Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӨЗ СӨЗІМ
Фариза Оңғарсынова және Майя Анжелу: феминистік кө...

16.05.2023 2728

Фариза Оңғарсынова және Майя Анжелу: феминистік көзқарас 14+

Фариза Оңғарсынова және Майя Анжелу: феминистік көзқарас - adebiportal.kz

Олар бір кезеңде өмір сүріп, бір жылда көз жұмған ақындар. Көз жұмған мезгілдеріне қарап, олардың кіл болмысы мен табиғатын суреттеуге болатындай. Бірі - қыстың соңғы айында, бірі - көктемнің соңғы айында әнеу дүниеге аттанған-тын. Сөз етіп отырған авторларымыздың бірі -  қазақтың көрнекті ақыны Фариза Оңғарсынова болса, енді бірі - афроамерикалық ақын Майя Анжелу. 

Мектеп жасында Фариза Оңғарсынованың шығармашылығымен: 

Телефон шыр етеді:

сонда менің жүрегім дір етеді,

көйлегімнің желбіреп гүл етегі

жүгіремін. Не пайда, сен емессің.

Тек қиялдау көңілді жүдетеді.

Кешке дейін неше рет дірілдетіп,

мәнсіз, әрсіз, алаңмен күн өтеді.

Телефон, шыңғырсаң да,

көтермеймін енді мен - қылғын, сарна!

Жүрегіме тыныштық бермей қойды-ау,

төбесінен бір қойып сындырсам ба?!

Әне тағы... сені ме!

Қоңыр дауыс!

Трубканы сүйіп мен тұрдым сонда, – 

деген өлең арқылы танысқан болатынбыз. Сол уақытта «көйлегімнің желбіреп гүл етегі» деген сөзіне бірнеше уақыт бойы қайран болып жүргеніміз әлі әсімде. Дәл осы секілді афроамерикалық ақын Майя Анжелудың шығармашылығымен: 

When you come to me, unbidden,

Beckoning me

To long-ago rooms,

Where memories lie.

Offering me, as to a child, an attic,

Gatherings of days too few.

Baubles of stolen kisses.

Trinkets of borrowed loves.

Trunks of secret words,

I CRY. – 

деген өлеңі арқылы таныстық. Ең қызығы, Майяның дәл осы «When You Come» атты өлеңін оқып отырып, Фариза апамыздың жоғарыдағы өлеңі есімізге түскен болатын. Дәл осы алғашқы сезім, дәл сол балаң көңіл. Бірақ, есімізде, Фариза апамыздың шығармашылығымен әрмен қарай таныса бастағанда, өлеңдері алғашқы сезімнен тіпті бөлек басқа арнаға алып кеткен еді. Себебі Фариза Оңғарсыновада біздің таптаурын түсініктегі «әйел образынан» бөлек, басқа дүние бар болатын. Қазір ойлап қарасақ, Фариза Оңғарсынова өлеңі мен өмірі арқылы модерн қазақ феминизмінің негізін қалаушылардың бірі деген қорытындыға келеміз. Теоритик Г.Г.Спивактың тілімен айтатын болсақ, «екі қат көлеңкенің астында қалған» постколониалды қазақ әйеліне «үн» сыйлауға тырысқан бірден бір жан бар болатын болса, ол – осы Фариза Оңғарсынова. 

Майя Анжелудың да өлеңдерімен танысқан сайын, мұхиттың арғы жағында Фариза апамызбен рухтас бір жанның бар екеніне көзіміз жете түседі. Себебі Майя Анжелудың шығармашылығымен таныс кез-келген адам, оның өлеңдерінен «торға қамалған құстың» еркіндікті аңсаған үнін ести алады. Бейне бір Фариза Оңғарсынова сынды кіл ұлттың қасіретін мойнына көтеріп аларлықтай күш пен қуаттың иесі екенін бірден сезеді. Біздің бұл сипаттамаларымыз, эмоцияға негізделмегенін мәтіннің ілгерілеген бөлімдерінде көздеріңіз нақты жетеді деген ойдамыз. Сонымен Майя Анжелу – Америкадағы нәсілшілдік пен әйел теңдігі үшін күрескен қайраткер, ақын, жазушы. Әрине, Майя Америка қоғамында қолына қалам алмақ түгілі, қалақ зорға алып жүретін кезеңде қайраткерлік пен шығармашылыққа оңай жете қоймағанын да ескергеніміз жөн.

They went home and told their wives,

that never once in all their lives,

had they known a girl like me,

But... They went home.

They said my house was licking clean,

no word I spoke was ever mean,

I had an air of mystery,

But... They went home.

My praises were on all men's lips,

they liked my smile, my wit, my hips,

they'd spend one night, or two or three.

But... 

Бұл Майяның «They Went Home» атты өлеңі. Осы шығарманың өзі жоғарыда айтқан қайраткерлік пен шығармашылыққа жету жолындағы «алағай мен бұлағай» кезеңдерінің дәлелі деп айтқымыз келеді. Бірақ Майяның басқа афро-америкалық ақындардан айырмашылығы, ол өз өткенін еш «тартынбай» мәтінге айналдыра білген жан. Оның «I Know Why the Caged Bird Sings» кітабы да өткені мен өтпегенін ашық әдеби мәтінге айналдырғаны үшін көптің ықыласына бөленді, қоғамның назарын өзіне аударды. Мұнымен қоса, Porgy мен Bess операсында актриса, Southern Christian Leadership Conference үйлестірушісі, кейіннен колониядан енді шыққан Мысыр мен Ганада журналист, түрлі теледидарлық бағдарламаларда сценарист, режиссер қызметтерін атқарды. 1982 жылдан кейін North Carolina штаты, Winston-Salem қаласы, Wake Forest университетінде сабақ берді. Дәл осы жерде өмір бойы Reynolds американдық зерттеу профессоры атағын да алды.

Мұнан бөлек, Анжелу азаматтық құқықтар үшін күресте де өз есімін қалдырғанын айта кету керекпіз. Тіпті Америкадағы нәсілшілдікке қарсы күрес көшбасшылары Martin Luther King және Malcolm X-пен бірге жұмыс істеді. 1993 жылы Анжелу  «On the Pulse of Morning» атты өлеңін АҚШ-тың 42-ші президенті Bill Clinton-ның ант беру салтанатында оқыды.  Бұл Америка тарихындағы 1961 жылғы Robert Frost-тың John F. Kennedy-дің президент сайлануында оқылған өлеңнен кейінгі алғашқы өлең оқылу еді. Бұл оқиғаға ерекше мән беріп отырған себебіміз, Майяның ол «мінберде» өлең оқуы – өзіне қатысты парадигмалық соғыста өзі қатыспай жеңіліске ұшыраған субалтерндердің алғашқы үн шығаруы болатын. Осылайша әйел теңдігі мен нәсілшілдікке қарсы өмірін арнаған Майя, өлеңінде де осы тақырыптардан алшақ кетпеді. 

Ал қазақтың көрнекті ақыны Фариза Оңғарсынованың өмірі мен өлеңі жайлы сіз бізден әлдеқайда көп білесіз, құрметті оқырман. Ақын апамыздың көзін көрген аға-әпкелеріміз үнемі «Фариза апаның көзіне тік қарай алмайтынбыз», «Ол кісі қылтың-жылтыңды сүймейді» және т.т. сипаттарды көп еститінбіз. Тіпті ақын өз өлеңінде де:

Жүреді біреу жақын кеп

сәлемдесуге бата алмай,

«мінезі шәлкес ақын» деп,

айтулы мен бір қаталдай.

 

Ал біздің үйдің ірі-ұсақ

балалары үшін ең дана,

ең жайлы, жаны жылы, шат

әлемде жалғыз мен ғана, – 

деп жазады. Өлеңінен де көріп отырғанымыздай, «мінезі шәлкес ақынның», шындығында «ең дана, ең жайлы, жаны жылы адам» екенін байқауымызға болады. Мұны Фариза апамызды тани білген адамдардың ешқайсысы жоққа шығармайды деген ойдамыз. 

Сонымен Фариза Оңғарсынова мен Майя Анжелудың болмысы мен табиғаты жайлы аз-кем репликадан кейін, жазбамыздың негізгі мақсатына ойыссақ. Мақсатымыз – қос ақынның шығармашылығындағы феминистік көзқарастарды зерттеу, ұқсастықтарын бағамдау һәм бағалау. Мұнымен қоса, жазбамыздың тарихи факторлармен емес, әдеби мәтіндер арқылы ілгерілейтінін ескерсек, қос ақынның шығармашылығындағы феминизмнің көріністерін «лотос гүліндей» су бетіне шығарып қарастыруға тырысатын боламыз. 

Мәселен, Майя Анджелудың шығармашылығында феминистік көзқарастардың берілу жолдары әртүрлі. Жалпылай айтқанда, Майяның кіл шығармашылығы Америка қоғамындағы нәсілшілдіктен бастап, афро-америкалық әйелдердің «тығырығы» мен «шарасыздығы» жолында оқылған манифест секілді. Бұл тұрғыдан қарастыратын болсақ, Фариза Оңғарсынованың езілген елдің еңсесін көтеру үшін һәм қазақ әйелінің тәуелсіздігін жырлаған өлеңдерімен ұқсастыра аламыз. Мысалы, Фариза Оңғарсынова өзінің «Ашыну» атты өлеңінде:

Адамгершіліктен басқаға

тәуелді болғым келмейді,

ұқпай-ақ қойсын ел мейлі,

елемей-ақ қойсын астана.

Әйтеуір біреу жерлейді,

өлеңімді ойып тасқа да.

Жайлауда тұрғым келеді

ақбоз үй тігіп, ән тыңдап,

жеңешелерім жарқылдап

жанарды жаулап желегі...

Дүниедегі бар қымбат –

сол ғұмыр маған керегі, – 

деп жазады. Осы үзінді арқылы ақынның біз ашқалы отырған табиғатына жақындай түскендейміз. Ақынның «тәуелді болғым келмейді» сөзінің астарына үңіліп көрсек, қазақ менталитетіндегі әйелдердің тәуелділігі, олардың үнемі екінші немесе үшінші орында болулары көрініс тапқанын байқауға болады. Десе де, «бұл қандай тәуелділік?» деген сұрақ ойымызға сап ете салады. Сұрақтың жауабы ретінде санамызда биологиялық еркек/ әйел ұғымдары жандана түседі. Әрине, биологиялық ерекшеліктер екі жынысқа да өзіндік ерекшеліктерін сыйлағанымен, бұл ұғымдарға «айдың арғы бетінен» қарап көрсек, тіпті бөлек нәтижелерге қол жеткіземіз. Ол үшін бізге Мишель Фуконың biopower концептісі жол сілтейді. Мишель Фуко ер адам физикалық тұрғыдан  әйелден күшті болғандықтан үнемі әйелді өз гегемониясында ұстағысы келеді дейді. Және мұны жоғарыдағы биоқуат (biopower) концептісімен түсіндіруге тырысады. Яғни, аталған биоқуат биологиялық жыныс шеңберінен шығып, мәдени эволюция сатыларына қарай ойысады. Нәтижесінде мәдени эволюцияның бұрмаланған құрылымы, әйелдерді «орталықтан шеттету» арқылы өзін бар етеді. Мысалы, қазақтың тілдік бейнесінде «қатын бастаған көш оңбас», «алтын басты әйелден бақа басты еркек артық», «жетесіз әйел ер қадірін білмес» сынды мақалдар сөзімізге дәлел бола алады деген ойдамыз. Осылайша, «орталықтан шеттету» процессі белгілі бір ұлттың мәдениетінен бастап, өмір сүру салты, ойлау жүйесіне дейін сіңіп, қалыпты жағдай ретінде көрініс табатын болады. 

Осыған дейінгі жазбамызда Дерриданың авторитарлы centralization (орталық) идеясы туралы айтқан болатынбыз. Яғни, Дерриданың пікірінше, барлық мағына бір орталықтандырылған. Ол «өз-өзін қамтамасыз еткен» және «тұрақты болудан» тұрады. Құрылымның барлық элементтері осы орталықтың негізінде бағаланады, бағамдалады және «болады». Ал тұрақты орталығы жоқ кез келген құрылым есепке алынбайды, көзге ілінбейді. Көзге ілініп, есепке алыну үшін, оның міндетті түрде бір орталыққа бағынуы қажет және міндетті. Орталығы жоқ немесе орталық тарапынан анықталмаған кез келген құрылым «болмайды». Жоғарыда тілге тиек етілген мақалдардың да орталығында ер адамның тұрғандығы және орталықтан шеттетілген элементтің, яғни әйелдің өз болмысына қол жеткізу үшін орталықтағы мәнге (ерге) тәуелділігі суреттеледі. 

Фариза Оңғарсынованың өлеңіндегі «тәуелді» сөзінің де астарында «орталыққа», яғни ер адамға және оның қалыптастырған ережелері мен нормаларына тәуелділік жатыр деп анық айта аламыз. Тағы да Дерриданың пікіріне сүйетін болсақ, орталық идеясының үстінен зорлық-зомбылық иісі мүңкитінін айтады. Яғни, орталықтағы болмыс (ер) үнемі орталық сыртындағы ұғымдарға (әйелге) зорлық-зомбылық көрсету арқылы пайда болады. Француз социологы, философ Пьер Бурдьенің 1998 жылы жариялаған «La Domination masculine» атты еңбегінде жыныстар арасындағы бөліністе үстемдіктің еркектер жағында екенін тарихи тұрғыдан зерттейді.  Тіпті аталған еңбекте әлеуметтік құрылымның өзі де ерлердің үстемдігін растау үшін орасан зор символдық машина сияқты жұмыс істейді деп жазады. Десе де, 1869 жылы Джон Стюарт Милл жариялаған «The Subjection of Women» еңбегінде «бір жыныстың екінші жыныстың үстінен үстемдігі дұрыс емес... және... адамзаттың прогресіндегі ең үлкен кедергілердің бірі» деген сөзі мен «әлеуметтік құрылым ерлердің үстемдігін растау үшін қызмет етеді» деген Пьер Бурдьенің пікірі арасында синтез жасайтын болсақ, «ерлердің үстемдігін растау үшін қызмет ететін әлеуметтік құрылым адамзат прогресінде үлкен кедергі» деген қорытынды шығады. Джон Стюарт Милл мен Пьер Бурдьенің арасында 1 ғасырға жуық уақыт бар екенін ескерсек, процесс ішіндегі прогреске күмәнмен қарауға негіз бар деген сөз. 

Бірақ мұндағы ең өкінішті дүние, орталық сыртындағы болмыстардың уақыт өте келе орталықтағы болмыстың гегемониясын қалыпты жағдай ретінде қабылдауында жатыр. Яғни, әйел заты өзін бар ету үшін орталықтағы ерге тәуелділігінен ешқандай қауіптілік көрмейтін болады. Пьер Бурдьенің тілімен айтатын болсақ, бұдан былайғы ер адамның физикасы бетпе-бет келу, тік тұруды суреттесе, әйелдің дене қалпы үстемдікке бағынудың белгісі ретінде иілу, еңкейу, кішірейу арқылы сипатталады. Бурдьенің тәртіп пен дененің арақатынасы туралы ойлары Фуконың «Түрменің тууы» кітабының «Оббициялық денелер» бөлімінде әзірлеген көзқарасқа өте жақын екенін де еске сала кеткеніміз жөн. Осылайша «орталықтан шеттетілген», «иілгіш, еңкейгіш» әйелдің мәдениеттегі тілдік бейнесінде «ерге жаққан қатын елге де жағады» немесе «қатын ашуланса қазан қайтанады» деген фреймдерден құралған сценарийлер арқылы көрініс табады.  Ал Фариза Оңғарсынованың біз сөз етіп отырған өлеңіндегі «тәуелді болғым келмейді» дегені - осы бір мәдени эволюцияларға қарсы протесті һәм бунты деп толыққанды айта аламыз. Яғни, бастығырылған, өз субъектілігін жоғалтқан қазақ әйелінің «ащы даусы» десек қателеспейміз. Өлеңнің атауы «Ашыну» екенін де ескерсек, біз түзіп отырған мәтін фреканстарының дұрыс орналасқанын көруге болады. 

Фариза апамыздың «тәуелсіздігімен» үндес, Майя Анжелудың «Still I Rise» атты өлеңі бар. Тіпті 1978 жылы жариялаған кітабының атауы да осы өлеңмен қойылған. Сонымен пікір айтпастан бұрын, әуелі өлеңінен үзінді оқып көрсек:

Did you want to see me broken?

Bowed head and lowered eyes?

Shoulders falling down like teardrops.

Weakened by my soulful cries.

Does my haughtiness offend you?

Don't you take it awful hard

'Cause I laugh like I've got gold mines

Diggin' in my own back yard.

You may shoot me with your words,

You may cut me with your eyes, 

You may kill me with your hatefulness,

But still, like air, I'll rise.

Does my sexiness upset you?

Does it come as a surprise

That I dance like I've got diamonds

At the meeting of my thighs?

Out of the huts of history's shame

I rise

Майя Анжелудың «Still I Rise» өлеңі «тәуелді болғысы келмейтін» субалтерннің «аяққа тұрғандағы» алғашқы сөзі іспетті. Мәселен, біз алып отырған үзіндідегі алғашқы жолдарына қарасақ, «Did you want to see me broken?/ Bowed head and lowered eyes?» деп басталғанын көруге болады. Яғни, «басым иіліп, көзімді төменге қадап «сынғанымды» көргің келе ме?», – дейді. Мәтінді оқып отырғанымызда, Майяның белгілі бір субъектіге үн қатып отырғанын байқаймыз. Субъект дегеніміз, орталықтанған элемент екенін біздің жазбамызды оқып отырған кез келген оқырман бағамдай алады деген ойдамыз. Мәтіндегі «бас иілу», «көздің төмен түсуі», «құлау» тілдік бірліктерінің қолданылуы жоғарыдағы Пьер Бурдьенің әйел затын суреттегенде «иілу, кішірейу, еңкею» сөздерін есімізге салады. Бірақ Майя «орталықтан шеттетілген» әйел бола тұра, «мен әлі аяққа тік тұрамын», – дейді. 5000 жыл бойы «тағдыр» деп есептелінген қасірет пен азаптың ішінен тік тұрамын, көтерілемін дейді Майя. Өлеңді назар салып оқыған кез келген адам, «тәуелді әйелдің» орталықтағы еркектің тарапынан көретін зорлық-зомбылықты да суреттегенін байқайды. Естеріңізде болса, Дерриданың пікіріне сүйене отырып, авторитарлы орталық идеясының генетикасынан зорлық-зомбылық бар екенін айтқан болатынбыз. Яғни, орталықтағы еркек орталық сыртындағы әйелге зорлық-зомбылық көрсету арқылы, әйелге белгілі бір субъект емес, жыныстық объектілер ретінде қарап, өз-өзін бар етеді. Міне, осы көріністі Майя Анжелу өз деңгейінде суреттеуге тырысады. Үзінді келтірілген өлеңде «You may cut me with your eyes» сөз тіркесі де біздің қозғап отырған мәселемізді қуаттай түседі деген ойдамыз. Мұнымен қоса, Майяның өлеңде «кесу», «өлтіру», «ату» сынды агрессия тудыратын «өткір» сөздерді қолдануын да, ерлердің әйелдерге жасаған зорлық-зомбылығымен байланыстыра аламыз. Бірақ Майя «бәрібір ауа сияқты көкке көтеріледі». Дәлірек айтсақ, «адамгершілікке ғана тәуелді әйелдің барлығы аяққа тік тұрады» һәм тұруға толықтай құқығы бар деген қорытындыға келеміз.

Әрине, біздің бұл жазбамызда Фариза Оңғарсынова мен Майя Анжелудың шығармашылығын толық қамтыдық деп есептей алмаймыз. Десе де, қалыптасқан метафизиканың құрылымын бұзып, «айдың арғы бетінен» қарауға мүмкіндік тудырдық деген ойдамыз. Сөз соңында қазақтың көрнекті ақыны Фариза Оңғарсынованың шығармашылығы қазақ әдебиетіндегі феминизмнің айқын көрінісі ретінде бұдан да терең зерттелуге сұранып тұрғанын бек сеніммен айтқымыз келеді. 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар