Түркітанушы ғалым Қаржаубай Сартқожаұлы 70 жаста
Көк түркінің тұяғы
Қаржаубай Сартқожаұлы! Бұл есім қабырғалы қазақ оқырмандарына етене таныс. Несімен? Өйткені, Қаржекең сонау бағзыда Азияда ат ойнатқан Көк түріктің тамырын қазып, тарихы мен дәстүрін, жазуы мен мәдениетін жеріне жеткізе зерттеген әзірге ғаламдағы жалғыз қазақ. Қаржаубай жайлы бәріміз де білеміз. Ол - қаламгер, әрі ғалым, қоғам қайраткері, әсіре ұлтжанды. Біреуге жағынып жалбарынуды білмейтін бірбеткей. Төремен де, қарамен де тең атаның ұлындай тебіңгі қағыстыра қатынасады. Сатқын, өтірікші, алаяқтарды иттің етінен де жек көреді. Ол біреудің қамқорлығын күтпейді. Иә, ол осындай иілмес емен, игерілмес құз. Оның түркі дүниесіне қатысты жасаған еңбегінің қыр-сырын шын мәнінде толық білмейміз.
Себебі, патшалық Русия мен кеңестік Россияның отарлау саясаты біздің ақыл-ойымызды түп-тегімізден ажыратып тастаған. Марқұм Ақселеу Сейдімбек ағамыз айтқандай, тек отарлаушылар дайындап берген ішірткіні іштік, бір жерің басқаға ұнамай тұрса, ол ұят саналды, «қазақты адам еткен – орыс» деген түсінікпен өмір сүрдік. Осыдан кейін «түп-тамырым түркі» деген сөзді айтып көріңіз. Сондықтан да шығар Кеңес кезінде түркітану ғылымы Қазақстанда жүйелі жолға қойылмады. Жатжұрттық ғалымдар әлдеқашан ғылыми айналымға енгізген түркі мәтіндерін үздім-жұлдым тәпсірлеп, соған мәз болып жүріп жатты. Алайда, байырғы түркі құндылықтарын түркілік ұлттық түйсікпен, түркілік махаббатпен зерттейтін зерттеушіге уақыт толғатып жатты. Осылайша уақыт Ұлы Алтайда Сартқожаның шаңырағына Қаржаубай атты ұл сыйлады.
Қаржаубай «ғылым» атты шу асаудың шоқтығына қол салған күннен бастап басқаның жасап қойған сүрлеуінен ат-тонын аулақ салып, өзіндік жол-әдіснамасын ала келді. Қ.Сартқожаұлы туралы Ленинградтық белгілі түрколог С.Г.Кляшторный: «...Ол біздің ұстанған ұстанымызға сыймайтын ғалым. Ұлттық этнолингвистиканың, түркілік салт-дәстүрін бойына сіңіріп өскен адам» деп мойындаған еді. Сөйтіп батыс пен шығыстың емшегін телі еме отырып, өзінің ғылыми методикасын алып келді. Тіл білімі, археология, тарих, этнографияны астастыра келе, түрік салт-дәстүрін олардың дүниетанымымен (философия) ұштастыра, этнолингвистикалық кешенді әдіснама жасады. Өзіне дейінгі зерттеушілер байырғы түрік мәтіндерін тек қана лингвистикалық тұрғыда қаузап келген болса, ол этностың бет-бейнесі дараландыратын ғылымның аталмыш салаларын қоса кешенді зерттеу жүргізді. Соның нәтижесінде бүгінге дейін бізге белгісіз болып келген байырғы түріктердің құпиясын жарқырата ашып берді. Нақты дерекпен айтсақ:
- Байырғы түріктердің бір құдайлық жүйесі. Күлтегін мәтініндегі «Тәңір тег» (Тәңір бір), «Тәңір қолдап», «Тәңір күш-қуат беріп», «Тәңір мен жердің киесіне қалып» т.с.с. ондаған діни ұғымдарды байырғы түріктердің дүниетанымымен ұштастырды.
- Ұрпақ сабақтастығын «Мәңгілік Ел», бесігінен бесігіне дейін (ұрпағыңнан ұрпағыңа дейін), «мың жылдық түмен күндік өсиетімді қалдырдым» т.с.с. ондаған ұғымдар арқылы бүгінгі оқырманның кәдесіне жарайтын, мың жыл бұрын өмір сүрген бабалар өсиетін, олардың дәстүр-салтын жаңғыртып алып өзімізге қайтарды.
Осы мәтіндердегі әрбір сөз, сөйлем ұстын орналасқан кешенмен тығыз байланысты екенін дәлелдеп, олардың атауын, жора-жосынын ғылыми еңбектерінде дәлелдеп берді. «Чыт» (Хан Ордасын тігу үшін арнайы топырақ төгіп 2-3 метр биіктетіп дайындаған фундамент (іргетас), барық-ғибадатхана, ақыр-мүсін, адынчық сурет-балбал-қадатас және олардың ритуалдарына палеоэтнографиялық талдаулар жасап, 1200-2000 жыл бұрыңғы ежелгі салт-жора мен бүгінгі қазақ салт-дәстүрін салыстыра қарастырып, сабақтастық үзілмегенін дәлелдеп келеді.
Қаржаубайдың арқасында көне түркі дүниесі толықты һәм ғылыми айналымға енді, бұған дейін евроцентристік көзқараспен зерттеліп келген тарихи оқиғалар мен жазба-мәтіндер нағыз қазақтың таным-түйсігімен бағаланды... Қысқасы, Қаржекең қазаққа өз бабасының рухани есігін айқара ашып берді. Түркияның атақты ғалымы Ахмет Бижан Ержуласын: «Қаржаубай Көк Түрік дәуірінде туып, сол заманда өмір сүрген сияқты. Тәңірдің құдіретімен, мұздатқышта сақталып, 1300 жылдан кейін, Қазақстан тәуелсіздік алған соң, Тәңір қайта тірілткен. Түрік дәуірінің тәрбиесін алып, дәстүр-салтының уызына тойып, түркілік рухты жүрегіне, жанына, қанына сіңіріп оралған көне дәуірдің куәгері іспетті. Сондықтан Қаржаубаймен байырғы түркілер хақында ой таластыру мүмкін емес», - деп 2001 жылы Ыстамбул қаласында өткен Халықаралық түріктану конференциясында мәлімдеген еді.
Бұл Ұлы істің кілтін қолға алуына негізі себеп: көне түркі мәдениетіне қатысты мұра-ескерткіштердің моңғол даласында бүлінбей сақталуы, оны зерттеп-зерделеуге деген Қаржекеңнің ынта-ықыласымен беріліп, жанкештілікпен еңбектенуі.
Көк Түріктердің тарихи-мәдени мұраларын жаңғыртып, ұлт игілігіне жарату үшін, бүкіл Моңғол даласын 40 жыл аралап, Шығыс Түркістанның көне қала-жұрттарының топырағын екшеп, Оңтүстік Сібірдің Тағына-Тува, Саян Алтай, Хакасия Мың-су (Минусинск) ойпаты, Түн елі-Лена дариясын шарлап, баба түріктен қалған, байырғы тарихтың жоғын түгендеді.
Осы орайда, моңғол даласындағы жазба ескерткіш-мұраларға да тоқтала кетейік. Жалпылай алғанда моңғол үстіртіндегі түркі мұралары Алтай және Қанғай тау сілемдерінде орналасқан. Бұларды үлкен ұстындағы (тарихи мәтіндер) және майда жазулар (шағын жазбалар) деп екіге бөледі. Қазіргі таңда үлкен ұстындар саны - 13. Олар: 1.Күлтегін; 2.Тұй-ұқұқ; 3.Білге қаған; 4.Күли-чор; 5.Мұқан қаған; 6.Тес жазуы (Күлбілге ескерткіші); 7.Теркін жазуы; 8.Ел-етміш Білге Тұр-айн қаған; 9.Қара өзен жазу-ескерткіші; 10.Орда балық; 11.Орда балық -2; 12.Долодой; 13.Долодой - 2.
Осылардың ішінде: Тес жазуы мен Қара өзен жазу-ескерткішін тауып, ондағы мәтіндерді оқып, ғылыми айналымға енгізген адам - Қаржаубай Сартқожаұлы.
Ал, бұлардан басқа моңғол даласының 70-тен астам жерден 120-ға тарта кіші жазулар табылған. Бұларға түркітанушы ғалымдар майда жазулар (шағын жазбалар) деген атау берген. Нәтижесінде 14 ғылыми монография, 170 ғылыми мақала жазып, ұлтына олжа салыпты. Аталмыш тарихи мәтіндерді қайта көшіріп, қайталап оқу, тарихи және дүниетнымдық, лингвистикалық түсініктемелерін, бүкіл бүтін кешендердің ғылыми сипаттамасын түпнұсқа фото, сызба суреттерімен қоса жасап ғылыми айналымға еңгізді. Осыдан кейін біз Қаржекеңді кім деуіміз керек? Бір ауыздан: көк түркінің тірі тұяғы деп неге айта алмаймыз?! ...
Тауда туған тарлан немесе ананың махаббаты
Қаржекең көне түркінің ұйық мекені, түркі әлемінің алтын бесігі - Алтай тауының теріскейінде туған жан. Ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан көшпенді өмірдің түлегі. Осыдан 70 жыл бұрын ғалымының анасы Әсия Әлімжанқызы апамыз Қаржекеңді дүниеге әкелген.
Бұл күн тура Наурыз екен. Солтүстік Алтайдың батыстан орай соғатын қызыл желі бәсеңсіп, қыс жауған қалың қардың бауыры сөгіліп, ерте күзде көміліп қалған сиырдың қу тезегі қаудырап, қар астынан шығып жатқан тұс. Анасы Қаржаубайға аяғы ауыр. Ауылдан ұзап шықпайды. Десе де қарап отыру әдетіне енбеген анасы, тура Наурыздың атқан таңымен бірге тұрып, бес-алты сиырын қыстаудың қарсы алдындағы бұйратқа өрістетіп жіберіп, тезек теруге беттепті. Ауыл іргесіндегі Үсігеннің мұзынан өтіп, қарсыдағы қыратқа таяп қалғанда, толғағы қысады. Бірден ауылдан алыстап кетті, амал жоқ сол арада босаныпты. Баласы шырылдап ақ қардың үстінде буы бұрқырап жатыпты. Қолына іліккен қырлы таспен баланың кіндігін егеп кесіп, қаптағы тезекті төгіп тастап, жаңа туған нәрестесін орап үйіне әкеліпті. Тәңір Қаржекеңнің кіндігін таспен кестіріп, тағдырын тас кітаптың құпиясын ашуға о баста нәсіп еткеніне таң қаласын?!
Қаржекең еске алады: шешем үйге келген соң көршілер жиналып, менің кіндігімді дұрыстап қайта кесіпті. Енді балаға ат қою керек болған. Үлкен ағам айтыпты «Бұл бала «Наурыз көже» күні туды атын «Наурызбай» деп қояйық» деп, кіндігімді кескен Зүпін апа: «Қардың үстінде туды ғой «Қаржаубай» болсын» деген екен. Ақыры үлкендер осыған тоқтапты. "Наурызкөже" деп ат қоймағанына шүкір, - деп қарқ-қарқ күледі-ау.
Қаржекең еске алады: Шешем марқұм жақсы жыршы болды. Дәл санын білмеймін өте көп жырларды жатқа айтатын. Әмбе, қазақы қара өлеңді мәнерлеп салатын айтыскер еді. Анамның жатқа айтатын жырларын ағаларым қалың дәптерге көшіріп жазып қоятынды. Осыны кешке қойды қоралап тастап, алқа қотан отырған кезде тыңдаймыз. Жырлаушы өлең мәнерін жорға нақышына келтіріп алып зулатады дерсің. Ес білгеннен бастап «Шәкім – Шәкірт», «Зылиқа – Сәмен», «Алпамыс», «Қобыланды», «Қыз Жібек» дастандарын жаттап өстік.
Жырға деген аса құмарлықтан да шығар, 3-4- класта оқып жүргенде «Манас» жырының 4 томын, «Мың бір түннің» 4 томын бітірдім. Мектептің кітапханасы өте бай болды. Төртінші кластың соңына дейін кітапханадағы барлық кітапты оқып тауыстым. Осы жылы мектепте жатқа тақпақ оқудан жарыс өтті. Елу тақпақты жатқа айтып бәйгеден бірінші болып келдім.
Расында, қазақтың "алып анадан туады" дегені бекер болмаса керек. Әсия апамыз жыршы ғана емес, ескіше сауатты көне жадитше-араб ғаріпін білетін адам екен. Қаржекеңе сабаққа бармай тұрғанда анасы жадитше араб жазуын оқытып үйретіпті.
Қаржекең күрсіне еске алады: Менің ғылым-білімге деген махаббатымды оятқан адам - анам марқұм. Осы кісінің ұлы махаббатының арқасында дүние-жаратылысқа деген түйсік-танымым жетілді, білмекке-үйренбекке деген құмарлығым артты, анам жарықтықтың: «Менің балам үлкен ғалым болады» деген бірауыз сөзі әлі сүйреп келеді...
Ғылымға жол немесе Ғұбайдолланың батасы
Қысқасы, ана сүтімен дарыған ілім қап түбінде қайдан жатсын. Яки, 1965-жылдың бір күні Қаржекеңнің қолына Қазақстанда шығатын «Білім және Еңбек» журналының кезекті саны түседі. Онда оқымысты Ғұбайдолла Айдаровтың «Күлтегін деген кім?» дейтін мақаласы шыққан екен. Осында көне түркі жазуының әліппесі және түркі дүниесі жайлы жақсы мәліметтер беріліпті. Мақала соңында «бұл дүниенің барлығы моңғол даласында жатыр...» дей келе, соған қолы жетпей отырғанын өкініш білдірген.
Қолы жетпей отырудың себебі сол замандағы билік жүйесінің идеологиясы. Сол идеалогия Ғ.Айдаров атамыздың қолын жеткізбей отырды. 1965 жылы жазып аяқтаған «Байырғы түрік жазуының тілі» атты 30.б.т. еңбегін Кеңестік идеология бақандай бес жыл бойы жарыққа шығармай ұстап, 1970 жылы әзер дегенде оқырманның қолына тигізді. Еңбек жариялянған соң Ленинградтық түріктанушылардың пысықайлары бұл еңбекті сынап, ғалымның беделін түсіруге атсалысты. Онымен тынған жоқ, өздері сынаған еңбектің тонын аударып академик А.Н.Кононов «Грамматика языка тюркских рунических памятников VІІ-ІХ в.в» атты еңбегін 1980 жылы жариялады. Ғ.Айдаровтың өкшесін басып шыққан А.Аманжолов түрклогияда сәтті еңбек жасап еді, оның да сағын сындырды. Кеңестік жүйе осылайша ұлт өкілдерін түркологияға жібермей қыспаққа алып отырды.
Ол кезде моңғол елінде түркітану ғылымы жеке шаңырақ көтермеген. Тағдыр бесіктен белі шықпаған Қаржекеңді түркология айдынына әкеп еңгізді. Моңғолия Мемлекеттік Университетінің "Моңғол тілі" мамандығына тапсырады. Қабылданады. Оқиды. Оқтын-оқтын ғылыми жиындарда баяндамалар жасап таныла бастайды. Ғылымға бейім баланы ұстаздары дүркін-дүркін арқадан қағып үміттендіріп, арманына қанат біттіріп отырды.
Қаржекең сол кезеңді еске алып: Тура екінші курста оқып жүрген едім. Аса білімді полиглот ғалым, профессор Чой. Лувсанжав деген 12 тіл білетін ғұлама бір күні мені шақырып алып: «Сен ғылымға бейімі бар бала екенсің, әмбе қазақсың, моңғол тілін зерттеп жүрсің, көне түркіні білесің бе?». «Әріпін білемін». «Жаз» деді. Жаздым. «Қандай кітап оқуды білесің?». Жоқ. «Қандай сөздік қолдануды білесің?». Жоқ.
Ғұлама Лувсанжав: «Балам, мына моңғол даласындағы барлық ескі жазулар сенің ата-бабаңның жазуы. Сен моңғол тілін зерттеп әуре бол ма!!! Онсыз да өзіміз зерттейміз. Көне түркімен жағалас!!! Қорықпа, өзім көмектесем, екі күннен соң кел»,-дейді.
Екі күннен кейін Қаржекең барса, ұстазы үстелінің үстіне В.В.Радлов, С.С.Малов, А.Н.Бернштам, Н.А.Батманов, В.В.Бартольдтың еңбектерін оған қоса «Көне түркі сөздігін» үйіп қойыпты. «Ал Қаржаубай қалқам, осы кітаптарды оқисың. Бір жылға өз атыма жаздырып алдым. Дақ түсіруге болмайды. Келер жылы дәл осы күні маған емтихан тапсырасың! Мына кітаптарды ал да, дайындал!»,- деді.
Кітаптардың бәрі орысша. Қаржекеңде орысша тіл жоқ. Енді не істеу керек?! Үйренбесе болмайды екен. Бәрін жиып қойып орыс тілімен жағаласты. Қағазды тілдей-тілдей етіп жапырақтап тіліп алып, орыс сөздерді аудармасымен жазып, жаттасын кеп. Жатын бөлмелерінің қабырғалары жапсыра-жапсыра орыс сөзіне толып кетті. Сөйтіп сөздік қорын көбейтеді. Енді грамматика керек. Авторы Пулькина деген орыс тілін үйренушілерге арналған оқулық болушы еді сонымен аюдай алысты. 6-7 ай дегенде орыс тілінің саңылауы ашылғандай болды.
Жыл айналып уәде бойынша ұстазына барады. Жарықтық, «Келіп қалдың ба?» деп күледі. С. Маловтың кітабын ашып қойып, тоқтамай 2 сағат емтихан алады. Соңында: «Менің білерім осы. Енді қалғанын өзің іздеп тап, жолың болсын» дейді. Қаржекеңді қолынан жетелеп алып кітапхананың Бас директорына әкеледі. Барлық кітаптарды оқу бітіргенге дейін үйде ұстауға рұқсат алып береді. Жақсыдан шарапат деген осы шығар...
Қаржекең еске алады: 1981-жылы кандидаттық еңбегімді қорғау үшін Ленинградқа барып, желтоқсанның 4 күні Алматыға ұшып келдім. Ертеңінде Ғылым Акедемиясында отырған Ғұбайдолла ағайды іздеп бардым. Қауқылдаған ақ көңіл адам екен. «Сізді іздеп келдім» дедім. Жарықтық мені де іздейтін адам бар екен деп қатты қуанды. Сөйтсем, ол кісі шәкірт тәрбиелей алмадым деп ренжіп, Түркіменстанға көшуге бел буып отыр екен. «Ойбай, неге көшесіз, шәкірт деген мына мен, мені қайда тастайсыз» дедім. Жарықтық ойланып қалды. Отбасында аса бекзат жандар екен. Үйінде де, көшеде де жұмыста да бірге болдым. Мен кетерде: «Балам, мен ешқайда көшпейтін болдым, маған бір шәкірт жетеді. Қазақстанда қалдым» деді. Одан соң жыл сайын Алматыға келіп тұрдым. Бір ай бірге жұмыс жасадық.
Сол жолы Ғұбекең түркітанудың көп қыр-сырын үйретіп, ақ батасын берді.
Тастағы таңба һәм Марғұланның өсиеті
Жоғары оқу орнын бітірерде Қаржекең "Тұй-ұқұқ ескерткішінің тілі» деген тақырыпта диплом қорғайды. Ескеркіш Ұлан-батырдың іргесінде 60 шақырым жерде орналасқан қол тигенде шауып барып тастағы жазуды мұқият көшіріп алады. Тіпті бір емес бірнеше дүркін көшіріп тастайды. Жастың жалыны бар, оның сыртында көне түріктің буымен рухтанған бозбала ықыласын боздатып, боз далаға көз тастап жүрген сол бір күндері (1973-жылы) Моңғол Ғылым Академиясының ұйымдастыруымен социалист система елдері археолагтарының «Көшпелі өркениеттің ролі» атты халықаралық үлкен конференция Ұлан-Батырда өтетін болады.
Оған «Қазақстаннан атақты ғалым Әлкей Марғүлан келетін болды» деген хабарды естиді. Шоң оқымыстыны көппен бірге күтіп алмаққа аэропортқа Қаржекең де барады. Қысқасы күтіп алады. Бес жұлдызды «Ұлан-Батыр» қонақ үйге келіп орналастырады. Жанында түркіменнің Атағараев деген ғалымы бар екен. Жап-жас Қаржакең олардың асай-мүсейлерін тасып аяқ-аяғына тимей зырлайды. Бір апта күндіз-түні қастарында болады.
Қаржекең еске алады: Әлкей ақсақалды аттандырып тұрып, қорғағалы жатқан диплом жұмысым жайлы, және келешекте қалай жұмыс жасау туралы ақыл, кеңес сұрадым. Кетерінде «Маған ерекшелеп не айтасыз?» дедім. «Сен бақытты қазақсың» – деді, – «Осы ескерткіштерді көруді бізге бұйыртпай тұр. Әрбір барғаныңда ерінбей қайта-қайта көшіре бер, көшіре бер»-деп тапсырды. Ұшаққа отырғызып жібердім. Келе жатып ойлап қоям: «Әлекең алжыған шығар, онсыз да сан рет қайталап көшіріп алдым, қайта-қайта көшірген де май шыға ма». Бір күні барып тағы көшіріп келдім. Отырдым да алғашқы екі көшірмені салғастырып көрсем, тіпті біріне бірі ұқсамайды. Таң қалдым. Жынданған шығармын. Қайта барып көшіріп келсем, оным тағы бөлек. Содан алты, жетінші рет көшіргендерім бір біріне ұқсай бастады. Сөйтсем, көшірудің де мәні бар екен, адамның көзі үйренуі керек екен. Дағдылану қажет екен. Әлекеңнің бір ауыз сөзі маған өмірлік сабақ болды. Артынан басқадай жазуларды көшіргенде көп септігі тиді.
Тұй-ұқұқ ескерткіші һәм Олжастың ерлігі
Бір күні жұмыста отырса Қаржакеңе "Жазушылар одағы шақырып жатыр" деген хабар келеді. Барса, қарқарадай болып одақта Олжас отыр. Қасында Сібірдің нивх халықтарынан шыққан жазушы В.Санги және екі мажар бар. Арнайы іссапармен келген Олжас Сүлейменов моңғолдарға «маған түркі ескерткіштерін көрсетіңдер!» дейді. Олар «ағаңды ертіп тасыңа барып кел!» деп жолбасшылыққа Қаржаубайды қосып жібереді. Екі «тентек» сар даланы боздатып жолға шығады.
Қаржекең күліп: Олжекең де қазақша жоқ. Анда-санда «айналайын» деп басымнан бір сипап қояды. Менің орысшам шамалы екеуміз бұлдыр-салдыр түсінісеміз. Тұй-ұқұқ ескерткішіне тартып келеміз. Жолай дөңестеу жерге тоқтадық. Олжас төбенің басына шығып тұрып, тебіренді. «Мынау менің бабаларым жортқан жон! Ана қаптаған қалың қарағай Тұй-ұқұқтың жер қайысқан сарбаздары. Арғымақтар ауыздығымен алысқан дала. Тебінгісі тер қатып, ата жаумен шайқасқан, қайран менің бабаларым!...» деп, күңіренді дерсің. Керемет әсерлендім, көзімнен жас ыршып кетті.
Содан екі қазақ қасында түркі-мажарлары бар Тұй-ұқұқтың басына келеді. Олжекең күңіреніп келіп тасты құшақтап сүйді. Тастағы жазудың бір екі жолын баптап оқып шығады. Оны орысша аударып қасындағыларға айтады.
- Бұл менің бабаларымның сөзі. Ей, Владимир Санги сенің бабаларың осындай тарихи мұра қалдырды ма? Санги «жоқ» деп басын шайқайды. Мажарлардан сұрады. Олар да «жоқ» дейді.
- Мына екеуімізде бабалардың мәңгітасқа қашаған мәңгілік өсиеті бар! - деп, зор мақтанышпен саусағын шошайтып,үрпек жүнді үйректің балапанындай қасындағы Қаржаубайды көрсетіп қояды.
Қаржекең айтады: Қайран Олжекем, тасты ұзақ құшақтап тұрып-тұрып «тастың мына жерлері неге бүлініп қалған» деді, қабақ шытып. Бұрын бүп-бүтін болатын. Төрт жылдың алдында ескерткіштен 4-5 шақырым жерге Кеңес елінің дивизиясы келіп орналасқан . Еріккен солдаттар тасты нысана қылып атып бүлдіріп тастаған. Олжекең соны сұрап тұр.
Қаржакең жұлып алғандай: «Сіздің орыс солдаттарыңыз атып тастаған» депті. Сол жерде Олжакең қайта күңіренді. Аттандатып Кеңес дивизиясына басып кіреді. Күллі дивизияны аяғынан тік тұрғызады. Генералдардың екі аяғын бір етікке тығады. «Менің бабама оқ атуды тоқтатыңдар!»,- деп тарихи құндылықтың қадір қасиетін олардың басына сіңдіріп кеткендей болды. Содан бастап атқыштар сап тиылған көрінеді.
Түйін сөз немесе әке жолын қуған ұл
Міне бүгін, ғұмырының денін дала кезіп түркі дүниесін түгендеуге арнаған Қаржаубай Сартқожаұлының мерейлі жасы. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырған абзал әке, абыройлы ғалым, кемел ұстаз. Қаржаубай Сартқожаұлының Қазақ еліне оралуымен отандық түркітану ғылымы жаңа белеске көтерілді.
Қаржекең еске алады: 2001-жылы 27 ақпан күні Бай-өлкедегі Ғылыми зерттеу орталығының жұмыстарымен Ұлан-Батырға барып келіп, үйде демалып жатсам, телефон шырылдады. Көтерсем Ақселеу Сейдімбек ағам екен. «Не істеп жатырсың?» дейді. «Демалып жатырмын» деп қоям. Ахаң: «Бұл демалатын заман ба, Иманғали інің мұнда отыр, сөйлес» деп, телефонды Иманғали Тасмағамбетовке берді. Турасын айтқанда Имакең келіп, кетіңіз ақылдасатын шаруа бар деді. Бұл ақпан айының 27-ші жұлдызы еді. Үш күннен соң ұшақпен Алматыға келіп, ертеңінде поезбен Астанаға тартып кеттім. Осылай астаналық болып шыға келдім.
Қаржаубай ағамыз әуел бастан басына бақ конған адам. Олай дейтініміз оның жұбайы Жәлей Әліғалиқызы жолдасының ер-тұрманын түгендеп, өмілдірік-құйысқанын бекемдеп, үнемі үлкен жолға аттандырып салып, отбасының берекесін ұстап отырады. Отбасында үш ұл және екі қызы бар. Ұлды ұяға, қызды қияға қондырған, әрқайсысы жоғары білімді, өз саласының майталмандары. Үлкен ұлы Есілтегін – кәсіпкер, қызы Толқын –медицина саласында, Бүбүбегім – Ұлан-Батырда жеке кәсіпкер, сүт кенжесі Елтегін де жеке кәсіппен айналысады. Міне, Жалей апамызбен Қаржаубай ағамыздың өнегелі жанұясында тәрбиелі балалармен немерелер өсіп келеді. Көзі тірісінде ғалым Ақселеу Сейдімбеков «Қаржаубай әйелге жарыған» десе, Академик Рымғали Нұрғалиұлы «Қаржаубайдың құты – Жәлей» дейтін еді. Бұл нақ шындық.
Қаржекеңнің артында мұрагері де, жалғастырушысы да, тіпті жоқтаушысы да ұлы Жантегін. Ол қазір әкесімен бірге түркологияны зерттеу саласында нәтижелі еңбек етіп жүр. 2011-жылы Орталық Моңғолия даласынан табылған V-VIIІ ғасырдағы түркілердің мұрасы жерасты Шатыртау кесенесін тапқан, қазып шығарған ғылыми экспедицияның бас археологының бірі ретінде аты тарихқа таңбаланып үлгерді. Қазақ айтатын: «Әкеден ұл туса игі, әке жолын қуса игі», «әке жолын қуған ұл» деген осы шығар.
Ал, Қаржаке, бұдан былай да баянды ғұмыр кешуді Алла сізге нәсіп етсін!
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.