Махат Садық, Ескерткіштер – ел тарихы

Бөлісу:

10.09.2022 3713

Ескерткіш өткен тарихымыздың белгісі. Едәуір дәрежеде келешегіміздің де көрінісі. 

Әрбір ескерткіштің объективті – тарихи мағынасы зор. Халықты біріктіріп, тұтастандыратын  саяси салмағы мен насихаттық сипатта мазмұнды мәні бар идеологиялық құрал. 

Ғасыр ауысты, мыңжылдық алмасты, осындай ғаламдық өзгерістер тоғысында тәелсіздік келді. Еліміз жаңа тарихи кезеңге аяқ басты. Заман мен қоғам өзгерген соң  адам санасы да өзгеріске ұшырайды. Мәңгілік ел орнатамыз деп өмір кешкен арғыдағы ата-бабаларымыздың сан мындаған жылдар бойғы асыл арманы негізінде «Мәңгілік Ел» қазақ елінің жалпыұлттық идеясын қабылдадық. Республика тәуелсіздігіне 30 жыл толмақ. Тарихи уақыт шеңберінде бұл қас-қағым сәт. Жаңа, жас мемлекеттігіміз қалыптасуда. Ақпараттық-идеологиялық ағындардың шекарасы жойылған қазіргі ғаламдасу кезінде мемлекетіміздің жас жеткіншектеріне қамқорлық, жаңашыл тәрбие мен ұлттық ерекшеліктерімізге баулитын мейірім шуағы керек.

Келешекке көзқарасымызды айқындайтын, ертеңіміздің ережесі - Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бекіткен он ұлттық жоба. Нақты уақыт, нақты атқарылар міндеттер және оны орындаудағы жауапкершілік нақты көрсетілген. Ұлттық жобаларда айқындалған мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі абзал. Біз көтерер тақырып темірқазығы  Ұлттық рухани жаңғыру аясында болмақ. Мемлекет Басшысы қол қойған Жарлықтың орындалуын бақылау президент әкімшілігіне жүктелдіБұл саяси және экономикалық өрлеу - ұлттық рухани жаң­ғыру­ды толықтырып қана қоймай, оның негізгі өзегіне айналады деген сөз.

Ұлттық рухани жаңғыруымыздың символы - Абай образы. Билік пен халықтың ортақ тұжырымын Абай шығармаларынан табамыз. 

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында өткен аптада Германия Федеративтік Республикасының астанасы Берлин мен Украина астанасы Киевте еліміздің ұлы ойшыл ақыны, ағартушы, қазақ жазба әдебиетінің, қазақ әдеби тілінің негізін қалаушы Абай Құнанбайұлына арналған ескерткіштің ресми ашылу салтанаты өтті. Мұның алдында Сингапурда, Болгарияда, Мажарстанда, Біріккен Араб Әмірліктерінде, Пәкстанда, Эфиопияда, Чехияда Абай орталығы оқырмандарымен  қауышқан. Мажарстан, Оңтүстік Корея Республикасы, Франция, Түркия, Өзбекстан, Мысыр, Ресей Федерациясы және басқа елдерде Абай ескерткіші ашылғанынан хабардармыз.

Өркені өскен елімізде өзімізді көбіне-көп стратегиялық көршіміз Ресей Федерациясымен салыстырамыз. Мәдениеті ғасырлар қойнауына кеткен, ұлттық тұлғалары әлемдік өркениетте танымал ұлы елмен қатар тұруға ұмтылыс жақсы нышан. Ресейдің мәңгілік ұлы мемлекет концепциясының негізін қалаушы І Петрге 1782 жылы монументалды ескерткіш орнатты.  Патшайым Екатерина 2 тапсырмасымен француз сәулетшілері жасаған. Сол замандағы оқымысты ғұламалардың кеңесі ескерілген. Ұлы реформаторға ескерткіш қоладан құйылған. Ұлы ақын Пушкиннің арнау өлеңінен кейін ол «Мыс салт атты» деп аталып кетті. Алыпты алып бағалаған. 

 

«О, күшті ие бар тағдырға!
Тұңғиықтың үстінде сен,
Темір тізгінді алып қолға,
Ресейді өстіп көтермеп пе ең?!».

 

Ұлтты ұлықтау, ұлттық сезім сен ұлттық намысты жаңғырту осы арнауда тұнып тұр. Петр анау еді, мынау еді – қанішер патша еді деген желбуаз сөздер, абыз ақынның арнауынан соң сап тиылды...

Абайдың да шығармаларынан елдің де, жердің де иесі сенсін деп үйреткен өсиетті, келер жаңа буын ұрпақтың намысын қайрап, біртұтас саналы қазақ қоғамының қажеттілігін, қазақ елі алдындағы жауапкершілікті түйсігімізбен түсінеміз. Елімізде де ең көп ескерткіш пен мүсін Абайға орнатылған. Алғашқысы бұрынғы астанамыз Алматыдағы Абай атындағы алаңға 1960 орнатылған. Ескерткіштің тұтас биіктігі — 13,7 м. Ескерткіш қоладан құйылып, тұғыры қызыл граниттен қаланған. Мүсінші X. Наурызбаев ескерткішті жасағанда әдебиеттегі бар саналы ғұмырын Абайдың образын сомдауға арнаған Мұхтар Әуезовпен көп кеңескені белгілі. Монументін осы үлгісін Әуезов ұнатқаны да айтылады. Абай ескерткішіне қазақ және басқа ұлт ақындары өлең-жыр арнаған.

Кеңес Одағы тұсында ескерткіштердің жобалануы, жасалу реті, орнатылуы – бәрі коммунистік партия жетекшілігімен жүргізілді. Қазақ ұлтының тұлғаларына арналған Алматымыздағы сол замандағы  мүсіндерді Европа елдерінің ірі қалаларындағы ескерткіштерді айтпағанда Мәскеу, Киев, Санкт-Петербург, Тбилиси, Ереван сияқты қалалардағы ескерткіштердің архитектуралық сәулетімен салыстыру қиын. Мәскеудегі Пушкин, Тблисидегі Шота Руставели, Еревандағы Давид Сасунский, Киевтегі Богдан Хмельницкий мен Тарас Шевченко ескерткіштері көркем өнер үлгісі. Олар айбарлы, сұсты, жалпы адамзаттық асқақ құндылықтардың аскеттік образын сомдайды.

Мысалы, атқа мінген Аманкелді батырымыздың мүсіні барымташылардан жылқыларды күзетіп жүрген қарауылға келіңкірейді. Иманов Кеңес үкіметін құруда құрбан болған революция қаһарманы. Коммунистер осы да жарап жатыр дегендей еліміздегі ескерткіштерге өте салғырт қарағанын осыдан ақ байқаймыз. Алматыдағы Қазан төңкерісі мен екінші дүниежүзілік соғысы жылдарында көзге түскен аса ірі қайраткерлерге орнатылған ескерткіштірге тоқталғым келмейді. Олардың бастарын ауыстыра салса, басқа кісінің мүсіні болып шыға келеді. 

Монументалды ескерткіштер орнатуда  Өзбекстан мен Қырғызстаннан қалып қойғанымыз өкінішті. Өзбек ағайындар кейінгі жылдары Әмір Темір мен Әлішер Науаиге салтанаты сай мықты монументтер тұрғызды. Сәулет өнері қырғыз ағайындарда көп жылдар бұрын қалыптасқан. Бішкекте тұрған “Революция қырандары” монументальді ескерткішініңавторы Тұрғынбай Садықовқа  1980 жылы Кеңес еліндегі ең жоғарғы санаттағы Лениндік сыйлық бұйырды.

Кейінгі жылдары ұлы тұлғаларды, белгілі қайраткерлерді немесе елеулі тарихи оқиғаларды есте қалдыру үшін жасалатын мүсіндік туындылардың кемшіліктерін көзі қарақты замандастарымыз ренішпен орынды сынап жүр. Біршамасы қайтадан реттеп, жөндеу жұмыстары жүргізу қажеттілігіне байланысты шеберханаларға қайтарылды. Алайда белгілі тұлғаның мерейтойы белгіленіп қойған салтанатты шараға сәйкес келіп жатса, дүние салған адамның құрметіне тұрғызылған мүсінге сын айтылмауы керек деген желеумен талай ескерткіштер дүбірлі дүрмектің дүмпуімен ашылып та жатыр. Ескерткіш сол символдық тұлғалардың теңдесі жоқ ұлылығын көрсетумен бірге, қараған адамдарға эстетикалық әсері болуы тиісОтандастарымыз қазір әлемнің қалаған жеріне барады. Дүниежүзілік даңқы шыққан ғаламат кереметтерді, тарихи-танымдық немесе тарихи-көркем құндылығы бар ескерткіштерді өз көздерімен көріп танысып жүр. Ғаламдық өркениетті көріп, оны ата мекеніндегі туындылармен салыстырады. Қазақ тарихында қазақ баласы ұялатын ештеңе жоқ. Жер бетіндегі екі жүзге жуық мемлекеттер арасында территориямыз тоғызыншы орында. Қасиетті жеріміз, қазақ еліміздің даңқты тарихын – ата-бабамыз атының тұяғымен жазып кеткен. Ендеше қазақ тарихындағы деректер жырлар мен жазбалардағы арнайы оқығанда ғана білетін үнсіз қойма емес, монументалды алып ескерткіш арқылы көрініс беретін дәйектеуші және дәлелдеуші күшке айналса дейміз. Біздің қалалардағы ескерткіштерден ерекше рух, орасан әсер ала аласыз ба? Ескерткіш әртүрлі болуы керек. Кішігірім, ескерткіштердің сәтсіз – асығыстықпен бірге, ажарсыз мүсіндердің жобалауын жүрдім-бардым бекітке салған билік органдары жетекшілерінің нағыз өнерді білмеуі, оның тәрбиелік мән-мазмұнын түсінбеуі. Зауыттың стандарт қалыпынан шыққан кірпіштей  бір-бірінен айнымайтын иықтан қашалған бюстердің бастарын қылтитып, әр жерге шоқитып қойғаннан ол ескерткішке сай келмейді.  Адамдының сезімін селт еткізбейді. Еңсесі биік елдікті  айшықтай алмаған мүсінде қандай қасиет болады? 

Іргеміздегі Моңғолиян бұған дейін тыйым салынып келген өзінің бірегей мұраларын қалпына келтіру мақсатында біршама қадамдар жасады. Жаһанға аты мәшһүр қандастары Шыңғысханның есімін қайта жаңғыртты. 
Ұлан-Батырдан бір сағаттық жолдағы үлкен үстіртте Шыңғысханның ат үстіндегі 40 метрлік ескерткіші орнатылды. Ол әлемдегі ең зор деген салт атты ескерткіштердің өзінен екі еседен астам үлкен

Ұлы даланың Мәңгілік елі атануға бет бұрған елімізде адамзаттың көне заманнан күні бүгінге дейінгі дамуы жолындағы түрлі саладағы аса маңызды жетістіктерінің ерекше, қайталанбас заттық-рухани үлгі-нұсқаларын, халықтың басынан кешкен тарихи кезеңін еске түсіретін құндылықтарды, қастерлі мұраларды монументалды ескерткішпен көрсете алар уақыт келді.

Қазақстандағы  көп ескерткіштің ішінде көңілге қонары, көруге тұрары Алматыдағы 28 панфиловшылар атындағы паркіндегі  ескерткіш. Бұл монумент орасан алыптығымен қатарекінші дүниежүзілік соғыстағы ең шешуші кескілескен ұрыстың ұлылығы да, әсерлігін де көре аласыз. Қатерлі фашизмге қарсы қасық қанын қиып тосқауыл қойған қазақ солдатының өшпес ерлігін - қазіргі заманның жаңа құндылықтары санатында насихаттасақ жастардың жүрегіне тезірек жол табады.

«Мен егер Закон қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім». Абай атамыздың бұл өсиетін өзінің ескерткішін жасап жүрген сәулетшілерге арнар едім.

Абай Құнанбайұлының әрбір мерейтойы қарсаңында республикамыздың елді-мекендерінде Абай ескерткіші мен бюстерін ашу жоспарланады. Қалың көпшілік Абай образын осы мүсіндер негізінде қалыптасырары анық. Өкінішке орай олар да жоғарыда сынап өткен орайсыз жағдайларды еске түсіреді. Өзімнің басымнан өткен жәйтпен бөлісейін.

2009 жылы Өскеменде еңселі Абай ескерткіші ашылды. Әкім орынбасары ретінде мүсінді дайындау жауапкершілігі маған жүктелді. Ескерткішті салтанатты ашу рәсіміне бес ай қалған. Бұл салада ешқандай тәжірибем жоқ. Конкурсқа қабылданған оннан астам мүсіндерді көрдім. Бәрі дерлік “шапанға оранған, қабағы түсіңкі, жуанқарын адам”. Болмайды дедім. Алдын – ала дайындап қойған Абайдың Мәскеуде орнатылған ескерткішінің суретін мүсіншілерге таратып бердім. 

- Бұл Қазақстан мен Ресей президенттері ашқан Абай, - дедім. Басты талап, Абай образы, бейнесі осындай болуы керек. Бұған қосымша  ескерткіш постаментімен қоса есептегенде Алматыдағы Мұхтар Әуезов бекіткен Абай ескерткішінен он  он бес сантиметрге  төмен болатынын ескеріңіздер. Абай оң қолыңа кітап ұстап тұрсын. Қалғаны сіздердің фантазияларыңыз!

Бұлай деуге себеп, дүниежүзілік мәдениеттің ірі орталығы саналатын Мәскеуде талай болып, айтулы зиялыларымен сөйлескенде “Чистые пруды” бульварындағы Абай ескерткіші Мәскеу архитеруктурасына қосылған ерекше көркем дүние дегенді талай естіген едім. Әрі ресейлік қоғамдық пікір мәскеуліктердің аузымен айтылатынын ескерсек, қазақ пен орыс арасындағы достық түсіністікке осы есерткіштің қосқан үлесі зор. Оны екі ел Президенттері Н. Назарбаев пен В. Путин бірге ашқанын да білеміз. 

Ілгеріде бірлесіп ортақ жобаны қолға алғанда ресейлік жиеніміз, белгілі режиссер Егор Кончаловский: “маған, кімге тартқансын дейтін сыйлыларды, Москваның қақ ортасындағы Абай ескерткішіне апарам. Абайдың рухы мен харизмасы кімді болмасын табындырады”, - дегені есімде.

Обалы не керек, мүсіншілер айтқанымды бұлжытпай орындады. Әрине Мәскеудегі Абай ескерткішіне бөлінген қаржы мен Өскемендегі ескерткіштің бюджетінің арасы жер мен көктей болған соң, барға шүкіршілік еттік. Ол Абай ескерткіші де басы бөлек, басқаларға ұқсамағанымен қалған бөлігі еліміздің ірі қалаларындағы Абайға арналған басқа монументтердің егізі болып шыға келді. Сол ешбір ерекшелігі жоқ, ұлттық ою-өрнегі көрінбейтін ұзын да желбегей сұрқай шапан. 

Абайдың мерекелік даталарында ұлы ұстаз бейнеленген бірегей сипаттағы  суреттер бүгінгі күнге дейін бекітілмегенЖер-жерлерде Абайдың бюстері салтанатпен ашылуда. Облыс орталықтарында Абай ескерткішін орнатуға бюджет бөлінуде. Ойландыратын жәйт Абайды халыққа жақындатуға арналған осы естелік мұралар әр жерде әртүрлі. Жобаға Абайдың отбасымен түскен жалғыз фотасы негізге алынғанға ұқсайды. Ол фото Абайдың арқа сүйеген перзенті: “Жаңа жылдың басшысы — ол, Мен ескінің арты едім» деп үміт күткен ұлы Абдрахман қайтыс болған соң түсірілгенін ешкім назарға алмайды. Үлкен трагедиядан кейін ұлы Тұлғанын ғұмыры да Мұхтар Әуезовтың “Абай жолы” эпопеясының соңғы төртінші томының бөлімдерінің атауындай: “Қапада. Қастықта. Шайқаста. Жұтта.” өтті... 

Абай әлемін, Абай әлемі арқылы зерттеп-тану, меңгеру, ғұламаның ілімі бойынша өмір сүру – Президентіміз бекіткен Ұлттық Рухани жаңғыру мен Ел мәңгілігінің де ең басты кепілі.        

Тағы бір дерек. 2009 жылдың кыркүйегінде Өскеменде үнді елінің Абайымыздай ұлы перзенті Рабиндранат Тагордың бюстін Қ. Қайсенов атындағы «Жастар» этнобағында аштық. Сапалы қоладан құйылған, биіктігі – 107 см. ені – 81 см. салмағы – 120 кг. тұғырының биіктігі – 145 см. мүсінді Үндістанның Қазақстандағы елшілігі сыйлады.

Миллиард тұрғыны бар Үндістанның шет мемлекеттердегі елшілерінің үлкен парызы - үнді ұлтының ұлы тұлғалары Рабиндранат Тагор мен Махатма Гандиді, қызмет еткен елдерде насихаттап, мүмкіндігінше көпшілік демалатын саябақтарда бюстерін қойғызып, жергілікті тұрғындарға асыл мұраларын жан – жақты насихаттау

Әлемде Қазақстан секілді екі жүздей мемлекет бар. Сол елдердің Абайдай ұлы тұлғалары да бар. Көріп жүрміз, оқып білудеміз – олар да данышпандарын дүние жұрты білсе дейді. Кітаптарын аударады, мүсіндерін жасап елшіліктер арқылы сыйлас елдерде орнатады. Конфуций, Шекспир, Пушкин, Гёте, Тагор, Ганди... Осындай есімдері мәлім адамдардың бюстері бір стильде, бір образда жасалған. Көрген көз жаттап алады. Қай ұлттың ұлы екенін есте сақтайды. Түсірілетін кинофильмдер мен деректі сериалдарда осы бір бейне, бір образ. Біз де Абайымызды жаһандық мәдениетке үлес қосқан тұлға ретінде таныту жолында өркениетке үлгі, жалпыадамзаттық рухты жаңғыртқан рухани жан-дүниесін ашатын өнегелі образын ұсынуымыз замана талабы деп ойлаймын.

Абай әлемі – ұлтымыздың мінез-құлқы, болмыс-бітімі, тұрмыс-тіршілігі, дүниетанымы, жаны, тілі, діні, ділі, рухы жан-жақты көрініс тапқан бірегей құбылыс. Көрнекті сыншы-абайтанушы Сағат Әшімбаев өзінің күнделік жазбасында Абайды оқыған сайын жаңа қырынан танимын, замана шеруінде Абай бізді көздеген мұратымызға бастайтын бағдаршам деген. 

Елімізде де ең көп ескерткіш пен мүсін Абайға орнатылған. Ел тарихын әспеттейтін ескерткішті әлемдік мәдениет деңгейінде жасауды Абай образын жасаудан бастасақ ұтылмаймыз. 

Өйткені, ескерткіш мәдениеті – ұлттың бейнесі, рухани келбеті.

Бөлісу:

Көп оқылғандар