Ғайса-Ғали Сейтақ. Өлеңсіз өмір тұл...

Бөлісу:

19.07.2018 13914

Ғайса-Ғали Самиғоллаұлы Сейтақ 1958 жылы шілденің 1-інде Батыс Қазақстан облысы, Бөкей ордасы ауданы, Хан ордасы ауылында дүниеге келген.

1980 жылдан бері журналистика саласында қызмет атқарып келеді.

Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі. 1987 жылы бір топ өлеңдері «Жалын» баспасынан шыққан «Қарлығаш» ұжымдық жинағына енгізілген. Әр жылдары «Маңдай» («Жалын», 1990), «Аман бол, атамекенім» («Дастан», 1996), «Нарынның нар ұлдары» («Жазушы», 1998), «Ай-арудың алқасы» («Өлке», 2001), «Тек пен тамыр» («Арыс», 2005), «Жақыным менің – жалпақ ел» («Сөздік – Словарь», 2007) жыр кітаптары жарық көрген.

1987 жылдың қорытындысы бойынша республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың лауреаты (1988). Әр жылдардағы республикалық, облыстық жыр мүшәйраларының жеңімпаз-жүлдегері. «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері (2016). Спорт журналистері арасында 2015 жылдың қорытындысы бойынша ҚР Мәдениет және спорт министрлігі С.Бердіқұл атындағы сыйлығының лауреаты (2016).

Той емес,

Ойды емдім,

Жоқ мұның бүкпесі.

Өмірдей сөйлемнің

Өлім – бір нүктесі.

Жүректе оянар

Жыр барда

Түн жарық.

Сан түске боялар,

Жерге де нұр тамып.

Өлсе де көп сөзім,

Өзіме өктеммін.

Өмірде жоқ кезім –

Өлеңсіз өткен күн.

Көктемгі сезім бе,

Көңілде тасиды ән.

Қалқаның көзінде

Қалады қасидам.

Таба алмай жыр емін,

Сыр іздеп таңдардан,

Тірліктің түнегін

Серпілту – мәңгі арман...

Өрлетсе көңіл-күн,

Өкінтер өлім-түн.

Өнерсіз халық жоқ,

Өлеңсіз өмір тұл!

Ақ Жайық

Айдыны бейне алтын нұр,

Аққуы қонған ғажайып.

Ақкөңіл менің халқымның

Арманы болған

Ақ Жайық!

Ағарды көздер жылаумен,

Аққан қан қанша, төккен тер!

Ақырып теңдік сұраумен

Аһ ұрып ақын өткен жер!

Ай нұры түспей Шағанға,

Ақ патша өтті күймемен...

Абайы тұрмай алаңда,

«Ағайын» өзге билеген.

Арманда өлген ару көп,

Азулы дұшпан елді алса.

Ақ таңға азат зәру боп,

Аттандап өткен ер қанша!

Айбыны асып ханымен,

Азап та ұмыт, мазақ та.

Арыстарының қанымен

Ақ Жайық қайтты қазаққа.

Айдыны бейне алтын нұр,

Аққуы қонған ғажайып.

Ақкөңіл менің халқымның

Ардағы мәңгі –

Ақ Жайық!

Әкім мен ақын

Тіріде әкім төрде,

Көп оған жақын пенде.

Аты озып тұрған кезде

Танытар атын да елге.

Отырмас ақын төрде,

Босаға жақын кейде.

Жыр менен ақыл іздер,

Жүрсе де тақыр жерде.

Деу қиын: бәрі жаман,

Біреудің бағы жанар.

Мұра боп кейінгіге

Әкімнің тағы қалар.

Өлеңсіз бақ қонбайды,

Ойланбас қақ төр жайлы,

Әкімнен айырмасы –

Ақында тақ болмайды.

Тіріде әкім төрде,

Көп оған жақын пенде.

...Кірсе де ақыр көрге,

Өлген соң

Ақын төрде.

* * *

«Какая боль – искать потерянное слово».

О. Мандельштам

Бұл тірлік – қой етіне тойған қасқыр,

Тұсынан өтсем-дағы тойлар жастың,

Көріктен жұрдай, шіркін, болмасам да,

Неліктен сөз ұстамай,

Ойдан қаштым!?

Қалың жау шекарадан қаптағандай,

Ханын да орға жығар мақтаған бай.

Базарын бұл өмірдің шарласам да,

Ажарын күй кешемін таппағандай.

Мен қалай жұрттан өзге жол ашамын,

Демеймін: сыбағамды мол асадым.

Шоқ түсіп жүрегіме,

Аһ ұрамын,

Оққа ұшып кетпесе деп болашағым.

Ел іші бүлінсе егер,

Сыйы кетер,

Ақынның соған жаны күйіп өтер.

Тоналған бақ-дәулет те ештеңе емес,

Жоғалған сөзді табу қиын екен.

Қайғырмай жүрмін бірақ соған да аса,

Қанымды қоғам дейтін сорар маса.

...Сөз-дағы бір күн қайтып оралар-ау,

Болғаны халқым мәңгі жоғалмаса!

* * *

Қарашада құс қайтты,

Аспан жылап,

Шағынғаны белгісіз,

Сағынғаны.

Кететіндей тау көшіп,

Тастар құлап,

Жер көтерер түк үнсіз бәрін-дағы.

Терезені ұрғылап қара жаңбыр,

Не деп жерге қарайды беті көктің.

Түн ішінде осылай дара қалдыр,

Көз жасымды көрмесін жетімек күн.

Қарашаны ойласам,

Шектім шемен,

Қара жерде қалды екен ізім нендей?!

Қайтқан құспен менің де кеткім келер,

Қалтыраған торғайдың жүзін көрмей.

Жаңбыр соңы қар ма екен,

Тұман ба екен,

Қандай күннің туарын кім біледі?!

Құзға соқпас өз-өзін қыран бекер,

Әлсіз болса,

Құзғынға ілдіреді.

Тіршілікті несіне таң көремін,

Келер күннің секілді сиқы басқа.

Кейде атып болмайды таң дегенің,

Не істеймін, жаным-ау, ұйқы қашса!?

Қарашада құс қайтты,

Аспан жылап,

Шағынғаны белгісіз,

Сағынғаны.

Кетсе-дағы тау көшіп,

Тастар құлап,

Жер қалардай көтеріп бәрін-дағы...

Қарттар үйіне жолдама

Жылы ұя жоқ бас тірер,

Жылайды енді өлерде.

Жалғыз бала маскүнем,

Жанашыр да жоқ елде.

Қайғыменен көрге енер,

Кеп емес бұл көлденең.

Көп еңбектің ақыры

Қайырын да көрмеген.

Ұлды демеп сөзбенен,

Ұятынан безбеген,

Ұстаз еді күнінде

Ұлт тағдырын көздеген.

Кім енді оны бағады,

Қатулы әбден қабағы,

Қарттар үйі,

Қабылда

Қамқоры жоқ ананы.

Қуанышты жыр еткен

Күндер қайда гүл еккен?!

Жазылды осы жолдама

Қан жылаған жүректен.

Ақырет алдында

А. Полежаевтан

Қанжар менен у беріңдер,

Шыным бұл,

Қас пен достан халімді осы сұраңдар.

Тірлік тамұқ екендігін ұғындым,

Жүрегімді сорып алды жыландар!

Көңілім де қалды менің өмірден,

Қоштасу да керек болар, шамасы.

Ақырғы үкім шығарып-ақ беріңдер,

Жазылмайды енді жанның жарасы.

Бостан-босқа жүргенімше жер басып,

Лақтырайын мойындағы қамытты.

Кірейін тез тас қараңғы көрді ашып,

Өлі жандар ұйқтап жатыр қалыпты.

Сүйектерді мазалайтын жоқ ешкім,

Онда салқын тыныштық бар мүлгіген.

Бас мүжіген құртқа ештеңе демеспін,

Одан басқа кезіктірем кімді мен!?

Ессіз қылық, қызу қан мен мұң қанша,

Махаббат пен қараң қалған үміт те –

Соның бәрі бұл дүние тұрғанша,

Өмір ортақ данышпан мен жүлікке.

Адам солай бақытын да жояр көп,

Бәрін өтеп, өлген жақсы ерлерше.

...Сені іздейтін жан бар екен,

Оян деп,

Табиғаттың өзі бұйрық бергенше!

* * *

А. Ахматовадан

Жерле, жерле, жел мені!

Жақындарым келмеді.

Іңір төніп төбемнен,

Білінгендей жер демі.

Еркін едім мен сендей,

Ғұмыр кештім теңселмей.

Тәнім суық, көрдің бе,

Тұрсын, мейлі, ел сенбей.

Жұрт жарамды көрмесін,

Түсір түннің пердесін.

Оқып дұға көк тұман,

Ол да шертсін желге сыр.

Жанымды, жел, шымшыма,

Соңғы ұйқы бер тыншуға.

Көктемімді еске алып,

Көк теректей бір шула!

* * *

...Бір үйдің ішіндеміз,

Біреулердің, біз, бәлкім, түсіндеміз.

Күпті көңіл қалмаған кімнен дейсің,

Мықтылардың көргенбіз күшін де біз.

Бір үйдің төріндеміз,

Жапырағы жұлынған көңілде күз.

Сезінеміз бәрінің жалғандығын,

Кезігеміз түбінде өлімге біз.

Біз бәрін түсінгенбіз,

Кейде амалсыз төмендеп,

Кішіргенбіз.

Елім деген не пайда құр ұраннан,

Кейінгіге қалмаса ісіңнен із.

Біреуге керек есеп,

Сөз жадағай болмасын,

Өлең – өсек.

Дүниеде сенетін жан қалды ма,

Бірімізді біріміз демемесек.

Дөкейдің есігінде

Жүрмегенмен,

Көрдік біз кесірін де.

Шындық-сәби жатқандай шырқырап бір,

Құндақтаулы өмірдің бесігінде.

Көбейді күлдікөмеш,

Сайрағанның барлығы бұлбұл емес.

...Біз әйтеуір бір үйдің ішіндеміз,

Терезенің ар жағы – бұлдыр елес...

* * *

Тосын сый жасар күз нендей,

Талмаурап барып таң да атты.

Тамыздың желі үзгендей

Тамыры тозған қаңбақты.

Тірліктің ұрып дауылы,

Тынысты бітеп тастаған.

Тигендей дерттің ауыры,

Төңірек бейне тас қамал.

Түрме боп өмір көрінер,

Тисе егер тасқа бір маңдай.

Тамшы ағып үйдің төрінен,

Төбеден құдай ұрғандай.

Тереңге кетсе тамыры,

Терек те, шіркін, тік тұрар.

Тізгіндеп тіпті тағыны,

Теңселе қоймас мықтылар.

Түспей бір сәуле түндіктен,

Талықсып тұр ма таң да атпай.

...Табансыз сақта тірліктен

Тақырда көшкен қаңбақтай.

* * *

Қаңтардың мұз қатқан қабағы,

Қысқарды-ау күннің де қадамы.

Қадалып тұр екен дәл кімге

Қалқаның от ұшқан жанары.

Көкірек тып-тыныш жата алмас,

Қырық та екен ғой қатал жас.

Кететін тек қана күйдіріп

Көз бе бұл көктемге апармас?!

Күдік тұр ұялап әр таңда,

(Көңілді сондықтан арқанда).

Қоламта секілді тез сөнген

Сезім де сап-салқын қаңтарда...

* * *

Су басы.

Мүлгіген тыныштық.

Қуырып барады Күн ыстық.

Теректің жаны да қысылып,

Ала алмай тұрғандай тыныс түк.

От болып маздамай,

Өшті өлең.

Жел айдап,

Тұрақсыз көшті өнер.

...Ыстығын сол күннің қайтарып,

Ысқырып батыстан,

Кеш келер.

Табиғат табыттай зілденер,

Қураған шөп пенен

Гүл де өлер.

Қара бұлт жапқандай әлемді,

Қабағын қарс түйіп,

Түн келер.

Дүние көштей ме жөңкілген,

Қалмаған тақ пенен төр кімнен.

...Көреді

Таңды да,

Күнді де

Тек тірі шыққандар

Сол түннен...

* * *

Кәрі қыс түсіп тағынан,

Бусанып дала, бекінді,

Арылған аппақ қарынан,

Жалаңаш әйел секілді.

Бекінді бойын жазбаққа,

Лақтырып қалың көрпесін.

Алдынан күтіп жаз жатса,

Күн көзі, мейлі, өртесін.

Ыстықтан жіпсіп маңдайы,

Қызыққа қалай тоя алар.

Сезімнің керек қандайы,

Тіршілік біткен оянар.

Босанып,

Белін буғандай,

Сыңғырлап тұр ма сырғалар.

Төсінен аққан су қандай,

Жүгіріп кетті жылғалар.

Ғажайып еді бұл нендей,

Сәт пе осы көптен іздеткен.

...Киініп әлі үлгермей,

Толықсып жатыр

Қыз-көктем!..

* * *

Көктем келіп, еркелей ме сан бұлақ,

Жас босанған анадай ма әр қырат.

Қандай көркем аппақ қардың астынан

Қара жерім шығып жатса албырап!

Құлпырып бір,

Алуан түске боялып,

Табиғат та жасайды ма той анық.

Ақ мойнына алқа таққан арудай,

Алма ағашы бүршік жарса, оянып.

Кереметтей әуен жұртқа тыңдатып,

Көктем сыртқа шақырғандай тіл қатып.

Күн нұрымен кетпен, күрек қолға алып,

Қара жерді қопсыту да бір бақыт!

Қиындыққа жүр ме иығын тосып ер,

Тоқтатпасын,

Түзей берсін көшін ел.

Жолда мынау қиналып не сүрінсем,

Қолтығымнан демейтін де осы жер.

Басыма бақ жүрсін, мейлі, қонбай түк,

Жерсіз бірақ өмір сүрем мен қайтып!?

Соның ғана біліңдер деп қадірін,

Кетем соңғы тілегімді елге айтып.

Соған ғана табынғандай бар әлем,

Мәңгілікке ие болып қала ма ел.

...Мен өзімді бақыттымын дей алман,

Табанымды қыздырмаса қара жер!

Бөлісу:

Көп оқылғандар