Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ШЕТЕЛ ӘДЕБИЕТІ
Жия Пыңаудың (Цзянь Пинва) «Азған шаһар» романының...

27.03.2023 1612

Жия Пыңаудың (Цзянь Пинва) «Азған шаһар» романының ерекшелігі 14+

Жия Пыңаудың (Цзянь Пинва) «Азған шаһар» романының ерекшелігі - adebiportal.kz

ХХ ғасырдың 90 жылдарынан кейін Қытай Халық Республикасы жан-жақты қарқынды дамыды. Нарықтық экономика саласы да дамыды, қарапайым қытай халқының егістік жерлерін өңдеудің орнына сауда-саттықпен айналысуды алға қойды. Қытай халқы ескі көзқарасын жаңа нарықтық көзқараспен алмастырды. «Даму деген дау жүрмейтін шындық», «жалпы халықтық ішкі өнім» деген бағыттарды және ғылым арқылы алға басу бағытын ұстанды. Үздіксіз реформа жасау, үздіксіз ортаға бейімделу, үздіксіз алға ілгерлеу деген ұрандар – негізгі ұстанымдары болды. 

Сол жылдары қытай әдебиетінде үлкен өзгерістер пайда болды. Халық танымдық жағынан төмендеп, нарық экономикасының дамуы арқылы тұтынушылық мәдениетті қалыптастырды. Әдебиет саласында адамдық құқық пен азаматтық сана мәселесі көтерілді, шетелде тұратын қытай жазушылары мен сыртқы күштердің ықпалында, әдебиет көп бағдарлылыққа бейімделді. Халықтың рухани сұранысы төмендеумен қатар, қытай әдебиетінің ішкі иірімдері де төмендеді. Қазіргі заманауи жаңа сөздер қолданысқа ене бастады және ауыз екі тілде кеңінен қолданылды. Тұтыну мәдениетінің өзгеруімен, қытай әдебиетінде түрлі түсті ой-толғамдар бейнеленетін болды, жаңа ғасырдың жаңа мәселелері көрініс тапты. Әдеби шығармашылықта қазіргі заман қытай жазушыларына ойындағыны еркін жазуға толығымен мүмкіндік берілді. Әдебиетте бүгінгі күннің күнделікті тұрмыстық тақырыптары және дөрекі тақырыптарда жазу өз алдына үрдіске айналды. Сонымен бірге бүгінгі күннің тұтыну мәдениетін дәріптеу – басты назарға ұсталды. ХХ ғасырдың соңында кітаби пайымдауды ғана жазатын әдебиет өзгеріп, нақтылы болған оқиғаларды жазып, ақпаратты-дидактикалық шығармалар жарыққа шықты. ХХІ ғасырда қытай жазушылары материалдық қажеттіліктермен қамтамассыз етіліп, олардың рухани, қоғамдық мәселерге шындап кірісулеріне жағдай жасалынды. Сондықтан да әдебиетке қазіргі заман мәдениеті қатты әсер етіп, әдебиет көп бағдарлылыққа жол берді. 1990 жылдарда әдебиет теориясы туралы талас пікірлер пайда болды, әдебиет жанрын толықтыратын сахналық қойылымдар, кино, ғаламтор әдебиеті жаңа жанр ретінде қалыптасты. [1]

1990 жылдары басталған әдебиет теориясы жөніндегі талас және жазушылардың өз шығармаларында көтеретін тақырыптары өз шегіне жетіп адамдарға, яғни бүгінгі қытайлықтарға жаңаша рух беріп, жаңа қытайлықтарды тәрбиеледі. Қазіргі таңда қытай әдебиетінде әйелдер әдебиеті қалыптасты, тұтыну мәдениеті жөніндегі әдебиет дамып көп бағдарлы әдебиетке ұласты. 

1993 жылы Уаң Мыңның «Кітап оқу» атты журналының №1 санына «Ұлыларға табынуды жояйық» атты мақаласы басылып шықты, ол өз мақаласында ұзақ жылдардан бері қытай әдебиеті ұлыларды мадақтап келді, бұл табыну бізді алысқа апармайды деп жазды.Ваң Шуо ұлылары қателік жасамайды ма? Түйенің құмалағы болғаны сияқты олардың да қателігі жетеді деп жазды. Сол жылы «Шаңхай әдебиеті» журналының №6 санына Уаң Шияумиң «Иен даладағы қағыр жер немесе әдебиет және рухани мәдениеттің қауіпі» атты мақаласында бүгінгі заманда рухани мәдениет тоқыраудың аз-ақ алдында тұр деп жазды. 1994 жылы «Кітап оқу», «Шығыс», «Қытай кітап оқу», «Қазіргі заман мен дәстүр» қатарлы газет-журналдар осы мәселе жөнінде халықтық тыңдау өткізіп, талқы өрістетті. Осылай әдебиетте жаңаша көзқарас қалыптасты. Талқының негізгі көтерген тақырыбы: рухани мәдениет деген не? Ол қайдан келеді? Ол қай кезеде, қалай құлдырады? деген сұрақтардың төңірегінде әңгіме өрістетті. Рухани мәдениетті қайтадан қалыптастыру қажет екендігін барлығы түсінді. Оны қандай жолмен қалыптастырған абзал деген сұрақ барлығын мазалады. [2] 

Бұл мәселеде Чын Сынның рухани мәденитті тек зиялылыр қауымы ғана жасай алады, зиялылар бастап салған сара жолмен бүкіл халық жүреді, барлығын алға сүйрейтін темір жол тәрізді алға бастауы керек деп ашып көрсетті. Зиялылар қауымы бүкіл қоғам мен халықтың алдындағы жауапкершілігін сезінуі керек. Онда бізге қандай рухани мәдениет керек дегенге, Уаң Бин бин былай деп жауап берді: «Рухани мәдениет ол – діндік мәдениеттен жоғары тұратын мәдениет деді. Жазушылардың бір қатары рухани мәдениет саяси жүйемен тығыз байланысты мәдениет десе. Тағы біреулері ежелгі дәстүрімізді негіз еткен мәдениет деген шешімге келді. Жаңа демократиялық мәдениет қажет дегендер де болды. Әр адам өзін жақсы басқарып ұлттық мәдениетін жоғалтпауы қажет. Жеке бастың еркіндігі мен мемелекеттік еркіндік бір-бірімен сәйкесуі керек, сонда рухани мәдениет болады. Осылай талқы жалғасты сөзді тағы Уаң Мың түйіндеді, ол бізде қазір батыстық сарын бар оны мойындауымыз керек, қазірден бастап жеке басқа табынуды тоқтатып, рухымызды тазартып, қарапайым халықтың өресін көтеруге атсалысуымыз қажет деді. Бұл мәселеге бұрынғы Шанхайлық қазір Америка Құрама Штаттарында тұратын Ли Жие де өз пікірін білдірді, ол адам идеясын азат етіп, адамдық қасиетін дербестендіруі керек деген көзқарасын білдірді.

Осы заманданудан кейін Қытайға постмодернизм әдебиеті біртіндеп ене бастады. 1978-1979 жылдары қазіргі заман әдебиеті келсе, 1984 жылдан бастап постмодернизм әдебиетінің дәуірі болды. Постмодернизм әдебиетінің басты ерекшелігі – адамдар еркіндігі, теңдігі, қадір-қасиеті тақырыбында жазу. Бұған Дәй Ху иңның «Адамдар-ау, адамдар!», Жияң Шиянның «Махаббат деген таусылмас тақырып», Ру Жы жидің « Редактордың қателігінен кеткен әңгіме», Жияң Жиенің «Паң дан», Тие Ниңның «О, қар!», Фың Жи сайдың «Ұзын бойлы әйел мен қысқа бойлы күйеуі» атты шығармалары сол заман әдебиетінің алғашқы қарылғаштары болып саналады. 1984 жылы «Батыстың қазіргі заман әдебиетінің мәселелері бойынша талқы» атты ғылыми мақалалар жинағы Қытай халық баспасынан шықты. 1980 жылдан бастап-ақ Қытайға Габриель Гарсиа Маркес тағы басқа да қазіргі заман шетелдік атақты жазушылары танымал бола бастаған еді. Шетелдіктердің заманауи жазушыларының таңдамалы үздік шығармаларының қытай тіліндегі аудармалары Қытайда қайта-қайта басылды. Сонымен бірге, осы шығармаларға байланысты көзқарастарын білдірген әдебиеттанушы, сыншыларды атамасқа болмайды. Уаң Ниң, Ай Кіши, Уаң фең жын, Жау Ипан, Чың Ниң қатарлылар сырттан келген әдеби шығармаларға өз көзқарастарын білдіріп жатты. Қытай экономикалық, саяси қарым-қатынастарымен қатар әдебиет саласы да қарқынды дамыды. Шетелдіктермен тәжірибе алмасу жұмыстарын өзара жүргізіп жатты. Қытайға шетелден келген оқымыстылар Шандұң, Шанши, Бейжің унверситетеріне келіп дәрістерін оқыды. Міне, осылайша Қытайда постмодернизм әдебиеті ресми түрде қалыптасты.

80 жылдарда атақты жазушылардың қалыптастырған әдебиет бағыттарының бұғауларынан («тамырын іздеу», «мәдени проза», «кері ойлау әдебиеті») шыға алмай 90 жылдардың басында «бір орында жүгірумен» болды. Олар өз шығармаларының қатып қалған шеңберінен еш бұза алмады. 

Сондықтан да 90 жылдардың басында әдебиет саласында аздап тыныштық орнады, барлығы осы жағдайды өзгертетін шығарманы не болмаса жазушыны тағатсыздана күтті. Лэй Даның айтуы бойынша, жазушылар үшін бұрынғы заман «таңғы тұман сияқты жоқ болды» және онымен қош айтысу керектігін түсінді, ал келесі баспалдақ биік және аяқ басуға қиындық соқтыратынын түсінді. 

1993 жылы «авангард жазушылар толқыны» келді. Қытайда осы жылы жазушылар қауымы айтарлықтай әдеби белсенділік танытты. Лэй Даның айтуы бойынша 1993 жылдың қаңтар мен шілде айлар аралығының өзінде 30-дан астам романдар жарияланыпты. Сыншының ойынша романдардың көптеп жарыққа шығуы нарықтың талабына сай құбылыс, бірақ кешігіңкіреп болған жәйт. Роман жанрының көптеп шығуы кездейсоқ құбылыс емес еді, себебі жазушылар неше түрлі жанр мен стильдерін араластыру не болмаса шығарманың формасы мен мазмұнын өзгерту сияқты тәжірибелер жүргізуіне болатын еді. Бір шығарманың көлемінде реализм мен модернизмнің көркемдік әдістерін қолдану, «жоғарғы» мазмұн мен дәстүрлі баяндау әдістерін қатар қолдануға болатын еді. 

Бұл талпыныс 30-40 жылғы ұрпақпен тығыз байланысты. Таулы және ауылдық жерлерге түскен жас зиялы қауым «мәдени революция» жылдары жергілікті табиғат жағдайлары және белгілі қоғамдық өзгерістердің әсерінен қиыншылық көрсе, бір жағынан қарапайым ауыл тұрғындарының мейірімі мен қамқорлығына ие болады. Лю Цзайфу «Осы жастарды «қасқыр сүтін емгендер» деп белсенді, жігерлі жастарды айтады. Олардың қиындықтардан қатып қалған жандары ешқашан механикалық формуламен жұмыс істемейді, ешқандай антиәдеби теория мен үлгілерге қатып қалмайды»[1,121 б.]. 90 жылдардағы әдебиет саласына жанды энергияларын, өз үлестерін қосты. Солардың ішінде сыншы келесілерді атап көрсетеді:Хань Шаогун, Чжан Чэнчжи, Ван Аньи, Жия Пыңау, Чжэн Ваньлун, Ши Тешэн, Мо Янь, Ма Юань, И Юньлу, Ли Жуй, Цань Сюэ, Чжан Синьсинь т.б. (алайда Жия Пыңау, А Чэн, Мо Янь и Хань Шаогун сияқтылар өздерін 80 жылдары белгілі болатын).

Бұл жазушылар көбіне өз басынан өткен өмірлерін жазатын. Лю Цзайфу жазушылар шығармаларын екі кезеңге бөледі. Біріншісі – қоғамның алыс шалғай жерлердегі жастарға көңіл бөлу қажеттігін жазады, екіншісі – қоғамнан сұрауды қойып, өздерінің жеке даралығын бекітуді алға қойды. Қоғамның қисынсыздығы мен жосықсыздығына қарамастан, жазушылар кері жолға түспей, өз шығармаларын бар тәнімен жазғандығын айтады. 

Осы кезеңдегі шығармаларда жазушылар қазіргі заманның рухани-этикалық мәселелердің дәстүрлі қытайлық мәдениетпен байланысын зерттеумен шұғылданады. Олардың шығармашылығы бұрынғыдай қоғамға қаратылып айтылмады, осы қоғамда өз орындарын атап көрсетпеді. Лю Цзайфудың жазуынша, жас жазушылар «өзіне өзі би» болды және «өз орнын іздеумен болды. Біреулері өз орындарын кәдімгі ауылдан тапса, енді біреулері қоғамдағы бұрынғы орындарына қайтып оралды, үшіншілері «Лаоцзы мен Чжуанцзы ілімімен» өздерінің рухани жақындықтарын сезінді, ал енді біреулері өмірде өз орнын сол күйі таппай, өз еңбектерінде өмірдің сандырақ екендігін жырлаумен болды. Осы жазушыларға ортақ нәрсе – олардың барлығында шығармашылық бостандық болды, сонымен қатар, идеологиялық концепцияларына тәуелді болмады». [2.]        

Осылардың ішінде Чэнь Чжуншидің «Бай және Лу жанұялары туралы" (白鹿原), Ли Жуйдің «Көне мекенжай» (旧址), Чэн Хайдың «Өмірге деген махаббат» (热爱命运) әсіресе Жия Пыңаудың « Азған шаһар» шығармасы Лэй Даның айтуы бойынша, қытай әдебиетінің жаңа дәуірінің белесі болды. 

Бір шетінен Жия Пыңау заманауи қытай жазушылардың ішінде алғаш болып романда көптеген «әдебиеттен тыс» жағдайларды қолданды, бұқаралық әдебиетке тән тақырыптарды дамытты: соқыр тәуекел, зорлық, секс, әзіл т.б. Осы әдістерімен Жия Пыңау ресми «әдепті» әдебиетті «жарды», «жоғарғы» әдебиеттің өкілдерінің ашуын тудырды. «Азған шаһар» көркем шығарманың бұрын-соңды көрмеген табысына ие болды. Таралым саны бір миллион данаға жетті, қара нарықта шыққан таралым санын қоссақ, екі-үш миллион данаға жеткізуге болады – осының барлығы кітапқа тыйым салуға бірер ай бұрынғы болған таралым саны. Жаңа дәуір әдебиетінің жазушыларының ішінде (80-90 жылдардың) ешқайсысы мұндай табысқа ие болмады, автордың кітабы нағыз коммерциялық керемет құбылыс болды. 

Жия Пыңау осы шығармасында 90 жылдардың басындағы Қытайдың дағдарысты дүниетанымына салмақты діни-философиялық түсінік беруге тырысты, бұрынғы ұлылықтан азғындықтың қармағына ілінген заманды оқырманға ұсынды. 

Бұл шығарманың аталуының өзі нышанды болып келеді. Жия Пыңау осы туындысын бағалайды және кезінде аттас повесін басып шығарған. Жаңа романға осы атауды пайдалануының өзі жазушы шығармасының дүниетанымдық коды, маңыздылығының белгісі. Алғашқы иероглифі «(fèi)» - «құлдырау», «кері кету» деген мағынасы болса, екінші иероглиф «(dōu)» - «астана», «астаналық қала» деген мағынаға ие. «Фэй ду» сөзбе-сөз аударғанда «Құлдыраған қала» немесе «Құлаған астана» (ағылшын тіліне"The Ruined Capital" ) деп аударылған. Алайда осы жолмен аударғанда мағыналылығы біраз жоғалатын сияқты, себебі «(fèi)» - «бықсу», «азғындану» деген мағынасы бар, жазушы туындысындағы негізгі мағына рухани азғындау. «Азған шаһар» символикалық мағынасын нақты беретін атауы қабылданды. 

Жия Пыңау романдағы Сиань қаласын астана деп атауы тегін емес (мәтіндегі қаланың аты Сицзин – 西京, батыс астана деген мағынаны береді). Жазушының айтуы бойынша, Сиань қаласы өзінің бұрынғы күшін жойса да, жергілікті тұрғындар үшін ол әлі де 12 империяның астанасы, дәстүрлі қытай мәдениетінің орталығы (ескі қаланың көне мәдениет пен тарихына арнап Жия Пыңау «Көне Сиань» ("老西安", 1999ж.) атты жеке документалды монография) арнаған, Сианның өзіне тән қалалық мәдениетін суреттеген. Сиань шын мәнісінде бар қала туралы әңгіме ғана емес, сонымен қатар, архетиптік өркениеттің қаласы, әмбебап мегаполис туралы. Жия Пыңау романның француз тілінде басылып шыққаны туралы баяндайтын мақалада өз ойын былай деп жеткізеді: «Сицзин – Қытайдың азғандаған шаһары, Қытай болса бүкіл жер шарының азғандаған шаһары, ал біздің жер өркениеті бүкіл әлемнің азғандаған шаһары болып есептелмей ме?».

1993 жылдың басында жарық көрген «Азған шаһар» романы жазушыға атақ әкелді және оқырмандар мен әдеби сыншылардың қарсылығын тудырды. Жия Пыңау өзінің шығармашылығында шынымен өзінің сүйікті Шанчжоуын қалдырып, қазіргі заманның өркениетін бейнелейтін қала мәселелерін көтерді. Соның ішінде қазіргі қоғамдағы адамдар арсындағы қарым-қатынастар, әлеуметтік өмірдің жасандылығы мәселелерін қозғады. Ресми сын романның кейбір натуралисттік жерлерін, «ашық порнография» және «торыққандық» деп атады. 

Бұл шығарма шынымен алдыңғы романдар мен повестердің «мүлде басқа» шығарма болды. Қала интелегенциясының өмірін бейнелеу не болмаса сол кездегі (қазіргі кезде оның әйгілі «сексуалды бейнелеулері» (性描写) ондай таң қалдырмайды) Қытайдың пуритандық табуын бұзғандығы – ең басты мәселе болып тұрған жоқ, ерекшелігі – «авторлық өзін-өзі ашуындағы батылдығы», жалаң трагизмі мен өз өміріне қатты түңілуі. Осындай пессимистік көзқарастың ұшқындарын бұрынғы шығармаларынан «Мейрамшыл халық» ("闲人", 88ж.), «Атақтылар» ("名人", 88ж.), «Ауру» ("人病", 88ж.) байқауға болады. 90 жылдар басындағы шығармалардың (адамдардың қарым-қатынастары сексуалды аспектіде көрсетіледі) негізгі мазмұны – өмірдің мәнін іздеу болып табылады, «Азған шаһар» романында трагедия сезімі, шарасыздық тақырыбы әрмен қарай дамып жүзеге асты. Мақтаған да сынаған да сыншылар «Азған шаһар» романын декаденттік көңіл-күйге толы шығармалар қатарына жатқызды. Әйгілі әдебиетші Лэй Да осы романға талдау туралы арнайы мақала жазды, оның байқауынша, романның аталуы жапондық Ясунари Кавабатаның романдарына ұқсас («Қарлы әлем», «Мың тырна», «Көне астана»). [2,117 б.]. Жия Пыңаудың айтуынша, жапондық прозаик шығармалары шынымен де оған қатты әсер еткен: «Маған Кавабатаның өзі ұнайды, кітаптарының атмосферасын ұнатамын. Олардың көңіл-күйлері мен рухы Кавабатаның ерекше әлемін береді. Кітаптары менің басымды әбден қатырды, себебі мен оның «көркемдік әдісінің» құпиясын таба алмай әлек болдым... Ясунари Кавабата – шығыс жазушысы. Алайда, ол дәстүрлі жапон әдебиетінің ұстанымдарын батыс модернизмінің элементтерімен ұштастыра отырып, ерекше көркемдік болмысты жасай алды. Мен үнемі осыған таң қалатынмын. Жазушының шығармалары мені қазіргі модернистік философияны, әдебиет пен эстетиканы қайта оқуыма мәжбүр етті, осылайша, көне қытай әдебиетіне жаңа көзқараспен қайта оралдым». [2] Екі автордың шығарма желісі мен композициясы арасында тікелей байланысы жоқ, алайда, баяндау үлгісі, көңіл-күйінде, дүниетанымында олардың арасында жасырын ұқсастықтары бар. Ясунари Кавабата өзінің өмірдің «тұтанған» әдеміліктерін бейнелеуімен атақты, «заттарды мұңлы бейнелеудің» (мононо аваре) шебері. Кавабата мен Жия Пыңау шығармашылығына «қарапайым шынайылығы мен әсем сезімдерге толы тәтті балалық шақты» дзэндік эстетика әсер етті[2]. 

