Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЗЕРТТЕУ
Шолпан – еркіндік символы...

21.08.2023 2629

Шолпан – еркіндік символы 14+

Шолпан – еркіндік символы - adebiportal.kz

«Шолпанның күнәсі»: Шолпан өзін емес, өзгені бақытты ету үшін күрескен әйел

Қазақ әдебиетінде ақын ретінде танылып, шығармашылық ғұмырында бірді-екілі прозалық туынды қалдырған қаламгерлер көп кездеседі. Соның бірі – көрнекті модернист-ақын әрі түркі әлеміне танымал тұлға Мағжан Жұмабаев. Аударма туындыларын есепке алмағанда Мағжанның әдеби мұрасында «Шолпанның күнәсі» атты әңгімесі қалды.

ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде жарық көрген Ж. Аймауытовтың «Ақбілек» романы, М. Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі» және М. Әуезовтің «Қаралы сұлу» әңгімесінің жаңашыл туынды ретінде ерекше орын алады. Сол кезеңде мұндай психологиялық туындылардың жазылуына түрткі болған авторлардың индивидуалды тәжірибелеріне ой жүгірткенімізде аталған авторлардың да тақырыбы, баяндау әдістері, кейіпкерлері, сюжеті, шешімі өзгеше келетін шығарма жазуына олардың психология, әдебиеттану және педагогика бағыты бойынша еңбектер жазып, басып шығаруы көп септігін тигізді деп ойлаймыз. Қаламгердің шығарма тудыру қабілетіне қоса, әрқашан ғылыми ізденісте жүріп әрі оны туындыларында жүзеге асыруы жақсы шығарма жазуға негіз қалайды. 

Мағжан «Шолпанның күнәсі» әңгімесінде адам жанының сансыз қатпарын, әсіресе, жан құбылысы табиғатын Шолпанның күйеуімен, ортасымен, Құдаймен қарым-қатынасы және, керісінше, сыртқы ортаның Шолпанға әсерін білдіретін психологизм формалары мен сюжеттік желілер арқылы көрсеткен. Поэзиясымен танылған Мағжанның «Шолпанның күнәсі» әңгімесінде ақындық прозаның элементтері, өлеңге тән образды ойлау тәсілдері, үздік ассоциациялары шығарманың көп тұсында байқалады. 

Шолпан – еркіндік символы 

ХХ ғасыр басындағы әйел теңсіздігі тақырыбын қозғаған қазақ романдарының әйел кейіпкерлерін шартты түрде екі топқа бөліп қарастыруға болады: бір бөлігі әлеуметтік қиындықтарға табанды түрде қарсы тұрып, қайсарлықпен арманына қол жеткізсе, келесі бөлігі қарсы күштен еркіндік ала алмай, өлім құшады. Ал Шолпан – Мағжанның бейнешіл-жаңашылдығының арқасында әдебиетте жаңаша пайда болған еркіндіктің символына айналды. Бірақ еркін әйел болғанымен, Шолпан надандықтың тұзағынан ұзап кете алмайды. Әңгіме нарраторы «Дүниеде теңіз терең емес, адамның жаны терең, Шолпанның ерінің жанының терең түбінде қандай ой, қандай тілек жатқанын кім білсін, әйтеуір, Шолпанға осылай көрінуші еді» деп келтіреді. Үшінші адамды – баланы махаббатқа ортақ еткісі келмеген әйелдің ниетінен шынайы махаббат қамқорын, қолдаушысын танимыз ба әлде өзімшілдіктің белгісін көреміз бе?.. 

«Ғашық адамға Құранның аяты қасиетті емес, жарының сөзі қасиетті..!»

Тақырыпшаға шығарған үзіндіден «Сүй, жан сәулем, тағы да сүй, тағы да! // Жылы, тәтті у тарады қаныма...» деп жырлаған Мағжанның әңгімедегі авторлық бейнесі танылады. Мағжанның / Шолпанның негізге алатын бағдары – діни аяттар емес, махаббат сезімі және сүйген адамының нұсқаған жолы. Бұл әңгіме терең қатпарлы астармен жазылмаған. Ой мен баяндау қаншалықты ықшам, жүйелі болса, авторлық интенция да соншалықты айқын. Шолпанның бала тапқысы келмеу тілегінен өзімшілдік те, қызғаныш та байқалмайды. Баяндаушы келесі композициялық бөлікпен Шолпанның ер мен әйел арасындағы махаббат қарым-қатынасын көп нәрседен артық бағалағанын көрсетеді. «Қиюласып қосылған екі жанның арасына жат бір үшінші жан түскен соң, екеуінің де жалынды, екпінді махаббаты бүлінер, бәсеңдер, суынар деп қорқушы еді Шолпан. 

... Тәңірден бақытты тұрмыс, өшпес бақыт, кетпес байлық, әсіресе бала сұрайтын кезінде, Шолпан күрсіне-күрсіне, Жасағанға: «Бала бере көрме!» – деп жалынып еді. Затында баланы жек көргендіктен емес, ерімен екі ортасындағы жібектен нәзік махаббат жібі үзілмеу үшін, екі жанды бір-біріне қоса білген иманнан да ізгі махаббатқа басқа бір жан келіп тап салмау үшін, бала болмауын тілеп еді Шолпан». Поэзиясында махаббат пен табиғатты жырлауда өткір поэтикалық күшке ие Мағжанның прозадағы кейіпкері де махаббат тілекшісі болары сөзсіз. Бұл үзінді арқылы махаббат тақырыбын айрықша жырлаған Мағжан образы Шолпан арқылы көрінеді. 

Шолпан үшін жақсы көрген адамының көзқарасы ғана маңызды. «Баласыз өмір – бос өмір» деген тәмсілді бүкіл адамзаттан естісе де, бастысы Сәрсенбайдың айтып-айтпағаны маңызды. Шолпанның Сәрсенбайды сүйген әрекетінен махаббат музасына айналған Мағжанның өзін танимыз. Мағжан үшін өмірде махаббаттың болмағы қажет, көп нәрседен махаббатты артық қояды. Шолпан балалы болуға шындап кіріскенде ойына «Сәрсенбай бедеу емес пе екен?» деген күмән кіреді. Сонда автор «Махаббат сөнсе, өмірде не қызық қалады?» деген байлам жасайды. Шолпан күйеуі екеуі арасындағы жалынды махаббатты өшірмеу үшін көп талпынды, бұл талпыныстың соңы өлім құштырды. 

«Дүниеде теңіз терең емес, адамның жаны терең»

Мағжан махаббат сезімін «иманнан да ізгі» немесе «ғашық адамға Құранның аяты қасиетті емес, жарының сөзі қасиетті» дегенімен, балалық шағынан ұжымдық жад арқылы танымына орныққан діни дискурстан алыстап кете алмаған. Мағжанның ойынша, ғашық жанның қандай тілегі болса да қабыл болады. Ең бастысы, тілек пен ниет шынайы болуы қажет. Автор Шолпан тілегін «ұйытқыған, есалаң тілек» деп танып, адам өмірін көп жағдайда ақылдан бұрын, сезім қуаты, жан қалауы басқаратынына сілтеме жасайды. Шын мәнінде, өмірлік тәжірибемізде де адам баласын ақылдан гөрі сезім, эмоция басымырақ билейтіні байқалады. Батыл қадамдар жасауымызға да ақыл емес, сезім, энергия қуаты түрткі болатындай. Мағжанның ойынша, «Дүниеде адамнан қиын жұмбақ жоқ. Адам – шешуі жоқ жұмбақ». 

Мағжан «Педагогика» еңбегінде жан ғылымын – психология және педагогика ұғымдарын егжей-тегжейлі түсіндіреді. Адам жанын, тәнін мінез-құлқы сынды тәрбиелеп отыруы тиіс. Басты кезекте сезім ақылға бағындырылмаса, ақыл мен сезім тең ұсталмаса, тән қалауы тұңғиыққа батырады.

Мағжан осы әңгімесі арқылы «адам жаны жұмбақ» деген құбылыстың мәніне терең бойлауға тырысады. Бұл жұмбақтық жұмбақ күйінде қалып, соңы өліммен ғана аяқталады. Өлім ғана хақ. «Не керек, жақын, жаттың ортасында жалғыз болды. Бітеу жара болды, жалғыз өртенді, жалғыз жылады, дүниеден безді, сопы болды. Бала сұрады, қалайда бала болмады». Нарратор Шолпан сезім күйінен ұдайы ақпарат беріп тұрады. Адамның басқа тіршілік иелерінен айырмашылығы да ақылдың болуы мен ойлай алуында емес пе?.. Адам ойы жүйрік. Ішкі қалаудың сұранысын ойлау операциясы орындайтындай көрінеді. Бірақ жанның қалауын ештеңе қанағаттандыра алмақ емес. 

Мағжанның интерпретациясы бойынша кез келген шынайы ниет немесе тілек қабыл болады. Шолпан секілді балалы болғысы келмеген адамның да дұғасын Тәңірі қабыл алады. Шолпан секілді махаббатқа бас ұрған жан ғана ойша, жан-тәнімен беріле Құдаймен тілдесе алады. Мұнда біз қабыл болуы үшін тілектің шынайы болуы аса маңызды екенін айтқымыз келеді. Шолпанның құлшылық жасауына да күш беріп тұрған махаббат сезімі. Алайда сезімі аласұрған адамның мазмұны өзгерген тілегі қабыл бола бере ме? Мағжанша пайымдағанда, Тәңірі бастапқы шешімін өзгертпейді. Шолпанның балалы болғысы келмеген тілегі Сәрсенбайдың көңіл күйіне қарай бірден балалы болу үшін жасалатын құлшылыққа ауысқан еді. «Бұл құлшылдықтардан ешбір пайда болмайтындығына көзі жетті. Тілегі қабыл болмады – Тәңірден тәуелі қайтты, өмір шіркін ескен желдей озып барады. ... Бала болудың кілті көкте емес, адамның өзінде шығар». Адамның жан күйі орнықты болмай, сезім аласұрғанда сенім де тұрақсыздана бастайды. Шолпан Көктен бір белгі болмаған соң, балалы болудың жолын жерден қарастырады. Мұнда біздің байқағанымыз, автор жанның қалауынан туатын махаббат сезімінің табиғатын, энергиясының қуатын өзіне таныс қоғам өкілдерінің образын бедерлеу арқылы көрсетуге тырысады. Әңгімені оқи бастағанда махаббат тақырыбы фон ретінде алынғандай әсерге бөлейді. Алайда махаббат сезімі де жанның бір қуаты емес пе?.. Адам ақыл мен сезімді тең ұстамаса, асқындаған сезім қуаты сенімді де бұзып-жарады. Мұны Шолпанның Тәңірге жасаған құбылмалы дұға-тілегінен аңғарамыз. Күйеуі Сәрсенбай екеуінің арасындағы махаббат өмірге бала келсе әлсірейді деп күдіктенген Шолпан алғашқы Тәңірден бала тілесе, бірнеше жыдан кейін күйеуінің балаға ауған көңіл күй ауанын байқап, тез арада балалы болуға дұға жасап, Тәңірге қайта жүгінеді. Тіпті, Тәңірден бір белгі болмаған соң, әйелдің Құдайға деген сенімі тоқтап, бала табудың басқа жолын қарастыра бастайды. Тіпті екі мазмұнда құлшылық жасап жүріп Шолпан ауыл-аймаққа діндар бейнесінде танылып үлгереді. Мұндай сюжеттер арқылы Мағжан Құдайға деген сенім, дүниетаным мәселесін де емес, адам психологиясының сан қатпарын ұғындыруға ұмтылады.  

Шолпан – ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетіндегі жаңа образ 

Бұл әңгімедегі Шолпан образы сол кезеңдегі, сөз жоқ, жаңа образ. Бұған қоса, Ж. Аймауытовтың «Ақбілек» романындағы Ақбілек, М. Әуезовтің «Қаралы сұлу» туындысындағы Қарагөз бейнесі де жазба тілі қалыптаса бастаған ғасырдың алғашқы ширегіндегі адамның психологиясын, ішкі әлемін психологизм формаларымен кескінделді. Сол кезеңдегі басқа прозалық шығармалардың көп бөлігінде әйел эмансипациясын өз айналасымен тартысты, шиеленіске құрылған әрекеттер барысында, яғни адамның қоршаған ортамен сыртқы байланыстарын ғана бейнелеген болатын. Сәрсенбайдың да, Шолпанның да образы, олардың айналысатын кәсіптері де сол дәуірдің мәдени-әлеуметтік кескініне сай келеді. 

Мағжан кейіпкерлер арқылы сана ағымы құбылысын да кескіндейді. Шолпан бала табу үшін, бала тауып бедеу күйеуі Сәрсенбайды бақытты ету үшін күйеуінің көзіне шөп салуға бекінеді. Күнә жасардың алдында табиғат-анадағы құстардан да, бұлттардан да, көлдегі бақалардан да Шолпан өз басындағы күйді көреді. Ойлары сан тарапқа жайылып, өзіне бақылау жасаудан қалады. Әйел күнәнің алдында шарасыз халге түседі. Мағжан қиындыққа тап болған, мүмкіндігі таусылған адамның шарасыз, әрекетсіз қалатынын, тіпті, ойша соған көндігетінін Шолпан образы арқылы көрсетуге тырысады. Әйел адамның күнә жасар алдындағы аласұрған жан арпалысын әрі ұяттан қысылған жан күйін шынайы суреттейді. Дәл осы сәтті автор келесідей жеткізеді: «Әзімбай тура төсек ағашқа келе жатыр... Шолпанда үн жоқ. Мойнына құрық түскен құландай денесі дір-дір етеді. Жүрегі дәл аузында тұр. Бір үн шығарса-ақ жүрегі аузынан атып шығатындай. Денесінің бір жері мұз. Түлкі алған жас тазыдай екі иінінен демін алып, жалма-жан шешініп, Әзімбай көрпеге кіріп келе жатыр». Әзімбай шарасыз әйелдің жан жарасын, халін ұғуға ұмтылмайды. Интимді қатынас алдындағы ер адамның өрекпіген сезімі мен күнә алдындағы әйелдің жан қиналысын параллель салыстыру арқылы автор сенімді бедерлеген. 

Бала табуда Шолпан таңдауы жас жігіт Әзімбайға түседі. Мағжанның кейіпкер ретінде жас Әзімбайды таңдауында да Махаббат қатынасында 18-19 жастағы жігіттің таңдалуында мол энергия мен тасқындаған сезім жас адам бойынан табылатынын білдіру жатыр. Сонымен қоса, қазақ дәстүрінде қайны мен жеңгенің әзіл-қалжыңы кейде интимді мазмұнды да қамтитыны белгілі. Бұл тұрғыдан Шолпан мен Әзімбай образы және олардың статусы да сәтті таңдалған. 

Шолпан өзін емес, өзгені бақытты етуге күрескен әйел

Көп оқырман әңгімедегі Шолпанның балалы болуға деген белсенді талпыныстары мен күйеуінің көзіне шөп салу әрекетін, өмірінің соңындағы трагедияны талқыға салады. Әңгіменің сыртқы композициясындағы мына бөлік ерекше назар аудартады: «Сөз жоқ, Сәрсенбай – бедеу. Сондықтан бала жоқ. Бала жоқ болған соң, мен бақытсыз... мен бақытсыз болғанда, Сәрсенбай бақытты ма? Оның жүрегі жанбай ма? Өзінің екі өмірді улаушы екенін ойлап, оның жүрегі жанбай ма? Қартайған күнде өмірді жылытатын от – бала оған керегі жоқ па? Сөз жоқ, мен бақытсыз болсам, Сәрсенбай да бақытсыз». Шолпанның әдебиеттегі жаңа образ екенін осы тұстан да байқауға болады. Ол жеке басының пайдасын ойламай, өзгенің бақыты үшін күресе бастайды. Бақыт жағалауына тек өзі емес, күйеуі Сәрсенбаймен бірге жеткісі келеді. Бақыт бағдарын көрсететін белгі Көктен беріле ме, жерден табыла ма – Шолпан үшін мұндай ой маңызын жоя бастайды. Ендігі кезекте Сәрсенбайды бақытты ету жауапкершілігін арқалайды. Алдына басқа міндеттер қояды. Бұл қазақ әдебиетіндегі ренессанстық белгілі көрсетпей ме?..

«Ендеше, осы батып бара жатқан өмір кемесін бақыт жарына кім сүйреп шығара алады? 

– Шолпан! Жалғыз Шолпан. Бір өмір үшін емес, екі өмір үшін Шолпан осыны істеуге міндетті. Шолпан бала табуға міндетті

Теңізден терең, таудан зор күнә қылып болса да, ол бала табуға міндетті. Ізгі тілек үшін істелген күнәні Жасаған кешпес пе екен? Жоқ, Құданың рақметі мол, ол кешеді. Тәңір кешер-ау, бірақ адам кешер ме?».

Тәңірдің кешіріп-кешірмеуі бізге беймәлім. Ал Мағжанның «адам кешер ме?» деген қаупі дұрыс шығып, Сәрсенбай Шолпанды кешірмеді. Адам кешпеді. Сәрсенбайдың бақытты болуы үшін күрескен әйел өліміне Сәрсенбай белсене араласты. 

Осы уақытқа дейін жалпы ер мен әйел адамның психологиясына немесе жан іліміне қатысты, жан құбылысының қатпарларын терең қаузап көрсететін тәжірибеге негізделген зерттеулер жалпы ғылымда ХХ ғасырдан бастап белсенді қолданысқа ене бастады. Сондықтан, «Шолпанның күнәсі», «Ақбілек» және «Қаралы сұлу» сынды туындыларды практикаға негізделген зерттеулер нәтижесі негізінде анализ жасаған әлдеқайда тиімді әрі шынайы болатыны анық. Осы қырынан алғанда қазақ әдебиетіндегі кейбір шығармаларды әлі де жеткілікті деңгейде бағалай алмағандай көрінеміз. Мысалы, «Шолпанның күнәсі» әңгімесінде Шолпанның бастапқыда бала тауып, оны күйеуі екеуі арасындағы махаббатқа кедергі еткісі келмеуі, кейіннен Сәрсенбайдың балаға аңсары ауғанын білгенде Шолпан балалы болу үшін Тәңірге құлшылық ете бастауы, одан кейін күйеуі Сәрсенбайдың бедеу екенін білгеннен кейін жұбайлық қарым-қатынасты сақтап қалу әрі Сәрсенбайды бақытты ету үшін зина жасауға бел бууы, кейін тілегі орындалып, аяғы ауыр болса да зинадан бас тарта алмай қалуы – мұның барлығы жан ғылымы туралы практикалық зерттеулер негізінде қарастыруды қажет етеді. Өйткені, адамның жан құбылысына тән табиғи ерекшеліктерді басқаша жолмен түсіндіре алмаймыз немесе мұны ұлттық дүниетанымымыз бен дәстүрге тән кейбір пайымдарға салып та жасыра алмаймыз. Мағжанның өзі де «... ойнасты өнеге көретін, суық жолды әдет қылатын әйел Шолпанба-ай? Ендеше! Бұл ендешеге жауап жоқ. Теңіз терең емес, әйелдің жаны терең. Жеті қабат жер астындағы нәрсені білуге мүмкін, бірақ әйел жанының мінезін білуге мүмкін емес» деп, «әйел жаны терең» деген көзқарастан аспайды. Бірақ мұнда «тереңдіктен» де басқа қатпаларды, әсіресе, жанға сыртқы реакциялар мен стимулдардың әсерін, содан кейінгі жанның күйін тереңірек зерделеген жөн. «Әзімбайға денесін уақытша ғана беріп, жанын аман алып қаламын деп ойлады Шолпан. Бірақ ой мен ісі біріне-бірі қабыспады. Үш-төрт айдың ішінде Шолпанның жаны да Әзімбайға құл болып, берік байланып қалып еді» деп баяндайды. Адам жаны – энергия көзі екенін тәжірибемізден де байқаймыз. 

«Дүниеде адам таппаған жұмбақты заман таппақ» деп, әлі де Мағжан адам жанын жұмбақ деуден аспайды. Бұл шығарма жазылған тұстарда психологиядағы ғылыми бақылаулардың жеткіліксіз екенін көрсетеді. Осындай олқылықты толықтыруға үлес қосу үшін Мағжан мен Жүсіпбек педагогика және психология туралы еңбектер жазумен шұғылдануға мәжбүр болды. 

«Дүниеде адам таппаған жұмбақты заман таппақ. ... Сәрсенбай мен Шолпан арасындағы мынау түйінді де ұзатпай заман өзі шешіп берді» деп, астарлау арқылы әңгіменің кеңістігі ретінде алынған қоғамның әйелге көзқарасы мен қарым-қатынасының қандай екеніне сілтеме жасаған. 

Мағжан пайымдаған «адамның жұмбақ жаны» соңында өлім құшып қана тынышталды…


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар