Асылбек Байтанұлы. Лениниана - тарихи дәуір...
Бөлісу:
Ұлтымыздың, мемлекетіміздің рухани еркіндігіне салмақ түсірген кешегі дәуірдің көптеген идеологиялық ұстанымдары бүгінгі ұрпақ үшін мүлде түсініксіз, мүлде жат. Бұл да болса жаңа буынның санасында жүріліп жатқан РУХАНИ ЖАҢҒЫРУДЫҢ жемісі.
22 сәуір – адамзат тарихындағы танымал тұлғалардың бірі Владимир Лениннің туған күні. Маркс пен Энгельстің теориялық идеясын жүзеге асырушы коммунистер көсемі Ленин жолының дұрыс-бұрыстығына баға беру, нәтижесі мен салдарын сараптау, даттау немесе дәріптеу – біздің мақсатымыз емес. Ұлы уақыт – төреші. Мақаламыздың масқаты – қазақ әдебиеті, оның ішінде поэзиясының тарихи дәуірі ленинианаға шолу жасау еді.
Ленин ата, біз – ұлан,
Сенен туған шат көңіл.
Сенің нұрлы шұғылаң,
Бізге әперген жақсы өмір.
Осы тәрізді өлең, тақпақтарды жатап өстік. Біз буржуалар басқарған капиталистік елде өмір сүрмегенімізге қуанатынбыз. Ленин әперген нұрлы шұғылалы жақсы өмірге шынайы сенгенбіз. Социалистік қоғам дамуының шырқау шыңы кемелденген коммунизм мұраттарына адал болуға мектебіміздегі алқызыл бояуға малынған бөлмеде ант беретінбіз. Қызыл жалаушалы горннің селт еткізер үнінен кейін барабанның бетіне екпіндете соққан қос таяқтың тарсылына ілесіп патироттық әндер маршын қолды шекеге қойып тұрып орындайтынбыз. Ленинианың идеологиялық аса қуатты күші біздің рухани әлемімізге билік құратын және одан шығандап шығып, өзгеше ойлауға мүмкіндік те болмайтын. Сонда бұл лениниана дегеніміз не?
«Лениниана – Владимир Ильич Ленинге арналған өнер мен әдебиет туындыларының тұтас жиынтығы болатын. «Лениниананың мақсаты – әлемдік ауқымдағы тарихи тұлға құрып берген осынау таңғажайып дәуірдің барша сән-салтанатын әрбір адам барынша сезінетіндей деңгейде бейнелеу». РСФСР-дің тұңғыш Халық ағарту наркомы А.В.Луначарский лениниананың мақсат-міндетін осылай тұжырымдаған екен.
Әдебиеттің идеологиялық ықпалын, үгіт-насихаттық орасан күшін анық сезінген коммунистер ақындар мен жазушылардың, журналистердің дарынын, қалам қарымын осы бағытқа ерікті-еріксіз жұмылдырды. Ленинианаға үн қосқан шығармашылық иесі билік тарапынан қолдау тауып, аты дүйім елге мәшһүр болып, насихатталды. Еңбегіне лайықты төлем жасалып тұрғандықтан, жағдайы да тәуір болды. Ал ленинианадан жатырқаған қаламгерді билік пен партия да жат санады.
Бүгіндері заман өзгерді, ойлам өзгерді. Бірен-саран қалалар, кенттер мен ауылдардың алаңдары мен бақтарынан монументалдық мүсіндер көзге шалынатыны болмаса, асқақ пафосқа, өрнекті поэтикаға құрылған өлеңдер мен поэмаларды «шаң басқан архивтерден» ғана табарыңыз анық. Ақындардың көбі өз дәуірінің сұранысына қарай қалам тербейтінін ескерсек, Ленинді сан қилы жағдайда, сан қырлы сипатта жарыса жырлаған ақындарды жазғыруға да болмас. Қазақ ленинианасы дегенде Жамбыл жәкеміз еске түсетіні бекер емес:
Солтүстік пен оңтүстік,
Батыс, Шығыс – əлемде
Балдан тəтті сөзіңнің
Дəмін алған, ұнатқан.
Үнің мəңгі өшпейтін
Адамзаттың алыбы,
Батыры сенсің – Ленин! –
Қазан төңкерісін жетпіс үш жасында қарсы алған Жамбылдың эпикалық қуатын, коммунистік қоғам орнағанға дейін де елге танылған ақын болатын.
ХХ ғасырдың басы – адамзат қоғамын ғасырлар бойы жайлап, мызғымай келген құлдық құрсауы, бодандық бұғауы шіріп үзілуге беталған дәуір болатын. Ұлттар мен халықтардың азаттыққа деген аңсарына жетудегі ұмтылысын бірыңғай таптық көзқарас тұрғысында алып қарастырған Ленин бастаған большевиктер: «Барлық билік советтерге!», «Жер шаруаларға!», «Зауыттар мен фабрикалар жұмысшыларға!» деген ұрандар көтеруі – халықтың басым бөлігінің көңілінен шығып, «Ленин – есесі кетіп езілген кедей бұқараның жоқтаушысы, қамқоршысы» деген түсінік алғаусыз уағыздалды. Иса Байзақовтың өлеңінен үзінді алайық:
Бейнетқорлар бостандыққа жетсін деп,
Залым жұрттар қан сормасын, бітсін деп,
Сүйген жалғыз бейнетқорлар жүрегі,
Тас бауырлық, рақымсыздың кетсін деп.
Ленин бейнесі – ІІ дүниежүзілік соғыстағы қиян-кескі шайқастарда жауынгерлік рухты көтерудің нышаны ретінде де пайдаланылған екен. Ұлы Отан соғысының майдангері Сырбай Мәуленовтің «Ленин суреті» атты балладасында осы жайлы жырланады:
...Зеңбірекке әзірлеп орын салып,
Тұрды ерлер сол топтың жолын бағып.
Көтерді алда келе жатқан бірі
Лениннің суретін қолына алып...
Дегенмен де Сталин бастаған кеңес билеушілері гитлершіл Германия әскерлері алға қарай барынша ентелеп келе жатқан халықтың рухын оятып, жауға қарсы тұру үшін халық батырлары мен көсемдерінің есімін ел жадына қайта оралтып насихаттағаны да бекер емес. Абылай хан, Кенесары, Наурызбай, Ер Едіге, Исатай мен Махамбет т.б. есімдері майдан өтінде жүрген жауынгерлер арасында жаңғырғаны – осы тұс еді. Жаудың беті қайтарылып, найзасының ұшы тойтарылған соң, Сталин ескі әуеніне басып, өз пәрменімен ашылған мешіттерді жаптырғаны өз алдына, ұлт зиялыларының ардақты атын атауға қайтадан тыйым салған болатын.
Қалай болғанда да, бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның ХХ ғасырдағы түп негізі болып есептелетін кешегі Қазақ АКСР-і В.И.Лениннің тұсында құрылғаны тарихи факт. Лениннің ұлтаралық саясаттағы ұстанымында да мынадай сипат болғанын терістей алмаймыз:
...Әрбір ұлтты – ұлы одақтың мүшесін,
Сақтау керек көздің қарашығындай.
Әрбір халық өз тілінде көгеріп,
Гүлдеуі керек еркінше,
Жаратылыс жарасымындай... (Ә.Тәжібаев. Ленин бізге солай деген»)
«Ленин Кеңес Одағының тағында ұзағырақ отырғанда бәрі мүлде басқаша болар ма еді? Онда 20-30 жылдары қазақ халқының басынан өткен әлденеше зұлматты қырғын-сүргін болмаған болар ма еді?», - деген сияқты сұрақтардың қойылуы да заңдылық. Кім білсін, солай болғанда тарих тегершігі басқаша айналар ма еді. Бірақ, Ленин басқарған тұста да қазақ даласы алапат аштыққа ұшырап, бір миллионнан астам адам қырылып қалғанын қалай ұмытпақпыз.
Қалай десек те кеңес заманындағы қазақ ақындары Ленинді жырлауда қарыздар болып қалған жоқ. Лениниада бағытындағы сан мыңдаған өлеңдер, балладалар, жүздеген поэмалар жазылды. Мазмұн тұрғысынан барлығы дерлік бірдей болғанымен, бұлардың арасында пішіні, көркемдік кестесі әлдеқайда озық туындылар баршылық. Мықты – қайда да мықты. Қазақ поэзиясының жарық жұлдыздарының бірі Мұқағали Мақатаевтың «Ильич» поэмасы бүгінгі күннің идеялық талғамына татымаса да, әдеби шығарманың көркемдігіне қойылатын талаптарға сай қалпында ғасырлардан ғасырларға кете берері анық.
Мүмкін-ау.
Мәңгілік Күн батпас,
Мүмкін-ау.
Жер мәңгі көгерер...
Ұлы есім солармен сымбаттас,
Соларға теңелер.
Ленинге арналған поэмадағы бұл шумақты Абайға немесе қазақ халқымен мәңгілік бірге жасар өзге де дара тұлғаларына қаратып қолдансақ, не ұтылыс бар. Айтар ойымыздың бір ұшығы – қай заманда да әдебиет әлемінен табылатын урашыл жазармандарды қоспағанда, қаншама шын дарынды қаламгерлердің шығармашылық шабыты, есіл уақыты лениниана жолында құрбан болып арғымақтың аяғына тұсамыс, шідер салғандай күй кешкендігі. Қаншама мыңдаған тираж кітаптар дәуір таразысының құрбаны болып, макулатураға ғана жарап қалғандығы.
Бірақ та лениниана да – қазақ әдебиеті тарихының бір бөлшегі екендігін ескергеніміз жөн деп білеміз. «Коммунистік дәуірді мақтаған ақындар шығармашылығы» деп жылы жауып қоя салмай, сол дәуірде жазылған туындылардың өн бойындағы ұтқыр тіркестер мен шырайлы шумақтарды тірілтіп қолдануға әбден болады ғой. Мысал үшін Жұбан Молдағалиевтің «Мен қазақпын» поэмасынан үзінді шумақтарды еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін біледі. Ал поэманы толық мәтінін қазіргі азат қоғам қабылдай алмайтыны да заңдылық. «Өткізу үшін шындықты, өтірік қостым азырақ» деп Қадыр Мырзалиев айтпақшы, лениниананың қатпарына ұлттың тарихы мен рухын сыналап енгізіп жіберу, сол арқылы сананы селт еткізер сүбелі сөзді айтып қалу – тәуелді заман ақындары тұрғысында шынымен де ерлік екенін мойындау керек, әрине. Қаймағы әлденеше рет сыпырылып алынған ұлт ақыны үшін «Мен – қазақпын!» - деп айту оңай болмаған. Шығармашылықтағы мұндай жағдайларды Ленин салынған портреттің астына інісі Мағжанның суретін жалма жан тығып үлгеріп аман сақтап қалған Әбемүслімнің жанкештілігіне ұқсастырсақ та болар.
Лениниана – коммунистік дәуір идеологиясының шетін көріп үлгерген бүгінгі отыз бестен жоғарылардың санасында еміс-еміс естелік түрінде сақталғаны болмаса, жас буынның бұл турасындағы түсінігі шамалы немесе мүлдем жоқ. Бұл – тәуелсіздіктің шынайы жемісі. Бодандық дәуірдегі шығармашыл буынының тәуменді халін тәуелсіз елдің бүгінгі, ертеңгі ұрпағы мәңгілік сезінбес болсайшы деп тілейік!
Бөлісу: