НАШАР ҚЫЗ (новелла)

Бөлісу:

25.08.2024 2468

Әуелі Астананың қаракөлеңкесі сейіліп, таң шымылдығын түрген шақтағы мың түрлі түс пен дыбысқа толы  аспаны бөлек. Күз бен қыста көңілсіз көрінетін қала көктем мен жазда ерекше құлпырып, миллион ұсақ оттар шоғырланған ғажайып баққа айналады. Күн кешкіргенде шоқ-шоқ ағаштардың арасынан жарқырай жанған көше шамдары бірде сарғыш, бірде суық көкшіл түске еніп, айналаға ерекше атмосфера берер еді. Осыдан он жыл бұрын алма, алмұрт, шиесі төгіліп тұратын бақтары түгел оталып, орнына биік үйлер өсіп шыққан Есіл ауданы фотоаппарат алдына назданып тұрып, суретке келісті түсетін әдемі қызға ұқсайды. Балалар алаңдарындағы сәбилердің шуы мен күлкісі толассыз көлік гүрілі арасында мөлдір бұлақтың сылқ-сылқ аққанындай естіледі. Кеше ғана салынған қаланы үй салғыш компанияның жарнамасындағыдай тек «бақыттың мекені» деуге келмес, мұнда бір басына бес-алты пәтер иеленіп үлгергендерден бөлек, жалғыз бұрышқа зар болып, ай сайын  «астынан су шығып», тапқаны қапқанына жетпей қиналып жүргендер де жетерлік.

Бір қолында «Gorilla», екінші қолын қалтасына салған қараторы жадау  жігіт  ботаникалық баққа кіріп, тырбық бұта түбіне қорғалаған торғай секілденіп жайғаса кетті. Былтырғыға қарағанда биіктеп қалған терек басында ойнап ұшқан құстар да жаймашуақ күнге қуанып дамылсыз сайрап, қытайлар құрылысын салып жатқан LRT көпірінің әр жағындағы Қабанбайдың бойында зырлаған мың-сан көлік гүрілінен қалыспайды. Бірі сейілдеп, бірі жүгіріп өте берген адамдарға  мағынасыз көз салып, ойы ештеңеге тоқтамай сүлесоқ отырған Абзалдың біраз өткенде барып көңілі жайланып, әлдеқайдан көтеріліп, бойын қысқан үрей-қорқынышы да басылғандай болды. Мосяға барса, одан есірткі табылар ма екен дегенді де  ойлағысы келмеді.

Кварталдар пайда болып, қала үлкейген сайын, ондағы жалғыздық та зорая беретіндей.  Әйтеуір, Абзал осы қалада жалғыз сияқты. Есірткі дәмін алғалы үйіне де сирек баратын болған. Әкесінің ашуынан, бұған түйіле қарағандағы шіліңгір шілдеде аяз тұрғызып, бұрқасындатқандай мұздай суық көзқарасынан қаймығады.

 

***

Жаңа достарының ішінде кейбіреуінің анда-санда шегіп көңіл көтеретіндері жайлы айтқандарын бастапқыда таңғалып тыңдайтын. Біреуді нашақор екен десе арқасы жиырылмайтын болды. Қашан болсын қағанағы қарқ боп жүретін көңілді топ баурай берген.

- Жексенбіде түнгі клубта көңіл көтеріп, таңертең сабаққа бара берем, ештеңе болмайды, - деп мақтанды ұзынтұра безеубет сары.

- Сөйтуге бола ма?

- Кейбіреулер түнімен шегіп, таңертең жұмысқа бара береді ғой, - деп білгішсінді толық қарасы.

Бірде достарымен туған күнге жиналды.

-Абик, бізде бүгін десерт болады! - деп ойнақылана көз қысты туған күн сайын тақпақтап сөз сөйлеуге құмар ақын шалығы бар  Сайка.

Абзал достарының кеу-кеулеуімен осы жолы ішімдік дәмін көрді. Есірткіні де алғаш татты.  Шегіп алған қыздардың азғырынды сыңқыл күлкісіне шыдамай, ақырында сабырын құлқыны жеңген. Бұл оған біресе айнала дүние түгел судағы бейнедей қалықтап көрініп, біресе Астананың аспанындағы жарығы бар да жылуы жоқ жұлдыздарды саудыратып аяқ жолына төккендей, әйтеуір әлдеқайдан лекілдеп құйылған белгісіз қуанышқа бөктіріп, рахат кештірген. Сөйтіп ес кетіп жан шыққандай бір ләззатқа жұтыла берген.

Содан кейін ғой, әуесі кеткен Абзал бірдеңесін жоғалтып алғандай алаңдап, апақ-сапақта кепесі отқа шарпылған тауықтай өзінен-өзі мазаң күй кешіп, интернетке де сан кіріп, есірткіге қатысты «құпияларды» ақтарып кетті. Енді ол жаңа достарымен жиі жолығатын болды.

Өзінің тобындағы Мосямен де сондай отырыста жақын танысқан. Өзі сұлу болса да,  сұлумын деп бәлсінбейтін қыз екен. Ол тіпті өзінің сұлу екенін білмейтін де сияқты. Мінезі ақкөңіл. Еркін. Абзалға Мосяның ажары да, адам жатырқамайтын мінезі де ұнаған. Және ит-мысықты жақсы көретіні де. Қыздың оқу орны төңірегіндегі қаңғыбас ит-мысықтарға үйінен бірдеңе әкеліп тамақтандырып жүретінін бірнеше рет көрген. Олар да қызды танитын сияқты, Мося жақындаса маңайлай бастайды.

Бірде Мосяның өтінішімен таланып қалған иттің жарақатын таңуға көмектескені бар. Жамбас тұсында қара дақтары бар жирен  ит ақсаңдай басып бара жатқанда қыз біразға дейін оның соңынан аяй қарап тұрды. Қарны қабысып, көптен тоқтық сезінбеген ит қоқыс жәшігіне тұмсығын тығып ашқарақтана талғажау іздеп жатты.

-Қазір бұған асханадан хот-дог әкеліп бермесем, - деген сонда Мося.

Бірақ, келесі семестрде сабақтан жиі қалатын Мося ақыры  оқудан шығып кетті. Бұған бірнеше рет ақша тауып беріп көмектескен, тіпті қарызын ұзақ кешіктіргенде де ренжімеген Мосяның оқудан шыққанына Абзалдың көңілі түсіп қалған.

Астана онша үлкен қала емес, бір күні «MEGA Silk Way» ішінде Мосямен кездесіп қалды. Ол бұны көргенде қуанып кеткендей болды. Сол күні Мося «достарым келеді, сен де кел» деп бұны үйіне шақырды. Олар бұдан былай ауқаттылар тұратын жақтағы оңаша коттеджде жиі бас қосатын болды. Мосяның жақсы қызметтегі әке-шешесі үнемі шетелдерде іссапарларда жүретіндіктен Мося өз билігі өзінде, өз қалауымен өмір сүруге үйренгенге ұқсайды.

Абзалға бұл орта ұнай түсті. Бәрі ортақ. Кімде ақша, кімде есірткі болса - ортаға салатын, солай шыжыған ыстықта шақырымдап жаяу жол шегіп, содан кенезесі кеуіп қаталап келіп салқын суға бас қойғандай оспадар рахатқа өз еріктерімен  тұтқын бола берген... осылайша қайта айналып келмес ғажайып жастықтары құмарлықтың өртеңіне жұтыла бара жатқанын олар байқамайтын да. Кейде ішпей-шекпей отырған кездерінде орысшалап өмір жайлы айтатын. Әлдекімді кінәлайтын, шағымданатын, сол кезде өздері көріп үлгерген бүкіл қиындыққа өмірдің өзі кінәлі болып көрінетін. Арманға адал болуға дәрмені келмей, үмітке басы-бүтін сеніп үйренбеген бұл балалар өздерінің кей көзқарастарының дұрыс еместігін, қоғаммен сәйкес келмейтінін түсінбейтін, әйтеуір, билікті, қоғамды, адамды,  жүйені жамандай беретін. «Билік жемқор, жүйе жөнделмейді, әйтпесе, бізге – жастарға неге жағдай жасамайды» десіп, осы жүргендерін міндет қылып, тірліктің шын сықпыты мен сүреңсіздігінен бейхабар күйде, бейқам жүректерін жоққа ауыртып отыратын. 

Бәрі қызу әңгімеге кіріскенде Абзалдың көзі Мосяға қадалған күйі қозғалмай қалатын. Тура желімденіп қалғандай.  Қанша қыз көрді, бірақ, сұлулығы бөлек, ашық реңінен жұмсақ сәулесі себезгілене дірдектеп төгіліп тұратын Мосядай қызды көрмеген шығар.

- Мося, мен сені ондай деп ойламайм, - деген бірде ойлы кейіпте.

- Қандай деп?

Қыз қабағын көтерді.

- Нуу, сондайға... наркотаға әуес деп... Саған бұл мүлдем үйлеспейді.

- Сен не, мені жаман әдеттен екі шақырым аулақ жүретін инабатты, ибалы қыз дейсің бе? Уах-ха-ха! Тапқан екенсің, тәртіпті қызды! Мен нашар қызбын!

- Жоқ, мен сені ешқандай да нашар қыз демес едім.

- Өйткені білмейсің. Нашармын мен.

Осылай деген Мося бір сәт ернін жымқырып үндемей қалды.

- Бірақ, бірден нашар қыз болған жоқпын енді...

Ол жайдары қалпын қайта тапқандай болды.

- Бұрын мен мүлдем басқа болдым. Анадай қыздар ше... сабақта ылғи қол көтеріп отыратын, баға десе өлетін қыздар болады ғой, мен де сондай едім.

Абзал оны жымиған күйі тыңдай түседі.

- Не, сенбейсің бе? Е-ей, рас айтам, сабақты да жақсы оқыдым, музыка мектебінде бәрі мақтайтын. Бәрі. Мен өз міндеттерімді ешкім мәжбүрлемей-ақ орындаушы едім. Мектеп бітіргесін шетелге оқуға кетем деп...

- Ал неге кетпедің?

- Кетем. Кете алмайды дейсің бе? Бір күні осының бәрін тастаймын да міндетті түрде кетем. Не, сенбей отырсың ба? Көресің ғой! Айтпақшы, Абик, сен өзің неден бастадың?

- Мен бе... «первитин» ғой...

- А-а, «первитинді» білем, оны бір көргесін өзіңе еркіндік бересің. Шексіз еркіндік. Әкете береді ғой. Еркіндіктің жаман жағы... сосын өзіңе әлің келмей қалады.  Бірақ, Абик, саған жаным ашып айтамын, сен осы жерден тоқта. Жаман үйреніп кетесің. Енді менің үйіме келе берме! Жарай ма? Біздің ортамызға жақындама. Бұл орта нашар, түсінші. Әйтпесе... Сен жақсы баласың ғой. Ал есірткі өміріңді құртады.

Осы кезде бұлардың әңгімесіне шашын тықырлап жүретін қыз араласты. Шешесі өлген соң әкесі баға алмаймын деп бас тартып, туыстарының үйінде таяқ жей бергесін он үш жасында балалар үйіне тап болған қыз гашиштен бастағанын жасырмаған.

- «Первитин» тәуелділікке тез әкеледі, ал шөптің зияны ондай емес деп маған досым айтқан. Ол екеуміз бастапқыда героин іздейтіндерді аяп, тіпті менсінбей қарайтын едік. Кейін ғой...өзіміз де...  Тек тұзға жоламау керек. Бірде сыған әйелден тұз аламыз деп... білесіңдер ме, тұздың тұла бойыңды қатырып тастайтыны сондай, бүкіл денең қозғалмай қалады екен... қимылдауға қорқасың, миың өзінен-өзі тоқтап... алты сағат бойы есі ауысқан адамдай мәңгіріп,  тіпті бұтыңа жіберіп те қоясың. Бір күні мені сол күйімде ұстап алған ғой...

Тақырбас қыз бастан кешкенін көңілді әңгімелеп отырды.

- Сосын, сосын не істеді? Полиция алып кетті ме?

Абзал соңы не болғанын білгісі келген.

- Не істесін,  наркодиспансерге апарып салды, ал ол жақта оңбаған санитар екі қолымды керіп қойып...

Осылай дей берген кезде тақырбас қыздың беті тыжырайып кетті де аяқ астынан шалық ұрғандай өзінен-өзі айқайлай бастады:

- Айтқым келмейді ол туралы! Жек көрем! Бәрін! Санитарды да! Тұзды да! Сығанды да! Мені іздемеген әкемді де!

Өзінен-өзі көтерілген тақырбас қыз  басын қабырғаға ұра бастады.

-  Менің ешкім тұрмайтын аралға барғым келеді. Ол жерге барсам, мені ешкім ренжітпейтінін білем.

Орындарынан атып-атып тұрған достарының бірі қызды құшақтап сабырға шақырып, бірі арқасынан сипап, бірі қолын уқалап, «Тише, тише..., бәрі жақсы болады»  деп  тыныштандыра бастады. «Демалшы, кел, тынығып алшы».

Осы кезде Мосяның телефоны тызылдап қоя берді. Мося қолын созбай, бірақ телефонынан көзін алмай отыра берді. Абзал шыдамады.

- Алмайсың ба?

- Жоқ, сосын... кейін алам. Мамам ғой, қазір нотация оқып мазаны алады. Олар мені  емдетеміз деп сектаға жібермекші.

- Қойшы? Секта дейсің бе?

- Ой, сұрамашы, ұзақ әңгіме. Давай, ішейік.

- Фуу, - деп тыжырынды қыз аузын сүртіп жатып.

- Осының иісін жек көрем. Дәмін де...

- Онда неге ішесің?

Абзал шынымен таңғалды.

- Вообще то біздің үйде ешкім ішкен емес. Темекі де тартпаған. Тіпті боғауыз да естілмейтін. Типа интеллигенция. Өте іш пыстыратарлық өмір емес пе, айтшы, хи-хи-хи!.

Абзал басын изеді.

- Мені әке-шешем көп күтіпті, - деді қыз телефонының экранын сүрткіштеп отырып.

- Дәрігерге, емшіге, бақсыға барған, тіпті аз уақыт ажырасып, одан қайта қосылып, сөйтіп жүргенде мен дүниеге келіппін. Ол екеуі менен елде жоқ ерекше талантты бала көрді ау деймін, әйтеуір, есімді білгелі мені дамытуға, бәрін білгізуге бүкіл күші мен ақшасын аямағанын білем. «Сен Монтессори балабақшасындағы ең қабілетті бала едің» дейтін шешем. Ментальдік арифметика деген таныс па саған, Абзал? Міне! Әуелі соған сүйреді. Ағылшын тілін үйретті. Бестегі балаға. Тереңдетіп оқытатын гимназияға бардым. Театр студиясына қатысып, кейде балалар хабарында теледидарға шығып...

- Нағыз жұлдыз болған екенсің ғой!

- Айтпа! Уах-ха-ха! Шашы бұйра, өзі тықылдаған кішкентай жұлдыз деші. Әке-шешем менен көп нәрсе күтті. Мен сабаққа түк қиналмасам да, бірақ, өзіме дым қызық емес еді.

Абзал қыздың қабағы сәл түйіліп, өзінен-өзі жабырқап отырғанын байқады.

Мося кішкентайынан өзіне ерекше бала деп қарағанға үйренген еді. Өзінің көп күттіріп барып дүниеге келуінде де бір керемет мән бардай көрініп, қиялшыл қыз нешетүрлі тылсым оқиғалар құрастырып айтатын да,  қасындағыларының аузын аштыратын. Кіммен болсын тіл табысып, шүйіркелесе кететін ол қай жерден болсын таныс пен ермек тауып алатын, ал ата-анасы бұған ренжитін, «кез келгенмен достасудың керегі жоқ, Мося! Олар сенің бекерге уақытыңды алады, олар кім, сен кім! Сен талантсың, болашағың үлкен, ал олардың саған қажеті жоқ, Мося! Кез келгенмен достаспа, ол саған зиян!» дейтін шегелеп. Дей беретін. Олар сөйдеген сайын Мося іштей ерегесетін. Жасөспірім шаққа өткенде ата-анасының ең үлгілі қыз болуың керек деген талабына қарсы шықты. Оның басқаша болғысы келетін. Ылғи алда болу, ылғи үздік болу, жарысқа қатысса жеңіп шығуың керек деген талап оған ұнамайтын. Мосяның да басқалар сияқты үштік баға алып, бірақ, соған әке-шешем не дейді деп уайымдамай жүргісі келетін. Музыка мектебін тастап кетті. Сабаққа да бұрынғыдай қарамайтын болды. Ақыры әке-шешесінің одан көңілдері қалды. Мосяның да...

Қыздарынан көңілдері қалған ата-ана оны бұрынғыдай жақсы көрмейтіндей, айналып-толғануды қойды. Тамағы бар, киімін әпереді, ақша береді, бірақ, осының бәрін ата-аналық міндеттен жасайтындай. Бұрынғыдай үміт артпайды.  Перзенттерінен біржола суынған папасы мен мамасы ендігі жерде Мосяны былай қойып, қызметтерін ғана алданыш қылып кеткендей еді.

- Олар маған ренжіген сайын, сенімінен шыға алмағаныма қатты  қапаланушы едім. Нашар қызбын деп...

Мосяның жанары жасаурап кетті. Оның әр сөйлемінен өкініші білінген әңгімесі жанын қозғап, Абзалдың да көңілі босағандай болды.

Мося әлденелерді қайыр есіне түсірді.

Ол өзін талапшыл ата-анасының қасында емес, құрбыларының қасында жақсы сезінетін де, соларды іздеп тұратын. Ал құрбылары бұнымен емес, басқа біреулермен сөйлессе өзін жапанда жалғыз қалғандай көріп, жаны құлазитын. Жасөспірім шағында жақсы көрген ұл да бұған назар аудармады. Оны пісте мұрын шикіл сары қыздың қасынан көрген сайын Мосяның іші күйетін. Мектеп бітірер алдында алғаш рет есірткіні байқап көрген. Соған әуестенгелі өзгерді, бұрынғыдай құрбыларға тәуелді болмайтын болды, өмірі басқаша түр алды, бұның да жеке өзі шешетін шаруалары пайда болып, керек затына қол жеткізуге ылғи бір жаққа асығып бара жататын, бір жаққа баруы тиіс болды, өйткені Мосяны біреулер күтті, ол өзін керек сезінді. Осы кезде бейтаныс ұлдар да бұған көңіл аударып, оның достары көбейді. Үйінде ондайды көріп өспеген Мосяға шеккен де, боқтық сөз араластырып сөйлеген  де ұнамайтын, ол сонда да бұны тез-ақ үйренді, тіпті ешкімнен қалыспады. Бұл оны қасындағылармен бірдей, тіпті айрықша  сәнді, заманауи қылып көрсететін. Бұған ішімдік те мүлде ұнамайтын, кейде құсқанда ішегі үзілердей тартылып, іші түгел солқ-солқ етіп,  қолқа-жүрегі суырыла жаздайтын.  Сонда да ең масайтатынын таңдаушы еді. Бәрі өткір әсер үшін.

Бұның көңіл-күйін лезде көтеріп, шарықтатып, айнала дүниесін жап-жарық қылып жарқыратып жіберер сиқыры бар «Амфетаминнің» соңы – кімде есірткі көп болса, соның соңында кететін болды. Тоқтай алмады. Қыз болып қылтиып өсіп шыққанда көңілінде бүр ашқан сезімі ше... Мося ол жайында ойламайтын болды. Оның бәрін есірткімен бітеп тастаған. Бірде ол бейтаныстармен бас қосып, кездейсоқ адамдардың қасында оянды.

Арада уақыт өткенде екіқабат екенін білді. Кішкентайында қандай сүйкімді болып тұрып, өсе келе қағынып кеткен қыздарынан түңілсе де, айнала өсек-аяңның жалынына шарпылғандай болса да, өз қолдарын өздері кесе алмаған ата-анасы кіндігі мойнына ораулы шарананы далаға тастай алмаған. Біразырақ уақыт байыз тауып, тырнақ әсемдеуді кәсіп қылып, Мося жап-жақсы жүрген еді. Бір күні әке-шешесі Астанадан Алматыға бара жатқан жолда жол апатына түсті де, сол оқиғадан Мосяның санасы тағы шайқалып қалды. Ауруханаға барып  әке-шешесінің жағдайын, әсіресе, бұғанасы сынған бөпесінің шырылдап жылағанын көргенде... өзінен оларға демеу, көмек керегін миы түсініп тұрса да, олардың мына түрлеріне қарай алмай, қастарында қала алмай, қайтадан есірткі іздеп кетті.

 

***

Абзалдың Астананың түнгі клубтарын кезіп, ертесі сабаққа бармай үйде жатуы жиіледі. Кейде жолы болып, ындыны қалағанын табатын да. Әкесінің шыдамы шегіне жетті.

- Сен неге оқуға бармай жүрсің? - деп шүйлікті бірде.

- Шыныңды айт, сен бірдеңе бүлдіріп жүрсің. Мен сенің оқуыңның ақшасын төлеймін деп демалуды қойдым, пәтердің арендасы тағы бар, ал сенің оқуға құлқың жоқ сияқты...

Әкесінің шабуылынан үйге жоламай кеткенімен, картасындағы ақша бітіп қайтып келді. Келіп еді, әкесі қайтадан миын жей бастады. Өзі қажетті дозасына қолы жетпей, ақшасы да таусылып, не амал істесем екен деп жүргенде ол да бір... Бір есін жиғанда әкесіне тап беріп, «өлтірем» деген бе ау... санасы бұлдыр-бұлдыр еді.

- Нақұрыс, сен мені қылғындырмақ болдың ба? Сонда немене, өлтірмексің бе? Өз әкеңді! Ақымақ! Сенің есің дұрыс емес шығар? Сені жындыханаға салу керек, - деп ашуланған әкесі бұны екі иығынан алып қатты сілкілеп жатыр екен.

- Қараңдар, сен екеуің маған сенбей жүрсіңдер ғой, «біздің Абзалчик ондай емес» деп. Мынауың  сау емес! Бұл шегеді! Көзін қарашы, ештеңе көріп тұрған жоқ! Айттым ғой!

- Жоқ, өтірік! – деп бетбақтырмады ұлы.

- Не дейді? Қайдағыны айтып, біздің Абзалчик шегуді қайтсін? Өз балаң жайында сондайды қалай айтасың, бір ашуына тиген шығарсың? - деп шешесі күйеуіне қарсы шықты. Іле-шала ұлын құшақтай алып:

- Балам, айтшы, сен ондайға жоламайсың ғой, солай емес пе?  Шыныңды айтшы, ботам, - деп жалынды шешесі.

- Жоқ, тағы да айтам, жоқ! Неге маған сенбейсіңдер? - деп шырылдады баласы.

- Кейде сабаққа бармаса шаршайтын шығар. Қазіргінің оқуы да миға кірмейтін қиын, жүдә. Ақылы бар бала ғой, босқа мазасын ала бермеңдерші, - деп әжесі бір жағынан жақ болды.

Әжесі мен шешесінің  мейірленгеніне қарап тұрып көңілі босасын. Бұл екеуі барда әкесінің ашуын бірдеңе қылар.

«Қысқы демалыста Тараздағы достарыма барып келгім келеді», - деп шешесі мен әжесінен ақша сұрап алған. Шынымен  бармақшы, бой жазып келмекші еді. Сол бойда ішінен бас көтерген құмарлық дегеніне жетті, жолға берген ақшаны сол күні ындынының тілеуіне жұмсап жіберді. Бірақ, екі күн өткенде бәрібір Таразға барды. Қалай екенін өзі анық біліп болмайды, бір қараса әлдебір жынойнаққа тап болып, өзі көрмеген, танымайтын біреулердің қасында әлдеқайдан қажетін тауып мәре-сәре болып жүр екен. Қасындағылардың кімдер екені түгел есінде де жоқ, әйтеуір,  ырду-дырду топтың арасында удай арық, жүзі құп-қу, тісі түгел еместері де болғаны еміс-еміс есінде.  Бұл барғанда Тараз жылы еді, сол жұқа киінген күйі Астанаға кетіп қалыпты, қыстың ақкөз аязында үсіп қала жаздаған.

Бірде өзінің құштарлығы күшейе түскенін байқамай, үш бірдей химиялық затты араластырам деп галлюцинация болғаны есінде. «Ақыры өлдім де, қалдым ба» деп ойлаған сонда. Жаны мұрын ұшына келгенде барып шешесіне бүкіл шындықты мойындауға тура келді. Шешесі мен әжесі кезектесіп бұған жоғалған сырғасын, ұрланған ақшаларын айтып ұрысты ма-ау, жылады ма-ау, бірақ, бұның жүрегі өліеттеніп кеткен бе, көкірегі әбден сорғып кеуіп қалғандай шешесінің жылағаны да баяғыдай әсер етпейтін болыпты. Олар мұны емделуге көндірген кезде тағы да қара үзіп кетті.

 

***

Бұл келгенде Мося шарасы тұнық көзін мұң басып көңілсіз қарсы алды.

- Абик, түрің не болып кеткен? Өткенде не айттым саған?

- Мося, көмектесші. Сен мені түсінесің ғой…

Абзалдың даусы жалынышты шықты.

- Абик, болды! Енді менен ақша сұраушы болма!

Көшедегі қайыр сұрағанға да тиын-тебен бергісі келіп, елдің бәрін аяп тұратын Мосяның бұған келгенде көмектескісі келмегеніне Абзал өкпелеп қалды.

-Тыңда. Мен саған көмектесетін адамдарды таптым. Олар жақсы балалар. Соларға барасың. Сен туралы айттым. Мен де барам дегем, бірақ... қазір емес, кейін барам...

Күмілжіп қалған Мося сөзін жалғады:

-Абик, өтінем, баратын болшы. Барам деші. Олардың бәрі қоғамдастыққа кіріп, емделіп шыққан балалар, көмектерін аямайды, сен тек айтқандарын жасай бересің, екі-үш айда мына жағдайыңды ұмытасың. Келістік пе?

Абзал әуелі оның не айтып тұрғанын түсінбей тұрды.

-Қайда бару керек? Мен ешқайда да бармаймын.

-Ей, ақымақ Абик! Есірткіні қоясың деймін!

-Менің қойғым келмейді. Маған бұл ұнайды! Білдің бе? Мен сенен сондай көмек сұрадым ба? Маған көмектес дедім бе? Керек емес көмегің! Маған басқа нәрсе керек!

Түрі сұрланып, көзі ақшырайып, қатты ашуланып, айқай салған Абзалдың түрінен шошып қалған Мося төмен қарап отырып қалды да бір кезде ақырын сөйледі.

-Мен сені жақсы көрем ғой, Абик. Мен... сен маған ұнайсың. Сен алдымен қойсаң, емделсең, саған ілесіп мен де қояр едім. Өзіммен күресер едім. Барымды салып... Мен бәрін қойсам, өмірді жаңаша бастаймын. Бәрін басынан бастап. Жұмысқа кірем. Әке-шешеме, балама да қараймын. Оларға қарайтын бет те қалмады менде. Ехх... Бәрін қайтадан бастар едім. Сосын қаңғыбас ит-мысықтарды жинап, притон ашар едім…

Осыны айтқанда Мосяның жанары кіреукеленіп тұрды.

 

***

Жаздың күні екеніне, Астананың ыстығы  жиырма бес градусты көрсетіп тұрғанына қарамастан үстіне спорттық киім мен оның сыртынан қара күрте киіп, басын капюшонмен қымтап, көзіне қара көзілдірік жапсырған  арық жігіт лифтпен жоғары қабатқа көтеріліп, ешқайда бұрылмай баспалдақ жағына өтіп кетті. Бір кезде көп бөгелмей сол жақтан шығып, лифтке кіре бергенде соңынан әйел даусын естіді:

-Жас жігіт, сіз бұл үйде тұрмайсыз, бірақ, ылғи осы қабатқа келесіз. Неғып жүрген адамсыз?

Даусы өктем шығатын орта жастағы әйел лифтке бірге кірді.

-Мен осында тұрам.

Джинсы киген, шашын ақ бозға боятқан әйел де қояр емес:

-Біз камерадан қарадық, сіздің жүрісіңіз күмәнді, енді келетін болсаңыз полиция шақырам.

- Мен осында... тұрам дедім ғой, - деп міңгірледі жігіт.

- Қай пәтерде тұрасыз?

- Бес жүзінші пәтер,- деді жігіт сабырмен жауап беруге тырысып.

- Өтірік, - деп мырс етті әйел.

- Бұл подьезде пәтер саны тоқсанға дейін ғой.

Осы кезде лифт бірінші қабатқа келіп тоқтаған еді. Абзал  сыртқы есіктен атып шықты. Оның ызалана «Черт» дегені естілді.

«Бүгін ауыр күн болатын түрі бар» деп ойлап қойды. Жанын жұбатар ештеңе таппады, закладчик болып та қатырмады. Ана әйел де тықылдап... бар күшімен бір итеріп, лифтінің ішіндегі айнаға жапсырып тастар ма еді өзін…

***

Абзал телефонын алып әлдекіммен сөйлесті де меңірейіп отырып қалды. Бүгін түнде Мося қайтыс болыпты. Есірткіні артық қабылдаған дейді. Енді оның қасында болған қыз-жігіттерді сұрастырып жатыр екен. Бұны естігенде Абзалдың іші солқылдап кетті.

«Мося! Мо-ся-я!»

Біреу бұның жанын майдалап, ұсақтап, қайзалап тураған сияқты, бүкіл жері ауырып тұрды. Тап осы сәтте өмір бұдан да алыстап, лезде байланысын жоғалтып, өзі осы күйінде жүз бөлікке бөлініп, одан қоқысқа айналып із-түзсіз шашылып қалғандай. Жаңа ғана миынан шықпаған «шексем» деген қалауы да жоғалып кетіпті. Тап қазір осы жерде басымен жер соққыласа да бұда ешкімнің шаруасы болмасы анық. Ол орнынан тәлтіректей тұрды. Ештеңе ойлағысы келмеді. Мосяның енді жоқ екенін, кеше түнде ғана қайтыс болғанын да...

 

***

Мосяны жерлегелі екі апта өтсе де, өзіне келе алар емес. Мағынасыз жүріс. Абзалдың  осы қалада адасқысы келді. Бірақ Астанада адасу мүмкін емес. Беталбаты кезе берді, жүре берді. Автобусқа мініп Алматы ауданына, одан Байқоңырға асты, Сарыарқаның ең ескі бөлігінен түсіп, фотоаппаратқа іліне бермейтін қоқыстардың, үйінділер мен бомждардың қасынан өтті. Елу үшінші маршрутқа ауысып мініп, жасыл желегінен гөрі  аттракциондары мен тәтті мақталары көп жерге айналып кеткен Астана саябағына келгенімен, әрнеден үміт етсек, түбі бір ғажайып болар деп шексіз көңілденіп жүргендер арасында да көңілі тыншымады. Есілге қарап біраз отырды. Сонда барып Астана жазының желікті самалы жанын сергіткендей болды. Есіл тек махаббат әуенін тудыратын өзен емес, оған лас суларды ағызатындықтан, суы ауыр, түссең денең қышиды, жергілікті адамдар шомыла бермейді. Алғаш рет мына қала, көшелер, адамдар бәрі Абзалға өте жақын, соншама таныс көрінді. Алғаш рет өзінің осы қалаға бауыр басқанын байқады. Тек қасында Мося ғана жоқ. «Хан шатырдың» ішінде қамсыз-мұңсыздары ғана емес, баспаналы болам деп жиған-тергені алаяқтың шотына жұтылғаннан бері қарыздан қарыз киіп, өң-түсі жауын ұрған жапырақтай ескірген, қажығандар да қымбат бутиктерді аралап жүр екен. Дүкендердің кіреберісіндегі автоматтарға кіріп кетердей емінген қазақ жігіттерінің көздерінен  олардың ес-ақылдарының ессіз үмітке суарылғаны байқалады. Мосямен алғаш танысқаны кезді есіне алды.

- Қай жақтан келдің? - деген сабақта қатар отырған қыз.

- Тараздан.

- Таразда болып көрдім, әдемі қала. Ал мен астаналықпын.

- Бұнда бәрі астаналық емес пе?

- Жоқ,  мен нағыз астаналықпын, себебі осы жерде туғам. Меніңше, Абик, қай қалаға барсаң да таңертең ертемен барған жақсы, сонда сен де жаңа ғана оянған жұртпен бірге таңды қарсы алып, сол қаланың тұрғыны секілді боласың. Менің әке-шешем де осы жерге ерте келген, сондықтан да мен нағыз астаналықпын.

- Маған ұнамайды бұл қала. Қысы ұзақ. Суық. Адамдары да... сондай.

- Үйрене алмай жүрген шығарсың. Астана – жақсы көре алсаң, оныңды сезінетін қала. Оны жақсы көру керек, - деген сонда Мося.

Қаланың тұрғынының бірін жақсы көрсең, қала да сенің бір әлеміңе айналады екен, енді міне, Мосяның жақсы көретін қаласын бұл да жақсы көретін болыпты.

Мосяның тағдыры анадай болды. Бұның өз тағдыры ше? Бәрі тез өзгеретін бұл қаланың ертеңгі тағдырын кім болжайды?

Бұл қала қазірдің өзінде сүйкімді. Үнемі жел соғып тұратындықтан ауасы таза, жазда қатты ысымайтын, ысыса лезде жаңбыр жауып өтетін қаланың қысы да бұрынғыдай емес жуасиын депті. Тараздан алғаш келгендей емес, тоңбайтын болған. Тұрып жатқан қалаңа деген көзқарас оған деген сезіміңе байланысты.

Мүмкін, бір күні бұл қала да қатты жел соққанда үйлерінің сыртын қаптаған плитасы ұшпайтын, крандары құламайтын, жаңбыр жауған сайын көшесін су баспайтын, көшесінде - ауаға зиянды газын толассыз бүркіп өтер қаптаған көліктің орнына күннен қуат алатын көліктері ағындайтын  қалаға айналатын шығар.

Қайтадан Мосяны ойлады. Оны жоқ дегенге сенуі үшін не істеуі керек? Сенбей-ақ қойса қайтеді?

- Мося сенің атың неге Мося? Библиямен байланысты ма?

- Сен де қоймадың ғой, өткенде де сұрағансың.

- Мысалы, Моисей деген сияқты ма, содан шыққан ба дегенім ғой...

- Жоға, негізі Муслима ғой.

- Мәссаған, Муслима ма? Керемет қой Муслима деген атың! Енді солай атайыншы. Муслима!

- Жоқ, атамашы, ұялам.

- Неге?

- Муслима деген мұсылман дегеннен шыққан ғой. Ал мен... наркоманка болып тұрып қалайша өзімді мұсылман дей алам? Нашар қызбын мен!

Сонда Абзал оған ештеңе дей алмаған. Тап қазір оған осы Мося деген есімнен артығы жоқтай көрінді. «Мося, сенің атың әдемі екен ғой! Сұлу едің сен. Нашар қыз емес едің.

Абзал көзіне сақиналанып келе қалған жасын сүртті. «Мен оның айтқанын орындауым керек. Әйтпесе, Мося өкпелейтін болады. Егер бұл өз еркімен  есірткіден бас тартпаса, ішкі дүниесі мына қатал өмірді қабылдағысы келмейтін, алданған қарияларды, жазылмайтын сырқатқа шалдыққан сәбилерді, тіпті ит-мысықты да қатты аяйтын Мосяның бұған ренжитіні анық».

Абзалдың бүгіннен қалмай Мося айтқан жерге барғысы келді. Есірткіден бас тартқан қоғамдастыққа кіріп, қажет болса емделіп, басқа өмір бастағысы келді. Осы жүрісінен өзі де шаршаған еді. Ол жүрісін шапшаңдатты.

«Мося өліп бара жатып не ойлады екен? Ойлап үлгерді ме екен...».

 

Бөлісу:

Көп оқылғандар