(«Башенің бақасы» және «Атекем дұрыс айтады» деген тақырыпқа фантазия)
«Атекем дұрыс айтады...»
Ғ. Мүсірепов,
«Этнографиялық әңгіме».
1. АТЕКЕҢ НЕ ДЕЙДІ?
«Атекем дұрыс айтады!»
Ғ. Мүсіреповтің «Этнографиялық әңгімесіндегі» Атекең ғой баяғы. Түк өзгермеген: сол қалып, сол мінезі. Тек төбесіндегі жыртығынан жүні бұрқырап шығып тұрған тәкаппар тымақ жоқ, заманына сай киінген, галстук таққан. Зиялы кейіпте. Азған ауылдың ендігі көсемі...
Атекеңде арман жоқ!
Қой бастаған серкедей аяқ астынан көсем шыққанына Атекең кінәлі емес. Кінәлі — заман. Ал, заманыңыз, өзіңіз білесіз, қым-қиғаш. Абыз — ақымақ, ақымақ — лауреат... Бай — балпаң, кедей — келісті. Бар — басқа шықты, кем — кеңірдектен ілінді. «Өзіміз куәсі болу бақытына ие болып отырған осынау тарихи қызық кезеңде» алмағайып, аласапыран уақытта Атекең аренаға шықты. Атекең сөз алды. «Керуен кері айналғанда, ақсақ түйе алға шығады». Түрікмендер айтатын мақал екен. Атекең кеш бастады. Газет-журнал, радио, теледидарға қараңыз, тыңдаңыз.. Жарасқанша айтқанда, ашып қалсаң — Атекең, басып қалсаң — Атекең. Атекең — парламентте, Атекең — шет елде. Сыйлық алады — Атекең, тойға барады — Атекең. Көсем, шешен, халқының қалаулысы, бай, пысық...— атекеңдер көп. Қорқақ еді — батыр, тойтық еді — жүйрік шықты. Екі ауыз сөздің басын құрай білгені — жазушы, құрай алмағаны — журналист, көсемсөзші. Атекең және жай оқырман емес. Атекең – белсенді автор!
Атекең әлдеқалай «Абай!» деп қалса болды, «абайтанушы» атанады. «Жамбыл» десе—«жамбылтанушы», «Камю» деген атекең — уже философ. Философ һәм әйдік жазушы!
Ал, енді «Басе» демей «Баше» дедіңіз бар ғой — онда (құттықтаймын!) жапон поэзиясының түпсіз терең білгірі болып саналдыңыз. Атекеңе айналдыңыз!
Хош, Атекеңе не керек? Атекеңе атақ керек. Бүйректен сирақ шығарса да, санатқа кіру шарт. Дес бергенде, бұған қазір мүмкіндік мол. Өйткені, осы күні осы елде Атекеңнен басқа анық бірдеңе білетін адам жоқ. Айталық, кеше біреу батыр болғам дейді (дәлел?) және біреу тоталитаризммен күрескен (естісек, құлағымыз керең болсын) енді бірі, қарап тұрсақ, қып-қызыл ұлтшылдың өзі болған көрінеді (ха-ха-ха!). Біреуін тыңдасақ, кеше бәрі жаман болыпты, екіншісі айтады: жоқ, бәрі жақсы болған. Кеше бәрі аш болған немесе кеше бәрі тоқ болған. Жыным не дейді, қобызым не дейді? Қысқасы, бес-он жыл өткен жоқ, миымыз айналып, меңдуана жегендей мәңгіріп отырмыз.
Жарайды, ол — кешегі болсын. Бүгін кімбіз? Ертең не боламыз? Оны енді бір Құдай, сосын Атекең ғана білсе керек.
Атекең не дейді?
Атекең кеше: «Орыс — жақсы, қазақ — жаман» дейтін. Дейтін де қара тас боп мелшиіп, қатып қалатын. Біз не білеміз? Бізге — бәрібір. «Атекем дұрыс айтады, орыс — жақсы, қазақ — жаман» деп шу ете қаламыз. Қазір Атекең «көздері бұл дүниенің ар жағындағы бірдеңеге қадалғандай» тәкаппар басын қақшитып, ұзақ отырмайды. Бетіне қарасаң болды: «Орыс — жаман, қазақ — жақсы» деп тақ ете қалады. Өйткені, Атекең бұл күнде демократ. «Кеше сөйтіп едіңіз ғой» дегенге: «Кеше біз не демедік!» деп, арсыз жымиятын әдет тапты. Арсыз жымию Атекеңе «Башенің бақасы» дейтін жазбаның авторы айтпақшы, «демократия, базар қатынасы, анау-мынаудан» жұққан. Атекеңнің қазір, тіпті, қытығыңды келтіретін сылқ-сылқ, либерал күлкісі де бар...
Бізге бәрібір.
Атекең аспанға қарап отырып, «Егемендік» деп қалса да, аузыңа қараған өңшең жалбыр тымақ, жыртық шекпен шулай жөнелеміз: «Егемендік, егемендік! Атекем дұрыс айтады, егеменді ел болдық, аха-ху ехеу-у! Беу- беу!
Атекеңнің сөзі — ақиқат. Рас, бәріміз білеміз, бірақ Атакең айту керек.
Атекең ана бір жылы: «Қазақ та рушылдық, жүзшілдік деген дерт бар» деді кабинетінде отырып. «Атекем дұрыс айтады» деп жаппай жамырап газетке жаздық, эфирден қақсадық, мәртебелі мінбелерден жар салдық.
Адамға «аурусың» деп айта берсе, шынымен ауру болатын көрінеді. Ақыры, мақсатымызға жетіп тындық...
Бізге – бәрібір.
Атекең тәуелсіздіктің игілігі үшін көптеген жаңа сөздер ойлап тапты. Мәселен, отбасы ма, үй-іші ме? Жанұя! «Жаным ұясында тұрғанда» дейтін сияқты едік... Жә, мақұл. Жанұяңызға жақсылық тілейміз!
Атекең тағы не дейді?
Атекеңді тыңдасаң, қара табан батырақтың баласы болған. Жапон молдасынан қара таныған. Талапты жас одан әрі Жапониядағы әйгілі медреселердің бірін тәмамдайды. Одан әрі... Одан әрі — бұлдыр. Біздің еміс-еміс естуімізше, Атекең одан әрі үш әріптің жапондағы жансызы болып күнелткен. Талай-талай қатерден өткен. Халқының бағына, әйтеуір аман қалған... Рас та болуы. Өйткені, ата кәсібіне адал Атекең осы күні «Караванға» қазақтар туралы өсек-аяң тасиды. Жақсы төлейтін болса керек... Ал, жалпы, Атекең — интернационалист. Атекеңе қазағы кім, орысы қайсы, жойт па, шорт па — бәрібір. Жақсы төлесе, бәрін сатады.
Атекем — қызық. Жыл бойы мүлгіп отырады да, кенет басына ат тепкендей: «Тәуелсіздік жасасын!» — деп қойып қалатыны бар. Шошып кетіп, «Жасасын...» дейміз. Біз соны айтып, ауыз жиғанша, Атекең жарты Алматыны бәйбішесіне сатып жіберді. (Міне, қимыл!) «Сатсын» — дедік. Басқа келімсек ит-құстың біріне, не сары шашты көңілдесіне сыйлап жіберсе қайтер едік? Ал, жеңгеміз — өзіміз. Шүкір, ұры-қарақшының бәрі қазір — өзіміз. Қазақтар. Атекеңнің айтуынша, бұл — үлкен жетістік. Тәуелсіздік.
Мейлі. Бізге — бәрібір.
– Кім ол, қазақтан орыс күшті деп жүргендер? Ондай оңбаған дереу менімен хабарлассын! — деп, күшейеді Атекең жан-жағына жеп жібере жаздай қарап. Орыстар — тым-тырақай. Қазақтар — мәз-мейрам.
Халқының айбары ғой Атекем!
Атекең жалпы қазақтық мәселелерді түгендеп болған соң, күрт ұсақтай бастайды. Мәселен: «Қазақ тың бар шұрайлы мақал-мәтелін біздің атамыз шығарған» деп жарияға жар шашты. «Солай, солай, анық солай» дестік. Өйткені Атекеңнің атасына күмән келтіруге болмайды. Антисемиттен де жексұрын боласың.
«Біздің ауылдан батыр-бағлан көп шыққан. Біз — ең күшті» деп күпсінді Атекең келелі отырыстарда. Көндік.
Ауылы мен атасын мойындатып болған соң, Атекең одан әрі құлдырап, әдеби, мәдени мәселелерге дейін төмендейді (әсіресе, мерейтой, әртүрлі шаралар тұсында). Айталық, «Абай — экономист» — деді Атекең. Шыдадық. «Абай — физик»—деді Атекең. Сыйлық беріп, әрең тоқтаттық...
– «Әуезовтың таланты — дарынды талант»,— деді Атекең кеше ғана қазақ радиосынан сөйлеген сөзінде. Абыржыған жоқпыз. «Міне, сөз!» дедік.
– «Азия даусы» қазақ өнерін аспанға шығарды, әлемге танытты» деді Атекең. Кірпік қақпады. Беті қызармады. Бізге — бәрібір.
Атекең өте қайшылықты тұлға. Кеше орыс тілінен басқа тілді білгісі де келмейтін. Бертініректе, тоң жібігенде, «мемлекеттік тіл екі тіл болсын» деп бір алжыды. «Ешкінің мүйізі — екеу, жыланның тілі — айыр» деп жатып, әрең есін жиғыздық. Қазір «мемлекеттік тіл — тек қазақ тілі» деп сіресіп отыр. Атекеңнің бір жаман жері, айтады — мізбақпайды. Жымияды, ұрсады, күледі, көзі ойнайды — қозғалмайды. Саусағын бүгеді, алақанын жаяды — тапжылмайды... Мемлекеттік тіл де Басенің бақасынша тарбиып, төрт аяғы төрт жаққа кетіп жатыр — тырп етпейді. Көлшігіне сүнгіп кетіп, жан сақтамаса, барар жер, басар тауы жоқ. Біздің қолымыздан не келеді? «Атекем дұрыс айтады» деп шулаймыз-шулаймыз да, қоямыз.
Сол құрымағыр бақа туралы өз тілімізде бір көсіліп көрмек едік, Атекеңнен оған да сөгіс естідік — жапонша толғау керек екен...
– Халқымызды дін ғана түзетеді,—дейді өзі елден бұрын түзеліп, мұсылман болып алған Атекең. Ымырасы атеистік көзқараспен өкімет пен партияға жаққан Атекең еді бір кезде. Атекең коммунизмді исламға айырбастағалы қашан. Естуімізше, қазір бес уақыт намаз оқиды. Естуімізше, Атекең — қажы. Партияның кешегі солдаты бүгін құдайдың сүйіктісі.
Атеке, мешіт қашан бітеді?
Бәрі бір Алланың қолында,— дейді Атекең қажы тасбиғын тартып, мүлгіп отырып.
Атеке ауыл тозып кетті!
Бәрі бір Алланың қолында,—дейді Атекең қажы аспанға қарап.
Атеке, Алла Пугачева келіпті!
Бәрі бір Алла...? Қашан? Белеті қанша екен?
Білші ей,
Король Лирдің қыздарындай опасыз жалған!
Кезінде дүнием болған орыс мектептерінде де түк бедел қалмапты-ау. Тәуелсіздік алар-алмаста, жұрттың алды болып байып, барша мұратына жетіп үлгерген Атекем балалары қазір ағылшынша оқиды, арабша оқиды, мұхит асып кетіп оқиды... Ең арзан тіл — мемлекеттік тіл. Кедей-кепшіктің қолы — сол.
Бізге — бәрібір.
Атекеңнің ойы бұзық. Қазақ тағы бар қисықты түзеп, күллі тесікті бітеп болған соң, Ғабеңнің әңгімесінде: «Үлкен үйге түскен қонақтарға қой сойған дұрыс!»— деп, өзінің құдіретті фәрманымен, ақыры ауылдағы исі мүңкіген жалғыз текенің көзін құртқанындай, Атекең енді бейшара әдебиетшілердің нанын күндей бастады. Қазақ әдебиеті — көк теке болатын түрі бар. Өйткені Атекең: «Совет өкіметі тұсында әдебиет болмаған, әдебиетіміздің соры — сонда!» деді. Атекем айта бере ме деп, нақ осы жолы жан даусымыз шықты:
– Қалайша?!
Атекең «көздерін бұл дүниенің аржағындағы бірдеңеге қадап», «Этнографиялық әңгімедегі» меңіреу, мен-мен қалпына қайта түсті. Қара тас! Үн жоқ. Әрі күтіп, бері күтіп, ақырында: «Атекем дұрыс айтады»,— дедік.
– Таза қанды ұлттық әдебиетті мына біз жасаймыз!—деді Атекең сазарып. Аксиома! Дәлелді керек етпейді.
Айтпақшы, тоталитаризм тұсында Атекеңнің классикалық өлеңдерін бір білгіш «абстрактный» деп сынапты (сұмдық, қой, бұл!) Содан бері Атекеңнің жаны — жара, қаны — қара. Атекең — трагедиялық, тұлға! Қазір егеменді ел болдық. Атекеңе мемлекеттік сыйлық неге бермейміз?
Дүниеде дым сезбейтін, ештеңеден қаперсіз, қарау адамның логикасындай тас логика жоқ:
– Жалпақ. Сары — кемеңгер жазушы!—дейді Атекең.
– Қалайша?
– Феномен! — дейді тас құдай мізбақпай.
– Қалайша?
– Квинтэссенция! дейді Атекең.
Атекеңнің логикасы тастай.
Аузы қисық болса да, Атекем сөйлесін!
Бізге — бәрібір!
2. БАҚА ЖӘНЕ САЯСАТ
Атекең — біздің досымыз. Әлбетте, сөйлесін. Бірақ, Атекең тым ұсақтап кетіп, бақа-шаянға ауыз сала бастағанда, қанша әулиесітсек те, «Атекең де айта береді екен!» деп, шынымен ашуландық. Неге? Себебі, Атекең бақаны саясатпен шатастыра бастады...
Атекең шектен шықты!
Атекең, бәріңізге мәлім, ана заманды да тазы боп шалған саяткер еді. Қазір де одан құтылатын түлкі болмай тұр. Өйткені, Атекеңнің тазысы осы күні ағылшынша жүгіреді, қытайша қағады, жапонша соғады. Оған да болмай бара жатса, арабша, түрікше бүктетіледі. Орысшадан басқа айла-амалы жоқ сорлы түлкі кембағал қазашасымен қанша ұзасын —«пәни жалған» деп, езуі ырсиып, Атекеңнің қанжығасында кете барады. Түлкі атаулының жендеті Атекең!
Атекең тұрғанда, түлкіден үміт қылмаймыз. Бірақ, құдайдың ешкімге қажетсіз, әншейін ермек үшін жаратқан бақа-шаяны — біздің малымыз сияқты еді ғой— Атекеңде нысап бола ма осы, болмай ма?
«Башенің бақасы» дейтін мақала («ZAMAN-ҚАЗАҚCTAH»N 31, 1997) авторының аты-жөні — басқа. Бірақ, мақала логикасы — Атекеңдікі. Тастай. Сондықтан, біз әңгімені жалпы қазақтық құбылысқа айналған Атекеңді мінездеуден бастадық. Автор ренжімес.
Әлқисса, Алматы. Қақаған қыс. Бірақ, күн ашық... Тиісерге қара таппай ерігіп жүрген бес кісі аяқ астынан әдебиетшілігіміз ұстап, Басенің «көктемді білдіретін» бақасын талдап кеп жібердік. Көктемді сағынған шығармын... Көктем мұңда ма, Жапонияда ма — бәрібір көктем ғой. Бізде қызғалдақ, құлпырып, оларда сакура (әлде, шакура ма екен?) гүлдеп дегендей... Бейшара бақаның қолын қол, бұтын — бұт қылған шығармыз деп, өзара күйсіндік-күйсіндік... ұмыттық. Сөйтсек, олай емес екен. Арада сырғып айлар өткенде, жер шоқтығы Көкшетаудан «олай емес!» деген хат келіпті. Газет жарияға шығарыпты. Ары оқыдық, бері оқыдық, ақыры, «Атекең де айта береді екен» дедік.
Сонымен, Атекеңді ұқтық, аталмыш хаттың иесі не дейді?
Хат иесі өзінің тағылымды жазбасының бір жерінде: «...қаншама демократия, базар қатынасы, анау-мынау (?) десек те, тегінде әрқашан білімге жүгінген жөн» деп бір тоқтапты. «Қарағай басын шортан шалады» дегенді де түсінген сияқты едік. Қиясбайдың қойыртпағында да тұз болушы еді. Мынаны ұқпадық. «Тауықтың сирағы тәтті болғанмен, көшті түйеге артқан жөн» деген сияқты бірдеңе. Атекеңнің қарабайыр логикасы мына қисынға астар бола алмайды екен. Бәлкім, мұндай сөз де керек шығар. Күлмекке жақсы.
Бұл — сонымен тұра тұрсын...
Әдебиетте, өздеріңіз білесіздер, ғұмыр-жасы әлі де ұзақ болғыр екі бақытты бақа бар. Артық та емес, кем де емес, тұп-тура екеу: бірі — Басенің бақасы, екіншісі — Киплингтің бақасы (Маугли-бала, аңдардың көзімен қарағанда — сүйкімді бақашық, «маугли»—бақашық, деген сөз, ешбір тілде жоқ, Киплингтің өзі ойлап тапқан атау). Киплингтің «бақасы» сүйкімді болғанмен, авторының саяси санасы шатақтау еді. Бірақ, оқасы жоқ. Саясат — өтпелі, талантты әдебиеттің ғұмыры — ұзақ. Ал, саяси момын Басенің бақасы (қазір көресіз) нағыз қызылкөз пәленің өзі болып шықты. Біріншіден, ол, хат иесінің анықтауынша, біз ойлап жүргендей, Басенің емес, басқа — Баше деген біреудің бақасы екен. Онымен қоймай, жапонша 17 буындық хайкудегі ескі көлшікті иен жайлап, не замандар бойы тарбиған бұтын жимай, жатып семірген қоян бақа орысша, қазақша қораш аударманың қолтығына сыймай, тынысы тарылып, қарны қабысып қалған сыңайлы. Бұл да тура тұрсын, ең қиыны — осы бар болғыр бақаның әке-шешесі Баше деген кісінің есімін біз, жанылып «Басе» деп жазып, «жапон иероглифінен қазақтың рулық таңбаларын іздеп жүрген тарихшылармен бірге (олар да жоқты айтады екен!) халықаралық басылымның беделіне (!) нұқсан келтірген» сияқтымыз. Мәссаған, Басенің бақасы, ендеше!... Жә, мұны да қоя тұрайық, ең масқарасы — осы пәлелі бақаны сөз қыламыз деп, бір-біріне жүзі енді жылып келе жатқан Жапония мен Қазақстанның арасына от тұтата жаздаппыз! Әне, мәселе қайда жатыр. Міне, сізге бақа керек болса! Сүнгіп кеткен көлшігіңнен қайтып шықпағыр!
Саясатта түк беделі жоқ Басенің есіміне «Башенің бақасы» деген мақаланың авторы осынша саясат сыйғызыпты. «Басе»-дегі «с» мен «Баше»-дегі «ш» әрпі халықаралық деңгейдегі дау-дамайдың нағыз желкөрік, қызыл ошағына айналғандай екен, байқасақ. Бірі — саясат деп гуілдеп, бірі — шатақ деп шартылдап тұр. Алла сақтасын! Біз де тірі жанбыз ғой, тым құрыса, нақақ жаладан басымызды арашалап алайық деп, дереу осы жазбаға отырдық. Баяғы 37-жылдың орайы болса, «жапонның жауы» деген атақпен итжеккен айдалғандай екенбіз. Жаса, тәуелсіздік! Жаса, сен, «демократия, базар қатынасы, плюрализм және анау-мынау!» Сендердің арқаларыңда біз итжеккенге енді айдалмаймыз және басқа төнген пәле-жаладан ақталуға әбден хақымыз бар.
Жә, сонымен, Баше болса Баше-ақ болсын. «Білмеген у ішеді» депті автор. Онысы рас, у ішпесек те, жапонның жылытып ішетін сакэ (әлде, шакэ ме екен?) деген арағына тойып алғандай, жүрегіміз айнып, қышқылымыз артыңқырап отыр. (Мысал үшін дегеніміз ғой, әйтпесе кім ішіп көріпті — арағы тұрмақ тірі жапонды әлі көрген емеспіз. Тағы біреу «олай емес» деп жүрмесін әйтеуір). Жалғыз Баше емес, жапонша адам атын, фирмалардың атын, көшелердің атын... тегіс түзетіп айтуымыз керек екен. Апыр-ау, жапонға неге сонша жалпақтап кеттік десек, батпандай себебі бар көрінеді. Автордың айтуынша, «жапон елінің қазаққа деген ниеті дұрыс, ықылас-пейілі ерекше» екен. «Сыйға — сый» дей отырып, біз өз тарапымыздан ен алдымен жапон атауларының қазіргі ала-құла қазақша жазылымын дұрыстап, бір жүйеге келтіріп алсақ, ол да бір абырой» екен. Енді ұқтық. Жанағы құжынаған бақа-шаян саясаттың қордалы мекені, алтын бесік шалшығы нақ осы тұста болды.
Ал, енді, ойлап көрейікші, қазақтың бүгінгі «жанашыры» жалғыз жапон ғана ма екен? Құдайға шүкір, «күлшелі бала сүйкімді»— әлемнің қай алпауытының да қазір қазаққа деген шырайы тым-ақ жақсы. Тісі ақсиған англо-америкалықтар да қамқор қолын созып... төрге озып жатыр. Жылы жымиып көріс, қытай да қойны-қоншымызды тіміскілеп кетті. Діні ортақтығын, қаны жақындығын бұлдап, «көрде жатып, қол бұлғасатын» бауырсақ туыстарда есеп жоқ. Енді атасы басқа, діні жат жапон қалыпты! Оның да қазақ дегенде ет-жүрегі елжіреп әрең отыр екен —«білмеген у ішеді» – надандықпен «Бәсе» деп қалып, үркітіп ала жаздаппыз. Дүниеде қаншама жұрт, оның қаншама данышпаны, дақпыртысы бар, қаншама компания, фирма, корпорация... қазақ жерін еміп жатыр — қайсыбірінің ныспысын түгендеп боласыз? «Білімім жеткен жерге дейін адалмын» деп, Ғабиден Мұстафин ақсақал айтпақшы, білігіміз жеткен, тіліміздің икемі келген жерге дейін ғана «түзу» болып бағамыз да. Құранды да қазақ арабша зулатады. Және онысының қаншалық арабша екенін Алла тағалам өзі ғана біледі. Біз де өзгелерге артықша талап қоя алмасақ керек. Басены қойшы, бір миллиард пәлен жүз миллион хансуды да «қытай» деп қарап отырған жоқпыз ба? Жанымыз қайтіп қалған десеңізші?! Ал, енді сол қытайға «р»-ға тілін келмейді» деп соғыс жарияласақ қалай болмақ? «Баше деп едің ғой» деп, сонда жапон болыса ма бізге? Күмәнім бар. «Сыйға — сый» дейсіз. Ертең, айталық, ағылшынмен бал жаласам. Ағылшынға жағам деп, «р»-ға тілі келмейтін шолжақ балаға ұқсап «Шекспиа» деп отырмақпын ба? Қайта, жапондықтар бізге риза болсын. Жапон халқы қуансын. Тіл білмесек те, әйтеуір жапонға әспетті еді ғой деп Басесін ескеріп, бақасын шулатып жатырмыз. Сол үшін қызылшеке болып айтысып та қалдық. Енді қалтаңдағы соңғы тиыныңды қағып бер демесең, бұдан артық қандай сый, бұдан тәтті қандай бал болады? Ал, кейбір жігіттер атекеңшілеп, Басені Баше демесең, жапонмен араздасасың дейді. Жөн-ақ. Бірақ біз Басені Баше деп, дұрысы — солай болғандықтан емес, жапондықтардың бізге көзқарасы дұрыс болғандықтан түзетуіміз керек екен. Атекеңдік осы логиканы ары қарай өрбітсек. Айталық, орыстар осы күні бізге онша «дұрыс» қарамай жүр. Біразының сіз отырған Көкшетаудан дәмесі бар, опы білесіз. Демек, Салтықов-Щедринді — Шалтықов- Седрин десек те, ештеңе етпейді. Пушкинді Пускин десек те ұят емес. Солай ғой? Түймедейден түйедей саясат жасауға болмайды, Атеке!
Айтпақшы, осы жапондықтар біздегі Әуезов деген аяулы есімді өзіміздей әуезді, сүйкімді етіп айта ала ма екен? Әлде, орысша Ауэзов деп, олар да халықаралық ауқымдағы қалың ұятқа қалып жүр ме? Өйткені, қазақтың тілі тұрмақ, жарық жалғанда ондай халықтың бар екенін енді-енді ұғып келе жатқан, тәңірі артықша жаратқан «Күн елі» Әуезовты орыстар (бәлкім, тағы француз, ағылшын) арқылы ғана естіді ғой. (Естісе!) Ал, енді бар ғой, «Әуезов» деген есімді өз қалпында айтып берген бір жапон көре қалсаңыз — атасына рахмет. Жүз мәрте, мың мәрте Баше!
Бағзыда жасаған жырау бабамыздың бар-жоқ мұрасын тірнектеп жинап, жарыққа шығарған, алғаш көлемді зерттеу жазған әйгілі жазушы, үлкен ғалым «бұл — Шалкиіз» деп, қанша заманнан бері құлағымызға құйып, санамызға сіңірсе де, біз сияқты, Атекең сияқты қияңқы қазақтар әлі күнге «Шалгез!» деп шалқаяды. Әрине, көп білгендіктен. «Демократия, базар қатынасы, анау-мынауға» түкіріп қойып, «білімге сүйсігендіктен»... Солай, Атеке.
Сіз Баше дейсіз!..
Адам екі нәрсені ғана жасырып ұстайды деп ойлайтынбыз — арам ойын, сосын қанша ақшасы барын. Қателесіппіз. Атекең жасырмайды. Ақшасын ашық ұстайды. Өйткені, қазір байлық — мақтан. Қу, пысық атанбақ — мақтан! Абай заманында солай болыпты. Атекең— нағыз Абайдың қазағы. Бірақ, Атекеңде арам ой жоқ. Өйткені, Атекеңде жалпы ой болып көрген емес. Атекең — жаңғырық. Жартасқа барасыз... айғай саласыз. Атекең «қаңқ» етіп үн шығарады. Қазір айғайдан жаңғырық күшті, жан даусыңнан жаңғырық өтімді — Атекең қадірлі. Айтқан сөзіңнің бәрін жаңғырық іліп әкетеді — соның меншігі. Қалай түзу сөйлесең де, Атекеңнің қисық аузы бұралқы ғып шығарады.
– Ба-қа!—дейсіз бар даусыңызбен.
– ...ақа-ха-ха — болып қайтады жаңғырық.
– Ба-се!
– ...аше-ше-ше...
– Атеке!!!
– ...теке, теке, теке...
3. БАТЫС, ШЫҒЫС, АУДАРМА, ҺӘМ КИПЛИНГ МӘСЕЛЕСІ
НЕМЕСЕ АБАЙ ҚАЛАЙ «5» АЛДЫ?
Атақты жазушы Киплинг — болған, бар, болатын да шығар...
Және бір Киплинг бар —«көгінен күні ауып көрмеген Биртан империясының жыршысы» (өз сөзі)
Осы Киплингтердің Көкшетауда даңқы дүрілдеп тұрғанмен, өз отанындағы қазіргі абыройы айта қаларлықтай емес деп естиміз. Сорақы шовинист, кесірлі көзқарас, отаршылдық тәбетімен замандастарын алапестей шошытқан, көзі тірісінде-ақ империялық ескіліктің қалдығы боп танылған Киплингті ағылшын өкіметі арулап жерлемесе, қалған парасатты Англия, әдеби қауым барша талантына, күллі атақ-абыройына қарамастан, көмусіз қалдырғандай екен. Амал не, тамаша жазушы. Авторымыз, сол Киплингтің айналып келгенде, айтар түйіні: Батыс — Батыс, Шығыс — Шығыс болып қала бермек дегенге саятын жарты шумақ өлеңін келтіріп, сөзіне тұздық қылыпты. Адалын айту керек, ағылшыншасын айнытпай көшіріп, үлкен ыждаһат танытқан. Түсініксіздеу жері — халықаралық газеттің қалың оқырманын ұялтып, қара терге түсірмей-ақ, осы өлеңнің жұртқа мәлім орысша аудармасын, я болмаса өзі қазақшалаған нұсқасын неге бере салмады? Бәлкім, аудармаға қимастай саф поэзия деп қалған шығар, әлде тіл білгеннің де қалтаңдағы азын-аулақ артық ақша сияқты бір алуан мастығы бола ма екен?
Жұрт бақадан да әжептәуір саясат шығарды ғой, біз де сол үлгімен Киплингтің әлгі шумағын саясатқа шағып көрейік: мақала авторы жапон мен қазақты қырғиқабақ қылғанымен қоймай, енді Нобельдік лауреатпен жең ұшынан жалғасып Батыс пен Шығысты ашық төбелеске шақырады. Киплингтің дәл осы сөзі біреулерге бұлды шығар — бізге дәрі емес. Батыстың да батысы, Шығыстың да шығысы болмаушы ма еді? Қазаққа Тәңірім лайықтаған кеңістік—Батыстан гөрі шығысырақ, Шығыстан гөрі батысырақ... Құшағыңызға сыймайтын кең дүниенің екі қиырын таразыңызға тартқан болып, оның бір жағын бармағыңызбен басқан болып, халқыңызға үнем ажыратпай-ақ қойыңыз. Таразыдан жеген — тасбақа...
«Ал жалпы алғанда біз батысқа орыстың көзімен қарағанымыз оларды түсінуге көп жеңілдік беретіндіктен, мүмкін дұрыс та болатын шығар, бірақ өзіміз де шығыс халқы бола тұра шығысқа да сол көзбен (яғни, орыстың көзімен дегені — Т. Ш.) қарап, сол аршынмен өлшем жүргізетін болсақ, әлдекімнің күлкісі нақ сонда келері сөзсіз...» дейді үшбу хаттың авторы. Пай-пай, «әлдекімдердің» ішегі күлкіден, ендігі түйіліп те қалған шығар. Мейлі. Мен Шығысқа «шығысша» қарай алмайды екем — қазақша қара десеңіз бір жөн. Ал, «орыстың кезі» – бұған намыстанбаймыз — ағылшынша, жапоншамыз жетілгенше, әлі біраз уақыт батысы, шығысы шартты дөңгелек дүниеге ашылған бір тереземіз болып қала тұрады. Мәселе, көре білетін өз көзіңнің болуында.
Жаңа айттық, мен нақ батыс та, анық шығыс та емеспін. Демек, менің оларға (Батыс пен Шығысқа) қарайтын көзім де – басқа. Қазаққа қазақша қарай алмайтын жұртқа мен неге шығысша (не батысша) қарап майысуым керек? Орысты, Батысты ұққан қазақ жапон, қытайды да қоймайды. Бірақ көзқарас, дүниетаным деген мәселеге «мынау — өзіміздің шығысымыз, немесе анау батыс — бауырымыз» деп, ешкіні — апа, текені — жезде қыла қоятын жәркеленшілік жүрмейді. Айталық, жапон тараптағы Шығыс қазақты өзінің жіпсік көзінің аясына сыйғанша ғана таниды. Шапыраш көзді астам Батыс cay көзінің қиығы шалған жерге дейін ғана көреді. Олардан бұдан артық не талап етесіз? Бізге не кінә қоясыз?
Біз осылай ойлағамыз. Сөйтсек, тағы «олай емес» екен. Кінәміз жетерлік екен. Автордың айтуынша (өз сөзіне қараңыз), Батысқа орыстың көзімен қарауымыз — дұрыс екен де, Шығысқа олай қарасақ, дұрыс емес екен. Екен де екен... Шатқан-бұтқан, балдыр-батпақ небір қыңыр қисынға қынбайтын едік — дәл мынадай сандырақты естігенде, Атекеңнің өзі сілейіп, тіл-ауыздан қалды. Су сеуіп, есін жиғызып едік, Атекең енді күлкіден сілесі қатып жығылды... Шынында, сонда қалай болды өзі? Шығысқа мен қай шығысша қарауым керек? Көзі қысық Шығыс бар. Көзі онша қысық емес Шығыс бар. Буддалық, исламдық, иудейлік, т. б. шығыстар бар. Батысырақтағы Шығыс, шығысырақ жатқан Шығыс бар... Қалай қараған жөн? Бәлкім, авторымыз шақ-шәлекейі шығып, дауын даулап отырған жапонға өзімізден гөрі көзі қысықтау қырғызша қарасақ па екен? Әлде олардан да жұмықтау якут-саха дұрыс па?
...Сонымен, тып-тыныш жатқан Шығыс пен Батыс шандатып шабысты да кетті. Тау — талқан, дүние — ойран болды. Ай адасып жерге түсті, Күн жаңылып шығысқа батты. Қалын қасаптың қақ ортасында — жалаң қылыш Киплинг... Мақалада сұлбасы танылып тұрған, қорқынышты түске бергісіз осы сурет — өлеңді аударуға болмайды (Шығысты — темболее), сондықтан жапонша білмейтін қазақтардың ешбір бақаны сөз қылуға хақысы жоқ деген авторлық ғұлама қисынның бейнелі ишарасы екен. Көріп отырсыз, қисыны — қылдырықтай, дәлелі — шоқпардай. Қолдаушысы Киплинг болған кісі кімге теңдік бергендей. Оның үстіне, ағылшынша, жапонша сартылдап тұрған мұздай көк қарулыға орыс сауыт, қазақи келдекпен пәлендей қайрат қылу да қиын. Дегенмен, анау-мынау емес, Атекеңнің өзімен айтысып, жырынды болған басымыз «Киплинг — айтса — болды, Атекем — көнді» деп отыра беруге надандығымыз жетпеді. «Сонда қалай?» – дедік. Байқасақ, қанша дуалап, тіпті паралап тастаса да, әлгі Редьярдтың Киплинг басымен желпең-желпең етіп, мақала авторына қолшоқпар бола кететін жөні жоқ екен. Шынында, аударма өлең — өлең емес деген өз қисынынан өзі шошып кетіп, жазықсыз Киплингтің басын ауыртып, айдаладағы Батыс пен Шығысты шағыстырудың не орны бар? Бақаның көлшігіне Киплингтің кемесі сия ма?
Қарағайға қарсы біткен қисық бұтақ Атекең болмаса, басқа ешкім мұндай қисынсыздықты жөн дей қоймас.
Жә «мың сіз-бізден — бір шыж-быж» демекші, Атекеңнің авторы мойнына мініп алып түспей қоятындай, аты шулы Киплинг тағы не бүлдіріп қойыпты — соған келейікші. Ақын емеспіз, ағылшыншадан мақрұмбыз — сонда да болса Киплингтің автор келтірген шумағын шама-шарқымызша орысшасынан қазақшалап көрейік:
О, Батыс, ол — Батыс, Шығыс — Шығыс,
екі дүние — әр басқа,
Қиямет-махшар күн болғанша,
жазған содан танбасқа.
Жұрт Киплингтің атқа жеңіл Телпекбай осы жарты шумағына алтын тапқандай жабылып, бірінен-бірі жырып әкетіп, ала қашып... орысшасын әбден жұлым-жұлым, жыртық-тесік қылып еді. Сіздің автор, Атеке, енді қайтадан ағылшынша киіндіріп, бұлдап өткізбекті ойлаған екен, онысы да өрім-өрім, тылтиған бірдеңе болып шықты. Етегі әбүйіріне жетпей тұр... Мақтаған бақаңыз батпаққа батты. Ағылшынша ләйліп жүріп, тақиядай шалшығын таппай шатасты.
Неге олай болғанын түсіндірейін.
Сіздің, өзіңіз білетін тағы бір жаман әдетіңіз бар ғой — өмірі кітап оқымайсыз. Оқысаңыз да, басып бастайсыз — тастайсыз. «Поэзиялық шығарма» оқығанда, алғашқы шумағын оқып бітер-бітпесте ұйықтап қаласыз. Немесе баяндамаңызға, пе диссертацияңызға цитат қажет болғанда ғана, кітап парақтаған боласыз. Мәселен, сіздің бүкіл Абайдан білетініңіз—«Арсыз болмай атақ жоқ — Алдамшы болмай бақ қайда?» деген екі-ақ жол. Сіздің барша мағыналы ғұмырыңызға осы екі жол азық болып келеді, оның өзін ертеде бір қудан естіп алғансыз. Абай оны неге айтты — шаруаңыз жоқ. Сіздің авторыңыз да Киплингті дәл өстіп күйдіріп отыр! Қалғып кетіпті... Ал, біз, мына — ағылшыншасы кем, жапоншасы жоқ, бірақ ыждаһаты артық, осынша надандығында да адал байғұстар бар-жоқ орысшамызды ырғап, ары қарай қозғаламыз. Қазақшалаймыз:
Шығыс та жоқ, Батыс та жоқ,
елің, тегің – жоқ бөгет,
Екі мықты жер шегінде
кезіксе егер бетпе-бет!
Енді ұқтыңыз ба? Рас, Күн — батыстан шығып, шығысқа батпайды екен, бірақ, шарты табылса, адам баласы бір-бірімен түсініседі екен. Киплингтің «Батыс пен Шығыс туралы балладасын» толық оқып шықсаңыз, қанша тоңмойын болсаңыз да, осыны ұғасыз, Атеке. «Екі мықты» деп кімді айтып отырғанын ежіктеп жатуға орын тар... Бір, ағылшын полковниктің жанкешті ұлы болады, Кемал деген ер үнділік болады... Жапанда екеуден екеу, бетпе-бет жолығады... Ары қарай өзіңіз оқып шығыңыз. Өкінбейсіз. Өте қызық... Айтарлықтай атыс-шабыс болмағанмен, соғыс туралы киноларға бергісіз...
Сіздің авторыңыздан әлдеқайда оқымысты Олжас поэтикалық шалқымасындағы «Шығыс та жоқ, жоқ. Батыс та...» дегенді аспаннан алды дейсіз бе? Жоға... Бар болғаны, ол кісі балладаны аяғына дейін шыдап оқып шыққан ғой. Оқып қана шықпай, парасатты адам — рухын да ұққан ғой. Әне, білімді кісілер солай — азғантай ағылшыншасымен әкіреңдеп есті шығармайды. Ағылшындікі болсын, кімдікі болсын — қандай толқынды да іліп әкетіп, өзінің лықсыған мол дариясына тоғытып жібереді де, түк болмағандай жөңкіле береді. Бәрі — о'кей! Сіздің жігіттер толқын емес, тау кеп соққандай шашылып қалатыны несі? Есін жиған соң, бөркін тауып кие алмай жатып: поэзияның «кәусар нәрінен сусындағысы келген адам...», «білімге сүйенген жөн»...— деп ғибрат соғатыны несі? Ал, сүйендік. Не болды? Халықаралық дәрежедегі ұят енді сіздерге тиесілі. Ұттыңыздар!
Авторыңызға айтыңыз: түгел оқысын, әйтпесе, «әлдекімдердің күлкісі нақ енді келіп» жүр деңіз.
Бейшара Киплинг!
Бекер шала бүліндік. Нақақ қап төгілді...
Бақаның көлшігіне Киплингтің кемесі сия ма?
Сыймапты. Кептеліп қалыпты...
Көлшік те жоқ, бақа да жоқ Атекеңаң-таң. Отыр...
Отырсын!
Құрметті авторымыз мақаласында және бір қажетінің орайына қол-аяғын байлап, шалып жіберген Акутагава өзі анық түпнұсқа тілде оқыған ағылшындардың сыртында, мәселен, Данте, Гете, Бодлер, Ли-Тай-Бо... туралы сөз қылады (прозаиктер өз алдына). Оларды итальян, неміс, француз, қытай тілдерінде оқып па? Әлде ол кісі де өзіміз сияқты аудармадан алған «жалған» білімді қанағат тұтты ма екен? Және сол кісі жалпы орыс әдебиетіне шексіз құрметін білдіре отырып, орыс пен жапонның мінезі ұқсас, жаны туыс (!) дейді. «Шығысша», «пәленше... «өзіміз де шығыс халқы бола тұрып» деген сияқты долбар теория соқпайды. Мұны және нағыз жапон, хас суреткер айтып отыр — әлгі үнділік ағылшыныңыз қайда кетті? Қазақ ішінде жапон-молдалық қылып жүрген кісілерді қайдан іздедік?
«Анық жапон келгенде қалған «жапон» қарап тұрар болар». Атекең.
«Әлемдік әдебиет» деген ұғымды алғаш Гете енгізді. Көнесі, жаңасы бар — жеті-ақ тіл білген ұлы неміс сонда не нәрсеге сенді? Әрине, аудармаға. Өйткені, өзі білетін үш-төрт халықтың тілі әлем әдебиеті сарайының табалдырығынан аттауға ғана жарар еді. Ақсақал 65 жасында Хафиз өлеңдерінің И. Гаммер жасаған немісше аудармасымен танысыпты. Танысыпты да, тотының қауырсынындай құлпырған шығыс поэзиясына құлай ғашық болыпты. Киплинг пен біздің автордың беделіне пысқырмапты да.
Атақты «Батыс-Шығыс диуаны» – соның айғағы.
Зерттеушілер: «Гетенің шығармашылық генийі өзіндігін сақтай отырып, өзге мәдениеттің рухына бойлап кетті» деп жазыпты. «Аудармасын ғана оқыған»... «олай емес!» деп шу көтермепті. Әнеки!
Құдай біледі деп айтайын, Абайдың орысшасы бүгінгі бізден көп артық емес. Аздау да болуы мүмкін. "Сол кісінің Пушкин мен Лермонтовтан жасаған аудармаларының қасиеті түпнұсқадан кем десек, аузымыз қисайып-ақ қалар. Бұл да тұра тұрсын. Ал енді аудармадан жасаған аудармалары ше?! Немісше, ағылшынша, полякша білмеген Абай «жаман» орысшасымен Гетені, Байронды, Мицкевичті сырлас қылыпты! Автордың әлгі қисынына анық томпақ келетін бір тұс — осы, енді. Үш тілге бірдей неміс-қазақ – орыс Герольд Бельгерге сенем — немісше білмейтін Абай «Қараңғы түнде тау қалғыпта» осы өлеңнің түп иесі Гетеден де өрістірек, немісшеден тікелей аударған Лермонтовтан да тыныстырақ шыққан сияқты. Атақты «Жолаушының түнгі жырының» үш тілдегі нұсқасын салыстыра оқып, Бауыржан Момышұлы Гетеге — 3, Лермонтовқа — 4, Абайға — 5 қойдым дейді. Бұл пікірлердің қайсысы болсын Гетені кеміте алмайды, бірақ қазақ жерінде аяқ астынан дискриминацияға ұшыраған «аударма» деген ағайынға үлкен абырой, демеу. Ұлы түйсіктер тіл қатысып, үзеңгі жанастырған жерде «аударма... анау-мынау... болмайды» деген сияқты бақа-шаян қағидаларыңыз қаңғып қалатын көрінеді. Аударманың да аудармасы, аудармашының да Абайы бар. Сондықтан Басенің тәржімасын қатырмадыңдар деп қайғырмайық. Обалыңыз — жапонша білмеген, я Басені мүлде естімеген Абайға!
Әлем әдебиетін талмай аударып, бізге де көп қазына сыйлаған әлгі орыстар... әлі аударып жатыр. Үйренбей жатып жиреніп, әлден кекірігі аза бастаған бізді айтсайшы! Айтпақшы, «Аудармашының бәрі — Абай емес, білгірдің бәрі — Бельгер емес» дейтін Мұзағаң ба еді, қайсысы? Жақсы сөз жалпыға ортақ — біздікі болса да, несі бар? Біздікі! Ертең біреу қайталайды — соныкі. Біреудің айтқанын өзінікі ғып қайта толғап, күйіс қайырмаса, ішкені ас болмайтын кәнігі плагиат Атекеңдікі...
Бізге — бәрібір.
Автордың айтуынша «поэзияны ешқашан да аударуға келмейді дейтіндердің қатары» бар көрінеді. Және өзін сол қатарға құрметпен апарып қосып қойыпты. Демек, өзге жұртты қоя тұрайық, әлемдік әдебиетке, (соның ішінде, поэзияға) негізінен орысша аудармалар арқылы жол тапқан Абай, Мағжан, Әуезовтен бастап, қазақтың бүгінгі ең соңғы әдебиетшісіне дейінгілердің білігі —жалған да, жапонша таза сөйлейтін пәленшенікі ғана — шын. Бәріміздікі — өтірік, сіздікі — рас.
Айтады-ақ, Атекең!
4. БАҚАНЫҢ ӨЗІНЕ КЕЛЕЙІК
Сөйтіп, Басеміз — Баше болды. Болсын. Ақмола да «Қазақстан» болып кете жаздады ғой. Бірақ, жылай-жылай Башенің бақасына айналған бейбақтың одан бары ашыла қоймапты. Жылы орнынан бекер қозғаппыз, обалына бекер қалыппыз...
– Қалайша?! – деп, енді Атекең таң.
Өмірі сұрақ қоюды білмейтін, тек қағида соғатын Атекең үшін, бұл — адам сенгісіз прогресс!
Бұл – былайша, Атеке. «Башенің бақасы» деген мақаланы басынан аяғына, аяғынан басына қарай сүзіп, қанша тарақтасақ та, «Басені Баше деу керек, жігіттер!» дегеннен басқа жаңалық таппадық. Әйтпесе, хайку мен танка дегеннің бар екенінен, оның пәлен жол, түгенше буыннан тұратынынан біз де еміс-еміс хабардар едік. «Бақаның көктемді білдіретінін» де бәріміз жабылып, жарысып айтып едік. Сіз бен бізден гөрі жапонырақ Хиросн Окана сан «рас, рас» деп, талдауымызға батасын беріп еді. Арамыздағы білімі өткінірек бір жігіт жапонша текстің транскрипциясын, буын, жол санын шотқа қағып, түгендеп әкелгенде, «қой, мұның бәрі жұрт білетін нәрсе ғой, ұят болар» деп, газетке терілерде алдырып тастап едік. Ал, сіздің авторыңыз «халықаралық басылымның» жаялықтай бетіне жамбастап жатып алып, түк қалдырмай тізіпті. «Өлгенде көрген бір той» демекші, жиған-білгенің тезегіне дейін қалдырмай, көтерме сауда жасаған саудагерше түгел тоғытыпты. «Көп білген соң, көп сөйлейміз-дағы» деп, бір ағамыз айтпақшы, өзін тежей алмай қалған-ау, сірә. Көп білгенге не жетсін!
Бірақ, сынықтан басқаның бәрі жуғады екен, Атеке.
Көп білетін кісіңіздің бақа турасындағы көп пікірі бізді қайталапты. Өзіңіздің үлгіңіз. Сізде бір мінез бар ғой —«сен айтсаң, мен де айтамын әләулім-жар» деп қосанжарласып мезі қылатын. (Соныңыз-ақ, жаман!...) Алма — ағашынан алыс түсуші ме еді? Түспепті,
Рас, авторыңыздың бізбен келіспейтін және бір жері бар екен. Ешқандай «шеңбер» жоқ дейді. Ал енді, Атеке, ойланып көрейікші. Мәселен, мен Басенің бақасын ешқандай «шеңбермен» шектемей, бұл — тып-тыныш жатқан елді (көлшікті) ала тайдай бүлдірген бүліктің бейнесі деп қабылдасам, қалай болады? Судың үні — момын елдің наразылық күңкілі десем одан әрі соң реализм сорабымен... Немесе, сол бақаның пошымына қарап, тыныштықта тыным алған тұп-тұнық сұлулықтың шырқын бұзған ұсқынсыздық деп ұқсам қайтер? «Тыңық суды шайтан мекендейді» дейді орыстар. Әлде бұл бақа — шайтан ба екен? Әйтпесе, ештеңені білдірмейтін мың-миллиард бақаның бірі ғана десем, не айтасыз? Әрине, «олай емес» дейсіз. Тағы ойланайық. Өзіңіз айтып отырсыз, біздің де хабарымыз бар — хайкуде «жылдың төрт мезгілінің қайбіріне (?) меңзейтін көркем бейне болуға тиіс» екен. «Шеңберіңіз» осы емес пе?! Бұл хайкудегі бақа — көктемді білдіруі керек екен. Міне, «шеңбер»! 5-7-5 және бұл формаға үйлес мағына-мәнісі болуы керек екен. Әне! «Хайкудің негізгі мән-мағынасы оның соңғы нүктесі қойылған жерден басталып, ары қарай сол бағытта... жалғаса береді деу керек» екен — тағы бір «шеңбер». Енді біз айтайық, Олжастың «айналайынын» түйсінудің өз жосығы, Басенің бақасын қиялдаудың өз шарты бар екен – бұл не «шеңбер» емегенде? Демек, біз айтсақ, шеңберсіз айдалаға лағуға тағы болмайды екен. Демек, бұл сыпатты нысаналы бақаны Атекеңнің ермегі деп қарай алмайды екенбіз. Сіз қалай түсіндіңіз, өзіңіз білесіз — біз шеңбер деп осыны айттық. «Шеңбер» деп, жаңағыдай эстетикалық таным, түйсік, принциптер жүйесінің ауқымына меңзедік.
Демек, қайткенмен де, «жер айналады», Атеке!
Және тек шеңберді бойлап.
Немісше, қазақша, орысшаға бірдей жетік Бельгер «Қараңғы түнде тау қалғыптың» Гете — Лермонтов — Абай нұсқаларын салыстыра зерттеп, шағып талдады. Ал, жапонша, ағылшынша, қазақша;.. білетін кісілердің үлгісі қайда? Әлде тілді білу бір басқа да, өлеңді тану — өз алдына ма екен? Қазақша сөйлейтін қазақтың бәріне Мағжанның өлеңін талдап бер десек, обал ғой... Әйтпесе, бұл хайку пәлен жол, түген буыннан тұрады, оны жапондар құрандай қастерлеп (?) теріне іліп қояды екен, міне поэзия сүйгіштік деген сияқты абыз ақиқаттарды мына — жапонша ұқпайтын дүмше — біз де білеміз. Біз талдау күтіп едік. Мүмкін, жапон өлеңі талдауға келмейтін болар, оны тек, автор айтқандай, соңғы нүктесі қойылған жерден бастап, шексіз жалғастыра беруге, яғни, қиялдауға ғана болатын шығар. Мәселен, Акутагава ысқырып қалғанда, Басенің қияли бақасы көлшігінен ытқып шығыпты ғой... Олай болса, Атеке, авторыңыз, орысша білімімен көңірсіп жұртта қалған біздей емес, ағылшынша-жапоншасы тіқұшақтың қанатындай зырылдап тұрған азамат екен — биігірек көтеріліп, қиял кеңістігін неге бір шарлап кетпеді. «Қанды көз, май жеп алғыштың» алымына таңырқап біз неге қарап тұрмадық? Қазақшасы жетіңкіремеді-ау, шамасы. Әлде «аз білгенін көпсінген, көп қазаққа епсіпген» ауыл арасы білерменнің бір мінезі ме екен?
Оны енді сіз ғана білесіз, Атеке. Авторыңыздың Башенің бақасы деп таныстырғаны — сол баяғы Басенің бақасы. Өйткені, басы — жалпақ.
Автор «Р. Акутагаваның осы хайку жайлы айтқан: «Егер бақа ескі тоқтау көлшіктен секіріп сыртқа шығар болса...» деп, ары қарай жалғаса беретін тамаша ой түйіндер тізбесін оқысақ әбден жеткілікті» деп, көлшік-шалшыққа классикті итере салып, өзі балағын да былғамай құп-құрғақ құтылыпты. Мейлі, жолы болсын. Бірақ, өзі құлаған шалшықтағы жалғыз бақаны Акутагава Басеге енді өлсе бере ме? Сіздің айтып отырғаныңыз – енді Акутагаваның шығармашылық қиялынан туған бақа. Оны енді Басенің бақасы демейді, бақа тақырыбына фантазия деп ұғады.
Сосын ойладық: ақыры, талдай алмайды екенбіз, тіпті қисынын келтіріп қиялдай да алмайды екенбіз — аузымыз үйренген Басені «Баше» деп бипаздаған қай сәнім? Одан не өзгереді? Бақамыз көркейіп, Басеміздің даңқы арта түсе ме? – деп.
«Сыртын танып іс бітпес, сырын көрмей» депті немісше де, жапонша да білмейтін бір ақсақал. Сөзім-ақ!
Авторыңыздың поэзия туралы түсінігі қызық. «Жапонда он миллиондап (!) саналатын қалың көпшіліктің белсене кірісіп жазатын осындай поэзиялық шығармасы көбіне-көп танка немесе хайку келбетінде болып келеді» деп сөйлейді. «Белсене кіріспегенмен», қазақта да екінің бірі өлең жазады. Бірақ 11 -11 -11-11 немесе 7- 8-7-8...-дердің бәрі бірдей поэзия бола бере ме? «Он миллиондап» жазылатын 5-7-5-тер де солай. Әйтпесе, өлеңде не қадір, ақындықта не мағына?
Сөздің қысқасы, Атеке, біздің Башенің бақасында шаруамыз жоқ. Біздің әңгіме қылғанымыз Басенің бақасы болатын. «Олай емес» десе, авторыңыз екеуіңіз дәлелдеңіздер, талдаңыздар, қиялдаңыздар — көзімізді жеткізіңіздер. Оған дейін біздің бақамыз Басенікі бола тұрады. Бұл біздің бақа емес еді деп, жалпақ жапон қазақтан безсе, безіп-ақ кетсін — Басенің бақасы!
5. ҚИЯЛИ БАҚА
«Енді Башенің хайкуын жапон тіліндегі
бойынша қазақ әрпімен жазып көрейік:
фу-ру-и-кэ-я- (5 буын) ка-ва-зу-то-би-ко-му
(7 буын) ми-зу-но-о-то (5 буын)»
«Башенің бақасы» деген жазбадан.
...Сонымен, сен Акутагаваның азғыруына еріп, жүздеген жылдар жайлаған ұядай көлшігіңнен секіріп шығып кете бардың... Сен баяғы Басенің бәсіресісің бе, әлде көлшіктен кеткен соң, Акутагаваның әні деп аталасың ба? Қайдан білейін, мұндағылар Башенікі деп жүр ғой. Енді қай көлшік, қай шалшыққа барып сән берді екенсің?! Мейлі... Анық білем — бәрібір сол ұлтарақтай аралдың аумағын кезіп жүрсің. Бір жапон суға секіртті, бір жапон алып шықты — ештеңе өзгерген жоқ. Акутагаванікі әншейін қиял ғой —«фантазия на тему» дейді қазақша. Сен сол баяғы бақасың. Атақты Басенің дәріпті бақасы!
Сенің қасиетің — өз әніңнен жаңылмайсың. Біздің жалпақбастар — полиглот. Біздің бақалар шетінен әнші. Қай шалшықты жайлап келсе, соның жырын айтып шұрылдайды. Дүниенің барлық, бақаларындай қосылып-ақ «шырқайды», бірақ әуендері келіспей, қырық ру болып жамырайды. Ию-қию... Ию-қию... Бірінен бірі дауыс асырғысы келеді. Өйткені, бізде ең зор дауысты бақа — ең құрметті бақа...
«Тілдес, ділдес, түгел бол!» деп бақылдап ұран тастайды патриотсымақ бір бақа. Қайдағы тіл, қайдағы діл — көлшік құрғап барады!
Біздің жергілікті бақалар жер-әлемдегі өзге бақалардай қосмекенді емес. Көлшігі тартылса, саудасы бітті. Көлшік тарылған сайын басқа бақалардың даусы сорайып, қарны шығып барады. Біздің бақалар — аш. Аш бақада ән жоқ. Тамақ жыртылған, қарын қабысқан. Ұйқылы-ояу мәңгірген бір тіршілік...
Сен ая оларды!
Өзіңнің құт қонған, береке дарыған жәннат Жапонияңнан мұндағы бейберекет тірлікке тостақ көзің бақырайып, таңдана қарап отырған шығарсың. Амал не, біздің бақалар сондай. Сендей емес...
Сенің көлшігің тұнық, суы мол, жағасын мақпалдай жасыл жапырақ көмкерген. Барлық бақа саған қызығады, сенің көлшігіңді, сенің бақытыңды армандайды. Уа, атақты Басенің дәріпті бақасы! Сенің, ақырзаман келіп, көлшігің тап-тақыр болып кеуіп қалса да, жердің жарығына кіріп кетіп жан сақтайтын ебің бар. Тіпті, өлсең де, қыдырмашы тоқ бақаларға, аборигеннен арам шыққан қосмекенді құбыжықтарға мазақ болмай, өз көлшігіңнің түбіне сіңіп құрисың. Өз көлшігіңнің... Бақыт деген, міне, осы!
Көлшік құрғап барады...
Ұйқылы-ояу мәңгіріп жатып, біздің бақалар түс көреді. XXI ғасыр екен дейді... Тартылған көлшік кенересіне тола шүпілдейді. Жағасын мақпалдай жасыл жапырақ көмкерген... Абориген бақа ән бастайды. Қалған бақалар ақырындап үн қосады. Әрине, әрқайсысы өз әнін айтады, бірақ дауыс асырмайды, үйлесімді бұзбайды. Контрапункт заңдылығымен негізгі әуеннің ыңғайына жүріп, ығын бағады. Ырғақ ортақ, келісім түгел, бояу— толық. «ҺІм бақ бақ, ым-бақ-бақ»... Гармония!
Арман таусылмайды. Үміт өшпейді...
Сен түсін бізді — көлшік құрғап барады! Қамығып отырып, қазақша хайку жаздым.
Тыңдашы:
Көл-ші-гі құр-ғап (5 буын)
Кет-се ба-қа-ла-рым-ның, (7 буын)
кім-гe мұң ша-ғам? (5 буын)
P. S. Сенің, даңқына, дақпыртыңа ғашық мұндағы мәжнүндер суретіңді ойша елестетіп, даңқыңа көркің сан шығар деген жобамен біраз бақылдап, таңдай қағысып көріп еді, және бір қияли бақа келіп, тыйып тастады. Алдымен, «Баше!» деп бір түшкіріп алды. Сосын: «Олай емес!»—деді... «Кейбіреулердің қатты күлкісі келіп жүр» деп ұялтты. Көлшігінен ұзап шығып көрмеген бейшаралар жым болды. Әлгінің сирағы да ұзын, көмейі де кең неме екен — секіріп, дәріс оқып, бастарын қатырды. Сен туралы өсек-аяңға да қанық сияқты. Сені өз көзіммен, мына шығыс жақтағы сыңар көзіммен көрдім деп соқты. Рас па? Бірақ, мейлі... Жаңағы сорлылардың өзіңді көрмегені де дұрыс болды ма деймін, бір есептен. Көрсе, кім біледі... Көңіліңе келмесін, Ләйлі де сұрықсыз болған дейді ғой...
Ең жақсы бақа, ең сұлу бақа — қиялдағы Бақа шығар. Сеп барша бақа атаулының қиялында ажарланып, жаңғырып жасай бер, атақты Басенің дәріпті Бақасы! Сені көрдік дегендерге я сенерміз, я сенбеспіз. Өйткені, көз көргенмен, көкей түймесе —бәрі сандырақ. Атекеңнің амбициясы!
6. АТЕКЕҢДЕ НЕ ЖОҚ?
Атекеңде бәрі бар. Атекеңде тек білім жоқ. Бірақ, «білімге сүйенген жөн» деп уағыз айтқанды жақсы көреді.
Білімсіз Атекең жапон поэзиясының мұндағы білгірі. Тіл білмеген жұрт, айталық аудармасын тауып алып, Басені ежіктейді. Атекең шақырусыз жетіп келеді де: «Бұл не?» дейді. «Бақа туралы жай хабарлама, информация ғана екен»— дейсіз ағыңыздан жарылып. Бірақ, шыныңды айтсаң, Атекеңе жақпайсың.
– Олай емес! – деп шақшияды Атекең.— Жапон — жақсы!
– Солай, солай, Атеке. Бірақ, бақа.,.
– Фу-ру-и-кэ-я!— дейді Атекең тістеніп.
– Ол не, Атеке?
– 5-7-5 — дейді Атекең ысылдап.
– ....?!
– Надан! – дейді Атекең тапаншаның ұңғысындай саусағын безеп.
– Атекем дұрыс айтады...
– Көктемді білдіреді,— дейді Атекең сабасына түсетін ыңғай танытып.
– Кім, Атеке?
Бүлдірдік,
– Башенің бақасы! – деп, баж ете қалады Атекең.
Сөйтеді де, бамбуктың қабығына (өзі айтты!) жапон иероглифімен жазылған үш жолдық ирек-шатпаққа көзі жасаурап, тамсана қарап, ұзақ отырады. Көзін шығысша сықситып, жарыққа тосып қарайды, аударып қарайды, төңкеріп қарайды. Оң жағынан қарап, көзі боталайды, сол жағынан қарап, екі иығы селкілдеп, еңкілдеп тұрып жылайды. Көзінің жасы өзі Жапонияда жүріп, «кәусар нәрінен сусындаған» бұлақтардың тамшысындай мөп-мөлдір, моншақ-моншақ...
Атекеңше оқысаң, һәмма жапон поэзиясында құпия қалмайды. Атекеңше оқысаң — жылайсың...
Қайран Атекем-ай!..
Жылап отыр! Білімге сүйеніп...
7. ДАУДЫҢ СОҢЫ
«Даудың басы — Дайрабайдың көк сиыры» деген сөз бар, білесіз. Сиыр — дауға тұратын ірі мал ғой. Заман азды ма, жүйке тозды ма — бізге бақа-шаян да әжептәуір әңгіме болды. Соған бола, осынша сөз шығындағанымыз қалай деп бір ойладық. Торғайды зеңбірекке байлап атқандай, мұнымыз не деп бір отырдық. Сосын барып есімізге түсті: айтпақшы, бақа, торғайды бетке ұстап, ар жағында Атекеңдей алып отыр екен ғой! Ал, Атекеңді зеңбірекпен күнде төмпештесең де — дауа.
Бәрібір – өлмейді.
Автордың өзі көрсеткен жобамен «шеңбердің» бәрін лақтырып тастап, бақа төңірегінде біраз қиял жүгірттік. Қолдан келгені осы — Басеміз де, бақамыз да риза болсын!
"Шын жүрек – бір жүрек" кітабынан алынған
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.