Біз білетін және «білмейтін» Олжас
Бөлісу:
Кезінде сыйлыққа Олжас Сүлейменовтің «Аз и Я»-сынан артық сыйлық болмапты. Даңқынан дақпырты асқан кітапты біреу бір «Волгаға» айырбастап алған деген де қауесет бар. Гагарин ғарышты бағындырған жылы Олжастың «Адамға табын, Жер, енді!» поэмасы алғаш өлең ретінде жарық көріп, Алматының үстіне ұшақпен шашылады. Жұрт «қырылып» жүріп, қолдан-қолға тигізбей оқиды. Олжастың ақындығы мен азаматтығына тәнті болған қыз-қырқын Жазушылар одағын жағалап жүреді екен. Он бес одақтас республиканың «менмін» деген кермарал сұлуларының талайы Олжасқа ғашық болыпты. Тіпті орыстың ақын қызы Римма Казакованың өзі «Люблю тебя, товарищ мой, Олжас» – деп өлең жазыпты. Бұрындары Олжас Сүлейменов жайлы осындай аңызға бергісіз әңгімелер айтылатын. «Олжастың әзірбайжандар мен армяндардың арасындағы жанжалды, Ливиядағы қақтығысты басуға себебі тиіпті. Танкінің үстінде тұрып сөйлеген сөзін халық тыңдапты» деген әңгімелер де ақының абырой-беделін, аңызын арттыра түсетін. 1961 жылдан берi елімізде Олжастың ондаған мың аттастары пайда болған екен. Олардың есімдері ақынның елеулi кiтаптарының жарық көруiне, кейбiр мәндi iс-әрекетiне, ерлігіне орай аталған. Кеңес одағының кезінде халық Олжас Сүлейменовке осылай табынған. Ал қазір ше?
Олжас Сүлейменовтің тілге, ұлтқа қатысты кейбір ойлары көңілді күпті еткені рас. «Олжас әдемі қартая алмады», «Олжастың ұлт алдындағы сүйкімі азайды» деген әңгімелер сондықтан айтылды. Орыстілді болғандығынан өз ақынымызды «өгей» көріп жүрміз. Бұл жолы Олжас Сүлейменовтің бір кездегі аңызына қоса, бүгінгі болмысына да үңілдік. Олжас Сүлейменов туралы айтыла қалса, «Олжас ұлтын сүйе ме?» «Қазақы тамырдан ажырап кетті ғой. Оның қазақылығы қаншалықты?», «Олжастың ұрпағы қазақша біле ме?» деген сауалдар бірден санамызды кеулейтіні анық. Осы сауалдарға жауап іздеп көрген едік.
ОЛЖАСТЫҢ АТА-ТЕГІ ЖӨНІНДЕ
Олжас Сүлейменовті туысқаным деп жүрген жігіт табылды. Алайда онікі құр қиял болып шықты. Есімі – Ерлік Омаров. Кейде аңызға айналған адамдарды осылай меншіктеймін деп жүріп, ол адамның бүкіл халықтың азаматы екенін ұмытып кететініміз бар. Олжасты «Орта жүздің арғыны» деп меншіктейтіндер де жетерлік. Әйтпесе, Олжас бір рудың емес, бәріміздің ортақ ақынымыз. Бұл жөнінде ақынның өзі: «Барған жерімнен менен ылғи «Қай жүзсің?», – деп сұрайды. Мен қай жүз екенімді білмеймін. Өйткені, өз әкем – орта жүз. Шешем – ұлы жүз. Ал өсіріп, тәрбиелеген екінші әкем – кіші жүз. Сонда мен кім боламын? Сондықтан мен рушылдықты түсінбеймін», – дейді екен. Ақынның ата-тегіне байланысты талас көп. Тегін қазбаласақ, Олжас Жаяу Мұсаның тікелей ұрпағы. Жетінші атасы – атақты Олжабай батыр. Олжабай батырдың Абылай хан әскерінің оң қанатын басқарғанын, жоңғарлармен күресте аты шыққанын әр қазақ біледі. Олжастың атын әкесі Олжабай бабасының құрметіне қойған екен. Ибраһимнің Абайға, Әбдірахманның Әбішке, Қанафияның Қанышқа айналғаны сияқты, Олжабай да Олжасқа айналып кеткен. Олжастың өз әкесі Омар – қазақтың тұңғыш кавалерия полкінде офицер болыпты. 1937 жылы Ташкенттегі Түркістан әскери округінің штабына жіберіліпті де, содан қайтып оралмаған. 1943 жылы анасы Фатима Насыржанқызы белгілі журналист Әбдуәли Қарағұловпен шаңырақ көтереді. Олжас өмір бойы өкіл әкесіне тәнті болумен, қайран қалумен болған. Ол кісінің сауаттылығы, жауаптылығы, еңбекқорлығы кім-кімге де үлгі ететіндей екен. Бала күнінде «Қазақстан пионеріне» Олжас «О.Қарағұлов» деп шығып жүреді. Мұнысын байқаған өкіл әкесі: «Омар ерекше адам еді. Аты өшпесін. Олжас Омарұлы Сүлейменов деп жаз», – дейді. Олжастың шығармашылыққа келуіне өкіл әкесінің сауаттылығы ерекше рөл атқарған. Бұл жайында ақынның өзі ілгеріде бір сұхбатында: «Төртінші класта Толстойдың 12 томдығын толық оқып шықтым. Сонда анам мені аяп, «Көзіңді құртасың» – дегенде, әкемнің: «Кітаптан көз құрымайды, кітаптан көз ашылады” дегені есімде», – дейді.
ОЛЖАСТЫҢ ӨЛЕҢІ ҰШАҚПЕН ШАШЫЛҒАНДА
Олжас Сүлейменов 1959 жылы КазМУ-дың барлаушы-геолог мамандығын бітіреді. Сол жылы Мәскеудегі М.Горький атындағы Әдебиет институтына оқуға түседі. Әуелде қазақтарды «колбиттер, жабайылар» деп кемсіткен орыс студенттерімен жатақханада төбелесіп, оқудан шығып қалады. Бірақ көп ұзамай оның пайдасын да көреді. Оқудан шыққан соң Алматыға келіп, «Казахстанская правда» газетінде істеп жүреді. 1961 жылдың 12 сәуірінде ғарышқа Юрий Гагарин ғарышқа жол салады. Газетте ұлы оқиғаға арналған Олжастың өлеңі басылады. Алматыда өлеңді баспаханада арнаулы листовка түрінде басып, ұшақпен қала үстіне шашқан екен сонда. Бұл оқиғадан шабыттанғаны сондай, ақын айналасы бір аптаның ішінде тұтас поэма жазып тастайды. «Адамға табын, Жер, енді!» поэмасы арқылы 25 жастағы жігіт атақты ақынға айналады. БірденЖазушылар Одағына қабылданады. Поэма Мәскеу газеттерінде басылып, радиодан оқылып, жоспардан тыс түрде жеке кітапша болып жарық көреді. Осылайша Олжас арада бір ай өткенде, Америкадан бір-ақ шығады. Колумбия университетінде поэмасын студенттердің алдында оқиды. Америкадан соң Парижден шақырту алып, тұңғыш туындысын Сорбоннада оқиды. Артынша оқудан шығарып жіберген Мәскеудегі Әдебиет институтының ректорынан «Оқуға қайтуыңызға рұқсат» деген ресми хат келеді. Олжас оған телеграммамен: «Қайтайын, бірақ оқытушы ретінде» деген жауап айтады.
ОЛЖАСТЫ ҚОНАЕВ НЕ ҮШІН ЖАҚСЫ КӨРГЕН?
25 жасында бір поэмамен танылып, даңқы әлемге тараған Олжас Сүлейменовтің тағы бір аңызы Қонаевпен арақатынасы. «Олжасты Қонаев қатты жақсы көрген, бағалаған, басына түрлі айыптаулар таңылғанда, талай сыннан Қонаев алып шыққан» деген әңгімелер бүгінде көп айтылады. 40 жылдан бері Олжасты өзіне дос санайтын Сәбит Досанов бұл әңгімені былай таратады: «1975 жылы Олжастың атақты «Аз и Я» еңбегі 100000 тиражбен басылады. Бірақ КСРО Ғылым академиясының жабық мәжілісі шақырылып, академигі бар, корреспондент-мүшесі бар, ғылым докторы бар, барлығы 49 адам 10 сағат бойы сөз сөйлеп, Сүлейменовті шектен шыққан «ұлтшыл», «пантюркист» деп айыптап, кітапты орысқа қарсы еңбек деп бағалайды. Кітаптың жартысын өртейді, бірқаншасын таратқызбай тастайды. «Аз и Я»-ға жасалған қастандық онсыз да атағы аспандап тұрған кітапқа деген халық құштарлығын дауылды күні қауға тиген өрттей өршітті бірақ. Мәскеу мен туысқан республикаларды былай қойып, шетел азаматтары да Қазақстандағы таныстарына қолқа салып, атышулы кітапты сұрап жатты. КСРО-ның бас идеологы Суслов Қонаевқа телефон шалып, Олжас Сүлейменовті соттау аз, ату керек деп бұйырған көрінеді сонда. Димаш Ахметұлы «Аз и Я»-ны Бас хатшы Л.И.Брежневке өз қолымен апарып беріп, мұнда ешқандай ұлтшылдық жоқ екенін айтып, оқып шығуын өтінді. «Кейбір қателіктері болса өзіміз талқылап, өзіміз жазалайық» деп сылап-сипап, Олжасты бір ажалдан аман алып қалды. Брежнев оқып шыққан соң мұнда ешқандай ұлтшылдық жоқ деген баға береді. Алайда Олжасқа ескерту жасалады да, жоғары жақтан кешірім сұрап хат жаз дейді. Хатында Олжас тайсалмастан: «Я сожалею что мой многолетний труд был непонятным некоторым ученым», – деп жазады. Ол уақытта мемлекеттің саясатына қарсы келіп, мұндай сөз айту – үлкен ерлік еді. 1986 жылы 16-желтоқсанда КПСС Орталық Комитетінің пленумын өткізіп, Разумовский Д.А.Қонаевты қызметінен босатып, Г.В.Колбинді отырғызды. Колбин бірінші хатшылыққа сайланған жиында оған бір-ақ адам қарсы дауыс берді. Ол Олжас Сүлейменов еді. Сол күнгі Пленумда, онан кейін болған жиындарда «Қонаевтың шекпенінен шықтық» деп шіренетін көп шенеуік жаңа басшы Колбинге ұнамай қаламыз деп қорықты. Ал, Олжас Колбиннің жақтырмайтынын біле тұра, Димекеңнің жанына келіп отыратын. Қызметінен босап, орнына Юсупов келіп, Қонаев «қуғында» жүрген кез. Қонаевтың үйі Киров көшесінің бойында. Олжас онда Жазушылар одағының бірінші секретары. Жұмысқа бара жатып, Кировтың бойынан Қонаевты көріп қалады. Сонда Олжас Қонаевқа: «Сізді ешкімнің тепкісіне бермейміз. Керек болса, жастарды көшеге алып шығамын», – дейді қызбалықпен болса да, түпкі ойын аңғартып. «Қонаев Олжастың бойындағы осындай батылдықты, жас жігіттегі жанып тұрған жалынды, өршілдікті ұнатқан. Екіншіден, оның шығармашылығын мойындаған». «Қонаев Олжасты неліктен жақсы көрген?» деген сауалға Сәбит Досановтан естіген жауабымыз осы.
ОЛЖАСТЫҢ АЗАМАТТЫҒЫ
Кітаптарының жыл сайын мыңдаған тиражбен жарық көруі, атқарған лауазымды қызметтері, қызметте жүріп жасаған азаматтығы – Олжастың тұлғасын биіктете түседі. «Олжас қай қызметте болса да, халық алдына ағылып баратын. Жазушылар одағында істегенінде кабинетіне кіруге кезекте тұрған жазушыда қисап болмайтын. Көп жазушының кітаптарының жарық көруіне, үй алуына Олжас ағаның шарапаты тиді», – дейді Олжас Сүлейменовпен 40 жылдан бері ағалы-қарындас, рухани дос болып сыйласып келе жатқан журналист Зәмзә Қоңырова. «Желтоқсан оқиғасының кезінде: «Олжас аға! Мен жазықсыз сотталған желтоқсаншымын. Түрмеден қашып шықтым. Мені не құтқарыңыз, не өз қолыңызбен ұстап беріңіз. Сіз қалай шешсеңіз солай болсын», – деп, Читадан қашып келген қазақ жігітін: «Сені ұстап бергенше өзімнің түрмеде отырғаным артық. Мен тірі тұрғанда сені жау алмайды», – деп, құқық қорғау орындарының басшыларына күні бойы телефон шалып, аман алып қалды. 1986 жылдың соңына таман «Жазушы» баспасынан шыққан «Каждый день – утро» жинағының қаламақысын отбасына апармай, сегіз бірдей желтоқсаншыға пәтер алып беруі Олжас ағамның ғана қолынан келді. Ол уақытта Олжастың өз отбасының жағдайы мәз емес еді. Үйінің төбесінен өткен судан едені жырылып кетсе де, сегіз бірдей желтоқсаншыға өз ақшасына үй сыйлауы ешкімнің қолынан келмейтін ірілік», – дейді Зәмзә Қоңырова.
ОЛЖАС ЖАЗҒАН КИНОСЦЕНАРИЙЛЕР
Олжас Сүлейменовтің шығармаларын талдағанда ол жазған фильмдердің сценарийін сөз етпей кетуге болмайды. Шәкен Айманов түсірген «Атамекен» фильмінің сценарийін Олжас Сүлейменов жазған. Ал Шахимардан Құсайынов жазған «Балкон» фильмінің сценарийі Олжас Сүлейменовтың өлеңінен, өмірінен алынған. Кезіндегі «Көксерек», «Қараш-Қараш», «Қыз Жібек», «Атаманның ажалы» сияқты фильмдердің бәріне «Қазақфильмнің» бас реакторы ретінде Олжас Сүлейменовтің тікелей қатысы болған. «Қыз Жібектегі» Төлегеннің ақбоз атының ер-тұрманы Олжас Сүлейменовтікі екенін, Олжастың үйінен көтеріп келгенін біреу білсе, біреу білмейді. Беріде Сламбек Тәуекел түсірген «Махамбет» фильмінің сценарийі де Олжастікі. Естуімізше, енді «Жәңгір ханды» түсірмекші көрінеді.
«1001 СӨЗІ» ҚАШАН ШЫҒАДЫ?
Олжас Сүлейменовтің тілтанушы, көне түркі тілін зерттеуші ретіндегі еңбектері де телегей теңіз. Этимология – оның өмір бойғы әуестігі. «1001» сөз атты орыс тіліндегі түркизмдер сөздігіне кіріскеніне 40 жылдан асты. Жұмыстың қашан бітетінін айту қиын. «Өмірімнің басты кітабы «1001 сөз» болатынын сезгендіктен де асығуымның жөні жоқ», – дейді екен ақынның өзі. «Олжас ағаның қанша сөзді анықтағанын әзірге айту қиын. Мың бірге жеткен шығар. Сөздіктің толық нұсқасы келер жылы жарық көруі мүмкін», – дейді Зәмзә Қоңырова.
«ДОМБЫРАСЫН ҚАСЫП ШЕРТІП АҚЫРЫН»
Енді Олжас Сүлейменовтың жеке әлеміне, болмысына үңіліп көрейікші. Ал жақын араласқан адамдары Зәмзә Қоңырова мен Сәбит Досановтың айтуынша, Олжас ақиқатқа келгенде атасын да аямайды. «Олжас ең алдымен шүлен, мырза жомарт. Сосын адамға өте сенгіш. Сенгіштігінен өз жанына дұшпандарын жіберіп алады. Қазақша айтқанда аңқау. Олжасты сақтап жүргені білімділігі ғана», – дейді Зәмзә Қоңырова. Олжастың кумирі Махамбет пен Шоқан, ал ұлылардан Абай екен. Қаламсаптан коллекция жинайды екен. «Өзінің домбырамды қасып шертіп ақырын» деп келетін өлеңіндегідей аздап домбыра шертетіндігі бар екен. Әншілігі де бір басына жетерлік екен. Бірақ онысын жұртқа көрсетпейтін көрінеді. Волейбол ойнағанды ұнатады екен. Өзінің командасы, өз атында турнир, өзі тіккен жүлде де бар. «До шести вечера работаю на государство. После шести – на человечество», – дейді екен ақынның өзі. Мұның бәрі Зәмзә Қоңыровадан естігеніміз.
ОЛЖАС КІМГЕ ТӘУЕЛДІ?
Соңғы кездері айтқан оңды-солды пікірлеріне, тілге, ұлтқа қатысты ойларына қарап, «Олжас әлдекімдерге тәуелді екен» деген әңгімелер айтылды. «Олжас Сүлейменов тәуелді ме, Олжас кімге тәуелді?», – деп сұрадық Зәмзә Қоңыровадан. «Олжас рухани жағынан құлдыққа ұшырамаған. Ол – тәуелсіз адам. Рухани жағынан бодан емес», – деген жауап естідік. Олжас ешкімге ешқашан қисайған жоқ», – дейді ақынның қырық жылдан бергі досы.
ОЛЖАСТЫҢ ҰРПАҒЫ ҚАЗАҚША БІЛЕ МЕ?
Олжастың туған тілінде сөйлемейтіндігі, орыстілді екені өз батырымызды «өгейсітуге» әкеліп жүр. Ақын өзінің 75-жылдығында өз өлеңін қазақшаға өзге ақындардың аудармасымен тыңдады. Түсінді ме, түсінбеді ме, біле алмадық. Биыл да елге келгенде «Қазақ тілінің болашағы қандай?», – деген сауалға. «Өте жақсы, жақсы болады», – деп лепірме жауап айтып кетті. Эйфельмұнарасының жанында тұрып, өркениетке Эйфельдің биігінен қарайтын ақынымыз замандасы «Мұхтар Шахановтың ұлттың, тілдің төңірегіндегі бастамаларынан хабарым жоқ», – деп састырды. Олжаспен жақын араласқан жандардан «Ақынның қазақылығы қаншалықты? Сіздермен қазақша сөйлесе ме?», – деп сұрадық. Олжас қазақша баяу ойлайды, ойын баяу жеткізеді. Сондықтан ел алдында орысша сөйлейді. Ал былайғы кезде менімен қазақша сөйлеседі. Шұбарлап орысша қосып сөйлесек ренжиді, тіпті ұрсып кетеді. Олжас киіз үйіміз бен айтысты қазақтың бренді етіп, ЮНЕСКО-ның тізіміне енгізуге күш салып жүр», – дейді Сәбит Досанов. Зәмзә Қоңырова болса, «Олжасты ұлтын сүймейтін, қазақ тілін білмейтін етіп көрсетудің қажеті жоқ. Мен білетін жандардың ішінде нағыз қазақ – Олжас. Бастысы оның жаны қазақ. Әрі Олжас қазақша білмейді деген де бос сөз. Мен ол кісімен 1973 жылдың 29-тамызында таныстым. Ақынмен ең алғаш кездескенімде қазақша сөйлеген. Қазір де қазақша сөйлейді. Ойын баяу жеткізіп, кібіртіктейтіні рас. Бірақ ол тілдік норманы бұзбайды», – дейді. Әйелі орыс ұлтынан болған соң ұлы тұлғаларымыздың онысын жақтырмай жататынымыз бар. Жеңгеміз Маргарита Владимировнамен ҚазҰУ-да оқып жүргенінде танысқан екен. Әйелі көп жыл заңгер болып істепті. Үш қызы бар екен. Үлкен қызы Мәдинаның мамандығы филолог. Бүгінде әкесінің «Матек» атты киностудиясын басқарады. Екінші қызы Ләйлә – Тұрар Рысқұлов атындағы ҚазЭУ-ді бітіріп, Италияда елшілік қызметте екен. Үшінші қызы Динара заңгер. «Ақынның ұрпағы қазақша біле ме?» – деп сұрадық Зәмзә Қоңыровадан Олжастың ұрпағын қазаққа жақындатқымыз келіп. «Сені мен мендей еркін сөйлей алмайды. Бірақ жақсы түсінеді. Тұрмыстық деңгейде сөйлеп, түсінісе алады», – дейді.
Бүгінде Қазақстанның ЮНЕСКО-дағы өкілі, Франциядағы төтенше және өкілетті елшісі. Немерелері Карина мен Ескендір аталарының қолында Парижде тұрады. Италияда, Грекияда, Мальтада елші болып, шетелде көп жыл тұрған, бүгінде Парижде қызмет етіп жүрген Олжас Сүлейменов Еуропаның асханасын ұнатып еуропалық тағамдар жейтін шығар деп ойлағанбыз. Алайда сүйікті асы қазақтың қуырдағы екен. «Олжас ағаның туылған күнін отбасымен бірге тойлап келе жатқаныма биыл 39 жыл болды. Олжас ағамен 37 жасында танысқам. 58 жасқа дейін 21 жыл бойы туған күнін үйінде тойлады. Қашан да дастарханынан қазақтың қуырдағы, қазы-қартасы түскен емес. Туған күнін 58 жасында бірінші рет мейрамханада атап өтті. Қарапайымдылығы ғой. Әлемнің қай қиырында жүрсе де, туған күнінде міндетті түрде елге, үйіне келеді. Бір қызығы, ешқашан қызметтес лауазымды адамдарды шақырған емес. Тек қана туыстары, жақын достары болады. Достарынан үнемі Санжар Оразұлы Жандосов пен бала күннен бірге ойнаған досы Геннадий Толмачов болатын», – дейді Зәмзә Қоңырова. Олжас Сүлейменовтың жан досы Геннадий Толмачов болған екен. Біраз бұрын қайтыс болыпты.
ОЛЖАС НЕНІ ҚАЛАЙДЫ?
Олжас Сүлейменовтің соңғы жылдары айтқан олпы-солпы айтқан пікірі, ұлтқа, қазақ тіліне қатысты ала-құла ойлары ұлтының көңілін алаңдатқаны рас. Олжастың соңынан әркім әртүрлі әңгіме айтты, сынады, қаралады. «Өзіңізге айтылған осындай сындарға қалай қарайсыз?» – деген журналистердің сұрағына: «Тіл туралы ауызша берілген сұхбаттарымдағы кейбір онша дәл айтылмаған пікірлеріме қарап, мені қазақ тіліне жанашыр еместей сөйлейтіндерге жаным ашиды. Сөздің де қисыны болуы керек қой. Сонау 1984 жылы Жазушылар одағында қазақ тілін қорғауға арналған ең бірінші жиынды ұйымдастырған Олжас Сүлейменов емей, кім еді? Мен тек қазақтардың соңғы ғасырда тарихтың өзі қолға әкеліп түсірген қымбат қазынасынан – орыс тілін баршамыз толық игергендігімізден бас тартпағанын қалаймын. Олай болмайтынына сенемін. Олай болмайтыны былай тұрсын, қазақтардың келешекте үш тілді қатар меңгерген халық болатынына сенемін. Егер қолға алынған бағдарлама ойдағыдай жүзеге асырылса, онда таяудағы оншақты жылдың өзінде біздің жастарымыз қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде емін-еркін сөйлеу арқылы бүкіл әлемнің білім байлығына есік ашады деп білемін. Кезінде Абайға да, Шоқанға да қарсы шыққан, қаралаған. Мен сынбаймын!», – деген жауап айтты. Өмірлік ұстанымы өзінің «Даланы асқақтатамыз деп тауларды аласартпайық» деген мәтеліндей болса керек.
Олжас Сүлейменовтің ұлтқа қатысты айтқан ала-құла ойлары жайлы ғалым Тұрсын Жұртбаймен сөйлесіп қалғанымызда, ол кісі мынадай ой айтты. «Олжастың ұлттың тағдырына қатысты үш үлкен ерлік істеді. Бірінші, 1986 жылы желтоқсан оқиғасына қатысқандар Олжастан араша сұрап көп келетін. Ол 1987 жылы Желтоқсан оқиғасына қатысқандарды қорғайтын құқықтық комиссия құрып, қылышынан қан тамған қызыл империяның кезінде қазақтың ұл-қыздарын қорғады. Екінші, 1988 жылы 24-сәуірде Орталық комитетке хат жазып, мені Жоғарғы соттың бастығымен жолықтырып, артынан комиссия құрып, Алаш арыстарын ақтауға тікелей мұрындық болған да Олжас. Үшіншіден, 1989 жылы 27-ақпанда «Невада-Семей» қозғалысын құрып, Семей полигонының жабылуына тікелей атсалысып, ұлтты ауыр қасіреттен аман алып қалды. Олжас жайлы әрқандай әңгімелердің айтыла беретіні оны түсінбегендіктен. Алматыны Алмата деп атайық деген оның орашалақ ойлар айтқан шығар. Бірақ Олжасты түсіну үшін Олжастың деңгейінде ойлау керек. Олжас өз ұлтының көк семсері!» Бұл «Ұраным Алашты» жазған Тұрсын Жұртбайдың сөзі. Олжас Сүлейменовтың соңғы жылдардағы «сүйкімін» оның бұрынғы ерліктерімен ақтап алуға болатын шығар, бәлкім!
Қарлыға ИБРАГИМОВА
«Жас өркен» 03.07.2012 жыл
Бөлісу: