Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЕСТЕЛІК
Бір суреттің тарихы...

19.11.2019 6646

Бір суреттің тарихы 12+

Бір суреттің тарихы - adebiportal.kz

Несіпбек Айтұлы. Мені балалар ақыны жасаған Мұзағаң еді

Аға, Мұзағаңмен алғаш таныстығыңыз қалай басталды?

Қазақстанның халық жазушысы, мемлекеттік сыйлығының лауреаты, сұрапыл соғысты басынан кешірген қаламгер, балалар әдебиетінің бағбаны атанған Мұзафар Әлімбаевты мен cонау Шұбартауда жүрген оқушы кезімнен кітаптары арқылы танып білдім. Сонда бір өлеңі бар-тын:

Жас сарбаз өлерінде күлім қақты,

Жүрегі тоқтаса да,

Қолындағы сағаты жүріп жатты, - деп келетін.

Халық ауызынан түспей шырқалып келе жатқан “Ақмаңдайлым”, “Ақсұңқарым”, “Өзің де жігіт, қызықсың”, “Маралдым” қатарлы көптеген ән-өлеңдері халықтың сүйікті туындысы болып кетті. Құдайдың құтты күні радиодан шырқалып жататын. Әкеміз қойшы еді. Біз бала күннен сол радионы тыңдап өстік. Ағаның шығармашылығымен осылайша елде жүрген кезімде таныстым.

1969-жылы Алматыға барып сол кездегі С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті, қазіргі Әл-Фараби атындағы Ұлттық университетінің журналистика факультетіне оқуға түстім. Сол Алматыда жүргенімде ағаны алғаш Жазушылар одағында сыртынан көрдім. Қызыл шырайлы, басына шошақ тақия киген, үстінде сұр плащы бар. Екі беті нарттай келген Мұзағаңның 40-тың жуан ішіндегі кезі болуы керек. Ағамен мені алғаш жақын таныстырған ұстазым Рымғали Нұрғалиев болатын.

«Балдырған» журналына қалай келдіңіз?

1973-жылы ұмытпасам қараша айының іші болуы керек «Балдырған» журналына қызметке бардым. 5-курсқа көшкен кезіміз. Соңғы курсқа қадам басқан студент болатынмын. Бірақ Мұзағаң мені «Поэзия» бөлімінің меңгерушісі етіп жұмысқа шақырды. Ол кезде «Балдырған» журналы 200 мыңның үстіндегі тиражбен шығады. Бүкіл Қазақстанға тарайды. Жан-жақтан мектеп оқушыларынан күніне мыңдаған хаттар келеді. Оған жауап қайтарамыз. Оған дейін мен балаларға өлең жазбағам, және жазбақ ойым да болмаған еді. «Басқа түссе баспақшыл» демекші балалар журналына барғаннан кейін жазуға тура келді. Балаларға арналған қысқа-қысқа әңгімелер, мақалалар жаздым. Алғашқы балаларға жазған өлеңдерім шыға бастады. Мұзағаңның жетектеуімен, тоқпағымен «Балдырған» журналында 10 жыл жұмыс істедім. Көптеген балаларға арналған шығармаларым туды. Композиторлар өлеңдеріме көптеген әндер жазды. Сол кезеңдерде, қазіргі Мәдениет және спорт министрі Ақтотының әндеріне сөз жаздым. Осылардың нәтижесінде «Қартаймайды күн неге?» деген кітабым шықты. Жалпы маған балаларға жазуды үйреткен осы Мұзағаң. Дүниеде балаға арнап жазудан қиын нәрсе жоқ. Олардың әлеміне еніп, жан-жақты зерттеп, көп ізденуді қажет етеді. Балалардың мінез-құлқын, психологиясын дәл баса білуің керек.

Мұзағаңның өмір жолына тоқталып өтсеңіз?

Мұзафар Әлімбаев 1923 жылы 29-қазанда Павлодар облысы Шарбақты ауданындағы Маралды атырабының Қызылағаш ауылында туған. Әкеден сегіз жасында, шешеден он үш жасында жетім қалыпты. Жасынан енжарлықтан, сүлеқостықтан алыс болып, интернатта тәрбиеленген екен. Алғашқы тырнақалды өлеңі 1939 жылы 15 жасында облыстық «Қызыл Ту» газетінде жарық көрді. Павлодардың педагогикалық училищесін бітірген кезінде, соғыс басталған екен. Содан 1941 жылдың аяғынан бастап, ақырына дейін сол соғысқа қатысқан. Одан 1948 жылы елге оралған. 1948-1956 жылға дейін «Пионер» журналында, «Қазақ әдебиеті» газетінде әуелі көркем әдебиет бөлімінің меңгерушісі, іле бас редактордың орынбасары қызметін атқарды. 1958 жылы шілде айында балаларға арналып алғаш ашылған «Балдырған» журналынның бас редакторлығына тағайындалып, сонда 1986 жылдың аяқ шеніне дейін 28 жыл табан аудармай жұмыс жасады.

О, Маралдым, Маралдым!

Сенің үшін жаралдым

Топырағыңнан нәр алдым

Көзіндейсің сен маған

Атам менен анамның – деген ән 1974 жылдың аяғында өмірге келді.

Әні Әсет Бейсеуовтікі. Ол кезде ауылдан әкемдер көшіп келіп, біз Алматы облысы, Талғар ауданы, Тұздыбастау ауылында тұрамыз. Сонда біздің үйде қонақта отырғанда Рымғали бар, Әсет бар, тарихшы, Абыралы өңірінде туып-өскен Сейітжан Тәбәріков бар біздің үйде осы әннің сөзі жазылып, тұңғыш рет біздің төрімізде шырқалды. Ол әннің кіндігінің кесілуіне мен куәмін. Ол бір тарих.

Мұзағаңның ән сөзі Шәмші Қалдаяқов пен Әсет Бейсеуовтердей халқымыздың аса дарынды сазгерлерінің жүрек түкпірінен төгілген керемет әуендерімен жымдаса өріліп қазақ аспанына самғап кете барды.

1973 түске дейін сабаққа, түстен кейін жұмысқа барамын. Әрі степендия, әрі айлық алып жүрдім. Соныменен күн көрдік. «Мұзафар Әлімбаев журналист» деген тақырыпта бітіру дипломымды сол Мұзағаңнан қорғадым.

Ағаның талантты шәкіртінің бірі өзіңізсіз. Басқа да шәкірттері бар ма еді?

Қаншама қаламгерді балаларға жазуға тәрбиеледі. Мысалы: Сапарғали Бегалин, Өтебай Тұрманжанов, Жақан Сымақов, Қадыр Мырза-Әлі, Әнуарбек Дүйсенбиев, Қастек Баянбаев, Ермек Өтетілеуов, Сұлтан Қалиев, Бейсебай Кірісбаев тағы басқа көптеген ақындарды «Балдырған» журналына шақырып тәрбиеледі. Бүкіл өмірін әдебиетке арнап, түзу сөз айтып, түзу жүріп өткен осы Мұзағаң болатын. Құрманбай Толыбаев сонда қызмет етті. Өте көп білетін адам еді.

Айдарымыздың атына сай бүгінгі әңгімемізге негізгі өзек болып отырған Мұзағаңмен түскен суреттің тарихына үңілсек?

Бұл суреттің тарихы қызық. 1974 жылы университетті аяқтайтын жылым. Ол кезде әскери кафедраны қосып оқитын едік. Сол екі айға бізді Қырғызстанның Ош деген жеріне апарды. Содан қайтып келгеннен кейін мен демалыс алып, бала-шағаммен Алматыдағы Горький паркіне бардым. Ішінде зоопаркі де бар болатын. Соған балаларды қыдыртып шығып келе жатсам алдымнан Мұзағаң шыға келді. Бәйбішесімен қыдырып барған болу керек. Шыға беріс қақпаның алдында бүркіттің мүсіні тұратын еді, соның жанына Мұзағаңды суретке түсуге шақырдым. Кеше сен хабарласқанда осы сурет есіме түсті. Бұл жерде Мұзағаң 51 жаста, мен 24 те екенмін. Қайран, уақыт!..

Ағаның жақын достары кімдер еді?

Әзілхан Нұршайықовпен өте жақсы дос болды. Қырға, аңға шығып серуендегенде екеуімен талай сапарлас болдым. Сапарғали Бегалин, Тұрсынбек Кәкішев жақын сыйлас болды. Тұрсекеңмен құда болды. Баламер деген баласы Тұрсекеңнің қызын алды. Майдандас достары көп болды. Баукеңмен, Сәуірбек Бақбергеновпен көп араласты. Көп оқитын. Тыным алмай жұмыс жасайтын. Жұрт сияқты көп серілігі жоқ. Артиллерияда командир болған екен. Соғыстағы әңгімелерін айтатын.

Қазіргі қазақ балалар әдебиетінің көрнекті қайраткері Мұзафар Әлімбаев - сегіз қырлы, бір сырлы қаламгер. Артына өшпес із қалдырған ол – айтулы ақын, парасатты публицист, майталман аудармашы, әдебиет зерттеушісі, сыншы, педагог жазушы, балалар әдебиетінің ұясын ұйымдастырушылардың бірі еді. М. Әлімбаевтың өлеңдері 38 тілге аударылған, бірқатары мектеп оқулықтарына енген. Бар ғұмырын, білімін, өз бойындағы талант-дарынын жас ұрпақа арнаған қаламгер, балалар әдебиетінің классигі, қазақтың аса көрнекті ақыны. М.Әлімбаев Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығын (1984ж), Жазушылар Одағы «Алаш» сыйлйғын (1992ж), Жамбыл атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты (1996ж), Ы.Алтынсарин атындағы медальдың иегері (1993ж). «Құрмет» орденімен (1995ж) марапатталды.

Мұзағаңнан нені үйрендіңіз?

Бөтен сөзбен былғамай сауатты жазуды үйрендім. Тапсырманы уақытында, тиянақты орындауды үйрендім.

Жастарды қолдап жүретін. Абзал Бөкенов, Нүкеш Бәдіғұлов, Есентай Ерботаев, Көмек Ыбыраев, Асқаржан Сәрсеков сияқты таланттарды танып жол ашқан адам. Қазір енді балаларға жазатын авторлар жоқтың қасы. Қызметтен өсіп кетуге қаншама мүмкіндігі бола тұра ешқайда табан аудармай «Балдырған» журналында қызмет етті.

Псевдонимі Мәлім болатын. М.Әлімбаев деген сөз ғой. Жазудан бас алмайтын. Күндіз-түні басында дәптер жатады. Бұл кісінің қызығын айтайын, көшеде келе жатып ойына бірдеңе түсті ме, қағаз болмаса сіріңкенің қорабына жазып алатын. Өзінің шығарған мақал-мәтелдері де өте көп. Мысалы «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген осы кісінің мәтелі. Хоббиі кітап жинайтын. Көп оқыды. Дүние жүзінің мақал-мәтелдерін аударды. Көңілі жайдары. Бөлініп-жарылудан аулақ. Өсек сөзден ада адам еді.

Кімдерді ұстаз тұтатын?

Қатты қадірлейтін ұстазы Мұқан Иманжанов болатын. Мұқанның тазалығын, адалдығын, адамгершілігін ауызынан тастамай айтып жүретін. Қасым Аманжоловты қатты қадірлейтін.

Сурет

ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

Несіпбек Айтұлының жеке архивінен алынды

Сұхбаттасқан: Арман Шеризат


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар