Х.Л. Борхес: Г.Флобердің нысанасы мен үлгісі

Бөлісу:

11.05.2017 5121

Батыс әдебиетінде модернистік дүниетанымның пайда болуында, әсіресе прозада дәстүрлік ойлаудан өзгеше жаңа мәнерді қалыптастырушылардың бірі ретінде Г.Фольердің алатын өз орыны бар. Оның эстетикасы, стилі ХХ ғасырдағы модернистік әдебиеттің басты ұстанымдарының бірі ретінде қабылданғаны белгілі. Бұл жағынан ол прозамен ғана шектелмей, жалпы әдебиетке жауап береді десек, қателесе қоймаймыз. Төмендегі мақаласында Х.Л.Борхес те көмескіде жатқан осы ойды көрнеуге шығарғысы келеді.

***

Г.Флобердің Англия əдебиетіндегі үстемдігін аудару үшін арнайы əзірленген бір мақалада Ж.М.Молер екі түрлі Г.Флобер бар деп емексіткен еді: біріншісінде Г.Флобер арық келген еркек, оның жұрттан асып тұрған ештемесі жоқ, тіпті, күлкісіне дейін есіңде қала қоймайды, онымен қоймай түсініксіз шимай-шатпаққа өмірін арнай салған жанкешті біреу; ал, екіншісінде əдебиеттің серкесі, бірден символға айналып үлгірген тұлға, тынбай арпалысқан күрескер, майданның жығылмайтын туы деп қарайды. Дегенмен, мен бұл екі Г.Флобердің арасынан айырмашылық көріп тұрғам жоқ. Ойындағыдай үздік шығарма жарату үшін өзін де арнап жіберген Г.Флобер расында аңызға айналарлық тұлға (егер оның төрт томнан тұратын естеліктері бізді алдамайды десек). Бұл əрі нақты тарихта өмір сүрген адам, оның қолымен əдебиеттің жаңа бір кезеңі бетін ашқанын бəріміз білеміз, ол жаңа адамзаттың бейнесінен тұңғыш болып көрініс берді: тақуа немесе дінге шексіз берілгендер ғана осылайша жалын жұтып, жапа тартатын шығар.

Біз соған дейін Г.Флобер сияқты тұлғаны кезіктірген емеспіз. Байырғы Грек трагедияларында ақын туралы: «жеңілтек, қанаты да, қасиеті де бардай сезіле береді, шабытсыз ештеме бітіре алмайды, кəдуілгі біз білетін жынды» деген сөздер кездеседі. Жандүниеге қатысты осындай бейпіл түсініктерден кейін ақындықты жат санап, оны келсін-келмесін қолжаулыққа айналдырудың етек алып кеткені белгілі. Сондықтан Грекия немесе Римде Г.Флобер сияқты адамдар өмір сүре алады деу ақылға қонбас еді. Мүмкін, Пендер Г.Флоберге ұқсайтын шығар. Ол тақуадан шыққан ақын болатын, оның діни тақырыптағы өлеңдері көп. Ол сонысымен сипай қамшылап өмір сүрді.

Дəстүршілдер айта беретін шабытқа қатысты «романтик» ойды одан ары кемелдендіре түскеніміз абзал. Оған мынаны қосуымызға болады: түбін қуғанда поэзияны Гомер жететін жеріне жеткізіп жазып тастады, не десек те, ол поэзияның ең бір кемелді үлгісін — батырлық эпосты тапқырлады. Кезінде Ескендір патша семсері мен «Илиаданы» жастығының астына басып жатады екен, Д.Уенсейдің жазуынша Англияда пəтуə сөйлеген бір тақуа: «адамзаттың қасіретке мойымайтын рухына, ондағы өміршеңдік күшке арнап, «Одиссея» мен «Илиадаға» арнап дұға қылайық» деп те тілек білдіріпті. Ахиллестің буырқану мен Одиссейдің (Улиссестің) қайта оралу сапары жеңіл-желпі қолдан келетін тақырып емес; кейінгі жиырма ғасыр бойында «Илиада» формасы мен мазмұны жағынан ақындардың бастан ақыр көрнеуде де, көмескіде де нысанасы болып келді. XIV ғасырда ақындар өз дəуіріндегі соғыстардан да осы екі эпостың ізін қарастырды; Тарсос XVI ғасырдағы алғашқы крест жорығынан екі томдық шығарма жазды. Бір шығарманы ол екі түрлі атады: бірде «Иерусалимнің азат болуы» десе, бірде «Иерусалимнің бойсындырылуы» деп жазды. Оның неде болса «Илиадамен» бəс таластыру ойының бары салған жерден көрініп тұрады; дегенмен түпнұсқаға жету дегенің мүмкін емес екені белгілі, сондықтан да болар, кейінгі заманның туындылары көп жақтан түрліше деңгейде ақсап жатады...

Олардан кейін Ж.Милтон жаңа эпос жаратуды өзінің бірден бір міндетіне балаған. Ол бала кезінен тіпті поэзия дегеннің не екенін білмей жатып-ақ сол мақсат үшін өмір сүрген. Кезінде оның «эпос жарату үшін ертерек туып қалғаным-ай» - деп өкінген кезі де болған (Ж.Милтонның: «Адам атадан көп кейін тудым, ал Гомерге тым жақынмын» - деп назаланғаны бар). Ол өз мақсатын орындап шығу үшін қатаң жаттығып, ұзақ жыл дайындық көрген. Ыбырай, араб, италиян, француз, грек тілдерін меңгерген, латын тілін де білген. Латын, грек тіліндегі ескі поэзияның сан түрлі ұйқас-үлгісін жеттік меңгеруге барын салған. Отыз алты жасқа шыққан кезінде Ж.Милтон: ақын деген өлең сияқты болуы, енді бір сөзбен айтқанда «өнердің ең бір жарқын үлгісіндей болып, тұнып тұруы керек» – деп ағынан ақтарылған. Кейін табылған бір қолжазбадан біз оның өзіне лайықтап дайындаған жүзден артық тақырыбының тізімдігін кезіктірдік. Ең ақырында ол осы тақырыптардың ішінен періште мен өлім туралы жазуға тұрақтаған. Бұл қадамды сол кезеңнің дəуір бөлгіштік мəні бар тақырыбын талдағандық деуге де тұрады. Десе де бүгінде біз оны миф немесе символ тұрғысынан ғана түсініп жүрміз.

Ж.Милтон, Тарсос, Вергидің қай-қайсысы да өздерін поэзияға шексіз арнай білді. Ал, Г.Флобер болса əдебиетке, онда да прозаға эстетика тұрғысынан айрықша назар аударған бірінші адам болды. Əдебиет тарихында проза поэзиядан кейін тұрып келді, Г.Флобердің көңілін күпті қылған осы түйін болса керек. Г.Флобер: «проза кеше ғана өмірге келді», «поэзия деген есте жоқ ескі дəуір əдебиетінің үлгісі, поэзиядағы ұйқастың мүмкіндігі сарқыла бастады; проза мұндай тұйыққа тіреле қойған жоқ» – деп қарады. Оның проза «өз Гомерін тосуда» – деген сөзі де бар.

Ж.Милтонның поэзиясы осы дүниеден тамұққа дейінгі қым-қуыт дүниені қамтып жатыр, десе де ол «Илиаданың» шеңберінен аттап шыққан емес, қайта сол шеңберді кеңіте түсті; бұған салыстырғанда Г.Флобер өткендегі дүниелермен бəс таластырудан бас тарта білді. Ол əр нəрсе тек бір ғана үлгімен сыпатталуы керек деп қарады. Оның түсінігінше жазушының міндеті осындай үлгіні іздеу.

Дəстүршілдер мен романтистер айтысып-тартысып жатқанда, Г.Флобер: «олардың жеңілісі ұқсамауы мүмкін, бірақ көздеген мақсаттары ұқсайды. Себебі, эстетикалық дүние қашанда сөзсіз, солай болуды талап етеді жəне оның өзінікінің дұрыс екенін дəлелдейтін қасиеті бар» – деген болатын. Г.Флобердің кереметі: ол басқалар сияқты өзі жаратқан танымның қақпанына өзі түсіп қалудан аман қалды, содан да болар, ол бастан ақыр дұрыс бағытта үздіксіз ізденді жəне содан нəтиже де шығарды. Символистер тəрізді ол өзін кінəлау сезіміне бой ұрған жоқ.

Тарих парағын түгендесек, кезінде Лау Зы жұрт көзінен тасаланып, ат-атағының шығып кетуінен қатты алаңдаған. Сондай таным Г.Флоберде де болды. Ол кітабынан көрінбеуге тырысты, тіпті жаратушыға ұқсас өзінің бар екенін жасырып ұстағысы да келді. Г.Флобер шығармаларын толық оқыған адам ғана тынбай кітап оқып, шығармасын сан мəрте өзгерткен жапакеш жазушының жан сырын ұққандай болады. Дон Кихот пен Санчо Панса өзін жаратқан жазушыдан əлде қайда шынайы болуы мүмкін, бірақ, Г.Флобердің қай кейіпкері де оның өзіндей шынайы бола алмайды. Г.Флобердің «Хаттары» осы тұлғаның кітап теңізінен бізге үңілгендегі өзгеше бейнесін көрсетіп тұр.

Үлгінің аты үлгі, кезінде Байрон да сондай үлгіге айналған болатын. «Қарт ханымның əңгімелері», «Бартелиес» қатарлы шығармаларды Г.Флобердің үлгісін қабылдаған туындылар десек қателесе қоймаймыз; Г.Флобердің эстетикасы кейін С.Малларменің қиялына қанат болды (бұл ақын өзінің құлпытасына «дүние кітапқа айналу үшін жаралған» деген сөзді жазғызып қойды); Мордың өлеңдерінде, Х.Жамстың кітаптары мен қоян жымындай «Улиссесті» жаратқан əлгі ирландиялықтың бойында да Г.Флобердің эстетикасы өзгеше формамен өмір сүріп жатқаны белгіл.

Аударып, дайындаған – Ардақ Нұрғазы.

Бөлісу:

Көп оқылғандар