Кавабата өзінің табиғаты – көп ешкіммен араласпайтын тұйық мінезді, адам көп жерлерге бармауға тырысатын, дүниенің кемелсіздігінен жабырқайтын. Кавабата өмірі рухани және шығармашылық күйзелістерден тұрды, соңында өз-өзіне қол жұмсаумен аяқталды. Жия Пыңау ондай әрекетке бармаса да, шығармаларында трагедиялық пен жалғыздық сезімі айқын сезіліп тұрады. Кавабата мен Жия Пыңау үшін дүниені трагедиялық көзқарас арқылы тану – әдеби ойын, не болмаса стилистикалық әдіс емес, шығармашылығының негізгі көзқарасы. «Азған шаһар» романында осы құбылыс айқын көрінісін тапты, Жия Пыңаудың өзі үшін бұл шығарма рухани күйзелістен өтудің көркемдік куәгері ретінде болды. Гётенің «Жас Вертердің қиналуы» Герман Гессенің «Қырдың қасқыры» шығармалары әдебиет тарихындағы өз авторлары үшін өз-өзіне қол жұмсау не болмаса күйзеліс жағдайынан шығудың амалдары болып келгенін білеміз. Жия Пыңаудың айтуынша, романды жазған кезде өмірінің ең қиын сәттерінің біріне тұспа-тұс келіп тұр. Қатты сырқаттану, әкесінің өлімі және жанұясынан кетуі – өмір жолының сәтсіз құрылуы, рухани күйзеліс және өлім туралы ойлардың болуына әкеліп соқтырды. 

Осы жан күйзелісінің қалпы романның басты кейіпкері – Чжуан Чжиде жазушысы арқылы берілді. Сыншылардың көбі кейіпкер мен автор екеуінің ұқсастықтарын байқап, жазушының өз кейіпкерінен алыстай алмауын дұрыс емес деп көрді. Шынымен де, «Азған шаһар» романын шартты-конфессионалды жоспарындағы шығармалар қатарына жатқызуға болады. Толығымен автобиографиялық роман болмағанымен, ол «ішкі, метафизикалық, автобиографиялық» ерекшелігі бар, яғни, «жанның метафизикалық ландшафттарына» шығатын есік ретінде болып келеді. Романның осы ерекшелігінің астын сыза көрсетіп, Жия Пыңау «Азған шаһар» романының Сөз соңында: «осы кітап қана менің жаралы жаныма ем бола алды» - деп жазады. [2.]

Әдебиеттің ақпараттық-көңіл көтеру қызметімен қатар, жазушыға деген көзқарас та өзгерді, 80 жылдары жазушы мен оның шынайылықты түсінуі қасиетті құбылыс ретінде болатын. Лэй Да осы құбылысты «қытай мәдениетінің негізі, этикалық және эстетикалық қондырғысы «ядроның бұзылуы» деп түсінеді». [2] Шынайылықты түсіну кезеңі үстіртін және толық болмаған, бірақ жаңа әдеби «идеялықты» құруға әлі ерте еді. 

Көркем ортада «шыдамсыздық» пен «ақылдардың ашуы» атмосферасы орнады. Жия Пыңау осы жағдайды «浮躁» - «шыдамсыздық» немесе «турбуленттілік» деп атады, дәл айтылған анықтамасын сыншылар қағып алып, қытай әдебиетінің жаңа дәуіріне анықтама ретінде бекітілді. Мәдени революциядан кейінгі 80 жылдардағы қытай жазушыларының көзқарастарына сай келетін адам образын бар ынтасымен көрсете алса, ендігі заманның белгісі болған – «ақша қуған» адам болғасын, жазушылардың көбісі қолдарын бір сілтеді. 20 ғасырдың соңғы жиырма жылдығының жазушылары «амалсыздық» жағдайында болды. Жазушылар қатары азайды, себебі көбісі басқа салада бақтарын сынады. Мысалы, Чжан Сяньлян сияқты бір қатары кәсіппен айналысты, телехикаялары сұранысқа ие болған Ван Шо сияқты бір қатары кино мен телевидение саласына кетті. 

Жия Пыңаудың «Азған шаһар»ның қабырғасында бостандыққа шыға алмай, рухани құлдыраған басты кейіпкер өмірін жоғалтуда. Онда «Бүгінгі заманның ақиқат тарихы» жазылды.

«Азған шаһар» туындысының композициялық құрылымы бір-бірімен тығыз байланысып жатқан бірнеше желістердің қиылысуынан тұрады. Жазушы Чжуан Чжиде сол оқиғалардың орталығы болып табылады және қалған оқиғалар осы орталықтың маңында дамиды. Осы қосымша оқиғалар желісінде басты кейіпкердің мінезі мен даралығы ашыла түседі. Роман барысында бірнеше шеңберлер көрсетіледі [3,220 б.]:

  • «шенеуіктер шеңбері» батыс астананың шенеуіктерімен жазушы Чжуан Чжиденің араласқан дамдары
  • «атақтылар шеңбері» (名人) төрт «мәдениет адамдары» (ішінде Чжуанның өзі бар)
  • «әйелдер шеңбері» - басты кейіпкердің араласқан әйелдері
  • «мистикалық шеңбер» - романның жартылай фантастикалық кейіпкерлері (философ-сиыр, кейіпкердің енесі – алжыған кемпір мен шал). 

Осы шеңберлердің барлығы шығармада айшықты мата секілді бір-бірімен қиылысып жатты. Оларды бөліп қарастыру романда сөз болған философиялық және эстетикалық себептерін ажыратуға көмектеседі. «Шенеуіктер шеңберіне» тоқталып өтейік. Өзінің сын-мазақты жағымен «Азған шаһар» туындысы XVII ғасырдың «Цзинь, Пин, Мэй» классикалық романын еске түсіреді, алайда XIX–XX ғасырлардығы романдардың жазылуына үлкен әсерін тигізген XVIII ғасырдың «Конфуциандықтардың бейресми тарихы» романына ұқсайды. Екі романның да ашық әлеуметтік өткірлігі сол кездегі биліктің ашуын тудырған еді. 

«Цзин цзы романы ұзақ үнсіздіктен кейін елу жылға ара салып, жазушының өлімінен кейін ресми жарық көрді. Роман басылып шыққанға дейін жазба түріндегі нұсқасы ғана таратылып жүрді».[50,13 б.] «Азған шаһар» да осындай күй кешуде, тыйым салынған басаплардан не болмаса қол жазба ретінде таратылуда. 

Екі шығарманың да арқауы қоғамдық топтардың атақты шеңберлері болды: жоғарғы шенеуіктерден бастап, императорға жақын адамдар, мемлекеттік мекеменің ұсақ қызметкерлері, бай саудагерлер, партия адамдары мен саясаткерлерге дейін қамтыған. Цзин цзы өз романда «әртүрлі сатыда тұрған билікке жақын адамдардың рухани байлығының жоқтығын бейнелеумен болады». [4,12 б.] Жия Пыңау да өз шығармаларында қолында азғантай билігі бар әлеуметтік топтардағы адамдардың ақшаға деген құмарлығын, мансап жолында ештеңеден таймау, адамгершілік қасиеттерінің жойылуын көрсетеді. Екі романның кейіпкерлерінің іс-әрекеттері бір-бірінен аумайды деуден аулақпыз, алайда арада екі жүз жылдай уақытқа қарамастан екі шығарманың көтерген мәселесінің ұқсастықтарына таң қалудамыз. Жия Пыңау романанында осы кейіпкерлер де «іскер адамдар» - «мемлекеттік күйеу» сан түрлі құлық-сұмдықты ойлайтын қиянатшыл әлеуметтік топ ретінде қарсатырылады: 

«... олардың кейбірі қоғамда жоғары дәрежеге ие немесе жоғары шендері бар, ал кейбірінің ештеңесі жоқ, бірақ олардың барлығы белсенді, қолынан іс келетіндер, нағыз айлакерлердің өзі. Біреулері контрабанда мен  алыпсатарлықпен айналысса, енді біреулері әдемі өмірді, әйелдерді және қарындарының тоқ болғанын жақсы көреді. Құмар ойындарды ойнап, шөп шексе, алдау-арбау, қарақшылық барлығынан еш жиіркенбейді...» [4,12 б.]

Өздерінің моральды заңдылықтары мен өмірлік құндылықтары, тілі бар бір өзіндік субмәдениеттің өкілдері:

 «басқа адамдардан оларды қалайша ажыратамыз? Олардың айтқан сөздеріне зейін қойып тыңдасаңыздар, барлығы да айқын бола қалады. Ақшаны «бума» дейді, жақын досын «темір бауыр», әйелдерге жағынып сұранбайды оларды «іліп алады», сұлу бикештерді «бомбалар» деп атайды...» [3,13 б.]

Романдағы алаяқ Хун Цзян мен залым Чжао Цзинъу образадры – сол қаланың «кіру мен шығуын» білетін, кез-келген мәселені таныс арқылы шешіп берушілер. Олар барлық жағдайда судан таза, сүттен ақ болып шығуды білетіндер (Цзин цзының романындағы алаяқ Куан Чаожэнь секілді). «Азған шаһар» романының беттерінде осы екі алаяқтың түрлі іс-әрекеттерінің сатирикалық бейнелеулерін көруге болады. Басты кейіпкер – әйгілі жазушы Чжуан Чжиденің атын жамылып, өздерін жақтайтын Чжуанның өзін алдап соғып, өздерінің айлаларын іске асырып отырды». 

Романның ең «азғындаған» кейіпкері – қанаушы, зорлық-зомбылық көрсететін Ван бастық. Ван – жауапкершілікті жұмыскер, «алғыр және ынталы басқарушы», жоғарғы басшысы бағалайтын маман («Конфуциандықтардың бейресми тарихындағы» (8-9 бөлім) бастықтары құптап отыратын «алғыр басқарушы» қазынаны тонаушы, алаяқ Ван Хуэйды еске алсақ ). Сицзин қала бастығы қалалық әжетханаларды салуды соған тапсырады. Ванның әжетханаларды жөндеу жұмысын басқаруын автор оның моральдық тазалығының деңгейін теңеуден алынған. Ван бастықтың өзі және романдағы оқиғалар қала әжетханаларының сасық иісі туралы тақырыптағы қалжыңдары мен әңгімелері әрдайым айтылып отырады. 

Романдағы «Ван бастықтың» оқиғасы оның басқа осал жағы – «әйел құмарлығымен» байланысты. Өзінің қызметтік дәрежесін пайдаланып өзінің кабинетіне қол астында жұмыс істейтін қызды А-Ланьды шақырады. Қала әжетханаларын салу жобасының сәтті аяқталғанын атап өтеміз деп қызға шарап ұсынады. Масайған қызды зорлап, болған оқиғадан кейін қыз ақыл-есінен айырылады. Барлығын ойластырып қойған қу Ван (қыздың ешқандай дәледейтін фактілері жоқ еді) жазадан құтылдым деп ойлайды. Алайда А-Ланьнің әпкесі сіңілісі үшін бастықтан өшін алмақшы болады. Ванның басын айналдырып, әйелі мен бала-шағасынан ажыратып алады, соңында тілін тістеп алады. Ванның заң тұрғысынан кінәсіздігі мен әпкесінің кек алуының қарама-қайшылығы романның ең басты ерекшелігі. Қала муниципалитетіне барып арыз бергенде, А-Ланьнің әпкесіне «реформалар мен ашық есік туралы саясатқа байланысты мораль өзгерді» адюльтер үшін енді соттамайтындығын айтады. Ван бастықтың адам сүйгіштігі – оның белсенді, ынталы қызметкер екендігін көрсететінін қыры деп түсіндірген. Автор ең жауыз адамды судан ақ сүттен таза қылып шығаратын қоғамның ойға сыймайтын логикасын келемеждеген болады. Жаңа моральды ұстанушылар «үлкен секіріс» пен мәдени революция кезеңінің сөздерін қолдануы символды болып келеді: «ұйымдастыру жоспарында мәселені шешу» (组织上), «желіге түсу» (上纲上线), «кемшіліктерді түзеу» (纠正处理) т.б. Саяси және адамгершілік бағыттарын өзгертіп, Ван және сол сияқтылар баяғы қалпында екі жүзді формалистер болып қала берді. Кейіпкерлердің қазыналық тілді қолданулары сатиралық бейнелеудің бір түрі. 

Сондай реформаторлардың бірі – Батыс астанасының қала бастығының өзі. Ең қызығы романда оның бейнесі айқын берілмеген. Мәтінде оның портреті, мінез ерекшеліктері, басқа кейіпкерлермен қарым-қатынасы еш берілмеген. Өзінің қол астындағы шенеуіктері мен қызметкерлері арқылы ғана қарапайым халықпен тілдесетін қол жетіксіз «жоғарғы басшылықтың» пішінін автор арнайы оқырман өзі толықтырсын дегендей береді. Кез келген салада «айтарлықтай көрегендігі» мен өшпес беделі бар тұлға. Жазушы Чжуан Чжиде барлық жерде шенеуік бола алатынын ащы сатирамен мысқылдап айтады: 

«Қалай бастық болдың, бітті, сен кез-келген саланың маманы болып шыға келесің. Мысалға біздің қала әкімі кезінде суландыру институтын аяқтаған, қалай әкім болды «сегіз қырлы бір сырлы» болып шыға келді. Өнеркәсіптер конференциясында өнеркәсіп туралы, сауда-саттық конференциясында сауда туралы, әдебиет конференциясында көркем шығармашылық пен өнер туралы талқылайды, ең қызығы – қатысушылардың барлығы оның әрбір сөзін дәптеріне түртіп отырады». [3,49 б.]

Қызметін бастаған шанхайлық қала әкімі өз ісіне жеңін сыбана кіріседі, Сицзинді көне астананың қалпына келтіруді мақсат етеді. Он екі империяның астанасы болған Батыс астананың экономикалық дамуына кедергі болып тұрған бай мәдени және тарихи мұраны жергілікті шенеуіктер мен қала тұрғындарының керітартпалы қылып ұстап тұруы. Оған дейін келген бастықтардың реформаларының сәтсіз әрі ұзақ болғандығын біліп, жаңа бастық қаланы туристік орталық жасау арқылы пайда көргенді жөн көрді. Оның реформалары ескі қалаға жөндеу жұмыстарын жасаумен ғана шектеліп қойған жоқ. Сицзин әкімі сан қилы туристік аттракциондар, ойын-сауық орталықтарын, каллиграфия мен фарфор, қолөнер бұйымдарын сататын, тан, мин және цин династиялары үлгісіндегі сауда көшелерін салды. Қаланың нағыз мәселелерін шетке ысырып қойып, тек пайданы ойлаған қала бастығының бастамасы соңында бұзақылыққа ғана әкелді. Сицзин бір мезетте «бұзақылар қаласы», «нашақорлар қаласы», «жезөкшелер орталығы» болып шыға келді. [4,13 б.]

«Көне мәдениетке қамқорлық жасауының» өзінде мистикалық бейне бар, Мэн Юньфан осы әрекет туралы былай дейді: «Қала әкімі шығыс қабырғаның бойына «сиқырлы шөптер» көшесін тұрғызу туралы ой келеді. Сонымен қалада бір мезетте жиырма үш фармацевтикалық фабрика пайда болады. Олар жасартатын неше түрлі шөп дәрілер, басты сергітетін сиқырлы бас киімдер, сауықтыратын белбеулер, сиқырлы кеудешелер, еркектің қабілетін көтеретін іш киімдерді әзірледі. Енді әртүрлі ғажайып шұлықтар, аяқ-киімдер, бас киімдер, сонымен бірге, магнитті ыдыстар, белбеулер, жастықтар, көрпешелер даярлауда екен......» [5,153 б.]

 Осы «мистикалық дәрі-дәрмектер» басты кейіпкердің зығырданын қайнатады, мәңгі өмірді іздеген Вэй мен Цзин династияларының алхимиктерін еске салды. Жоғарыда айтып кеткендей, романның негізгі ұстанымы – қазіргі мәдениеттің азғындауын көрсету. Сицзин қала әкімінің өз жеке басының пайдасын іске асыру мақсатында көне мәдениетті паразиттеумен айналысқандығы турлы. Ескіден қалған мұраны қорлаудың шыңы - «Көне астана мәдениетінің мейрамы» болды. Романда үлкен мейрамға дайындалу гротекстік фон берді. «Азған шаһарда» болып жатқан жағдай негізгі түп мәселені көрсетпейтін театралды декорациялармен салыстыруға болатын еді. 

Мейрам күні жақындаған сайын рухани күйзеліс, мәдени салада бағытты жоғалтып алу сезімдері күшейтіле түсті. Романның басты кейіпкері – жазушы Чжуан Чжиде үшін күйреудің, ішкі рухани күйзелістің символы болып табылатын өзі ұнатпайтын, қала әкімі Батыс астананың мәдени мейрамының эмблемасы ретінде таңдаған жануар – панда аю болады. Қала бастығы Чжуан Чжидеден «сүйкімді жануар» (қазіргі кезде Қытайда өте танымал және оның символы болып табылатын жануар) туралы мақалана өзгертуін сұрайды. Жазушы романда осы жануар туралы былай дейді: 

«Ол «Көне астана мәдениетінің мейрамының» символы ретінде панда аюды таңдағандарына күлкісі келді! Чжуан Чжиде оны жек көретін еді. Сирек кездесетін жануар болса да, осындай ақымақ, жалқау, инфантильдік жануарды қалайша осы қала мен оның мәдениетінің символы бола алады? Чжуан Чжиде қаламды лақтырып жіберді де, үстелден тұрып кетті. Біраз уақыт өткен соң дәл осы жануар Батыс астанасының символы болуы керек деген ой келді. «Азған шаһарға» да керегі сол, символы панда болсын! Ендігәрі қала символын сұңқар, жылқы, бұқа, жоқ дегенде қасқырға ауыстырғысы келмеді. Өзі жиіркенетін панда аюға мадақтау сөздерін айтқысы келмеді. Ішіндегі асыра мақтап айтылған сөздердің орнына мағынасыз сөздерді қоя салды....» [3,510 б.]

Панда – жаңа заманның белгісі, керемет көне дәстүрдің орнына келген үстіртін және менмендік поп-мәдениетінің «жылы шырайлы» символы, мәдениеттің құлдырауы мен деградациясының куәгері болды. Цзинцзы осы мәдениетке табына қызмет ететін шенеуіктерді де сынады. «Конфуциандықтардың бейресми тарихының» авторы мин және манчжур династиялары кезіндегі конфуциандықты келемеждеді. «Азғандаған шаһар» мәдени дәстүрлердің құлдырауын бейнелейді, қала әкімі мен көптеген шенеуіктердің ғана емес, сонымен қатар, мәдениеттің өкілдері – суретшілер, каллиграфтар, әдебиетшілердің де оған тікелей байланысының бар екендігін айтады. 

 

Пайдаланған әдебиеттер

1. Абдырақын Нұрхалық “Жаңа заман Қытай әдебиеті: оқу құралы”, әл-Фараби атын. ҚазҰУ.- Алматы: Қазақ ун-ті, 2013.

2.     Абдырақын Нұрхалық «XX ғасырдың Басындағы Қытай Әдеби Революциясы» (Вестник КазНУ Серия Востоковедения59- Том, №2, 60 - 64 Стр., 5 - Стр) 2012 

3曹万生主编,中国人民大学出版社, 中国现代汉语文学史。2010.

4. 浓乐主编,中国现当代学(下册)北京: «高等教育出版社»,-1986.

5. 王自立主编,中国现当代学(下册)// 北京: «高等教育出版社», -  2006.

 

Нұрхалық Абдырақын,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің 

шығыстану факультеті, 

қытайтану кафедрасының доценті,

PhD доктор

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар