Қазақ әдебиетінің классигіне 90 жыл
Бөлісу:
27.10.2014
6155

Қазақ әдебиетінің классигі, жазушы Бердібек Соқпақбаевтың 90 жылдық торқалы тойы қорытындыланды. Алматыдағы Ғ.Мүсiрепов атындағы Қазақ мемлекеттiк академиялық балалар мен жасөспiрiмдер театрында салтанатты кеш өтті.
Алайда Б.Соқпақбаевтың әдебиеттегі орны, шығармашылық биігі замандасы Ә.Нұрпейісов айтқандай айшықты болғанымен, әдебиет зерттеушілері мен сыншылары тарапынан «Соқпақбаев балалар әдебиетінің ғана жазушысы» деген тар өлшем, тысқары бағадан аса алмай отырғандығы өкінішті жағдай. «Бердібектің «Балалық шаққа саяхат» атты шығармасы балалар әдебиетінің қайталанбас туындысы. Ал, «Қайдасың, Гауһар?» повесі, «Өлгендер қайтып келмейді» романы балаларға арналмаған. Бірақ бұл – атақты, әйгілі қазақ әдебиетінің классикалық шығармасы» – деп, бағалады жазушы Бексұлтан Нұржеке. Расымен де, қазақ қоғамы үнемі өресі биік жазушы, таңғажайып талант иелерін дер кезінде байқап, бағасына жете алмай кеш қалады. Бердібек Соқпақбаев та көзі тірісінде кеңестік идеологияның құрсауына түсіп, ұлттық болмысынан қожыраған қоғамдық санамен күрескен, жалғандыққа жанымен қарсы жазушы болды. «Б.Соқпақбаев қатал тұрмыстың, қатыгез қиыншылығымен қаншама рет бетпе-бет келсе де, мойымай ширай берді. Әділет үшін күрестен таймады», – дейді баяндамашы, сыншы Бекен Ыбырайымов. Баяндамада, жазушы шығармасындағы кейіпкерлер образы, мінез-құлқы, тіпті есімдерінің өзі Б.Соқпақбаевтың ішкі жан-дүиесін қарыған заманның запыранын, уақыттың асқынған әділетсіздігін, аяғынан ақсаған Кеңестік идеология мен мемлекеттік құрылымның кемшіліктерін мейлінше шенеп-мінеп, астарлы ақиқатқа көз жеткізетін шыншыл шығарма екендігі тереңінен қаузап айтылды.
Салтанатты жиында ресми биліктегі мансапты өкілдерден де арнайы құттықтаулар келіп жатты. Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, Сенат депутаты Н.Оразалин, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың, «Нұр-Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Б.Байбектің арнайы жіберген құттықтау хаттарын Б.Соқпақбаевтың ұрпақтарына табыстады. Ал Алматы әкімшілігі Б.Соқпақбаев тұрған Желтоқсан көшесіндегі үйіне ескерткіш тақта орнатып, Алмалы ауданынан бір шақырымдық көшеге жазушы есімін берген болатын. Енді бір мектеп жазушы атымен аталмақ.
«Өлгендер қайтып келмейді» деген шығармасын жазып, келместің кемесіне өзі де отырып кете барған Б.Соқпақбаевтың сүрлеуі әдебиет әлемінде уақыт өткен сайын айшықталатыны даусыз. «Менің атым Қожаны» оқып, «Балалық шаққа саяхат» жасайтын қазақтың келешегі – жас тамырлар өркен жайып, ғасырлар көшкен сайын мәңгілік ұрпақ санасына Бердібек Соқпақбаевтың шығармалары берік орныға түсетіні, одан сайын құндылығы арта түсетіндігіне сеніміміз кәміл.
adebiportal.kz
Бөлісу: