Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Жүрсін Ерман. Ғашық болып қалдым ба екен жырға мен...

12.02.2019 5842

Жүрсін Ерман. Ғашық болып қалдым ба екен жырға мен...

Жүрсін Ерман. Ғашық болып қалдым ба екен жырға мен... - adebiportal.kz

ПОЭЗИЯ

Әкем маған жаттатқызды бірде аят,

Қияқтай ай көк желкемде тұрды аяп.

Қойнымдағы қағазымды су-су ғып

Жаңбыр талай жазып берді рубаят.

Ақынмын деп қырға шықтым алшаңдап,

Қуанушы ем құшаққа жел толса алдап.

Шыр-пыр болды қарлығаштар ақ тамақ–

Қонар ем деп басыңа егер – болсам бақ.

Шуылдады сырын айтып көк қамыс,

Қиялым да көкке самғап кетті алыс.

Жүрдім талай қой соңында салпақтап,

Қыр астында жусандарым көп таныс.

Жаттым сайда саққұлақтай тың тыңдап,

Төбемде ұшты көкала үйрек сымпылдап.

Саз-саз болған менің жалаң басыма

Дәл сол күні қонған шығар мүмкін бақ?

Сырласам деп төбемдегі тырнамен

Ғашық болып қалдым ба екен жырға мен.

Содан бері таңдайыма жабысып

Өлең болып келе жатсың, нұрлы әлем!

* * *

Тағдырдың болмаған соң қожасы адам,

Бермейміз ертелі-кеш маза саған.

Басымды тауға да ұрдым, тасқа да ұрдым–

Бармақтай бақ берші деп, о, жасаған!

Бармақты қазақ өзі тапқан ба ойлап,

Берді Алла бармақ түгіл, батпандай бақ.

Басыма қонған бақты үркітіппін

Беліме шамам келмес шоқпар байлап.

Шарықтап қиялымның ұшқан құсы,

Төгілді маңдайымнан мыс тамшысы.

Бүйірден мезгіл-бақсы иіргенде

Алтын боп асығымның түсті алшысы.

Болам деп жылқылы бай, ақшалы бай,

Обал– ау тілемсек боп жатсақ ұдай.

Көзіме қанағатсыз құм құйылар,

Ынсап бер пейіліме, патша құдай!

ПЕССИМИЗМ

Пенде болсаң – болмайсың шерден кенде,

Шер сарқылар, таусылар жерге енгенде.

Қу дүние шырмаса шырмауықтай

Өтер бүкіл ғұмырың сергелдеңде.

Адам – тағдыр қожасы деген бекер,

Тағдырыңа қожа бар сенен бетер.

Тау мен тасқа ұрасың бақыр басты,

Одан саған түк те жоқ келер-кетер.

Осы жолмен жүрмеді неше пенде,

Көнпіс болмай, көгермес көсегең де.

Әуел баста барлығы бір бұйрықпен

Жазулы тұр пенделік пешенеңде.

Жанталаспа озам деп елден қалай,

Сендей сорлы өмірге келген талай.

Қияметін фәнидің көрген сайын

Қиналмайтын боласың өлгенде оңай.

* * *

Қалтаңды бір ойлаумен,

малтаңды бір

Жүргеніңде таусылар талқан-ғұмыр.

Қабағыңды күн шалып болмай жатып

Қараңғымен қымтайды арқаңды іңір.

Асығыстық кіргендей үрдіске анық,

Ай азайып,

барады күн қысқарып.

Өте шығар басыңнан елес-өмір,

Жанталаспен жүргенде тұрмыс бағып.

Шашым ұзын болғанмен,

мұртым қысқа,

Жалындаған жігіт ем былтыр қыста.

Ақыретті ойлаған адамсынып,

Бой үйретіп жатырмын бұл тұрмысқа.

Құлағымды төсемей кеңеске құр

Елеңдеумен келіп ем елеске бір.

Талайларды тақымға басқанындай

Ерттеп мініп алды ғой мені ескі өмір.

Тауға да ұрып басымды,

тасқа да ұрып,

Бекер іздеп жүріппін басқа ғұрып.

Менің зая тағдырым – менікі емес,

Жатыр менсіз бір жерде басқарылып!

* * *

Кешігіп жатсаң 7-ге, 8-ге дейін,

Шарқ ұрып сені іздеймін.

Неге іздемейін?

Көңілім менің өрекпіп көре алмай қалсам,

Тілім де ыстық ықылас – лебізге бейім.

Мәні жоқ сенсіз сағаттың,

сенсіз күндердің,

Жабырқап жүрем ішінде өңсіз гүлдердің.

Мағына қалмас өмірде өзіңсіз қалсам,

Қабағын бағып жүресің менсіз кімдердің.

Өзіңмен бірге қуаныш, уайым да бірге,

Бағымнан осы баянды айырма күнде.

Сенің де күнің шықпайды қуанып менсіз,

Жазмыштың осы жазуын мойында бірге.

* * *

Александр Сергеевич Пушкин аға,

Алтынды есі барлар мыс қыла ма.

Жаныңды ұққан жалғыз жан Абай еді,

Бұл күнде өлең сөзден түсті баға.

Ақынның албырт күйін ағатай, ұқ,

Тұлпардай тұяғынан таға тайып

Мәскеудің міскіндері мазасын ап

Қош-қош деп кетіп еді Мақатаев.

Жайыңды ұғып еді боздақ іні

Қайдағы-жайдағыны қозғады үні.

Күншілдер күйдіргенде саған барды

Ақынның аласұрған аз ба мұңы!

Ақындар уақыттан тыс туа ма,

Ардақты Александр Пушкин аға

Кер заман кердең қағып безергенде

Айналдың міз бақпайтын мыс куәға.

Көкейін жыр теспеген, ән теспеген

Дуэльге шығып едің Дантеспенен.

Бізді де жекпе-жекке шығарады-ау,

Жолдаспыз жарымеспен, жарты еспенен.

Ажалдың бола ма екен ерте-кеші

Бір сұрақ өн-бойымды өртеді осы.

Жекпе-жек! Жекпе-жек деп жүр дұшпаным,

Ағажан!

Өзің әділ бол төреші!

ЖЫҢҒЫЛДЫ КӨҢ

Аңсап ем айлар бойы бұл күнді мен,

Ақыры жеттім саған,

Жыңғылды көң.

Иіскесем шашақталған шырпыңнан бір

Жаныма болатындай мың күндік ем.

Өткізем жыңғыл кезіп бұл күнді мен,

Жұпары құдіредей жыңғылдың ем.

Қайырбай Зәкіровтың қаламына

Ылайық ойдым-ойдым күлгін кілем.

Төріме түбі сенің үлгіңді ілем.

Бебеулет баяғымды, ізгі күйшім!

Кеткен бе көңмен көшіп біздің үй шын?

Жыңғылдың шыртылдаған шоғын қаузап,

Сезініп отырушы ем күздің исін...

Қалпыңды таппасам да сол баяғы

Белгілер мен білетін мол ғой әлі.

Көзімді жұмсам болды –

Бір қара шал

Менен құран дәметіп,

Қол жаяды!

Жыңғылды көң.

Картада жоқ ондай ат.

Көңілден келесің тек жоғалмай-ақ,

Ей, інім, отырмысың ағаңды аяп?

...Байғыздар там ішінде жағы сембей

Бағыштап отырғандай маған да аят!

ҚЫСТАУДАҒЫ КӨКТЕМ

Ұзақ пен таған тақылдап,

Жасырып бойын ұрланбай,

Күннің де көзі жақындап,

Қол созым жерде тұрғандай.

Марғаусып кәрі төбет те

Шуақпен жүрек жалғайды.

Шаңыраққа жайған көп етке

Көзінің қырын салмайды.

Шиқылдап есік топсасы

Қажалса жүйке дертіне

Қауқарсыз шалдың бопсасы

Кірмейді ұлдың кертіне.

Қазтабан жерден қылтиып,

Ғұмырын қыстың шектейді.

Аспан да заңғар – тым биік,

Түтіннің бойы жетпейді.

Маяның түбін ұйлығып,

Мауыздай өңкей мәліктер

Жұмсайды иттің құйрығын:

– Барып кел,

– өзің...

– Алып бер!

Шашпаға қойып бар малды

Қойшы дос қиял ойлайды.

...өлеңім шыққан журналды

Сауатсыз бұзау шайнайды!

* * *

Сағынышым!

Болып едің аз күн бақ,

Бақытымды жеткізе алмай мазмұндап,

Қара жолдың жиегіне қиғаштап,

Ақ қайыңның балтырымен жаздым хат.

Қара өлеңнің қайымындай жұпталдым,

Мұңлығыңның мінәжатын ұққан кім.

Менің үшбу сәлеміміді оқи гөр

Жанарымен құлап түскен шықтардың.

* * *

Мен бүгін ішпегенде қайда ішемін?

Кенезең кеуіп қапты-ау, байғұс ерін!

Жұтайын толғап-толғап тойғанымша

Көмілсін арақпенен қайғы-шерім.

Ішімде шемен болып көп алаңым.

Ішемін. Ішіп жүрмін... жоқ амалым...

Түбіне батып мына шөлмектердің

Құримын, көрінбеймін, жоғаламын.

Жоғалам өзімді-өзім жыраққа алып,

Жетпесім мәлім болса мұратқа анық.

Көл-көсір көп арақтан қанып ішіп,

Есімінен қалайыншы бір-ақ танып.

Танайын, есі құрсын, керегі не,

Сырқатпын, шүпілдетіп бер еміме.

Не таптым бұл алдамшы дүниеден

Ділгер боп жүргеніммен дерегіне.

Бәрін де ұмытайын. Ұмытылсын.

Ессіздің, есіріктің күні тусын.

Өзектің отын солай суарайын,

Өртеніп кеткен болса үмітім шын...

Жалғанды басайын бір жалпағынан,

Сол артық алтындаған хан тағынан.

Құтырып жүрмеймін бе арғымақтай

Құтылған мойнындағы арқанынан.

Секілді елдің бәрі құрдас маған,

Менімен жан қалмасын сырласпаған.

Әне бір маскүнемге – өзім сыңды –

Мен үшін құйыңдаршы бір тостаған.

Менікі сияқты емес маған денем,

Кім екен осы арақты жаман деген.

Сөйлесіп келем қазір өз тілінде

Осынау есі ауысқан заманменен!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар