Туған жерге кіндікпен байлану (Бір фразеологизм негізінде)
Бөлісу:
Мономифтің орталық бөлігі ретінде қарастырылатын «аттану – инициация – оралу» бірлігі кейінгі кезеңде көптеп талқыланып жүр. Сапарға шыққан қаһарманның түрлі оқиғаларға кез болып, жеңіліп, сүрініп, шарықтап, қайта еліне, яғни арғымекеніне оралуы – осы бірліктің жалпылама сипаттамасы. Сондықтан адам жаратылысында нүкте (туған жер, өскен орта, атамекен) ерекше рөл атқарады. Кез келген сызық нүктеден тарайды. Сол секілді адамның адами құндылықтары да нүктеден тарап, нүктеге қайта оралуға құштар.
Мифопоэтикалық мәтіндерге зер салып қарағанда, ондағы астар, символ, детальдардың қандай да бір тылсым оқиғалармен байланысты екенін көреміз. Жалпы, өмірдің өзі тылсымға толы. Ғылым да түсіндіре алмайтын ғұмыр көші қай жерден басталып, қай жерде аяқталатынын да ешкім білмейді.
Адамның табиғи жаратылысында «махаббат» концепциясы айырықша орын алатыны белгілі. Пенденің Құдайға, туған жерге, ата-анаға деген алапат махаббатын бір парақ сөзбен жеткізе алмаспыз. Дегенмен, осы үш ұлы ұғымды бір-бірімен байланыстырып тұрған бір деталь бар. Ол – кіндік.
Кіндік – қазақ танымында сакральді мәнге ие құбылыс. Ежелгі замандардан бері үзілмей жалғасып келе жатқан «кіндік қаны тамған жер» деген тәмсіл барын білеміз. Бірақ мұның астарында қандай мән жатқанын, бабаларымыздың бағзыдан бері мұны неліктен қасиет тұтқанын естен шығарып алған секілдіміз.
Тарихи жад, архетиптік сана қабаттарында кіндік – қандай да бір заттың нүктесі, бастауы, қайнары. Қазақта «жер кіндігі» деген тіркес жиі айтылады. Бұл тұрғыда кіндік біріншіден, ана мен қызыл шақа арасын байланыстырушы органикалық зат болса, екіншіден адамның ортасы, жаратылыстың алғашқы бастауы. Сол материалдық байланысты үзгенде, қаһарманның дүниеге сапары басталады. Ойшыл ақын Шәкәрім өз өлеңінде бұл сакральді танымды, ана мен сәби бірлігінің екіге жарылуын былайша сипаттаған:
Анадан алғаш туғанда,
Жыладым неге дабыстап.
Кіндікті кесіп қиғанда,
Анамнан кеттім алыстап.
Адамның алғашқы күрсінісі – анадан алғаш рет алыстағанда пайда болады және оның бұл сағынышы жылдар өткен сайын ұлғая береді. Сәбидің алдында екі әлем тұр. Біріншісі – жатырдағы жылы тіршілік, екіншісі – мынау реалды әлем. Екі әлемнің арасы кіндік үзілгеннен кейін жаңа формаға ауысты, трансформацияға ұшырады. Былайша айтқанда, таным ішіндегі таным ажырайды. Бір кеңістіктен екінші бір метакеңістік ашылып, дүниенің аппақ нұры төгілетіні айқын. Шәкәрім адам тағдырын осы таным таразысына салып отыр. Автор өз өмірін сипаттағанымен, адамзат эволюциясына, өркениетіне ортақ құндылықты дәріптегенін көреміз.
Карл Густав Юнг «архетип» терминін ғылымға енгізу арқылы бізге жаңа тарихи, философиялық мүмкіндіктердің шекарасын ашты. Кіндікті кесу – жеке тұлғалық әрекет болып көрінгенімен, ол мыңдаған жылдарға тоғысқан ұжымдық бейсаналық, архетиптік құрылым болуы да мүмкін. Яғни, адам жаратылғаннан бергі барлық этаптарда «кіндік кесу» үрдісі болып тұрды және сол әрекет жүре келе ұжымдық бейсанаға айналды. Осылайша, қазіргі кезде сәби анадан туғанда дәрігерлер немесе қасындағы адам оны ешкімнен сұрамай, ешкіммен ақылдаспай, бейсаналы түрде кіндікті кеседі.
Кіндіктің ең басты қасиеті – нәр беру. Құрсақтағы қызыл шақа кіндіктен нәр алады. Адамның одан кейінгі нәр алатын жері – туған топырағы. Осыдан «туған жерге байлану» ұғымы қалыптасады. Туған жерден қанша алыстаса да, ендігәрі бәрібір де атамекенге адам рухани тұрғыда «байлаулы». Бұл да табиғаттың үздіксіз айналымы. Көл суы аспанға бу болып көтеріліп, бұлтқа айналып, жаңа форма түзіп, қайтадан жерге тамшы болып түсетін құбылысына ұқсайды. Солайша, топыраққа қастерленіп көмілген кіндік органикалық зат ретінде топыраққа нәр береді, топыраққа айналады. Кейін сол құнарлы топырақтан шөп шығып, дәрі, ем немесе ас ретінде қайтадан адамның бойына сіңуі мүмкін. Сол себепті «нәрден нәрге» жолы қастерлі топырақпен үзіліссіз қатынаса береді.
Су буы – рух бейнесі. Адамның жан-дүнесінде осындай айналымдар жиі болып тұрады. Әсіресе, ми қыртысы, гендік кодтарда қазақ күй ойнағанда немесе жыр естігенде марқайып, көңілі жібіп кететіні сондықтан.
Прозада «Кіндігімнен төмен қарай сырқырап» (Қ.Тайшықов, Октябрь ұшқыны), «Үстінде кіндікті жаппайтын қысқа шыт көйлегі» (Х.Рахимов, Қызғалдақ) деген сынды элементтер ұшырасып тұрады.
Ал Түркмен поэзиясында кіндік туралы «Нәрестенің кескеннен соң кіндігін, / Алтын құмға оны барып көметін» деген өлең жолдары кездессе, Бақыт Беделхан «Кіндігімнен тас боп жерге байландым» деп өз ойын көркем тілмен суреттейді. Ал қазақтың отты ақыны Мағжан Жұмабаев «Кіндік кесіп, кірім сенде жуған жер» деп туған жерге арналған мәңгілік сағынышын жырмен жеткізеді. Дулат Бабатайұлының «Замана» жырында «Қырың малдың кіндігі, Ойың өнім егіс қой» дейтін өлең жолдары кездеседі. Ал Алмахан Мұхамедқалиқызы бұл тақырыпқа тұтас «Кіндік тамыр» атты дастан жазып, кіндіктің мән-мағынасын ашып еді. Поэтикалық мәтінге жалпы сипаттама берсек, онда сюжет бір мезетте ғана көрінеді. Онда: кіндік етті босағаға көмген әкесінің әрекеті, баланың сол жұмбақ істің мән-жайын сұрауы, ұлттық құндылықты тануы секілді тәрбиелік әрекеттер қамтылады. Шығармадан үзінді келтірсек:
Даланың данышпаны білді нені,
Бұл күнде кіндік сырын кім біледі.
Арулап көмілмеген кіндік-кие,
Адамдық қасиетті бүлдіреді.
Әрине, бұл жерде «арулап» сөзі – метафоралық деталь болуы керек. Әйтпесе, қазақ халқы мұндай қылдай нәзік элементтерді пәс жібермей, парқын білгені анық. Кіндіктен бөлек, перзенттің шашы мен тырнағын алу да – бір ерекше дәстүр. Бұл салтты «кіндік шеше» атанған арнайы адам атқарып, «жақсылығы жұғысты болсын» деген сөздер мен тілектер айтылады.
Кіндікке құрметті кейінгі кезде жанайқаймен, жанұшыра айтып жүрген жандардың бірі Бекжан Тұрыс «Нұртілеу» бағдарламасында былайша ойын сабақтапты: «Қазақтағы құндылықтар қандай еді? Мысалы, мен сізге бір ғана құндылықты айтайын. Кезінде біздің шешелеріміз немерелерінің кіндігін перзентханадан сұратып алып, топыраққа көметін. Топыраққа көміп жатып, «адам – туған жеріне» деп күрсініп қоятын. Ал қазір... Күніне қаншама сәби перзентхана туылады. Ал сол бейкүнә сәбидің кіндігін кімдер кесті? Менің кіндігім қайда тасталып жатыр? Сұрауы жоқ, құны жоқ, қан-жынға араласып, құрдымға кетіп жатыр. Қан-жынға араласқан бейкүнә сәбилердің ертеңі не болмақ?» деген салмағы зілдей ауыр, сұрауы сұрапыл, өзекті де, өлермен мәселені алға тартады. Шынында да, бүгінгі жас ұрпақтың өз тілін, ділін, мәдениеті мен тарихын білмей, басқа жаққа бет бұрғаны сол құндылықтың аяққа тапталуынан шығар? Сол құндылықтың ұмытылуында шығар? Қалай десек те, медицина мамандары болсын, дүниеге перзент әкелем деп жүрген болашақ ана болсын, жалпы әлеумет, қоғам болсын, барлығының жаны ашып, осы мәселені қолға алуы тиіс.
Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметовадан осы күрделі мәселенің түйінін сұрағанда, ол «кеңес өкіметінің қазаққа ғылыми тұрғыда жасаған қастандығы» деп баға берген көрінеді. Бұл аралықта біз қаншама қазақы құндылығымызды жоғалтып, қаншасын санамыздан өшірдік десеңізші.
Ана мен бала арасындағы байланыс жан-жануарларда да ерекше көрінеді. Бие мен құлынның тылсым тұтастығын, бөлінбес махаббатын суреттейтін «Хийморь» фильмін көрген боларсыз. Алдымен туған жердің ыстық ықыласы, ауасы мен түтіні, таулары мен қырлары, өзендері мен көлдері, шалғыны мен шатқалдары, құрағы мен бұлағы еріксіз жанды баурап, биенің болмысына сіңген. Құдайдың құдіреті сол, әр жүрекке – алапат аңсар, бұталаса да бөлінбейтін мәуелі ағаш-мейірім дарытып қойған.
Осындай қиян-кескі, қиянат тіршілікті қақ жарып, өз үнін, өз дауысын шығарып, Төлеген Айбергенов «апаларын» сағынады. Үш әпкесінің үлбіреген көңілін көріп, үмітті көзқарасына қанып өскен бала ақын дана ақын болғанда өскен ортасын, өбектеген апаларын қалай аңсамасын? Ақын бола тұра, жырламауы күнә, бауыр бола тұра, балқымауы күнә. Сол ғажап өлеңді еске алып көрсек:
Кеттіңдер біздің үйден ұзатылып,
Қатыгез қимастықты қыз аты қып.
Сан түндер сағынышым көз ілдірмей,
Жүгіріп сыртқа шықтым жүз атылып.
Апалары бақытын тауып, басқа босағаны аттағанда, бала жүрек күрсінді. Сыртқы әлем – шат шадыман, бәрінің көзінде күлкі, көңілі көтеріңкі. Бірақ ішкі әлем – алай-дүлей. Әпкесіне тілмен ғана «бақыт» тілей алады ақын. Іштей қимастықтың қызыл шоғы жанды қарып барады. Былайша айтқанда, көңілсіз той (Е.Раушанов). Ескі ауылдың етек жағында ешкімге көрінбей, көзіне ерік беріп, түн келсе, төсегінде жата алмай, аспанда самсап тұрған жұлдызбен тілдескен ақын сол баяғы апаларын ғана іздейді. Қиялмен саяхатқа шығып, қиялмен аяқтайды. Әпкелерімен байланыс үзілсе де, мәңгілік сағыныш «кіндігі» әлі де жалғанып тұр.
Сонымен, әдебиеттегі «туған жер», «кіндік» бейнесі көптеген поэтикалық мәтіндерде, көркем шығармаларда көрініс тапқанын аңғарамыз. Бұл материал көркем деталь ретінде де қызмет етіп, тұтас мәтіннің түзілуіне ықпал етуі мүмкін. Байырғы таным, арғықазақ аңыздарында адамның алғаш дүниеге келген кезіндегі сәттері, қырық күнге дейінгі алаңы, барлығы да ұлттық дәстүрмен сабақтас еді. Көз бен тілден, сөз бен суық көңілден сақтанған асыл аналар бергіні емес, арғыны ойлап, әсіре мақтанға берілмегенін де білеміз.
Жарық әлемнің есігін ашқан перзент – жаңа уақыт, тосын таным, ерекше құбылыс. Аспаннан түскен әрбір түйіршік қардың бір-біріне ұқсамайтыны секілді ол да ешкімге ұқсамайды. Әр сәби өзінің тарихи жадына тән таңбалармен бедерленген һәм айшықталған. Қайтсе де, қай жерде жүрсе де, туған топырағын ұмытпақ емес.
Бөлісу: