ҚР Жазушылар одағының мүшесі, қаламгер Мұхарбек Жәкейұлының «Ай жарығында оқылған хат» атты әңгімесін жариялап отырмыз.
Ол кезде мен 11-сыныпта оқитын едім. Бір күні пошта жәшігінен қоңыр түсті конверт алдым. Хат маған келген екен. Тысы жұқа көрінгенімен, ішіндегі сезімнің салмағы ауыр боларын алғашында білгенім жоқ.
Сыртына жазылған «... Қазақстан облысы, Самалды ауданы, Қаракемер ауылы. Сабырова Айнадан» деген қолтаңбасынан жаңбырдың жұпар исі сезілді. Хатта көп сөз жоқ. Әйтсе де, ішкі тыныштығымды тербеп, тылсым бір сезімді оятып жіберді.
Бейтаныс қыздың хаты: «Сенің өлеңдерің түсіме кіреді...» – деп басталыпты. Бұл маған ақ қағаздың бетіне түскен қара сия демесең, жанымның тереңіне бойлаған үнсіз тіл қату секілді әсер етті.
Топтама өлеңдерімді «Жас Алаш» газетінен оқыған беймәлім қыз бұрын мүлде таныс болмасақ та, ішкі әлеміме еніп үлгерген сияқты.
Сол күннен бастап арамызда сырты жапырақтай жұқа болғанымен, ішкі мазмұны тамырдай терең бойлай алатын хат алмасу басталды. Аптасына бір рет, кейде екі рет хат келеді. Жауабы кешіксе, мазасызданатын әдет шығардым.
Айна бір хатында: «Біз бұрын кездескен емеспіз. Бірақ сенің үнсіздігіңнің өзінен өлеңнің лебін сеземін», - деп жазды. Осы жолдар жан дүниемді төңкеріп жіберді. Сол сәтте хаттың өзі де жүректен шыққан махаббаттың үнін жеткізе алатынын түсіндім. Оның әр хаты ай сәулесімен бірге жүрегіме құйылып түсетін. Мен Айнаға сол елес қалпында, маржандай тізілген әріп күйінде ғашық бола бастадым.
1991 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түстім. Айна шет тілдері факультетіне түскен екен. Алғаш кездескен сәтте оның көзіне қарадым. Сол көздерден парсы шайырларының шұғылалы сырлары жасырын жатқанын сезгендей болдым.
Алып шаһар алғашқы күннен махаббатымыздың алаңына айналды. Театрға жиі баратын едік. Әсіресе Чехов пен Беккет ұнайтын. «Құдайсыз әлемдегі Құдай туралы» қойылымнан кейін Айна:
– Сен қайдасың? – деп сұрады.
– Жаныңдамын, – дедім мен.
– Ол жер суық қой... – деп күлімсіреді.
Беккеттің «Годоны күтуі» де бізге қараңғыдағы шырақтай әсер қалдырды.
– Годоны неге күтеміз? – деді Айна.
– Мүмкін біз бір-бірімізді күтіп жүрген шығармыз, - дедім мен.
Мен өлеңдерімді оқимын. Ол үнсіз тыңдайды. Кейде тек көзіміз сөйлесетін.
Бірде Айна Алматыны түнгі тыныштық құшағына алған сәтте ашық терезе алдында үнсіз қалды. Жүзіне төгілген айдың жұмсақ сәулесі, ақ дидарын нұрға бөлеп тұрды. Кенет маған баяу бұрылып:
– Сен мені көріп тұрған жоқсың. Өзіңді көріп тұрсың, - деді.
Кей түндері біз өзімізге көрінбейтін осындай бір тылсым әлемде тілдесетін едік. Ол айнаға қарап әдемі күлімсірейді, алайда оның сол жымиысының өзінен терең мұң сезілетін.
Диплом алған соң мен ауылға қайттым. Айна қалада қалды. Біз ешқашан қоштасамыз деп ойлаған жоқ едік. Бізге қоштасу деген ұғым жат болатын.
Жүрдек пойыз жүрісін үдеткен сайын кешкі Алматыдан алыстай түстім. Көше шамдары астында көлеңкем ұзап барады. Шулы қаланың әр бұрышында белгісіз ізім қалды. Университет ғимаратының тас баспалдақтары, Арбаттағы кітап жәрмеңкесі, кітапхана үстелі, театрдың алдыңғы қатары – бәрі-бәрі алыстай берді.
Уақыт үнсіз сырғып өтіп жатыр. Күндер көнерді. Жылдар мүжілді. Мен туған ауылымда мұғалім болып жұмыс істеймін. Түрлі әдеби шаралар өткізіп, жас ұрпаққа поэзияның сиқырлы сырын ұғындыруға күш салам. Бірақ өзім өлең жазбадым.
Көңілсіз көкжиекке еріне созылған Көкалаттың іш пыстырар бұйығы тірлігі. Күн де солғын, көңіл де солғын. Құтырына соққан желден тозығы жеткен ескі қақпалар сықырлап, тымырсық тыныштықты бұза түседі.
Кейінгі кездері кешқұрым уақытта терезеге телміріп, Алматы көшелерін сағынатын болдым. Адам кейде бір адамды ғана емес, сол адаммен бірге жоғалған уақытты да аңсайды екен.
Бірде түсімде Айнаны көрдім. Көне үнді храмының ішінде жүр екен. Қолында – менің алғашқы хатым. Храм қабырғалары парсы әріптерімен жазылған біздің хаттармен көмкерілген. Айнала толы – көлеңке адамдар. Барлығы үнсіз. Айна жылап тұрды. Бірақ көзінен жас емес, әріптер ағып жатты.
Таңсәріде оянғанымда ашық қалған дәптерімде көк сиямен «Айна» деген жазу пайда болыпты. Жазу үстелінің үстінде беймәлім бір ойдың куәсіндей болып жатқан сарғыш тартқан ескі ақ парақтар айдың сәулесіне шомылып, күміс түске боялғандай жылтырайды. Бөлме ішін тыныштық билеген. Терезеден таң салқыны еркелей енеді. Мөлдір ауа бөлмені баяу толтырып тұр.
Махаббат неге сөзден басталып, үнсіздікпен бітеді екен осы? Бірақ сол үнсіздік те сезімнің бір түрі-ау. Қазір мен елуден астым. Тәп-тәуір жазушы атандым. Бірақ кітаптарымда Айна туралы жазған емеспін. Осы күнге дейін ол менің жазылмаған кітабымда оқырмансыз өмір сүріп келеді.
Бүгін Айнаға соңғы хатымды жаздым. Оның ішінде ешбір сөз жоқ еді. Тек ақ парақтың ортасына бір ноқат қойдым. Сөз аяқталғанымен, сезім аяқталған жоқ. Уақыт – түзу тартылған сүрлеу жол емес. Ол – айналма. Біз сол айналма жолда бір-бірімізге қайтып ораламыз.
Айнаны араға отыз жылдай уақыт салып жолықтырдым. Ауасы қоңыр салқын Алматы күзі. Сарғайған жапырақтар жерге баяу қонып, аяқ астынан сыбдырлай үн қатады.
Ескі дағдыммен Арбаттағы кітап жәрмеңкесіне келдім. Осында табаным тиген сайын бір үміт пен бір сағыныш ілесіп жүреді. Бәлкім, бейсаналы түрде біреуді күтетін шығармын.
Кітап сөрелерінің арасымен жүріп келе жатқан мені бір таныс көзқарас еріксіз тоқтатты. Айна... Иә, сол. Ол жымиып тұрды. Жүзінде сабырдың көлеңкесі, уақыттың ізі бар. Бірақ, көзі – сол қалпы. Тым терең. Тым таныс. Тым әдемі.
– Сәлем, – дедім жай ғана.
Ол жымиып күлді. Күлкісінде мұң бар сияқты.
– Сәлем.
– Қалың қалай?
– Жақсы.
– Мен сені күткен сияқтымын, – дедім.
– Мен де… Сені баяғыдан күтіп келем ғой, – деді ол.
Сөрелердің шетіне жайғасып, үнсіздік құшағында ұзақ отырдық.
– Күйеуімнен ажырастым, – деді ол баяу.
– Саған үйленуге дайынмын, – дедім мен.
– Қазір мен... әжемін...
– Мен сенің барлық «қазіріңді» сүйе аламын ғой.
Ол үндемеді. Кенет кірпігі дір етіп, көзіне мөлдір жас үйірілді. Сол сәтте жанарында айтылмаған сыр, жұтылған өкініш, жүрекке сыймаған сағыныш жатқандай еді.
Кешінде біз театрға бардық. «Қараңғылықтың диалогы» атты эксперименталды қойылым жүріп жатыр екен. Сахнада адам жоқ. Жарықсыз әлем. Тек көлеңкелер сөйлейді. Біз сол көлеңкелердің ішінен өзімізді іздегендей болдық. Бір кезде сахнадан: «Ай жарығында жазылған хаттар – жүректің әлі де кеудеде екенінің дәлелі», - деген дауыс шықты.
Айна жылап отырды. Мен үнсіз қалдым. Кейін біз ескі баққа бардық. Ол менен:
– Сен мені ұмытпадың ба? - деп сұрады.
– Жоқ. Мен өзімді ұмытқым келмеді, - дедім.
– Біздің арамызда не болды деп ойлайсың?
– Уақыт…
– Мен сенің түсіңде өмір сүрдім ғой, солай ма?
– Иә. Сен менің ішкі әлемімнің көлеңкесі едің.
– Мен сенікі болғысы келген жалғыз адам едім...
Ол басын кеудеме сүйеп, қолымнан ұстаған қалпы үнсіз қалды. Болар-болмас дірілдеген сүйрік саусақтары әлсіз де болса, ішкі толқынысын жеткізгендей. Екеуіміз де тіл қатпадық. Сөзсіз түсіністік пен үнсіз кешірім қатар келді. Айдың жарығымен сыр шерткен сәттер алыстап бара жатты...
Сол түні мен тағы түс көрдім. Бұл жолы ағаш үйдің ішінде жүр екенмін. Қарағайдан қиып салған қабырғаларына хаттарымыз тағы да парсы тілінде өрнектеліпті.
Бір бұрышта Айнаның немерелері ойнап жүр. Мен соларға жақындап келдім. Айнаға ұқсайды. Олар парсыша сөйлейді екен. Маған түсініксіз. Бірақ таныс сөздер. Сол баяғы Айна екеуіміз жазысқан хаттардағы тіркестерді еске салады.
Біреуі ағаш қабырғаны саусағымен түртіп:
– «Шаб черақ»1, – деді.
Екіншісі: – «Нуре маһ»2, – деп жауап берді.
Олардың үні – Айна екеуіміздің махаббатымыздың тілі еді.
Олар жазылған әріптерден, жүректен тамған сиядан жаралған сияқты.
Қабырғадағы саңылаудан ай сәулесі сығалайды. Сол сәуленің ішінен Айнаның көлеңкесін көріп, оянып кеттім.
Бір аптадан кейін пошта жәшігімде тағы бір хат пайда болды. Сол баяғы қоңыр конверт. Ескі жазу: «Сен менің уақытымда өмір сүрмедің... Ал мен саған мәңгілік болуға дайын едім... Егер мені іздесең – мен сенің түсіңде күтем. Қабырғада көрінбейтін із қалдырдым. Ай жарығы түскенде оқи аласың. Ай жарығы түскенде!»...
Хатты кеудеме басып ұзақ отырдым. Хаттар – уақыттың айнасы. Ал Айна сол уақыттың ішінде мені күтіп жүргендей.
Қазір күн сайын таң алдында бір түсті қайталап көретін болдым. Қараңғы бөлмеге түскен айдың нұры. Қабырғадан маған қарап тұрған Айнаның мұңлы көзі. Сосын... уақыт тоздырған хаттар. Айқайлайын десем, дауысым шықпайды. Бір кезде туу алыстан «Сен мені уақытқа айырбастадың...» деген дауыс талып естіледі.
Оянғанда көкірегімде әлдебір тіл жетпейтін тыныштық тұнып тұрады.
1 Жарқыраған гауһар
2 Айдың нұры
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@qcontent.kz 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.