Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Нұрлан Балқаш. Сіз ойлағаннан әлдеқайда биік...

23.04.2015 3609

Нұрлан Балқаш. Сіз ойлағаннан әлдеқайда биік

Нұрлан Балқаш. Сіз ойлағаннан әлдеқайда биік - adebiportal.kz


«Көрсоқырлық» романын оқығаннан кейінгі ой


Қалыпты көркем әдебиет оқырманы бұл шығарманы қолына алған соң, түрлі қарама-қайшылықты пікірге, санасын сарсаңға түсіретін, қарапайым дайындықсыз адамды түршіктіретіндей автордың батыл (анайы деп қабылданған) сюжеттік қадамдарына дайын болғаны жөн, оған кейде тұтас бетке бір сөйлем болып жалғасатын шым-шытырық ой толғамдарынан адасып қалмайтындай жүйріктік пен әдеби сергектік қажет. Шығармадағы соқырларды, адами құндылықтардан мақрұм қалған мүскіндерді сипаттағанда біз үйренген диалог, кейіпкер аттары қолданылмайды. Романның алғашқы беттерінен бастап өзге өрнек үлгісіне түскен оқырман үшін шығарманың «Көрсоқырлық» деген атынан-ақ автор қозғап отырған идеяның жаңалығы аз сияқты болып көрінуі мүмкін. Оқиға желісіне кірістірілетін соқырлыққа, көз жанарына қарата айтылған халық даналығы бізге де жат емес. Әдеби қолданысымызда «Соқырға таяқ ұстатқандай», «Соқыр ұстағанынан айырылмас», «Соқыр тауыққа бәрі бидай», «Көршің соқыр болса, бір көзіңді жұмып қой», «Көрмес түйені де көрмес», т.б. мақал-мәтелдер мен «көзіңе қара», «көрсоқыр адам», т.б. сөз оралымдары бар. Шығарманы оқи бастаған соң постмодернизм бағытында тұспалдап сипатталған «көрсоқыр адамдар» образын кездестіріп, түйені түгімен жұтып жүрген жемқорлардың, «құдай да емес, құдайдан былай да емес» надан басшылардың келбетін, құлқының құлы меңіреу байдың кейпін көріп, бесенеден белгілі, жаңалығы аз әрі көңілсіз келеңсіздіктер жөнінде біз білетін жағдайдан асырып не жазуға болар деген ниетте кітапты селқос парақтайсыз. Алайда бұл кітапты уақыт өткізу үшін ғана, автор ойынан бейтарап оқу мүмкін емес әрі соқыр кейіпкерлердің соңынан еріп былғаныш қаламен мен жиіркенішті көшелерді аралауға көп оқырманның шыдамы жетпейді де, соңына дейін оқыған оқырманның алған әсері бірнеше күнге дейін тарқамайды. Адамзат көрсоқырлығы айыпталған роман лейтмотивіне ілесе алған оқырман кітапты селқос немесе жүгірте оқи алмасы тағы анық.


«Көрсоқырлық» романының авторы, әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығының лауреаты Жозе Сарамаго «Кейіпкерлердің кәсіпке авторды қалай үйреткені жөнінде. Нобельдік лекциясында» өзінің шаруа отбасынан шыққандығын, қол еңбегін көп атқарғандығын жазады: «Атама жиі көмектесетінмін: үйдің жанындағы бақшаның жерін қопарамын, ауыл құдығын іске қосатын ауыр темір дөңгелекті айналдырамын, шелектеп су тасимын». Сондықтан болар жазушы шығармасын игеру де көп еңбекті талап етеді. Автор салған ізбен жүріп теңеу іздесек бұл шығарманы оқу, игеру бос уақытыңды пайдалы өткізуден гөрі қи ойғандай ауыр жұмысқа келеді, нәтижесі де қопара істелген жұмыстан кейінгі жеңілдеген, өз ісіңе тұщынған сезімге ұқсас.


Шығарманың алғашқы беттерінде автокөліктерді қамшыдан ығысып ышқынған атқа теңеуі жылқымен етене таныс біз үшін сәтті сюжет ретінде қолайымызға жаға қалды. Бұл сәт шығармада бір-ақ рет жылт еткен қамсыз өмір суреті іспеттес. Бағдаршамда тұрып, әлденеге аласұрған адамдар өздеріне төнген қауіптен алаңсыз, күнделікті үйреншікті тірлігіне жанұшыра асығады. Алдымен бағдаршамның жасыл түсін күткен бір жүргізушіден басталған көрсоқырлық ауру соңында бүкіл қалаға жайылады. Адамдардың бұл нәубетке қарсы көндіккеннен басқа амалы жоқ. Шығарма кейіпкерлерін көрсоқырлық кейде дәл әлсіз тұсын аңдығандай ұрлық үстінде, нәпсі шылауында басады. Бір қызығы, кейіпкерлер айдай әлемге жар салып соқырлықтан құтылудың жолын барынша іздемейді, көндігулері тез. Ештеңе көрмей мүскін қалыпқа түссе де, басқа азын-аулақ кемшіліктерін жасыруға тырысатын кейіпкерлер күнделікті көріп жүрген қоғам келеңсіздіктеріне мысал болады.


«Біздің замандастарымыздың жүрегіне жол табу – Марсқа жетуден де қиын» деп толғанатын жазушыны көбінесе белгілі латын америкалықтар Борхес, Кортасар, Маркестермен қатар «магиялық реализм» бағытына телиді. Португалдық бұл ұқсастықтарды құптамай, Сервантес, Гогольдердің шығармаларына көбірек илігетінін мойындапты.


«Көрсоқырлық» романындағы зұлымдықтың ішек-қарны ақтарылған көрінісі мен ауыр науқас қоғамның күлімсі иісі – жазушының оқырман санасында жарылыс жасап, жүректеріне жол табу үшін қолданған бір тәсілі ме деп қаласыз. Романда дәстүрлі жақсы не жаман кейіпкерлер жоқ. Кейіпкерлер атаусыз, сипаттаусыз – алғашқы соқыр, дәрігер, дәрігердің әйелі, бір көзін байлаған қарт, қара көзілдірікті қыз, т.б. болып кете береді. Соның ішінде дәрігердің әйелі әлдеқалай себептермен жұқпалы дерттен аман қалып, көз жанары сау бірден-бір кейіпкер образын қалыптастырады. Бұл кейіпкерге қарата айтылған «Сен әлемдегі барлық соқырлардың асыраушысы әрі жол көрсетушісі бола алмайсың» деген жолдар бар. Кейіпкердің өзі де соқырлар арасында көзі сау, көкірегі ояу жан болудың салмағын жалғыз көтереді. Жазушы сомдаған кейіпкерлер бояуы алуан түрлі, қым-қиғаш: соқырлар арасында дәрігер бар, бірақ ол ешкімге қажеті жоқ көз дәрігері, кейінірек соқырлар тобырына қосылатын жас құрғатқыш ит образы – әдетте зағип жанның қасындағы ит жол көрсетуші рөлін атқарса, шығармадағы ит жылаған адамның жасын құрғатып беруші ғана. Өмірдің әлем-жәлем, қызыл-жасыл бояуы кеткен соң, соқыр адамдардың өмірді қабылдауын, философиялық пайымдарын, сана түйсіктерін де өзгеше сипатта суреттейтін автор оқырманын қолынан жетелеп бұлыңғыр дүниеге әкеліп тастағандай...


«Мына әлемді көріп, тану үшін екі көздің жеткіліксіздігі, әлемдегі әр затты анықтап көру үшін жанның да жанары болуға керектігін бағамдағандаймын», – дейді Оралхан Бөкейдің «Жылымық» әңгіме-новелласындағы кейіпкер. Бұл шығармаға да соқырлық арқау болады. «Мен сізді аяймын, аға. Сау соқырлығыңыз үшін, тым-тым романтикаға берілгіш, шындықтан бұғып қалар жуастығыңыз үшін аяймын», – деп жазған Жанар адамдардың көкірек қараңғылығын айыптайды. Жазушы бұл әңгімесінде зағип жандардың мүгедектігінен мейірімсіз адамдардың қатыгездікке бастар көрсоқыр мүгедектігін ашып көрсетеді.


Жеке тұлғаны толғандырған мәселелер тұтас ұлттық қасіретке айналуы қиын емес. «Көрсоқырлар» шығармасы – тоңын айналдырып киген әлеуметтік роман. Шығармаға дендеп енген сайын орыстың жазушысы А. Зиновьевтың «Орыс қасіреті» атты әлеуметтік романы санамда жаңғырып отырды. Әрине, бұл шығармада көрсоқырлық тақырыбы тура мағынасында қолданылмайды, әйтсе де совет жүйесінен соң орыс қоғамын бірден жаулап алған заңсыздық, әлеуметтік теңсіздік пен рухани күйреу жайында оқи келе, жаппай жұқпалы ауруға ұшыраған қоғам көз алдыңызға келеді. «Орыс қасіретіндегі» халқынан ажырап, бір күнде қоғамға қажетсіз болып қалған, сең соққан балықтай күн кешкен профессорлар, академиктер, жазушылар тағдыры халық қасіретіне айналады. «Мектеп мұғалімдері, университет профессорлары және ғылыми қызметкерлері – күзетшілер мен саудагерлерден, хатшылар мен кеңсе сыпырушыдан кем жалақы алатын халық, тарихи жойылу мен азғындануға қарай қадам басады», – дейді.

А. Зиновьевтің «Орыс қасіреті» романындағы кейіпкер. «Орыс қасіретінде» көрсоқырлық тақырыбы қозғалмаса да халықтың басына төнген түнек, қараңғылық бар.

«Өркениет жойылудан қауіптенсе, қалыпты дамуынан сүрінгісі келмесе жауап беруі тиіс сұрақтарды жаһандануға қарсылар қойып отыр», – деп жазған жаһандануға қарсы жазушы. Экономикалық жаһандануды Сарамаго тоталитаризмнің жаңа түрі деп санайды. Жеке тұлғадан ұлтқа, ұлттан адамзатқа алмасқан қара түнек – «Көрсоқырлар» романының негізгі лейтмотиві. Шығармадағы көрсоқырлар тобыры мен олардың көсемдерінің арасындағы жиын да көп ойға жетелейді. Ол жиында халық дыбыс шыққан жаққа ентелей бет бұрып тұрғанымен, жалынды сөздер айтылып жатқанымен, екі жақ та бір-бірін көру сезімінен айырылған. Жазушы тарапынан Еуропадағы демократия осылай сынға алынса, жер-ананың басқа құрлықтары турасында ойлаудың өзі де қорқынышты. Шығарма кейіпкері «Мен өмір сұмдықтарын көру үшін дүниеге келдім, сіздер оны тек сезесіздер, ал мен сезініп қана қоймай, көріп те тұрмын», – дейді.


Жозе Сарамаго «Кейіпкерлердің кәсіпке авторды қалай үйреткені жөнінде. Нобельдік лекциясында» былай деп жазады: «Көрсоқырлық. Бір кезде «Біз соқырмыз» деп ойлаған жалдамалы қолөнерші отырды да, «Көрсоқырлық жөнінде ой толғау» жазып тастады. Ол оқитын адам табылып жатса, өмірді қорласақ ақыл-ойды да азғынданатынын, адамдық қасиетті күн сайын күші көп ығыстыратынын, көп шындық бәріне бірдей келетін әмбебап шындықпен алмастырылғанын, адамдар өзгелерге деген адами сыйластықты жоғалтқан соң, өзін өзі сыйлаудан қалғандығын естеріне салу үшін жазды».


Шығарманы оқып болып кітап бетін жапқан соң, алған әсеріңіз «батпандап кіріп, мысқалдап шығатынына» көзіңіз жетеді. Күнделікті өмір, қоршаған ортамен араласа біраз уақытқа дейін әлсін-әлсін шығарма сюжеттері санаңызда қайта бір жаңғырып отырмақ.


Сонымен сіздің көру деңгейіңіз қалыпты ма? Муракамидің «Мұз адамына» айнала бастаған жоқсыз ба? Адамзат «соқыр, мылқау, танымас тірі жаңды» мүскінге айналып бара жатқан жоқ па?



Нұрлан БАЛҚАШ


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар