын тамақ істей алмайтынына мақтанып әуре. Қазақы құндылықтың өрескел тапталуының бірі осы. Еркектің қазан-аяққа араласуы қазақ үшін үлкен намыс. Қазақтың қазақтығы да сонда – қазақ еркегі өзінің ірілігімен, еркек мінезімен дараланушы еді. Ер-азаматтың құнын түсіріп тұрған тағы бір көрініс – ұзын қыздың жанында оның ортан белінен келетін жігіт тұрады да, ұзын қыз оның төбесінен төнеді де тұрады. Тағы бір өрескел жай – әйел жүргізушілер қасындағы еркек жүргізушінің сөйлеуіне мүмкіндік бермей, аузындағы сөзін киіп кетіп, еркектің алдына түсіп жосылады да тұрады. Еркек байғұс қайтсін, сөйлейін-ақ деп неше ұмтылса да, әйел серігі аузынан қаға бергесін, амалсыз жаутаңдап тұрғаны.
- Жұлдыздардың үйін көрсету сәнге айналды. Жарайды, неге жетсе де өнерімен жеткен шығар. Бірақ итін, мысығын, жататын төсегін, жатын көйлегін, туалеттегі шұңғыршағын көрсету қандай әдепке жатады? «Өзінде бармен көзге ұрып, артылам деме өзгеден» деген ғой Абай.
Күлкі-шоулар. Қазір телеарна толған күлкі, сайқымазақ. Күлкі – тәрбие құралы болса ғана орынды. Есер, есірек күлкі не керек. Мысалы, «Алдараспан» - нағыз тума талант. Академия оқымаса оқымаған шығар. Бірақ Нұржан қай кейіпкерді ойнамасын, құлпыртып жібереді. Күлмесіңе қоймайды. Күліп тұрып жылататын ащы шындықтары қандай! Ал «Нысана» әсіре дарақылыққа барып жүр. Әсіресе, ұстаз, оқушы, мектеп тақырыбына. Мұғалімнің директормен ашына болуы, мұғалімнің оқушымен жүруі, одан бала көтеріп қалуы, мұғалімнің жел шығарып қоюы... Не деген масқара! Онсыз да «ұшынып» тұрған мұғалім беделін аяққа басу. Хадистің өзінде «Мұғалімнің қаламының сиясы шаһидтің қанынан да қымбат» деген екен.
Қазақта тағы бір қасиетті де қадірлі адам ол – қазақ кейуанасы. Анау аузы-басы мәймиген кемпір-жігіт осыны тәрк етуде. Қазақтың ақ күндікті әулиедей әжесі қашан үй-үйді аралап сүмеңдеп қыдырып, тамақ ішуші еді? Басында күлкі болған шығар. Ендігің күлкі емес, түрпі. Доғар, шырағым. Сол секілді әр құбылыстың жарқырап бір шығатын шағы да, тоқырайтын шағы да болады. Өнердегі тоқырауды мойындаған да жөн. Мысалы, қазіргі «ТТТ», Гүлбаушан мен Данагүл, Нұржан Тутов, Асылбек, Уәлибек тағы бір біз аттарын білмейтін шырақтар сол өз шыққан биіктерінде қалып қойса жарар еді. Ендігілері өрлеу емес, құлдырау тәрізді.
Жұлдыз кіммен жұлдыз? Жұлдызды жасайтын халық. Жұлдыздың қас сыншысы да, қолпаштаушысы да халық. Ал енді сол халықтың өзіне аса қараушылық, тәкаппарлық, мақтан мен дарақылық «жұлдыздың» жарығын молайта ма? Төреғали Төреәлінің соңғы мінез-құлқы осыған саяды. Мысалы, ашық машинаның үстінде парад қабылдаған Президенттерше қолын алға созып, алаңды айналып өтуі жап-жас балаға жараса ма? Оққағармен шығу. Өзіңді еркелеткен, жұлдыз жасаған халқыңнан қорғанып не көрінді? Бүкіл өмірбаяныңды өлең етіп әндеттің. Осының өрескел емес пе. Сенің өмірбаяныңда елге үлгі болар, таңдай қақтырар не бар? Өзіңді-өзің осыншалық «тірі құдай» жасағанда сен анау Ескендір Хасанғалиевтан, Нұрғали Нүсіпжановтан, Өнербаев пен Стамғазиевтан, Медеуов пен Майғазиевтан, Жұбаныштан ұялмадың ба? Сенің дауысың солардың шалғайынан келе ме? Қанша жыл халық құрметіне бөленіп жүрсе де, халық алдында желп етіп артық мінез көрсетпеген сол әншілердің мінез мәдениетінен айналсақ болмай ма. Бұлар қай заман, қай ұрпақ үшін де құнын жоймайтын, неше ғасыр өтсе де өлмейтін дауыстар. Ал құйын ғұмырлы әншілер бар. Тек шартылдаған шапалақ, лекілдеген музыкамен ғана құдіретті болып тұрады да, әлгіден арылса түкке татымайды. Сонан соң әнші беделі тыңдарманның кім екенімен де өлшенеді. Сол шулап тұрғанның көбі әлі талғам таразысы қалыптаспаған желөкпе жастар. Оларға әннің саз тазалығы, сөз мағынасы не керек. Тек ырғақты қабылдайды. Ырғақ не ғұрлым жиі, күшті болса болды, соған қосыла көздерін жұмып изеңдей береді. Ал сенің табынушыларыңның көбі жас қыздар. Көздері әнде емес, әншіде.
Ал Ернар Айдар ұрлық әндер туралы «бәрібір халық оны біліп жатқан жоқ» деп сенімді айтты. Білгенде қандай! Мысалы, Маржан Арапбаева солқылдатып тұрып орындайтын:
- Иә солай, иә, солай,
Қазақ елі осылай! –
деген қайырманың әуені өзіміз қысқа күнде қырық рет көріп жүрген түрік сериалынан. Әндердің қай жері бұрынғы әндер, қай жері түрік, әзірбайжан, қырғыз, өзбек тіпті арабтікі екенін қазір бала да біледі. Әттең, дүние-ай, әншінің бағын ашатын сазгер (композитор) екен ғой. «Әлиядан» соң Роза дауысының терең иірімін, шырқау биігін ашатын бір ән болды ма? Болса қайда...
Төрт тоқал жыры. Осыны қайта-қайта жырлай беріп не керек. Ол не, өкімет шешетін, қаулы, қарармен бекітетін нәрсе ме? Әрі-беріден соң жеке жанұялық іс емес пе? Әйелдер риза болса, ар-намысы тапталмаса, зорлық болмаса болды да. Баспанасыз, қорғансыз әйел арқа сүйер азамат тапса, отбасы бақытын сезінсе, жақсы емес пе? Ал еркектер албаты арам жүріске салынғанша, ағайын-туғанның ризалығымен жас әйел алып жатса, онда тұрған не трагедия бар? Бірақ осы хабарға келген еркек атаулының ең үлкен дәлелі «Мұхаммед Пайғамбар да төрт әйел алған» деп қайталай беруі тіпті жөн емес. Қазақ шалдары мұсылман болуды төрт тоқалдан бастамақ екен ғой, тегі. Төрт қатын алса болды – Мұхаммед Пайғамбар бола қалатындай. Оданша ата-бабадан қалған жол демей ме? Көп әйел алу – қазақ үшін еш оғаш іс емес. Тек адамгершілік негізінде болса...
Әмина Құрманғалиқызы
Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі
Бөлісу: