(Эссе)
Қазақстанның Халық жазушысы, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлық лауреаты, Түркияның Халықаралық «Түрік дүниесіне қызмет» сыйлығының иегері, Улан-батордағы Халықаралық Шыңғыс хан Академиясының құрметті академигі Мұхтар Мағауиннің 80 жылдығына орай.
БАСТАУ
Менің бірінші көргенім: төрде отыр екен. Салмақты, байыпты, маңғаз. Атағы дүркіреп тұрған алапат романға көп мадақ айттым, бірқалыпты, немқұрайды тыңдағандай көрінді, әлде әсер еткен жоқ, мүмкін, мақтауға үйреніп алды. Сосын, әңгімеге өзі араласты – ол енді жарықтық Арқаны ардақтай сөйледі, дәріптеді, қазақ қоғамына беймәлім маңызды деректер келтірді. Өкінішін де ортаға салды, соңғы жылдары сақарадан шыққан ақын-жазушы қатары азайып кеткенін де алаңдап алға тартты. Жасымды сұрады – жиырма үштемін, дедім. Әлі уақытың бар, көп оқы, үнемі жаз. Қарапайым өсиет, бірақ, оны орындауға қаншама қажыр-қайрат, ерік-жігер қажет. Алайда, жанашыр ағаның осы бір ақыл-кеңесі есімде мәңгі сақталып қалды. Онсыз да бейнетқор едім, ұстаздың ақылы мені одан сайын қамшылай түсті.
Жас күнімде, қайратым көп, тоқтаусыз жаздым – тұрақты оқыдым. Қазір де ғадетім өзгерген жоқ, кішігірім табысқа жетіп, ел аузына ілігіп жатсам да, бір тоқмейілсіп көрген емеспін. Жайма-шуақ жаз айларында Қарқаралы өңіріне, жайлы ауылға демалысқа кетіп, үш ай уақыт ішінде, шілде-тамыз, ұзақ маусым оқып-жазудан басқа ештеңе білмейтінмін. Ақтеректе жүріп “Аласапыранды” тауыстым, жалпы, бұл романды екі мәрте қолға алдым, жұрт қызығып, жоғары бағалаған жорға мәнер кітапқа бас қойғанда, өзі жетелеп отырады, қиналмай, оңай бітіріп шықтым: 1991 және 1997 жылдары.
Қайрат (Сламбеков) жездеме ырзамын. Мен барғанда, жаны қалмай күтетін, жазуыма жағдай жасайтын, орман аралап, тау-тас кезіп, шың-құздарына көтеріліп, шуақты күндері көлге шомылатын едік.
Циклоп қақпасы деген, жота бетінде айдыны жылтырап жатқан шағын көлшік болатын, биік қабырғалары тік, түбі терең, грек мифологиясы мен поэмасы қайран Қарқаралы жеріне дейін жеткен екен дейтінбіз.
Сол Қайрат жездем екеуміз Мұқтар Мағауин шығармашылығы жөнінде көп сыр шертісетінбіз. Кітап-романдарын талдайтын едік. Қайрекең, сұңғыла адам, “Аласапыранды” шағын-шағын эпизодтарына дейін жатқа білетін. Кез келген әңгімеге қолма-қол араласып кетуші еді.
Біздің жақта ертеден Мұқтар Мағауин культі қалыптасқан болатын: кезінде өзі қалпына келтіріп, қайта тірілткен, баспаға бастырып, қазақ руханият кеңістігіне жолын ашқан жыраулық поэзия бәріне етене таныс, жойқын толғауларды қатты жақсы көретін едік. Ерлікті жырлаған, елдікті насихаттаған, алаштың асыл армандарына шақырған кемел туындылар жас ұрпақты жігерлендіріп, қайраткерлерді ұлттық мұрат-мүдделерге бастайтын. Қазақ екендігімізге шын мәнісінде қуанатынбыз. Пенде ұлтын таңдамайды, бірақ, өзінікі болған соң, шексіз сүйеді, демек, сүйген халқыңды аялауға, ардақтауға, асқақтатуға еркің бар. Бұл азаттық деп аталады. Бас еркіндігін ұлт бостандығында, жерге иелігін жұртың тіріде. Өлі халық ойдан кетеді, бар мұрасы талан-таражға түседі. Сондықтан, елдің саны еселенуі тиіс.
Мұқтар Мағауин бізге халқымызды ашық сүюге үйретті. Ұлтымызбен мақтануға шақырды. Әр елдің өз жұртына деген махаббатын құрметтеуге, қадірлеуге өнеге болды. Абай тағылымына деген тағзымы адам нәсілін ағайын көргендігінен байқалды: адамзатты бауырым деп бауырыңа тартуың қажет.
Қарқаралы аясында жаз да керемет өтуші еді. Самал желі шашымызды қозғайтын. Жұпары басымызды айналдырып, есімізді шығаратын. Үйге, далаға сыймаған, ернеуінен асып, терезеден, сенектен, желгеөзектен есік алдына құйылған мол ыстық аулада үйіліп жататын. Кейде арбаның астында тілін салақтатып жатқан тазы, төбет, алабай іргесінен тасып, көшеге, сыртқа төгілетін. Елде шілденің шіліңгір ыстығы басталғанда, ешқашан аяқталмайтындай көрінуші еді.
Үлкен көл, Шайтанкөл, Мәліксай, даңқты шың-құздары, Бопай асуы, Мәди үңгірі, қалың арша, сыңсыған қарағайлы орман-тоғай, ақселеу шөп, сиырбүлдірген, өзен-сайдың бойын қуалаған жабайы жидек, қуыс-қуысқа қамалып өскен таңқурай, қарақат, итмұрын, топ қайың, шоғыр-шоғыр үйеңкі, терек, бәрі-бәрі жастық шағымды, бала кезімді әлі күнге шейін есіме түсіреді.
Таң қылаң бере, арба сықырлап ауылдан шығатын еді. Ұйқыда жатқан ел, енді ояна бастаған жұрт, таң мезгілі ескі арбаның сиқырлы сықыры ертегілер еліне апара жатқандай таңғажайып бір әсерге бөлейтін. Бір сағаттан соң, біз тау етегіне жеткенде, арба доңғалақтары қисалаңдап шөп басына, атам шауып жатқан сайға тұмсық тіреп барып, қалт тоқтағанда, біз жерге қарғып-қарғып түсетін едік, жол-жөнекей қара сирақтан байлаған түйежапырақтарды аяғымызбен бырт-бырт үзіп, қуаныштан бет ауған жаққа жүгіре жөнелетінбіз. Сол кезде алақайлаған айқайымызды естіп, дала ұйып тыңдағандай, дүние бір құпия тылсымға тұнып тұрғандай көрінетін.
Бірде Қарқаралы тойына Мұқтар Мағауинмен бірге еріп бардым. Қарағандыға дейін пойызбен келдік. Әрі қарай жомарт ағам Мағауия Сембайдың жорға көлігіне міндік. “Волгамыз” да жұлқынып тұр екен, Қарқаралы қайдасың деп, ауыздығымен алысқан асау тұлпардай заулай берді, түс әлетінде Көктас ауылына, ел шетіне іліндік. Көктаста Қайрат жездем дастарқан жайып, ет асып, табақ тартты. Артынан кәрлен кеселер тізіліп, жұпары аңқып шай келді. Үнді шайының қою иісі танауымызды қытықтап, төңірегіне, жан-жағына бұрқырап, үйді түгел алып кетті. Мұқтар аға Шерхан жиеніме бата беріп, біз астан соң, тойға асығып, Қарқаралыға суыт аттандық. Ардақты аға Тәттімбет, Мәди, Қасым ауылын, елдің өңін, ажарын көріп қайту үшін жиынды сылтауратып Арқаға арнайы келіп кеткен еді.
Мұқаң – қалай жазса, тіл қатып сөйлегенде де тап сол көркем деңгейден түспейтін қаламгер. Сөз құнары ауызекі әңгіме кезінде құрып, төмендеп кетпейді. Қаламы да, ауызша айтқаны да бір-біріне тең, бір-бірінен асады.
Виртуоз қалам иесі.
Кемел тұлға. Көркемдік дәрежесі биік, көңілінде алаң да, беймазалық та, аласапыран да, тыныштық та бар. Тыныс белгілерін жазу мәнеріне, образ бөлшегіне (деталь) айналдырған, көркемдік дәрежеге жеткізген кәсіби жазушы. Керек сөзін қиналмай табады, сөйлемін еркін құрайды. Ойы – анық, қиялы – ұшқыр, сөзі – қанатты.
МОДЕРН
Әлемдік модернизм теориясы, ізденістері мен нақты үлгілері өткен ғасырда қазақ прозасына да қатты әсер ете бастады.
Модернизм – XX ғасырдың басында дүниеге келген, бір-біріне ұқсас, мүдделес, ұстын-түсініктері ортақ, түрлі ағымдардың басын біріктірген қозғалыс. Кейін, қырық/елу жылды артқа тастап барып, ол XX-XXI жүзжылдықтар тоғысында постмодернизм философиясына ұласады.
Әдетте, ел көп айтатын, алайда мағынасын бәрі бірдей түсіне бермейтін, үнемі талас тудыратын, қазақ өнерінде, тіпті, әлем руханиятында екі өткір мәселе бар: ол – кино тілі мен жазу стилі.
Екеуі де постмодернистік теорияда аса маңызды рөл атқарады. Десек те, шығу тегі – модернизм. Иосиф Бродский бір эссе/мақаласында модернизмді классиканың нығыз және ықшамдалған түрі деп атайды. Әрине, ол басты қағидасы, айырма-белгісін алға тартып отыр. Төменде одан басқа да талаптарын таразыға тартып көрмекпіз.
Мысалы, лингвистикалық сөз қуалаушылықты азайтып, уақиғаны көбейту мәселесі. Бұл жерде әрекет уақиғасынан бөлек, сезім уақиғасы мен ой уақиғасы да ескеретін аса маңызды жайттардың бірі.
Яғни, уақиғаны әңгімелеуге, баяндауға қатыспайтын, белсенділігі төмен, кез келген басы артық көркем сөз қысқартылуы тиіс.
Эрнест Хемингуэй “айсберг” деп атаған модернистік әдіс классикалық үлгіге айналды. Сосын, уақиғаны өз басыңнан кешіп отырғандай күйге жеткізу амалы (“эффект присутствия”), атмосфера орнату қабілеті модерндік шығармаларды әсер-ықпалға, эмоцияға байыта түсті.
Сөйтіп, бірте-бірте модернизм шарттары қалыптасты: сөз – нақты, әрекет – анық, сөйлем – қысқа. Тіл қолданысы қатты өзгеріске ұшырады. Мәтін айқындылығын сақтады, алайда, шығарма астарлап сөйлей бастады, оны сана ағымы (ағысы), тіпті, түсініксіздендіріп жіберді, қызық жағдай, мазмұн бір бөлек, мәні – бір бөлек (Уильям Фолкнер, Томас Манн, Фрэнсис Скотт Фицджеральд, Эрнест Хемингуэй, Хорхе Луис Борхес).
Жалпы, модернді – әдебиеттанушылар, сыншылар, зерттеушілер – ресми түрде үш бағытқа жіктейді,: Джеймс Джойс (“Улисс”), Франц Кафка (“Тас қамал”), Марсель Пруст (“Уақыт ізі”). Үшеуіне тән бір қасиет, ол – Уильям Джеймс ашқан үздіксіз (шексіз) сана ағымында өмір сүрген біртүрлі мінезді кейіпкерлер шоғыры.
Бірақ, қазақ прозасында модерндік өзгерістер, үрдістер Еуропадағыдай тегеурінді, екпінді, қуатты жүрген жоқ. Біздің ұлттық нұсқада күші әлсіз, серпіні нәзік, әсері жұмсақ болды.
“АЛАСАПЫРАН”
Біз талдап отырған автордың шығармашылығы классикалық үлгі мен модерндік нұсқа қиылысында жатыр, қос әдіс-тәсілдің екеуі де виртуоз қаламға туыс, жасанды хал-ахуал, жалған атмосфера ғана жат, бір туындысы хикаят тұрғысында жазылса, екіншісі таза модерндік проза мәнеріне құрылған. Кейде аралас-құралас келеді.
Мұқтар Мағауин – мәтінге аса ұқыпты, жазғанына жауапкершілікпен қарайтын қаламгер. Тырнақалды туындылары – “Бір уыс бидай” мен “Бір қадақ бидай” және “Тіленші” әңгімелерінен бастап-ақ – таңдап алған модерндік жолды классикалық бай образ, құнарлы тіл, эпикалық масштабпен үйлестіріп отырады. Тұрақты сөз тіркестері, эпитеттер, метафоралар, ақындық теңеулер, әдіп-өрнек, тегінде, қысқа қайырған ықшам сөйлем, нығыз мәтін, шағын көлем, демек, модерндік үрдістермен тоқайласады, тіпті, әредік ғылыми көзқарас, тарихи деректер шығарманың өне бойына шымырлай сіңіп, мәтін тереңіне дендеп енеді.
Жырдай жұп-жұмыр. Жалпы, “Алсапыран” – ақындық проза үлгісіне жатады. Өлең, тегінде. Шексіз поэзия. Толғау, ұзақ бәйіт. Баллада деп те танысақ, шатаспаймыз. Бетін ашсаңыз, бүкіл мәтін ән салып тұрғандай күйге ұшыратады. Тарихи деректер (құнды жәдігерлер) мен көркем өнердің сәтті бірігуі. Екі түрлі амал-әрекеттің ұштасуы.
Ғажап! Роман өзі жетелеп отырады. Екпіндетіп жүресіз, ентелеп ілгері ұмтыласыз, мәтінге дән ризасыз. Ритм, темп қатты, үдей түседі. Шағын шарттың үлкен белгісі. Үздік үлгі. Әр үзік сөйлем биік сатының үздіксіз баспалдақтары тәрізді. Мақсат жоғарыда, үнемі тынбай, дамылсыз көтеріле бересіз. Шыңына шыққанда, айнала, төңірек түгел өзі көрінеді. Бұл – қазақ әдебиетінің асқақ биігі. Сөз салтанаты, сөйлем мерекесі, ой бақыты – өмір сүретін жер.
Қала берді, проза жанрында жазылған әлемдік озық шығармалардың бірі. Мағауин туындылары ішіндегі модернистік талаптарға сай көркем дүниелердің тым бұласы да, ең сұңғыласы да осы – “Аласапыран”.
Кітапты тауысқан соң, әсері қан тамырлары бүлкілінен сезілетіндей, дүрс-дүрс соққан жүрек дүрсілінен білінетіндей. Бір екпін, бір ырғақ. Шытырман шығарма баяны, бәрін бір өзіне байлаған желі, оқу жылдамдығына сай лездікпен өрістеп отырады. Жаныңызды нұрға бөлейді. Тербетеді. Тебірентеді. Кеңістік айдынында уақыт қайығымен жүзген қайғы...
Ән. Құйқылжып жоғары көтеріледі, құлдилап төмен сорғалайды. Биіктегенде, шырқау шегіне жетеді, еркін құлағанда, шыңырауына байланады.
Мазмұны – қазақ елінің қилы кезеңі. Мәні тарихи сана қалыптастыруда жатыр. Тарихи сана – ұлттың есі. Өзін ұмытқан, жады тұманданған халық – құл.
Советтік озбыр идеологияға, қиянатшыл саясатқа деген қарсылық. Удың емі, дерттің дауасы.
Хикаят тарихи деректерге арқа сүйейді. Дәйекті, шын уақиғалар сұлбасы, бұрмалаушылықтан ада. Қиын да күрделі жол. Әдетте, көп жазушы тарихи материалды игере алмай, шығарманың көркемдік сипатынан, сапасынан айрылып қалып жатады.
Бұл роман – жәдігер мен жадтың, өнер мен өмірдің таңғажайып симбиозы. Көркемдік пен шындықтың бір-біріне байлануы. Бір-біріне кіріктірген, үндестігін тапқан, үйлестірген – жазушы таланты.
Сюжеті де қазақ тарихының күрделі тұсы. Жаугершілік уақыты. Жан-жақтан анталаған жау көп, алаш жеріне, айбынды қалаларына көз алартқан дұшпан да жеткілікті.
Мағауин сөзді анық қолданады. Әр сөзі – метафора. Тәмсіл, аңыз, әфсана. Жеткізіп айтады, асырып сөйлемейді. Демек, пафос жоқ, фальштен ада.
Хандықтың өсіп-өркендеп келе жатқан шағы. Керей мен Жәнібектен соң, Қасым хан, Салқам Жәңгір, Есім хан заманынан өрісі кеңіген, қуаты артқан Орда билігі он алтыншы ғасырда Тәуекел хан қолына көшеді.
Сол тұстағы қоғамдық-әлеуметтік жағдай, халық тұрмысы, хал-ахуалы асқан шеберлікпен баяндалады.
Тақ мұрагері Ораз-Мұхаммедтің Ордадағы ғұмыры, патшалық Ресей жеріндегі күресі, Ай-шешек-бегім, Қадырғали Жалаири, Едіге би ұрпағы Петр Урусов образдары, жалпы, тарихи тұлғалардың көркем бейнелері оқып отырғанда, шындығына күмән келтірмейсіз. Көркемдік шындықтың күші сендіре білуінде.
Әр эпизодтағы шағын көріністер, жанама әдеби қаһармандар, Томан би, Манақ батыр тәрізді ер мінезді бекзат тұлғалардың кейіптелуі де үздік шыққан. Ділшат образы да келісті.
Қалың романда қаптаған мол уақиғалар желісі модернистік дәлдікпен жазылған. Көшпелі тұрмыс суреттері, қым-қуыт өмір салты, мал кәсібі, аңшылық өнер, саятшылықты сипаттауда автор ұстанған принциптерінен адаспайды.
Қазақ хандығының жүргізген сыртқы саясаты, күшейіп келе жатқан көрші мемлекеттермен орнатқан өзара қарым-қатынасы, Иран, Бұқара, Сібір елдерінің саяси-экономикалық, мәдени-әлеуметтік жағдайы романда нанымды суреттеледі.
Әрине, “Аласапыран” – Мұқтар Мағауин шығармалары ішіндегі озаты. Ол – басқа да үздік романдардың авторы: “Көк мұнар” (1972), “Көкбалақ” (1979), “Шақан Шері” (1993), “Сары қазақ” (1991), “Мен” (1998), “Жармақ” (2007) секілді туындыларды дүниеге әкелді.
ХИКАЯТ/ПОВЕСТЕРІ
Автор – повестің де шебері. Ертеде, бала кезімде, “Бір атаның балалары” (1973), “Жыланды жаз” (1978), “Өмір жыры” (1978), “Тазының өлімі” (1969), “Ер Тарғын” (1979), “Жүйрік” (1980) тәрізді бірнеше повестерімен (хикаяттар) таныстым. Көп жері әлі күнге шейін жадымда, есіме түссе, жанымды тебірентіп, көңілімді толқытады. Мұңлы қаһармандардың тағдыр-талайы мазалайды да тұрады. Жазушы қойған сауалына жауап іздеймін. Көркем дүниенің әсері ұзақ болады екен.
“Бір атаның балаларын” оқып, қатты таң қалдым. Сәтті туынды, сюжеті де дәл табылған. Атауы алапат, тақырыбы терең.
“Жыланды жазда” ауыл баласының балық аулаған сәті асқан шеберлікпен бейнеленген. “Өмір жырындағы” махаббат, сүйіспеншілік тақырыптары адам бойындағы асыл сезімнің оянуын, жасампаздыққа жетелеуін айшықтайды, бәрі де тамаша, әсіресе “Тазының өлімі”.
Форма тұрғысынан қазақ әдебиетіне үлкен жаңалық әкелген шығармалардың бірі. Бірегейі де. “Көксеректен” кейін осындай кемел дүние тууы керек еді. Туды. Тілі жатық, қысқа сөйлемге құрылған озық туынды. Тазы тіршілігі жақсы жеткізілген. Бірінші сөзінен бастап, Габриэль Гарсиа Маркес тұжырымдағандай, “сиқырлап тастайды” немесе “арбап алады”. “Тазының өлімі” әлем аза тұтқан қайғы, ғалам қабырғасы қайысқан қасіретке айналады.
2007 жылы “Атамұра” баспасы Мұхаңның “Кесік бас – тірі тұлып” (2005), “Қыпшақ аруы”(2004) және “Қисық ағаш” (2001) атты туындыларын біріктірген жинақ жариялайды. “Жармақ” (2007) бөлек шықты.
“Кесік бас – тірі тұлып” хикаяты адам нәсіліне де жатпайтын хайуан, дәлірек, шын мәнісіндегі, қанды қол қарақшы – Дамбийжанцан Амурсанаев туралы. “Мағауинше – Дамби-Жанцан немесе Жа-лама”, деп келтіреді Бекен Қайратұлы. Әрі қарай былай жалғастырады: “Сонымен, 1912-1914 жылдары Моңғолияның батыс өңірінде пайда болып, жоңғар-ойраттық орталығы Қобда қаласын қытайлардан азат етуге атсалысқан, артынан осындағы қазақтардың басына қайғы әкелген, тап бір “Ақтабан шұбырынды” жасаған, Қобда қазақтары тарихында “Жа-лама айдаған” дейтін лаң туғызған бұл адам кім?”
Мұқтар Мағауин хикаятын: “Тауарих мезгілі – 1891-1925 жылдар аралығы, мекені – Қазақ Алтайының шығыс, Қобда беті, Орталық Моңғолия, Қара-Гоби шөлі, Санкт-Петербург, Прага”, деп бастайды. Еділ бойында туып-өскен залым Жа-Лама елді қалай өзіне иландырғанын, қайтіп соңынан ерте білгенін, бейнетқор автор дәлдікпен, баппен жеткізеді. Сосын, өзін Әмірсана шөбересі деп жариялаған, батыс өлке жұртының тынышын алған, мазасын кетірген, ел ішін бүлдірген Доқшын-ноян-хұтұхты, яғни Дамбинжанцан Амурсанаев немесе Дамби-Жанцанды атқа мінген үш қызыл шерік – Нанзын-батыр, Дұғар-бейсе және Дашы – бекінісіне, қамалына арнайы іздеп келіп, жаңа өкімет тапсырмасы бойынша қапияда тапаншамен атып өлтіргенін, басын кесіп алып, тұздағанын, ыстағанын жазады. Жазушы бейнелеген “Кесік бас” дәл қазір Петербордағы Эрмитажда сақтаулы көрінеді. Шығармаға үн қосқан Бекең Мағауиннің ресми деректерден ауытқымағанын қуаттайды. Демек, жазушы тарихи материалды игере отырып, көркемдік дәрежесіне нұқсан келтірмеген. Екі жаққа да қылаудай қиянат жасамаған. Бұл қаламгердің көп жылдан бері күрделі жанрды кемел меңгергендігін көрсетеді.
Мағауин тақырыбына қалам тарту қиын. Әу бастан шарты бар. Адал ниетіңізге – қатаң талап. Демек, Мұқтар Мағауин жайлы, шығармашылығы туралы жазу үшін тарихты білу керек.
Жеңілдігі де жоқ емес: бүкіл шығармашылығы, барлық дүниесі хронологиялық, тақырыптық, идеологиялық тұрғыдан жүйеленген. Көп томнан тұратын алып бір диссертация сияқты. Бәрі ғылыми тәртіп-талапқа бағынған.
Әсілі, “Кесік бас – тірі тұлып” – XX ғасырдың басында өткен қым-қуыт уақиғаларға жарық түсірген шығарма. Қазақтың ғана емес, одақтық, қала берді, әлемдік тарихтың бір бөлшегі.
Тақырып тұрғысынан кең тынысты туынды. Мазмұн жағынан аса қасіретті, шиеленісті шығарма.
“Кесік бас” Кунсткамерада, көрмеде тұрған. Кейін қараусыз қалғанда ептеп бүлінген, қазір формалинде суаттап жатыр екен.
“Тірі тұлып” хикаясына келсек, деп жазады Бекен Қайратұлы, тұлыптың ақы иесі белгілі: марқұм Ақымбек атамыз.
Ал кітап авторы “64 – 64” тарауында: “Жа-лама қастерлеген тұлып – бақытсыз қазақтың тірідей сыпырылған терісі – қандыра иленген, бар кейпін сақтаған тұлып тағдыры сәл өзгеше қалыптасты. Әуелде Жа-ламаның қадамын қырыққан капитан Булатовтың қолына түскен еді. Ол қаныпезер қарақшының қылмысты істерінің бір айғағы ретінде өзімен бірге ала кетеді. Анығы–18-інші бұлғақ жылы Иркутскіде тұруы. Және чехословак легионының әпесері Вацлав Копецкиймен ежеттес дос болуы. Алас-күлестен соң еліне қайтқан чех жігіті досы сыйға тартқан тірі тұлыпты өзімен бірге әкетуі. Сол қалпы әлде қойма, әлде сандықта сексен жыл жатқан. Ақыры бұл тараптағы қауым да орыс өктемдігінен азатқа жеткен соң, дүние кеңейген кезде, Копецкийдің әлде немересі, әлде шөбересі біздің тұлыпты Чех Республикасының астанасы – Праганың қақ төрінде тұрған Ұлттық музейге табыс еткен. Тап-таза бүлінбеген, әсем, әдемі қалпында”, – деп жазады.
Өз мақаласының соңында Бекен Қайратұлы: “Кесік бас” (Жа-лама) пен “тірі тұлып” – қазақ Ақымбектің тағдыр-талайы қасіретті аяқталғанын, бірінің басы Эрмитажда тұрса, екіншісінің тұлыбы Прага қаласындағы Ұлттық музейде екенін, ал Ақымбектің ұрпағы дәл қазір аман-есен жүріп жатқанын келтіреді.
Бекен Қайратұлы ойын былай түйіндейді: ”Ғалым З.Қинаятұлының пікірінше, А.Бурдуков пен Дамби-Жанцан “сыбайлас” болған. Екеуі де өз деңгейінде тыңшылық жұмыстар атқарған. Жа-лама орыстар үшін Моңғолиядан қытайды қууға қажет болса, Бурдуков моңғол тілін жетік білгендіктен, халық арасындағы саяси ахуал туралы хабар беріп тұрған. 1921 жылы Моңғолияда төңкеріс орнап, ел социализм жолына түскеннен кейін Жа-ламаның саяси бүліншілік ұйымдастыру қызметі де аяқталған сыңайлы. Сол себепті Қытаймен байланыс жасамай тұрғанда тезірек көзін жойып жіберген. Ал біздің “тірі тұлыпқа” айналған Ақымбек ағамыз – осы алас-күлес сая-саттың құрбаны. Айналып келгенде осының бәрі – “Қытай елі моңғолды сіңіріп кетпесін”, – деп жасаған орыстардың әрекеті”
Енді бір азамат – Жүкел Хамай шығармаға жақсы баға береді: “Осыдан екі үш жылдың алдында Мұқаңның (Мұхтар Мағауин) “Кесік бас – Тірі тұлып” хикаясының әсерлі тұстарынан қазіргі моңғол тіліне аударып үзінділер жариялаған едім. Сол-ақ екен, “құда түсушілер” көбейіп, хикаятты толық аударып беруді, соның желісінде фильм түсіруді қалағандар да табыла кетті. Ғалым Боқаш бауырым арқылы Мұқаңнан аударуға рұқсатын алып, аударылған нұсқасын Ұланбатырға жібердім. Бізде болмаған қызу талқылау сол жақта жүрілді. Оның көркем шығарма екенін түсінгендер, бір сөзін де қалыс қалдырмай, әдебиет тұрғысында кеңінен талқылап, оның жалпы көшпенділер тарихында теңдесі жоқ туынды екенін мойындап жатса, келесі топ шығармаға қолдау көрсеткен адамдарды сынап, оның Моңғолияның тәуілсіздігіне қатысты көптеген “құпияның” пердесін ашатынын айтып, шығарманың жария етілуі моңғол оқырмандарына кері әсер беретінінен сақтанды... “Қазіргі көшпенділердің арасындағы ең ұлы жазушы” деген атақты Мұқаңа оны жақтайтын моңғолдар берді. “Шыңғыс ханды” аударсаңыз деген де ұсыныс түсуде... Оны енді уақыт көрсетер”.
“Қыпшақ аруы” мен “Жармақ” хикаяттары – жазушының жаңа кезеңі. Әрине, қазір фэнтези деп аталатын жанр, ғылыми фантастикадан бөлек болса да, Мағауин туындыларында екеуі бірігіп кетеді. Еркін, ұшқыр ой-қиялдың ойлап тапқаны ғылым, өнер күшімен қуаттана түседі.
Мәні – ұлттық сана қалыптастыру мәселесі. Бірінде көне заман, бірінде кешегі дәуір бүгінгі күнмен арпалысады. Мағауин үшін ұлттық сана – жеке тұлға немесе дербес ұлт өміршеңдігінің барометрі. Ұлттық санадан айрылған ұлт ажал құшады. Жақсының да, жаманның да бастауы тілден көрінеді. Тіл мен сана тығыз байланысты.
ӘҢГІМЕЛЕРІ
Қаламгер Мұқтар Мағауин әңгіме жанрында көп еңбектені белгілі. Осы тарауда біразының аты аталады. Тырнақалды дүниелері – “Бір уыс бидай” (1960), “Бір қадақ бидай” және “Тіленші”.
Кейін “Тарпаң”, “Иесіз”, “Алтыбақаннан соң”, “Тұлымханның бақыты”, “Архив хикаясы”, “Менің балаларымның туысқан ағасы”, “Шеше”, “Көк кептер” туындылары “Иесіз әңгімелер” деп аталып, бір тақырыпқа жинақталады.
Сексенінші жылдары “Әже” (1984), “Биік үйдегі бөрбасар” (1984), “Жындыбас” (1984), “Төле мен Шөже” (1988), “Болезнь Боткина” (1989), “Алтын тіс” (1988), “Тәртіпті азамат” (1984) жарық көреді.
“Доңыз жылғы балалық” деген атаумен тақырыптас төмендегідей шығармалар топтастырылады: “Оң мен сол” (1990), “Пүркоралдың көк аты” (1990), “Қант пен ірімшік” (1990), “Құлаққа талас” (1990), “Климмен күрес” (1990), “Абақтыда өлген Уан атам” (1990), “Тассудан өткен қашқындар” (1991), “Әскержанның ағасы” (1990), “Ең әділ сайлау” (1990), “Гимн” (1990), “Шығырық” (1989).
“Тамыздан соңғы әңгімелеріне”: “Жүсіптің қызы Светлана” (2000),“Қара қағаз келген Салық ағам” (2001),“Жаздыгүн шілде болғанда” (2000). “Нала”, (2001) “Карлагтан хат” (2001), “Орыстың төресі” (2001), “Ұлт-аралық жанжал” (2001) жатады.
Әр жылдары жазылған тағы бірнеше әңгімелері бар: “Өлі мен тірі”, “Бес түлік”, “Құмырсқа-қырғын”, “Менің түрлі түстерім”, “Подонок”, “Әбдіғаппар сері” (1989), “Ақжалға кеткен Сeйіттің баласы” (1988), “Қасқыр – Бөрі”, “Қос ағаш”.
“Әбдіғаппар сері” Мұхаңның басқа да шығармалары сияқты қазақ тағдырын бейнелейді. Оқшау, жеке адамның емес, ұлттың, халықтың қияметін жазады. Қазақ Әбдіғаппар өнері, серілігі, еркіндігі жолында ғұмырын құрбан етеді. Айдалады, азап шегеді, бейнет көреді, бірақ қайтпайды. Ұлт дәстүрін қастерлейді. Ел тағдырына алаңдайды. Қиындықтан, қорлықтан көз ашпайды, алайда қазақ мұратына адал, берік, жақ.
Тұңғыш баспа жүзін көрген шығармасы – “Кешқұрым” әңгімесі (1964).
ҒЫЛЫМИ ЖАЗБАЛАР
Ол 1965 жылы көп жылғы бейнетінің жемісі, XV-XVIII ғасырларда жасаған қазақ ақын, жыраулары туралы монографиясын жариялайды. Кіріспесінде Кет-Бұғаның ұлы қаған Шыңғыс ханға аяулы перзенті Жошының өлімін күймен естіркені туралы баяндалады.
“Осыдан үш күн бұрын... Қыпшақ даласының билеушісі Жошы аңнан оралмады... Ақыры, кеше, күн ұясына қонар шақта, ханның мүрдесі табылды. Ажалы аңнан келгені, я жаудан келгені белгісіз. Бас уәзірдің шешімі бойынша Кет-Бұға сол қайғылы хабарды – Жошының өлімін естірпек... Ал қаралы хабарды жеткізушінің жазасы – өлім!” деп жазады жас ғалым. Сөйтіп, қобыз жеткізеді.
Көлемі жүз сексен беттен тұратын ғылыми жазба үш тарауға бөлінеді, алғашқы екеуі Қазтуған жыраудан Шал ақынға дейінгі ұзақ тарихи кезеңді қамтиды.
Қазақ әдебиеті – көне әдеби дәстүрі, өнері, тарихы бар – пәнге айналады. Одақ, қала берді, әлем ресми түрде мойындайды. Жалпы, жыраулық поэзия – дүниежүзінде теңдесі жоқ үлгі.
Көшпелі өмір салтынан, қатаң тұрмыс жағдайынан, жаугершілік заман талабынан, тіпті, жауынгер халықтың жаужүрек рухынан туған, от ауыз, орақ тілді ақындар қолданған жыр формасы.
Кейін, 1960-1983 жылдар аралығында баспасөз жүзінде жарық көрген мақала-еңбектерін басын біріктіріп, “Ғасырлар бедері” деген атпен басып шығарады. “Үш ғасыр жырлайды”, “Бес ғасыр жырлайды”, “Ай, заман-ай, заман-ай” жарық көреді.
1968 жылы 3 желтоқсанда “Алғашқы, ұлттық энциклопедия” деген атаумен 2002 жылы он үшінші томға кірген еңбек жазылады. “Тағзым” (“Шыңғыс ханның шарапаты”, “Кенесары ханға тағзым”, “Шанышқылы Бердіқожа батыр”, “Қадырғали ғұлама”, “Кеңгірбай би”, “Жобалай би”, “Құнанбай қажы”, “Ұлы Мұқтар”), “Тағлым” (“Кітаптың өмірі”, “Рухани езгі және отарлық сана”, “Батырлар әулеті”) топтамалары да қоса жинақталады.
“Ұлтсыздану ұраны”, “Қазақ тарихының әліппесі” алаш рухани кеңістігіне, қоғамдық санаға оң ықпал еткен үлкен дүниелер болды.
АУДАРМАЛАРЫ
Мұқтар Мағауин 1973 жылы екі айдың ішінде Генри Райдер Хаггардтың “Сүлеймен патшаның кеніші” атты шығармасын аударады. Оның алдында, 1968 жылы Сомерсэт Моэмнің тоғыз әңгімесін тәржімелейді:“Сары”, “Қарасу” , Ел шетінде,“Мистер Білгір”, “Материал іздей жолында,”, “Хат”, “Болмашы оқиға”, “Оралу”, “Тіленші”.
Қаламгер 1997-1999 жылдары “Құңфудзының даналық дәрістері” атты зерттеу еңбектерін жазады. Ғақлия, шежіре деп тақырыбын, жанрын анықтай түседі. Ішіне Сыма Циәннің “Құңфудзының көне әулеті” атты аудармасы да енеді.
ТҮЙІН
Соңғы жылдары ұзақ ізденіс, үлкен дайындықтан соң, төрт томдық “Шыңғыс хан” жазылды. Деректі, дәйекті, негізді.
Бұл енді... шыңы. Бәрінің шыңы. Ол қаламгерліктің асқар биігіне көтерілді. Жазушының аты – асқақ есімге айналды: алапат, аңыз, әфсана. Рас, әдеби табыстың символы. Мұратқа жетудің мағауиндік жолы – түркі дүниесіне, қазақ мүддесіне қызмет.
“Алтын Орда” қолға алынды деп естідік. Бағымыз ашылған халықпыз: біздің маңдайымызға Мұқтар Мағауин еңбек еткен заманда өмір сүру бақыты бұйырды.
Дидар Амантай, жазушы-философ
Алматы, 29.12.2019
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.