Алаш ардақтылары шығарған «Қазақ тілі» газетіне 100 жыл
Бөлісу:
Қоғамның сан-салалы жұмыстарын жан-жақты дамытқан Алаш арыстарының ісі –ұлтымыздың ұшан теңіз рухани байлығы. Алаш азаматтарының көптеген істерінің бір парасы – қазақ баспасөзін насихаттап, газет-журналдарды шығарып дамытуы еді. «Тар заман ерді туғызады» дегендей сол аласапыран ғасырда қазақ ішінен қайнап шыққан майталман мамандардың руханияттың басына келуі, халықтың білімін, сауаттылығын арттыруы – жас ұрпақ алдындағы айнымас парызы еді. Сын сағатта Алаш қайраткерлерінің ұлт үшін істеген ұлы істерінің бірегейі – газет шығарулары еді. Биыл 1919 жылы Семейде шығарылған «Қазақ тілі» газетіне бір ғасыр толып отыр.
М.Дулатов, Ташкентте аспирантурада оқып жүрген М.Әуезов, жазушы Ж.Аймауытов, С.Дөнентаев секілді қазақтың біртуар зиялыларының сөздері, тың идеялары, ұлт ішіндегі маңызды мәселелері «Қазақ тілі» газеті арқылы қоғамға тарап жатты. Алашорданың төбе биі болған Шәкәрім бастатқан қазақ зиялылары қордаланған қоғам проблемасын, халық білімін көтеруге қатысты әртүрлі көлемді мақалаларын осы «Қазақ тілі» газетінде жариялап, қазақ баспасөзінің жандануына зор ықпал етті. Шәкәрім қажыда «Сын һәм сынауды сынау», «Қазақ балаларының оқуы, орыс тілінде қойылған мектептерге қашуы неліктен?» деген сынды ұлт тағдырына алаңдайтын, оқу, білім саласына байланысты маңызды мәселелерде мақала жариялап тұрды.
«Сарыарқа» газеті жабылысымен іле-шала сол жылы желтоқсан айында шыққан «Қазақ тілі» газетін кейбір зерттеуші-ғалымдар алдыңғы «Сарыарқа» газетінің заңды жалғасы деген пікірлер де айтылып жатады. Оған себеп те жоқ емес. Өйткені «Сарыарқа» газеті жабылысымен сол газетте жұмыс істейтін қызметкерлердің түгелі дерлік «Қазақ тілі» газетіне ауысады. Сол кездегі газет қызметкерлерінің қазақ ұлтына деген жанашырлығы газеттің өн бойынан байқалып тұратын еді.
«Қазақ тілі» газетінде жарияланған Шәкәрім қажының «Сын һәм сынауды сынау» мақаласында: «Менің ойымша, сын – кекеу, мысқыл, күндеу – өзімшілдік, айла – қиянаттан аулақ болса екен деймін. Мұндай іс-әрекетке кіріскен сыннан сын иесі түгіл, халыққа көп зиян шығады. Себебі кекетіп мазақталушының неше мыңнан бірі болмаса, кек қумай, ыза болмай қалмайды. Сондықтан сыншылар аталған жаман мінездерден аулақ отырып, таза жүрекпен сынау жөн. «Менің ойымша, кемшілігі — мынау, оған дәлелім — мынау!» деген жөн. Сыналушылар да өз ісіне сын салынғанды көргенде ыза, өзімшіл, мақтанды әбден жоғалтып, салқын қан, таза көңілмен сын айнасына бұзылмай қарау керек. Егерде сын дұрыс болса, бас иіп, мойындау керек. Міне, адамның ең толығы — осындайлар»
Тағы осы мақаласында: «Менің ойымша, атақ алу үшін қылған іс, айтылған сөзде нағыз тазалық болмайды. Не тіршілікте, не артқыларға ат қалдыру дегенді тіпті миыма қондыра алмаймын. Себебі сіз мақтау, жоқтау керек қылмасаңыз да, қылған іс, айтылған сөзіңіз жаратылыс ағымының талқысына салынбақшы. Ол сіздің ісіңіздің бағасын, салмағын ашпай қоймайды. Сондықтан не іс қылсаңыз да, атақ үшін қылмай, көпке пайда қылу, я көпті зияннан құтқару үшін істеу жөн».
Көпке пайдалы білімді тарататын сол кездегі жалғыз қоғамдық жаңалықтардан хабардар қылатын газет-журналдардың өзін орынсыз сын, жеке бас пайдалары үшін айтылатын бос сөздерден аулақ болуға үндейді. Осылайша ақын өзі айтқандай көпті зияннан құтқару, көпке пайда қылатындай білім берерлік дүниелерді көксеп жазғанды жөн көреді.
Сол заманда қазақ тілінде шығаратын баспалар жоқтың қасы еді. Орыс не татар баспаханаларынан шығатын басылымдарда тілдік, дыбыстық өзгерістерге ұшырап жататын еді. Бұл жөнінде Мәннан Тұрғанбай «Қазақ тілі» газетіндегі «Қазақша машинелер алынсын» деген мақаласында: «Бұл уақытқа дейін қазақ тілінің жүзеге шығуына бөгет болатын көп кемшіліктерді санадық. Сол санаған кемшіліктеріміз қазақша жазудың қиындығы, қазақта ысылған қызметкерлердің аздығы, қазақша баспахананың кемтарлығы, қазақша жазу мәшинелердің жоқтығы болып келеді. Бүгінгі таңда қазақтан кеңсе қызметкерлерін көбейтуге курстар ашып отырмыз. Қазақша баспаханаларды күшейтуге кірісіп отырмыз. Ендігі кірісетін үлкен жұмыс –қазақша жазу түрін жеңілдету. Қазақша жазу машинелерін жасап шығару болып отыр», – деп жазады. Шынымен де, сол кездегі техникалық құралдар мен мамандардың жетіспеуі – қазақ тілінің, қазақ руханиятының баяу дамуына белгілі дәрежеде әсер еткенін байқауға болады.
Халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған «Қазақ тілі» газетінің қызметкерлері мақала жазумен ғана шектелмей, ұлтымызға қатысты үлкен мәселелерді де талқылап, шешімін іздеген еді. Мысалы ел ішін аштық жайлаған жылдары Алаш қайраткері М.Дулатов бастаған зиялы қауым жиын өткізіп, жиын қортындысы бойынша қазақ елінің аштық жайлаған өңірлеріне әл-қуаты бар аймақтар көмектесулерін сұрап, ашық хат жазады. Ашық хаттың нәтижесінде он бес мындай ірі-қара жиналып, аштық дендеген өңірлерге таратылады.
«Қазақ тілі» газеті 1928 жылға дейін Ахмет Байтұрсынұлы жасаған әліпбимен шығып тұрды. Қоғамдағы маңызды жаңалықтар, әдебиетке қатысты дүниелерді «Қазақ тілі» газеті арқылы оқырман қауым, жалпы бұқара біліп отырған. Заманында елдің болашағы үшін төл әліпбиімізді халқымызға танытып, оқып білуіне себеп болған «Қазақ тілі» газетінің тарих алдындағы рөлінің ерен екені айтпаса да түсінікті. Осындай дәрежеде ұлтымыздың игілігіне қызмет еткен, қазақ баспасөзінің алғашқы іргетасы саналатын, Алаштың аяулы ұлдары шығарып, қызмет еткен «Қазақ тілі» газеті – еліміздің бүгіні мен өткенін жалғап тұрар алтын көпір болғаны ақиқат.
Пайдаланған әдебиет:
1. Алаш және Семей баспасөзі: ғылыми жинақ. Абай институты. 2017
Медет ҚАЙЫРҒАЗЫҰЛЫ,
Шәкәрім университетінің
жоғары дәрежелі ғылыми қызметкері
Бөлісу: